Ех, ертеңгі күн, сен не әкелесің?

Болашақ күтпейді, жаңа күн түнге кезегін береді. Осылайша болашақтың бір күні өтіп, «Ех, ертеңгі күн, сен не әкелесің?» — деп батқан күнге қарап, болашақты болжауға үміт береді.
Ішім қуатқа толы. Тың істерді атқаруға дайынмын. Мектеппен қоштасқалы жаз, күз, қыс, көктем, жаз болыпты. Тура бір жыл. Жиырма күнде оқуымды жалғастыруға қайта ораламын.
Күз де келді. Жаздың ыстық күнінде анық көрінген тау бөктері енді көкшіл реңге боялған.
Блог - bake: Ех, ертеңгі күн, сен не әкелесің?
Әрі қарай

Жердегі періштеміз - АНАмыз!

Ана
Сен бақыттысың,
Жыламағың!
Жай түсіп жатқанда да құламадың
Тәңіріңнен мен едім ғой сұрағаның
Сондықтан жыламағың, жыламағың! (М.Мақатаев)
-деп, бірінші блогымның тұсауын ешқандай асыл тасқа жетпейтін АНА деген жанға арнадым. АНА деген қасиетті, күміспен қапталған, алтынмен аптаған сөз. Бірақ біз сол «ана» дегеннің орнына «мама» деп қолданып кеткеніміз өкінішті-ақ. Алайда, қай тілде айтылмасын — ол асыл сөз мағынасын өзгертпейді. Біз неге махаббат дегенде бір жақты ойлап қаламыз, Анамызға деген махаббатты ұмытпадықпа?! Қайтседе, тек Ана ғана бізді 9 ай құрсағында, 3 жыл алақанында және өмір бойы жүрегінде әлпештеп өтеді. Ия, әрине бірінші — Алланы, екінші Пайғамбарымызды(С.А.С), содан сон Анамызды, Әкемізді сүйуіміз керек.
Бірде пайғамбарымызға Мұхаммед (с.ғ.с)ге біреу кеп:
-Ең алдымен жақсылықты кімге істейсің десе,
-АНАМА!,-депті.
-Жарайды, ал сосын кімге десе,
-АНАМА!,-депті.
-Иә түсіндім ғой, ал сонан соң ше? десе
-Тағыда АНАМА депті!
Жұмақтың кілті ананың табанының астында демекші оған аса қамқор көрсетіп, бөлек, ерекше көңіл бөлейік! «Анаңды Меккеге үш арқалап барсаң да, қарызын өтей алмайсың» деген дана қазақ халқы.
Ана туралы Бір кішкене видеоролик немесе сурет көріп қалсам көзіме жас ұйыла кетеді, бұл Мейірімі Шексіз, Рахымды Аллаһ Тағаланың жүрегіме берген мейірімі ма?! Сол сәтте өз анам есіме түсіп, жүгіріп құшақтап алып Рахметімді айтып, қалай бақытты қыла аламын деп сұрағымда келіп тұрады.
Ананың махаббатына, құдіретіне тамсанған талай ақын әнін арнап, жырын жазып, талай жазушы қалам тербеген. Мен анамды өзімнің өмірлік идеалым деп санаймын. Әлпештеп, аялап, төрт ұйқысын төрт бөліп өсірген Анама бас иемін!
1997 жылғы сурет. анам - Мира және Мен.
Соңына айтарым анаға махаббат жүрегінің түбінде, оны сөзбен жеткізу мүмкін емес. Бірақ, жәй ғана сөз айтпай амалын жасайық!
P.S. Әкемді де ұмытқан жоқпын, оны да ерекше жақсы көремін!

Бір де бір мақсатымызға жеткеніміз аналарымыздың арқасы Аллаһ қалауымен.
 Жердегі періштем — АНАм!
Әрі қарай

Шираз шарабы

Бейсембай Кенжебаев Оңтүстік Қазақстан, Ордабасы ауылының тумасы. Ғалым қазақ әдебиеті тарихын зерттеуде елеулі еңбек сіңірген. М. Мағауин, Ә.Кекілбаевтардың ұстазы болғандығын бұрын білетінмін. Менің қолыма алғаш тиіп отырған «Асау жүрек» атты кітабында Сұлтанмахмұт Торайғыровтың өмірінен жазылған деректі әңгімелері, ой толғамдарымен бірге шетел жазушыларынан аудармалары топтастырылған еңбегі арқылы жазушыны аз да болсын танып қалғандаймын. Бұл қазақшаға аударылған әңгімесі Бехазин атты жазушыға тиесілі екен.
Анам маған Шираздан — Хафиз қаласынан, тәтті қиял қаласынан екі шөлмек шарап жіберіпті…
Мен оған еш уақытта шарап жібер деп айтқан емес едім. Тіпті, ондай ниет те білдірген жоқ едім.
Қашан көрсең жайнамаз үстінде көзіне жас алып отыратын анамның мұндай «Нуна» істеуі ананың баласына деген қамын, махаббат күшінің құдыреттілігін байқатады.
Әрі қарай

8 Наурыз Халықаралық әйелдер күні құтты болсын!!!

