Блогиада туралы естеліктерім

  • KazNET
KazNET: Блогиада туралы естеліктерім
Боладысынан, керісінше, болғаны қызық сирек шаралардың бірі — блогиада да ақтық мәресіне жетті. Блогиаданы қорыту, мына пақырларыңыз үшін сонша қиын боларын өзі де білмесе керек-ті. Тақырыптың аты аталған сәттен бастап, ойыма түрлі идеялар мен естеліктер қаумалап қоя бергені сол, тіпті ішінен мен үшін ең маңызды сәттерді де іріктеу оңай болмады. Қалай болғанда да, осы шарада маған тілеулес болған оқырмандарым мен жанкүйерлерім үшін әйтеуір бір қызығы болар деген ниетпен басымнан өткен қызықтарды тізіп өткім келеді.


1. «Сүмесүт»

KazNET: Блогиада туралы естеліктерім
Құрметті оқырманның есінде болса, сүт тақырыбына ұсынған фоторебім мәзірі ұмыт болған сүмесүт тағамын дайындау турасында болған еді. Алайда, көбіңізге ұнаған бұл фотореп соңғы күні жасалғанын бірі білсе, бірі білмейді. Себебі… cебебі, ол алғашында видеореп болуы керек-тін. Иә, Эльвираның «Көктем» тақырыбындағы фурорынан кейін-ақ, құр жазба мәтінмен бұл сайыста алысқа шабу қиынға соғатынын түсінген едім. Содан ба, назарым бұрын соңды елемей жүрген ақпарат беру әдісі — видеоға бірінші ойысқан еді.
Оның жарыққа шықпау себебі, өзіме бейтаныс видеомонтаж бағдарламасында жасалған клиптің кенет опат болуында. Жалпы, бұдан кейін де бейтаныс форматтармен бірнеше рет тәуекелге бардым. Оның сәтті болғандары назарыңызға ұсынылды, ал сәтсіздері ноутбугымның терең қатпарында қала берді. Бірақ, сол сәтсіздіктен бері видеореп жасау талпынысынан бетім қайтып қалған еді.
«Видеосюжетофобиям» сол күйі комплексқа айналып кетпеуі үшін ақыры әлгі видеоны өздеріңізбен бөліскенім дұрыс деп шештім. (Ескерту: Видеода әдепсіз сөздер кездеседі :-)



2. «Дивани Хикмет»


KazNET: Блогиада туралы естеліктерім

Қазылар тарапынан да, оқырмандар тарапынан да үлкен қошеметке ие болған «Дивани Хикметке» арқау болған фотолардың жартысы «Еркін тақырып» берілмей тұрып түсірілген болатын. Иә, оны қазір мойындаудың реті бар шығар, атышулы диванымды мен тақырып берілмес бұрын жөндеп қойған болатынмын. Тақырып берілгенде көрнекілік үшін диванның тысын қайта шешіп алып, бүкіл процессті қадам-қадамымен қайта суретке түсіріп, симуляция жасаудың реті келді. Тіпті маталар дүкеніне қайта барып, сатып алған матамды тауып, оны суретке түсіруге тура келді. Тақырып берілгеннен кейін, маған тек сюжет желісін жасап, оған кішкентай орындықтың жасалуын қосып, «азан шақырып» репортаждың атын қою ғана қалған болатын. Ақыр соңындағы «Блогиада» жазуын әбден тәптіштеуге уақыт пен ниет қайдан пайда болғанын енді сіз де білесіз:)




3. «Синемалогия»

KazNET: Блогиада туралы естеліктерім
"Ұрыспаймын" деп уәде беріңізші тек. «Синемалогия» деген жазбада естеріңізде болса, алдымен бір топ жамағат психоаналитикке белгілі бір киноға қатысты пікірін білдіреді… Жоқ. Ондай киноталдауға қатысқаным да, жазылған пікірлердің болғаны да рас. Тек… дискуссияға қатысушылардың есімдерін есіме түсіре алмадым. Сол мезет көңіл-күйім дұрыс болмады ма, әлде жасаған жазбам өзіме ұнамады ма, қатысушылардың аттарын ойдан шығардым. Онда тұрған да ештеңе жоқ болар еді, әрине, олардың есімінің алғашқы әріптерін тігінен оқыған адам «далбаса» деген сөздің орысша баламасын көретіні болмаса…

4. «Асқар»

KazNET: Блогиада туралы естеліктерім

Бұл видео тек ішінде «аса мәртебелі» өзімнің болғандығымен есімде қалады деп ойлайтын шығарсыз. Әрине, ол да бар. Дегенмен, блогиада финалынан есектей дәмесі мен мамонттай мүмкіндігі болған Жандостың сол видеоны жасау кезінде Шиеліге келіп қандай қиындыққа ұрынғанын көру де бір қызық болды. Мысалы, менімен жаттығу залына барғанда, камерасы бар адам көрсе үркитін басшылықтың «съемка» жүргізуге келісімін алу үшін жарты сағатымыз кетті. Оның барлығы Жандостың дайын өніміне кірмеді. Сондай-ақ, Жандос пен оның досы, әрі уақытша «операторы» арасындағы қызықты қарым-қатынасты да көрген жоқсыз. Бәрін Джеймс Камерондық перфекционизммен «как положено» қылғысы келген таза режиссерлерше күйгелек Жандосты жұмыс үстінде көру бір кәйп те, оның ескертулеріне ара-тұра тіксініп қалатын досы Нұралының шырт кетіп, «арс» етіп өзіне кейіп тастайтын сирек сәттерін көру бөлек бір ғанибет:)

