Муззәммил сүресінің 15-16-аяттары

Аса Қамқор, ерекше Мейірімді Аллаһтың атымен!


Аллаһ Тағала былай дейді:
«Расында, Біз Перғауынға елші жібергеніміздей [1], сендерге де куәгер ретінде елші жібердік [2]. Сонда Перғауын (елшіге бағынудан) бас тартты, сол үшін Біз оны қатты ұстаумен ұстап алдық [3]» (Муззәммил сүресі, 15-16-аяттар).

[1] «Перғауынға елші жібергеніміздей». Перғауын – бұл кезінде Мысыр елін басқарған, әрі өзін құдаймын деп мәлімдеген залым патша. «Перғауын» деген атақ Мысырды билеген басшыларға берілген. Бірақ, мына жерде, өзін құдай деп жәриялаған Перғауын жайында сөз болып тұр. «Ол: “Мен – сендердің жоғарғы раббыларыңмын”, — деді» (Нази`ат сүресі, 24-аят).
Оған жіберілген елші – Аллаһпен тікелей, яғни еш дәнекерсіз сөйлескен ұлы пайғамбарлардың бірі Мұса еді.

[2] «Сендерге де куәгер ретінде елші жібердік», яғни жындар мен адамдарға Қиямет Күні елшілік пен дәлел жеткізгеніне куәгер болатын Мұхаммедті (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) жібердік. Аллаһ Тағала былай деді: «Елшілерден кейін адамдардың Аллаһқа қарсы сылтауы (үзірі) болмас үшін қуандырушы және ескертуші ретінде елшілерді (жібердік)» (Ниса сүресі, 165-аят). Сондықтан, Қиямет Күні ешкім: “Мен құлшылық ету үшін жаратылғанымды білмедім!”, “Маған міндетті болған не, тыйым салынған не екенін білмедім”, — деген түрлі ақтаулар айта алмайды. Өйткені, елшілер бұны оларға жеткізіп қойды. Әрі Мұхаммедтің (оған Аллаһтың игілігі мен сәлеміболсын) үмметі алдыңғы халықтарға куәлік береді. Бұл туралы Аллаһ: «Осылай, Біз сендерді ортада тұратын (ұстамды) үммет қылдық. Сендердің адамдарға, ал елшінің сендерге куәгер болуы үшін», — деп айтты (Бақара сұресі, 143-аят). Тіпті, Тозақ отына тасталып жатқанда, кәпірлердің (имансыздардың) өздері бәрін мойындайды. Аллаһ Тағала былай деді: «Оған (Отқа) бір топ тасталған сайын, оның күзетшілері: ”Сендерге ескертуші келмеген бе еді?”, — деп сұрайды. Олар: “Йә, бізге ескертуші келген, бірақ біз оны теріске шығардық. «(Саған) Аллаһ ештеңе түсірмеген, сендер тек үлкен адасудасыңдар», — деген едік”, — деп жауап береді» (Мулк сүресі, 8-9-аяттар). Сонымен, елшілердің жіберілу мақсаты мен даналығы – бұл жаратылыстарға дәлел жеткізу.

[3] «Ұстаумен ұстап алдық», яғни азаппен ұстап алдық. Аллаһ Тағала былай деді: «Залым болған елді қолға алғанда, Аллаһтың ұстауы осындай еді. Шын мәнінде, Оның ұстауы – ауыр, қатты» (Һуд сүресі, 102-аят).
Перғаун мен оның сыбайластарын Аллаһ Тағала суға батыру және отқа салу арқылы ұстап алған болатын. Бұл туралы Аллаһ Тағала былай дейді: «Қылмыстарының салдарынан суға батырылды да, отқа салынды» (Нұр сұресі, 25-аят). Яғни, барзах (осы дүние мен арғы дүниенің арасындағы дүние) әлеміндегі отқа салынды. Бұған дәлел ретінде Аллаһтың мына сөздерін келтірсек болады: «Олар таңертен және кешке отқа ұсынылады» (Ғафир сүресі, 46-аят). Бұл Қияметтен бұрын болатын барзах әлемінде. Олар Қиямет Күні келмейінше, таңертен және кешке сайын отқа ұсынылады. Осы аят, қабір азабына дәлел болып табылады. Әрі қарай Аллаһ былай деді: «Ал Қиямет Күні: “Перғауынның әулетін одан да қатты азапқа салындар!”, — (делінеді)», (Ғафир сүресі, 46-аят).
Аллаһтың елшісі Мұсаға құлақ аспаған Перғауын үш азапқа тап болды:
1) Аллаһ оларды суға батырып, бір сәтте жойып жіберді;
2) Олар Қиямет келмейінше, барзах әлемінде азапталады;
3) Олар Ахыретте қайта тірілгенде, алдынғы азаптардан ауыр азапқа салынады. Аллаһ бізді одан сақтасын (Уәл`иәзу билләһ)!
Имам Ибн Кәсир былай деді: «Ал сендер (яғни, Мұхаммедтің үмметі) опатқа ұшырап, жойылып кетуге одан да лайықсыңдар (егер пайғамбарларыңды тыңдамасаңдар), өйткені сендердің елшілерің, Мұса пайғамбардан да артық және ұлы болып табылады» («Тәфсир әл-Қуран ли Ибни Кәсир» 4/395).
Бөлісу:

2 пікір

sigma
Аят жазатын жер емес қой бұл сайт, нағыз қажет болса админге айтып бөлек бөлім ашып алсаңдаршы.
Қате трактовкаларыңмен адамдарды уламай
Altygradus
ұнамаса несіне оқып шаршайсыңдар. жаст игнор