Тауыс құсы

Автор: Есенғали РАУШАНОВ

Дүниедегі ең әдемі құс тауыс құсы екені талай рет айтылып та, жазылып та жүр. Ол неге әдемі? Әлбетте, бұл сауалға «Құдай солай жаратқаны үшін» деп жауап берілері анық. Қытайдың FUDAN университетінің Құдайға да, сайтанға да сенбейтін коммунист ғалымдары осының сырын білмекші боп талай жылдан бері еңбектенген көрінеді. Тақауда олар «біз тауыс сұлулығының құпиясын аштық» деп жар салып, «гәп пигмент пен бояу құрылымында» деп жазды. Тауыс денесінде тек осы құсқа ғана тән бояулар бөліп шығаратын зат бар көрінеді. Оның қауырсындарының әрбір талы көк, алтын сары, қоңыр, ашық көк боп құбылатыны да содан екен. Қауырсын бойындағы жан-жаққа тармақталатын “бұтақшалар” бар емес пе, соның әрқайсысы екіқабат кристал құрылымдарынан тұрады, құрылымдар болса, өз кезегінде, меланин, кератин ақуызынан құралған делінеді ғылыми хабарламада. Қарапайым адамға мұның бәрінің керегі шамалы, бұл қызық болса, мамандарға қызық. Қалай, неден болғанда да, Құдайдың құдіреті екені даусыз. «Мықты болса, сол коммунист ғалымдар тауыс секілді тағы бір құс ойлап таппай ма?» дейді атеист еместер.

Асылы, ненің де болса ғылыми негізін іздемес бұрын Құдайдың бар екенін мойындаған жөн. Тауыс қауырсындарының түр-түсін түсіндіре алдық делік, ал енді оның кеш түскеннен кейінгі қылығын қалай, неден деп ұғамыз? Күндіз тауықтармен бірге жайылып, су ішіп жөнімен жүрген құс сам жамырағаннан өзінен-өзі берекесі кетіп, тынышсыздана бастайды да, батар күнмен таласып ұшып барып, ең биік ағаштың басына қонады. Сол отырғаннан батып бара жатқан күнге телміре қарап отырады да қояды. Күн батып кетеді, қызыл шапақтар сөніп, жер бетін қараңғылық басады. Тауыс әлі отыр. Бүкіл назары құбылады, енді азырақ отырса, батып кеткен күн қайта шыққанын көре алмай қалатын секілді отырған орнынан қозғалмайды. Үркер ауады, ол батыстан көзін алмайды. Қалай мойны талмайды? Жұлдыздар сиреп, шығыс жақ құланиектене бастағанда барып мойнын жаңа атып келе жатқан таң шапағына қарай бұрады. Ескі Шығыс жұмбағында айтылатын сөз рас екен:
– Жаратқан жаппар хақтың бұл да құсы,
Құстың да жай құсы емес, күнбағысы.

Расында құстың күнбағысы дерсің. Күнге ғашық екі құс болса, бірі – тауыс. Біреу болса, өзі. Күн шуағы мол елдерде өскендіктен бе, ол күн нұрына ғашық. Әуел бастағы отаны – Үндістан, Шри-Ланка, Суматра аралдары. Осы елдерді алғаш аралаған еуропалықтардың арасында тауысты ұшпайтын құстың санатына жатқызғандар да бар. Бұл, әлбетте, жаңсақ пікір. Тауыстың құлаш жарымнан да ұзын құйрығын көріп, «мына ауыр денесімен ұша алмайтын шығар» деп ойлаған біреудің сөзі болса керек. Оның үстіне, аталмыш елдерде тауысты ешкім үркітпейді, қорқытпайды, тас атып қуаламайды. 1963 жылы Үндістан оны «ұлттық құсымыз» деп жариялады. Бұл сол кезден бастап қадірлі деген сөз емес. Орнитологтар оның қолға үйретілгеніне 3000 жылдай уақыт болды дейді. Цейлонда да көшеде жайбарақат жайылып жүрген құстарды көресіз. Үрікпесе, қорықпаса, ұшып қайтеді, ылғи да осылай жерден жем теріп, беймарал жүргенін көрген адамдар «шынында, мынау ұшпайтын құс болса керек» деп топшылаған. Тауыс ұшады. Оның ұзындығы – 2,5 метр, салмағы да өзіне жараса әжептәуір көрінеді. Соған қарамай, лып етіп жеңіл ұшады, көздеген биігіне оңай көтеріледі. 2004 жылы Ресейдің “Известия”, “Комсомольская правда” газеттері Мәскеу хайуанат­тар бағындағы бір тауыстың кешкі апақ-сапақта қорадан ұшып шығып, ізім-қайым жоғалғанын жазып, көрген-білген кісі болса бақ әкімшілігіне не газет редакциясына хабарласуын өтінді. Ұзамай тауыс табылды. Хайуанаттар бағының басшылығы «көше толы маскүнемдер ұстап алып, қуырып жеп қоймай тұрғанда табылғанына қуаныштымыз» деп көзайым боп жатты. Себебі, мұның алдында жапон тырнасын көше кезбелері ұстап алып, араққа тіске басар орнына қуырдақ пісіргені туралы да сол басылымдар жазған еді.
