Ықыластылық - ширкке түбейгейлі қайшы

Аса Қамқор, ерекше Мейірімді Аллаһтың атымен!



Аллаһ үшін ықыласты болудың мағынасы: адам құлшылығымен Аллаһ Тағалаға жақындауды, Жәннатқа жетуді мақсат тұтады. Адам өз мақсатында, махаббатында, ұлықтауында, сыртында да, ішінде де (істерінде де, сөздерінде де, ниетінде де) ықыласты болу керек. Ол жасаған құлшылығымен Аллаһтың Жүзін және Жәннатқа кіруді ғана қалау қажет. Аллаһ Тағала былай деді: «Айт: ”Расында, менің намазым мен құрбандығым, өмірім мен өлімім әлемдердің Раббысы Аллаһқа тән! Оның серігі жоқ. Мен осыған бұйырылдым, әрі мен – ең алғашқы мұсылмандарданмын» (Ән`ам сүресі, 162-163-аяттар). Тағы да Аллаһ: «… Раббыларыңа қайтыңдар да, оған бойұсыныңдар...» (Зумәр сүресі, 54-аят), — деді. Тағы да Ол: «Тәңiрлерiң – бiр-ақ Тәңiр. Одан өзге Тәңiр жоқ. Ол аса Қамқор, ерекше Мейiрiмдi» (Бақара сүресі, 163-аят), — деді. Тағы да Аллаһ: «Тәңiрлерiң – бiр-ақ Тәңiр. Оған бойұсыныңдар» (Хаж сүресі, 34-аят), — деді.
Аллаһ Тағала барлық елшілерін осымен жіберді. Аллаһ Тағала былай айтты: «Сенен бұрын қандай пайғамбар жіберсек, оған: “Күдіксіз, Менен басқа құлшылыққа лайықты ешбір тәңір жоқ. Ендеше Маған ғана құлшылық қылыңдар”, — деп қана уахи етіп жібердік» (Әнбия сүресі, 25-аят).
Аллаһ Тағала бұл тақырыпты Кітабында анық түсіндерген сияқты, Аллаһтың елшісі де оны ашық баяндады.
Пайғамбарымыз бірқұдайшылықты (таухид) жүзеге асыруды, ықыласты болуды үйретті. Бірқұдайшылықты түрлі ластықтардан тазартумен айналысты, әрі оның бұзылуына немесе әлсіреуіне апаратын жолдардың барлығын жауып кетті. Тіпті бір адам пайғамбарға (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын): “Аллаһ және сенің қалағаның”, — деп айтқанда, ол: «Сен мені Аллаһқа теңедің бе? Жалғыз Аллаһтың ғана қалағаны!», — деді (Ахмад, Ибн Мәжәһ, ән-Нәсәи “`Амал әл-йәум уәл-ләйля”, Бәйһақи “әш-Шу`аб”. Сенімді хадис). Пайғамбарымыз осы адамға Аллаһ пен Оның елшісі екеуінің теңдігін білдіретін бір әріппен жалғағаны үшін сөгіс білдіріп, бұны Аллаһқа серік қосу деп атады.
Тура сол сияқты, Аллаһ елшісі Аллаһтан өзге нәрсемен ант етуді харам етіп, оны серік қосуға жатқызды. Ол былай деді: «Кім Аллаһтан өзге нәрсемен ант етсе, онда күпірлік не ширк жасады» (Ахмад, Әбу Дәуд 3251, әт-Тирмизи 1535, әл-Хәким. Сахих хадис). Өйткені, Аллаһтан басқа нәрсемен ант ету — тек Аллаһ лайықты болған тағзым мен ұлықтауды басқа біреуге арнау болып есептеледі.
