Жарияланымдар

Тағы бір індет

Бағана сабақтан шығып, «Береке» сауда орталығына барып едім құрбыммен. Кенет топталып жиналып алған ағайларды көріп қалдық. Істің бетін ашу үшін сәл жақындадық. Сөйтсек, ағатайларымыз құмар ойынының құлдары екен. Өзіміз де сол ойынға қызығушылық танытқандай кейіп танытып қарап тұрдық.Кенеттен бір ағай: Ол банкоматта ақша жоқ. Мынаған салып ойнаңдар" деп бізді екінші банкоматқа алып келді. Ол кісі қалай ойнауға болатынын бізге көрсетіп берді. «Бұл жерге тек 500 теңгеден бастап ақша сала аласыздар» деп қояды. Өзі күнде осы ойынды ойнамасам жүре алмаймын деп бізге ағынан жарылды. 80 000 теңгеге дейін ұтылғанын айтып берді. Азартқа кіріп ойнайтынын, бізге бұған жоламай-ақ қойыңдар деп кеңесін де берді." Мен бір кіргеннен шыға алар емеспін" дейді. Кенет тағы бір бейтаныс ер кісі қосылды. Кейін самайына ақ түскен қазақтың қарапайым анасы қосылды. Солай адам саны көбейе берді. Біреуі ұтып жатса, екіншісі қомақты қаражаттарынан айырыла бастады. Бір қызығы банкоматтың сыртында 21 жасқа дейін балаларға қолдануға болмайды деген жазуы бар екен. Бірақ, мектеп оқушылары да студеттер де осы ойынға құмар болып, ойнай бастады. Қалталарындағы қалған ұялы телефондарын сатып, ақша жасаудың амалын қалай да табу жоддарын іздестірген жас балалармен де жолығысып қалдық. Бақылап, қарап жүрген ешкім жоқ. Банкомат сыртында жазылған сенім телефонына хабарласып едік «бізге рұқсат берілген, заңды түрде» деп тіл қатты. Әрине, заңды болса да қазақ қоғамының ортасына тағы бір індеттің қосылғаны шүбәсіз, анық!Блог - Ayazhan: Тағы бір індет
Әрі қарай

Сұрқия саясат

Тағы да жол ақының жыры… Желтоқсанның бірінші жұлдызына дейін жол ақы құны 80 теңгеге дейін көтеріледі дегенде халық «шу» ете қалды. Орынды әрине! Біздің Қарағанды Алматы сияқты мегаполис қала емес. Статистиканың мәліметі бойынша Қарағанды қаласының халқының орташа жалақысының құны 30-40 мың шамасындай. Ондай жалаұы қай отбасының жыртығын жамауға келеді? Кеше ғана бензиннің, тамақтың, тоқ көзінің қымбаттап жатқанын жаңалықтардан жарысып беріп жатты. Енді ойлап көрейік! Шынымен де жағдай қиын. Тағы да кейінге қалдырды. Себебі 1 желтоқсан- Тұңғыш Президент күні. Анау-мынау жағдай болып қалмасын деп шегіндіре тұрды. Енді Жаңа Жылға дейін жол ақы көтерілмейтін болды дегенді естіп жатырмыз. Алда әлі Тәуелсіздік күні. Қазақ үшін желтоқсан айы қасиетті ай. Желтоқсан көтерілісімен тығыз байланысты-ау… Студент жастар, мектеп оқушылары демалысқа кетіп, жастар туған өлкелеріне тарқасқанды күтіп отырғандай… 2011 жылы дәл солай болған еді. Онығ астында біз түсіне бермейтін сұрқия саясат жатыр-ау.....Блог - Ayazhan: Сұрқия саясат
Әрі қарай

Орындалмаған бұйрық

Қарағанды облысының әкімі Тәуелсіздік күніне дейін шырша тікпеуге бұйрық берді.
Естеріңізде болса, өткен 2012 жылы жаңа 2013 жылды қарсы алу кезінде Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Асқар Мырзахметов облыста Тәуелсіздік күнінен бұрын шырша тікпеу туралы тапсырма бергені бар. Оның бұл тапсырмасына қарсы шыққан пенде көрмедік. Биыл да Оңтүстік өңірі сол дәстүрді жалғастырмақшы.

Алдымен Тұңғыш Президент күні, Тәуелсіздік күні тойланады. Одан соң ғана жаңа жылға кезек келмек Оңтүстікте. Бұл елім деген ердің тірлігі!

