Қаламымды қайта алдым!
Мен бала кезімде ғарышкер болуды армандаушы едім. Мүмкін бұл әр баланың арманы шығар. Жаздың кей кештері далада жатып алып аспанға қызығушылықпен көз тастар едім. Астраномияға деген қызығушылығым ең алғаш «Космодромнан сөйлеп тқрмыз» деген Юрий Гагарин туралы кітапты оқытып еді. Кейіннен ғарышқа байланысты фантастикалық әңгімелерді көптеп оқыдым. Оның ішінде «Дымбілместің Айға саяхаты» да бар. Сөйтіп жүріп кішігірім фантастикалық әңгімелер жазып тұрдым. Оным Ұланға да шығып біраз мәз болып едім. Кейін жігіт болдым ба, әйтеуір әңгіме жазуды ұмытып кеттім. Кейін колледжде де оған қарауға уақыт болмады. Енді қазір сол кездегі қаламымды қолыма қайта алып бірдеңке шимайлаған болдым. Соны бір қарап шығыңыздар.
Кеңес және қосымша: Қосымша нәрсе идеа ұрланған. Кеңес — қастарыңа у алып алыңдар. Оқып шыққан соң ішуге тура келіп қалуы мүмкін.
Мен оны Отырар қабырғасының қасына тастап кеттім...
Фантастикалық әңгіме
Сенесің бе? Мен қызықты, әрі қауіпті оқиғаның құпиясын аштым. Осыдан он жыл бұрын менің әйелімнің ағасы жоғалып кеткені есіңде ме? – деп бөлмеме ентіге кірген Нұргелді ойымды бөліп жіберді.
Жаңа ғана ыстық моншадан шығып, рахаттанып сүт қатқан шай ішіп отыр едім. Есіме кешегі танысқан қыздың ерке қылықтары түсірып, оның әсем мүсінін көз алдыма келтірген сағым бір сәтке ғайып болып, оның орнына көзі ісіп, бетінен шаршағандықтың табы білінетін көршімнің кескіні тұрды. Ойымның бөлінгеніне іштей наразы болсам да әңгімесіне қызыққан ыңғай танытып, жауап қаттым.
Әрине, газеттер олар мінген ғарыш кемесін жат жерліктер тұтқынға алды деп жазған болатын.
Олардың Орион шоқжұлдызында орналасқан Альнилам жұлдызын зерттеу үшін сапарға шыққандығы баршаға мәлім. Сол кезде мемлекеттік газеттердің бірі «Егемен Қазақстан» «ҚазСат-1-дің кебін киген кеме» деген мақала жазған еді. Сенің айтып отырғаның сол мақала шығар. Бірақ, өзімізден ең алғаш ұшырылған «ҚазСат» пен озық технологиямен жабдықталған қазіргі ғарыш кемелерін салыстыруға келмейді. Оның алдында ғана сапарға шыққан ескі «Алаш-2» кемесі аман-есен оралғанын қалай есіңнен шығардың? Жаңа Алаштық кеме ескісіне қарағанда анағұрлым жақсы болатын және жат планеталықтар ұстап алатындай жылдамдықты бағындырғалы елу жылдың жүзі болды. Сондықтан, «ұрлануы» туралы әңгіме бос сөз.
XXII-ғасырдың алғашқы жартысы ғарыш әлемін бағындыруға жұмсалып еді. Әр мемлекет шамасы жеткенше көкте жарқыраған шоқ жұлдыздарға иелік етуге тырысты. Топ-топ болған ғалымдар, инженерлер, зертеушілер, биолог, химиктер тың планетаны игеру үшін жолға шықты. Өкінішке орай өзге планетаны игеруді зерттеген ғалымдар ол жақтың өз иелері бар екендігін естен шығарып алыпты. Жат планетаны өзгелерден бұрын басып қалуды көздеген, кеудесінде арам ойы бар алғашқы жолаушылардың жаттықтардың қолынан қынадай қырылуының себебі осында жатты. Күн жүйесіндегі планеталардың адам өмір сүруі үшін аздық етуі бұл мәселе туралы көп ойлануды қажет етпеді. Өз базасын Юпитерге орналастырған бағзы көршілеріміз Ресей баршаға сауын айтып, ғаскер жинап соғысқа аттанды. Бес қаруы сай күндіктерге қарсы тұруға ешкімнің шамасы келмеді. Пегас асырып қуылып кеткен олардың қарасын қайта көру үшін арнайы сапарға шығу керек еді. Бірақ, кейбір ардагер-ғарышкерлер шпиондық жасап жүргендерді көргенін айтады. Шаруасы шайқалғандар бізге жаңа планетаны игеруге қайта кедергі жасай алмады. Бірінің артынан бірі жаңа шоқжұлдыздар игеріле бастады. Біздің Қазақия ғарышының бүгінгі майталмандары саналы түрде өзіміз орналасқан жерден басқа ешқайда бармайтындығымыз туралы келісіп, әлемді осында басқарамыз деп шешкен болатынбыз. Әр кезде кері тартпалардың болатыны секілді менің көршімнің ағасы бастаған біраз ғалымсымақтар 2154 жылы Орионға сапарға шығып еді.