Тағы да оған бір күні делегация келгенде, олар: “Әй, Аллаһтың елшісі! Әй, арамыздағы ең жақсы, әрі ең жақсының баласы! Әй, мырзамыз, әрі мырзамыздың баласы!”, — деп айта бастады. Сонда пайғамбарымыз былай деді: «Әй, адамдар, айтқандарыңды айтыдар, бірақ шайтан сендерді азғырып жібермесін. Мен – Аллаһтың құлы, әрі елшісі Мұхаммедпін! Аллаһ маған берген орыннан жоғары мені көтергендеріңді қаламаймын» (Ахмад. Сахих хадис).
Аллаһ Тағала бірқұдайшылықты (таухид) түсіндіріп, анықтап бергені сияқты, оның қарама-қарсысын да, яғни көпқұдайшылықты (ширк) солай түсіндіріп, анықтап берді. Аллаһ Тағала былай деді: «Расында, Аллаһ Өзіне серік қосқанды кешірмейді де, одан кішісін қалағанына кешіреді» (Ниса сүресі, 116-аят). Тағы да Аллаһ: «Аллаһқа құлшылық етіңдер де, Оған ешкімді серік қоспаңдар», — деп айтты (Ниса сүресі, 36-аят). Тағы да Ол былай деді: «Расында, әрбір үмметке: “Аллаһқа ғана құлшылық етіңдер және тағуттан (ширк) аулақ болыңдар”, — дейтін елші жібердік» (Нәхл сүресі, 36-аят). Бұған ұқсас аяттар өте көп.
Пайғамбарымыз (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) былай деді: «Аллаһқа ешкімді серік қоспай, Оны кездестірген адам Жәннатқа кіреді. Ал кім Оны, Оған бір нәрсені серік қосқан күйде кездестірсе, Отқа кіреді» (Муслим).

Ширктің екі түрі болады:
1) Ширк әкбар (діннен шығаратын үлкен ширк) – шариғат ширк деп атаған әрбір нәрсе. Ол бірқұдайшылыққа (таухид) толығымен қайшы келеді. Мәселен, адам құлшылықтарын Аллаһтан өзге біреуге арнайды: намазды Аллаһтан басқа біреу үшін оқиды, құрбандықты Аллаһтан басқа біреу үшін шалады, нәзірді Аллаһтан басқа біреу үшін береді, дұғаны Аллаһтан басқа біреу үшін жасайды, яғни қабірдегі мәйітке дұға етеді, немесе тек қасында түрған адам орындай алатын нәрсені қасында жоқ біреуден тілейді және т.б. Ширктің түрлері білім иелерінің кітаптарынан белгілі.
2) Ширк әсғар (діннен шығармайтын кіші ширк) – шариғат оған ширк атауын берген әрбір сөз бен іс. Ол бірқұдайшылыққа (таухид) толығымен қайшы келмейді, ол тек оның кемелдігіне нұқсан келтіреді. Мысалы: Аллаһтан басқа біреумен ант ету. Кімде-кім Аллаһтан басқа біреумен ант етсе, әрі Аллаһтан басқа біреу Аллаһқа ғана тән болған ұлықтыққа ие емес екеніне сенсе, кіші ширк жасаған болып есептеледі.
Бұған тағы да рия (көзбояушылық) жатады. Ол өте қауіпті құбылыс! Пайғамбарымыз (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) ол туралы былай айтты: «Сендер үшін ең қатты қорқатын нәрсем, ол – кіші ширк». Сонда адамдар одан: “Ол не?”, — деп сұрайды. Аллаһ елшісі: «әр-Рия», — деп жауап береді (Ахмад, Ибн Әби Дунья, Бәйһақи “Зуһд”. Сахих хадис).
Кейде рия үлкен ширкке әкелуі мүмкін. Ибн әл-Қайим (оған Аллаһтың мейірімі жаусын) кіші ширкке жеңіл (сирек болатын) рияны мысал ретінде келтірген, демек жиі болатын рия үлкен ширкке жеткізуі мүмкін. Ал кейбір ғалымдар Аллаһтың: «Расында, Аллаһ Өзіне серік қосқанды кешірмейді де, одан кішісін қалағанына кешіреді» (Ниса сүресі, 116-аят) деген сөздері ширктің барлығын, тіпті кіші ширкті де қамтып алады деп санаған.