Құрметті ақ жаулықты әжелер, ардақты аналар, қаракөз қарындастар! Сіздерді жыл мезгілінің ең көрікті де қуанышты мезгілі көктемнің алғашқы мерекесі – 8 Наурыз Халықаралық әйелдер күнімен шын жүректен құттықтаймын!
Осынау жарқын мерекенің біздің барлық үміттеріміз бен армандарымызды тығыз байланыстыратын көктемнің алғашқы айының басында келуі, жақсылықтың нышаны болса керек. Қашаннан бергі дәстүріміз бойынша біз бұл күні Сіздерге – аналарымыз бен апа-қарындастарымызға, қыздарымызға ең ыстық құттықтауларымыз бен ең ізгі тілектерімізді жолдаймыз.
Әлемде нәрестеге өмір сыйлап, оны алғашқы қадам басуға үйрететін қасиеттеріңізге тең келер адам жоқ. Сіздердің төзімділіктеріңіз бен махаббаттарыңызға алғысым шексіз!
Біздің қазіргі қоғамымызда әйел тек отбасының береке-бірлігін ойлайтын тұлға ғана емес, ол мемлекеттің өмірге және саяси мәселелерге белсене араласатын қоғам мүшесі. Сондықтан біздің елімізде әйел адамның әлеуметтік қорғалуына, олардың өмір сүру деңгейін арттыруға айрықша маңыз беріледі.
Алаштың ұлтжанды азаматтары, ұлттың да, ұрпақтың да бесігін түзейтін, тілімізді де, діңімізді де, ділімізді де ана сүтімен санаға сіңіретін, қазақты тәрбиелейтін қыздарымыз. «Бәрі де адамның өз қолында, ал адам әйелдің алақанында» деген сөз әлемді билейтін де, тербейтін де әйел екенін білдіреді.
Тәуелсіз еліміздің бүгінгі күнге нығайып, әлем таныған абыроймен жетулеріне асыл аналарымыз, ардақты жеңешелеріміз бен апа-әпке, сіңлілеріміздің өлшеусіз үлес қосқандығы ақиқат. Отбасының күнбе-күнгі шаруасын, бала тәрбиесін және қоғамдық жұмыстарды қоса атқара жүріп әйел заты біздің қоғамдағы тұрақтылық пен ел бірлігін сақтау мәселесінде шешуші рөл атқарып келеді.
Ерекше төзімді кәдімгі қазақтың Ұлт аналарына деген құрметімді білдіріп, қолымды жүрегімнің тұсына қойып, иіліп тәжім етемін.
Сіздерге сәттілік пен шаттық көңіл серік болсын. Ер азаматтардың сыйластығы мен құрметіне бөлене беріңіздер.
Көктемгі мерекелеріңізбен құттықтай отырып, әрдайым әдемі, жылы жүректі аналық абыройлы атақтарыңыз биіктей берсін. Зор денсаулық, мәңгі жастық пен сұлулық тілеймін!
Отбасыларыңыз бен өздеріңізге амандық, дендеріңізге саулық, ұзақ әрі шаттыққа толы ғұмыр, шаңырақтарыңызға құт-береке тілеймін. Өңір халқының әл-ауқатын жақсарту жолында атқарып жатқан еңбектеріңізде табыстарға жетіп, үлкен биiктерден көрiнулерiңiзге шын жүректен тілектеспін.
«Күннің шуағы – жылы,
Ананың құшағы – жылы», – дегендей, дүниеде ананың балаға және барша азамзатқа деген мейірімі мен махаббатынан асқан құдірет жоқ. Ананың аялы алақаны мен жылы құшағын сезініп өскен сәбидің арманы не?! Сіздерге биылғы жылы да қуанышы мен қызығын ала келген төл мерекелеріңізді шадыман көңіл күймен қарсы алып, құшақтарыңыз гүлге толсын деген ақжарылған тілегімді білдіремін.
Әрі қарай

