Жарияланымдар

Жұманы асыға күтетіндер

Аптаның қай күнін адамдар асыға күтеді? Егер жексенбі десеңіз қателесіз. Елдің сағына күтетін әрі жақсы көретін күні — жұма. Бұл күнді тақуа мұсылмандар мен христиандар, тақыр кедей қайыршылар мен қарапайым жұмысшылар асыға күтеді. Жақында олардың қатарына ұстаздар мен мектеп оқушылары да қосылып қалуы мүмкін. Неге дейсізғой? Мән-мағынасын ашып көрейін.


Мұсылмандар үшін маңызы

Блог - tomarlik: Жұманы асыға күтетіндерӘлемдегі ең ірі діндердің бірі исламды ұстанушылар аптаның дәл осы күнін ерекше қастерлейді. Себебі бұл күннің қасиеті туралы құран кәрімнің «Жұма» сүресінде: «Ей, мүминдер! Жұма күні жұма намазына азан шақырылса, Алланы еске алуға асығып, өздерің барыңдар. Сауданы тоқтата тұрыңдар. Біле-білсеңдер сендерге сол жақсы» — делінген. Сонымен қатар Мұхамет Мұстафа (с.ғ.с): «Егер мүмин, жұма күні жамағатпен намаз оқып, имамға ұйыса оның екі жұма арасында жасаған күнәсі кешіріледі» — деп өсиет еткен. Осыны негізге алған мұсылмандардың көпшілігі аптаның бесінші күнінде кәсібін тастап мешітке ағылады. Кейбір ірі қалаларда тіпті жұма күндері мешіт орналасқан көшелер бірер сағатқа жабылып та қалады. Мешітке симаған жұрт, бай-кедей деп бөлінбей, көшеде тұрып та сап түзеп, намаз оқиды. Осы арқылы күнәларынан арылып, ана дүниеге сауап жинап қалмақ. Қарап отырсаң адамдар теңдігі, демократия дегеннің нақ көрінісі осы жерде байқалады емес пе?

Христиандар үшін маңызы

Блог - tomarlik: Жұманы асыға күтетіндерҚұдайдың жоқтан бар жасайтын құдіретінің дәлелі ретінде осыдан 2015 жыл бұрын жер бетіне Иса пайғамбар түсірілген. Ол айналасындағы жұртқа бірғана құдайдың бар екенін және оның алдында барлық адам тең екенін насихаттай бастайды. Бұл сол кездегі Иудей дін басыларына ұнамай қалған. Олар Исаның аз уақыттың ішінде танымал болып, соңына жұртты ертіп алғанынан қорқып, оны тоқтату туралы шешімге келеді. Өздерінің күші жетпейтін болғандықтан биліктегілерге арыз жаудыра бастады. Ал ол заманда қазіргі Израиль жері Рим империясының бодандығында еді. Сондықтан иудей дінбасылары Римнен келген прокурор Понти Пилатқа шағым түсіріп, жалған пайғамбарлығы және өзін патша жариялағаны үшін Исаны өлтіруді сұрайды. Олардың тілегін қабыл алған прокурор Иса Мәсіхті айқышқа керіп өлтіру туралы бұйрық шығарады. Бұйрық жұма күні орындалған. Арада үш күн өткен соң тіріліп, көкке ұшып кетеді. Содан бері ол салған жолмен жүрушілер аптаның екі күнінде шіркеуде құдайға жалбарыну өткізеді. Біріншісі, жұма күні "құдайдың" (Исаны құдайға балайды) жарық дүниеден өткенін, ал жексенбі күні тіріліп келгеніне байланысты…

Жұманың қайыршылар үшін қадірі

Блог - tomarlik: Жұманы асыға күтетіндерЖұманы тақуалар сауап жинау үшін асыға күтсе, қайыршылар тиынға қалтасын толтыру үшін күтеді. Бұл күні мешіт айналасы адамға толатындығын жоғарыда айтып өттім. Ал дінде садақа беру үлкен сауап әкелетін амал. Осыны білетін әккі қайыршылар жұртпен бірге мешітке қарай ағылады. Ел тәрізді намаз оқып, сауап жинау үшін емес алақан жайып, тиын жинау мақсатында.
Теміртаудан Қарағандыға барып күн сайын қайыр сұрайтын Эдуарт деген жігіт бар. Екеуміз күнде бір автобуспен барамыз, кешке бірге қайтамыз. Күнде-күнде көре берген соң дос болмасақ та ара-тұра әңгімелесіп қаламыз. Айтуынша күн сайын шамамен 1500-2000 теңге табыс табады екен. Ал жұма күні екі есе артық табады. Ол ел тәрізді мешіт жаққа бармайды. Себебі ол жақты меншіктеп алғандар бар. Бара қалса ұрып-соғып қуып жібереді. Бұл ақша сұрайтын аймақ Қарағандыдағы 45-орам мен ЦУМ дүкенінің ортасы. Басқа жаққа бара алмайды. Соның өзінде садақа беруге құлшыныс білдіретіндердің қатары жай күндерге қарағанда жұмада әлденеше есеге көп болады екен. Бұл туралы Берік Сұлтанның қайыршы қыздан алған сұхбатынан да көрсеңіздер болады.


Жұмыскерлер неге күтеді?

Блог - tomarlik: Жұманы асыға күтетіндерЖұманы асыға күтетіндер қарапайым жұмысшылар, мына сіз бен біз. Расқой? Дүйсенбі басталмай жатып елдің көбі жұманың келуін аңсайды. Сағынады… Неге? Себебі ертең жұмыс деп алаңдамай, түнімен отырып тв көруге немесе қыдыруға болады. Қонаққа бара қалсаңыз, ұйқым қанбай қалып, таңертең көзім іседі деп алаңдаймсыз. Алда бақандай екі күн демалысыңыз күтіп тұр. Осыны білген соң көңіліңіз де орнында болады. Ал жексенбі керсінше жұрт жақтырмайтын күн. Ертең аптаның алғашқы күні, жұмыс күні екені есіңізге түсіп, еңсе көтертпейді.
Бұл күнді әр ұлттың өкілдері әрқалай күтетіні тағы бар. Қазақтар жағы сенбі болатын тойды немесе баратын қонағын ойлап қамданады. Ал орыстар болса армансыз ішуді ойлайды. Бұл туралы әзілдері жеткілікті.
Айтқандай жақында бұл күнді жұмыскерлермен қатар мектеп оқушылары мен ұстаздар да асыға күтіп қалуы мүмкін. Соңғы кездері ел арасында оқу күні бес күндік болып қалуы мүмкін екендігі жайлы қауесет белең алуда. Бұл алда-жалда рас болып шықса, жұма күнін асығушылардың қатары қалай өсетінін ойлай беріңіз. Әсіресе оқымайтын оқушыдан бір күнге болса да артық демалатынын ойлағанда ұстаздар қалай қуанады десеңізші…

Рабинзон мен Жұма

Блог - tomarlik: Жұманы асыға күтетіндерАғылышындық танымал жазушы Даниэл Дефоның қаламынан шыққан «Робинзон Крузо» романын оқығансыз ба? Онда әлемді саяхаттауға құмар болған ағылышын жігітінің кеме апатына ұшырап, елсіз аралда қалып қойғаны суреттеледі. Робинзон өркениеттен жырақта 28 жыл ғұмыр кешкен. Алғашқы жылдары жалғыз өзі болады. Үй салып, егін егіп, ешкі асырайды. осы жұмыстарды толық ыңғайлап болған соң аралды толық зерттеуге көшкен. Арада біраз уақыт өткен соң аралдан адам ізін табады. Бұл адам жегіш жабайлыр болатын. Олармен алғашқы кездесуі аптаның жұма күнінде орын алған. Дәл сол күні жабайлыр тұзағынан өзіне серік болуға жарайтын жігітті құтқарып алады. Жабайыға тіл үйретіп, өркениетке баулыған соң тапқан күннің құрметіне «Жұма» деп атау берген.