Тауысты алғаш Еуропаға Ескендір Зұлқарнайын әкелді деген сөз бар. Бұл, әрине, мүйізді патшаның күймесінде келді деген сөз емес болар, әсте әңгіме оның сол замандардан бастап бері қарай қоныс аударғаны туралы болса керек. ХІ ғасырда Рим қаласында бөденешілерден гөрі, тауыс баққандар көп еді деп жазылады тағы бір деректерде. Римдік­тер оның етін де жеген, әрі қауырсындарын жоғары бағалап, бір-біріне сыйға тартып отырған секілді.
Ескі Шығыс бәйіті:
– Көрсеткен тауысты әсем құйрығы дүр,
Алланың бұл да болса бұйрығы дүр, – дейді.
Шынында, оны әсем де сәнді етіп көрсететін, жоғарыда айтқанымыздай, құлаш жарымнан астам ұзын құйрығы. Мұндай құйрық тауыстың еркектерінде болады. Мекиендері қырғауылдың мекиендері секілді бәкене, қарапайым, реңсіздеу боп келеді, сөйте тұра, еркектерін жанынан бір елі шығармайды. Еркектерінің түрлі-түсті құйрығын жайып жіберіп, “кемпірқосақтанып” әрі-бері көс­тең­деп, қоқиланып жүруі – жұрт ойлағандай әсемдігін көрсету үшін жасаған қылығы емес. Оның есіл-дерті қораның бір бұрышында өз бетімен жайылып жүрген мекиендерге жігіт боп, жын буып қырындағаны. «Қарындас-ау, қосылмаймыз ба, қос тіккпейміз бе?” дегені. Түрік дінтанушысы Харун Жақия: “Сөйткен әдемі құйрығын, көрген көзді таңғалдырған сұмдық сұлу дүниесін тауыстың өзі көрмейді”, – деп жазады. Шынында, бұ да терең пәлсапалық мағынасы бар сөз екені дау­сыз. Көне шығыс көркем әдебиетінде тауыс ылғи да пәлсапалық шығармалардың кейіпкері ретінде кездеседі. Ол туралы сәл кейінірек.
Заманауи орнитология тауыстың аппақ түрі де болатынын жазады. Шетел басылымдарында 2002 жылы Англияда хайуанаттар бағынан альбинос тауыстың ұрланғаны жөнінде қызық мақала басылды. Қызық дейтін себебіміз – қаз сияқты аппақ құсты қолтыққа қысып есіктен шығып бара жатқан ұрыға ешкім назар аудармаған. Оның табылған-табылмағаны туралы дерек әлі жоқ. Әсте, табылмаған болар. Олай дейтініміз, тауыс құсы өте дәмді ет ретінде шетел мейрамханаларында жоғары бағаланады.
