Таухидті оқып-үйренудің не қажеті бар?

Аса Қамқор, ерекше Мейірімді Аллаһтың атымен!


Кейбір кісілер «таухидтен басқа тақырып құрып қалды ма Исламда» деп байбалам салады. Жоқ Исламда одан өзге тақырып құрып қалған жоқ, бірақ Таухид — діннің негізі, діннің іргетасы, діннің өзегі. Кімнің таухиды болмаса, ол қанша құлшылық етсе, мұсылман болып саналмайды. Ғалымдар күшті бір ереже айтады: Ғылымның маңыздылығы — оның зерттейтін объектісіне байланысты. Яғни мысалға келтірер болсақ, Абайтану ғылымының маңыздылығы — Абай атамыз біз үшін қаншалықты маңызды болса, сол ғылымның да маңыздылығы сондай зор болады. Ал Асауботатану ғылымының (егер ондай болса, мысалға келтіріп жатқаным ғой) маңыздылығы — Асаубота ағамыздың маңыздылығы қанша болса, ол ғылымның да дәрежесі сондай болмақ! Енді айтқалы отырған таухид ғылымының маңыздылығы Аллаһтың ұлықтығы қанша болса, сонша ол ғылымның да маңызыдылығы ұлық! Сонымен біз таухидті оқып-үйренудің мынадай он себебін атап өтейік, бауырлар аяттар мен хадистер көптеп келтірілгендіктен өте мұқият оқыңыздарал, кеттік:

Бірінші — Жәннәтқа кіру, яғни Жәннәтқа тек бірқұдайшыл (муаххид), Аллаһқа ешкімді де, еш нәрсені де ортақ етпейтін (ширк етпейтін) адамдар ғана кіреді.

Бұған дәлел Аллаһ Тағаланың мына сөздері: «Расында Мариям ұлы Мәсихты Аллаһ дегендер кәпір болды. Негізінде Мәсих: «Әй, Израил ұрпақтары! Аллаһқа құлшылық қылыңдар. (Ол) Менің Раббым әрі сендердің Раббыларың! Өйткені, кім Аллаһқа серік қосса, расында Аллаһ оған Жәннәтты харам етеді. Оның орны – Тозақ оты. Сондай-ақ, залымдар үшін жәрдемші жоқ». (әл-Мәидә сүресі, 72-аят)

Ъитбән ибн Мәлик риуаят еткен хадисте Пайғамбарымыз былай деп айтқан: «Кім Аллаһтың Жүзін қалап, шын жүрегімен сеніп, «лә иләһә илләЛлаһ» (Аллаһтан басқа құлшылыққа лайықты тәңір жоқ) деп айтса, Аллаһ оған Тозақты харам етеді». (Бухари, Муслим). Тозақты харам етсе, демек ол Жәннатқа кіреді.

Екінші — Тозақтан құтылу.

Бұған да дәлел Аллаһ Тағаланың жоғарыда келтірген аяты: «Расында Мариям ұлы Мәсихты Аллаһ дегендер кәпір болды. Негізінде Мәсих: «Әй, Израил ұрпақтары! Аллаһқа құлшылық қылыңдар. (Ол) Менің Раббым әрі сендердің Раббыларың! Өйткені,кім Аллаһқа серік қосса, расында Аллаһ оған Жәннәтты харам етеді. Оның орны – Тозақ оты. Сондай-ақ, залымдар үшін жәрдемші жоқ». (әл-Мәидә сүресі, 72-аят). Яғңи кім Аллаһқа серік қоспаса, Тозақтан құтылады.