Ел тілегі - елу миллион

Кеңес заманында шаруашылықты көтеру үшін түрлі ұрандар қабылданып, социалистік жарыстар өткізіліп жататын. Соның бірі шопандар арасындағы: «Ел тілегі- елу миллион» бәсекесі. Бұл туралы қазір көп айтыла бермейді. Тіпті ешкім білмейді деуге де болады. Бірақ, бұл бағдарлама елдің экономикасын көтеру мен республикадағы азайып кеткен малдың санын қайта қалпына келтіруде үлкен рөл атқарған еді.

«Ел тілегі- елу миллион» қайдан шықты?

Блогиада: Ел тілегі - елу миллион1928 жылы Ф.И.Голощекин бастаған «Кіші Қазан» реформасының салдарынан Республикадағы мал басы саны 45 миллионнан 4,5 миллионға азайып кетті. «Асыра сілтеу болмасын! Аша тұяқ қалмасын!» ұранын бетке ұстаған шолақ белсенділер қазақ шаруаларының қолындағы малдың бәрін етке өткізген болатын. Оларды орталыққа тасымалдайтын көлік болмағандықтан, үйілген етті өртеп отырған. Бұл біріншіден адамдардың ашығуына алып келсе, екіншіден, мал басы санының азаюуына соқтырды. 1928-1932 жылдары Қазақстанда адам мен мал ресурстары адам сенгісіз дәрежеде азайып кеткен. Оның орнын толтыруға ұзақ жылдар қажет болды. Тек соғыстан кейінгі жылымық дәуірінде ғана республика бойынша мал шаруашылығында өсім байқалған болатын. Бірақ, ол ұзаққа бармады. 1954 жылы «Тың және тыңайған жерлерді игеру» туралы қаулы қабылды. Оны да шолақ белсенділер көтеріп әкетіп, мал шауашылығына пайдаланылып келген шабындық және жайылымдық жерлерді жыртып, егін салды. Көптеген агрономдардың қарсы болған пікірлері ескерілмеді. Нәтижесінде мал азығына қажетті жер ресурсының болмауынан бұл сала кенжелеп қалды.
Мал шаруашылығының азаюы салдарынан республикада ет пен жүн тәрізді өмірлік қажеттілігі жоғары шикізат көздерінің тапшылығы сезіле бастады. Осы тұста жоғары жақтағылар, мал шаруашылығын көтерудің жаңа бағдарламасы ретінде, «Ел тілегі-елу миллион!» ұранын бекітті.

Ұранның орындалуы

Блогиада: Ел тілегі - елу миллионРасында бұл бағдарлама дер кезінде қабылданған болатын. Сонау тың игеру басталған жылдары дүрмекке ілесіп, егін салумен айналысып кеткен совхоздар біртіндеп мал шаруашылығына қайта бет бұра бастады. Неге? Себебі агроном мырзалардың болжағаны келіп, бей-берекет жыртылған жерлер бір-екі жылдан соң түсім беруді қойды.
Егін салып, қарық боламыз деп ауыздары күйген шаруашылықтың бірі менің туған ауылым Томар совхозы. Дүрмек кезінде дәл ауылдың іргесіне дейін егін салынған. Ал біраз жылдан соң нәрінен айырылған жер түсім беруді қояды. Амалсыз егін салу тоқтатылды. Бос атыраптарды қодыра (жусанның түрі) басып кетті. Ол жарықтықты қойдан басқа ешкім жемейді. Сондықтан, совхоз башылығы ұранға үн қосып қой шаруашылығы болып қайта құрылуды қолға алған. Нәтижесі жаман болған жоқ. Аздаған жылдың ішінде ауданды былай қойып облысқа дейін аты кеңінен танылған үлкен шаруашылыққа айналып шыға келеді.
Блогиада: Ел тілегі - елу миллион«Ел тілегі — елу миллион» ұраны шын мәнінде шопандар арасында бәскененің басты нысанына айналды. Жақсы нәтиже көрсетіп, төлді көп алғандары мақтау мен мадақтаудың астында қалған. Кейбір кісілерге «Социалистік еңбек ері» атақтары беріледі. Бұдан бөлек озат шопандар үнемі түрлі бағалы сыйлықтармен марапатталып отыратын. Төл алуда жақсы нәтиже көрсеткені үшін менің атам екі рет мәшине алған.
Аға буын өкілдерінің айтуынша сол жылдары шопанның баласы болу қазіргі министірдің баласымен тең болыпты.
Совхозға қарасты 28 қыстаудың әр қайсын иеленіп алған шопандар төл алудан бірінен-бірі асып кетуге тырысып жататын. Жүз саулықтан жүз жетпіс, екі жүз қозы алған шопандар да болыпты. Ешқандай технологияның көмегінсіз, табиғи жолмен. Расында қолда бар қойдың бәріне егіз таптыру ақылға қонымсыз жағдай. Сонда бұл қалай?
Шопандар төл алу барысында өздерінің жекеменшік қойларының төлінде санаққа қосып жіберіп отырған. Осылай ша көктемгі санақ кезінде «Бәлен қойдан түген төл алдық» деп көрсетеді. Бұлай жасаса құрмет пен қошеметтің астында қалады. Ал егер төл алуда көрсеткіші төмен болса сөгіс етіп, жоғарыдан таяқ жейді. Осыған байланысты ел арасында мынадай бір әзіл әңгіме бар:

Қой фермаларын тексеріп жүрген аудандық өкіл бір шопанға ұрсып жатыр дейді:
— Ана саулық неге екіз тапқан да мына қой негі жалқы тапқан? Малға алалап қарағанды қашан қоясыңдар? Екеуін де егіз тапқызбағаныңыз үшін сізге сөгіс беремін!
Сөйтсе шопан әлгі өкілге қарап тұрап:
— Қарағым қалағаныңа егіз тапқызатын қасиетің болса үйдегі келінге неге жылда егіз тапқызбайсың? — депті. (Өкілдің ұзақ жылдар бойына баласы болмай жүрсе керек.). Шопанның бұл бір ауыз сөзі елірген өкілді сабасына түсіріп, кешірім сұрап жөніне кеткен еткен.

Қарт шопанның өкініші

Блогиада: Ел тілегі - елу миллионМал шаруашылығы қазақ халқының ежелден маманданған саласы болатын әрі жеріміз де қой өсіруге оңтайлы еді. Алайда жобаның жетпей жатып желкесі үзілді. Одақтың шаңырағы шайқалып, Горбочевтің басынан бақ таяған соң нұсқаумен жүріп үйренген софхоздар әрі қарай не істерін білмей дағдарысқа түсті. «Бармақ түгіл бас қайғы» болған тұса, оларға нұсқау беріп жөн сілтеген жан болмады. Совхоз мүлкін әркім өз ыңғайына қарай талан-таражыға салған. Пысықай шопандардың бір бөлігі малдың бәрін басып қалып, өз алдына жеке шаруашылық құрып алады. Ал енді бір бөлігі үкіметтің қаржыландыруынсыз қалған совхоз қажеттілігін өтеу (жанар-жағар май, техника бөлшектері, айлық) мақсатында арзан бағаға сатылымға қойылады. Бұдан аман қалғанын кезінде комсомолдық жолдамамен қойға қуылған жастар араққа айырбастап құртады. Сол малды өсіріп-өнідірген шопандардың кеудесінде салдыраған темір мен қолдарында жарамсыз алғыс хаттан өңге дым қалмаған. Бұған наразы болған қариялар біраз жерге шапқылап, малды аман алып қалуды сұрап басшылыққа жалбарынады. Бірақ, олардың сөзін елеп-ескерген жан болмаған. Айтар ақылын тыңдар құлақ таппай сабылған ақсақалдардың жайы күйі туралы "Қой мен гүл" әңгімесінен оқысаңыз болады. Біздің ауылдағы қариялардың да күйініші сол, миллионға жетеміз деп жиған малдың ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кетуі.

