Жайлау.Мен.Әке-шешем.

Бала кезімнен жайлауда өскен қазақтың бірімін. Мектептегі сабақтарымыз аяқталар-аяқталмастан жайлауға тартып кететінбіз.Шамамен он жастағы кезім.Мен ата-әжемнің қолындағы баламын ғой.Немерелерінің үлкенімін (ер балалардың ішінен). Әке-шешем ауылда жеке тұрды. Оларды онша мойындай қоймасамда іштей оларды көргім келіп тұратын сол кездерде де. Мүмкін оның себебі мына бір жағдайларда шығар.
Жайлауда әкемнің інілері кешкілік мені айналдырады.«Жайлау жақсы ма, ауыл жақсы ма?». Бұл сұраққа әрине жайлау жақсы деген жауапты беретінмін. Себебі жайлауда атқа армансыз мініп, суға түсуге мүмкіндік көп еді. Ауылдан кемшін болатын тұсы өзің құралпылас баланың болмауы.Содан да шығар ептеп қиялға ерік беру, кейде дәптерге өлеңге ұқсас өлеңсымақтарды жазып қоятынымыз.
«Сен кімнен тудың?». Олардың әрине бір шындықты біліп тұрғанын бала көңіл білмейді емес біледі. Бірақ, ата-әжемнің сол кездегі жас шамасын есептесем әжем мені 46 жасында, атам 50 жасында дүниеге әкеліпті деп жорамал жасауға да болатын еді. Өкініштісі солай болмағанында ғой. сондада болса «Мамамнан тудым» дейтінмін. Мен әжемді «мама» деп, атамды «ата» деп өскен ем, себебі атамның сақалы мен ес білгеннен бар. әке-шешмді аттарымен атап өстім. соның кесірін әлі де болса көріп жүрмін. Кейде Сіз десем кейде аттарымен айтып жіберем әлі күнге.
Жайлауда мал бағып жүріп алыстан ақ машина көрінсе бала жүрек тулап қоя беруші еді. Себебі ол машинамен туған әке-шешемнің келетінін білемін. Дегенмен, мен шал-кемпірге қатты берілгенім сондай ес білгелі олардың үйіне қонғанымды не бетімнен сүйгізгенімді есіме түсіре алмаймын. әке-шешемнің үйі мектепке 150 метрдей ғана жерде орналасқан. Ал, ата-әжемнің үйі Талдыбұлақ деп аталатын мүйістегі он бес үйлі ауылда еді.Жаз жайлауда, күз түсе сонда болушы едім. Талдыбұлақ мектепке 3 шақырымдай жерде орналасқан.Біздің 1-2 класс оқып жүрген кезімізде арнайы машинамен тасушы еді.Одан кейін тоқсаныншы жылдардың тоқырауында жұрттың бала тасымақ түгілі өз басымен қайғы болып кеткені белгілі. сол мектепке жаяу барып жүріп, күн борап кетсе де әке-шешемнің үйіне қонбай өз үйімізге қарай тартатынмын. Әлі күнге ауылға барған кезімде үлкен үйге түсемін,әке-шешем мені көру үшін сонда соғып кетеді.Келмей қалса өзім кешкілік үйлеріне соғып кетемін.Қазір бала емеспін, солардан туғанымды кімнен жасырайын?! Ата-әжемнің көзі тірі. Ол кісілердің көңіліне қаяу түспесін деп алдымен ата-әжеме келетінімді ескерте кетейін. Жоқ, мен ешкімнен кем өскен жоқпын. Жақсы тәрбие көрдім.Тек, кейде ғана туған әке-шешеммен арамызда бір көрінбейтін шекара барын сезінгенде ғана ептеген өкініш туады.
Бөлісу:

10 пікір

edige
Өз әкесін боктататын аталарды көргенбіз…
«Шалдың баласы» дегенге тура кегенін аямай «Шешестейтінмін».
ес кіріп койдык кой шешес...
patick
Ағам солай өсті. Мектепке берерде атам біздің үйге әкеліп тастады: «Ертең мен өлгенде сендерді тыңдамай кетер» деп.
Пікір түзетілген: 5 шілде 2011, 12:19
nurjanbay
мен де солай өстім. атамның үлкен ұлының баласымын. ата-әжемді папа-мама деп өстім. өз әке-шешеммен арамызда бір «көрінбейтін шекара» бар.
Abilakim
Енді сол шекараны бұза алмай кеткеніміз кеткен шығар)))
Gastarbaiter
Жазушы болудың алғышарттары бар екен сенде. Әлімгерей Сәлімгерейұлы. Мықты естіледі.
Abilakim
Бұдан кейінгі шарттары болса айта отырсаң?
Abilakim
Құрдас-оу, жазушы бола қалсақ кітаптарымыздың оқылмай қалу қауіпі бар ғой.содан кейін қорқақтаймыз да ол жақтан…
a63a1
менде апа бала болдым, бірақ киім-кешек, ойыншық әпергенде тез-ақ сатыла салатын едім)))
Пікір түзетілген: 5 шілде 2011, 16:54
Gastarbaiter
@ Abilakim, сенен он есе нашар жазатындар оқылмай қауіпі жайлы ойламайды ғой)) Егер жазушы болуға желание болса, неге кейбір техникаларды үйреніп алмасқа. Құрығанда біз мақтанамыз, жазушы досымыз бар деп)))
Altygradus
осы бір салттың кесірінен менің апайым шеттеліп өсті.
bizbike
Менің де қызым ата-әжесінде. Қатты сағынамын. Сондай шекара пайда болмайды ма деп қорқамын да. Бірақ мында әкелгім келмейді, өйткені оның күн тәртібі бұрынғыдай емес, түсте сабағынан алып кететін адам жоқ мүлдем. Ал ата-әжесі бүкіл уақытын соған ғана арнайды, бірақ жиі барып тұруға тырысамын, күнде жатар алдында ән айтып беремін, менімен сөйлесіп барып ұйықтайды.