Биыл бұл қатарға облыстың тізгінін жаңадан қолға алған Қарағанды облысының әкімі Бауыржан Әбдішев келіп қосылды. Облыс әкімінің бірауыз сөзі қарамағындағы шенді-шекпенділерді сескендірсе керек, ертелетіп шырша құрған шенеунік болмады.
Толығырақ: news.nur.kz/292803.html
деген ақпаратты nur.kz -тан оқып қалдым. Бірақ, нәтижесін көріп тұрған жоқпын. ҚарМУ ғимаратының алдындағы шыршаның қойылғанына 2 аптадан астам уақыт өтіп кетті. Басқаларын айтпасақ та белгілі. Бұйрық берілгеннен кейін, орындалу шарт.
Әрі қарай

Мен сені жек көремін, АҚША!

Пойызға мініп, Алматыға жол тарттық. Пойыздың терезесінен телміріп тұрып сары даланың сұлулығын көзбен көріп, ішпен сездім. Түйгенім- тау көзіңнің алдын көлегейлеп тұрады екен. Ал далада шексіздік бар. Шексіздік тұнған сұлулық. Арқаның даласын көргенде пойыздан секіріп түсіп, жүгіре жөнелгің келеді.
Таңға жақын ұйқымнан ояндым. Алматыға жетіп қалыппыз.Терезеге қарасам далам қоқыстың арасында жатыр. Қайран да қазақтың даласы! Қадіріңе жете алмай жүрміз-ау…
Алматы. Әсем қала. Алатауды көріп шуласып кеттік. Жанталасып, суретке түсіріп сұлулығына тамсанып қарап тұрдық. Армандардың орындалуы. Тезірек жетуге асықтық. Алматының вокзалынан түсіп, жан-жағыма таңырқай қарап тұра бердім. Кенеттен «Такси, такси» деген ағайлардың даусынан құлағым бітіп қалды. Егде біреуіне жақындап «Ағай, Қаскелеңге»деп едік, бізге қарап 20 000 теңге дегенде бір түрлі үрейленіп қалдық. Әрине қарапайым студент үшін бұл қомақты ақша ғой. «Қымбат қой» деп едік, «Бармасаңдар өздерің біліңдер» деп суық жауап берді. Жанымызда бізді бастап келген апайымыз да бар. Біраз тұрып едік қасымызға жүргізушілердің барлығы топырлай жиналып қалды. «Қаскелеңге дейін 20000теңге, біреуі 18000 теңге, жоқ мен сіздерді 17000-ге апарам» деп шуласып кетті. Біз қайсысымен баратынымызды білмей, шатасып қалдық. «Құдайым-ай, артқа Қарағандыма қайтқым келіп кетті»- деп қасымдағы құрбым «аһ ұрып» қалды. Біз біраз шегініп тұрдық. Бір ағаймен келісіп, тек бізге фискальный чек керектігін айтып едік, ол кісі мен де ондай жоқ деп тұра қашты. Қасымызға келіп біреуі өзімізді машинаға қарай итермелеп, біреуі қолымыздағы сөмкелерімізге таласты. Ондайды көрмеген біз абдырып қалдық. Одан кейін олар бізге таласып өзара жұдырықтаса кетті. Бір-біріне боқ сөздер айтып, бізді балағаттай жөнелді. Шашына ақ түскен, аппақ сақалды атаның айтқан «жаман сөздерін» естігенде біз жағамызды ұстап қалдық. Басқасы басқа осы кісіден мұндайды күтпеп едік. Ішіндегі ең салиқалысы осы ма деп тұрғанда әлгі сөздерінен кейін ойымыз күрт өзгеріп кетті. Әке-аталарымызбен жасты ағайлардан мұндай қорлық көреміз деп мен ешқашан ойламап едім. Алматыға асыққан көңілді су сепкендей басып тастады.
Иә, ақша не істетпейді?! Ақша үшін бұлар бәріне дайын. Менің жүрегіме тигені осы. Орыс немесе басқа ұлттар болса мен таңғалмас едім, бірақ елім сенген азаматтарымыз осылай істегеннен кейін заманның, адамның бұзылғанына ішің ашиды. «Азғындалып кеткен. Ардан безгендер. Көкейлерін ақша тесіп бара жатыр бұлардың. Қыздарыңдай қыздарға сонша дауыс көтергендерің не? Не үшін жаға жыртысып жатырсыңдар?» деп өткен-кеткеннің барлығы ауыр сөздер айтып кетті. Ақша мен дүниенің адамды осындай күйге душар еткізетіндігі, қоғамды ақшаның билеп алғандығы заманның алай-дүлей ағысы сағыңды сындырады.
Арыстандай ағаларым-ау, сіздерге не болған өзі???
Подробности