Тауыстың тұқымдастарынан көп ерекшелігі шамалы. Екі жастан асқаннан соң мекиендері жұмыртқалай бастайды Екі айдан соң балапандайды. Кейде анасы әлдеқандай себептермен жұмырт­қа баса алмауы мүмкін. Ауырады, өліп қалады, ауа райына байланысты әлсірейді, ондайда жұмыртқаларды күркетауықтың мекиенінің бауырына салады. Екеуінің ұқсас жақтары көп.
Қазақстанда 1990 жылдардан бастап «жаңа қазақтар» тауыс балапандарын Алматыға көптеп әкеліп, үй жағдайында өсіре бастады. Алғашқы тәжірибелердің көбінесе сәтсіз аяқталып, жазған құстардың жазықсыз қырылып қалғанына екі себеп болған секілді. Біріншіден, олар өте жылы жақтың құстары болғандақтан, біздің Алматының аумалы-төкпелі ауа райына көндіге алмады. Екіншіден, бұрын-соңды құс асырамаған қалталылар оған ерек­ше күтім керегін білмегендіктен, обалына қалды. Жерсінген тауыстарды асыраудың орнына, бір-бірінен қалмау үшін алыс шетелдерден адам жіберіп алдырудағы мақсат – атаққұмарлық. Құс – періште секілді таза нәрсе. Ол ниеті лас, тасжүрек адамдардың қолына түссе, ұзамай өледі немесе ұшып кетеді. Ертеде Шығыста басқа елдің патшасының сарайына келген елшілер ең алдымен орданың алтын-күмісіне, сән-салтанатына емес, қандай жан-жануарлар асырайтынына назар аударады екен. Жыртқыш құстармен қарсы алған патша қатал, қанішер деп танылса, сайрақ құстары мол патша ақжүрек, қол астындағы елге жайлы, ал әлжуаз, аурушаң құстарды бағып отырған сарай иелері табансыз, принципсіз, ерік-күші нашар, бейшаралау хүкімдар боп есептелінеді екен. Қабылан ұстаған патша ержүрек, елік еркелеткен патша сұлулыққа құмар, қызылды-жасылды дүниесі мол патша әйелқұмар боп саналған. Бұл жорамалдардың қаншалықты рас-өтірігін кім білсін, бірақ халық айтса қалып айтпайтыны анық. Патшалардың бір-біріне сәлемдеме деп тауыс, тоты, бұлбұл, сұңқар секілді құстар жіберіп, не алмасып жататын харекеттерінде астар болмауы мүмкін емес.
Аталмыш құсқа байланысты айтылатын тағы бір ырым былай дейді. Кімде-кім тауыс құсын үйінде ұстаса, ұзамай сол үйде бақытсыздық болады. Екінші бір рәуаятта өзі кедей боп, тамағын әрең тауып отырған үйдің иесі тауыс ұстаса, бұл да – жаман ырым, бақытсыздықтың басы. Екеуі де жалған. Осындайда біздің аталарымыздың “қазақ ырым етеді, ырымы қырын кетеді” дейтұғын сөзі еске еріксіз түседі. Тауыстың бақытсыздық әкелуі мүмкін емес. Бақытсыздықты да, бақытты да Құдай әкеледі, оған өзіңіз себепші боласыз, құстың не кінәсі бар, Алла-ау? Әсте, жаңағы айтқанымыздай, сәндік үшін, мода қуып “пәленшеде сондай құс бар екен” дегізу үшін құс ұстаған үйлердің ауласынан тауыстың жаман, жалынышты дауыстары шығып жататыны анық. Шықпай қайтсін, күтімі болмаса? Оның үстіне, бұл өзі – әсем дауыстылар қатарына кірмейтін құс. Қайтесіз, Алла бір жағынан мол ғып берсе, екінші жағынан қысып қоятыны бар емес пе? Осындай ғажап сұлулығына қоса, шіркін-ай, бұлбұлдай әсем дауыс болса ғой. (Шығыста “Тауыс түрін көріп насаттанып, аяғын көріп ұялады” деген мақал бар). Құстың жалынышты дауысын естіген жұрт оны иттің ұлығаны секілді жаман ырымға санаса керек. Басқа қандай себебі болуы мүмкін? Ал ауқатын зорға тауып отырған үйге тауыс бақытсыздық әкеледі дегеннің себебі, өзі сіңірі шыққан кедей болса, оған сәндікке құс асырап неге керегі бар деген жанашырлықтан туса керек. Құс асыраудың шығын екенін ескерген жөн. Кейін Құдай несібесін молайтып, байыған соң асыраса да, сауаптан құр қалмайды ғой.
