Ақтөбеде «Автопарк» деген жауапкершілігі шектеулі серіктестік бар. Атынан-ақ түсініп отырған шығарсыз жолаушылар тасымалымен айналысады. Автобустарында тек қана қазақша әндер қосылады, хабарламалар, заң үзінділері бәрі қазақ тілінде жазылады. Бірнеше жыл бұрын жаңа үрдіс бастады. Автобустарда қазақ ғұламаларының, хан, батыр, билерінің, ақын-жазушыларының биографиясы мен қанатты сөздерін ілетін болды. Қоғамдық көлікке балалар көп мінеді ғой. Көз алдында тұрғасын, ең болмаса кім екендерін біліп жүретін болады.
Бұл суреттерді өткен жылы түсіргем, архивтерді ақтарып отырып тауып алдым. Тамашалай отырыңыз
Жампозым екеуміз серуендеп келе жатқанбыз. Түн жарым болып қалған кез. Дәл қасымыздағы жолаушылар жолағының үстінен өтіп бара жатқан жігіт құлап қалды. Сүрінген жоқ, жансыз дене сияқты қиралаң етіп, сұлап түсті. Мен есімді жиям дегенше көшенің арғы бетінен бір бозбала жүгіріп келіп, әлгіні көтере бастады. Көліктер тоқтар емес, тіпті кейбірі жолдан кет деп дабылдатып қояды. Жүгіріп біз де жеттік. Жап-жас жігіт екен, көтеріп жол жиегіне шығармақшы болғанда есін жия бастады.
Қалтафонды алып 103-ке қоңырау соға бастадым. Ар жақтан дауыс естілді. «Сіз жедел жәрдем қызметіне хабарласып тұрсыз. Сіздің дауысыңыз жазылып алынатынын есіңізге саламыз. Вы дозвонились в службу скорой помощи. Напоминаем Ваш голос будет записыватся». Мұны айтып болған соң, әлдебір түсініксіз музыка ойнап тұрып алды. Боқтап жіберуге шақ қалдым. Абырой болғанда патрульдік полиция бригадасы жетіп келді. Жедел-жәрдемді де солар шақырды.
Кетпес бұрын құлаған жігіттің қолдары қимылдап, жымию мен тілін шығаруға әлі келетініне әбден көзімді жеткіздім. Есіңізде жүрсін, адамның құлауына инсульт пен инфаркт себеп болса, жоғарыдағы ең қарапайым әрекеттерді де жасай алмайды. Ондай кезде мейілінше жылдам дәрігер шақыру қажет. Алайда, осы жолы жедел жәрдем нұсқаулығын айтып, музыкасын ойнатып болам дегенше аса қат минуттарды жоғалтып алды. Әлгі жігіттің тек басы айналып кеткеніне қалай қуанғанымды білсеңіз ғой.
Барыс хоккей клубы өткен маусымда спортшыларға 2 млрд 600 млн теңге жалақы төлеген. Сенбесеңіз Құрлықтық хоккей лигасының ресми сайтына барып келіңіз. Тайға таңба басқандай қылып жазып қойыпты.
Мәні жоқ, мағынадан жұрдай әлеуметтік институт қайсы десе ойланбастан мәжілісті көрсетер едім. Аты шулы зейнетақы туралы заң депутаттарды да абыройдан жұрдай етті. Бүгін төменгі палатаның резиденттері Президент айтқан сынмен толық келісіп, ұсыныстарын қабыл алды. Ұсыныс да көп емес — үшеу-ақ. Ең бастысы — әйелдердің зейнет жасын ұлғайтудың кейінге шегерілгені. Қалған заң сол күйінше қайтадан мемлекет басшысына жіберілді. Осыдан кейін туатын сұрақтар ешкімді таңқалдырмайтыны анық. Бірінші оқылымда-ақ мақұлданған құжатты, бұл депутаттар дұрыстап зерттемеген бе? Қатесін мойындап отырса, кінәлі деген сөз емес пе? Қоғамда үлкен резонанс тудырған мәселеге бас ауыртпайтын болса олардан пайда қанша? Жалпы бізге Парламент (иә, сенатымен қосып) керек пе?