Сілтеме:

Қой мен гүл (Деректі әңгімесі): kazgazeta.kz/?p=5483

Әбдішев ісіндегі күмәнді жайлар

«Журналистер сәлем! Жігіттер, жақсылап жазыңдар!» Бұл – облыстың бұрынғы әкімі Бауыржан Әбдішевтің сот залынан шығып бара жатқанда айтқан сөзі. «Маған әділ бағаны халық береді», – деген экс-әкім өзінің ісі туралы барлық мәліметтің халыққа дұрыс жеткізілуін қалайды. Мұнысы өзінің ары таза екенін елі білсін дегені болар. Расында Б.Әбдішевтің қылмысқа қатысы бар екендігі үлкен күмән туғызады. Сот барысында қорғаушылар мен күдіктілер тарапы тергеу амалдарында заңбұзушылықтың болғанын айтқан болатын.

Блог - tomarlik: Әбдішев ісіндегі күмәнді жайлар
Экс-шенеуніктерге қатысты тергеу амалдары заңға сай жүргізілмеген. Тергеушілер айып тағу үшін заң бұзудан еш тайсалмапты. Бұл туралы сот тыңдалымының бірінші отырысында қорғаушы М.Шаймерденов мәлімдеген болатын. Оның айтуынша, Б.Әбдішев пен С.Ахметовтің ісіндегі басты эпизодтардың бірі «Сталь Цинк» бойынша тергеу екі рет жүргізілген. Әуелі облыстық прокуратура тексеріс жүргізіп, «бұл істе қылмыстық сипат жоқ» деген қаулы шығарған. Ал екінші рет тексеру барысында тергеушілер прокуратура шығарған қаулының күшін жоймаған. Оны тек іс қозғалып, тергеу қорытындысы шығарылған соң барып бір-ақ ескереді. Бірақ өздерінің заңды белшеден басқанын ескермей, қаулының күшін өтіп кеткен күнмен жойған.

«Сталь Цинк» эпизоды бойынша жүргізілген тергеу амалдарындағы заңбұзушылық тек бұл ғана емес. Сот барысында Б.Әбдішев өзіне тергеушілер тарапынан қысым жасалғанын, сондықтан осы іске байланысты Серік Ахметовке жала жапқанын айтты. Тергеушілер экс- әкімді көшедегі жарық бағаналарын ауыстыру мен құрылыс үшін жер телімдерін С.Ахметовтің туыстарына ол кісінің айтуы бойынша алып бергенін айтуға мәжбүрлеген. Тіпті, бейнежазбаға мойындауды жазғызу барысында оған айтар сөзін жаттатқызыпты. Бас тартқандай жағдай болса, үстінен ҚР ҚК 235-бабы бойынша қосымша іс қозғалатынын айтып қорқытады. Егер Б.Әбдішев тергеушілердің айтқанына көніп, жалған мәлімдеме бермеген болса, оған «Қылмыстық топтың басшысы» деген айып тағылатын еді. Экс-әкімнің мәлімдемесін Серік Ахметов толығымен қолдап шықты.

Ал Қарағанды қаласы әкімінің бұрынғы орынбасары Айдар Телғарин болса, қысымның тек Б.Әбдішевке ғана емес, өзіне де жасалғанын мәлімдеді. Оның айтуынша, тергеушілер оны Б.Әбдішев пен С.Ахметовке жала жабуға мәжбүрлейді. Тергеушілер А.Телғаринды айтқандарына көндіру үшін оған моральдық қысым көрсеткен. Бас тартып, айтқандарына көнбесе, үлкен ағасы мен қайын атасының үстінен қылмыстық іс қозғайтынын, ал өзіне ҚР ҚК 235- бабы бойынша айып тағатынын айтып қорқытады. Оған қоса жала жабатын түсінік бергенше жеті сағат бойы ешқайда шығармай, департаментте қамап ұстаған.

Осы жерде назарларыңызға тағы бір қызық фактіні ұсынғым келіп отыр. Осыдан бір апта бұрын Солтүстік Қазақстан облысында Мұрат Кушубаев есімді қаржы полициясының беделді әрі мықты маманы құрықталды. Оған ірі көлемді пара алды, айыпталушылардың пара беруге мәжбүрледі деген айып тағылып отыр. Ол СҚО жүріп заңсыз жолмен алькоголді өнімдерді саудалаумен айналысқан “АлкоПремиюм” ЖШС басшысы А.Заргарянның ісін қарайды. Бұл азаматтың қоймасында расымен де заңсыз әкелінген спирттік өнімдердің бары дәлелденеді. Заң орындары оны тұтқындап, мүлкін тәркілеуі керек еді. Бірақ, М.Кушубаев олай істемейді. Ол кәсіпкерді өзіне шақырып алып, он мың доллар көлемінде сыйақы берсе іске көз жұма қарайтынын айтқан. Тіпті саудаласа келе параның көлемін сегіз мың долларға дейін түсіреді. Ақшаны алған соң, кәсіпкердің заңсыз тауарын қоймасынан алып кетуге жағдай туғызады. Алайда әріптестері оның бұл әрекетін байқап қалып дереу шара қолданған. Заң құрығынан сытылып кетуге тырысқан әрекетінен түк шықпай, ақыр соңында М.Кушубаев тұтқынға алынды.

С.Ахметов пен Б.Әбдішевтің ісіне бұл адамның не қатысы бар деп ойлап отырған боларсыз? Айтайын. Қарағандылықтарға қатысты аты шулы қылмыстық іс қозғап, экс-премьер мен экс-әкімге айып таққан осы адам. Сол үшін екі бірдей мемлекеттік награда алған. Енді келіп өзі қылмысты болып отыр. Бұл күдік туғызбай ма? Парақор адам жүргізген тергеу амалдарының әділ болуы мүмкін бе? Бәлкім оған Қарағанды билігіндегі шенеуніктерге күйе жағу үшін тапсырыс берілген болар?

С.Ахметов пен Б.Әбдішев бастаған бір топ адамның қылмыстық ісіне қатысты өткен алдын ала тыңдау сот отырысында экс-әкімнің қорғаушылары оны тергеу изоляторынан үйқамаққа ауыстыруды сұраған болатын. Бірақ олардың шағымын сот төрағасы ескерусіз қалдырды. Айыптаушы тарап, қылмысы ауыр болғандықтан, облыстың бұрынғы басшысын үйқамаққа шығаруға қарсылық танытты. Алайда Б.Әбдішев пен оның қорғаушылары соттың бұл шешімімен келіспейді. Себебі осы іске қатысы бар, бірақ қазіргі таңда үйқамақта немесе кепілге ақша қою арқылы бостандықта жүрген кейбір шенеунікке тағылған айып экс- әкімдікінен анағұрлым ауыр. Әйтсе де оларды тергеу изоляторында қамауға алуды сот пен айыптаушы тарап қажет деп санамайды. Сонда бұл қалай болғаны?

