Бізден бір қалған Блогкемп…

Бірнеше ай болды Блогкемптың логотипі секілді қызылды-жасылды өмір сүргенімізге. Екі күндік шара ептеп түсімізге кіріп, есімізден енді айырып бара жатыр еді, Құдай оңдап өтіп тынды. Еңбегіміз ел қатарлы сіңе қоймаса да, ертеңді-кеш тілеуін тілеп, тақымымызды қысып жүрген соң, құрылтайдың қисаймай, аман-есен өтуін шын көңілден тіледік. Тілегіміз орындалған секілді. Әйтеуір, мен сөйлескен жұрт ырза.


Он тоғызыншы ақпан күнгі кездесуде ұйымдастыру-үйлестіру жұмыстарына қатысты бірқатар шаруалар талқыланып тастады. Қандай дегенмен үйлестіру ісіне атсалысатын жауапты адамдарды белгілеп, тиісті шешімдер қабылдаудың да уақыты келген сияқты, өйткені аз ғана уақыт қалды ғой. Сонымен, маған тайм-киперлер тобын жинау тапсырылды. Жалпы, 7 аудиторияға 14 уақыт санаушы адам керек деп шештік. Әзірге, кешегі кездесуде қол көтеріп, ниет танытқандар мыналар:
