Құлшылыққа құлшыну – құтылу 4



Аса Қамқор, ерекше Мейірімді Аллаһтың атымен!



11 – «Құлшылыққа әлі дайын емеспін», — деп жүрген адамдарға не айта аласыз?

Адам әуелден-ақ Бір Аллаһқа ғана құлшылық үшін жаратылды. Оның құлақ-көздері, қол-аяқтары бар. Сол үшін: «Мен дайын емеспін», — деп айту орынсыз болып табылады. Ия, білімсіз ешқандай іс қабыл болмайды. Ия, бәріміз надан болып туылдық. Алайда, ғалымдар айтқандай: «Білмеу — айып емес, алайда білмей жүре беру — айып!» Сондықтан, «Мен білмеймін ғой, мен дайын емеспін ғой!» — деп жата беруге болмайды. Аллаһ Тағала былай деді:
«Ол сендерді аналарының құрсақтарынан шығарды, сонда сендер ештеңені білмейтін едіңдер. Ол сендерге құлақ, көз және ойлау қабілетін берді. Мүмкін сендер шүкір етесіңдер!» (Нәхл сүресі, 78-аят)
Дайын еместігін айтып, құлшылықтан бас тартатын адамға мынадай сұрақтарымыз бар:
— Құлшылық ету үшін не дайындық керек? Алғашқы әскери дайындық па?
— Құлшылықты білімсіз жасауға қорқасыз ба? Онда білім алыңыз!
Елестетіңізші, ауыр жұмыстан шаршап келген шешесі үйдегі жалғыз баласына: «Айналайын, жұмыс істеші! Маған көмектесші!» — дейді. Ал ол болса: «Анашым, мен дайын емеспін. Дайын болған соң істермін», — деп киносын әрі қарай жалғастырып көреді.
«Құлшылық етуге бәрібір дайын емеспін әлі», — деп қоймасаңыз, сізге шешуші сұрақ қояйық: Дайындалып жүрсіз бе?
Егер: «Ия!» — десеңіз, сіз үшін: «Аллаһ ісіңізді жеңілдетсін!» — деп дұға етеміз. Ал егер «Жоқ! Дайындалып жүрген жоқпын», — деп жауап берсеңіз, онда не үшін дайын емеспін деп сылтауратасыз?

12 — Құлшылық ету адамның жұмысына кедергі жасай ма? Біреулер құлшылық еткісі келеді, алайда бала-шағасын кім асырайды деп уайымдайды.

Бұл уайым – бос уайым. Біз бала-шағасының қамын ойлау — бос нәрсе деп жатқан жоқпыз, бірақ намаз соған кедергі болады деген ойдың шындыққа сай еместігін түсіндірмекшіміз. Алдында біз құлшылықтың қызық өмір сүруге де, уақыттың барлығын тиімді пайдаланудан да құр қалдырмайтынын айтқан едік. Ал бұл жерде құлшылықтың жұмыстан, дүние табудан айырмайтынын, керісінше оны арттырып, берекеге кенелуге себеп болатынын нақтырақ баяндаймыз, инша-Аллаһ!
Аллаһ Тағала былай деді:
«Раббыларыңнан жарылқау тілеңдер. Өйткені Ол — өте Жарылқаушы. Ол сендерге аспаннан мол-мол жаңбыр жібереді. Әрі өздеріңді малдармен, балалармен қамдайды. Және сендер үшін бақшалар жасап, өзендер ағызады. Аллаһтың ұлықтығын ойламайтын сендерге не болды?» (Нұх сұресі, 10-13-аяттар)
Аллаһтың Елшісі Мұхаммед (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) Жаратушының сөзін жеткізіп: «Ей, адам, маған құлшылық қылуға уақыт бөл. Мен сенің жүрегіңді байлыққа толтырып, сені кедейліктен сақтаймын. Ал егер мұны жасамасаң, жұмысыңды көбейтемін де, сені кедейліктен құтқармаймын», — деген. (Тирмизи 2466)

Жалғасы бар…
Бөлісу:

Пікір жоқ әзірше