Бауыржан босатылуы керек

Бүгін Қарағанды облысының қылмыстық істер бойынша мамандандырылған ауданаралық сотында Бауыржан Әбдішевтің қылмыстық ісі бойынша алдын-ала тыңдау сот отырысы басталды. Негізгі сот процесі келер аптада болады деп күтілуде. Бүгінгі отырыстың бірінші ауысымында экс-әкімнің адвокаттары оны тергеу изоляторынан босату мәселесін көтерді.

Блог - tomarlik: Бауыржан босатылуы керек

Бауыржан Әбдішев Қарағандының тізгінін не бәрі екі-үш жылдай ғана ұстаған әкім. Алайда, осы аз уақыттың ішінде ел арасында үлкен абыройға ие болды. «Әкім ұсталыпты» деген хабар тарағанда Қарағанды жұртшылығының көпшілігі наразылық танытқан болатын. Ол билікте отырған кезінде тек жақсы жағымен ғана танылды. Бірнеше мемлекеттік марапатқа ұсынылып, ел ертеңі үшін еңбек етушілер қатарына қосылды. Бірақ, басына қара бұлт үйірілген сәтте оны жақтаушылардың біразы сырт айналып шыға келді. Әкім тағын босатқан сәтте, БАҚ беттерінде экс-әкімді даттаған материалдар көбейе бастады. Неге? Кеше ғана жақсы болған адам бүгін жаман болып шыға келгені ме?
Мәселенің бәрі оған жағылған күйеде болып тұр. Қара күйе шоқ тәрізді күйдірмейді, бірақ, кетпейтін қара дақ қалдырады. Бүгін адвокаттары мәлімдегендей экс-әкімге тек бір ғана нақты айып тағылып отыр. Ол «қызметтік өкілеттілігін асыра пайдалану». Бірақ, оның өзі дәлелдеуді қажет етеді.
Экс-әкімнің өзі де оның жақтастары да оған тағылып отырған айыппен келіспейді. Бұл жерде қасақана жала жабуға тырысу байқалады. Мәселен, Серік Ахметов пен Бауыржан Әбдішевтің ісіндегі басты эпизодтардың бірі болып табылатын «Стал Цинк» төңірегіндегі шуды алып қарайық. Тағылған айыпта, экс-шенеуніктер қызметтік өкілеттілігін пайдалана отырып, қаланы жарықтандыру бағаналарын орнатуды осы фирмаға алып берген-міс. Бірақ, осы айыпты таға отырып, прокуратураның өзі заңды белшеден басқан болып шықты. Адвокат Шаяхметовтың айтуына қарағанда қарағандылық шенеуніктерге қарсы аты шулы іс қозғалардан бұрын облыстық прокуратура «Сталь Цинк» эпизодына байланысты С.Ахметов пен Б.Әбдішевтің үстінен іс қозғайды. Алайда олардың әрекетінен қылмыстық сипат байқалмағандықтан арнайы қаулы шығарып, істі тоқтатқан. Ал бертін келе, экс-шенеуніктердің үстінен жаппай іс қозғап, іздерінен шам алып түскен шақта тергеушілер «Сталь Цинк» эпизодына байланысты істі тағы қозғайды. Алайда, бұрынғы шығарылған қаулының күшін жоймаған. Демек, олардың жүргізген тергеу амалдары заңсыз болып табылады. Рас-өтірігін кім білсін, тергеушілер облыстық прокуратура шығарған қаулының күшін жойған істі сотқа берерден біраз уақыт бұрын ғана жойған. Ал құжатқа іс басталардан бұрын күші жойылды деп көрсетіпті. Яғни заңды бұзып қана қоймай, алдауға дейін барған. Осыдан соң, тергеу амалдары әділ өтті дегенге кім сенеді?
Блог - tomarlik: Бауыржан босатылуы керек
Облыстың бұрынғы басшысының қорғаушылары сот процесі аяқталғанша Әбдішевті тергеу изоляторынан босату керектігін айтуда.
-Ешкімге зорлық жасамаған адамды он ай бойына тергеу абақтысына қамап қою әділдікке жатпайды. Оның кәмелет жасына толмаған екі баласы мен сексендегі қарт анасы бар. Әрі менің қорғалушым қоғам алдында үлкен абыройға ие адам. Бірнеше мемлекеттік марапатқа да ұсынылған. Әрі қылмысы толық дәлелденген жоқ. Рас, тағылып отырған айып ауыр. Бірақ, заңнамада күдіктіні тергеу изоляторынан бөлек үй қамаққа алу және кепілге ақша қою арқылы қолхатпен босату шараларының барын да ескеру қажет. Б. Әбдішевті әрі қарай да тергеу изоляторында ұстап отыру адамгершілікке жатпайды. Ол бостандықта болса тергеу амалдарына кесірін тигізеді деп қорқудың да қажеті жоқ. Себебі, біреуге ықпал етерліктей оның қолында өкілетті билік те бұрынғыдай күште жоқ,- дейді адвокат Нұрлан Бекбергенов.
Сот алдында сөз алған Б.Әбдішев өзінің тергеу изоляторында отырғанына наразылық танытты. Әрі өзінің қылмысқа қатысы жоқ, арының таза екенін тағы бір мәрте айтып өтті.
Расында қылмысқа қатысы бар деп күдік келтірілген 21 адамның тек бесеуі ғана қамауда отырғаны күдік туғызады. Олардың барлығына тағылып отырған айыптың ара салмағы бір-біріне жақын емес пе? Сонда біреуінің қамауда болуы мен келесі бірінің бостандықта жүруі әділдікке жата ма? Күдіктілерді бұлайша алалау неге және кімге керек?

Қазақ қара металлургиясының отаны

Адамзат үшін темірдің орны ерекше. Темірдің пайда болуына байланысты тұтас бір тарихи дәуір бастау алған. Себебі темір адам баласының өмірін қазіргі өркениетке біртабан жақындатты. Темір күнделікті тұрмыста жиі қолданылатын металға айналды. Кәдімгі инеден бастап сырттағы көлік, құрылыс бәрі темірден жасалады. Үй салғанда берік болу үшін қаңқасы мен іргетасы темірден өріледі. Оның бәрі отқұрсауланып жүрген металлургтердің арқасында. Бүгінгі тақырыбым кәсіби мерекелеріне байланысты қара металлургияға арналып отыр. Олай болса, қазақ қара металлургиясының отаны Теміртау мен ондағы алғашқы магнитка жайлы айтып берейін. Оқи отырыңыз.

Құрыш қала

Блог - tomarlik: Қазақ қара металлургиясының отаны

Теміртау мен алғашқы қазақ магниткасының тарихы туралы толық айтып бастарыңызда қатырмайын. Қажет деп тапсаңыздар ғаламтордан оқып аларсыздар. Маңыздыларына тоқталып өтейін. Ағымдағы жылдың күзінде Теміртауға 70 жыл толады. Тарих үшін тым аз уақыт, әйтсе де жаман-жақсы адамның ғұмыры. Қаланың жер көлемі тым шағын. Бір шетінен келесі шетіне дейін жаяу-ақ жетуге болады. Дегенмен, атағымыз алты құрылыққа болмаса да біраз елге жақсы таныс. Республикалық маңызы да жоғары. Әуелі экономикалық тұрғыдан алып қарасақ, мұндай толық цикілді металлургиялық кешен әлі еш қалада жоқ. Ел қазынасына жыл сайын миллион тіпті миллиарттаған пайда әкеліп отыр. Екінші тарихи маңызы. Теміртау тарихта «тұңғыштарымен» қалады. Тұңғыш Қазақстан магниткасы, тұңғыш индустриялық кешен, тұңғыш шойын, тұңғыш болат, тұңғыш президент. Осыдан тұп-тура 55 жыл бұрын, яғни 1960 жылдың 3-шілдесі сағат 15:07-де №3 Домна пешінен тұңғыш қазақстандық шойын алынған болатын. Сол сәттен бастап, зауыт өз жемісін беріп, қазақ қара металлургиясының тарихы бастау алды.

