Елдестірмек елшіден, Жауластырмақ жаушыдан...

Өнерді жақсы көргеннен кейін, қоғамдағы жағдайдан хабардар болып отыру мақсатында қазақ өнерінің жаңалықтарын, жалпы жаңалықтарды жібермеуге тырысамын.
Кеше, ‪#‎Астана‬ арнасындағы ‪#‎Сырласу‬ бағдарламасына ‪#‎ТөреғалиТөреәлі‬ келді. Бұл жолы жалғыз емес, әкесі Төреәлі Төлепұлымен бірге келді. Алғаш ашылғандағы «Сырласу» сырласу еді. Қазіргі бағдарлама пиарға ғана бағытталған сияқты болып кетті. Оның өзінде өнерпаздарды емес тек арнаны, бағдарламаны жарнамалау ғана. Осыдан бір апта бұрын бағдарламаға ‪#‎Орда‬ тобының әншісі ‪#‎ДастанОразбеков‬ келген болатын. Сол кезде жүргізуші, журналист ‪#‎ӘйгерімСейфолла‬ Дастанға «Сіз Заттыбек, Төреғали, Ернар Айдар, Қайрат деген әншілерді тыңдайсыз ба?» деген сұрақ қойды. Дастан: «Тыңдамаймын. Бірақ, қосылып тұрса өшір деп айтпаймын. Төреғали болсын, жігіттер айыпқа бұйырмасын музыкаға келгенде өзгенің әнін орындаудың қажеті жоқ. Бірақ, бұл менің сөгуім емес» деді. Осы жердегі ең бірінші болып айтылып қалған Төреғали деген сөзді ‪#‎ЕлАуызында‬ деген әншілердің сөзін қиып-қиып шағыстыратын бағдарлама қағып алды да екеуінің арасына шоқ сала салды. Ол жерде Дастанның барлық әншілерді айтқысы келгені есі дұрыс адамға белгілі нәрсе сияқты ғой. Әлде мен шатасам ба?! Жақсы. Осымен ‪#‎плагиат‬ туралы әңгіме аяқталған болатын. Енді не керек? Әрине, Төреғалиға барып хабар беру керек. "Әй, анау Дастан сені ұрлықшы деді." деген сияқты әңгімені таратып, арналарына рейтинг жинауға кірісті. Сөйтіп, тез арады бағдарламаға Төреғалиді қайта шақырып алды. Бағдарлама барысында Әйгерім Төреғалиға «Кеше ғана Дастанмен сөйлесіп келдім. Ол, Төреғали сияқты жігіттер тыңдарманды алдағанды қойсын.Орындап жүрген ‪#‎хит‬ әндерінің басым көпшілігі өзгенікі, тек сөзін жазып шығарып жатыр» деп ортадағы отты көседі. Осы әңгіме дұрыс па?! Болмайтын әңгіме ғой. Анандай әңгімеге кез-келген адам ашуланып қалады. Ондай әңгімеден кейін өнерпаздар болсын, жанкүйерлер болсын екіге бөлініп алады. Содан бір-бірін балағаттау басталады. Әкесі де түсінбей қалды. «Халықты алдауды қойсын деп айтқаны ұят болған екен» деп ренжіп қалды. Ал, негізінде Дастан солай айтты ма? Ол жалпы айтқан сияқты. Оның ішінде Ернар да, Қайрат та, керек десеңіз Заттыбек те бар. Дастан дұрыс айтты. Өзгенің әнін алсаңдар алғанын айтыңдар деді. Несі бар?! Айтсын! Дастан Өте дұрыс сөйлеп отыр. Төреғали де орынды сөз айтып отыр. Бірақ бір түсініспеушілік бар. Ол түсінішпеушілікті тудырған өсек, сөз тасу! Бұл жерде Дастанды #Орда тобынан бөліп қарау керек. Топтағы жігіттер бір төбе де Дастан бір төбе.
Жігіттер! Кішкентай Алматыда жүріп бүкіл Қазақстанға қыртымбай әңгіме таратқанды, алауыздықты қойыңдар! Мейлі «пиар ход» болсын, келісілген дүние болсын бәрібір. Халық іштеріңде не болып жатқанын түсінбейді. Қарапайым халық «мыналарың қатын болып кеткен ба?» деп сөгіе салады. Ол кезде мынанікі дұрыс, мынау бұрыс деп жатпайды. Шындығына келгенде кінә журналист жақтан. Ұрыстыру мақсат болса сұрақты да сол ұрысқа реттеп қоюға болады. Солай емес па?! Сондықтан да тату болыңдар!