Үздік журналистер сайысы

Бүгін Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің журналистика факултьтетінің ұйымдастыруымен республикалық «Ең дарынды болашақ журналист» атты пәндік олимпиадасы өтіп жатыр. Олимпиаданың басты мақсаты республика деңгейіндегі ең дарынды, қарымды журналисттерді анықтау, іріктеу. Төртінші рет өткізіліп отырған олимпиадаға республикамыздың барлық аймақтарынан 10 команда қатысып отыр.  Алғашқы турда 100 сұрақтан тұратын тест өткізілді. Келесі кезең таныстыру болып өтті. Жоғары дәрежеліде дайындалып келген болашақ журналистер өз таныстырулары мен алдын ала дайындалған видеоларын көрсетіп олимпиаданың беташарын ашып берді. Биылғы олимпиаданың былтырғыдан ең басты ерекшелігі барлық аймақтағы университеттердің толық қамтылғандығы. Телерадиожурналистика кафедрасының меңгерушісі, доцент Құдайберген Тұрсын: «Өткізіліп отырған олимпиада болашақ журналистердің дамуына үлкен септігін тигізеді» -деді.
Әрі қарай

БЕСІК ЖЫРЫН БІЛЕ МЕ, ЖЕҢГЕЛЕРІМ?

«Бесік» жыры… Бесік және жыр!
Осы бір құстың қос қанаты іспеттес егіз ұғым нақ күні кешеге дейін Алашымыз үшін ешбір асылға айырбастамас, баға жеткісіз құндылық. саналатын-ды. Олар үшін бесік пен жыр киелі де, кепиетті ұғым-тын. Осынау өмірлерінің басты өлшемі болып табылатын құндылықтарға тәубе дей отырып, тәу ететін де еді олар. Бесік пен жырды төбелеріне көтере, марқая масаттанатындары да рас-тын. Алашым үшін бесік пен жыр ұлт болып ұйысып, ел болып еңсе тіктеуінің де негізі болып табылатын.

Ал, бүгін өкінішке қарай, бағзыда өткен Елтеріс, Тоныкөк, Күлтегін, Еділдейін баһадүр бабаларымыз тербеліп өскен бесік те, олардың бойына нәр-қуат берген бесік жыры да өздерінің теңдесі жоқ қадір-қасиетін жоғалтып, архаизмге айналып отыр. Осынау ұлтымызды құрдымға алып бара жатқан жосықсыздыққа ешбіріміз селт етер емеспіз.
Япыр-ай, сонда осылайша қағымыздан жерініп, ата-бабаларымыздың аманатынан, ұлттық салт-дәстүрлерімізден безінгенде қайда барып оңбақпыз? Ұрпағымыздың ертеңгі күні не болмақ? Келешек алдында не деп жауап бермекпіз? Ой-тоба, мұнан асқан сұмдық болмас сірә. Қайда бағыт алып бара жатқанымызға бір сәт мән берсек етті? Бүгінгі күні «Ана бір қолымен бесікті, бір қолымен әлемді тербетеді» деген тағылымды тәмсіл де адыра қалғандай. Япыр-ай, егемендік алып, еңсе түзедік пе дегенде, шын «зар заманға» енді тап болғандаймыз-ау, тегі. Жоғарыда баяндалған жайттардан кейін бұлай демеске біздің әддіміз де болмай отыр.
Ал енді осынау өзіміз тілімізге тиек етіп, отырған өзек жарды өткір мәселе туралы қарымды қаламгер Аян (Сейітхан) Нысаналин не деп толғанады екен? Қанеки, құлақ түрелікші. («Зерде» кітабынан):
«…. мен естіген ең ғажап ән – «Бесік жыры». Қандай өміршең, қандай мұңды! Шындық бет-жүзіңе қаратпайды. Хан ба, қара ма, талбесікте тербеліп жатқанда нәрестеге бәрібір секілді, даңғаза дүние таң шығындай мөлдіреп, періштедей бал-бұл жандырады. Оның құлағына әлгі әспет әуенмен бірге ұлы дала жыры келеді. Қайдағы-жайдағы сағыныш сарыны еміс-еміс талып жетеді. Сайын сахара, түз тебініндегі тарпаң тұлпарлар тұяғының дүбірі, бозала таңда титтей, ноқаттай болып таңдайынан әуез төгетін бозторғай, түгел тіршілік сәби сезімін қытықтайды оятып. Маған анам айтып, Ханзада әпкемнің аузынан жазып алған «Бесік жыры» әлі күнге дейін әлдилеп тұрғандай:
-Әлди, әлди ақ бөпем,
Ақ бесікте жат бөпем.
Жылама, бөпем, жылама,
Жілік шағып берейін.
Байқасқаның құйрығын,
Жіпке тізіп берейін.
Құйрығындағы сатпағын,
Быламық қылып берейін.
Оның дәмін кім татар,
Жеңгелері татар.
Сейітхан деген туыпты,
Ту биені сойыпты,
Аталары жиналып,
Атын Сейітхан қойыпты.
Қара қасқа атты Қамбар-ай,
Қараның бегі хандар-ай,
Сейітхандікіне түсе кет,
Шай самаурын іше кет!
Қанша қонақ келсе де,
Есебін оның табады.
Сейітхан күтіп алады.
Сейітхан деген бір кісі,
Арабаның тіркесі,
Шаудан қалпақ басында,
Ханның қызы қасында,
Саудырайды теңгесі,
Теңгесінен бермесе,
Өкпелейді жеңгесі.
Әлди, әлди ақ бөпем,
Ақ бесікте жат бөпем.
Жылама, бөпем, жылама,
Уыз дәмін тат, көкем.
Жұрт сүймесе сүймесін,
Өзім сүйген бөпешім.
Менің азамат атанып, ақын болып қалыптасуыма осы «Бесік жыры» өзінің ізгі ықпалын тигізді деп ойлаймын».
Аса қадірменді оқырман! Жыр жампозы шерткен осынау бір үзік сыр біздің де көкейіміздегіні дөп басып, «Бесік жырының» ұрпақ тәрбиесіндегі орыны мен мән-маңызын жетемізге жеткізе түсіндіріп отыр деп білеміз. Ендеше, ел ертеңіне алаңдайтын, ардақты ағайын, бүгінгі күннің «бас ауруына» айналып отырған маңызды мәселеге бей-жай қарамалық. Барша келіндердің «Бесік жырын» біліп жүруіне түрткі болалық.
Әрі қарай