Қала ішіндегі қала

Блог - tomarlik: Қазақ қара металлургиясының отаны

КСРО-ның арнайы жобасымен салынған зауыттың аумағы тым үлкен. Шамамен 5 000 га-дай болады. Мұнда топырақтан дайын металл таптамасы алынғанға дейінгі барлық металлургиялық үдерістер жүреді. Сондықтан әр цех бір-біріне кедергі келтірмейтін бірақ тасымалдауғы ыңғайлы болатындай қашықтықта орналасқан. Бір цехтан шыққан өнім келесі цехқа теміржол арқылы жеткізіледі. Ал металлургтер, техқызметкерлер, басшылар болса арнайы автобустармен немесе трамвайлармен қатынайды. Зауыт ішінде әр көшенің өзіндік атаулары бар. Олар орналасқан жеріне, цехтарға байланысты қойылған. Мәселен Домна пешіне апаратын даңғыл жол «Доменная» көшесі деп аталады, одан әрі де Елбасымыз Н.Әбішұлының сүйікті көшесі санатындағы «Мостовая» көшесі. Бұл көшенің не ерекшелігі бар дейсіз бе? Көшенің ерекшелігі, осы жердегі көпір басқаларға қарағанда биік орналасқан, және соларада тұрып домна пешінің, зауыттың толық көрінісін тамашалауға болады. Автобустар мен жүк көліктеріне арналған жолдың жиегінде жаяу жүргіншілердің де жолы бар. Кей жерлерге гүл егіліп, кәдімгіндей көркейтіп қойған. Егер өндірістің шуы болмаса зауытта жүргеніңізді ұмытып кетесіз. Мұнда бөгде адамдардың кіруіне қатаң тиым салынған. Арнайы рұқсат қағазыңыз болмаса жолатпайды. Рұқсат қағаз алу үшін өмір қауіпсіздік ережесін жақсы білуіңіз керек. Себебі кез-келген шалыс басқан қадамыңыз өміріңізге қатер төндіруі мүмкін.

Өнім қайда жұмсалады?

Блог - tomarlik: Қазақ қара металлургиясының отаны
Зауыттың қазіргі қожасы «АрселорМиттал Теміртау» компаниясы. Бұл компанияға еліміздегі бірқатар кен орындары мен Қарағанды көмір бассейнінің біраз бөлігі кіреді. Яғни кәсіпорын қажетті шикізатты сырттан әкелмей өздері өндіреді. Мұнда ең әуелі шойын және болат құймалар дайындалады. Ал дайын өнімнен қаңылтыр таптамалары, профлистер, арматуралар шығарылады. Олар құрылыс, машина жасау салаларында қолданылады. Зауыт өнімдерінің бір бөлігі алыс-жақын шет елдерге импортталса, келесі бір бөлігі ел ішінде саудаға салынады. Бейресми мәліметтерге сенер болсақ, Астана құрылысына жұмсалған металдың (арматура, қаңылтыр, металл блогтар) басым бөлігі Теміртауда өндірілген.

Болашақ металлургтер қайда оқиды?

Блог - tomarlik: Қазақ қара металлургиясының отаны
Зауытта жұмыс істейтіндердің көпшілігі бұл кәсіпті атадан балаға мұра есебінде алған. Әрі шағын қалада зауыттан басқа жерде жақсы айлыққа жұмыс табу қиын. Жыл сайын мектеп бітірген түлектердің бір бөлігі басқа қалаға оқуға кетсе, көпшілігі Теміртау қаласындағы ҚМИУ-не (Қарағанды мемлекеттік индустриалық университеті) оқуға түседі. Бұл да университет күллі Орта Азиядағы тек металлург мамандарды ғана дайындайтын жалғыз оқу орны. Бұдан бөлек Теміртау политехникалық колледжінде де металлург мамандығын алып шығуға болады. Оқу орны мен зауыттың арасында өзара келісімшарт жасалған. Яғни студенттер теориядан оқыған білімдерін зауытқа барып пысықтап, практика жүзінде қолданып көреді. Бұл олардың білім деңгейлерінің арттыруына үлкен септігін тигізеді. Бұдан бөлек оқытушылар құрамы да жыл сайын шет елдерге барып, арнайы біліктілікті арттыру курстарында оқып келеді. Қысқаша айтқанда оқимын, білемін деген адамға білім алуға барлық жағдай жасалған (өзімнің басымнан өткен, көзіммен көргенмін). Тек бір әттеген-айы бар. Оқу материялдарының (сапалы оқулықтар) көпшілігі орыс тілінде және ескіріп қалған. Шам алып іздесеңіз де В.Г. Воскобойников, В.А. Кудрин, А.М. Якушевтер жазған «Общая металлургия» кітабынан артық оқулық таппайсыз. Рас бұл кітаптың ішіндегі біраз дүниелер ескіріп қалған және қазіргі өндірісте қолданылмайды. Дегенмен, жалпы түсінік қалыптастыру үшін таптырмас оқулық. Қазақ тілді оқулықтардың сапасы туралы сөз қозғаудың өзі артық. Ішіндегін не өзің түсінбейсің не ұстазың түсінбейді. Жалпы айтқанда екі жыл "қазақ тобында" орысша білім алып шыққан ем…

Дін және металлургия

Бұл жерде дінді тықпалап отырған жоқпын. Тек зауытта жүріп естіген әңгімемді айтсам деймін. Мен жұмыс істеп жүргенде біздің ауысымда Мұхтар деген ардагер металлург болды. Зейнетке шығуға дайындалып жүрген болатын. Сол бірде шай үстінде мына бір әңгімені айтқан болатын:
— Біз сәбет үкіметінің тұсында туып өстікқой. Дін туралы дым білмейміз. Жас кезде оқымадық, кәртайған соң миға кірмейді. Діни ілімім жоқ. Бірақ, өмірде көргенім бар. Мұсылманшылықта айтадығой, адам бір уыс топырақтан жаралды деп. Сол рас. Оның куәсі мынау зауыт. Өздерің қараңдаршы. Сонау Қарқаралы даласынан қазып әкелінген кен құрамында темір минералдары бар жәй ғана топырақ емес пе? Оны біздер жуып, үгіп, иелеп тазартамыз, артығын алып байытамыз. Осыдан соң кокспен араластырып шихта даярлаймыз. Оны домна пешіне жөнелтеді, сол жерде балқытылып, шойын өндіріледі. Шойынды конветер пешіне апарып болат қорытады. Дайын болған ерітінді «Болатты үздіксіз құю машинасында» қалыпқа құйылып құймаға айналады. Ол таптамадан өтіп, арматура, профлист, қаңылтыр тәрізді таптамаға айналып шыға келеді. Енді бір қарасаң басқа зауытта әлгі таптамадан машина жасалып шығуы мүмкін. Оны ешкім топырақтан жасалды деп айтпайды. Тіпті естеріне де алмайды. Ал енді өздерің ойлап көріңдерші. Топырақ әуелгі қалпын толық жоғалтып, машина бөлшегіне айналды. Егер біздер, яғни адамдар араласпасақ, білім жинамасақ ол өздігінен жасалмайтын еді. Демек, адамды құдай топырақтан жаратты дегені рас қой. Біз топыраққа ұқсамаймыз. Бірақ, уақыты келгенде топыраққа айналамыз. Ішкі ағзаларымыздың бәрі керемет үйлесімділікпен орналасқан. Құдды машина бөлшектері тәрізді. Егер біреуі дұрыс болмаса, деніміз сау болмайды.

