Ат құлағында ойнау
Екінші не үшінші класс бітірген жылғы жаз. Жайлаудамыз.Асау аттарға міне алмасам да үйдегі бір-екі аттың жалын тартып мінетін дәрежеге жеткен ем. Бізден 10-15 шақырым жердегі жайлаудағы құда балалар келе қалды. Қанжығаларында киік. Жолай иттері алған екен, бізге бұйырған сыңайлы. Содан кешкілік құда балалар өз жайлауларына қайтпақ болды. Менен 4-5 жас үлкен кіші құда бала біраз жерге дейін еріп баруымды өтінді. Үйдің іші егіс алқабына дейін еріп баруға рұқсат еткен соң «Шалқасқа» атанып кеткен күрең қасқа атқа мініп алдым. Құда балалардың жарысайық деген ұсынысын қабыл алып, солардан қалмай құйғытып келемін. Менімен қатарласа шауып келе жатқан кіші құда бала «Сен аттың құлағында ойнау білесің бе?» деп сұрады. Мен «Жоқ, сен ше ?» деп сұрағына жауап беріп, әрі өзіне сауал тастадым. Шауып келе жатып қолын аттың құлағына созып саусағының ұшын бір құлағына тигізген құда балам «Міне, аттың құлағында ойнау деген осы» демесі бар ма?
Әрі қарай