Комедия режиссерінің культқа айналар туындысы

У победителей раны не болят.
Публий




Киноиндустрияның соңғы жаңалықтарына қарап отырсаң, болашағы зор бағыттың қалыптасып, айқындалып келе жатқанын байқауға болады. Темір адамдардың тағдырын суреттеуге жақын режиссерлар шоғырының қиялы күн өткен сайын кеңеюде, ұшқырлануда, сонымен қатар (міне, парадокс), практикалық сипатқа да ие болуда.

Күні кеше шыққан «Тірі темірді» соның мысалы ретінде алға тарта қойса болады.

Әсілі, жоғарыда аталып өткен шығармашылық топ көрерменнің көкейін оқып алғанға ұқсайды. Сіз бен бізге айдаладағы алты миллион жарық жылында орналасқан жұлдыздағы соғыстан, айналамыздағы дүниелердің қиял әлеміне айналуын елестету оңайырақ екенін түсінген тәрізді. Мәселен, машинадан жын соққан жауынгер бола қоятындар («Трансформерлар»). Мәселен, даяшы, күтуші роботтар (Мен, Робот). Мәселен, бокспен айналысатын роботтар («Тірі темір»).

Сол «Тірі темірімізге» келейік.



Чарли Кентон /Хью Джекман/ дейтін алды-артын ойламайтын, жауапсыз, боксшы роботтардан басқа дүниеге қарауға құлқы жоқ міскін аяқ астынан бұрынғы әйелінің қайтыс болғанын біліп, өзі он жыл көрмеген баласын құшақтап қала береді. Қарызға белшесінен батқан бас актердің баласы қоқыстан тек спарингке арналған, төбелеске шығаруға болмайтын, бірді-екілі қайталанбас деп айтуға болатын қасиеттері бар (қарсы беттегі адамның іс-әрекетін қайталай алуы, кез келген дерлік соққыға шыдас беруі) Атом атты роботты тауып алады. Қалтасы жұқа, далада қалған Чарли баласының көңілін қалдырмау үшін роботты төбелестерге шығарады. Бірте-бірте Атом үлкен рингтерге шығып, финалда қарсылас шақ келтірмеген Зевс атты роботпен кездеседі.

«Touchstone Pictures бастаған фильмді түсірген киностудиялар «Тірі темірді» көре салысымен екіншісін түсіруге келісім берді» дегенді естігенде, таң қалып, «қой» дескенбіз. Сөйтсек, олардың да бір білгені бар екен.

Ең алдымен фильм қайталануының қайталанбастығымен қызықты. Ия, ия, «Тірі темірден» Сіз «Әлиде», «Трансформерларда», «Нокдаунда», «Мен, Роботта» бар элементтерді кездестіресіз, бірақ олар бұрынғыдан басқаша болып көрінеді. Былай қарасаң сценарийдың асқан ештеңесі жоқ, алайда бұрын болмаған, болса да танымалдылыққа ие емес «боксшы роботтар» идеясы, финалдың қайталанбастығы, Хью Джекманның салыстырмалы түрде алғанда жаңа амплуада өнер көрсетуі – май артынан май жегендей әсер қалдырмайды.



Кішкентай Макс Кентонның рөлін ойнаған Дакота Гойоның талантын айта кету керек деп ойлаймын. Әкесі сияқты ұрдажықтау, батыл, істеймін деген ойын істемей қоймайтын кейіпкердің бейнесін әдемі бере алды.

Бұған дейін ел арасында кеңінен таралған, «Музейдегі түн», «Музейдегі түн 2», «Күлгін пантера», «Ессіз кездесу» секілді комедияларды түсірген Шон Левидан мұндайды ешкім күтпеген сияқты. Әрине, күлкілі туындыны түсіру де өнер, алайда екі сағат бойы экранға тапжылтпай қаратып қою кез келген комедия режиссерінің қолынан келе бермейді. Тіпті, продюссерлерің Стивен Спилберг пен Роберт Земекис болса да…

Бұған дейінгі біз көрген фильмдерде роботтар бір суықтыққа, жасандылыққа ие болушы еді. Ал «Тірі темірдің» роботтарын мен үй жануарларымен салыстырар едім. Жақсы мағынада.



Егер Сізге адами шынайы сезімдерді кәсіби жоғары деңгейде ойнаған актерлардың өнерін, киноиндустрияның соңғы жетістіктерін қолданып түсірген робот шайқастарын, бокс тәсілдерін, шабылған бас, кесілген қол, шашыраған майды (әрине, роботтардың), жеңіс қуанышын және көп басты ауыртпайтын жеңіл әрі кең масштабты туындыны көргіңіз келсе, «Тірі темірдің» дискісін бірінші болып қосыңыз.

Шон Левидың туындысы өзіне ұқсап түсіріле бастайтын жаңа фильмдер сериясының «атасы» болғалы тұр деп санаймын.

P.S. Фильмның саундтректері де ол жайлы біраз хабар береді дейді. «Тірі темірден» Eminem, Limp Bizkit, 50 Сent, Timbaland, тағы басқа музыканттарды ести аласыз.
Бөлісу:

13 пікір

e_zhalgas
Дакота Гойо мені таң қалдырды. Хьюдің өзі менің көз алдымда екінші планға ауысып кеткені бар. Әдемі отбасылық фильм, маған ұнады :)
qisyq
Маған керісінше Хьюдың рөлі ұнады. Сосны… кхм… ана актриса. Не ғой, екіншісі қалай болар екен? Атом төбелесе бере ме или қалай...?
e_zhalgas
екіншісінде менің азғындау қиялым адам өмірің барлық саласында тайраңдап жүрген роботтарды ғана елестетін сияқты :) прикинь, сумоист-робот, стриптизер-робот…
qisyq
Қазақша күреспен айналысатын робот… Руы қандай болар екен…
qisyq
Екіншісінде, Атом емес, басқа робот туралы болады деген сыбыс естідім.
Erkekyz
«Темірлер» туралы фильмдерге аса қызықпасам да, Хью Джекман үшін көремін деп қойдым. :)
qisyq
Ооо, Хью көңіліңізден шығады, сеніңіз...)))
Gastarbaiter
Көрелік, оргазмдарыңның негізі бар ма, әлде үлкен экраннан алған әсерлеріңнен бе екен?
qisyq
Кім біледі… Айтпақшы, ешқандай оргазм болған жоқ. Жай ғана жақсы фильм көріп, дем алу:*)
e_zhalgas
двд релизі ендігі жылдың басында, біраз күтуіңе тура келеді. сондықтан, гормондарыңды сақтап әуре болма :)
Gastarbaiter
саян оз логинынмен тиркелуге не кедерги?))
e_zhalgas
мынауыңды қанша шайнасам да сіңіре алмадым :)
nurjanbay
мен бұрын роботтардың айқасын қарағанды жақсы көретінмін. бұл кино сол айқастардың болашақтағы нұсқасы. екі робот бір бірін істен шығармай тоқтамайды. бұл жауыздық.


міне мына видеода роботтардың жарысы арқылы интеллектуалды айқас болып жатыр. осы дұрыс.