Кімдердің Исламын ұстанамыз?

Админнің бөлмесі: Кімдердің Исламын ұстанамыз?
Қазақ.кз сайтына дін тақырыбында жақсы, өте сауатты мақала шығыпты. Мақаланы түгел көшірмей-ақ қояйын. Түпнұсқасын мына жерден оқырсыздар. Автор қазіргі кездегі еліміздегі мұсылмандарды 5 топқа бөлген екен. Өте жақсы анализ істеген. Тілімізді бүлдіргендер енді дінімізді де бүлдіріп жатыр, болашақта қазақ деген ат жойылып кетеді ме деп те қорқамын. Мақаланы ерінбей оқып шықсаңыздар да болады, біраз ақпарат аласыз. Кімдерден қауіп күту керегін түсінесіз.

Сонымен қазіргі мұсылмандар мынандай екен:

1. Олардың біріншісі қазақ халқы осы кезге дейін ұстанып келген Ханафи мазхабын ұстанатын, Діни Басқарма Мүфтиаттың төңірегіне топтасқан намазхандар. Олар Мүфтиат тағайындаған мешіт имамдарына бой ұсынып, туындаған діни мәселелерде соларға жүгініп, мазхаб тәртібі бойынша құлшылықтарын атқарады. Олар шариғатқа қайшы келмейді деп танылған салт-дәстүрлерді ұстанады, ресми билікті мойындайды, және иманның шарттарын сақтайтын өзге топтардағы намазхандар мен намаз оқымайтын жандардың да мұсылмандықтарына шүбә келтірмейді. Сол арқылы имамдарына бой ұсынушы мешіт намазхандары өздерінің кеңдігімен, сабырлылығымен ерекшеленіп, орташа көзқарас ұстанатын жамағат ретінде танылады.


2. Екінші топты өз үгіт-насихаттарын қарқынды түрде жүргізіп жатқан уаххаби-салафи намазхандар құрайды. Бұлар ханафи мазхабын да, ресми билікті де, Мүфтиатты да мойындамайды. Тек өз насихатшыларын ғана тыңдап, өз шейхтерінің пікірлеріне ғана ден қояды. Мешіт имамдарына бағынбайды, кейбіреулері тіпті, мешіт имамына ұйып намаз да оқымайды. Олар тек өздерін ғана Құранмен, сүннетпен жүретін, жақсылыққа бұйырып, жамандықтан тыятын бірден-бір топпыз деп есептейді. Өздеріне қосылмаған намазхандардың бәріне де Аллаға серік қосу, дінге жаңалық енгізу, сүннетпен жүрмеу, имамдарына көзсіз еру тәрізді айыптар тағып, оларды өз араларында адасқандар деп те санайды. Соған орай оларға қатысты қатаң көзқарас ұстанады. Олар тек «сүннетпен жүру керек» деп ұлттық ерекшеліктер мен салт-дәстүрлерді де қабылдамайды. Сол себепті де бұлар арабтануға бейім тұрған намазхандар болып табылады. Қазіргі кезеңде бұлар «ихуан муслимин», «хизбут тахрир», «мадхалит» және басқа да тек өздерін ғана нағыз салафи санайтын бірнеше топтарға бөлініп кетті. Олардың бәрі дерлік Абдулуаххабты өздеріне ұстаз санайды, бірақ сөйте тұра өздерін «уаххаби» деп атағанды жақтырмай, «салафи» деп аталғанды жақсы көреді. Бұл атау оларға халықты үркітпей өздеріне адам тарту үшін жақсы бүркеніш болып табылады. Олар қайтыс болған адамдарға Құран сауабын бағыштамайды, және дұға еткен соң бет сипамайды. Намазда Ханафи мазхабының ешбір тәртібін қабылдамай, оны мүлде басқа тәртіпте орындайды. Біздегі уаххабилердің көпшілігінің сырт пішіндерінде өзге мұсылмандардан айырмашылық жоқ. Өздерін сәлафимыз деп таныстыратын болғандықтан «уаххабис» атауынан шошынатын жандар олардың уағыздарын тыңдай жүріп өздерінің қалай уаххаби болып кеткендерін аңғармай да қалады. Негізгі орталықтарының бірі уахаббизмді ресми дін ретінде ұстанатын Сауд Арабиясында орналасқан. Және сол жақтан қаржыландырылады.

3. Үшінші топты құрайтын намазхандар таблиғ жамағаты деп аталады. Олар мазхаб ұстанады. Өздерінің басты міндеттері ел аралап насихат жүргізу арқылы дін тарату деп есептейді. Және өздері «амал» деп атайтын дін тарату мақсатына лайықтап жүйелеп алған өз тәртіптері бар. Ол тәртіптері бойынша олар мемлекеттің де, Мүфтиаттың да істеріне араласпай, амалдарын жасау барысында мемлекеттің де, мешіттің де тәртібін бұзбауға мейлінше тырысады. Муфтиатпен, мешіт имамдарымен санасқанмен оларға толық бойұсынбайды, және амалдарында өз әмірлеріне ғана бағынады. Ханафи мазхабын ұстанатындықтан да олар мұсылманбыз деген жандардың имандарына күман келтірмей, жалпы бәрімен де жақсы қарым қатынасты сақтауға мүмкіндігінше тырысып бағады. Мазхаб ішінде де өздеріне тән тәртіптерімен ерекшелене отырып олар дінді тарату амалдарында өздерін өзгелерден озық санайды. Өз амалдарына көп көңіл бөле жүріп дүние істерінен, отбасылық міндеттерінен қол үзіп кетуге бейім. Шет елдерге де шығып уағыз жүргізетін болғандықтан ұлттық ерекшеліктермен санасады, және шариғатқа қайшы келмейді деп есептейтін салт-дәстүрлерді ұстанады. Сыртқы пішіндері мен сөздік қорларында Пакистан мен Индияның ықпалы байқалады. Пакистан үлгісімен киініп, сақалдарын жіберіп, балақтарын қысқартып алған таблиғ жамағаты ел аралап үгіт айтуға шыққанда халық оларды білместікпен «уаххабистер» деп атап, үркіп жатады. Таблиғтардың негізгі орталықтары Индияда орналасқан.

4. Төртінші топты сопылық тариқат жолын ұстанатын намазхандар құрайды. Бұлар да өздерін мазхаб ұстанатын мұсылмандар санатына енгізеді. Бірақ, құлшылықтарын мазхаб тәртібімен арқарғанмен өзіндік ерекшеліктері де бар. Және иман мәселесінде олар өздерінің пірлеріне сиынып, олардан жәрдем сұрауларымен де ерекшеленеді. Мемлекет ісіне араласпайды. Мүфтиатқа бағынбайды. Өз алдарына ашып алған мешіттері бар. Ал, мешіттері жоқ жерлерде ортақ мешіттерге көп жоламауға тырысады. Дін істерінде имамдарға емес толықтай өздерінің пірлеріне бағынады, және пірлеріне көзсіз сену, сөзсіз бой ұсыну бағытында тәрбиеленеді. Өздерін діннің сыртқы пішіні захирмен емес, ішкі мәні батинмен терең айналысатын жамағат ретінде санайтындықтан олардың кейбір топтары намаз, ораза тәрізді парыз құлшылықтарды орындауға мән бермейді. Олар тариқатты таңдаулылардың жолы санайды, содан да өздерін таңдаулылар санап өздерін жалпы жамағаттан жоғары ұстайды. Өзге намазхандармен араласпай тек бір-бірін ғана жақын тұтады. Салт-дәстүрге қарсы емес, қалыптасқан өзіндік салт-дәстүрлері де бар. Сопылардың пірлері негізінен Өзбекстанда тұрады.

5. Бесінші топқа «ата жолы», «ақ жол», «ақ орда» тәрізді ұйымдар құрып алған емші, балгерлер мен солардың ықпалымен намазға жығылған «аруақшыл» намазхандар жатады. Бұлар да өздерін мазхаб ұстанатындар қатарына жатқызады, бірақ Ислам мен шамандықты ұштастыруға тырысқан олардың тәртіптерінде түрлі ырымдарға негізделген өз ерекшеліктері мол. Олар әулиелер мен ата-баба аруақтарының шипалары мен небір кереметтеріне тәнті болып солардың нұсқауымен, солардан қорыққандарынан ғана намазға жығылып, өздері айтатындай «ақ жолға» түседі. Және үнемі соларға сиынып, жалбарынып жүреді. Әрі мезгіл-мезгіл әулиелердің бастарын зиярат етіп, солардың ризалығы үшін құрбандық шалып отырады. Иманның шарттарын білмейді, немесе біле тұра мойындамайды. Құранды киелі зат ретінде ғана қасиет тұтады, оның мағынасын білуге тырыспайды, және оны аруақтарды риза ету үшін ғана оқиды. Мемлекетті мойындайды. Аллаға серік қосу, және басқа да шариғатқа жатпайтын іс-әрекеттерін айыптайтындықтан Муфтиатқа, мешіт имамдарына бой ұсына қоймайды. Өздерінің жиналатын ордалары және әулиелердің бастарына салған мешіттері де бар. Ортақ мешіттерге негізінен құран оқыту үшін көп келеді. Қазақтың салт-дәстүрлерін шариғатқа сиымды, сиымсыз деп айырмастан берік ұстайды, тіпті ырымшылдық негізінде жаңа салт-дәстүрлер де қалыптастырып жатады. Аруаққа сиынатындықтан ұлтымыздың көрнекті өкілдеріне де тағзым етіп дәріптеп, бастарына барып ас береді. Аруаққа сенбейтіндерді «атеист», ал қарсы шыққандардың бәрін «уаххабис» деп айыптайды.
Бөлісу:

79 пікір

Abilakim
Жақсы жазылған
alisha
Естеріңізде ме, Кездесуде Атыраудағы мұсылман бейіттерінің талқандалуы туралы жазған едім ғой. Сол бұзақылар құрықталыпты. Әлгі діннен безгендердің жас шамалары 17-18-дерде. Қазақстанда тіркелмеген діни ұйымның мүшелері-мыс. Тергеу амалдары жүріп жатыр.
sammita
дәстүрлі исламды ұстанамыз. Көзімізді тырнап ашқалы көрген жұма күні шелпек пісіру, ата-бабаға құран бағыштау, бейіт басына барып дұға оқу, бата жасау, тасаттық беру сияқты амалдарды ұстануды қолдаймын.
kerim
осындай мақалаларды оқысам басым ауырып, желкем тартатыны бар… Анау бесінші бөлім әсер етеді ғой дейм, былай мақаланың маңыздылығына айтарым жоқ
timurrr
Тамаша жазылған! Негізгі жамағаттар дөп басылған. Ал 4-топтағы тариқаттар туралы айтылғанда «Мемлекет ісіне араласпайды» дегені жаңсақ пікір. Керісінше, олар мейлінше мемлекет ісіне араласып, мейлінше жіліктің сайлысына ұмтылуға тырысады. Дәлел, 5-6 жылдықтағы "Қазақстан" ұлттық арнасындағы дүрбелең, Ғалым Боқаштың командасы және бір парламент депутаты бар. Сондай-ақ жергілікті әкімшіліктерде мүшелері жетіп артылады. Әсіресе Маңыстау, Шығыс Қазақстан, Оңтүстік Қазақстан өңірлерінде штаб-квартиралары бар. Негізгі операциялар «Сенім.Білім.Өмір.» ұйымының атынан жасайды. Ол туралы толық әрі нақты мәлімет мында бар. 2-топ енді нақты айтылған. «Сорпа саған сөз жоқ» деген бар ед біздің ауыл жақта:) Олар да дәл сондай. Ал тізімнен қалып кеткендерді өзімше айтар болсам:

1) Қазақ боп туылғандықтан өзін мұсылман санайтын, бірақ мұсылманшылықты, Исламды түсінуге, ұғынуға аса мән бермейтін жалпы халық. Құлшылық жасамай-ақ, «Алла жар болсын» деп жүре берсе болады деген пікірді ұстайды. «Ниетің түзу болса, жетіп жатыр» дейтін олар реті келіп тұрса арақ ішіп, қызға барудан да тайынбайды. Ширк-мирк деген терминдер олар үшін біздің Галактикадан да тыс жатыр. Тек салафиттерге емес барлық намазхандарға «уаххабшы-ау осы?» деп үрке қарайды. Олардың түсінігінде мұсылмандық деген — өліге садақа беру(парыз санайды), құрбандық шалу (парыз санайды), жеті шелпек тарату (парызға парапар), ата-бабасының басына барып (парыздардың парызы санайды) бет сипау (Ия, бет сипау. Құранды ілуде ішінде біреуі әліпті білсе оқиды, бірақ көбіне аузын жыбырлатады да «Тие берсін (оны да түсінбейді негізі)» деп бет сипай салады). Осылайша мұсылмандықты атқарған, ал Ақірет туралы, Жаннат пен Тозақ туралы айтқандарға «Ол жаққа барып, көріп келген адам құсап сөйлеме! Өлгесін көре жатармыз!» деп адасқандар, өмірін дінге арнаған бейшаралар санайды.

2) Шала қазақтар. Олар көбінесе қазақшылыққа да жоқ, діншілдікке де жоқ. Мен айтқан 1-топтағыларға мәмбетизм деп қарайды. Ал намаз оқитындардың барлығын фанаттар санайды. Реті келсе, 17-атасы есіне түсіп кетсе, жұма кезінде барып, бес теңгесін тастап, Құран оқытып қайтады.

3) Пофигисттер. Шүйде тұсындағы мишығының түкпірінде әйтеуір мұсылман текті екенін сезінеді. Бірақ шоқынып кетуден де тайынбайды, дінсіздіктен де кет әрі емес. Жалпы кез-келген ритуалды жасауға еш құлқы жоқ. Бұлар көбіне қалада тұратындардан шығады.