Қара металлургтен қадір қашты

Блог - tomarlik: Қазақ қара металлургиясының отаныЖалпы қай халықтың болмасын дәстүр-салтына көз жүгіртсеңіз барлығы қара түсті жақтырмайды. Бұл түс туралы тек негативті пікірлер ғана айтылады. Не бір жамандық атаулыны, абройсыз дүниені осымен байланыстырады. Неге? Себебі қара түнектің түсі. Қорқыныш. Адамзат әуелден бастап қараңғылықпен алысып келді. Оны жек көрді. Сондықтан да ол туралы тек негативті көзқарасты ұстанады. Ұнамсыз дүниелерінің алдына қара сөзі жалғайды. Қара түске байланысты позитивті ойлар айтушылардың қатары сирек. Дегенмен, қараның бәрі абройсыздық емес. Мәселен біз әңгіме қылған "Қара металлургияны" жаман деп айта алмайсыз. Иә, рас жұмысы ауыр бірақ, беделі жоғары. Олар металды балқытады. Кәдімгі қара теміріңіз домна, конвертер пештерінен лава тәрізді атқылап ағып жатады. Көз алдыңызға ол цехтардағы ауа температурасының қай шамада болатынын бағамдай беріңіз. Металлургтер ыстықтан қорғану үшін үстеріне суконка киіп алады. Теріден тігілген ауыр әрі қалың киім, бірінші ұшқындаған металға күйуден сақтаса, екіншіден денеге ыстық өткізбей сақтайды.
Әр үйде кездесетін ине мен шанышқыдан бастап, қалада жол бермей ағылып жатқан автокөліктердің бөлшегіне дейін, тіпті баспанамызға дейін темірден дайындалған. Ендеше осы дүниелерді өндіріп отырған адамдардың беделі неге төмен болуы керек? Бірақ, соңғы уақытта қара металлургтерден маза мен қадір қаша бастағаны жасырын емес. Жиырма жылдай Теміртаудағы зауытқа иелік етіп, байлығын еселеп тойынған Лакшми Миттал бүгінде еркелікке басып жүр. Қыс ішінде айлықты қысқартамын, жұмысшылар санын азайтамын деп бір шықты, айлық бермейтін боп екі шықты. Одан қалды осыдан біраз уақыт бұрын Қазақстандағы актифтерінен құтылмақшы деген өсек таратты. Онысы өзінің талаптарын орындамай, «тәйт» деп орнына қойып қойған қазақстан билігіне көрсеткен қоқан лоққысы болуы керек. Егер ол Теміртаудан дәл қазір кете қалса жағдайдың қиындайтыны өтірік емес. Жаңа қожайын келіп, орналасып, жұмыс барысын түсінгенше талай уақыт өтіп кетеді. Ол кезге дейін елдің ахуалы төмендеп кетуі мүмкін. Осының бәрін шетелдіктер жақсы біледі. Сондықтан жаман қ… н тәрізді кетемін деп қорқытып отырған болуы бек мүмкін. Ресми ақпарат бұл өсекті жоққа шығарды. Бірақ, жел тұрмаса шөптің басы қимылдамайды емес пе?

P/S: Бүгін металлургтердің кәсіби мерекесі. От құрсауында жүрген бұрынғы әріптестерімді төл мерекелерімен шын жүректен құттықтаймын.

Менің туған ауылым – Томар ауылы

Қарға тамырлы қазақ болғандықтан әрқайсымыздың жүрегіміздің түкпірінде туған ауылға деген сағыныштың болатыны анық. Бәлкім сіздерде ондай сезім жоқ та болар. Өз басым ауылда туып-өскендіктен бе, әйтеуір қалаға келгелі қолым қалт еткенде туған еліме тайып отыруға құлшынып тұрамын. Бүгін сіздерге өз ауылым туралы біраз ақпарат беріп өтейін. Неге «Томарлық» деп сұрағандарға беретін жауабым да бар.

Томар ауылы
Блог - tomarlik: Менің туған ауылым – Томар ауылы
Қарқаралы ауданына қарасты елді мекен. Іргетасы 1965 жылы қаланған. Ағымдағы жылдың тамыз айында 50 жылдық мерейтойы тойланғалы отыр. Әуелі Прогрес колхозының орталығы болады. Кеңес үкіметінің дүркіреп тұрған шағында біздің ауыл да біршама дамып, аудан, облыс деңгейінде экономикасы ең дамыған, болашағы зор елді-мекендер қатарына кірген. Барлық ауылдар жекешеленіп, колхоз бен совхоздар таратылып жатқанда «Прогрес» кейіннен «Томар» кеңшары сақталып қалды. Бертінге дейін таратылмай жұмыс істеп тұрды. Бұл ауыл халқының ауызбірлігінің жоғары болғандығының айғағы еді. Алайда нарық өз дегеніне көндірмей қоймады. Ағайын арасына алауыздық еніп, шайтанның азғыруымен бір тұтас «Томар» кеншары бірнеше ұсақ шаруа қожалықтарына ыдырап кетті. Нәтижесінде жеке шыққандардың көбісі жұмыстарын жүргізе алмай, тақырға отырды. Бұл ауылдың әлеуеті үшін үлкен соққы болып тиген еді. Бірақ, аброй болғанда ел есін жиып алды. Қазір, біртіндеп дамып келеді. Ауыл халқының негізгі күн көріс көзі мал өсіру. Егіншілік жақсы дамымаған. Арқаның кең жазығында орналасқандықтан жылқы және қой малдарын ұстауға ыңғайлы. Томар ауылы аудан орталығы болып саналатын Қарқаралы қаласынан 136 км қашықтықта орналасқан. Қарағанды облысының шығыс шекарасында тұр. Егер Томар ауылынан әрі қарай дала жолымен 90 км жүретін болсаңыз Шығыс Қазақстан облысынан бірақ шығасыз.
Ауылда қазір шамамен алғанда 150-200 үй бар. Бұрын селолық округтың орталығы болған еді. Біздің ауылға қосымша үш ауыл (Айғыржал, Тоқылдақ, Ошан) қараған. Қазір ол ауылдардың халқы қалаға қоныс аударып, өлі қала бейнесіне түсіп тұр. Аталмыш елді-мекендерде тек жаз айында ғана тіршілік нышанын байқауға болады. Алты ай қыс қолдағы малын ауыл іргесіне қамап ұстаған ағайын, жаз шығып жер кеңігенде жайлауға сол өңірлерге шығып кетеді. Бұлардан бөлек Томар ауылына 28 мал фермасы қарайды. Таза мал өсірумен шұғылданып жүрген кейбір отбасылар қолдарындағы мал-мүлкімен бірге тау-тастың арасын паналайды. Мұның өзіндік тиімді тұстары бар. Біріншіден ауыл айналасы таза, екіншіден жеке бағылғандықтан малдың күйі де жақсы болады және өсімі де жоғарылайды.