Жетімін жылатпаған ел едік…

Қоғамымызда даулы мәселеге айналып отырған өзекті жайттардың бірі – жетімдер мәселесі. «Жетім көрсең, жебей жүр» деген ата-бабамыздан қалған сөздің өзі халқымыздың жетімін жылатпағанын, жесірін қаңғыртпағанын меңзейді. Сондықтан біреулер «жетімдерімізді сатуға қатаң тыйым салу керек» десе, енді біреулер «олардың шетелдік болса да, ата-ананың жылуына бөленгені дұрыс, сондықтан оларды асыраушысы табылса, сатқанымыз дұрыс» деседі. Бірақ қазіргі таңда шетелге бала беру жағынан әлем бойынша үшінші орын алып отырғанымызды ескерсек, қоғамымызда бала сату туралы пікірдің басым түсіп отырғанын аңғарамыз.
Осы орайда «Жаңғыру» қоғамдық қоры «қамқорлыққа зәру балалар мен шетел азаматтары асырап алған балалардың жағдайын реттейтін заңдық базаны зерделеу» тұрғысында жүргізген сараптаманың қорытындысы осындай. Орын алған бұл жағдайдағы басты мәселе де – осы уақытқа дейін жетім балалардың күйін күйттейтін бірде-бір заңды құжаттың болмауы. Өйткені осы уақытқа дейін шетел асып кеткен балаларымыздың көбінің тағдыры белгісіз күйде қалып отыр.
Оның себебі де жоқ емес. Мәселен, шетел асып кеткен балаларымыздың басым бөлігі АҚШ-қа тиесілі болса да, аталмыш конвенцияның бұл ел алдында күші жоқ. АҚШ-тың сыртқы істер министрлігі конвенцияға қол қойғанымен, АҚШ сенаты оны ратификациялау туралы заңды қабылдамай тастаған. АҚШ қана емес, басқа да ірі-ірі мемлекеттер бұл конвенцияны мойындамаған. Бұл тұрғыда конвенцияның мойындалмауы себепті біздің елдің де шетел асып кеткен балалардың өміріне араласа алмау қаупі зор болмақ.
Бүгінде ел халқының 4,5 миллионын балалар құраса, соның 46 мыңнан астамы түрлі себептермен ата-ананың қамқорлығынсыз қалып отырғандар екен. Оның ішінде 16 мыңдай бала – мемлекеттің қарауында. Мемлекет қарауынан шетелдіктердің қамқорлығына ауысып жатқан балаларымыз да баршылық. Сандарды сөйлетсек, бүгінге дейін 6014 бала шетел асқан.
Соңғы он жылда еліміз бойынша 37 450 бала асырап алынды. Оның ішінде қазақстандық азаматтар — 28 мыңнан астам бала (77 пайыз), баланың шетелдік туысқандары — 500-ге жуық бала (1,2 пайыз), шетелдік азаматтар 8 мыңнан астам бала асырап алған. Шетел асқандарды таратып айтсақ: АҚШ — 6406, Испания — 600, Бельгия — 343, Германия — 173, Канада — 167, Ирландия — 140, Франция — 131 бала (21,8 пайыз).
Осы ретте айтқым кеп отырған мәселем мынандай.Бәрімізге белгілі жақында Франция елінде бір жыныстылардың некеге отырып, олардың бала асырауларына болатындығын заң жүзінде бекітілгенді. Қауіптің көкесі сейілер емес. Францияға берілетін біздің қаракөздеріміз осындай азғындалған отбасының қарауына түспейтініне кім кепіл.Осы мақалам арқылы жоғарыдағыларға осы мәселеге байланысты заң немесе қатал шара қолдануларын сұраймын.

