НАМЫССЫЗ ДАРЫН САТҚЫНДЫҒЫ немесе БІРІНШІ МЕН ОНЫНШЫ КЕЗЕКТЕГІ ІСТІ ШАТАСТЫРҒАНДАР

Естияр жан қайғылыға күлер ме?
Баяғыда рухы асқақ бір елде
Сынға түсіп нағыз еркек намысы,
Ар-ожданмен өлшеніп бар табысы,
Сол табыспен қабысып ой ағысы,
Тұтқиылдан басқыншылық жасаған,
Арсыз жаумен – секілді тау тағысы,
Жүріп жатты Отан қорғау соғысы.

Іскерлікке бұрылған әр қадамы,
Нақ сол тұста беделді өнер адамы,
Шеберлігі айналардай мұраға,
Балауыздан жасап әсем мұнара,
Сыйға тартты басшысына елінің,
Бұрмақ болып оның құрмет-сенімін.

Балауызға басшы ұзақ таңданып,
Қарап тұрды санасынан шам жанып.
Ұзақ тұрды кейіпке еніп торыған
Сөзін былай сабақтады соңынан:
– Өз інінен шығарардай суырды
Бұл мұнара сөз жоқ, ғажап туынды!..
...................................
Бірақ Отан қорғауға зор мән беріп,
Жатқанда жұрт жан алысып, жан беріп
Мүсіншіміз қандай мақсат қуынды?
Оған көңлім осы арада суынды.
Намыссыз даңқ ой айнытар – жуынды!
Ұлт тағдыры сынға түскен заманда,
Бұғып қалған дарынды адам адам ба?
Ел мұңынан қашық қонған бұл жігіт,
Тұрса да қан тамырында нұр жүріп,
Дарынымен шығарса да жақсы атын,
Ұғынбапты азаматтық мақсатын.
Түсіретін ердің құнын, сымбатын,
Сатқындық бұл, ұлтсыздыққа тым жақын.
Қылмыспен тең – шатастырса кімде-кім
Ең бірінші және оныншы міндетін.
Ел басына төнген шақта ұлы сын,
Өз ұлтымен бірге алмаса тынысын,
Әрі оның намысы үшін, тілі үшін,
Күреспесе, ондай дарын құрысын!
Мүсінші ісі мәңгүрттік боп табылсын
Және алты ай абақтыға жабылсын!

Одан бері қанша ғасыр өтсе де,
Адам даңқы ғарышқа озып кетсе де,
Сол мүсінші бойындағы САЛҒЫРТТЫҚ,
БОЙКҮЙЕЗДІК, НАМЫССЫЗДЫҚ, МӘҢГҮРТТІК,
Тосқауыл боп ізгі ойларға өрелі,
Біздің елден қолдау тауып келеді.

Өткен күннен сезілмесе ащы леп,
Сенеміз бе, ұлттан мұң-зар қашты деп?
Сорымыз ба,
намыссыз бен ұлтсызды
Бізде қазір жазалайтын басшы жоқ.

Сараптасақ ұлт пен ұлтсыз қырқысын,
Қандай іске бармады жұрт құлқы үшін?
Бірақ ана тілді сақтау бас міндет –
Тілден үлкен Отан болмас ұлт үшін.

Намыссыз ел айналмай ма сорлыға?
Қайсар басшы өнегесін қор қыла
Өз ұлтына тас атқандар шалқып жүр
Абақтыға жабылудың орнына.

Өзгергенмен бүгінгі өмір ағысы,
Көп қазақтың қалғығанмен намысы.
Елде Отан соғысынан кем емес,
Жүріп жатыр тілді қорғау соғысы.

Әр халықтың ойына сай бойы бар
Бойсызға да қатал талап қойылар.
Қазақ тілі – қазақ халқы деген сөз,
Тілін қорғай алмаған ұлт – жойылар.

Тілін қорғай алмаған ұлт – санасыз,
Қасиетсіз, құдіретсіз, панасыз.
Мақсат тұтып тек қарынның мүддесін
Ғұмыр кешер ұлтсыз, рухи-анасыз.

Лезде босап жігерінің белдігі,
Күңгірт тартты халқымыздың елдігі.
Егер бүгін күреспесек тіл үшін
Ертең ұлт боп қалмасымыз белгілі.
Қазіргі кез – әумесер кез, масаң хал,
Тамырсыздық аңғарынан бас алған.
Қазақ ұлтын космополит етуге
Елімізде барлық жағдай жасалған.

Басшылар көп билік шыңын өрлеген?
Өрді қазақ есебінен төрлеген.
Сөйтсе де олар не бір қызын, не ұлын
Баба тілін меңгеруге бермеген.

Тілін, ұлтын сатқан адам оңбай ма,
Әлде биік лауазымға самғай ма?
“Қалай жеттік біз осындай жағдайға?”
Деген сұрақ жиі ұрады маңдайға.

Үш жүз жылдай түсіп келген илеуге
Ұлттық сана жылдан-жылға күйреуде.
Ана тілін менсінбеген мәңгүрттер
Неге құштар қазақ халқын билеуге?

Кей «зиялың айла жасап не түрлі,
Сол билікке болып алған өтімді.
Ал жасырын ұлтты жою майданын
Олар әлі сезінбейтін секілді.

Қыраннан да асқақтатып тауықты,
Мадақтайтын ақын, жыршы қауіпті.
Әншілер жүр тілді қорғау ісінен
Биік қойып той мен ойын-сауықты.

Жанын күйттеп ұлттан шеттеп қалғандар,
Бәлкім, үркек, қорқақ дарын-талғамдар.
Әрине олар,
бірінші мен оныншы
Кезекті істі алмастырып алғандар.

Рухсыз күш өмір сүрмес желіксіз,
Шыншыл тұлға көп жағдайда серіксіз.
Сан ғасырлық намыссыздар сабағын
Сондықтан да еске аламыз еріксіз.

Мәңгүрттеніп, алшақ қонған арынан
Дарындар бар атын әлем таныған…
Жүрегінде ұлттық намыс болмаса
Ол дарынның жоғы жақсы барынан…

Жүргендер де ұлттан бөлек шат, гүлдеп,
Мақтана алмас «нағыз бақыт таптым» деп.
ҰЛТҚА, ТІЛГЕ ЖАНЫН САЛМАС ЖАНДАРДЫ
КЕЗЕҢ КЕЛДІ АЙТАР РУХИ САТҚЫН ДЕП…
.................................
Баба рухтың сенім шамы сынғандай…
Намысы өшкен кезең еді бұл қандай?
Бабаң ұлттан, тілден қашқан қазаққа
Жер астынан лағнет айтып тұрғандай.

Мұхтар Шаханов
Бөлісу:

4 пікір

aues
Пазылбек қайшының суретімен қысқартшы мына жазбаңды, өтініш
Abilakim
Фазке, мынамен мені түйредім деп отырсың ба?
Pazylbek
Сен өзі қызық адам екенсің. Сен туралы бірнәрсе бар ма мұнда? Бір нәрсе болса өзіңе ала бермесей. Сен мені танымайтының көрініп тұр…
alisha
Әркім өз ойынан хабар береді деуші еді;)