Әнәс ибн Мәлик деген сахаба риуаят еткен ұзақ хадисте Пайғамбарымыз былай деді: «Қиямет күні болғанда адамдар қатты толқиды. Кейін барлығы жиналып Адам Пайғамбарға барады да: «Раббыңның алдында бізге шапағат ет!» – деп өтінеді. Сонда Адам өзінің шапағат ете алмайтынын айтып: «Ибраһимге барыңдар, расында ол Аллаһтың халилі (сүйіктісі)», – дейді. Кейін адамдар Ибраһимге келеді, сонда ол да шапағат ете алмайтынын айтып: «Сендер Мұсаға барыңдар, ақиқатында Аллаһ онымен тікелей сөйлескен», – дейді. Мұса да өз кезегінде шапағат ете алмайтынын айтып, адамдарға: «Исаға барыңдар, шынында ол – Аллаһтан болған рух», – дейді. Иса да шапағат жасаудан бас тартып: «Сендер Мұхаммедке барыңдар», – деп маған жібереді. Сонда олар маған келгенде: «Мен сендерге шапағат етемін», – деп айтамын да, Аршының астына келіп, Ұлы да, Құдіретті Раббыма иіліп сәжде қылып, шапағат етуге рұқсат сұраймын. Содан соң Аллаһ Тағала мені шабыттандырып, бұрын ешкімге ашпаған, Өзіне ғана арналып айтылатын тамаша мадақ сөздерді маған ашады». Сонда маған: «Ей Мұхаммед! Көтер басыңды. Сұра, сен сұрағаныңды аласың. Шапағат етуді сұра, шапағатшы боласың!» – делінеді. Сонда мен: «Ия Раббым! Менің үмметім! Ия Раббым! Менің үмметім! Ия Раббым! Менің үмметім!» – деп айтамын. Кейін маған: «Кімнің жүрегінде тарының дәніндей иманы болса, соларды Тозақтан шығар!» – делінеді. Мен барып солай істеймін. Сосын тағы да Раббыма сәжде жасап, мадақ айтамын. Сол кезде маған тағы да: «Ей Мұхаммед! Көтер басыңды. Сұра, сен сұрағаныңды аласың. Шапағат етуді сұра, шапағатшы боласың!» – дейді. Мен сол кезде: «Ия Раббым! Менің үмметім! «Ия Раббым! Менің үмметім! Ия Раббым! Менің үмметім!» – деймін. Сол уақытта маған: «Кімнің жүрегінде шаңның тозаңындай иманы болса, соларды Тозақтан шығар!» – делінеді. Мен барып тағы солай істеймін». («Сахих» әл-Бухари)

Әнәс ибн Маликтің басқа риуаятындағы осы хадистің жалғасында Пайғамбарымыз сөзін жалғастырып былай деді: «Кейін мен тағы да Раббыма сәжде жасап, мадақ айтамын». Маған тағы да: «Ей Мұхаммед! Көтер басыңды. Сұра, сен сұрағаныңды аласың. Шапағат етуді сұра, шапағатшы боласың!» – делінеді. Мен: «Ия Раббым! Маған «Лә иләһа илләЛлаһ» деп айтқан адамдарға шапағат етуге рұқсат бер», – дегенімде, Аллаһ субханә уа Тағала былай дейді: «Өзімнің Пәктігіммен, Ұлылығыммен, Әзиздігіммен ант етемін! Мен «Лә иләһа илләЛлаһ» деп айтқандарды міндетті түрде Тозақтан шығарамын». («Сахих» Бухари).

Үшінші — Күнәлардың кешірілуі.

Аллаһ Тағала Құранда бір күнәні ешкімге кешірмейтінін айтты, ол – ширк, яғни Аллаһқа ғана арналатын құлшылықты тағы немесе басқа біреуге арнау, мысалы, Аллаһтан басқадан, немесе Аллаһпен бірге тағы біреулерден сұрап-тілеу (ұл-қыз бер, жолымды аш, денсаулық бер деген сияқты) Аллаһтан өзгеге, немесе Аллаһпен бірге тағы біреуге арнап құрбандық сою, Аллаһты жақсы көргендей өзгені жақсы көру, қорқу, үміт ету, және т.б.

Оған дәлел: «Аллаһ Өзіне ортақ (серік) қосылуды (ширкті) кешірмейді де, бұдан өзге күнәларды қалағанына кешіреді. Сондай-ақ, кім Аллаһқа ортақ (серік) қосса, расында жала қойып, зор күнәлі болды». (ән-Ниса сүресі, 48-аят)

Төртінші — Таухидті білу және ұстану – ең ұлық амал болып есептеледі.

Дәлел: «(Мұхаммед) көрмейсің бе? Аллаһ қандай мысал берді: көркем сөз («Аллаһтан басқа құлшылыққа лайықты ешбір тәңір жоқ») – тамыры мықты, бұтағы көктегі бір көркем ағаш тәрізді». (Ибраһим сүресі, 24-аят)

Пайғамбарымыздың хадисінде: «Бірде бір кісі келіп, Пайғамбарымыздан: «Ия, Аллаһтың Елшісі, дүниедегі ең жақсы амал қайсы?» – деп сұрады. Пайғамбарымыз: «Аллаһ пен Оның елшісіне иман келтіру», — деп жауап берді». (Нәсәи 5000).