ПыСы: Сенің жазбаңда 2-топтағылар өздерін салафшы санағанымен, шындығында қой терісін жамылған уаххабшылар екені айтылғанмен, 4-топтағылардың өздерін тариқатшы деп сопыға ұқсағысы келгенімен, шын мәнінде сопы терісін жамылған Исматуллашылар екенін айтуы керек еді. Олардың бір-біріне қатты ұқсастығы бар. Уаххабшылар өздеріне келіспегеннің, қосылмағанның барлығын (намаз оқысын-оқымасын) адасқандар санайды. Исматуллашы-сопылар да өздеріне келіспегеннің, қосылмағанның барлығын (намаз оқысын-оқымасын) адасқан-уахаббист санайды. Уахабистер мешітке келмейтіндерді мұсылмандықтан шығаруға бейім, исматуллашылар мешітке барғандарды уаххабшыларға телуге бейім.
asaubota
Исматуллашы зікіршілер кезінде дүрбелең салғанымен қазір әлсіздеу ме көп дауыстары шықпайды ғой, ана салафиттер басымдау болып бара жатыр. танымал адамдарды тартып жатыр өздеріне.
alisha
солардың атыраулық көшбасшысы заңсыз қару және есірткі сақтағаны үшін айыпталып жатыр деп ел шулап жатыр
timurrr
«Солардың атыраулық басшысы...» — Кімдердің?
nurjanbay
ойбай ваххабистер жаман, олар терәрістер, олар жарад, қырад дейді де бірақ Қазақстанда, мешіттерде, танымал адамдардың арасында жүре береді. қызық.
бір жағадан бас, бір жеңнен қол, бір балақтан аяқ шығарғандар өңшең
Qojeke
Исматулланың жақтастары да беделді адамдар. Олар тыныш жатқан жоқ.
nurjanbay
сонда Исматулланың жақтастары немен айналысып жатыр?
Qojeke
Іздесең табасың немен айналысып жатқанын.
timurrr
Олардың негізгі көзірі, Қазақтың әлсіз тұсы — «ата-баба аруағы, ұлттық салт-дәстүр» деген мәселелерді өздерінің саясатына шебер пайдалану арқылы, дінді арабтың діні, қазақтың діні деп бөлуге тырысады. Тауассульді ширктің деңгейіне шығарып жібереді. Жүрегің таза болса, зікір салсаң, намаз оқу да қажет емес дейді. Олар үшін «Алла» деп айтқан адам жақсы. «АллаҺ» десең, құрығаның. Нақ уаххабтың дәл өзі боп шығасың. Обшым, жетед, жүріп тұрсаң көріп тұрасың:)
nurjanbay
астағфируллах, сонда олардың ешқайсысы намаз оқымай ма?
Qojeke
Оқиды. Timurrr барлығы деген жоқ сияқты пікірінде.
timurrr
Exactly, Qojeke! Ешқайсысы емес, бірақ статистикаға ерік берсе, көпшілігі деген ойдамын. Мәселе намаз оқыған-оқымағандарында емес. Жалпы менің жұртта шаруам шамалы. Тап маған десе дінсіз боп кетсін! Мәселе Алланың парызын парыз деп білмей, ел-жұртты адастыратындықтарында. «Намаз ше?» дегенде солардың бірі менің жүрек тұсымды шқып көрсетіп тұрып, «Намаз міндет емес, бастысы жүрегің таза болсын, бауырым» деген-тұғын…
Qojeke
Түсіндім.
Досыммен әңгімелескенде айтқаны: Исматуллашылар жақсы. Олар қазақтың рухин көтереді. Қазақы Исламды ұстанады. Әйелдері намаз оқиды бірақ бастары жалаңбас жүре береді. арабтар сияқты оранбайды.
sozak
Ассалаумағалейкум!
Біз біріншіден Ислам деген не оның шарттары. Раббымыз кім. Пайғамбарымыз кім. Осы аталғандарды біліп алайық және білгенімізге АМАЛ істейік. Ал жоғарыдығы мәселенің бәрі білімсіздіктен туындап отыр. Білмегенімізді білімділерден сұрайық. Ал мұнда жазылғанның бәрі тек бір ғана адамның ойы. Бұған келісе кетуге болмайды адасу осыдан басталады.
nurjanbay
жалпы халықтың дін туралы түсінігін керемет сипаттаған екенсің
nurjanbay
1. түркиядан шыққан сайд нурсидің ізбасарлары «нұршыларды» жазуды ұмытып кетіпті. олар қай топқа жатады?

2. төртінші топқа жалпы сопылық жолды кіргізіпті. басшылары өзбекстанда деген. бұл қате. себебі Қазақстанда сопылықтың бірнеше ағымдары бар. «Ясауи» және «Нақышбанды» тариқаты. «Нақышбанды» тариқатының басшылары өзбекстанда десең орынды. «Ясауи» тариқаты бұл негізін Қожа Ахмет Ясауи салған сопылық жол. Бұл жолды қазақтың барлық ата-бабасы ұстанған. Дәлел келтір десең бұл жерге дәлелдер сыймай кетеді. Қазақтың көптеген би, батыр, хандары Ясауи мавзолейінде жерленгендігінің өзі жеткілікті.

3. ҚМДБ-ны сүттен ақ судан таза қылып көрсеткен. олардың имамдары мен діни қызметкерлері сауд арабиясы, египет, пакистан, түрия сияқты ислам мемлекеттерінен «сауат» ашып «шірік», «бидағат», «тек қана құран мен сүннет», "құран мен сүннеттен дәлел келтір" деген идеялармен «уланып» келгендер десем біреуің өтірік дей алмайсыңдар *54
asaubota
Саид Нурси жамағаты және Фетуллах Гүлен жамағаттары жәй ғана жамағаттар ғой, менің түсінігімше олар сол кісілердің ілімі бойынша дін тартаушылар. Әбу-Ханафи мазхабы бойынша болғандықтан оларды дұрыс деп білемін.
nurjanbay
фетхуллах гуленнің кітаптары мешіттердің ішінде, дүкендерде сатылып жатыр. мектептегі дінтану сабағының қосымша әдебиеттер тізімінде де фетхуллахтың кітабы тұр. бір жағадан бас, бір жеңнен қол, бір балақтан аяқ шығарғандар өңшең
monti
фетхуллах гуленнің кітаптары мешіттердің ішінде, дүкендерде сатылып жатыр// хммм сонда оқыған дұрыс емес пе? :0
sammita
Нұржанбай, діни сауатың күшті осы сенің.
omarbirat
3. ҚМДБ-ны сүттен ақ судан таза қылып көрсеткен. олардың имамдары мен діни қызметкерлері сауд арабиясы, египет, пакистан, түрия сияқты ислам мемлекеттерінен «сауат» ашып «шірік», «бидағат», «тек қана құран мен сүннет», "құран мен сүннеттен дәлел келтір" деген идеялармен «уланып» келгендер десем біреуің өтірік дей алмайсыңдар *54

Қазақстанда ірі Ислам орталығы болмағандықтан, болған болса да сақталып қалмағандықтан амалсыз жасалған шара деген ой бар.
Qojeke
1) Гүленнің адамдары бірінші топқа жатады. Олар ҚМДБ-мен бірге. Тіпті оны билейді десе де болады. Гүлендіктер гуілдетіп тұр. Қауіп болмаса да күдік тудыратын әрекеттері көп.