Құс асырау демекші, кейбір туристер “Америка­ның Калифорния, Флорида штаттарында, сондай-ақ Жаңа Зеландияда жабайы тауыстарды көрдік” деп таңдана жазады. Бұған таң қалудың керегі жоқ. Әуел баста біздің байшікештер секілді таңсық құсты сәндік үшін қолға үйретуді көздегендер бұл жақта да көп болыпты. Келістіре алмаған соң, тауыс­тарын “қайда барсаң, онда бар” деп еркіне қоя берген көрінеді. Әлде, басқа себептері болды, бәлкім, тауыстың таң атар-атпастан қиқылдайтын әлемтапырық жаман дауысы ұйқыдағы баланы шошытқан болар, әйтеуір қолға үйрете алмаған. Сөйтіп, тауыс жабайы құсқа айналған көрінеді.
Фаридаддин Аттардың әлемге әйгілі “Мантиқ ут-таир” атты шығармасында, оған еліктеп жазылған Әлішер Науаидың “Лисан ут-таир” атты кітабында тауысқа ерекше орын беріледі. Мәулана Жәлеледдин Руми өзінің “Мәснәуилерінде” мынадай бір тәмсіл келтірген. “Бір күні бір шибөрі жортып келе жатып, бояу құйылған ыдысқа құлап түседі. Әп-сәтте әлеміш-күлеміш боп шыға келген ол өзінің шибөрі екенін ұмытып, тауыспын деп жар сала бастады” дейді. Тауыс құсы жөнінде Шығыс әдебиетінен мыңдап мысалдар келтіруге болады.
Түрік фольклоршысы Незиһе Араз “Түркістан­нан келген тауыс әйел” атты әфсананы Мәулана Румимен байланыстырады. Түркістан дегенде әңгіме біздің жеріміз, мүмкін Түркістан қаласы туралы боп отырғаны анық. Әлқисса, Түркістаннан Коньяға тауыс әйел келіп, қала сыртындағы Гүлдітөбе деген жерде шатыр тігіпті дейді. Тауыс әйел ешкімнің көзіне көрінбейді екен. Күндіз-түні шатырынан шықпай, рубаб шалып жататын оның кім екенін білуге құштарлар көп-ақ болыпты. Коньялықтарды күн сайын әсем сазбен арбап, қызықтырған үстіне қызықтыра түсіпті. Тауыс әйелдің жүзін бір көруге зар болғандардың арасында әйгілі ақын Руми де болған. Күндердің бір күнінде тауыс әйелдің рубабының үні шықпай қалады. Руми қала тұрғындарына «не болды екен, барып хабар алыңдар» деп қаланың мықты-мықты жігіттерін жібереді. Олар келсе, тауыс әйел жоқ, орнында жалғыз тал қауырсыны қалыпты дейді («Türk folklorunda kuşlar», Аnkara, Еrsa vatbaası, 1993). Әфсананың әдеттегідей сопылық әдебиет үлгісінде дүниеге келген туынды екені ақиқат. Мұны ертегі десеңіз, мына бір хикаяның шынды­ғын Шығыс қана емес, бүкіл әлем мойындаған.
