Жасылға оранып желегі,
Мен білем, көктемің келеді.
Көк аспан сол жылы көктемде
Шуағын өзіңе төгеді.
Ал қазір мен саған жыр жазам
Белгісіз боп келген дерегі.
…Кейде шын тиеді көмегі
Жазылмай қалса ақын өлеңі.
«Сөздер көп, асықпа,
Себебі,
Оны айтпау еш мүмкін емес боп
Тұрғанда ғана сен айтқайсың»
Высоцкий осылай деп еді.
Ал ол бос сөйлемес ер еді.
Ой мейлі, артығы, не кемі,
Қолымнан жыр жазу келеді.
Ал сенің келеді қолыңнан
Сол жырдың бола алу себебі.
Менімен, болмаса не менсіз,
Бәрібір көктемің келеді.
Саған деген ықыласпен, ынтызарлық сезіммен,
Жүрегіңді, қалауыңды берші маған дедім мен.
Алыс жүрсем құлазиды жаным сенсіз жабығып,
Сен бар кезде мәңгі өлместей бәдік күйді сезінгем.
Бір күлгенің! Бір күлкіңді көру маған шын бақыт!
Тәубә деймін дауысыңды қойғанына тыңдатып.
Көруді де бақыт еткен сенің жарқын жүзіңді,
Сол бір сәтте тәтті мұңға кетем лезде шым батып.
Қырау түссе қабағыңа – жас жүректі мұз еткен,
Жан болсамшы бірге жүріп бақытыңды күзеткен.
Ұйықтау тұрмақ байыз тауып отыруым бір арман,
Сені емдеп ала алмасам жалғыздықтай «сүзектен»!
«Қош» дегенде «кездескенше» дегенің деп білемін,
Сүйме мейлі, мен бәрібір тілекшің боп жүремін!
Алқымдаған сезімімді сырқатымның аты – сен,
Сол дертімнің дауасы да өзің ерке – біл емін.
Б. Әлібай 09.03.2011жыл.
Өмірдің жолы,
Сан қилы неге келесің?
Соншалық алдан,
Күтуде әрбір белесің…
Жетейін деген
Талпынған жүрек сөзіне
Аяқтан шалып, несіне қинай бересің
Бірақ та мейлі…
Тіршілік-жалған. Өтер күн!
Сүйгенім аман.
Оған да шүкір етермін…
Сездіре алмай,
Жалындап жазған сезімді
Фәниден мынау,
Сүйсініп қана өтермін…
Кеудеме сыймай,
Жүрегім неге тулайсың?
Тағдырдың жолын,
Арнаға өзге бұрғайсың!
Кей кезде көріп алыстан нұрлы бейнесін,
Бақытын тілеп,
Тілекші болып тұрғайсың!