Демек, сен оның жоғалуын жат планеталықтарға қатысты емес деген пікірдесің? Жарайды солай-ақ болсын делік. Онда озық технологиямен жабдықталған жаңа кеме қайда кетті?
Міне, бар гәп осында! Маған оның жоғалуы біраз күмән тудырып еді. Екі жылдан ешкімге айтпай осыны зерттеп жүрдім. Жақында Байқоңыр ғарыш айлағына іс-сапармен барғанымды өзің білесің. Мұрағатты ақтарып отырып сол кезде экипажда болған ғарышкерлердің суреттерін, сол кемеге байланысты бар құжатты тауып алдым. Кемеде барлығы бес адам болған. Отындық қуаты он жарық жылына жетеді. Орионға сапарға небәрі екі жарық жылына жететін қуат керек екендігін менің айтуымсыз-ақ білесің. Жылдамдығы секундына 5300000 шақырымға тең. Бұл жарық жылдамдығынан екі еседей артық екені бәрімізге белгілі. Ең ұшөыр деген Қытайлардың кемесінің бар жылдамдығы 4300000 сек/км-ге тең екендігін, жат планеталықтардың ғарыш кемелері енді-енді жарық жылдамдығына бағындырып жатқандығын ескерсек «ұрлап кету» туралы теория түбегейлі жоққа шығады – деген ол алдыма қалың папкіні тастай салды.
Сенің біраз жерді ақтарғаның көрініп тұр. Сөзіңнің жаны бар. «Алаш-3»-тің ұшқыр кеме болғандығы туралы да білемін. Үкілеп аттандырған кеменің ұшты-күйлі жоғалуына нендей себеп болды? Менің пікірім олар бағыттарынан жаңылып кеткен секілді. Бұған ата жауымыз марсиандық ағылшындардың қатысы бар деп ойлаймын – алдымдағы папкіні ерініп ақтарып отырған мен сөз болсын деп осылай айта салдым.
Мұрағаттағы деректерді саралап шыққан соң мен де осындай пікірге келдім. Олар өз жолдарынан адасып кеткен. Бұған ағылшындардың еш қатысы жоқ. Кінә – ұзақ уақыттық ұйқыға кетер алдында аңдамай қате координат қойып жіберген пилотта секілді.
Пилоттың қателесуі мүмкін екендігін жоққа шығармаймын. Мында келтірген деректемелерде екі жылдан кейін барлық экипаж мүшелерінің ұйқысынан оянатыны туралы мәлімет бар. Есептеп қарайтын болсақ екі жылдың көлемінде олар қауіп төндіретін аймаққа шығуы неғайбыл.
Мен Нұргелдінің назарын қабырғада орналасқан жұлдыздар жүйесінің картасына аудардым. Жауаптың осындай болатынын күтсе керек, менің сөзімді іліп ала жөнелді:
Міне, міне… Сен де дұрыс ойлап келесің. Олар ешқандай қауіпті аймаққа шыққан жоқ және оларды ешкім ұрлауы да мүмкін емес. Бұл жерде өзгеше бір құпия бар. Сенің алдыңда жатқан папкінің ішінде кішкене чип бар. Ішінде экипаж мүшелерінің соңғы сәтте айтқан сөздері басылып қалыпты. Бұны мұрағат қабырғасындағы мраморға байқатпастай етіп жасырылған жерінен тауып алдым. Кімде болса бұл мағұлматтың жоғалмауын көздесе керек. Ол өзінің көздеген мақсатына жетті. Чип сенімді қолға – менің қолыма түсті. Қаласаң бірге тыңдалық.
