Домбыра Party -де қай-қомус қонақ болды

Сенесіз бе, күн ұзағына күрең тартып, қабағы ашылмай қойған Астананың аспаны дәл Party басталарда шайдай ашылды. Табиғаттың өзі домбыра үнін еститініне қуанып тұр деп жорыдым. Мұндайда көп тұруға болмайды. Бастап жібердік. Жиналған адам қарасы көп болмады. Келмегендердің өз обалы өзіне, біз бір кереметке куә болдық.
Әрі қарай

Домбыра Party: Мерекелік тарту

Әлқисса: өткен бейсенбіде Домбыра Party болмай қалды. Себебін бәріңіз білесіз. Астананың қыз мінез аспаны сол күні өкпелеп қалды. Бетін бері қарату қолдан келмегесін бір сыласы болар деп тыныш қалдық. Есесін сенбіде, шілденің алтысында, Астананың он бесінші туған күнінде қайтардық! Әлгі, «Абылайдың асында шаппағанда» дегеннің нағыз өзі болды.
Әрі қарай

"Айтуға оңайдан" кейінгі ой: қазақты біріктіріп тұрған нәрсе - Ән!

«Айтуға оңай» бағдарламасының Домбыра Party туралы түсірілімін қарап шықтым. Тақырыпты жақсы аша алған сияқты. Тек ДП-ның мақсаты туралы толық ашылмады ау деймін. Қысқаша өз ойымды айта кетейін.

Былтыр тамыз айында Астанада Сол жағалаудың орталығындағы Керуен Сауда Орталығын таңдадық. Таңдау себебіміз Керуен — адам көп жүретін, жиналатын жер және Сол жағалау әлі орысша мекен. Домбыра арқылы тек домбыра емес қазақылықты, қазақ тілін, қазақты жарнамалағымыз келді. Домбыра арқылы қазақтың тірі екенін, оянатынын көрсеткіміз келді. Негізгі мақсат сол ғана. Ал қазір ДП сол мақсатты орындаудан бөлек жастардың кездесу орнына да айналды. Астана сияқты үлкен қалада адамдар жұмысбасты. Бір біріне уақыт табу қиын. Осы ДП кезінде бірталай адаммен кездесіп, сәлемдесіп қаламыз, жаңа адамдармен танысамыз. Бұдан бөлек жаңа таланттардың ашылуына да жақсы жол. Сол жағалауда жүретін шетелдіктер де қызығып қарайды. Өз жұмыстарындағыдай емес қазақтілді қазақтар бар екенін, олардың да өз өнер-мәдениеттері бар екенін көреді.
Әрі қарай

Party болсаң осындай бол

Шіркін-ай! Кешегі Астанадағы Домбыра Party бітпей-ақ қойса екен деп едім. Көрген де арманда, көрмеген де арманда деген осындайда айтылса керек. Домбыраны қолдан қолға тартып, таласып, ән айту үшін кезекке тұрдық. Несін айтайын, видеолары шыққанда өзіңіз де көрерсіз.
Бәрі әдеттегідей басталды. Алдымен Нұрғиса Асылбеков пен Алмас Алтайдың әндерін тыңдадық. Қонақ кәде сұрағаным сол еді Дастан есімді бауырымыз суырылып шықты. Шиелінің жігіті екен. Сырдың екі термесін орындап бергенде қол соқпаған жан қалмады. Дастан өрт сөндіруші болып жұмыс істейді екен. Әрі батыр, әрі әнші, сөзге де, іске де бар жігіт екен. Патиді Фейсбуктегі парақшамыздан естіп келіпті.
Әрі қарай

Ақтау қаласында 3-ші рет ДОМБЫРА PARTY өтті !

Ақтау қаласында Маусым айының 6-шы жұлдызында 14 шағын-аудандағы теңіз жағалауында 3-ші рет Домбыра Party өтті. Ең алдымен әдеттегідей Уайс Ерсайынұлы ағамыз жиналған қауымға Домбыра Party жайлы қысқаша мағлұмат берді. Кештің басты қонағы болып Астана қаласынан Алмас Алтай мен Нұрғиса Асылбек келіп кешті қыздырып жіберді.Бұл Домбыра Party –де алғаш рет Азамат Орынбасаров пен Жанар Айлашованың арасында айтыс болды. Айтыс халықтын қызғушылығын арттыра түсті. Домбыра Party –ге Төлегенов Хазрет,Қыдырбай Қарабаев, Жексембаев Нұрсұлтан, Ержан мен Ақерке, Азамат Орынбасаровпен Жанар Айлашова атты апамыз және тағыда басқа Ақтау қаласының жастары, егде жастағы апа-ағаларымыз келіп, өз улестерін қосты. Сөйтіп Ақтау қаласында өткен 3-ші Домбыра Party өз мәресіне жетті.

