ФАНАТИЗМДЕ ШЕКАРА ЖОҚ

1-сәуір, 2010 жыл

Бiзде, Қазақстанда фанатизм терминi тек өнер, онда да эстрада алаңынан ғана жиi естiлетiн. Анау әншiге фанаты пәленбай гүл сыйлапты, мынау әншiге фанаты арғымак тұлпар мiнгiзiптi, т.т… тiзiлiп кете бередi. Футболдын айналасынан тек өткен жылы Англия мен Қазақстан құрамасынын өз алаңымыздағы кездесуiнде футболшыларымызға “қарсылас команданын қақпасы қай жерде екенін нұсқағысы келген” Медицина университетiнiн студентi Едiге Райды ғана мысалға келтiруге болады. Ал Түркияда керiсiнше, фанатизм десе алдымен футбол еске туседi. Бұл жазбаны жазуға да фанатизмге қатысты бір окиға себеп болды.
Ереже бойынша әр айдың онына дейiн шәкiртақыға қол қою мiндеттелетiн. Қоймасан, бiр ай шәкiртақыдан қағыласың. Бiтер мерзiмiн тақап барып баратын ескi әдетiммен соңғы күнi қол қоюға барғам, қырсық қылғанда тура түскi үзiлiс басталғалы жатыр екен. Хатшы болса қолыңды қойып, қағазыңды түстен кейiн алып кел деп қабылдамай қойды. Қолымды қоя сап, әке-көкелеп, сағат бiрде сабағым басталатынын айтып құжатты қайтадан алдына тастадым. Ол дағы принципке басып,өзiме қайтарып берiп жатып кенеттен әлдебiр жазуға шұқшиды да, жүзi жылып қоя бердi, сонан соң «Галатасарайлы мысың?(Галатасарайдың жанкүйерiсiң бе?)” деп сұрады. Ойланып тұратын уақыт па, не дегенiн ұгып үлгермей-ақ, басымды изей салдым. Хатшы қыз дереу құжаттарымды қабылдап алды. Былай шыға берiп мұның қалай сәтi түсе қалды деп ойланбаймын ба, бiрақ жауабы кешiкпей табылды. Бар “пәле” қолымнан шығыпты, атым мен сойымды қысқартып латын әрiптерiмен GS дей салатыным бар-ды. Қолды дәл осылай қою Галатасарай жанкүйерлерiнiң өз командаларына берiлгендiгiн көрсететiн көп мысалдын бiрi тұғын. Әлгi хатшы менi сол Галатасарайдын көп фанатынын бiрi деп қабылдаған және өзi де сол команданын жанкүйерi болса керек. Осылайша, “Галатасарайдын арқасында” жолым болып кеткенi бар.
Футбол десе iшкен асын жерге қоятын қызуқанды түрiк халқында команда жанкүйерлерiнiң әрекетi тек Чемпион Fener, Galatasaray деп қол қоюмен шектелмейдi. Соңғы кездерi әр команда жанкүйерлерi бiр-бiрiмен бәсекеге түскендей адам сенбес тәciлдерiмен жұрттың назарын аударуға тырысып жатыр. Бұқаралық ақпарат құралдары да бұлардың әрекетiне май құя түсуде. Фенербахче футбол клубының измирлiк бiр жанкүйерi өзiнiң үйiнiң сыртын футбол клубының түсiне, яғни сары жане қою көк реңкке бояса, бүкiл дүниенi өз командасының түсiнде көргiсi келген 34 жасар Джихат Йерликая атты бір фанат сиырын да дәл осы түске бояпты. Өзiнiң де көзі көк, шашы сары екенін мақтан ететін Джихат букіл жанұясымен Фенербахчеден басқа футбол командасын мойындамайтынын айтады. Оның ұлы Халил Ибрахим Йерликая бояуы болса, бүкіл хайуандарды сары-көк түске бояуды армандайтын көрiнедi. Оны айтасыз, Мехмет Баджаксыз атты жанкүйер тiптi отбасы мүшелеpiнiн мазарын осы түске бояған. Марқұм болып кеткен отбасы мүшелерi де кезiнде осы команданың жанкүйерi болғандыктан ол өз әрекетiн өте дұрыс және тапқыр шешiм деп бағалайды екен. Бұл команда фанаттарының назарынан мешiт мұнарасы да сырт қалмапты. Зоңғылдақ атты бiр мекеннiң Джумхуриет махаллесi атты мешiтiнiң мұнарасы аталмыш команданың реңкiне боялыпты. “Фанатик мұнаралы” мешiттiң басқа командаға жанкүйер жамағаты болса бiр даурығып басылыпты.
Сингапурдан арнайы тапсырыспен әкелiнген, үстiнде кетпейтiн бояумен Фенербахче, Галатасарай командаларының аты жазылған фанатик балықтар Түркиянын төрт бұрышының назарын өзiне аударып, Стамбул, Бурса, Чорим қалаларында сатылымға түсiптi. Балықтардың Бешiкташ немесе Трабзонспорлық болмағаны аталмыш команда жанкүйерлерiн әжептәуiр қамықтырған көрiнедi.
Кониялық бiр симит(бiздегi ойық тоқашқа ұқсайтын, көлемі сәл үлкенiрек ұн тағамы) пiсiрушi Фенербахченің чемпион болғанын сары-қою көк түстi симиттер пiсiру арқылы құттықтапты. Фанатик симиттердiң арқасында саудасы жүрген соң симитшi басқа да командалардың түсiнде симит пiсiре бастаған. Жанкүйерлер тарапынан ең көп сұраныс тудырған өтiмдi симиттер Фенербахче жане Коняспор командаларына тиесiлiлерi көрiнедi.
Әлеуметтанушылар, психологтар болса “бояушы бояушы дегенге сақалын бояйдының’’ кебiн киген мұндай асқын фанатизм әрекеттерiнiң соңы жақсылыққа апармайтындығын айтады.
Бөлісу:

Пікір жоқ әзірше