Шаһ Жаһан (1592 – 1666) – Үндістанға соғыс ашып шауып алса да, сол елдің тарихында құрметті де, жасампаз патша ретінде қалған қайшылыққа толы қиын да қызық тұлға. Қайшылыққа толы дейтініміз, ол билікке жәй келген жоқ, ағалары мен інілерінің, тіпті осы бақталас болады-ау деген жақын-жуығының баршасын өлтіріп барып, жеке келді. Сондай қанішер бола тұра, босанар сәтте қайтыс болатын жан жары Мұмтаз Махалға арнап Аграда Тәж-Махалды салдырғаны мәлім. Оны аз десеңіз, Гауһар мешіт атты құрылы­сы да – әлемдік деңгейдегі кереметтердің бірі. Шаһ Жаһан жылнамашылардың деректеріне қарағанда, астанасын 1648 жылы Аградан Делиге көшіріп, қаптаған қалың үндінің ішіне барып қоныстанды. Түркі мәдениеті көне үнді өркениеті­мен тығыз байланыста дами бастады. Сол жаңа қоныста оның көзіне алғаш түскен көптеген таңсық дүниелердің бірі елдің тауыс құсына деген ықылас ілтипаты еді. Үнді халқының мәзкүр құсқа сүйіспеншілігі патшаның ойын сан-саққа жүгіртті. Ислам әлемінде “тауыс – пейіш есігінің күзетшісі” деген әфсанамен үйлестіргісі келді ме, үнділердің ықыласын өзіне біржолата аударып, оларды мұсылманшылыққа үндегісі келді ме, әлде мұның екеуі де емес, өзінің сұлулыққа құмарлығы жеңді ме, астындағы алтын тағын “Тауыс тағы” деп атауды ұсынды. Сөйтіп, жаңадан тақ жасауға тапсырыс берілді. Ол тапсырыс бойынша сүйегі үндінің мәнгу (кезінде Үндістан сапарнамасында бұл ағаш туралы Мұхтар Әуезов жазғаны есіңізде болар) ағашынан шабылып, сырты сан қилы асыл тастармен көмкерілген тақтың ұлы жобасы тауыс құсына ұқсайтын еді. Он екі бағана ұстыны болды. Үндінің архитектурасында, мүсін өнерінде, зергерлігінде, сурет туындыларында, әдебиетінде, мата өнеркәсібінде, музыкасында, фольклорында, қолөнерінде, биінде тауыс бейнесі көп орын алғанын патша жақсы білетін. “Тауыс тағы” жасалып біткен соң, патша шеберлерге арнайы сый-сияпат жасап, қол астындағыларға ұлан-асыр той берді. Үндістанға қашаннан көз тігіп келе жатқан ағылшын жансыздары сол кезде тақтың нарқын 61,2 миллион фунтқа бағалапты.
Қазақ “үш қайырсыз бар: тақ қайырсыз, ат қайырсыз, бақ қайырсыз” дейді. Бәлкім, опасыз дүниеге күйінгеннен айтқан болар. Сөйткен “тауыс тағы”, шынында, қайырлы болмады. 1739 жылы парсының Нәдір шаһы жасанған қолмен келіп, моғолдардың шаңырағына қобыз тартып, тал түсте шауып алды. О баста Бабыр негізін қалаған алып қағанаттың бұл шайқалуы Тұранға да, Иранға да оңай тимеді. Сол кезден қалған бір сөз:

– Сәніне көрген халық қайран қалар,
Түбі бір дүние ғой бұл ойрандалар.
Нәдір шаһ “тауыс тағын” алып кетті,
Моғолдан бақ осымен тайған болар.
Қызылбас алып кетті “тауыс тақты”,
Билікті содан бері жау ұстапты.
Бақ тайса, ерге дәулет құралмаған,
Моғолға тәж бен дәулет ауыспапты.

Расында, Нәдір шаһтың шапқыншылығынан соңыра моғол есін жия алмады. Сәуегейлер мұны әуел баста-ақ жаман ырымға жорыған ”тауыс тағының” кетуімен байланыстырды. Кім біледі, бұл жалған дүниенің сырын… Ұзамай Нәдір шаһ күрдтерден жеңіліп, дүние-мүлкі талан-таражға түседі. Көшпенділер ”тауыс тағының” быт-шытын шығарып, алтын, гауһарларын алады да, ағашын лақтырып жібереді. Есін тез жинап алған парсылар дереу күрдтердің сазайын беріп, тақты қалпына қайта келтіреді. Қысқасы, моғолдан сол кеткеннен мол кеткен “тауыс тағы” парсы жұртына күні кешеге дейін қызмет етті. 200 жыл бойы Теһеранда тұрды. Шаһтар ауысып жатты. Әр патша таққа отырған сайын Нәдір бабасына арнап дұға оқытты. «Түркіден парсыға ауған бақ» үшін алғысын айтты.
