ПЕШЕНЕ


− Адамзат баласы, қасірет! Қасірет!
Халық түсінбей тұр. Аса таяғы шошаңдаған дәруіш олардың арасында жүгіріп жүр. Мен де мектептен шыққан болатынмын. Елдің бәрі мәдениет үйінің алдына жиналып қалыпты. Жолым осылардың үстін басып өтетін болғандықтан жиылып тұрған жандардың санын көбейтіп, қастарына келіп тұрдым.
− Қарғыс атты бізді! Қарғыс атты! Ұғасыңдар ма пенделер, бізді қарғыс атты!
Пенделер! Адамзаттық ақыл-ой дәрежесінің шыңына шығып алып тырбаңдаған тіршіліктен арыла алмаған пенделерге төбеден қарап тұрған не қылған әулие екен деген қызығушылықпен үлкендерді итере-митере ортаға кірдім. Көрдім.
Қайдан тауып алғаны белгісіз, дәруіш басына шошақты киіз қалпақ, үстіне етегі тозған сұрғылт шапан киіпті. Бет-бейнесі бұрынғы бақсыларды елестеткендей.
− Не, не боп қалды, түге?, − деді жақында ғана зейнетке шыққа математика пәнінің мұғалімі Зейнеп апай. Дәруіш екіленіп сөйлей жөнелді.
− Ақырзаман болмайтын болды! Болмайды! Қасірет адамазат! Қасірет! Соры қалың сормаңдай адам!
Біздің ауылдың тұрғындары өзара күбірлесіп кетті. Дәруіштің сөзіне қайғырып тұрған бірі де жоқ. Қайта күлімдей түскен. Шаттанатын жөндері де бар. Өйткені бұл ауылды мен ғана қорықпайтын (өзім солай топшылайтынмын) «2000-шы жылы ақырзаман болады екен» деген қауесет сөз жайлап алғалы қашан. Ол жылға да санаулы ғана уақыт қалғандықтан кейбір аңқаулардың үйіндегі бар малын сатып, жиған-тергенін шашып, қалаға барып оңды-солды жырғап қайтқандары да бар. Дәл қазір олардың осынша дәулетін шашып, сарыла күткен ақырзаманының болмайтынына қуанбасы анық. Енді қайта құралмайтын есіл байлықты ойлап, екі-үшеуі топтан жырақталып шыға бастады. Бұл өсектің екпіні біздің ауылдағы талай жастың бөтелкемен достасуына да әсер еткен-ді. «Ақыры өледі екенбіз, осы кезде ішіп қалмағанда енді қай кезде ішеміз» деп көшенің бұрыш-бұрышында жігіттер гөй-гөйлететін. Құдайысын беріп, малын сойып, араздасқан ағайындарымен бақұлдасып қалмақ ниетпен талай сараңдардың үйінде дүрілдеген той да болған.
Әр жерден естіліп қалған жадыраңқы дауыстар адамдардың бағанағы пәс тартқан көңілдерінің бұлттан шыққан күндей шуақтана бастағаның анық сездіріп тұр. Мен түсіне алмадым. Қуану керек емес шығар деп түйдім. Мойындаймын, бұл менің даналығымнан емес, басқаларға ұқсағым келмейтін, біреудің ойы мен әрекетіне қарсы келіп жүретін тоңмойын қырсық мінезімнен туындаған болатын. Басқалар қуанса менің қайғыруым, қайғырса қуануым керек. Мен сонда ғана адамдық кейіптен ауытқымаймын, қалыптан шықпаймын деп ойлайтынмын. Қуанғаным, менің ойымды оқып қойғандай осы кезде дәруіш мәре-сәре болған менің ауылдастарыма қарап:
− Ағайын, − деді, − неге қуанасыңдар?
Расыменен-ақ не үшін мәз мыналар?
− Қуанбай ше, − деді Зейнеп апай, − зәремізді зәр түбіне кетірген ақырзаманның келмейтіндігіне қайғыруымыз керек пе?
− Соры қалың сормаңдай адам, сорлы пенделер!
− Ойбай-ау тағы не боп қалды?, − деді бағанадан бері дәрішті ұйып тыңдап тұрған менің кластасым Әсеттің апасы.
− Құдай бізді тастап кетті.
− Не дейді, көтек?! − Әсеттің апасы жағасына түсіп тұрған жаулығының ұшын ұстады.
− Біз енді Жаратушысыз өмір сүреміз.
− Қалай-қалай?
− Пешенеміздегі жазудың бәрі өшірілген. Тап-таза.
− Өй, мынауың не оттап тұр өзі? Қайдағы пешене? Өзінің ақыл-есі сау ма?
− Қорқынышты емес пе, − деді дәруіш екі қолын жайып, алдыға қарай сәл еңкейе түсіп, − құдайсыз өмір тым қорқынышты. Онсыз да қатігез қоғамда жоғарғы күштен қорықпай өмір сүретін адам баласы енді шыныменен қасқыр болатын болды. Құдай болмаса әр адам өзінше құдай болуға тырысады. Жерді құдайлар билейді.
− Қорқынышта өмір сүргеннен, өзіңмен-өз болғанға не жетсін, тәйірі. − Елдің бәрі Зейнеп апайға жалт қарасқан. Артынша шуласа жөнелді. −
− Дұрыс айтасыз мұғалім апай.
− Зейнептікі дұрыс.
− Құдайдың мақсаты адам баласын қорқыныш пен үрейде ұстау ма? Одан да құдайсыз әрі қорқынышсыз өмір кешкеніміз абзал емес пе. − Нәсіп молда қолындағы таспиғын жерге атып ұрды. − Ендігі амал жасаудың қажеті шамалы болды ғой. Тіпті жақсы… − Ол үндемей қалды. Ел ішіндегі өлім-жітімді шығарып салу міндетін атқаратын осы шалдың жұма намаздан кейін Бабеляндағы жүгері арасында арақ ішіп жататынын шөп шабуға барғанда талай көргем.
− Тоқтатыңдар! − Дәруіш жерді таяғымен салып қалған. − Топырлаған тобырлар. Сендердің бұл сөздерің де құдайдың бізді тастап кеткендігін еселей дәлелдеуде. Ей, бейшаралар, адам істеген күнәсі үшін қорқушы еді ғой. Ұят пен ардың сұрауы кімнен? Жаратқан болмаса жанымыз қайдан сая таппақ?
− Қойыңдар, − деді ауылдың бригадирі, − жүріңдер одан да біздің үйге. Бәріңді шақырамын. Тойлатамыз! − Ақырзаман болмайды және де құдай бізді тастап кетті деген жаңалықтан гөрі бригадирдің үйіне шақырғанына таң қалған біздің ауылдың тұрғындары аңтарылып қалды. − Рас айтамын, − деді қасқа бас бригадиріміз жүзін жылытып, − осы уақытқа шейін істеген күнәларымның сұрауы болмайтындығына қуанып тұрмын. Менде бәрі жетеді, жүріңдер үйге.
Осы кезде мәдениет үйінің алдына көшенің шаңын бұрқыратып полиция автокөлігі келіп қалған. Ішінен ресми киімдегі екі адам түсті.
− Адам іздеп жүрміз, − деді шіли қара, көзі шүңірейіп кеткен тәртіп сақшысы. − Осы ауылды бетке алған деген дәйек бар. Бүгін таңертеңмен жындыханадан қашып кетіпті.
Біздің ауылдың тұрғындарының бет пердесін ашып кеткен әлгі жындыны сол күні тәртіп сақшылары мәшинелеріне салып алып кеткен болатын. Мәшинеге отыра бере ол:
− Пенделер, сендердің пешенелерің тап-таза. Құдай бізден жерініп кетті, − деп айқайлады.
Жүрегіндегі Жаратқанын жоғалтып алған адамзат баласы оны іздеуді артық әрекет деп тапқан сыңайлы. Бәрі шайтанмен қолтықтасып кетіп барады.
… Ең алдында мен…
… Бағытымыз – бағдарсыз…

