Мейрам...
Біз үшін басты мейрамдар қай күндер? Иә мейрамдар көп, ресми мейрамдар, діни мейрамдар, кәсіби мейрамдар… Менің ойымша қазіргі заман адамдарының басты мейрамдары — Жаңа Жыл және туған күн. Осы екі күнді ерекше күтеді. Тіпті тойламаймын дейтін адамдардың өзіне іштей қызық бұл күндер. Ал басқа мейрам күндері ше? Ол мейрамдар жәй ғана демалатын, жұмыс, оқудан босайтын, сыйақы алатын күндер. Жаңа Жыл мейрамына бәрібір ешқандай мейрам жетпейді. Менің бұл мақаланы жазуыма жыл сайынғы «Жаңа жыл қазақтардың мейрамы емес» науқаны.
Бұлай дейтіндер кімдер? Діншілдер және ұлтшылдар. Діншілдердің ойынша ол Христиандар мейрамы, ұлтшылдардың ойынша олар да солай ойлайды және Тәуелсіздік, Желтоқсан күндері бұлай тойланбайды деп атой салады. Әрине әркімнің көзқарасы бойынша өздерінше дұрыс бұл. Бірақ біз өмір сүріп жатқан қоғаммен санасуымыз керек, яғни біз әлемдегі стандарт күнтізбе Грегориан күнтізбесі бойынша өмір сүріп жатырмыз ба, демек сол күнтізбе бойынша бізге желтоқсанның аяғы, қаңтардың басында жаңа жыл келеді. Жыл аяқталып есептер жүргізіледі, қорытындылар шығарылады, алдағы жылға жоспарлар жасалынады. Яғни бұл сенің діни көзқарасыңа қарамайды. Жыл соңында сыйақылар, үстемақылар, сыйлықтар беріледі. Жаңа жылды адамдар отбасы, достарымен бірге символикалық түрде түнгі он екіде қарсы алады. Яғни бұл мейрам! Отбасылық мейрам! Мен атеист те, ұлт жауы да емеспін. Бірақ Жаңа Жылды отбасыммен қарсы аламын, мейрам екенін мойындаймын. Грегориан күнтізбесінен тыс хиджри күнтізбе, майя күнтізбесі, будда күнтізбесі немесе бізге белгісіз тағы басқа күнтізбелермен өмір сүріп жүрген адамдардың таңдауларына да құрметпен қараймын. Тек олар да басқалардың таңдауына құрметпен қараса екен.
Келе жатқан Жаңа Жылдарыңызбен достар! 2010 жыл бәріңіз үшін сәтті өткен жыл болған шығар деп ойлаймын, алда келе жатқан 2011 жыл одан да жақсы жыл болсын, бар арман-тілектеріңіз орындалсын, бәрі жақсы болсын!
5 пікір