Табиғаты
Блог - tomarlik: Менің туған ауылым – Томар ауылы
Табиғаты ерекше сұлу деп айта алмаймын. Сарыарқаның ұсақ шоқыларының арасындағы жазықта орналасқан. Басқа ауылдардан бір ерекшелігі қыс ерте басталып, кеш аяқталады. Көршілес ауыл Бақты елді-мекенінде қара жер көрініп, жұрт малдарын өріске шығарып жатқанда біздің жақта қалың қардың мұрты да бұзылмай тұра береді. Бірақ, солтүстігімізде сұлулығы Қарқаралы, Кент, Көкшетау сұлулығынан артық болмаса кем түспейтін Темірші тауы орналасқан. Көлігі бар адамға 30 минуттық жер. Жаз айларында сол таудың бөктеріне барып, табиғат аясында демалып қайтуға болады. Темірші тауының тағы бір ерекшелігі жан баспаған мекен болуында. Мәселен, Көкшетау мен Қарқаралыға бара қалсаңыз шашылып жатқан қоқыс атаулыдан және тастағы шимай шатпақтардан көз ашпай қаласыз. Себебі жұрттың бәрі сол өлкеге демалуға барады. Қайтарда қоқыстарын тастап, шашып кетеді. Ал біздің елді-мекендегі тау алыста орналасқандықтан көп ешкім келе бермейді. Сондықтан өзінің табиғи сұлулығын сақтап қалған.

Суреттер сөйлесін

1. Томар ауылының 3000 метр биіктіктен түсірілген суреті. <uСуретті мұқият қарасаңыз, төменгі жағындағы «coogle» деген жазудың жанындағы үйлердің ішінде бір үй сарымен белгіленіп, «Томар» деп жазылып тұр. Мен сол үйде туып, 2011 жылға дейін тұрғанмын. Сабаққа жаяу барып-келу қиямет-қайым еді. Әсіресе қыс айында.

Блог - tomarlik: Менің туған ауылым – Томар ауылы

2. Ауыл көрінісі. Шілде айында

Блог - tomarlik: Менің туған ауылым – Томар ауылы

3. Ауыл көрінісі. Ақпан айы

Блог - tomarlik: Менің туған ауылым – Томар ауылы

4. Жылқы кезек. Қарай айғыр.

Блог - tomarlik: Менің туған ауылым – Томар ауылы

5. Сол бұзау іздеп келе жатқанбыз

Блог - tomarlik: Менің туған ауылым – Томар ауылы

6. 11-жылдық ауыл мектебі. Құрылысы кеңес одағы тұсында басталып, аяқсыз қалған. Тек 2000 жылы қайта қолға алынып, 2002-2003 оқу жылында пайдалануға берілді.

Блог - tomarlik: Менің туған ауылым – Томар ауылы

P/S: Байқағандарыңыздай ауылымның басқа елді-мекендерден анау айтқандай айырмашылықтары жоқ. Бірақ, мен үшін қашан да ыстық. Барлық ғаламдағы ең сұлу, ең көркем жер осы. Ата-бабаларымның сүйегі қалған киелі өңір. Мектепті аяқтап, үлкен қалаға қарай қанат қаққанда туған елімнің мақтанышы боламын. Қайда жүрсем атын шығарамын деп серт берген болатынбыз. Сондықтан лақап атымды «Томарлық» деп қойдым. Білмегендер біле жүрсін дегенімғой. )))
Әрі қарай

Қазақ тілін дамытуды әуелі өзіңнен баста

Дәстүрлі бұқаралық ақпарат құралдарын алып қарайық. Оның ішінде қазақ тілді газет-журналдар мен теле-радио хабарлар. Барлығында ұлт, дін, тіл, діл туралы жоқ дегенде бір мәселе қозғалады. Қызыл тілмен көсіле жазған автор, өз мақаласында (баяндамасында) қазақ тілінің қазіргі жағыдайы жаман, өліп барамыз деп ышқынып қалады. Аталмыш жазба жарияланады, мәселе халық пен билікке жеткендей болады. Арада аз уақыт өткен соң ел есінен шығып, ұмытылып кетеді. Әлгі автор сол мәселені қайта көтеріп, тағы да шу шығарады. Осылай жалғасып кете береді. Нәтижесі «Ноль». Қазақ тілінің дамуы туралы мәселе тәуелсіздік алған алғашқы жылдары көтерілген болатын. Содан бері арада қанша жыл өтті. Құлаған экономикамыз қалпына келіп, дамудың сара жолына түстік. Ал тіл мәселесі сол тұралап қалған қалпында қалды. Жазғыштар жазудан, айтудан жаңылмады. Сәйкесінше бұл тақырыптан халық жалығып, ондай дүниелерді оқымайтын дәрежеге жетті. Жауыр тақырып атанды. Расында бұлар ең өзекті дүниелер, бірақ нақты іспен емес құр сөзбен көтеріліп жатқандықтан қадірі қашқан. Мұнымен қалай күресуге болады? Әуелі бос аттан мен құр айғайдан арылу керек.

Ғаламтордағы қазақ тілі

Блог - tomarlik: Қазақ тілін дамытуды әуелі  өзіңнен бастаЖоғарыда айтып өткеніміздей, ана тілімізді дамытуда бос аттаннан пайда жоқ. Мәселен қазақ тілінің жай-күйі туралы қазақ тілді газетке жазып көтерудің пайдасы қанша? Ұлттық мүддеге пысқырып қарамайтын кейбір шекпенді ағаларымыз, ана тілімізде жарық көретін газетпен санасады, оларды оқиды деп ойлау асылық болып шықпай ма? Сондықтан нақты қадамдарға барып, тіл дамытуда өзімізден бастайық. Ол үшін не істеу керек? Егер тілді қалай дамыту керек екенін білмесеңіз, тым құрығанда айналаңыздағылармен қазақша сөйлесуге тырысыңыз. Оған көңіліңіз жақпаса қолыңыздан келетін бір шаруаны қолға алып, нақты қадамдарға барғаныңыз жөн. Мәселен, ғаламтор бетінде қазақша ақпараттар аз. Әсіресе википедияда. Бұлда бір кездері біраз шу болып, жазғыш ағайындар газетте мәселе көтерген болатын. Шешімін тапқан шенеуніктер емес алайда. Қолынан іс келетін азаматтар. Барлығын санамалай бермей, өзім білетін бір жігіт туралы айтып өтейін. Есімі барлықтарыңызға жақсы танымал болуы керек. Қазақша уикипедияның әкімшісі Данияр Тәжімбет деген жігіт. Менен бір жасқа кіші, 94 жылғы азамат. Мектепте оқып жүргенде бір өзі укипедияға жүз мақала салыпты. Қазір сол дүниелер талай ағайынның кәдесіне асып жатыр. Ал енді ойлап көріңізші. Тіліміз дамымай артта қалды деп қазақ газетінде жылауық «жүз» мақала жазған, сол үшін айлық алған жазғыштың еңбегі зор ма? Әлде үндеместен үйде отырып алып, елге пайдасы тиетін һәм ғаламторда қазақ тілінің дамуына үлес қосатын «жүз танымдық мақала» жазған жас баланың еңбегі зор ма?

