Ширктің шығу тарихы



Аса Қамқор, ерекше Мейірімді Аллаһтың атымен!



Ширктің ең алғашқы белгілері Нұхтың қауымында шыға бастағаны белгілі. Абдулла Ибн Аббас жеткізген бір хабарда Нұх пен Адам арасы он ғасыр болған дейді (Ибн ‘Атый «Әл Мухаррарул Уажиз» 2/207, Қуртуби «Әл-Жәмиғу ли әхкәмил Қуран» 2/30). Осы уақыт аралығында адамдар шынайы түрде Аллаһтың бірлігін мойындаған күйде өмір кешеді. Алайда осыған қарамастан олардың жағдайлары толық жақсы болды деуге келмейтін. Бастапқы кезде кішкене қарама-қайшылықтар шыға бастайды да кейін бұл үлкен дау-дамайларға ұласады. Соғыстар мен тартыстар белең алады да адамдарға пайғамбарлар жіберіледі. Сондай-ақ, жіберілген пайғамбарлар ісін жалғастырып жүретін ізгі адамдар да болатын.
Бұхаридың хадистер жинағында Уад, Суағ, Иәғус, Иәғуқ, Наср деген ізгі-салихалы жандар жайында айтылған (Бұхари 4920). Олар қайтыс болған кезде шайтан келіп, адамдарға: «Оларға ескерткіштер орнатыңдар. Сендер жаман іс істеуге бет алған кезде сендерді тоқтатып, ескерту жасап отыратын ұлы адамдар еді ғой. Оларға ескерткіш орнатыңдар. Сол ескерткіштерге қараған уақытта осы салихалы жандардың ізгі істері естеріңе түсіп, өздерің де осы кісілердей болуға тырысатын боласыңдар» — деп сыбырлайды. Арада жылдар, жыл артынан ғасырлар өтеді. Бұл ескерткіштер қандай мақсатпен орнатылғанын білетін қаракөз қариялар дүниеден өтіп кетеді. Сонда шайтан қайтадан адамдарға келіп: «Шын мәнінде бұл ескерткіштер сендердің ата-бабаларыңның құдайлары болатын. Ата-бабаларыңның дінінен бас тартпай, олар қалай құлшылық қылған болса сендер де солай құлшылық қылыңдар» — дейді. Шайтанның бұл азғыруына мастанған адамдар осы пұттарға құлшылық ете бастайды. Аллаһ тағала өз мейірімімен бұл адамдарды қараңғылықтан жарық нұрға, ширктен таухидке шығарғысы келіп, оларға «Пұттарды тастап тек жалғыз Аллаһқа құлшылық қылыңдар» — деп шақырушы Нұхты жібереді. Ол адамдарды Аллаһтың бірлігіне күндіз-түні, жасырын-жария түрде шақырады. Алайда, күндіз-түні дінге шақырып, ширктен арашаламақшы болған Нұхтың сөздеріне олар құлақ аспай, одан бетер көкірек керіп: «Олар: «Тәңірлеріңді тастамаңдар. Уад, Суағ, Иәғус, Иәғуқ, Насрды тастамаңдар» — деседі» (Нұх сүресі, 23-ші аят). Сонда Нұх Аллаһ тағалаға жалбарынып: «Раббым! Жер жүзінде кәпірлерден ешбір тұрғын қалдырма» — дейді (Нұх сүресі, 26-шы аят).
Аллаһ тағала Нұхтың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) дұғасын қабыл етіп, Құранда баян етілгендей қауымын жермен-жексен қылады.
«Ал бұйрығымыз келіп пештен су атылған шақта былай дедік: «Ол кемеге әрбір жұптан бір жұп және біздің сөзіміз өткендерден өзге жанұяңды шығар. Әрі иман келтіргендерді де ал». Негізінде онымен бірге иман келтіргендер өте аз ғана еді. Ол: «Кемеге отырыңдар. Оның жузуі мен тоқтауы Аллаһтың атымен болады. Әлбетте, Раббым — Кешірімді, Мейірімді» — деді. Ол кеме оларды таудай толқындармен алып жүрді. Нұх өзінің бір шетте қалып қойған ұлына дауыстап: «Әй, ұлым, бізбен бірге отыр. Ол кәпірлермен бірге қалма!» — дегенінде ол: «Мен өзімді судан сақтайтын бір таудың басына шығып алармын» — деді. Нұх: «Бүгін Аллаһтың әмірінен сақтаушы ешкім жоқ. Тек Өзі рахым еткендерді сақтайды» — деді. Сол кезде араларын толқын басып, баласы суға батушылар арасына қосылды. Кейін: «Әй, жер, суыңды жұт. Әй, аспан, сен де тоқта» — делінді де су тартылды. Бұйрық орындалып, кеме Жуди тауы басына келіп тоқтады да: «Залым елге өлім болсын!» — делінді» (Һуд сүресі, 40-44 ші аят).
Жер беті залымдардан тазарғаннан кейін арада біраз жылдар өтіп бұл кеселге Ад қауымы душар болды. Олар Аллаһтан өзге заттарға құлшылық ете бастады. Аллаһ тағала өз мейірімімен бұл адамдарға Һудты (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) жіберді. Һуд (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) өз қауымына мына сөздермен тіл қатты: "Әй, қаумым! Аллаһқа құлшылық қылыңдар. Сендердің Одан өзге құлшылық лайықты тәңірлерің жоқ" — дейді (Һуд сүресі, 50-ші аят). Алайда Һудтың қауымы тәкәппарланып, пайғамбардың айтқан сөздеріне құлақ аспады. Сөйтіп Аллаһ тағала оларға қатты боран жіберіп, оларды жермен-жексен қылды.
Ширкке белшесінен батып, осынау бір лас нәрсеге былғанған келесі қауым — Сәмүд елі. Аллаһ тағала оларға Салихты (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) жібереді. Салих өз халқын күндіз-түні, жасырын-жария түрде тек жалғыз Аллаһқа ғана құлшылық қылуға шақырады. Алайда бұлар да тәкәппарланып, кеуде керіп еді, Аллаһ оларға қатты дауыс жіберіп, оларды да жоқ қылды.