P.s. Дастан айтпақшы: «Бұл менің сөгуім емес» )

Қазақ өнері, қазақ әндері жасасын!
Әрі қарай

Кел, сырласайық

Блог - DinaAbdigalieva: Кел, сырласайық
Армысыздар, мал-жан аман ба? Түнде кеш жатамыз, ерте тұрамыз. Ұйқы қанбайды. Сонда не істейсіз? Кейбірлері денені қыздырып алу үшін жаттығулар істесе, кейбірі көңілді әнмен бірге оянады. Өз басым, күнде таңертең ән тыңдаймын. Негізі ширап алуға
Әрі қарай

qisyq рекомендейді: 10 трек

Күзбен бірге «депресняк» ұстап қалатындар бар. Жыл мерзіміне байланбай, тұрақты түрде күйзеліске ұшырайтындар да кездеседі. Көпшілігіміз кем дегенде бір рет «ит-өмірден» түңіліп, әлдебір жаққа көшіп кетуді, ойланбай әлдебір дүниені бастап кетуді немесе бірдеңе істеп тастауды ойлап көрдік.
Әрі қарай

«Қара гүл тұрар қауызы тұнып тамшыға...»

Блог - Aya: «Қара гүл тұрар қауызы тұнып тамшыға...»Әлқисса, қара түс. Қазақы танымда қара түстің мағынасы жүз құбылады. Кейде қорқыныш, кейде мұң, кейде қайғы, кейде қасірет, ал кейде қасиет. «Қара тұту», «қара жүрек», «қара жамылу», «қаралы көш», «қара қазан», «қара шаңырақ», «қара жер» сияқты ұғымдар соның айғағы. Сондықтан да қара түстен кейде қорықсақ, кейде жұбаныш табамыз.

«Ақ гүлді көрдім, қызыл гүл тердім, ал мұны,
Көргенім осы, жабырқап кетті жан мұңы.
Қара гүл тұрар қауызы тұнып тамшыға,
Гүлдің де сірә, болады екен ғой тағдыры...»


Ұйыған сүттей әдемі сурет емес пе?! Естіген болсаңыздар қара қызғалдақ (черный тюльпан) деген гүл болады. Әгәраки, сыйлыққа осындай көмірдей қара гүл алар болсаңыз мағынасы «тұрақтылық», «жанпидалық» дегенді ұқтырады екен. Гүлтанушылар «Сенімен бірге өлуге де дайынмын» дегенді білдіретіндігін айтады. Қара түс пен қара гүлді неге байланыстырып отырмыз? Бүгін біз әңгімемізде салған әні мен лүпілдеген нәзік сезімге толы лирикалық поэзиясы арқылы көпшіліктің жүрегінен орын алған Табылды Досымовтың «Қара гүл» әні туралы сөз қозғамақпыз.

Блог - Aya: «Қара гүл тұрар қауызы тұнып тамшыға...»Нақышы ерекше Табылдының әндерінде мәдениеттанушы Әуезхан Қодар айтпақшы «еуропалық интеллектуализм» бар. Бітісі бөлек шығармаларының ырғағы құлақ үйренген әлдебір жаттанды әуеннен ада тосын музыка. Сондай-ақ, көкірегіңде жатталып қалатын сыршыл, өрнекті суреттермен нақышталған тұтас дүние. Сондай шығармаларының бірі бардтың өзі сүйіп орындайтын «Қара гүл» әні.
— Табылды Досымовтың қазаққа кең тараған хит әндері студент шағында жазылған. Ол – 1980 жылдардың орта шені болатын, — дейді бардтың курстас досы, журналист Арман Сқабылұлы.

Осы бір әуезді әннің шығу тарихын білу үшін белгілі ақын, "Қара гүл" әнінің сөзін жазған Жанат Әскербекқызынан сыр суыртпақтап көрдік. Апамыз бізге оңай ақтарыла қоймады. Тіпті бұл танымал өлеңін қалай, қандай сәтте жазғаны есіне түспей қалған-мыс. Сендірмеді, сене алмадым. Осыған қарап әннің шығу тарихында үлкендердің арасында жатқан әлдебір құпия бар болар деп түйдім.