2) Қазіргі "Қожа Ахмет Яссаудің жолындамыз" дегендердің сопылығы қайда? Исматуллашылардың елде адамдыққа жат әрекет жасағандары қай Ахметтің сопылығына жатады?

3) Қазақстанда жоқ болса шет елдерде үйренбегенде Мәскеуге барып поптың оқуын оқымайтын болар.
nurjanbay
бірбірімен қырылып, бірбірін жарып, калашник асынып жүргендерден дін үйренбей ақ қойдым *54
alisha
Ағылшындық шпион Мистер Хампердің жазбаларын кім оқыды? Сонда осы Хампердің Абдулуаххабты қалай алдап құрыққа түсіргенді, жалпы осы мектептің бастау алуы туралы тәптіштеп жазылған. Олардың тамыры Англияда жатыр деген сөз. Жазба қателеспесем «Призание английского шпиона мистера Хампера» деп атылады. Осыны оқимын деп үйге жұмыстан 2 сағат кеш барып ем бір күні… бастасаң аяқтамасыңа болмайды.
nurjanbay
не түсіндің?
sozak
Шынында да не түсіндіңіз.
alisha
оқысаңдаршы, менің не түсінгенімді өздерің-ақ түсінесіңдер…
alisha
іштен шыққан жаудан тек қазақтың ғана қауіптенбейтінін түсіндім, қысқасы…
Bekjan
Әр дайым бөлінуден бұрын, бірігудің жолын іздеген жөн… Бөлетін дүниеден гөрі, біріктіретін ортақ дүние іздеуіміз керек…

Құдайыи бір… Дінім бір… Пайғамбарым бір… Елім бір… Жерім бір… Тілім бір… Бұдан ары қарай, бәріміз үшін ортақ нәрселерді іздей беретін болсақ көп нәрсе табамыз… Ал бөлінемін деген адам, ең бірінші өзін басқалардан жат қылумен бастайды..«Жақсы болса ағайын көңіліңді шат қылар, жаман болса ағайын өзін өзі жат қылар» деген терме сөздері осыдан шыққан…

Бүгінгі таңда елімізде ушығып отқан мәселердің ең басында осы діни мәселелер келіп отыр… Бұның ең басында діни фанатизм тұрады… Ешбір мазхаб имамы сонау бастан, және бүгінгі таңда ешбір мазхаб ғалымы (ниеті мен амалы дұрыстары) «менің мазхабым, менің жолым дұрыс, басқалардікі бұрыс» демеген… Ал менікі ғана дұрыс, менің жолым дұрыс, басқалар адасқан деушілік фанатизмге жатады… Мешіттің айналасында жиналған үлкен жамағат кейбіреулердің көзінде адасып жүр де, битімдей ғана өз жамағаттары дұрыс жолда жүргендей әңгіме айтатындар көп бұл күнде..Іштерінде біреулердің қолында отқа салатын көсеу болып жүргенін білмейтіндері көп өкінішке орай… Барлық нәрсе діни сауатсыздықтан болады… Сондықтан бауырлар, көбірек дін туралы кітап оқып, оқыған адамдармен сөйлесіп, ақ пен қараны, ақиқат пен жалғанды ажырату жолында болыңыздар… Аллаһ жәрдемшіміз болсын! Қателерімізді кешіріп, түзетсін!
Qojeke
Гүленшілерді түсінбейтінім мынады:
Намаз оқу парыз дейді, бірақ әйелдерге жабық жүруді қабыл етпейді. Неге десең, намаз оқитынын біліп қояды дейді. Сонда қалай болғаны?
Bekjan
Құранда парыз болып бекітілген мәселе бойынша, адамдардың парыздықтан босатуға хақы жоқ деп білем… Ол мейлін қанша жерден ғалым болсада, бірақ бұл жерде мәселені дұрыс түсінбеген біреудің тұжырымын, барлығына жалпылауға да болмайды…
Qojeke
Біреу емес бірнеше мың адаммен аралас-құралас болғандықтан білгенім осы. Алып-қосарым жоқ.
blackbeard
АДМИН МЫРЗА!!! Дұрыс тақырып бастамапсыз(Кешіріңіз)! Біздің қазақ мұндай тақырып басталса болғаны айтыса жөнеледі! Бірін-бірі жамандап, бірін-бірі қаралағаны қаралаған.
Менің айтпағым кімде-кім бір жамағаттың артынан көзсіз ілесетін болса, адасады. Есі бар адам алды артына қарағаны дұрыс. Мынанікі қате, мынанікі дұрыс деу Ислам ғұламалыры талқылайтын мәселе. «Мұсылман бәрін тыңдайды жақсысын алады.»(Құран аяты немесе хадис!)
Исламда мынадай қағида бар:
Егер бір адам, Аллахтың бірлігін және Мұхаммедтің Аллахтың елшісі екендігін мойындайтын болса, ол мұсылмандардың бауыры. Оның қандай ақидада немесе қандай жолда жүргенінде ешкімнің шаруасы болмауы керек. Сенімі үшін өзі жауап береді. Егер анық қателігін көріп тұрсаңыз онда өзіне айту керек. Сыртынан қаралау мұсылмандық емес. Жалпы мұсылмандар күннен-күнге осы сырқатпен ауыру үстінде. Менің жоғарыдағы аталған барлық жамағатта достарым бар. Мынаған барсаң мынаны жамандайды, мынаған барсаң ананы. Құлақ мезі болды осы тақырыптан. Фатиха сүресін оқығанда «Саған ғана құлшылық етеміз, сенен ғана жәрдем сұраймыз» деп айтамыз! Керісінше, біз Ханафи мазхабындағылар сенен көмек сұраймыз, біз Сәләфилер саған ғана құлшылық етеміз, біз Таблиғтар сені ғана зікір етеміз деп жатқан жоқ. Демек мұсылмандар бөлінбеуі шарт! Айтпағым, Біз мұсылманбыз. Біз бір-бірімізге бауырмыз! Артық ешнәрсе жоқ! Осымен әңгіме бітуі керек.
Bekjan
Дұрыс айтасың, ушығып жатқан тақырып, дебатқа келмейтін де тақырып..Өте ауыр тақырып, бірақ кейде, кейде, қанша жерден мұмылманмыз бірміз деп, бөлінген келмесе де, бөлініп кетіп, мұсылмандыққа бірақ кері әрекеттер істеп жатқаның көріп налисың..«Жылы жылы сөйоесе жылан інінен шығады, қатты қатты сөйлесе мұсылман дінінен шығады» дейді… Кез келген жерде отырып алып тозақ туралы айта беріп, аналаңдағы діннен бейхабар адамдарды діннен суытып жіберіп жатамыз… осыған да көңіл бөлген дұрыс…