Бұл нәрседен Ибраһим (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) халқы да аман қала алмады. Олар әртүрлі пұттарға, ғаламшарларға, айға, күнге табына бастады. Қайырымды әрі Мейірімді болған ұлы Аллаһ тағала оларға мейірімін төгіп, оларға ескертуші ретінде Ибраһимді (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) жіберіп, одан салихалы ұрпақ тарайды. Себебі одан кейінгі пайғамбарлардың барлығы да Ибраһимнің баласы Исхақтан тарайды. Ал екінші ұлы Исмайлден пайғамбарлардың ең абзалы Мұхаммед (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) тараған.
Кейін бұзауға табынған Исрайл ұрпақтары шығып, олардың бұл істерін Мұса (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) мен Һарұн (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) тыяды. Ал енді бір тобы Ұзайырды «Құдайдың баласы» деп соған табынады.
Одан кейін келе Исаға (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) табынған христиандар шықты. Сондай-ақ, ширк Амр ибн Лухай әл-Хузағи деген адамның себебімен арабтарға да келіп жетеді.
Әбу Һурайра пайғамбарымыздың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын): «Мен Амр ибн Лухай әл-Хузағидың ішек-қарнын сүйреткен күйі отта болғанын көрдім» (Бұхари 3521). «Ол Ибраһимнің дінін ең алғашқы өзгерткен адам» — дегенін естіген (әл-Әлбани «Сахихул-Жәми`» 2580). Бұл — араб түбегіне пұттарды ең алғаш алып келген адам. Ал одан кейін пұттар бірте-бірте көбейе береді. Көбейгені сонша, тіпті оларды Қағбаның жанына, Қағбаның айналасына тіпті Қағбаның ішіне орналастыра бастайды. Адамдар жалғыз Аллаһқа құлшылық етуді қалдырып, енді тастарға ғибадат ете бастайды. Әбу Раджа Әл-Утариди: «Надандық дәуірінде біз тастарға құлшылық ететінбіз. Егер бірінші тастан артық тас тауып алсақ болды, ескісін қалдырып жаңасына көшетінбіз. Ал енді мүлдем тас таба алмаған жағдайда топырақтан бір төбешік жасап, ол жерге қой әкеліп, сол төбешік үстіне сауатынбыз. Кейін сол төбешікті айналып тауап жасайтынбыз...» — деп әңгімелейді (Бұхари 4376).
Ал енді оларға Аллаһтың мейірімі түсіп, тура жолды көрсеткісі келгенде оларға Аллаһты бір деп танушылардың имамы Мұхаммедті жіберді. Ол пайғамбардың шақырғаны «Жалғыз Аллаһқа ғана құлшылық ету. Одан өзге тәңір жоқ, әрі Ол ғана құлшылыққа лайық. Ал сендердің ғибадат етіп жүрген нәрселерің естімейді де көрмейді. Ешнәрсені сезбейді де еш жәрдем бере алмайды» деген шақыру болатын. Сонда оның бұл сөзіне құлақ аспай көкірек кергендер пайда болды. Олар: «Тәңірлерді бір-ақ тәңір еткісі келе ме? Шынында бұл өте ғажап нәрсе!» — деп айтатын (Сад сүресі, 5-ші аят).
Осыдан бастап кәпірлер пайғамбар мен сахабаларды қинап, мазақтап, тас лақтырып әртүрлі азаптарға душар етіп, пайғамбардың шақыруына қолдан келгенінше қарсыласып бағады. Алайда, бұл әрекеттер кәпірлерге еш пайда бермейді. Керісінше, мұсылмандар иманның тәттілігін сезініп, дінге шақыруда одан сайын күшейіп, бұл жолда сабыр сақтау керек екендігін, жеңістің келетіндігін, әрі адамдар Аллаһ дініне топ-топ болып кіретінін түсінді. Сөйтіп, Аллаһты жалғыз деп білу басқа діндер үстінен үстемдік алды.
Бірақ та, уақыт өте келе адамдар арасындағы көптеген дау-дамайлар оларды шынайы түрдегі таухидтен алыстата бастап, ширк жаңа толқынмен жайыла бастады. Аллаһ мейірімі түскендерді қоспағанда, тіпті кейбір мұсылмандардың өзі де бұдан аман қала алмады. Қазіргі кезде ширк тасқа табыну түрінде ғана емес, сонымен қатар діни әмірлерді Аллаһқа емес басқаға арнау сияқты түрде кіріп кетіп жатыр. Мысалға айтар болсақ, Аллаһтан өзгеге дұға жасау, Аллаһтан өзгеге құрбан шалу, Аллаһтан өзгемен ант ішу тағы басқа нәрселер. Бұндай мысалдармен уақытымызды кетірмей-ақ қояйық. Далаға шығып, мұсылмандарға қарасаң көретін нәрсең жеткілікті емес пе? Ауру адам Аллаһтан емес әулие-сымақтардан шипа сұрайтынын көреміз. Біреу құрбан шалса Аллаһқа емес бір әулиеге арнап жатады. Біреу берекет сұраса, Аллаһтан емес ата-баба әруақтарынан сұрап жатады. Әрине, бұл нәрсеге Аллаһ мейірімі түскендердің қатысы жоқ.
Үндістанға қараңыз. Қазіргі таңда ол елде Аллаһтан өзге табынатын 100000000-ға жуық сиыр бар деседі. Бұл әрбірімізді де қобалжытып, ойландыратын нәрсе. Себебі біз Аллаһты жалғыз деп танушылармыз. Ал біздің міндет — Аллаһтың жалғыздығын, таухидтың жарық нұрын адамдарға жеткізу.
Бөлісу:

8 пікір

Aizhantabyn
өте жақсы жазылған екен.
satibaldi
Мойындау керек, кейде жақсы жазасың.
asaubota
тарихын жақсы жазыпсың, енді қандай нәрселер ширк болатынын қарапайым сөздермен жаза кетсең жақсы болады. біздерге бір отырыста бір үлкен жігіт түсіндірген еді, содан кейін қатты қорқатын болдым ширктан.

p.s мазхаб мойындау, мойындамау, нұршы, уахаб деген әңгімелерді доғарсақ қайтеді бұдан кейін. мына жігіттің сапы белгілі, жалпы осындағы көп адамдікі белгілі бола бастады ғой. айтайын дегенім олай бөлінбей, барша мұсылманға ортақ нәрселерді осылай бөлісе отырайық.
satvaldo
таухид нұрын ак-ның ұшымен жеткiзесiндер ме әлемнiң түкпiрiңe¿
haos
Немесе ЖарылыстаРМЕН бА...?!?!?
haos
Ренжісен де, ренжімесен де мақаладан жаман иіс шығып тұр!
Уды әдемілеп тәтті нәрсемен қаптапсың!
nurbolsaparbai
Ахи мырза сізден өтінерім ендігі жазатын болсаныз.Пара жонінде н/е кісі олтіру жөнін де
ұрлық-зомбылық жөнінде н/е қазір болып жатырғой мемлеккеттік жумыс орындарындагы пара алу н/е халықтын ақшасын жепқою н/е кызметтін пайдаланып