Блог - Aya: «Қара гүл тұрар қауызы тұнып тамшыға...»««Қара гүл» өлеңі енді бойжеткен 16-17 жасымда жазылған. Қандай жағдайда жазылғаны есімде қалмапты. Десе де қазақ танымындағы қара түс үнемі тұспалдап жеткізіледі. Қыздың бойжеткен тұсы – қауыз жарған гүлдің өміріндей ғана сәт. Өсіп шығады, қауыз жарады, солады. Сол аралықта бойжеткеннің басынан небір тағдыр өтуі мүмкін, қалтарыс-бұлтарысқа толы болады ғой. Ал әннің шығу тарихына келер болсақ, қандай жағдайдан туғанынан өзім хабарсыздау екенмін.Табылды менен кейін оқуға түсті ғой. Бұл мәтін қолына қалай түскенінен бейхабармын. Алғаш Табылды өзі гитарасымен орындап берген еді. Алайда жас болғандықтан әнге көп мән бере қоймадым. Тіпті бұл әнді қалың жұртшылыққа танымал болады деп еш ойламадым. Кейінірек мәдениеттанушы Әуезхан Қодар осы әнді орысшаға аудартықызып жүргенін естідім, кейінгі тағдыры қалай болғанынан хабарым жоқ екен. Өмірде Табылдымен етжақын араластық деп айта алмаймын, шығармашылық сыйластықта болдық».

Қош дедік те, ән тарихын сезімтал лириктің бірге оқыған жолдастары мен курстастарынан сұрауға бекіндік.

Серік Жанболат, журналист, ақынның курстас досы: «Табылдының сол кезеңдерде үлкен махаббаты болды, ғұмыр бойы ғашық болып өтті. Ол қазіргі күні Өскеменде тұрады. Сол махаббат мұңына арнап шығарылған ән деп ойлаймын. Бірақ нақты емес. Бұдан артық ештеңе айта алмаймын. Бүгінгі күні бұл әннің шығу тарихы белгісіз болып отыр».

Арман Сқабылұлы, тележурналист, ақынның курстас досы: «Мен Табылдымен бірге оқыдым, бір бөлмеде тұрдық. Шығармашылық сәттерінің көбінен хабарым бар, көп әні менің көз алдымда дүниеге келді. Бірақ осы «Қара гүл» әніне келгенде кібіртіктеп қаламыз, тархын білмейді екенмін. Табылдының «Қара гүлден» де мықты, рухты әндері көп. Алайда сазгердің өзі осы әнді ауызынан тастамай айтты. Автордың өзі өте қатты жақсы көрген ән еді».

… Иә, ақын Табылды өзі айтқандай махаббат қай заманда да ескірмейді екен. Ертеректе баспасөз бетіне берген бір сұхбатында ағамыз махаббат туралы әндері жайлы сауал қойған тілшіге былай дейді:
«Өнердің ар жақ тірегі махаббаттан тұрады ғой, операң да, балетің де, поэзияң да сезімнен туындайды. Ал қызға ғашық болмайтын жігітті мен дұрыс жігіт деп ойламаймын. Текті жігітті ғашық қылатын ару алдыңда тұрса неге ғашық болмасқа?! Неге оған сезіміңді әнмен, жырмен білдірмеске?!1986-87 жылдары әкем зейнетке шығатын болып тиісті орындар жаңа үй салып берген еді. Сол үйдің қора-қопсысын жөндемек болып ауылға кетіп қалды. Жаңа үйде шифонерден басқа ешқандай дүние болған жоқ, жаңғырып өлең айтсаң әдемі естілетін. Айна алдында отырып алып ән айту менің әдетім-тін. Сол үйдің ішінде «Қара гүл», «Сәйгүлік», Ұнатамын мен сені» деген үш әнді жаздым». Осылай қысқа қайырған ақынның өзі махаббаты мен «жүрегінің бөлшегіне» айналған арулар туралы жылы жауып қояды.

****

«Мына гүл менің мұңымды жаяр жаршы ма,
Сығалар мұңың, қансыра, жүрек, қансыра!
… Көз орынында көз емес, кейде қарасаң,
Қара гүл тұрар қауызы тұнып тамшыға...»