Айтпақшы, еліміз шетелдіктерге бала беруде 1,5 миллиард халқы бар Қытайдың да алдына шығып отырғанын айта кеткен жөн. Осылайша шетелге мұнай шығарудан әлем бойынша төртінші орын алсақ, бала беруден үшінші орынға шығып отырмыз. Елімізде шетелдіктерге бала берумен айналысатын 40-тан астам агенттік бар. Ал агенттіктің бір баланы шетелдіктің иелігіне заңдастырып беруден табатын табысы 30-35 мың долларды құрайды. Ал бұл ақша кімнің қалтасына құйылып, кімдердің қалтасын томпайтып жатыр? Бұл жағы тағы беймәлім. Шынтуайтында, біздің мемлекеттік органдар тек бала саудасына байланысты өтініш берген ұйымдар мен агенттіктерді тіркеумен ғана айналысады екен.

Сонда жетімдердің жебеушісі кім?
Шетел асқан жетімдердің құқын қорғайтын заңдық құжаттың жоқтығы – өз алдына, өз еліміздегі жетім балалардың құқының қорғалуы да көңіл көншітпейді. Республикамыздағы жетім балаларға арналған 44 балалар үйі мен 22 мектеп-интернатта 8 987 бала тәрбиеленеді. Бұл балалардың барлығы дерлік кәмелеттік жасқа толғаннан кейін көшеде қараусыз қалады. Не мамандығы, не басында баспанасы, тіпті жанашыр ағайын, туған-туысы жоқ мұндай балалардың қылмысқа да жиі ұрынатынын мамандар растайды. Осылайша не шетелдегі, не еліміздегі жетім балалардың болашағына қамқор бола алмай отырмыз. Ал бұл мәселелердің барлығын заңдық тұрғыдан ғана реттей алатынымызды ескерсек, елімізге «Жетім балалар туралы» жетім балалардың мүддесін қорғайтын заңның қажеттігі айқындала түседі. Неміс халқының Ата заңының 7-бабында арнайы шетелге адам сатуға қатаң тыйым салынған. Бізге де шетелге бала шығаруға заң жүзінде қатаң тыйым салатын кез жетті деп ойлаймын.. Ау, олардың бейкүнә жанарларын жат жұртта жәутеңдеткенше, неге шетелге бала сатуға біржолата нүкте қоймаймыз? Қандайма қиын-қыстау кезеңдерде де жетімін жылатпаған ел едік қой. Енді не болды бізге?..
Әрі қарай

ХАЛЫҚ МҮДДЕСIН ҚОРҒАЙТЫН ӘКIМДI КӨРЕР МЕ ЕКЕНБIЗ?