Түн

ТОСЫП ЖҮРМІНТүн. Айлы түн… Қара түн…
Түн дегенде, алдымен, көз алдымызға айлы түндегі қол ұстасқан қос ғашық елес береді. «Желсіз түнде жарық ай» соның куәсіндей. Бұл – баршаның ойы. Ал, мен үшін, түн – қорқынышқа толы түнек басқан қара түн. Сол бір түнді есіме алсам, өзгеше күйге бөленіп, ұзақ сонар ойға батамын. Алайда, ойлаған ойымның шешімін таба алар емеспін. Осынша терең ой соңына салған сол бір түн жайынан сыр шертейін.
Балалық шағым. Бірде ата-анамды жолдастары қонаққа шақырады. Мені амалсыздан ерте кетеді. Қал десе де, қалмаймын. Өздері де менің жыламсыраған жүзіме қарап, тастап кетуге қимайды. Ата-анамның тұла бойы тұңғышымын. Алғаш көрген қызықтары…
Түнделетіп қонақтан кеш қайттық. Аяндап келеміз. Жол ұзақ емес. Анам мен әкем қонақта болған жайларды сөзге тиек етіп келеді. Мен қолдарынан қатты қысып, қорқып келемін. Қорыққанымды білдірмеуге тырысамын. Ұйқы қысып, жүргім келмей келеді. Аяқ істен шықты. Анам сәл аялдап, демалып алайық деді. Сол бетпен жол бойы мен оқитын мектептің алдындағы аялдамаға қарай тақала бердік. Аялдама ішіндегі орындыққа отырып, енді ғана «уф» деп демала берген едік, кенет анам айқай салды. Әкем «не боп қалды?» деп ишарат еткендей еді, сәлден соң оның да жүзі бұзыла бастады. Анам мені құшағына алып, жүзімді омырауына басты. Ештеңе түсінбедім. Анамды қатты қысып, мойынына асыла түстім. Баяғы бәсең жүрісті қойып, жорғалата бастадық. Әкем анам екеумізді құшақтап келеді. Анам мен әкем біреуден қашқандай болды. Байқаусыз артыма қарап қалдым. Көзіме қара түнде бір нәрсе шалынғандай болды. Жүрегім дүңкілдеп қоя берді. Көзімді тарс жұмдым. Аялдама ішінде жас бала жатыр. Басына тақия, үстіне қамзол киген. Кішкентайлығына қарап, бала деп ойласам, бала болмай шықты. Қарт кісі деуге де келмейді. Жын ба, пері ме? Білмеймін. Әйтеуір, адам тектес бірдеңе. Жүзінен мүсәпірлік білінеді. Жалынып, көмек сұрағандай. Бар аңдағаным – осы. Ал, ол болса бізге назар аудармады. Жатқан қалпы қозғалмады.
Қорқып келемін. Қорыққанымды айта алар емеспін, тілім күрмеліп, дауысым шықпайды. Үйге жеткенше көзімді ашпадым. Қайта көруден сескендім. Бөлмеге кіріп, төсегіме жаттым. Анам жарықты сөндіріп, есікті тарс жауып кетті. Төрт қабырға, төрт бұрыш. Жалғызбын. Қорқып жатырмын. Көзімді қайтадан тарс жұмдым. Түпсіз қараңғы. Ұзақ жаттым. Тұла бойым қалшылдап, өзімді-өзім ұстай алар емеспін. Дөңбекшіп жатырмын. Түн өтер емес. Көз ілінер емес. Таң атар емес. Не деген ұзақ күн?! Өмірімнен де ұзақ, неткен түн! Қара түн… Тылсым сыр…
Бетіме жылы леп сезілді. Көзімді ашсам, таң атыпты. Үй іші абыр-сабыр. Даңғыр-күңгір. Жамыраса сөйлеген дауыстар. Арасында анамның «Тұрсаңшы, ботақаным! Сабағыңнан қаласың?» деген сөздері еміс-еміс естіледі. Басым мең-зең. Сабаққа барғым келмей жатыр. Түндегі елесті есіме алсам, бойым түршігеді. Қорқамын. Ақыры сылтауратып бармадым. Сол түнннен бастап, аялдаманың қасынан айналып өтетін болдым.
Арада біраз жылдар өтті. Ер жетіп, азамат болдым. Аялдама баяғы бәз қалпы. Талай рет күндіз барып, қарап, бақылап жүрдім. Елесті қайта көре алмадым. Түнде баруға батылым бармайды. Уақыт өткен сайын оны көруге деген ынтығым арта түсті. Оны қайта көрсем қорықпастан қасына барып, сөйлесіп, мән-жайын білер едім.
Бір күні бар күш-жігерімді жиып, баруға бел байладым. Кеш батып, түн болды. Қорықпастан бардым. Тас қараңғы түн. Аялдама ішінде жалғыз отырмын. Елесті күтіп отырмын. Келмеді. Көрінбеді. Өзімді-өзім ұмытып, терең ойға баттым. «Ол өзі кім? Одан сонша неге қорқамын? Оның адамдарға қорқыныш сыйлайтын қандай қасиеті бар? Мейлі ол жын, мейлі елес болсын делік, онда олар неге күндіз көрінбейді? Бәлкім, күндіз болғанда қасына қорықпай барар ма едім? Түннің тылсым сыры неде? Түн неге адамдарға қорқыныш сыйлайды?» Осы сындас сан алуан сұрақтарға жауап таба алмай ұзақ отырдым.
Әлі күнге таба алмай жүрмін. Сол қара түндегі елесті тосып жүрмін...
Әрі қарай