Авторы: Дархан БЕЙСЕНБЕКҰЛЫ

алынған жері: www.zhastar.biz/
Бөлісу:

11 пікір

AKA
Ей, бейшаралар, адам істеген күнәсі үшін қорқушы еді ғой. Ұят пен ардың сұрауы кімнен? Жаратқан болмаса жанымыз қайдан сая таппақ?
Ұнады әңгіме, тәлімі мол, әсерлі екен…
Beytanis
Бәрі де САНАҒА байланысты, С.А.Н.А.Ғ.А!!!
meirzhan
Соңғы 2-3 күндегі модный сөз бе?
direct
«САНА»ға байланысты дей берсек — пікірталасудың қажеті жоқ сияқта ма? Қалай өзі?)
meirzhan
«Талғамға талас жоқ» деген сияқты пікірталасты басталмай жатып тоқтататын сөз ғой. Бәрі САНАға байланысты!
direct
P.S: Бәрі САНАға байланысты! деп жазып қойып, пікір жазбайтын етіп пост ашу керек екен онда))
meirzhan
онда қызықсыз болып қалады ғой.
Сондықтан:
P.S: Бәрі САНАға байланысты! дегенмен де адамның санасына тәуелді емес нәрселер де бар. — деп пікір жазуға мүмкіндік беру керек.
direct
Пікірді олай да бұлай жазып болып, бәрібір САНАға байланысты екен-ей! деп қорытындыласаң ия?))))))))))))))))))))))))))))))))))))
meirzhan
иә, содан кейін қайта жауып қоясың постты, пікір жазбайтындай етіп.))
AKY
менің пешенелерімде «к кофе» деп жазылып тұр.
meirzhan
Кофеңде «к пешенью» деп жазылып тұрған шығар.