Біздің міндетіміз: түгелдей ширктен аулақ болу. Расында, оның салдары зарарлы. Аллаһ Тағала былай айтты:«Расында, кім Аллаһқа серік қосса, оған Аллаһ Жәннатты харам етеді, әрі оның орны Тозақта болады. Залымдар үшін еш көмекші болмайды» (Мәида сүресі, 72-аят).
Егер серік қосушыға Жәннат харам етілсе, онда бұл оның Тозақ отында мәңгі бақи болатынын білдіреді. Аллаһқа серік қосушы адам Ахыретінен айырылып қалғанында күмән жоқ. Өйткені, ол Тозақта мәңгі қалады. Сонымен бірге ондай кісі дүниесінде де зиянға ұшырайды. Себебі, оған дәлел (хужжа) жетті, ескертуші келді, алайд ол зиянға ұшырап, дүниеден еш пайда алмады.
Аллаһ Тағала былай деді: «”Зиянға ұшырағандар – Қиямет күні өздерінен де, жанұяларынан да айырылып қалғандар. Міне осы, нағыз зиянға ұшыраушылар емес пе?!”, — деп айт» (Зумәр сүресі, 15-аят). Адам өз жанын жоғалтты, өйткені одан еш пайда көрмеді, сосын оны Тозаққа апарып жеткізді. Ал ол орын нендей жаман! Сондай-ақ, ол жанұясын да жоғалтты, себебі егер олар иман келтіргендерден болғанда, Жәннатқа кірер еді. Бірақ әлгі адам олардың да рахатын көрмеді. Олар Тозаққа кіреді, ал «оған кірген сайын әрбір ел туысына лағынет тілейді» (А`раф сүресі, 37-аят).
Ширктің өте жасырын екенін біліп ал! Оны аса Қамқордың сүйіктісі (халил әр-Рахмән), ханифтердің (бірқұдайшылардың) имамы Ибраһим пайғамбардың өзі қорыққан. Аллаһ ол туралы былай хабарлайды: «Мені және балдарымды пұттарға табынудан аулақ қыла гөр» (Ибраһим сүресі, 35-аят).
Ибн Әби Муләйка былай деген: “Мен Аллаһ елшісінің отыз сахабаласын жолықтырдым. Олардың әрқайсысы өз үшін екіжүзділіктен (нифақ) қорыққан” (Бухари).
Мүміндердің әміршісі `Умар ибн әл-Хаттаб (оған Аллаһ разы болсын) пайғамбардың сырларын сақтайтын Хузәйфа ибн әл-Йәманнан былай сұрайтын: “Аллаһтың атымен сұраймын, Аллаһ елшісі мені екі жүзділердің қатарында атап па еді?!” Бірақ, Аллаһ елшісі оны Жәннатпен сүйіншілеген еді ғой. Алайда, бұл қуанышты хабар пайғамбардың тірі кезінде жасаған істеріне негізделіп айтылған деп ойлады.
Екіжүзділіктен (нифақ) тек екіжүзді (мунафиқ) адам ғана қорықпайды. Мүміннен басқа екіжүзділіктен ешкім қауіптенбейді. Сондықтан, құл ықыласты болуға тырысу қажет және сол үшін өз жанымен күресу керек. Ізгі ата-бабаларымыздың бірі: “Ықылас үшін күрескенім сияқты, басқа ешнәрсе үшін күреспеген едім” деген еді.
Ширк мәселесі өте ауыр, ол оңай тірлік емес! Алайда, Аллаһ Тағала құлына ықыласты оңайластырады. Сонда адам көз алдында Аллаһты ғана ойлап, амал еткенде Оның Жүзін ғана қалайды.
Бөлісу:

Пікір жоқ әзірше