Сөйтіп, ата мұраға айналған асыл мүлікті ара-тұра қайта көркемдеп, жаңалап отырған патшалар да болды. Мысалы, Фатиһ Али деген патша (1797-1834 жылдар) “тауыс тағын” жаңадан жасатып 26 мың 733 қымбат таспен көмкерген көрінеді. Оның бағасы 5 000 000 АҚШ долларына барабар екен.
Көне жылнамаларда бір қызық дерек сақталған. Нәдірден бері Кавказдың бірсыпыра бөлігі, оның ішінде Орталық және Шығыс Грузия Иранға бағынғаны белгілі, парсы патшалары таққа отырарда қол астындағы елдердің игі жақсыларын да тойға шақырады екен. Сондай салтанатта парсылар төре боп төрге өтерде гүржі князьдары қолына тауыс құсының қауырсынын ұстап, төменгі жақта тұратын болған. Қолындағы тауыс қауырсыны оның жат елдің, бағынышты елдің адамы екенін білдіретін белгі көрінеді. 1926 жылы Пеһлеви патша, 1941 жылы оның ұрпағы келесі Пеһлеви билікке келгенде осы таққа мінген. “Тауыс тағы” кейін бұл жұртқа да құт әкелмей, жұт әкеле бастаған сыңайлы. Шаһтың соңы Пеһлеви Аятолла Хомейни үкімет басына келген соң тақты ғана емес, елін, жерін, Отанын тастап, шетелге кетуге мәжбүр болды.
Ана жылы Иранға жолымыз түскенде, тауыстың бұл елде қаншалықты қадірлі екеніне көзіміз жетті. Бүгінгі мақаламен бірге жариялап отырған суреттерді біз парсының бас қаласы Теһеранда түсірдік. Биіктігі бірнеше метр келетін алып тауыс құсының мүсінін жиі кездестіруге болады. Оны түрлі-түсті шамдармен безендіріп, әдемілеп таза ұстау – бұл елдің салты. Ал мына бір әбеқоңырлау суреттегі тауыс құсы болса ағаш бұтақтарынан тоқылған. Өнердің мұндай да түрі бар.
“Тауыс биі” атты бидің де өмірге келуін осы тақпен байланыстырады. Ол – бүгінде сан түрлі нәзік те шебер қимыл харекеттерге толы би ретінде әлемнің түкпір-түкпіріне тараған өнер.
Дүние қайшылыққа толы. Нәдір шаһтан тартып алған тақты балталап алтынын алып, өзін отқа тастаған күрдтерді тыңдасаңыз, “бұл бізді қаралау үшін айтылған жала, күрдтер ондай хайуандыққа бармайды” дейді. Бармаса бармайтын болар. Себебі, тағдыры өте аянышты осы бір халықтың тарихында адам таңғаларлық оқиғалар көп-ақ. Соның бірі тағы да тауыс құсына байланысты. Күрдтердің белгілі бір бөлігі езид (кейбір деректерде язит, жәзит) дінін ұстанады. Ол дін туралы ұзақ әңгімелеуге болады. Қысқасы, езид дініндегілер Малики Тауысқа (яки, “Тауыс патша”) табынады. Аты айтып тұрғандай, тауыс құсы – бұл ел үшін қадірлі, қасиетті, мұқаддес құс. Олардың Иран тарихшылары жазған озбырлық, надандықты мойындамайтынының бір ұшы осында жатса керек. Асылы, құсқа қиянат жасамайды. «Құс пен періште егіз» деген сөз бекер емес қой. дереккөзі
Бөлісу:
  • 5

3 пікір

ushkin
Тауыс құсын «тірілей» көрер ме еді!
omarbirat
«Фемили паркте» бар ғой :)
Gastarbaiter
Лібәд, сол жарықтық әлі тірі ме?