Әрі қарай

Каспий жағасындағы алғашқы party, Домбыра party 23.05.2013ж

«Домбыра Party» деген бір өзі керемет бастама сияқты ғой! Анау Алматының жастары әр бейсенбі сайын кешкі жетіде Арбат деген жерде жиналып, домбыра тартады екен. Біздің Ақтауда теңіз жағасында осылай жасауға мүмкіндік бар ма?!
деп Маңғыстау фейсбукшыларының тобына Уайс Ерсайынұлы ағамыз екі үш күн бұрын тақырып қозғаған еді. Содан осы бейсенбі өткізейік деп келісіп, бәріміз ұйымшылдықпен Ақтау қаласында, Каспий теңізінің жағасында кешкі саған сегізде алғашқы Домбыра party-імізіді өткізіп жібердік.
Мүмкін басқа домбыра патиларға қатыспағандығымнан шығар, бірақ бұл домбыра пати меніңше керемет өткен сияқты. Енді әр бейсенбі, сағат 20:00-де, теңіз жағасында, Астана ойын сауық кешеніне қарсы аялдам жанында жиналатын болып келістік.
Суреттері міні.


Әрі қарай

Домбыра Party Астана 2013. Беташар

Биылғы кештердің шымылдығын түрдік. Өзіміз бас болған істі өңірлер әлдеқашан дөңгелетіп алып кетті. Әсіресе Алматы, Атырау, Жаңаөзеннің арыны қатты. Апта сайын дүрілдетіп жатыр. Бізге Арқаның адуынды мінезіне шыдауға тура келді. Мамырдың ортасынан асқанда Астана да жылыды-ау әйтеуір. Соның өзінде, кешегі Party-дің соңына қарай жағымыз үрпиісіп, тоңа бастадық.

Кешегі кездесу өнерпаздардың көптігімен ерекшеленді. Ең басты қонағымыз Жанғали Жүзбаев ағамыз. Аза таныстыруын келістіріп-ақ жазды ғой. Алғашқы адым сол кісінікі деп шештік. Ағай Тәттімбеттің «Саржайлауын», Сүгірдің «Шалқымасын» орындап берді. Ақсақалмен бірге «Шабыт» университетінен жас домбырашылар ере келген екен. Олар да төкпе күйдің шырайын келтірді. Әрине әттең-ай бар осы тұста. Алқа-қотан иірілген жұрт күйдің дауысын қалағандай ести алмаған сияқты. Сондықтан, келесіде, күйшілерге кішкене колонкалар қою жағын ойластырып көру керек.

Тағы бір өкінішіміз, өткен жылғы Party-лердің жұлдыздары болмады. Нұрғиса іссапарда, Аза Хабарға хабар тасып жүр. Шенеунік Алдан да кешігіп келді. Жазғыра алмаймыз. Жұмыстың аты жұмыс.

Дегенмен, суырылып шығып (кейбірін мәжбүрледік шыны керек) шырқағандар көп болды. Осыған қуандық. Келесіде ән айтам деушілер бұдан да көп болатынына сеніп тарқастық.

Иә, айтпақшы, кеше Астанамен қатар Алматы, Қызылорда, Атырау, Жаңаөзенде де Party өтті, менің білуімше. Енді бір-екі аптадан соң барлық өңір бірігіп, бір мезетте өткізетін боламыз. Кең даланың барлық ірі қаласында домбыра үнін әуелетіп, бір әнді бірігіп шырқаймыз. Әне флешмоб! Қайда әлгі Гиннес?
Әрі қарай

Домбыра PARTY Алматы

Сөйтіп, кеше үшінші рет Домбыра Пати өткіздік. Жалпы, Алматыда да дәстүрге айналып бара жатқан сияқты. Қуаныштымын. Басында төрт-ақ адам болғанбыз, біртүрлі, көңіл күпті болып тұрды. Әлде, жұртты қызықтыра алмадық па, әлде жалықтыра бастадық па деген ойлар келді. Сөйтсееее… Кеше кешке теледидардан бокс көрсетілетін күн екен ғой)))


Әрі қарай