Суретке түсе білу де “өнер”…

Блог - TOTY: Суретке түсе білу де “өнер”…
Кеше қалада қапалақтап қар ұзақ жауды. Кабинетімнің терезесінен ауық-ауық сыртқа көз тастаудан жалықпадым. Біздің жұмыстың ауласы кең, айналасы ағаш, жанында кісі отыратын орындықтары бар. Жылы күндері үзілісте серуендеуге шығып тұрамыз. Бақтағы әр мезгілдегі маусымдық өзгерістерді сандық фотоаппарат алудың сәті түспей жүргендіктен, қалта телефоныммен түсіріп отыруға тырысам. Ара-тұра суретші жігіт Дәуренді шақырып, «суретке түсірші» деп мазалаймын. Кеше тағы бұрқақтаған қарлы ауа-райы реңіне қызығып, Дәуренге өтініш білдірдім. «Кезекті фотосессия ма?» деп күлді…
Жалпы, фотоға түсу менің бала күнімнен қаныма сіңген әдет. Өйткені, әкем Қуанышбек жас кезінде фотоға түсірумен әуестенген. Хоббиі деуге де болатын шығар. Әлі күнге дейін үйде сақтаулы “Сеть-2″ фотоаппаратын тастамайтын. Мереке күндерді немесе кез келген сенбі-жексенбі әкемнің қолы бос уағын асыға күтіп журетінбіз. Онымен қоймай, «китайский» көйлектерден бастап, бірнеше ауыстыратын киім дайындайтынбыз.
Қазіргідей сандық үлгіде емес, кеңес үкіметінің аппараттары бір әуре еді. Фотоаппаратқа жарықпен белгі беретін қосалқы бөлшек “фотовспышка” жалғанады. Әкем «дайындал» деп шүріппені басқанда, бөлшек жарқ ете түссе, кадрде қалдым деп есепте. Бірде дәл мені түсірерде жарық қайта-қайта жанбай қалып, әкем «саған әдейі жанбай жатыр» дегеннен-ақ, өкпелеп жылап қашқаным есімде. Көбінде, суретке түсіру “рәсімі” осылайша менің «жылағаныммен» аяқталатын…
Фотоға түсуден бұрын, бізді шығаратын процесі қызықтыра түсуші еді. Сол мезеттерді ұйықтамай тосып, апайым Салтанат екеуіміз әкемді төңіректейтінбіз. Әйтеуір, түн уағында жарықты сөндіріп, қараңғы бөлмеде фотокассетадағы пленканы фотобачокта жуып сорғытатын, сосын «увеличитель» атты құрал аппараты болған, бертінге дейін үйде тұратын, қазір қайда екенін…, жә, ол маңызды емес, әйтеуір әкем әлгі аппараттың кішкентай ғана көзінен түсірілген сұлбаны тамашалауға рұқсат ететіне мәз болатынбыз. Одан кейін фотоқағаздарды пластмассадан жасалған, төртбұрышты арнаулы ыдыстарға салып, «фиксаж», «проявитель», «закрепитель» деуші ме еді, сондай бір қоспалармен жуатын, көз алмай қарап отырсаң, аздан кейін-ақ бейнең шыға келетін. Ең соңында кішкентай пинцетпен байыппен алып, су қағаздарды кептіру үшін кәдімгі, біз «тримо» деп атайтын айнаға жапсыратын. Таңертең сурет дайын. Мінекейіңіз, қаншама машақаты көп дүние.
Е-еее, «Балалық шағың – патша тағың»… деген осы. Айпақшы, сол жылдары басқа елдімекендерге қыдырып бара қалсақ, дүкендерден фото шығаруға қажетті материалдар іздейтінбіз, «дефициттердің» қатарында еді. Қазіргі заманның баласының керек-жарағы бәрі алдында, тек меңгеріп әкетсе болғаны…
Бөлісу:

1 пікір

meirzhan
Суретке түсу ғана емес, суретке түсіру де әрі өнер, әрі машақат болыпты ғой сол кезде.