Ол бұрышта тұрған бесаспап компьютерге чипті салды. Аздан кейін таң-тамаша болған экипаж мүшелерінің дауысы шықты:
« — Тезірек мында назар аударыңдар! Біз қай жаққа кетіп қалғанбыз? Тез-тез координатты анықтаңдар. Ғажап! Мынадай алып зерттеу орталығын бірінші рет көріп отырмын.
— Міне, қызық! Біз «Балықтар» шоқжұлдызындамыз. Бұл өзіміздің жерліктердің иелігіндегі шоқжұлдыз ғой.
— Тоқта, тоқта! Біз тұзаққа түскен секілдіміз. Көз қарықтырар сәуле кемеден өтіп барады. Ааааааа!» Бұдан әрі ғыжылдаған дауыстан басқа ештеңе естілмейді.
Естідің ба? Олар тұзаққа түскен. Меніңше оларды уақыт машинасы арқылы басқа уақыт өлшеміне аттандырып жіберген секілді.
«Уақыт машинасы» – тірі жанды өзге бір уақытқа аттандыруға арналған құрылғы. Бұған дейін талай ғалымдар ғылыми еңбектер жазып, уақыт машинасын құрастыруға талпынса да бар еңбектері еш кеткен еді. Төзімі таусылған күндік өнертапқыштар амалсыздан «уақыт машинасын» жасау бұл ғасырдың еншісінде емес деген шешімге келген еді.
Қателеспесем осыдан үш жыл бұрын Шолпанда өткен «XXII ғасырда ғарыш кеңістігін игеру» атты конференцияда Күн жүйесіндегі барша ғалымдар мен ғалымсымақтар бір ауыздан «уақыт машинасын» жасау мүмкін емес деген пікірмен келісіп еді. Мынауың қызық екен?!
Алайда, «сақтықта қорлық жоқ» деп көзіме сәуледен қорғайтын көзілдірігімді байқатпай тағып алдым. Қолымда әрқашан стол астында тығылып тұратын пульт.
Ол кезде мен де болғанмын. Бірақ, «Алаш-3» кемесінің түсініксіз жоғалуы мен олардың соңғы сөздері мені осындай ойға жетелейді. Егер олар басқа бір уақыт өлшеміне шығып кетпеген болса бір хабары болатын еді.
Сен өз пікіріңнен айнығың келмей ме?
Осы ғасыр басталған кезде біздің жерлік бір топ ғалым «Балықтар» шоқжұлдызына құпия түрде аттанып, бір-екі жылдан кейін қайта оралған-тұғын. Іс-сапармен кеткен он ғалымның бірде-бірі сапар туралы тіс жарып айтқандығы туралы естіген емеспін. Ол – ұлттық құпия болып саналып, оны білуге талпынғандардың бәрі жұмбақ жағдайда қаза тапты. Сол зертеуге қатысқандардың екеуі ақыл-есінен толықтай айрылып, ақыр соңында қаза тапты. Біреуі іс-түссіз жоғалып кетті. Мен өз пікіріме күмәнсіз сенетінім де осында. Олар «уақыт машинасын» жасаған және оны білуге талпынғандар мен байқаусызда кез болғандарды өткен уақытқа аттандырып отырған.
Айтпақшы, сен де сол сапарға қатысқан онның бірі емессің бе? – деп көзі шарасынан шыға жаздаған ол шығар есікке тұра ұмтылды.
Тоқта! Қашып құтылмайсың! – мен қолымдағы пультті басып қалдым. Оң жақта тұрған каминнің үстінде тұрған барыс ескерткішінің көзінен шашылған сәуле Нұргелдіге бағытталды… Менің ойым чипті тыққан адамды қалай табу туралы болып кетті…
Мен оны Шыңғыс хан Отырарды ойрандар алдындағы уақытқа, Отырар қабырғасының қасына тастап кеттім…
Пікір жоқ әзірше