Шиелінің негізгі тасжолымен күннің аптабына көніп, бірі камера, бірі штатив, бірі рюкзак арқалаған үшеуіміздің қасымызға бір көлік тоқтап, ішінен қазандай бір бас шығып, «Ей, не істеп жүрсіңдер?» — дейді. Біз, шыны керек, бір-бірімізге қарап, бір сәт аңтарылып қалдық. «Кетнақ» деу керек пе? Жоқ әлде бірдеңе бүлдіріп жүрген бүлдіршінше «Жоқ, ағасы ештеңе, жай ойнап жүрген» — деуіміз керек пе? Бәлкім, оларға блогиаданын не екенінен бастап түсіндіріп, лекция оқуымыз керек пе еді?
— Сізге қатысы жоқ. Жігіттер, жүре беріңдер! — дедім мен бір кезде.
— Ей, нақ, мен адам сияқты сұрап тұрмын!— дейді анау жауапқа қанағаттанбағанын білдіріп.
«Аға-көкелеп» оны шығарып салып болып, келе жатсақ, алдымыздан жол полициясының көлігі көрінді. Кенет, Жандостың досы — Нұралы жүгіріп барып, көліктің ішінен бір жас баланы сүйреп алып шықты да, оны қыспаққа алып жатқан жол полициясымен ерегесе бастады.
Жандос екеуміз аң-таң күйі жақындадық. Камераны көрген жол полициясы да ыңғайсыз күйге түсті. Бақсақ, мәселенің мән жайы мынада екен. Нұралы — қазір Астанада жұмыс істеп жүрген Шиелілік режиссер жігіт. Ал жол полициясы ұстап алған жас бала оның қара шаңырақта қалатын інісі болып шықты.
Нұралының ашуына себеп болған — жол полициясының жас баланы документсіз көлік айдағаны үшін соққыға жығайын деп жатқаны. Оның бәрі камераға түсіріліп жатыр. Әйтеуір, жолполшылар тап солай ойлауы үшін барлық жағдай жасалды.)))
Нұралының інісінің кінәсы — құжатын үйде тастап кеткені. Ал жолпол қызметкерінікі — оған қол жұмсауға әрекеттенгені. Баланың мойнында тіпті қолдың іздері қызарып қалып қойған. Видеоайғақ бар. Куә бар)))
Шиеленіс тереңдей түсер ме еді, Жандос ортаға араласып, мәселенің дипломатиялық шешімін, яғни бас аман, көз түгелде инцидентті ұмытып, тыныш тарқап кетуді ұсынбағанында. Бұл шешім жолполшыларға да, сіңбіруге уақыт таппай жүрген бізге де керек еді. Сөйтіп, бәріміз өз жайымызға кеттік.
Небары бір сағатқа жетпес уақыт аралығында, бейтаныс мекенде жергілікті бюрократиямен де, «гопниктермен» де, жол сақшыларымен де қақтығысып үлгерген Жандостың жайын түсініп отырған боларсыздар.
Welcome to Shiely, Жандос!


5. «Пицца»

KazNET: Блогиада туралы естеліктерім
Баяндаудың ең ежелгі әдісі — ертегі форматын «киім» тақырыбында қолдану ойымда жоқ еді. Ол айланы мен осы фастфуд тақырыбында қолданып көрмек едім. Пицца жасалды, фото түсірілді, бірақ әңгімемнің желісі ертегі форматына еш үйлеспеді. Қисық-қисық, эпизодтары бір біріне жұқпайтын ертегіні жариялағым да келмеді. Сөйтіп, интернет кезіп, жаңа форматқа шабыт іздеп, ақыры таптым-ау дегенде… кен орнындағы шағын вагоншығымыздың генераторы бұзылды да қалды. Бұл бірінші рет емес. Бірақ, осы жолы шеберлер генератордың тек таңға жуық қосылатынын айтты. Ал маған жазбамды жариялау керек.
Болды. Бітті. Осымен, менің блогиададағы жолым аяқталған шығар. Қайта, осы кезге дейін, жолым болғанына Құдайға мың алғыс айтуым керек шығар. Әдепкі кезде, келіншегіме звондап, нобайда тұрған жазбамды жариялауын сұрайтын едім. Бұл жолы, нобайда тұрған жазбам да жоқ. Қашанғы жолым бола берсін… Сөйтіп, шүкірфонымнан Жандосқа звондап, «Осымен, біздің жол да аяқталды!» — дедім.
Жандос әрі-бері альтернативті варианттар ұсынып көрді. Бірақ, оның ешқайсысы менің жағдайымда жүзеге асыруға келмейтін. Тіпті, «Мен үйге жетіп алайын, сен маған пароліңді айтып, телефон арқылы мәтінді баяндап тұр, мен жазайын, көрнекіліктерді кейін жарық қосылғанда қосасың!» — деген ұсыныс та жасады. Үйдегілерге де хабарын жеткіздім. Олар да демін ішіне тартып отырды. Осы жанталасымды көріп отырған бастығым да алаңдай бастады.
— Оскар, мердігерлерден жаңа генератор сұрап көрсек қайтеді?
— Көрейік, Митч, болса — болды, болмаса — қойды енді.

Жаңа генератор жол-жөнекей еш жерде батып, тұрып қалмай, дер кезінде жеткенінің өзінде, бізге әлі басқа қондырғыларды көшіру қажет еді. Бұл екі мәселенің үйлесе қалу ықтималдығы нөлге жақын ғой. Дегенмен, біз тапсырған жаңа генератор біздің мынау ит өлген жерге дер кезінде жетті емес пе!? Жеткенше телефондарына бізден де дамыл болмады:)
Сағат кешкі тоғыз бен онның арасы.
"Ә, көзің ашылғыр, келдің ғой жарықтық!"
Ноутымды ашып, жазған шытпағымды түгел өшіріп тастадым да, бағана тауып алған онлайн-сервисімді ашып, басқа бірдеңелерді жасап тастадым. Ертегіге де бір кезек келер, бірақ бұл жолы емес.


Назарыңызға тұрады-ау деген естеліктерімнің сиқы — осы. Доданың басы-қасындағы барлығыңа рахметімді айта отырып, Айжан Кульмухамбетоваға қайтпас қайсарлығы үшін, Жандос Құсайынға маған жаңа планкалар қойғаны үшін, бірінші кезеңнің бірінші турын аутсайдер болып бастап, талап пен қажырлық арқасында біртіндеп жетінші орынға, одан үшінші орынға секіріп, анық фаворит екендігін баршаға мойындатқаны һәм өзінің мінезі сияқты жып-жылы посттары үшін Айгерім Кеулімжайға ерекше алғысымды білдіремін. Айгерім, мен сенің талантыңа ешқашан күмән келтірген емеспін!
Барша жанкүйерлер мен тілектес қауымға сенімдері мен рухани дем бергендері үшін басымды иемін.
Блогиаданы менен сұрасаңыз, әрбір блогер өмірінде бір рет болса да басынан өткізуіне тұрарлық, теңдессіз тәжірибе деп білемін. Сондықтан, келер жылғы блогиадаға блогерлердің барлығын қатысуға үгіттеймін.
Блогиада мені бармайтын жерлерге барғызды, айтпайтынды айтқызды, іздемейтінді іздетіп, әдетте қызықпайтын салама қызықтырды. Талаптансаң, мүмкіндіктің кеңи түсетініне келесі бір мәрте көзімді жеткізді… Бла-бла-бла кезекті мерекелік, көзіне жас алып, елжіреп тұрған қимастық тост тәрізді пост бұл, иә. Әйтсе де, блогиада аяқталғанымен, қазақ блогосферасында енді қарымды блогерлердің, сапалы посттар мен талғампаз оқырмандардың жаңа дәуірі басталғанына сенемін. Ал, құтты болсын!
Әрі қарай

Туыстығы адам сенгісіз 10 жұп хайуан

Дельфин мен кит балық емес, сүтқоректі екенін мектептен-ақ білгеніммен, кейде дельфин акуладан гөрі бізге жақын екенін ойлап, басым жарылып кете сақтайтын. Ғалымдар бұл сиқырдың сырын «конвергентті эволюция» деген ақылды сөзбен түсіндіреді. Арасында еш туыстық байланысы жоқ екі хайуан бір табиғи ортада өмір сүргенде, оларда сырттай ұқсас белгілер мен қасиеттер пайда болады. Бірақ, құлағы ұзын екен деп есек пен қоянды туыс дей алмаймыз ғой! Сол сияқты, жарқанат та ұшатынына қарамастан торғайға туыс емес. Ал кейде керісінше, сырттай мүлде ұқсамайтын екі жануар біз ойлағаннан әлдеқайда жақын туыс боп шығады.
«Биеден ала да туады, құла да туады» дегендей, бұл туыстардың бір ұрпағы жан сақтаудан «спорт шебері» болса, екіншісі жүзуден чемпион. Үшіншісі жай ғана көптің бірі, көттің кірі. Ал төртіншісінің сорлап қалған кескінін көрсе, қанжар тісті атасы ұяттан жерге кірер еді. Ендеше, хайуанаттар әлеміндегі адам айтса сенгісіз 10 туыстықтың үлгісімен таныс болайық.


10. Қалталы қоңыр тышқан мен коала

Жануартану: Туыстығы адам сенгісіз 10 жұп хайуан
Бұл аңшық бір қарағанда тышқанға ұқсайды. Екі қарағанда да тышқаннан айыру оңай емес. Австралиялықтар "қалталы қоңыр тышқан" деп атағаны да содан. Дегенмен, «antechinus» деп аталатын бұл жануардың кеміргіштер тобына еш қатысы жоқ. Кеміргіштерге тән болатын ұрық жолдасынан бұл шибұттар жұрдай болған соң, ғалымдар оны қалталы жыртқыштар тобына жатқызады. Яғни, қалталы тышқан мен коала жеті атадан қосылмаса да, бір қалталы хайуаннан тарайды.

Тек бірі талға, бірі жер бетіне тұрақталған. Сол сәттен бастап, жердегісі ірі жануарлардан құтылу үшін шалт жиырылатын бұлшық еттерді дамытады. Қашып-пысқан тіміскі-тышқани өмірден шөгіп, көрген адам қолына түскен затпен ұрып өлтіргісі келетін ұсқынсыз кейіпке келеді. Ал талдағысының салыстырмалы қауіпсіздігі, керісінше, баяу жиырылатын бұлшық еттерді ғана дамытуға мұрша береді. Нәтижесінде, екінші топ жалқау, ұйқы мен жапырақ соғудан басқа түк бітірмейтін сүйкімді коалаға айналған көрінеді.
Жануартану: Туыстығы адам сенгісіз 10 жұп хайуан


9. Мара (Патагония қояны) мен теңіз шошқасы

Жануартану: Туыстығы адам сенгісіз 10 жұп хайуан
Әңгіме көрші райондағы 81-дің Марасы туралы еместігін сезіп отырған шығарсың. Келесі кейіпкердің ұсқыны фотошоппен жасалғандай. Бұны балаңа көрсетсең, «асырап алайықшы» деп «зайыбыңды» алары анық. Бұл не өзі? Мал ма? Қоян ба? Кенгуру ма?
«Патагония қояны» деген екінші атына қарамастан, Мара — қоянтәрізділер емес, кеміргіштер «руының» өкілі. Ал кеміргіштердің ішінде Caviidae «әулетінен» тарайды. Демек, Мараға қояннан бұрын өз «әулетінен» шыққан кәдімгі теңіз шошқасы әлдеқайда жақын екен.
Жануартану: Туыстығы адам сенгісіз 10 жұп хайуан


8. Шиншилла мен жайра

Жануартану: Туыстығы адам сенгісіз 10 жұп хайуан
Терісі бағалы шиншиллалар туралы нені білген дұрыс? Біріншіден, олар алғашқы махаббатына мәңгі адал келеді. Ну, енД… «мәңгі» дегенде арқам қозып кетсе керек, 10-15 жылдай дейікші. Үйде олар шамамен сонша уақыт өмір сүреді екен. Екіншіден, шиншилла үй қояндарымен де, егеуқұйрықтармен де анау айтқандай туыс емес. Оның ең жақын туысы — жайра. Гендік-молекулалық сараптамаға сәйкес шиншилла кеміргіштер отрядының Hystricomorpha немесе «жайратәрізділер» тармағынан тарайды. Ал жайраны қазақтар «тағылан» және "үлкен кірпі" деп атағаны жөнінде деректер бар. Дегенмен, жайраны үлкен кірпікшешен деп атау дұрыс емес, себебі, кірпілер кеміргіш емес, өз алдына бөлек тұқымдастар өкілі.
Жануартану: Туыстығы адам сенгісіз 10 жұп хайуан


7. Қорқау қасқыр мен мангуст

Жануартану: Туыстығы адам сенгісіз 10 жұп хайуан"Қой, енді қасқыр мен мангустты шежіренің бір бұтағына мінгізуің қалды," — демей тұра тұрыңыз. Сіз, бәлкім, гиенаны ірі мысықтардан «отдуши» таяқ жеп, «чмо» боп қалған қасқырға ұқсататын шығарсыз. Кешегінің қазақтары да солай ойласа керек. Алайда, бұл қанқұмар жыртқыштың қанында ит пен қасқырға тән мінездің ізі де жоқ. Неге?
Жыртқыштар (Carnivora) мысықтәрізділер (лат. Feliformia) және иттәрізділер (лат. Caniformia) болып екіге бөлінеді. Қорқаулар бас сүейгі мен тістерінің құрылысына сәйкес мысықтәрізділерге жатады. Мангуст та сол топта. Сондықтан, мангуст тұқымдастары Қорқауларға кәдімгі дала тағысынан әлдеқайда жақын деуге негіз бар.