Мемлекеттi құрайтын, сақтайтын, өркендететiн, қорғайтын халық екенiн бiлiмiз. Сол мемлекеттiң iшiнде халық — сыртқы жаулардан, өзiнiң қауiпсiздiгiн, саяси-әлеуметтiк құқықтарын қорғауға, өзiне бағынышты, бақылауда болатын өкiмет /билiк/ жүйесiн құрады. Оны демократиялық қоғам деймiз. Ондай қоғам азаматтары билiкке: жеке басының мансабы, атақ, баю үшiн емес – халық мүддесiне адал қызмет жасап, халықтың жақсы өмiр сүруiне тер төгу үшiн, әдiл сайлауда, халықтың қалауымен келедi. Олар халықтың емес, жай бiр азаматтың көңiлiн қалдырғанның өзiнде өз еркiмен билiктен кетуге барады.
Халықтың бақылауында жоқ өкiмет /билiк/ мыңның құқы бұзылып, жүйкесiн тоздырып, аздырып жатса да мiз бақпайды. Олардың түйсiгiнде – бақ, абырой отырған креслоларында. Сондай жандарға жаным ашып, аяймын: бiр күнi креслодан айырылатын күнi келетiнiн ойлап. Олар да өз замандасымыз, жақсы өмiр сүрiп, бақытты болсын: тек қоғамды азғындататын, мансапқор, әдiлет жолынан тайғандарынан Алла өзi сақтасын. Мен әзiргi билiктегiлердi жақтап, кемшiлiгiн айтайын деген ойым жоқ. Кiмнiң-кiм екенiн көзi ашық, көкiрегi ояулары өз бағасын бере жатар. Әзiр бiр басшының кемшiлiгiн айтып, сынасаң: өзiне сын көзбен қарап, неге халықтың көңлiнен шыға алмай қалдым демейдi. Керiсiнше, кемшiлiктi айтқан адамды жаудай көрiп, айналасындағы жағымпаздар шие бөрiдей шулап, шабуылға шығады. Ең ақылдылары, бұзақыларға тапсырыс берiп қорқытады, таяққа жығады. Айналып келегенде атшысы да, қосшысы да бәрi өз қандастарымыз, замандастарымыз. Себебi неде? Менiңше, бiрiншi рухани азғындығымызда ма деген ойдамын. Неге десеңiз? Жан-жақты бiлiмдi, рухани бай, мәдениеттi адамдар өте мейiрiмдi, әдiл… болады.
Бiз, жергiлiктi әкiмдер, депутаттарымыз түнде ұйқы көрмей, күндiз табандарынан тозып халықтың құқықтарын, мүддесiн қорғап жүр деп айта аламыз ба? Ия, қорғайды дегендi сирек естимiз.
Қоғамдық көлiктерде қашан жолақы қымбаттағанша көлiк қожайындарының жар құлақтары жастыққа тимедi. Құрғақ уәденi үйiп-төктi, қызмет көрсету сапасының артатындығына сендiрдi, оған халық қалаулыларын да иландырды. Ақыры дегендерiне көндiрген соң, уәде де қалды жайына, сапасын да ешшкiм назарға алмады, «баяғы жартас – сол жартас».
Күнделктi өмiрде билiк тарапынан: халық жеке құқықтарына қатысты қызметтерiн сезiнбегендiктен, қайдан есiтiп, бiлсiн? Жай жолаушылар көлiгiнiң қызметiн алайық. Мақала жазу себебiм де осыған байланысты. Әзiрше жолаушылар көлiгi қымбаттаса да, жүрiсiнде, тасымалдау мәдениетiнде өзгерiс жоқ. Оны бақылайтын органдар, көрсе де көрмей, бiлсе де бiлмей отыр. Себебi, сол жемқорлық. Күнделiктi жүргiзушi беретiн ставкасы… Ал халықтың қиналып, жүйкелерi тозғандарымен iстерi жоқ. Америкада қоғамдық көлiк кестесiнен 15 минут кешiксе, «дабыл» көтерiп, көлiк минстрi орнынан кетуге дейiн барады екен. Бiзде бiр сағат кешiккенi тұрмақ, бүкiл бағыттағы автобус жүрмесе де былық ететiн басшы жоқ. Қаламыздағы №70, №19, №4, №66 автобус-маршруттары тым сирек жүреді. Өткенде вокзалға барам деп №19-шы аквтобусты күттім.15 минут өтті, 20 минут өтті, жарты сағаттан кейін бірақ келді, жарықтық. Неге кешіктіңіздер сұрасам? Біздің уақытымыз сондай деп жауап қайтарады. Орбитадан КарГУ-ға бару үшін №70-ші автобусты күтесің. Таңғы 8-де шығып, ол автобусты тағы да жарты сағаттан көп уақыт күтесің. Оны күттің не, күтпедің не?!
Әр күнi қоғамдық көлiкке мiнемiн, бiрақ мен күткен бағыттағы автобустарды бiршама күтуiме тура келедi, кестемен жүрсе де, кешiгiп жүредi. Бiр-бiрiмен жарысқан, желiккен жүргiзушiлер (бәрi емес) мәдениеттен де жұрдай. Жол-жөнекей ұялы телефонмен әлдекiмдермен ұрысады, сыбап боқтайды. Әр аялдама сайын ақша жинаушылар көпшiлiктен түсетiн жанның бар-жоғын сұрайды. Түсетiн адам жоқ болса аялдамаға тоқтамай, құйғытып өте шығады. Кейде тiлiмiздi кәлимаға келтiрiп, қашан межелi жерiмiзге жеткенше жанымызды шүберекке түйiп барамыз. Көпшiлiктiң көңiлiне жаға ма, жақпай ма, жүргiзушiлердiң шаруасы жоқ, барынша музыканы қатты қойып, онсыз да жүйкесi жұқарған, жұрттың жүйкесiне тиедi. Ал, кешкi сағат 19-дан соң қоғамдық көлiк күту бекер.Иа, солай. Бұл мақаламды оқыған кез келген қарапайым халықтың айтатыны да осы деп ойлаймын.
Демократиялық елдердегiдей әкiмдердi халық сайламаған соң, халықтың көңлiнен шығуды ойламайтыны белгiлi ғой. Халық сайласа, «құқықтарыңды қорғай алмадым, бiр сағат көлiк күткенiңiзге өзiмдi кiнәлi санаймын» деп, өз еркiмен орнын босатар едi. Адамдардың жүйкесi көлiктiң жүрмеуiнен жиi жұқаратын болған соң, Қарағанды қаласының әкiмi тың назарына ұсынып, халықтың мұқтажына көңiлдерiн бөлер ме екен деп жаздым. Мақаладағы мәселеге әкiмдер, депутаттар назар аударар деген ойдамыз.
Әрі қарай

Кімге барып, кімге айтып өтінем?! немесе Ақшатау кентінің жай-күйі.