Әр мұсылман өз қателерімен, өз өзімен айналыссын, басқаларын қойсын дегенді кім тыңдап жатыр… Бәріміз білгіш, бәріміз тақуамыз сұмдық…
Qojeke
Ооу, сонда 100 мың адам адасып жүрсе, жеке-жеке барып айту керек пе?
sozak
Құранда аят бар, Аллаһ адастырған адамды ешкім тура жолға сала алмайды, ал егер тура жолды болса ешкім адастыра алмайды.(Негізі дәлелмен жазуым керек еді ұмытып отырмын.) Бәрі Аллаһтың қалауымен болатын нәрсе.
nurjanbay
қай аят? құр сөзіңе дәлел келтірмесең сенбеймін *54
sozak
Дұрыс айтасыз дәлел келтірмеген нәрсеге сенбеңіз. Осы мен сияқтылар ғой құртатын еш білімі жоқтар.
blackbeard
Созақ айтқан аят шынында да бар! Оны дәлелде деп салғыласпай-ақ қояйық!
blackbeard
Ал сіз айтпай-ақ қойыңыз! Барлығына айтуыңыз шарт та емес деп ойлаймын! Бірінші өз жанұяңызды, шын достарыңызды дінге шақыырыңыз. Осының өзі бірталай жұмыс. Қалғандарына Аллаһ көмектесер инш!
omarbirat
Өзіңді «Діни білімім жеткілікті, Ислам ғалымымын» деп есептесең, қалауыңа қарай жеке-жеке де, топтап жинап алып та айтуыңа болады :)
nurjanbay
сенің кім екеніңді достарыңа қарап біліп отырмын. әңгіме жоқ *54
asaubota
мдааа… діни тақырыптарға кірмей мен одан да сол сайтпен айналысып жүре берейін. әйтпесе мына қызыл-кеңірдек тартыстан біраз адамдардың сапы белгілі болып қалатын сияқты :)

обшым Дабайға дінді араластырмайық енді, мындай тәжірибеден кейін.
sozak
Дұрыс айтасыз. Дінде саясатқа араласпаған. Біз білмейтін нәрсені жазып қайтеміз. Біле білсек осы Дабайдағы көптеген суреттер(табиғаттан басқа) шариғатта тиым салынған суреттер. Бұрынырақта айтқым келген, оңтайы болмады. Ал оның күнә екенін енді естідіңіздер. Ал естігенен кейін, біле тұра істеген өте ауыр күнә болады. Ақыретімізден қорқайық, кішкене ғана ғой деп жүре берсек ертеңгі күні ол да ісініп кетеді.
nurjanbay
zhastar.biz сайтындағы бір тақырыпқа кірпінің баласының суретін салып едім. созақ пірадар, айтыңызшы, күнә іс жасадым ба? *54
sammita
қой деген соң қою керек қой, елу төрт.
sozak
Мешітте имамдар бар сол кісілерден сұрсаңыз жауап бередіғой Нұржеке. Мен еш дәлелсіз жалпылама айттым.
bekmur
Sozak, osy kiyaldan shygarma jazuga bolama? Ertegi, fantastikalyk okigalar degen siyakty?
sozak
Мешітте имамдар бар сол кісілерден сұрсаңыз жауап бередіғой Бекмур мырза.
bekmur
Magan sizdin oz oiynyz kyzyk bolyp tur!Ar imamnyn oz oiy bar degen sekildi…
sozak
Егер біреуді күлдіру мақсатында ойдан шығарсаңыз онда жаман нәрсе шариғатта жоқ ондай. Ал пайдасыз әңгімені, яғни қияли сіз айтпақшы фантастикалық ойлар, оныда Нәби(с.ғ.с.) қайтарған. Ойлап қараңызшы ойдан шығарамын деп жалған сөйлеп қойуымызда мүмкүн. Ең дұрысы
Нәби(с.ғ.с.) не айтты, не істеді соны істесекте жеткілікті. Менің естен кетпес 1 оқығаным бар. Бірде Нәби(с.ғ.с.)-ға 1 әйел келіп менің күйеуімді білесізбе дейді, сонда Нәби(с.ғ.с.)
әлгі көзінде ағы барма дейді. Әйел Нәби(с.ғ.с.)-ға ренжіп кетіп қалады. Уйіне келіп болған жағдайды куйеуіне айтады, сонда куйеуі көзінде ағы жоқ қандай адамды көріп едің деп… Әйел логикасы деп аяқтасам қалай болар екен.
bekmur
meni tusinbepsin ,Sozak myrza! KALJYN ANGIMELERDI AITYP OTYRGANYM JOK.
Ar halyktyn oz kiyal gajaiyp ertegileri bar goi, sony aitam.Jane kazirde fantastika janyrynda shygarma jazatyndar az emes.
sozak
Білмедім. Білетіндерден сұраңыз ИншАлла.
blackbeard
Сөйтіңізші!!! Әйтпесе жаға жыртысатын түрі бар ғой) Виртуалды түрде төбелесіп, бір-бірін взломать етіп жатпаса болғаны:)
timurrr
Менің тізімімнен тағы қалып қойғандары:

4) Сүннетті де, мазхабты да, имамдарды да мойындамайтын Құраниттер. Шииттердің тірлігіне ұқсайды әрекеттері. Инетте осы топқа қатысты Президент маңайындағы адамдар айтылады. Муфтиятты да, басқасын да мойындамайды. намазды оқысы келсе оқиды, оқысы келмесе оқымайды. Тіпті күніне 5 уақыт парыз екенін де теріске шығарады. Ат төбеліндей босла да, орыс тілді прессада «VIP-секта» деген атпен танымал. Бір қызығы қазақ баспасөзінде бұлар туралы ақпарат жоққа тән. Қатарлары көп емес, бірақ бар. Блогымда сондай көзқарастағы бір кісімен сұхбатым жарияланған.

5) Тәкфіршілер. Өздерінен басқаның барлығын мұсылмандықтан шығаруға бейім. «Если кто-то не признает кафира кафиром тогда он сам становиться кафиром» деген есіңнен тандыратын пәтуалары бар. Кәлима-шаһадатты айтып тұрсаң да намаз оқымайынша сенің иман келтіргеніңді қабыл етпейді.

Бекең, Қарасақал да бауырымның айтып отырғаны дұрыс-ау. «Біріңді, қазақ, бірің дос көрмесең істің бәрі бос» деп Абай айтқан сөздегі "Қазақ«тың орнына „мұсылманды“ қою керек. Ал жалпы Аршаттың мына постына келетін бослақ, қара басым мұны „Исламды, мұсылмандарды бөліп, арасына іріткі салу“ деп емес, дәл қазіргі Қазақ қоғамындағы орын алып отырған ситуацияны суреттеу деп білем. Өйткені, өзіміз мұсылман болған соң, бір мұсылман топтың екінші бір мұсылман топты қаралауы мақұлданбайтынынан хабардармыз. Алайда, ақты ақ, қараны қара деп білу де керек қой? Мәселені шешу үшін оның анық-қанығына жету керек емес пе? Бізде бәрі керемет, ойдан проблема шығармаңдар деп „Хабар“ мен „Қазақстанды“ қарап, „НұрОтанды“ тыңдай берген қалай болады немесе „31“ мен „7 күнді“ де тыңдап қойса қалай болады? Айналада болып жатқан нәрсеге көз жұма беруге болмайтын шығар? Ел білсін. Арандамасын, жік-жікке бөлінбесін, бірақ анық-қанығын ажыратсын! Менің мақсатым, қоғамдағы бар үрдісті айшықтау ғана. Қалғанын әркімнің патша көңілі біледі.
Qojeke
Мінекей, осы еді жеткізе алмай отырғаным. Ауруын жасырған өледі. Біреудің артын жапқанымен өзі ертең басқаша ашып алады. Қолға кірген тікенекті алып тастамаса іріңдеп кетеді. Біздің рухани әлемге кірген адасушылардың анықтамасын бермесе, халық кімге сенерін білмейді. Мәселе қаралауда емес, анықтауда. Аурумен күреспес бұрын оның себебін анықтау керек, не ауру екенін білу керек.
urimtal
Аурудың алдын алу үшін діни сауаттылыққа күш жұмсау керек. Ал біздегі ресурстың бәрі діни сауатсыздықпен күреске жұмсалуда. Бір есептен дінге бет бұрғандарды бөліп қарастыру да ыңғайлы. Алдағы болатын сайлауда, менің ойымша, дін факторы өте елеулі рөл ойнайды. Сондықтан діни нанымды саяси құралға айналдырғысы келетіндер де табылады деп ойлаймын.