Камерасымен хайуандарды алды-артынан түсіріп, аң аңдумен өмірі өтетін жанкештілер "өлексе жеген өлімтік" деген айып арқалаған қорқау қасқырдың, шындығында, көздеген жемтігінің 90 пайызының түбіне өзі жететінінін анықтапты-мыс. Сол рас болса, қорқау қасқыр, жеме-жемге келгенде, он жорықтың бесеуінде қанжығасы бос қайтатын аң патшасынан да епті болғаны.
Бәсе деймін, әбжыланға әкесін танытқан «Рикки-Тикки-Тавидің» «жиеншары» сүмелек болмаса керек-ті.

Жануартану: Туыстығы адам сенгісіз 10 жұп хайуан


6. Есек пен мүйізтұмсық

Жануартану: Туыстығы адам сенгісіз 10 жұп хайуан
Бірнеше мың жыл бұрын қасқа маңдайына адамзатқа құл болу жазылған жуас тақтұяқтылар (жылқы, есек һәм зебра) жүгімізді, қару-жарағымыз бен өзімізді тасымалдаудың таптырмас құралы болып келгені рас. Сондықтан, «есек пен жылқының ең жақын туысы — төрт түліктің бірі» деген ой туу мүмкін. Ойыңызды бөліп жіберсем, кешіріңіз, бірақ жылқы тұқымдастардан бөлек тақтұяқтылардан бұ заманда тек мүйізтұмсық пен тапир ғана аман қалған.

Әрине, зообаққа соңғы рет бес жасыңызда барған болсаңыз, «Тапир» дегенің не пәле, тағы?" деуіңіз де ғажап емес.

Ендеше, «тапир» дегенім — мына бәле:
Жануартану: Туыстығы адам сенгісіз 10 жұп хайуан
Иә, әлгі Мел Гибсонның «Апокалипсис» фильмінде шошқаша қорсылдап жүріп, үндістердің құрығына түсіп қалатын мақұлық осы. Түріне қарасаң, сауыт-сайманынан айрылып, мұңайған боқтың күйіне түскен мүйізтұмсыққа келетін сияқты, ә?
Әлде үнемі іші қаталап жүретін жалғыз жануар осы ма екен? Жануартану: Туыстығы адам сенгісіз 10 жұп хайуанҚалай болғанда да, тақтұяқтылардың даму жолына көз жүгіртсек, анық ұқсастықты байқауға болады. Мысалы, мүйізтұмсықтың аяғында үш «башпай» бар…

… жылқыларда да болған. Бір кездері. Бірақ қос қапталындағы екі мыртық бақай уақыт өте келе семіп, ортадағы алып тұяғы ғана қалды.

Жануартану: Туыстығы адам сенгісіз 10 жұп хайуан


5. Ехидна мен үйректұмсық


Ехиднаның суретіне қарағанда, алғаш ойың: «Ай, осы дәу де болса жоғарыда аты аталған жайраның туысы шығар...» — болуы мүмкін. Олай емес екенін білген соң. "Әлде, кірпінің туысы ма?" деп кірпінің туыстарын түгендеп кетерсің, бәлкім.
Азғын қиял «Ох! Бұл әлгі екеуінің садо-мазо стиліндегі жыныстық қатынасынан туған көрбақ қой!» дегізбей тұрғанда, тікенектің арғы жағына үңіліп, құс тұмсығын байқайық. Тәк...Үңіле түссек, оның қарнында қалтасы бар екенін көреміз. Әрі қарай жақындай түсуге рұқсат беретін дипломымыз жоқ, әттең, әйтпесе оның қосмекенділерге тән ұлы, кіші, орта дәреттерімен қоса жұмыртқаны да сала беретін жалғыз мүшесі барын байқай алар едік.
Аталған қасиеттердің барлығы бір бойынан табылатын жануар әлемде біреу ғана — үйректұмсық.
Үйректұмсықты алғаш тапқан ғалым біреудің бұрыштан атып шығып мұның бәрі әзіл екенін айтуын бір күн күткен көрінеді.
Үйректұмсықтың үйрек тұмсығы, құндыз құйрығы, ескек аяқтары мен кенгуру қалтасы оны эволюцияға да, жоспарлы жаратылысқа да қарсы аргумент қылып жіберді.

" Қойшы-ей, рас па? Үйректұмсықты қалай түсіндіресің ал?"

Жануартану: Туыстығы адам сенгісіз 10 жұп хайуан


4. Аю мен итбалық

Адамның аюға деген пейілі қызық, негізі. Бір жағынан, бала болып құшағына ойыншық аю басып көрмегендер сирек, ал екінші жағынан, шын аюмен бетпе-бет кезігіп қалсақ, бұтымызға жіберіп қояр едік. Суретіне қарап, аюларды құшақтап алғың келгенімен, өміріңдегі соңғы құшағың сол болатынын әлгі жеріңмен сезіп тұрасың. Ескекаяқтылар деп бұрын итбалықтар мен морждарды біріктіретін сүтқоректілердің бөлек отрядын атайтын. Бүгін итбалықтар мен морждар жыртқыштар отрядының иттәрізділер (лат. Caniformia) деген кіші отрядына дербес әулет ретінде қосылып, эволюция бұтағында аюлар мен сусарлардың "құдайы" көршісіне айналды.