Тағы бір хадисте Пайғамбарымыз былай деді: «Мен және маған дейінгі Пайғамбарлар Арафа күні айтқан ең жақсы сөз әрі ең жақсы дұға: «Лә иләһә илләллаһу, уәхдәһу ләә шәрикә ләһу, ләһул мулку уә ләһул хамду, уә һуә ъәлә кулли шәииң қодир» («Аллаһтан өзге құлшылыққа лайықты құдай жоқ, Ол жалғыз, Оның серігі жоқ, барлық мүлік және барлық мақтау Оныкі және Оның құдреті барлық нәрсеге жетеді»). («Сахих әл-жәми» 5585, Әс-Суюти).

Бесінші — Кім шын ықыласпен сенімді түрде «Ләә иләһә илләЛлаһ» деп айтса, бұл сөз оның амал таразысында ең ауыр сөз болмақ.

Құрандағы ең ұлы аят – «Аятул-Курси». Аллаһ осы ұлы аяттың басын «Аллаһу лә иләһә иллә һуәл хайуль, қойум», – деп, таухид кәлимасымен бастаған.

Әбу Саъид әл-Һудри риуаят еткен хадисте Пайғамбарымыз былай деп айтқан: «Мұса Пайғамбар: «Ия Раббым, маған Сені еске алатын, сол арқылы Саған дұға жасайтын ең жақсы сөзді үйрет», – деп сұрады. Аллаһ оған: «Ей Мұса, «Лә иләһә илләЛлаһ!» – деп айт!» — деді. Мұса: «Ия, Раббым, мұны құлдарыңның барлығы айтады ғой», – деді. Сонда Аллаһ оған: «Егер жеті қат аспан мен жеті қат жер және оның тұрғындары таразының бір табағына қойылса, ал «Лә иләһә илләЛлаһ» сөзі таразының екінші табағына қойылса, «лә иләһә илләЛлаһ» басып кетеді», — деді». (Ибн Хиббән, әл-Хәким хадисті сахих деген, Зәһәби мұнымен келіскен).

Абдуллаһ ибн Амр ибн Ас риуаят еткен өзге бір хадисте Пайғамбарымыз былай деген: «Аллаһ Қиямет Күні бүкіл адамдардың алдында үмметімнен бір кісінің 99 кітабын ашады. Әрбір кітабы көз жететін жерге дейін жететіндей ұзын болады. Сосын оған: «Сен осы кітаптардан бір нәрсені жоққа шығара аласың ба? Немесе Менің жазушы періштелерім саған зұлымдық қылды ма?» — деп айтылады. Сонда ол басын төмен салып: «Жоқ, ия Раббым», – дейді. Одан: «Сенің бір сауапты амалың бар ма?» — деп сұрайды. Ол сасып, тағы да: «Жоқ», – деп жауап береді. Сонда Аллаһ: «Менің құзырымда сенің бір сауапты ісің бар. Саған бүгін зұлымдық жасалмайды!» – деп айтады және оған бір парақ беріледі. Ол парақта «Лә иләһә илләЛлаһ» деген калима жазылған болады. Аллаһ: «Сол парақты алып келіңдер!» — деп бұйырғанда, әлгі адам: «Осынша кітаптардың арасында бұл парақ не болады?» – дейді. Сонда Аллаһ: «Саған зұлымдық жасалмайды!» — дейді. Сол парақты таразының бір жағына, ал кітаптарды екінші жағына қойғанда, кітаптар ұшып кетеді, ал парақ ауыр басады», — делінген.

Алтыншы — Аллаһ Тағала бұл дүниені таухид үшін жаратты

Дәлел: «Мен жындар мен адамзатты Өзіме ғана құлшылық қылулары үшін жараттым». ( әз-Зарият сүресі, 56-аят)

Осы аятта бұл дүние емес, тек жындар мен адамдар туралы айтылған ғой делінсе, оған бұл аятты мына басқа аят түсіндіріп береді деп жауап беріледі: «Ол сондай Аллаһ, жер жүзіндегі барлық нәрселерді сендер үшін жаратты. Содан кейін аспанға көңіл бөліп, оны жеті қабат көк етіп тәртіптеді». (әл-Бәқара сүресі, 29-аят) Яғни бүкіл дүниені адамдар үшін жаратты да, ал адамды Өзіне құлшылық ету үшін жаратты.

Жетінші — Аллаһ Тағала барша пайғамбарлар мен елшілерді тек таухидті жеткізу үшін ғана жіберді, басқа себеппен жібермеді.