Қазіргі таңда шағын кенттердің шағымы өте көп. Солардың бірі –Ақшатау кенті. Әлем бойынша вольфрам қорынан Қазақстан бірінші орында тұр. Балқуы қиын және отқа төзімді металдарға дамыған мемлекеттерден сұраныс та күн сайын артып отыр. Алайда, еліміздегі алтыннан қымбат осы металдарды игеруге мүмкіндік жоқ. Кеңес дәуірінде ашылған кеніштерден шыққан өндірістік қалдықтар да қазір экологиялық жағынан қауіп төндіруде. Бір ғана Қарағанды облысындағы Ақшатау кентіндегі кен -байыту фабрикасынан тараған радиация қатерлі ісік ауруының таралуына жол ашып отыр. Ақшатау кен-байыту комбинаты өткен ғасырдың 90-жылдары жабылған. Осы комбинаттың жер бетінде қалған өндіріс қалдықтарынан сол өңірге радиация таратуда. «Радиациялық фон 16 рентгеннен аспауы қажет, ал бұл аймақта 45 рентгеннен жоғары»,– дейді мамандар.
Ақшатау кентінің әкімі Шәріпов Талғат мырзаның айтуынша: «Бұрыннан қалған шахтылардың беті ашық. Солардан радиация тарап жатыр. Астарында су толып тұр. Осы комбинаттан кеңес дәуірінің кезінде вольфрам мен молибденнің шикізаты алынатын. Ал, балқуы қиын отқа төзімді металдар Кеңес дәуірінде Өзбекстандағы Шыршық комбинатында өндірілген. Бүгінгі күні ТМД елдерінде сирек кездесетін металдарды өндіретін фабрика жоқ. Сондықтан, Қазақстандағы вольфрам мен молибденге әлемнің дамыған елдерінің көзі түсіп отыр. «Ақшатауда өндірістік қалдық деп есептелетін 25 млрд. доллардың кен қоры жатыр», – дейді мамандар. Соны қайта өңдеп шығаруға Үкіметте қауқар жоқ. Экологиялық проблемадан экономикалық табыс табуға болады. Экологиясын түзеп берсе, халыққа тиетін бірінші пайдасы сол. Екіншіден, жаңадан жұмыс орындары ашылады. Молибденнің қаттылығы болаттан бірнеше есеге асып түседі. Ал оны өндіретін жаңа комбинатты салуға 2 млрд. АҚШ доллары көлемінде инвестиция керек екен. Украина мен Ресей бұл жобаға қаржы салуға дайын. Өйткені, молибден шыққан жерден осмий металы шығатынын ғалымдар жақсы біледі. Ғарыш саласына пайдаланатын осмийдың бір грамы 300 мың долларға бағаланады. Осы жер асты байлығын игеру Қазақстанның басым бағытының біріне айналып отыр. Ақшатау Ұлы Отан соғысы кезінде елімізге 75-80 пайыз вольфрам мен молибден берді. Қазіргі кезде жоба Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлының бастауымен 2020 жылға дейінгі индустриалдық-инновациялық даму бағдарламасына кіріп отыр. Бағдарлама бойынша қатты металдар мен түсті металдар әлем бойынша алдыңғы қатарға шығады. Қазақстанның жер асты байлығын айтпағанда, өндірістік қалдықтардан мол пайда табуға жол ашылады. Тек мемлекет аралық келісімдерге қол жеткізуге Үкіметтен қолдау көрсетілсе болғаны.
Даңқы алты алашқа шыққан кенттің жай-күйі 90-жылдары құлдырап, байыту комбинаты жабылған соң, жаппай жұмыссыздық белең алған. Кенттегі көп қабатты үйлер бұзылып, үйінділері әлі күнге тазаланбай жатқан жайы бар. Қираған үйдің үйіндісін көргенде «мына жерде не болған» деп шошып қаласың. Кент тұрғындары жан бағып, күн көру үшін айлап, күндеп жалдамалы жұмыстар істейді. Әрине оның бәрі өз қамы үшін. Сол кезеңдегі Ақшатау мен қазіргі таңдағы Ақшатауды салыстырсаң ішің ашиды. Ақшатаудағы басты мәселе де коммуналдық шаруашылықтың тұралауынан туындаған. Бірер жыл бойы ауыз су мәселесі де дұрыс шешілмей, соңы үлкен дау-дамайға ұласқан болатын. Әлі күнге дейін ол мәселе шешімін тапқан жоқ. Ауыз су проблемасы жыл сайынғы «жыр-дастан». Бір кездері 8,5 мың халқы болған бұл елді мекенде қазір 1200 тұрғын бар. Тоқсаныншы