Осы кезде, сен ашуланып кетіп: « Ау, епті ғана, ана байғұстардың аяғы да жоқ қой! Бұтақбас ғалымдардың бізді ауыздан тігіп отырғанын осыдан-ақ көрмейсің бе? Әлде, соны байқау үшін де биолог болу керек пе?!» — деп, бақырып жіберуің мүмкін.
Иә, бірақ итбалықтың «ескектеріне» мұқият қарап көрдің бе? Жауабыңды «Жоқ!» деп болжап отырмын. Ендеше, суретке зер салайық:
Жануартану: Туыстығы адам сенгісіз 10 жұп хайуан
Енді, аюдыкіне қара:
Жануартану: Туыстығы адам сенгісіз 10 жұп хайуан
Итбалықтың ескегі жалпақ, аюдың тырнақтары ұзын. Алайда, екеуінің де әр аяғында ішке тартылмайтын 5 тырнағы бар, сүйек құрылымдары бірдей, жүру сипаты бойынша да табаны мен бақайлары жерге бір мезетте тиеді.
Жануартану: Туыстығы адам сенгісіз 10 жұп хайуан
Канадалық Девон аралындағы қазба жұмыстары ескекаяқтылар осыдан 20 миллион жыл бұрын Жер мақанның бетін мекендеген жыртқыш пуйиладан (лат. Puijila darwini) тарағанына меңзейді-міс. Бұл педри… кешірерсіздер, пуйила құрлықта да, су ішінде де көкесінің үйіне келгендей ойқастап жүргенге ұқсайды.

Ал бүгінгі ескекаяқтылар артық «жүгірістің» бәрін қойып, жалпиып жата бергенді жақсы көретін сияқты. Бекер-ақ, әйтпегенде, өзінің ептірек туысының күнделікті асына айналмас еді…
Жануартану: Туыстығы адам сенгісіз 10 жұп хайуан


3. Тау даманы мен піл

Жануартану: Туыстығы адам сенгісіз 10 жұп хайуан
Пілдің ең жақын екі тірі туысының бірі — тау даманының кескіні бойын рухани сырқат не үрей билеген суырға ұқсайды. Оның тұрақты мекені Израиль, Палестина мен Оңтүстік Африка жартастары.
Оңтүстік Африка! Ауылдың кіл бұзықтары жиналған сыныпқа түскен әлжуаз баланы елестете аласыз ба? Сілеусіндер, қабыландар, әбжыландар, жабайы иттер мен бүркіттер жайлаған бұл тозақта даман сияқты «чорДтар» қалай аман қалады?
Түріне қараңызшы.
Жануартану: Туыстығы адам сенгісіз 10 жұп хайуан
Өш, көтек, сойдақ тісін ақситып, айбат шегіп қояды екен ғой бұл да? Одан да, анау тышқанның құмалағындай боп қалған күрек тістерін өсіріп, кеміргіш бола салғаны артық па еді? «Сойдақтан» гөрі, "ұры тіс" деген дұрыс шығар бұныкін. Әрине, қан майданға дамбалшаң аттанып кеткен жанкештілігіне қол соқпасқа болмайды. Дегенмен, даманның көті бүріспей жүретін кезі болмайды. Оның бүкіл өмірі қоректену, "қай жағымнан жау келер?" деп жалтақтау мен жыртқыштарға жем болудан тұрады.
Ал сол кезде оның ең жақын бөлесі ұзын тұмсығын көтергіш кран, қол және субурқақ қызметіне жегіп, еңгезердей денесімен жыртқыштарды үркітіп жүреді. Сырттай мүлде ұқсамайтын екі жануарға ортақ нәрселер:
1) Екеуінің де алдыңғы аяқтарында төртеуден тұяқ бар, артқысында үшеуден.
2) Тау дамандары пілдер сияқты қауымдасып тіршілік етеді.
3) Бас сүйегі мен асқорыту жүйесі пілдікіне ұқсайды.
4) Екеуі де бір-бірімен байланыс үшін алуан түрлі дыбыстар қолданады.

Жануартану: Туыстығы адам сенгісіз 10 жұп хайуан


2. Піл мен ламантин

Пілдің дамандардан басқа, «Ламантин» деген тағы бір ұсқынсыз туысы бар. Мына Табиғат мақанның «сіңбірігіне» ұқсаған жануар алыстан моржға ұқсағанымен, ескекаяқтыларға еш қатысы жоқ. Ламантинның даму жолы біз білетін барлық теңіз сүтқоректілерінен дербес өрбіді.
Ұзын сөздің қысқасы, пәленбай миллион жыл бұрын, бойы қысқа, семіз, Prorastomuses атты Ямайкалық мамонттар судың айналасынан шықпай қалады. Ақыры толық суға өтіп, түгенбай миллион жыл дегенде, денесі білеуленіп, ішіне қазы тығылған бүйендей жылтыр, суда баяу қалқып жүріп-ақ сілікпесі шығып, шаршап жүретін бұтақбас бір жануар пайда болады.
Жануартану: Туыстығы адам сенгісіз 10 жұп хайуан


1. Дельфин мен сусиыр

Жануартану: Туыстығы адам сенгісіз 10 жұп хайуан
Соңғы жұп — туыстығының дәлелі бар да, айғағы жоқ жұп. Өз көзіме сендірей, викиға тойдырмай, Дискавери мен Би-Би-Си каналдарын аралатып жіберген тап осы жұп болатын.
Сену қиындау, бірақ кит пен дельфиннің «бабалары» камшат, cусар сияқты жартылай су аңдары болыпты. Киттәрізділердің (лат. cetacea) сусиырмен туыстығы жайында бұрын да оқығанмын. Әйтсе де, олардың бұтақтары қай жерде тоғысатынын білмейтінмін. Әйтеуір, ортақ аталары жұптұяқты болғаны және шамамен 50 миллион жыл бұрын киттәрізділер мен антракотерийлерге бөлінгені белгілі.

1-суретте Ambulocetus — (лат. «жүретін кит») мүсіні түсірілген. Ол — кит пен дельфиннің сүйкімнен жұрдай арғы атасы.

Ал 2-суреттегісі — сусиырдың ішті айдайтын фито-шайларды ішіп-ішіп, азып кеткен Антракотерий деген атасы. Очм, Амбал Әсеттің ұрпағы уақыт өте келе суға әбден бейімделіп, құрлыққа тұяғын бір сілтеген сияқты. Ал Антракотерийлер біржола жойылып біткен. Бірден емес, біртіндеп сусиырдың балиғатқа толып, мұрагер боп қалуға шамасын білген соң ғана кете берген.