Өмірдегі ең үлкен ұстазым...



..25-жыл мұғалім болды. Мамамды айтам… Шәкірттердің бірнеше ұрпағын тәрбиеледі, әлі де тәрбиелеу үстінде.
90-шы жылдардағы 2,5 мыңдық айлықтың өзін бірнеше айлап алмай жүрді. Бірақ оқытты. Жарық жоқ болды. Шырақ жағып қоятын мектепте… Жылу жоқ болатын. Қолғаппен ұстайтын борды…
Ең бастысы — інім екеумізді тәрбиеледі. Бізбен мақтанатын… бірақ, өзінің осындай қылып тәрбиелегенін ойына да алмайтын…
Бір жерлерге барасың… Барған адамың бетіңе қарап тұрып: -Сен Раушан апайдың баласы емессің ба?,-дейді… Тірлігің тез бітеді Мақтаныш кернейді бойыңды…
Ұрсады… бірақ еркелеткендей естіледі…
Кей кезде тыңдамай кетеміз… еркелік қой…
Жасы біразға барды… бірақ оқушыларынан, бізден қуат алатындай…
Өмірдегі ең үлкен ұстазымызды құттықтауды ұмытпайық!
Әрі қарай

Бар байлығы әлемнің...

Кенжетайым таңертең апасының қойнында оянса, мені іздеп, менің қойнымнан тұрса, апасын іздеп кететін әдеті бар. Бағана таңертең апасын іздеп кетті, ол арада атасы да келді. Екеуінің ортасында ойнап, кезек-кезек құшақтап, бала да мәз, олар да мәз. Сол арада, апасының есіне әлдене түсіп кетпесі бар ма…
Осыдан тура екі жыл бұрын, маусымның ортасы болатын.
Әрі қарай

"Ақ халатты абзал жандар"...

Виталий Опанасенконың коллажы
Жоқ, дәрігерлерге өкпем жоқ. Араларында түрлі «экземплярлар» болғанына қарамастан, адамдар да бар іштерінде.
Бірақ, бүгінгі естігенім…
Г. 23 наурыз күні кесарь тілігі арқылы босануы тиіс еді. Бірақ, толғағы ерте басталып, 19 наурызда босанады. Жүктілік жақсы өткен, бала аман туылды. Бірақ, ертесіне бала шетінеп кетеді. Өз айтуынша, дәрігерлер қолынан түсіріп алған.
Сәбиінен айрылған ананың аузын жаппақ болып, перзентхана басшылығы 40000 теңге береді. Әділдік іздеп сотқа шағымданған әйелге прокурор: «Бәрібір түк өнбейді, арызыңды қайтып ал, олар жоғары жақта бәрін тындырып қойған» деп ашығын айтады. «Берген ақшасын алып, тыныш отырсаңшы» дегенді де қосып қояды. Ол арада минздрав араласып, перзентханаға "істі дереу жабыңдар, жабулы қазан жабулы күйінде қалсын" деген бұйрық түседі де, дәрігерлер ауызбастырықты елу мың теңгеге дейін көтереді.
Осы оқиғаны барлық телеарналар көрсетті дейді. Бірақ, бүгін ешбірінің архивінен сол сюжетті таба алмадық.
«Орталық Азияның» журналистері қызығушылық танытып, айналдырып көрсек қайтеді деп еді, Г. сөйлескісі келмеді. "Қажыдым" дейді…
"Өмірде әділдік жоқ екен" деп мұңайып отыр… Үлкендер де "өлер бала өлді ғой, өз жүйкеңді, денсаулығыңды ойла" деп, тағы басып тастапты…
Ең қиыны, ол енді бала туа алмайды…
Әрі қарай