Тағдырлы ақынның әндеріне эстетикалық көркемдік, нәзіктік тән. Біз бүгін әуенде төгілген ғұмыр мен тағдырдың шығу тарихының үддесіне жете алмадық, білемін. Жалпы, ақынның сыршыл, тәтті мұң жатқан лирикалық махаббат әндеріне шабыт сыйлаған, арқау болған арулардың өмір жолы көмескі тартып жатады. «Шайыр біткендер шырмалып шырмауық-мұңға, Жұтады сосын қайғыны шарапқа қосып…» деген. Ендеше, Табылдының «Ұнатамын мен сені», «Күнікей қыз», «Ақ дидарың-ай», «Тәтті мұң» тәрізді әндеріне арқау болған махаббаты туралы әңгіме бөлек дастанның жүгі. Бірақ Белинский айтатын «поэзия — бақшадағы раушан гүлінің тікенін алып тастап, жұпар иісі мен сұлулығын жырлау» құдіреті бардтың қай әніне болмасын тән қасиет болып келеді. Осыны місе тұтамыз.

Төменде ән авторы Табылды Досымовтың орындауындағы жүктеме. Сөзін жазған Жанат Әскербекқызы. Мархаббат :)

Әрі қарай

САРЫ

Құтылатын амал қалмағанын ұққан жігіт ақырын ғана аспанға қарады. Артында мылтық кезеніп тұрған жендеттерге бұрылғысы да келген жоқ. Одан не пайда? Қарусыз адамды ата салуды ерлік санаған қорқаулардың түрі емес, соңғы көргені өзінің сары даласы болғаны мың артық. Патшаның сасық түрмесінде шірігенше, өзі сияқты кең даланы тынымсыз кезген ит-құсқа жем болғаны жақсы.
Әрі қарай

Астанада "Астана дауысы" байқауы өтіп жатқанын білесіз бе?

Блог - kaztube: Астанада Астана дауысы байқауы өтіп жатқанын білесіз бе?Жүздеген жас әнші, жалт-жұлт жарық ойнаған караоке сахнасы, елімізге танымал өнерпаздар, қатаң қабақты қазылар алқасы… Бұлардың бәрін «Астана дауысы» байқауынан көре аласыздар! Мақсаты биік, арманы асқақ жоба. Авторы және жетекшісі — Нариман Думанұлы деген белсенді жас азамат. Бұл істің басы қасында өзі шапқылап жүріп, жұмысын өрістетіп келеді. Келесі жылы халықаралық деңгейге шығуды жоспарлап отырған жоба жетекшілері биыл көптеген жас әншілердің талантын шыңдап, дарынын ұштады.
Блог - kaztube: Астанада Астана дауысы байқауы өтіп жатқанын білесіз бе?Бұл жобада ең әуелі жүздеген жасқа есігін ашты. Содан соң солардың ішінен небір күміс көмей, алтын дауыстарын таңдап алып сайысты бастаған болатын. Оларға вокалдан дәріс беріп, дауысын қояды. Содан соң олардың ішінен іріктеліп, іріктеліп келіп, финалға шыққандарға авторлық ән сыйлап, студияда жазып та береді. Бұл өнерге келген жас әншіге үлкен қолдау екені рас.
Сайыстың ерекшелігі — әр сайыс қаладағы түрлі караоке барда өтетін болады. Еркін, заманауи стильде жүргізіліп, жастардың барынша өздерін жайлы ұстайтындай атмосфера қалыптасқан.
Алайда бір әттеген-айы — насихат жағы ақсап тұр. Бұндай жобаның ең басты атқарар шаруасы сол насихат емес пе?! Бірақ ұйымдастырушылар ол жағына жете мән бермеген секілді. Бірақ біздің порталымыз осындай еңбекқор, патриот жастарға деген көмегін көрсеткісі келіп, жобаға ақпараттық демеуші болды. Дәл қазір қорымызда «Астана дауысының» бірнеше сайысының бейнежазбалары бар.
Айтпақшы сайыстың ерекшеліктерінің бірі әр сайыс әр түрлі тақырыптарға арналады. Мысалы мына сілтемедегі сайыс kaztube.kz/video/191603 Ұлы Жеңістің 70 жылдығына арналған. Сілтеме арқылы өтіп, Астана жастарының әндерін тамашалап көріңіздер!!!
Әрі қарай

Бла-бла

Тақырыпқа қарап, кей жайдарман командаларының сахнадағы бар тірлігі деп ойлап қалуға, баға беруге болар еді, ә? Неткен символизм… Бірақ, бұл жолы айтайын дегенім ол емес.
Жайдарманшыларды сынай отыра, мен сахнаға шығудың жауапкершілігін және оның артында қаншама еңбек жатқанын түсінемін. Әзіл жанрының микрофонға аузыңды қимылдатып берсең жеткілікті болатын басқа өнер түрлерінен қиынырақ екенін де білемін. Дегенмен, ізденіс барда бірнеше минуттық өнер көрсету қиын болмауы тиіс. Шыршалар-таяқтар, әлемде қаншама тақырып бар, жанр бар, оқиға бар! Туындылар бар! Әлем — үлкен! Ендеше, не ләйліп отырсың?!