Жануартану: Туыстығы адам сенгісіз 10 жұп хайуан

Күмәнданайын десем, жоғарыдағы туыстықты ғалымдар ДНҚ-сараптамасы мен жануарлардың сүйек құрылысына сүйеніп жасаған. Сене салайын десем, бұл жұптардың аралық түрлері әлі нақтыланбаған.
Айталық, ғалымдарды «Осы туыстықты негізге алып, дельфин мен киттерді жұптұяқтылар отрядына жатқызуға бола ма?» деген сұрақ мазалайды. Себебі, онда сусиырлар ғана емес, маралдар, түйелер, сиырлар, тіпті шошқалар мен керіктер де дельфиндерге жұрағат болып кетер еді.
Иә, барлық адамдардың түбі бір болатыны сияқты, хайуандардың да түбі бір екеніне сенуге болады. Тек филогенетика мәселесі — олардың бір-бірінен қашан, қай тұста және нақты қай түрден қалай тармақталатынын анықтау. Ал заманауи зерттеулер нәтижесі бізді әлі талай таңқалдыратын сияқты.



дереккөздер:
www.cracked.com, www.bbc.co.uk/nature/prehistoric, www.bbc.co.uk/nature/wildlife/,
Cуреттер: www.wikimedia.org, www.flickr.com, www.sciencedaily.com, www.zoosite.com.ua


Әрі қарай

Ер Төстік 2.0 немесе «Тұрқыңа сай киіне білесің бе?»

Менде бір керемет сюжет бар...: Ер Төстік 2.0 немесе «Тұрқыңа сай киіне білесің бе?»


Ерте, ерте, ертеде, лама жүні келтеде, Кенжекей сұлу Ертөстік хикаясын жалғастырмақ болыпты. Ертөстіктің Айдаһарды жеңген күні ішкілікке салынып кетуі себепті, басты кейіпкердің орны бос қалыпты. Кенжекей әрі ойланып, бері ойланып, ертегі сиквелына басты рөлге лайық жігіт керек екенін айтып, жарияға жар салады. Сол-ақ екен, ертегі әлемінде сенделіп жүрген еркек кіндікті жеті кейіпкер желпініп жетіп келеді. Бірақ, Кенжекей жетеуін де «Бірдеңе жетіспейді» деп қабылдамай қояды.
Жетеуден маза кетеді.

«Әттең, тым арықпын, әйтпегенде өтер едім!» — дейді Желаяқ.
«Әттең, мойным қылдай, әйтпегенде өтер едім!» — дейді Көреген.
«Әттең, қолым сөздің тура мағынасында ғана ұзын!» — дейді Епті.
«Әттең, қампиған қарным болмағанда!» — дейді Көлтауысар.
«Қап, бойым қысқа боп тұрғаны!» — дейді Қаңбақ шал.
«Мені де «мойның қысқа» деп менсінбей қойған шығар!» — дейді Саққұлақ.
«Ай, дәу де болса, бөксемнен таптым-ау!» — дейді Таусоғар.

Менде бір керемет сюжет бар...: Ер Төстік 2.0 немесе «Тұрқыңа сай киіне білесің бе?»
Бұл сөздерін артынан еріп отырған Мыстан естіп қояды да: «Мен сендерге бұл қырсықтың дауасын айтайын, ал сендер маған отынымды тасып беріңдер», — дейді. Жетеуі келісіп, Мыстан кемпір тай сандығын ашып жібереді де, ішінен сымбат кемшіліктерін киіммен жасыру сыры жазылған бір бума қағазды алып, бір-бір парақтан таратып береді.


Жүдеу Желаяққа



ЖАРАСПАЙТЫНЫ:

ЖАРАСАТЫНЫ:

1. Қара, қошқыл және қою күңгірт түс;
2. Денеге жабысып тұратын свитер һәм сондай жеңсіз көйлек (футболка);
3. Бір өңірлі пиджак, терең ойықты пальто;
4. Кең, қолпылдақ үлгідегі олпы-солпы киім.

1. Кең балақты шалбар;
2. Жалпақ жаға;
3. Ашық түстер;
4. Көлденең жолақты киім;
5. Ірі әрі жалпақ жолақтары бар киім;
6. Бірнеше қабат киіну. Денеге қосымша көлем беру үшін (мыс: жейде + жемпір + пальто, жеңсіз көйлек + кеудеше + күрте т.с.с.);
7. Жейде, «толстовка», жұқа свитерлердің жеңін әдемілеп қайырып қою (бейресми кездесу, отырыстарда).


Менде бір керемет сюжет бар...: Ер Төстік 2.0 немесе «Тұрқыңа сай киіне білесің бе?»


Қылмойынды Көрегенге


ЖАРАСПАЙТЫНЫ:

ЖАРАСАТЫНЫ:

1. V-пішіндес ойық;
2. Жағасы ашық жейде;
3. Жіңішке галстук;
4. Мойынға тағатын жіңішке, сопиған, салпылдаған алқалар, баулар;
5. Тікірейтілген шаш үлгісі.

1. Биік жағалы сырт киім;
2. Тік жағалы жейде;
3. Жалпақ галстук;
4. Жағаңның түсі жейдеңнің түсіне кереғар болса;
5. Қауға сақал;
6. Шарф.


Менде бір керемет сюжет бар...: Ер Төстік 2.0 немесе «Тұрқыңа сай киіне білесің бе?»


Ұзынқолды Ептіге:


ЖАРАСПАЙТЫНЫ:

ЖАРАСАТЫНЫ:

1. Жеңінде тік жолақтары не жіңішке өрнектері бар жейде;
2. Жартылай шолақ жеңді жейде (3/4);
3. Жалпақ манжетті жейде.

1. Жалпақтығы орташа білезік не қол сағат;
2. Ұзын манжетті қолғап.


Менде бір керемет сюжет бар...: Ер Төстік 2.0 немесе «Тұрқыңа сай киіне білесің бе?»


Кебеже қарынды Көлтауысарға


ЖАРАСПАЙТЫНЫ:

ЖАРАСАТЫНЫ:

1. Денеге жабысып тұратын киім;
2. Тегіс, жеңіл мата;
3. Бүрмелі, қыртысты шалбарлар;
4. Қос өңірлі костюм, пальто, күрте;
5. Жіңішке немесе қысқа галстук.
6. Тым ашық түсті киім;
7. Бір-біріне кереғар түстер (мысалы: қызылға – жасыл, сарыға – күлгін, сарғышқа – көк кереғар);
8. Жалпақ көлденең жолақты киім.

1. Бір өңірлі, сәл кеңдеу костюм;
2. Үштік-костюм (тройка);
3. Суреті, өрнектері тігінен түскен костюм;
4. Белі жоғары шалбар/джинсы;
5. Кеңдеу киім үлгілері.
6. Бірыңғай, қошқыл, күңгірт түстер;
7. Назарды қарыннан алыстату: көзілдірік, сақал, жалпақ жиекті қалпақ, жуан қолсағат.