Дәлел: «Расында әрбір үмметке: «Аллаһқа ғана құлшылық қылыңдар да, тағуттардан (ширк) аулақ болыңдар!» – дейтін елшілер жібердік. Олардың (үмметтердің) кейбіреулерін Аллаһ оңғарып, кейбіреулеріне адасу тиісті болды. Ал енді жер жүзін кезіңдер де, жасынға шығарушылардың соңы не болғанын көріңдер». (ән-Нәхл сүресі, 36-аят);

«(Мұхаммед) сенен бұрын бір Пайғамбар жіберсек, оған: «Күдіксіз Менен басқа құлшылыққа лайықты ешбір тәңір жоқ, ендеше Маған ғана құлшылық қылыңдар!» – деп қана уахи етіп жібердік». (Әнбия сүресі, 25-аят);

«Расында Нұхты еліне елші етіп жібердік. Сонда ол: «Әй, елім! Аллаһқа ғана құлшылық қылыңдар, сендердің Одан басқа тәңірлерің жоқ. Шәксіз мен сендерге келетін Ұлы Күннің азабынан қорқамын!», – деді». (әл-Әғраф сүресі, 59-аят)

Осы Әғраф сүресінің 65-ші аятында Аллаһ Тағала Һұд Пайғамбарды Ғад еліне, 73-ші аятында Салих Пайғамбарды Сәмуд еліне, 85-аятында Шұғайып Пайғамбарды Мәдиян еліне тура осы Нұх Пайғамбарды жіберген сөзімен жібергендігін бізге баян етеді.

Сахих хадисте Пайғамбарымыздың: «Мен адамдар: «Ләәиләһә илләЛлаһ уә Мухаммад ғәбдуһу уә расулуһ (Аллаһтан басқа құлшылыққа лайық Құдай жоқ және Мухаммад – Оның құлы әрі елшісі)», – деп куәлік бергенге дейін олармен күресуге бұйырылдым», — дегені жеткізіледі. (Бухари)

Сегізінші — Таухид біздің амалдарымыздың Аллаһтың алдында қабыл болуының ең үлкен себебі болып табылады.

Дәлел: «Аллаһтың нұсқауы осы. Құлдарынан кімді қаласа тура жолға салады. Егер олар Аллаһқа ортақ (серік) қосса (ширк жасаса) еді, әрине олардың істеген амалдары жойылып кетер еді». (әл-Әнғам сүресі, 88-аят);

«Юнусты есіңе ал. Сол уақытта ашуланып кетіп қалды да, біздің еш тарлық қылмауымызды ойлап, қараңғылықтар ішінде: «Сенен басқа құлшылыққа лайықты ешбір тәңір жоқ. Сен Пәксің. Шын мәнінде, мен өзіне-өзі зұлымдық жасаушылардан болдым», – деп жалбарынды. Тілегін қабыл етіп, оны қайғыдан құтқардық. Міне, иман келтіргендерді сөйтіп құтқарамыз». (Әнбия сүресі, 87-88-аяттар)

Тоғызыншы — Аллаһ муаххидтың (таухидты ұстанған бірқұдайшыл адамның) дұғасына жауап береді.

Дәлел: «Расында Аллаһ тек тақуалардан қабыл етеді». (әл-Мәида сүресі, 27-аят)

Сахих түрде жеткен хадисте Пайғамбарымыз былай деп баяндаған: «Бірде үш кісі сапарда келе жатып, тынығу үшін бір үңгірге кіреді. Сол кезде жер сілкініп, әлгі таудағы үңгірдің аузы (таспен) бөгеліп қалады. Әлгі адамдар: «Енді шынайы ниетпен және ықыласпен істеген істеріміз болса ғана, солар көмек болып, осы тұтқыннан шығуымыз мүмкін», – дейді. Сонда біреуі тұрып: «Уа, Аллаһ! Мен ата-анамды жұбайым мен бала-шағамнан да артық жақсы көруші едім. Бірде мен табыс тауып келуге шығып, үйге кеш оралдым. Ішке кірсем, олар мені күтіп, тамақтарын да жемей ұйықтап қалыпты. Мен қолыма ыдыс алып, оған сүт құйдым да, олар оянғанша ұйқыларын бұзбай, күтіп отырдым. Мен өз бала-шағама да еш нәрсе таттырғаным жоқ. Өйткені, ата-анам (тамақтанбай) мені тосып отырды ғой. Таң атқан соң мен сүтті әуелі ата-анама, одан кейін балаларыма бердім. Уа, Аллаһ! Шын ықыласыммен істеген осы істеріме разы болған болсаң, бізді мұнда қалдыра көрме», — деді.