Парламенттің міндеті халыққа ыңғайлы, пайдалы заңдарды қабылдау. Барлық қажеттіліктерін ескеру. Халық қалаулысы деген аттары бар ғой. Дегенмен, қазіргі мәжілісті халық қалаулылары деуге де келмейтін сияқты. Партия үшін дауыс бердік. Тізімді өздері бекітіп, өздері шешті. Ендеше, төменгі палатаның депутаттарына бұдан былай халық қалаулысы деген атты да қимаймын.
Парламент құрамындағы аға-апаларымыздың (!) бәрі де тәжірибелі, білікті, ықпалды адамдар екеніне күмәнім жоқ. Ондай биікке кез-келген жете бермесі анық. Креслода отыр ма, демек лайықты жұмыс істеген. (Әйтпесе мен неге отырған жоқпын ол жерде?!)
Қазақстан секілді мемлекетке өзге демократиялық елдердердегі саяси институттар, ұстанымдар лайықты бола бермейді. Шындап келгенде, бізге демократияның өзі артық. Саясатта мұндай термин бар ма жоқ па, білмеймін, бізге керегі шектеулі диктатура. Мәжілісмендердің бүгінгі мазағынан соң, осындай қоғамда өмір сүріп отырғандай әсер күшейе түсті. Әдетте Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев, мойнына жауапкершілік алып, бас болмайынша басқалар (Мәжіліс) ағыстың бағытымен жүзіп кете береді. Ендеше, қойыма керек пе бұл парламент?
Тағы бір әдемі шахмат партиясы мәресіне жетіп, Серік Әбденов отставкаға кетті. Басқаша айтсақ, дардай министр жұмыстан қуылды. Уәзірлердің өз қалауымен немесе басқа жұмысқа кетуіне байланысты кресло ауыстыратынына үйреніп қалыппын (әрине, бұл жүйе де ара-тұра сыр беріп, біреулер қашып, біреулер сотталып жатады). Сондықтан, бұл жаңалықты форс-мажор ретінде қабылдадым. Шындығында фарс болып көрінді.
Отыз бес жастағы Серік Әбденов өткен жылдың қыркүйегінде министр болып тағайындалды. Естеріңізде болса, сол күні-ақ ол әйелдердің зейнет жасын көтеруді құптамайтынын мәлімдеген болатын. Алайда, жұмыстың аты жұмыс, кейін реформаның қызу қолдаушысына айналды. Не шара, ақыр соңында жаңа заңды дұрыс насихаттай алмағаны үшін қызметінен босатылды.
Қырсық болып жабысқан «патамушта патамушта» болды. Өзінің сөзіне сенсек, қазақ тілді жігіт екен. Қазақша ойлап, оны орысшаға аударып барып сөйлейтін көрінеді. Егер солай болса, ресми болса да өзге тілде сөйлеп тұрған адамның қателесуі, ойын жеткізе алмай мүдіруі соншалықты таңқаларлық нәрсе емес. Енді, осы қырынан әдейі бұрып қарайтын болсақ, Әбденов орысша жетік сөйлей алмағаны үшін қуылған болып шығады.
Зейнетақы реформасын дұрыс насихаттау үшін барды бар қылып айту керек еді. Беделді біреу, «Уа, халқым, кешір! Ойымыз жүзеге аспай қалды. Кезіндегі зейнетақы реформасын асығыс енгізіппіз, жұмысын пысықтамаппыз. Енді зейнет жасын көтермесек, ертең еліміз бүгінгі күніне зар болады», — десе, мен білетін қазақ бас шұлғып, көне кетер еді.
Жә, оны қойшы. Жаңа заң бәрібір қабылданатын болды ғой. 2018-де ертең-ақ жетіп келеді. Серікке обал болды. «Алпыс үш, алпыс үш» деп жүріп отыз алтысында опық жеп қалды. Оқыған-тоқығаны, көрген-білгені бар жігіт қой далада қалмас. Бірақ, күйені кетіру қиын-ау.
Әуелі жымиып қоя салғам.Енді, полицейлердің ешкілерді (иә, тырнақшасыз) тұтқындап жатқаны күлкілі ғой. Оқиға Үндістанда болған. Он екі ешкі тәртіп сақшыларының екі күн бұрын әкелінген су жаңа көлігіне мініп, ойнақ салған ғой. Аша тұяқтар шыдатсын ба машинаға елеулі зақым келген. Полицейлер де қарап қалмай қылмыс үстінде үш ешкіні қамауға алыпты.