Менде бір керемет сюжет бар...: Ер Төстік 2.0 немесе «Тұрқыңа сай киіне білесің бе?»


Қарыс бойлы Қаңбақ Шалға


ЖАРАСПАЙТЫНЫ:

ЖАРАСАТЫНЫ:

1. Жалпақ жаға, белбеулер;
2. Бір-біріне кереғар түстер (мысалы: қызыл – жасыл, сары – күлгін, сарғыш – көк;
3. Қосөңірлі пиджак және пальто;
4. Кең шалбар не джинсы.

1. Суреті не жолақтары тігінен түскен киім;
2. Бір өңірлі пиджак не пальто;
3. Ұзын пиджактар не күртеше;
4. Белі жоғары шалбар не джинсы.


Менде бір керемет сюжет бар...: Ер Төстік 2.0 немесе «Тұрқыңа сай киіне білесің бе?»


Қысқа мойын Саққұлаққа


ЖАРАСПАЙТЫНЫ:

ЖАРАСАТЫНЫ:

1. Мойынға тағатын орамалдар;
2. Жалпақ галстук;
3. Жейденің жағасын "қылқындыра" түймелеген;
4. Жалпақ жағалар;
5. Шарф.
6. Сақал қою.

1. V-пішінді ойықтар;
2. Жіңішке галстук;
3. Үнемі қырынып жүру.


Менде бір керемет сюжет бар...: Ер Төстік 2.0 немесе «Тұрқыңа сай киіне білесің бе?»


Батпан бөкселі Таусоғарға


ЖАРАСПАЙТЫНЫ:

ЖАРАСАТЫНЫ:

1. Ашық түсті шалбарлар;
2. Тор көз (клетчатый) киімдер.

1. Қара, қошқыл, күңгірт шалбарлар;
2. Суреті тігінен түскен шалбарлар;
3. Ұзындығы бөксенің ортасына дейін жететін свитер, күртеше және пиджактар.


Менде бір керемет сюжет бар...: Ер Төстік 2.0 немесе «Тұрқыңа сай киіне білесің бе?»



Кемпірдің бұл мәрттігіне әбден разы болған жетеуі отынын жарып, пешін жағып береді де, Түркістанның базарына тұра тартады.
Су жаңа үлде мен бүлдеге стильдің барлық ережелеріне сай киінген кейіпкерлер Кенжекейге қайта барып, бақ сынамақ болады. Барғанша қалай боларын ойлап, уайымдаумен болады.
Ер Төстіктің отауына жақындаған сайын тізелері дірілдеп қоя береді. Үйге жақындағанда алдарынан шашы ұйпа-тұйпа, халатшаң Кенжекей шығады.
— Амансың ба, Кенжекей сұлу! — дейді олар бір ауыздан.
Кенжекей әлгілерді бірден танып:
— Қыз сынына қатысатындай біріңнен бірің сұлу болып келіпсіңдер ғой! — дейді.
— Енді өзің «бірдеңе жетіспейді» деген соң...— дейді олар да ұялғансып.
— Жетіскен түрлеріңе болайын сендердің, жүктібайымайдтар! «Жетіспейді» дегенде, мен шүберекті меңзеппін бе? Ой, жын буған, пері қуған, өңшең сайқымазақ! Сендерге Төстікжанның жігері мен сенімділігі жетіспейді! — деп жеті атасынан дым қоймай, қуып шығыпты.

PS. Тонадайда мырс-мырс күліп Ақнұр Бектеміс кетіп бара жатты…



Қолданылған ресурстар:
www.askmen.com — How To Hide Flaws With Clothing
www.ehow.com — How to dress to balance a short waist
www.noubikko.com — Waist tips
www.lifeinitaly.com – Men’s guide to hide body flaws
bitstrips.com/ — Your Own Personal Emoji


Әрі қарай

Садақа - Құдай разылығы үшін жасалған жақсылық

Біз өмір сүріп жатқан әлемді жаратқан Құдайдың разылығы үшін жасалған әрбір жақсы іс садақа болып табылады :x

Блог - rakisheva: Садақа - Құдай разылығы үшін жасалған жақсылық
Садақа ретінде берілген көмек адамды апаттардан, бәлелерден қорғап, дүниеде сау-саламатты өмір сүруге себеп болады. Осылайша жәрдем еткен адам дүниеде де, ақыретте де үлкен нығметтерге қауышады.

Бүгінгі жазбамда Әлемдік негізгі діндердегі садақаның роліне тоқталсам деймін.

ИСЛАМ ДІНІ

«Қолы ұзын адам»
Айша анамыз (р.а.) әңгімелеуде:

Аллаһ Расулы (с.а.с.) бақиға аттанбай тұрып өз жарларына: «Маған алдымен қолы ұзын болғаның қауышасың», – деп кеткендіктен, кейде қолдарымызды қабырғаға қойып, бір-бірімізбен салыстыратынбыз. Аллаһ Елшісінің «қолы ұзын» дегені көп садақа берушіні меңзегендігін кейін түсіндік. Зейнеп қайтыс болғанда барып, бұл әдетімізді тоқтаттық. Зейнеп аласа бойлы еді. Өзі ісмер әйел болатын. Тері илеп, түрлі киімдер тігетін. Тапқанынан көп садақа беретін».
Блог - rakisheva: Садақа - Құдай разылығы үшін жасалған жақсылық
Ислам дінінде мұсылманның бауырына жасаған барлық игі істері, жақсылықтары, қамқорлығы садақа болып саналады және одан ол сауап алады.
Блог - rakisheva: Садақа - Құдай разылығы үшін жасалған жақсылық

ХРИСТИАН ДІНІ

«Авель мен Каиннің садақасы»
Еңбектің оннан бір бөлігі Құдайдікі — Малахия 3:8-9
Авель қойшы болатын. Ол садақаға өзінің жақсы деген қойларын берді. Құдай оны қабыл алып, оның малының саны көбейе түсті.
Ал Каин диханшы еді. Ол Құдайға өзінің еңбегінің оннан бір бөлігін садақаға берді. Бірақ Құдай оны қабыл алмады. Садақасы қабыл болмаған Каинның жүрегін мұң басып, арты өлімге душар етті. Құдай оның садақасын қабыл алмауының себебі оның не алып келгендігін де емес еді. Ол еңбегінің оннан бір бөлігін шын жүрегімен беруі тиіс болатын. Каин болса садақаны өз еңбегінін ең соңында қалған, ештеңкеге жарамсыз, жартылай кеуіп қалған дақылынан берген еді.
Блог - rakisheva: Садақа - Құдай разылығы үшін жасалған жақсылық

БУДДА ДІНІ

«Қайтарым»
Бір ауылда Будданың өмір сүру салтын ұнатпайтын адам тұрыпты. Ол оны жалқау, жанына жастарды жинап алып бостан босқа уақыт өткізетін адам ретінде санайды екен. Оны білген Будда шәкірттерін жинап алып, сол адамның үйіне садақа сұрап барыпты.
— Бхавати! Бхикшам дехи! (Құдай жарылқаған! Маған садақа берші!)
Оны байқаған ол кісі:
— Бұл жерден кет! Мұнда саған бір тиын да берілмейді, — деп түрлі балағат сөздер айтып, оны мазақтап айқайлапты.
Будда оның ол сөздеріне ренжімек түгілі күлімдеп қана қойыпты. Сонда ол адам ашуын басқаннан кейін сабасына түсіп Буддаға барып:
— Әкей! Мен бір істі түсінбей тұрмын. Түсіндіріп бересіз бе?
— Айта ғой.
— Мен жаңа сізді түрлі жаман сөздермен балағаттадым. Бірақ сіз үндемей, тек қана күлімдеп қойдыңыз. Неге менің сөздерім сізге тимеді?
— Ойлап көрші, сен маған тамақ алып келіп бердің. Бірақ мен оны жеуден бас тарттым. Ол тамақты сен не істейсің?
— Мен оны қайтадан алып кетемін.
— Сен бағана маған тамақтың орнына жаман сөздер бердің. Мен оны алудан бас тарттым. Енді оларға не болады?.. Олар сенің өзіңе қайтып барады. Менің оған еш қатысым жоқ, — деп жауап берген екен.
Блог - rakisheva: Садақа - Құдай разылығы үшін жасалған жақсылық

P.S. Суреттегі жазбаларды оқу үшін үстінен басу қажет.
Әрі қарай

Жан дос: Жандос Құсайын

Блог - abzalsariyev: Жан дос: Жандос Құсайын

Белгілі режиссер, дарынды блоггер, студенттік жылдарымда жатақханада бірге тұрған «старшагым», Құдай қосқан жарымен бірге тәрбиелеп отырған 2 ұлдың әкесі, қысқасы бәрімізге таныс Жандос Құсайынов деген жігіт осы.

Әрі қарай

Блогиаданың жартылай финалы басталды

Қасқыр блогерді анықтайтын «Блогиада» сайысы қызып келе жатыр. Енді бұл доданың жартылай финалы басталды, шашасына шаң жұқтырмайтын мықтылар қалды. Блогиадаға қатысқан барлық блогерлердің ерен еңбегі бар, оларға алғыс айтып қою керек. Ал, енді бәйгеге түскелі жатқан дүлдүлдерге сәттілік пен шабыт тілейміз!
Кеше ғана өткен марапаттау рәсімін көре отырыңыздар
Әрі қарай

Елден ерек әлеуметтік желілер немесе "фейсбуктан" жалыққанда

Блог - Gastarbaiter: Елден ерек  әлеуметтік желілер немесе фейсбуктан жалыққанда

Дау жоқ, «фейсбук», «инстаграм», «вконтакте» сияқты қалың бұқараға бағытталған әлеуметтік желілер — интернет нарығының теңдессіз алпауыттары. Алайда, осы алпауыттардың тасасында қалған, дегенмен, атап өтуге тұрарлық айрықша әлеуметтік желілер де бар. Кейбірінің қолданушылары жүз миллионнан асса, кейбірі жүз мыңға да жетпейді. Кейбірін барынша пайдалы деп тапсаңыз, кейбірі еріксіз жымитады. Бұл желілер бір ғана мақсатпен не бір ғана аудиториямен шектеледі. Бастысы — барлығының көңілінен шығуды мақсат етпейді. Назарыма ерекше ілінгендерін тізіп өткім келеді.

Әрі қарай

Синемалогия. Көңіліңнің бір жұмбағын кино шешсін

Сана мен сезім: Синемалогия. Көңіліңнің бір жұмбағын кино шешсін

Психоанализ мектебінің қысқы сабақтарында курсымыздың бірер сағаты топтасып кино талқылауға арналған болатын.
Мен көрген процесс маған барынша қарапайым көрінді:

1. Кино қараймыз.
2. Топ ішінде өзара әсерімізбен бөлісеміз.
3. Маман (психоаналитик) қорытады.


Міне, осыны психологтар синемалогия немесе кинотерапия деп атайды. Тек оны кинотанумен шатастырып алмаңыз. Кинотану кино өнерін, кинематографтың тарихын, түсіру барысы мен техникалық егжей-тегжейін зерттейді.
Синемалогия термині Италиядан келген. Оған алғаш анықтама берген Антонио Менегетти — психолог, философ, суретші және тағы жеті кәсіптің иесі. Бұл амигоның кітабында синемалогия психотерапия тәсілі ретінде қарастырылады.
Стоп. Стоп.
Бәрі жақсы делік, ал психоанализ, психотерапияға қатысы жоқ адамға синемалогияның қандай пайдасы болуы мүмкін?
Әрі қарай

Жұмыс күшінің миграциясы немесе "Келімсек болу қандай-ды?"

Жұмыс үшін шетелдіктерге ең жайлы ел болып әзірге Қытай танылып тұр. Бұны анықтаған сауалнамаға сәйкес, көбісі жалақысы жоғары болмаса да, ондағы арзаншылыққа, еңбек атмосферасы мен қауіпсіздігіне қызығыпты.
Жұмысшыларды ең көп экспорттайтын көршіміз бұл жағдайға қаншалықты қуанышты екенін білмеймін. Маған аса қызық та емес. Тек қазақтардың жұмыс бабымен басқа елге көшуге қалай қарайтыны және өзімізде еңбек етіп жүрген шетелдіктердің Қазақстанды жұмыс істеуге қаншалықты жайлы деп есептейтіні қызық болды.
Әрі қарай