Сол кезде үңгірдің аузын бөгеп тастаған үлкен тас аздап қозғалып, үңгірдің ауызы азғантай ашылды, бірақ одан шығатындай мүмкіндік болмады.

Сонда екіншісі тұрып былай деді: «Уа, Аллаһ! Менің бір туысқанымның қызы бар еді. Мен ол қызды өте қатты ұнаттым. Мен онымен көңілдес болғым келді, бірақ ол келіспеді. Біраз уақыт өткен соң ол маған келіп, қарызға ақша сұрады. Мен онымен жақындасуға келісіп, 200 динар бердім. Сөйтіп, үстіне шыға бергенімде, ол қыз: «Аллаһтан қорық! Егер шын жақсы көрсең, шариғат жолымен некемізді қидыр да, жақында», – деді. Осы сөзден кейін мен ештеңе жасамай, ақшамды тастадым да, кетіп қалдым. Уа, Аллаһ! Егер осы ісім Сен үшін болған болса, бізді мына қапастан шығара гөр!», – деді.

Сонда үңгірдің аузы тағы да аздап ашыла түсті. Дегенмен әлі де сыртқа шығуға мүмкіндік болмады.

Сол уақытта үшіншісі тұрып: «Уа, Аллаһ! Бірде мен, бір жұмысқа жұмысшылар жалдадым. Шаруаны бітірген соң, барлығына ақыларын беріп едім, бірақ араларындағы біреуі ақшасын алмай кетіп қалды. Ол ақшаға мен мал сатып алдым, ал ол мал біраз көбейді. Бір күні баяғы ақысын алмай кеткен кісі келіп, ақысын сұрады. Мен оған: «Сенің ақшаңа мал алып едім, содан мыналар көбейді», – деп, сиырлар мен қойларды көрсеттім. «Міне осының барлығы – сенікі», – дедім. Ал, әлгі кісі: «Мені мазақ қылмай, ақымды бер», – деді. Сонда мен мұның мазақ емес екенін, малдың барлығы оған тиісті екенін түсіндірдім. Сөйтіп, жұмысшы мен көрсеткен малдың барлығын айдап әкетті. Уа, Аллаһ! Осы ісім Сенің ризашылығың үшін орындалған болса, бізді мына үңгірден шығара гөр», — деп жалбарынды. Сол сәтте үңгірдің аузы ашылып, үш жолаушы сапарларын жалғастырды»
. (Бухари 2102).

Оныншы — Аллаһ таухид арқылы Өзінің муаххид (бірқұдайшыл) құлдарын қайғы-қасірет пен қиындықтардан құтқарады.

Дәлел: «Юнусты есіңе ал. Сол уақытта ашуланып кетіп қалды да, біздің еш тарлық қылмауымызды ойлап, қараңғылықтар ішінде: «Сенен басқа құлшылыққа лайықты ешбір тәңір жоқ. Сен Пәксің. Шын мәнінде, мен өзіне-өзі зұлымдық жасаушылардан болдым», – деп жалбарынды. Тілегін қабыл етіп, оны қайғыдан құтқардық. Міне, иман келтіргендерді сөйтіп құтқарамыз». (Әнбия сүресі, 87-88-аяттар)

Сол сияқты Ибраһим мен оның әйелі Сара туралы хадисте, Перғауын Сара анамызды зорламақ болып қолын созған кезде кезде Сара анамыз: «Уа, Аллаһ, егер мен Саған Сен талап қылғандай иман келтірген әрі Пайғамбарыңа ерген және тәнімді тек өз күйеуім үшін сақтаған болсам, онда мені мына залым патшаның зұлымдығынан құтқар», – деп дұға еткенде, Перғауынның қолы семіп (паралич болып) қалды. Сонда Перғауын: «Аллаһқа мені босатсын деп дұға ет, мен саған ешнәрсе істемеймін», – деді (Муслим).

Ал Әбу Яғләның «Муснәд» кітабында келген басқа риуаятта, Перғауын: «Сен құлшылық қылатын Раббыңа дұға ет, мені босатсын», — деген. Аллаһ Сара анамызды Перғауынның зұлымынан Ұлылықпен құтқарды.
Бөлісу:

1 пікір

konvict
@Ahi осының бәрін өзің жазасың ба, әлде копи паст па?