жылдың ортасына дейін өнім беріп келген кенттегі «Қазвольфром» комбинаты қалай тоқтады, содан бері ушығып тұрған ауыз судың зары тұрғындардың ашу-ызасын туғызса, жергілікті атқарушы билік орындарының шарадай басын шақшадай етті. Бұл аймаққа кезінде комбинаттың арқасында 35 шақырым жерден құбыр арқылы су беріліп келген. Қазір ондай мүмкіндік жоқ. Тұрғындар соңғы үмітін Елбасының жаңа Жолдауына артып отыр. Онда барлық қазақстандықтарды сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету мәселесі нақты айтылған. Халық таңғы сағат 8-ден бастап 11-ге дейін 7 шақырым жерден ауыз су таситын арнайы техниканы сарыла күтеді. Күніне қырық құбылатын қыстың аязы мен боранының кесірінен ат шаптырым жерге барып келудің өзі қиямет қой. Жақын маңда бұлақтың көзі жоқ. Бұлақ қайдан келсін? Кезінде «Қазвольфром» комбинаты жұмыс жасаған Ақшатаудың асты аңырап жатқан шахта болса. Ауыл тұрғындары 7 шақырым жерден таситын судың барынан жоғы, ашынан тоғы деп отыр. Су жетсе, шу болмас еді ғой. 2005 жылы аудан әкімдігі жергілікті қазынадан 25 миллион теңге бөліп, алақандай ауылдың ішіне жаз бойы 23 шүмек орнатқан. Ол шүмектер бар-жоғы үш-ақ ай істеп, айдың-күннің аманында саудасы біткен. Күніне үлкен водовозбен Жылыкөң деген жерден су тасымалдап отыр. «Судың да сұрауы бар» демекші, сусыз қалатын күніміз де болған деп ауыл тұрғандары «аһ» ұрады. Тасымалдап әкелетін суды тегін емес сатып алады тұрғындарымыз. «Былай тартсам өгіз өледі, былай тартсам арба сынады» дейді ғой дана халқым.
Көне көз қарияларымыздан сыр суыртпақтап Ақшатау бұрын да осылай ма дегенімізде олар: «Е, ондағы кезіміз айт пен той еді ғой. Кішігірім фабрикамыз, жайнап тұрған дүкендеріміз, мектептеріміз, көп қабатты үйлер, көше бойында орнатылған су құбырлары қандай еді. Қазіргі жағдайға қарап қарнымыз ашады» деп күрсінгендерін көзіміз көрді. Айтып айтпай не керек, қазірде ауылымыздағы осы ғимараттардың жартысы ғана қалған. Үш мектептің біреуі ғана жұмыс істейді, сауда орнының тек қаңқасы ғана қалған, ал, үйлерді айтпай-ақ қоюға болады, тек мына жерде үйлер болған дегендей әр жерде көп қабатты үйлердің үйіндісі ғана қалған. Бәрін айт та бірін айт, ең бастысы ауылымызда Алланың үйі — мешіт бар. Кейбір ауылдарға қарағанда айырмашылығымыз сол. Ол мешіттің өзі жөндеусіз, ішіндегі Алланың сөзі, қасиетті Құран кәрімнен алып, қабырғаға жазылған сөздер, аяттар түсіп жатыр, яғни құлап жатыр. Мешіт жабық тұрады, себебі ішінде жарық жоқ. Не себептен екенін кім білсін, электр тоғынан ажыратылғалы біршама уақыттың жүзі болды. Тазалық жұмысы да сын көтермейді.
Ауылдың қазіргі жағдайы осындай аянышты халде тұр. Ауыл тұрғындарының жан айқайын тыңдап, халықтың хал-ахуалын түсінсе екен дейміз ел тізгінін ұстаған ағалар. Қазір Ақшатау халқының басты күнкөрісі Астана-Алматы бағытындағы тас жол бойындағы дәмхана-сервистік бизнес болып отыр. Жол бойынан дәмханаларын ашып, тұрмыс жағдайларын ойлап, күн көріп отыр. Кешегі күні гүлденген кент тұрғындарының жағдайы мәз емес. «Ақшатау жылда ашылады» деген құр жел сөзден шаршаған ауыл тұрғындары үкілеген үміттерін үзбейді. Кезінде дүркіреген ауылдың ертеңі бола ма? деген сансыз сұрақ көкейде сайрап тұр. Ауызбен орақ орғанша бір жағынан бас, бір жеңнен қол шығарып бірдеңе тындырса екен дейміз. Басшылар белдерін бекем буып кіріссе, нәтиже болар деген үмітпен…
Бұл мақала облыстық «Орталық Қазақстан», республикалық «Халық сөзі», «Ел» газеттерінде жарық көрді.
Әрі қарай