Таңғы жүгіру
Әскери салада жүргенде аптасына 3-4 мәрте жауынгерлермен қосылып жүгіріп алушы едім. Аптасына бір рет 3 шақырымды ойнатып отырушы едік.Сымдай жігіт едік тростқа айналып бара жатырмыз байқасам. Ескіше көктемнің басы деп бүгін бір бастама бастадым. Алты жарымда тұрып алып жетіге дейін жүгіріп келдім. Бой жазатын жаттығулар да жасаған болдым. Мойындау керек шамамен 1 шақырымдай ғана жүгірдім. Осының өзінде өкпем «ысқырып» қалды. Дегенмен қазір өзімді сергек сезініп отырмын. Кешке жүгіруге жұмыстан, қоғамдық көліктен қажып қайтатын болған соң беттей алмадым. Ағзам демалып тұрған кезде азанда жүгіріп отыруды ұйғардым.Сәуірдің 14-і күні Алла жазса 3 шақырымды ойнап жүгіретін дәрежеге жетуім керек.
Әрі қарай


Екі метр адамды елестете алмайтынмын. Әпкем мазасы болмай отырса осы сөзбен қорқытушы еді. Ал, сіздер неден, кімнен сескендіңіздер?
Мүйізатар дегеніміз Y іспетті ағаш бұтағына жіңішкелеп тіліп байланған белесебедтің камерасының және сол камераның екінші басына байланған былғары оқшантай. Қолы ұзындар медициналық жгуттан жасап алатын.Ондай қулардың атқан оғы алысқа кетуші еді.Оқшантайға былғары табудың өзі сор еді. Былғары сөмкеңнің ішкі жағынан кесіп аласың немесе бәтеңкенің тілі кетеді құрбандыққа. Ағаштан әдемі аша таба алмасақ қара сымнан сап жасап алып жүре беретінбіз. Әуелгіде бөтелке атып бастағанмен кейін келе торғайға оқ ататынды шығардық. Талай рет оқ тиген торғайдың жерде тыпырлап қиналғанын көріп жаным ашып кетуші еді. Бірақ балалық па ертеңіне тағы атасың торғай біткен үйіңдегі соңғы бидайыңды жеп кеткендей...Құдай күнаға жазбасын бұл балалығымызды. Одан іш пысқанда қойдың құмалағымен оқтап бір-бірімізбен атысамыз. Іштей ұнатпай жүрген біреуің болса кішкене тас салып атып жібересің, кейде сені де біреулер таспен атып кетеді…