Пікірлеріңізге қосыламын. Өзекті тақырыпты талқылаудан үрікпей сауатты пікір алмаса білсек, соның өзі — жетістік. Бір-бірімізді жақсы тани түсеміз. Пікірлеріңізді жазып жатқандарыңызға рахмет. Үлкен қызығушылықпен оқып отырмын.
Qojeke
Саяси құралға айналып кеткелі қашан. Референдумда елбасыны қолдауға шақырамыз деген басы шіріген балық сияқты ҚМДБ сөзінен кейін не айтарларыңыз бар!
omarbirat
Исламда билікке қарсы келу жоқ, білуімше.
Qojeke
Бәсе, сондықтан болар мұсылмандардың мемлекеттерін тирандар мен диктаторлар, хандар мен сұлтандардың басқаратындығы.
omarbirat
Қазақстан — Ислам мемлекеті емес. Оның үстіне, биліктің жұмысында имамдардың шаруасы жоқ. Қолдаса — өз азаматтық ұстанымы солай, демек. Әлде ҚМДБ халықты көтеріліске шақырып, жиһад жариялауы керек пе еді? :)
Qojeke
Жоға. Дінді саясатқа жығып бермей, тыныш отыруы керек.
Мұнда олардың айтқандарын ешқалайда азаматтық пікірге жатқызу алмаймыз. Себебі "… бүкіл қазақстандық мұсылман қауымын ..." деген сөздер азаматтық ұстаным да емес басқа да емес, үндеу-үгіттеу. Ондай сөзді дінбасы емес басқа біреу айтса, жарасар еді.
sammita
дегенмен дін мемлекеттен бөлек қой. Ал жұма намазына жиналған жамағатқа референдум, Елбасы саясатын қолдау туралы уағыз айтуға құқығы жоқ имамдардың. Адамдар мешітке ол мақсатпен бармайды, онсыз да саясатқа, билікке қатысты даудан, әңгімеден аяқ алып жүргісіз.
Ahi
www.al-hanifiya.kz сайт нағыз Ислами сайт секілді. Бәрі дәйекпен, артық әңгіме жоқ!
sammita
Қош келдің, Нәби!
Ahi
Мен Нәби емеспін! Аллаһ береке берсін!
sammita
оның да осындай әдеті бар-тұғын. Басқа дым пікір жазбайды тек сайтының сілтемесін тастап жүретін. Кешір онда.
sozak
Ия менде бір шолып өттім +1. Дәлелдермен айтады екен.
Ahi
«Соқыр ілесудің сорақылығы» деген мақаланы жестко жазған екен

al-hanifiya.kz/forum/viewtopic.php?f=3&t=328&sid=cba342981f3c9f918df6cad02c63f0eb
KILYZAMAN
МҰНЫ БІЛГЕНІҢІЗ ЖӨН!
Ж А Д Н А М А
1. Көшеде діни ұйымның жиналысына шақырған уағызшылармен әңгімелеспеңіз.
2. Кез келген діни бірлестіктің сеніміндегі адаммен және уағызшыларымен өз діни көзқарасыңыз жайлы таласқа түспеңіз.
3. Егер де Сіз діни ұйымның құрылымы туралы білгіңіз келіп, сұрақ қойсаңыз, мұны ешбір агрессиясыз және жасырын кекесінсіз істеңіз.
4. Егер Сізге діни тақырыптағы парақша, кітапша немесе журнал ұсынса, рахмет айтып, сыпайы түрде бас тартыңыз.
5. Діни жиналысқа барардан бұрын алдымен өз жолдастарыңызбен, туысқандарыңызбен, не болмаса жақын адамдарыңызбен кеңесіңіз.
6. Егер де Сіз діни ұйымның жиналысына қатыссаңыз, миссионер-уағызшылардың негізгі мақсаты Сізді өз нанымына иландыру екенін ескеріңіз. Сіздің мақсатыңыз – іріткі діни ұйымның құрығына түспеу.
7. Діни жиналысқа жалғыз бармаңыз, өзіңізбен туысқаныңызды немесе жолдасыңызды ала жүріңіз.
8. Ешбір жағдайда бір-біріңізден ажырамаңыздар, бұл туралы алдын ала уағызшыға ескертіңіздер. Егер жетекшілер өз дегенінен қайтпаса, кеткендеріңіз жөн.
9. Жан саулығы мен тән саулығын сақтау үшін дәстүрлі емес діни бірлестіктердің қатарына қосылардан бұрын өз туысқандарыңыз бен жақындарыңызға зардап тигізетіңізді ойланыңыз.
10. Миссиялардың, дәстүрлі емес шіркеулердің, діни ұйымдардың қатарына қосылып, жетістік пен тыныштық табамын және өмірлік мақсатыма жетемін деп ойламаңыз.
11. Сену немесе сенбеу таңдауы тек қана Сіздің еркіңізде, сондықтан шешім қабылдардан бұрын алдымен оның қажеттілігі жайлы ойланыңыз. Ойланып, дұрыс қабылданған шешім Сіздің жан саулығыңызды ғана емес, өміріңізді де сақтауы мүмкін.
Түп нұсқасы
asaubota
мұны жеке пост қылып ілсеңіз көп адам көрер еді. рахмет, пайдалы ақпарат, керек инфо екен.
konvict
Сурет керемет екен. Ық-ық-ық
Gastarbaiter
Марқұм әкеме атам жастайынан: Ұрлық жасама, кісіге нақақтан қиянат жасама, өтірік айтпа қалғанын өзің қарайсың!- деген екен. Маған сол қысқа әрі нұсқа мораль ұнайды.