Әуен таңдай білу — әр адамның талғамына қарай. Жеңіл, сөздерді қамти алатын ән таңдау және оның мүмкіндігінше көпшілікке таныс болғаны жақсырақ. Мәселен, шетел туындыларынан — Эрик Клэптонның «Лэйласы». Шедевр.


Әрі қарай

Сыр сұлуы! (ақсақалдың әңгімесі)

Бала кезімнен бері үлкендердің әңгімелерін естігенді жақсы көретінмін. Әсіресе тарихи әңгімелерін. Бұл оқиға да сол тойдан кейін, сол ақсақалдың әңгімесі.
«Жылжиды аққу» тағы да басқа әңгімелердің шет жағасын естігеннен кейін мен де ақсақалға жармастым. Жолымыз бір екен таксиге бірге отырдым. Сол өте шыққан жиырма шақты минуттың ішінде әңгіме айтқанды жақсы көретін ата Шәмші Қалдаяқовтың «Сыр сұлуы» әні туралы бір оқиғаны айтып берді.
Күндердің күнінде Шәмші ағамыздың досы үйіне келіп әңгіме барысында «Сырдан да жаны ерке, тістері күріштен де аппақ, жігіттердің барлығы әніне қосатын, Сыр бойы түгел мақтап жататын Саған шабыт әкелген Сырдың құпия сұлуы кім? Қашан көрсетесің?» деген екен. Шәкең де көп ойланбастан «Қатты көргің келген болса осындай күні келеді. Күтіп алуға менімен жүр» депті. Уақыт өте келе Шәмші аға қасына досын ертіп вокзалға келеді. Досы шыдамсыздықпен көзіне іліккен әдемі қыздардың барлығын нұсқап «осы қыз ба?» деп сұрай берген екен. Бір уақытта вогоннан түскен сұлулардың соңынан денелі, еркек шора әйел адам түсіпті. Шәмші досына қарап «Мені сағындарған Сыр сұлуы осы» деген екен. Көзіне басқаша елестеткен досы Шәмшіге ренішті көзбен қарап «Мына әйелдің қай жерін ұнаттың?» депті. Сонда Шәкең: «Досым, Сен менің әнімді түсінбеген екенсің? Оның тәні емес жаны сұлу! Қасыңа келіп сәлемдескенен бастап жанының сұлулығына ғашық боласың» депті.
Тәннің ғана сұлулығына сүйсінбей, Жанның да сұлулығын көре білейік!

Қайран сол Сыр сұлуы қайдасың?!
Әрі қарай

Жылжиды аққу!

Кеше тойдан кейін бір ақсақалдың әңгімесін естідім. Әңгіме бала кезден естіп өскен Кәкімбек Салықовтың «Жылжиды аққу» әні жайлы өрбіді.
… Кәкімбек ағамыздың жақын сырласқан досы дүниеден озыпты. Күйбең тіршілікпен Кәкімбек аға жаназасына қатыса алмай біраз уақыт өткеннен кейін туғандарына көрініп қайтайын деп досының ауылына келеді. Досының үйіне келіп қара құлыпты көрген соң көршілерінен сұрастырады. Көршісі «ауылдың сыртында үлкен көл бар, досыңыз дүниеден озғалы бері анасы сол көлдің жағасында отырады» дейді. Көлге барса жағады жалғыз әйел отыр, қарама-қарсы жалғыз аққу жүр екен. Аққу қайғылы үнмен қаңқылдаған сайын, әйел зарлана жылайды. Осыны сырттай бақылаған Кәкімбек Салықов «Жылжиды аққу» өлеңін дүниеге әкелген екен.
Бұл әнді ес білгелі қанша рет естісем де шығу тарихына, оның не жайлы екеніне соншалықты мән бермеппін. Жүрегіме қатты әсер берді. Әнге қайта ғашық болдым. Түні бойы қайталап тыңдай бердім.

«Қатар жүрген күндерді сыйлайықшы,
Біреу ерте, біреу кеш бір құлайды!»
Әрі қарай