Қазақша сыйлық
Блог - tomarlik: Қазақ тілін дамытуды әуелі  өзіңнен бастаТағы да сол тіл мәселесі. Өткенде респудбликалық басылымдарды ақтарып отырған едім. (Негізгі мамандығым журналист болғандықтан басылымдарды қарап отыратын әдетім бар). Бір ағамыз көлдей мақала жазыпты. Айтқан сөзі сол баяғы жылауық тақырып. Ұлттық мүде аяқ асты болды, тіліміз өліп барады. Мереке қарсаңында қазақ тілінде жазылған ашық хаттар емес орыс тілділер көптеп сатылады. Қазақы нақышта жазылған кәдесыйлар жоқ… Солай деп кете береді. Бұл бос сөздерден тілдің дамуына қаншалықты пайдалы? Осы мақаланы жазған автор, мәселені басқа қырынан танып ұлттық нақыштағы дүниелер шығарып жүрген жігіттерге қолдау көрсетуге шақырса жөн болар еді. Мәселен, өткен блогерлер құрылтайында Қарағандылық қыздардың жігіттерге ұсынған сыйлығы қазақша күнделік болған еді. Оны жасап шығарған, Қарағандылық Айбек деген жігіт. Болашақпен сонау Лондонда оқып келіп, қазір Қарағанды қаласында жұмыс жасап жатқан жайы бар. Қазақ қыз-жігіттерінің басын қосып шамасы жеткенше ағылышын тілін үйретуде. Одан бөлек, наурызға сыйлық ретінде күнделік дайындатты. Орыстардікі тәрізді емес. Қазақ жыл санауы бойынша 23-наурыздан басталады. Әр бетінде ұлт тұлғаларының қанатты сөздері жазылған. Ұлттық нақышта бейнеленген. Достарыңызға ұялмай естелік ретінде сыйлыққа ұсынуға тұрарлық дүние.

P/S: «Өзіңнен баста» деп санамалап жаза берсем кете беретін түрім бар. Өмірге теріс жағынан қарамай, басқаша қырынан қарап көрейікші? Неге біз тек жаманын көреміз? Егер позитив іздесек ол табылып қаладығой. Сондықтан кез-келген дүние туралы теріс пікір қалыптастырардың алдында «Мен не істедім?» деп ойлаған абзал тәрізді.
Мен не істедім? Дәл қазір мақтанышпен айтуға тұрарлық еш нәрсе істемеппін. Колледжда металлург мамандығында оқып жүрген кезімде, қажетті дүниенің барлығы орыс тілінде болған еді. Соны қазақшаға аударып, орысша түсінбейтін достарыма беріп жүрдім. Кейін келе жинақталған дүниелерді ғаламторға жариалады. Бар бітірген шаруам сол. Сіз не істедіңіз?
Әрі қарай

Дарынды журналистер сынға түсті

Қазақ университеттерінің қара шаңырағы, ҚазҰУ төрінде, «Журналистика» мамандығы бойынша Республикалық пәндік олимпиада өтіп жатыр. «Ең дарынды болашақ журналист» тақырыбындағы олимпиадаға, еліміздің әр қиырындағы 12 ЖОО студенттері жиналған. Білімділер бәсекесінде болашақ мамандар өз білімдері мен игерген машықтарын ортаға салды.

Бұл олимпиада басқалардан өзгерек

Блог - tomarlik: Дарынды журналистер сынға түстіЖыл сайынғы дәстүрге айналған «Ең дарынды болашақ журналист» атты білімділер додасына еліміздің әр қиырынан сан түрлі жас жиналды. Бәрінің алға қойған мақсаты біреу. Өздерінің білімдерін ортаға салу, жеңіс тұғырынан көрінуге тырысып бағу. Өмірдің өзі күрес, кез-келген бәсекеде алдыңғы қатардан көрінуге тырысу табиғат заңдылығы. Алайда, олимпада барысында ол заңдылық сақталмаса да болады. Себебі, университет қабырғасында жүріп, теорияны кітаптан, ұстаз дәрісінен оқу арқылы алған білімді, басқа студенттермен кездесіп, талқыға салу арқылы бекіту мүмкіндігі туындайды. Сондықтан, жеңіске жетемін деп емес, «Білім аламын, тәжірибе жинаймын»-деп келу қажет.
Тағы бір айта кетерлігі, өзге мамандықтарға қарағанда журналистика мамандығында өтетін олимпиаданың өзгеше тұстары бар. Мәселен, бөгде мамандықта өткен олимпиада да жеңімпаздар жалпы командалық есеп бойынша анықталатын болса, бұл жерде бәрі басқаша. Командалар өздерінің біліктіліктерін тәжірибеде көрсетеді. Яғни видео сюжет дайындау, аудио оқу, фото түсіру мен онлайн жазба салу. Аталмыш бағыттар бойынша үздік шыққандар жеңімпаз атанады. Журналист мамандығы өзге салалардан қалай ерекшеленсе, оның оқыту әдістері де сондай.

Алматы сапары және олимпиаданың алғашқы күні

Алғашқы күннің қалай өткенін, не істелгенін төмендегі суреттен көруге болады.

Блог - tomarlik: Дарынды журналистер сынға түсті

Ащы шындық

Блог - tomarlik: Дарынды журналистер сынға түстіБұл күні біз тек сынақ тапсырумен ғана шектеліп қалған жоқпыз. Аты барша Қазақстанға жақсы танымал ҚазҰУ қалашығын аралап, осы жерде оқитын қатарластарымыздың тыныс-тіршілігімен таныстық. Талай жылдан бері шәкірт тәрбиелеп келе жатқан ұстаздар қауымының айтқан ақылдары мен келелі сөздеріне құлақ түрдік. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ұстазы, ғалым Назгүл Шыңғысованың сөзі көңілге қонымды.
«Бүгінде қазақ тілді мерзімді басылымдардың жұмысы сын көтермейді.Әсіресе аудандық және облыстық газеттердің көпшілігі білікті мамандардың тапшылығын сезінуде. Маман болмағандықтан олардың көпшілігінде басқа саланы бітірген жандар журналист болып жұр. Бұл мерзімді басылымдардың сапасының төмендеуіне өзіндік ықпалын тигізбей қоймайды. Жыл сайын елімізде қаншама жас журналист мамандығын бітіріп, қолдарына диплом алып шыққанымен, ешбірінің алыс ауданға барып жұмыс істегісі келмейді. Барлығы үлкен қалада қалып қойғысы келеді»,- деді Назгүл Шыңғысова.

Ұстаздың айтқаны ащы да болса шындық. Алыс ауданға барып, шағын газетте ұмыс істеуді ар көріп, атақ қуып, телеарнадан көрінсем деп жүрген әріптестеріміздің бары жасырын емес. Айтар сылтауы да дайын. Аудандық газеттерге жұмыс істеуге қажетті жағыдай жасалмаған. Оларда жүріп танымал болу қиын. Бірақ бұл сылтау ғана. Егер шын ниетімізбен беріліп жұмыс істесек, еңбек қашанда бағаланады. Қазақ тілді басылымды біз, кәсіби мамандар ойламасақ, дамытпасақ, маман деген атағымызға сын емес пе?

Екінші күн. Ақтық сын.

Сайысқа келген жастардың көкейінде толқу сезімі басым. Оны қобалжыған түр-әлпеттерінен-ақ байқауға болады. Енді ше? Бұл кімнің бағы жанғанын. Қай команданың білімі мен біліктілігі жоғары екендігін анықтайтын күн. Екінші турдың басында әр команда өзін таныстырып, өнерлерін ортаға салды. Түсінбеушілік болмауы үшін, командалардың ортаға шығу реті жереби бойынша анықталды. Жеребе бойынша, білімділер додасын бастау мәртесебі Қарағандылық студенттерге (бізге) берілді. Осыдан соң, әр топ ортаға шығып, өз өнерлерін танытты. Осыдан соң, төрт номинациядан (фото, видео, радио, онлайн) тұратын сайыс басталды.

Блог - tomarlik: Дарынды журналистер сынға түсті
Алғашқы кезек: «Студенттің бір күні» тақырыбындағы фото байқауға берілді.

Блог - tomarlik: Дарынды журналистер сынға түсті

Келесі кезекте «Жаңа қазақстандық патриотизм-өркениетті қоғам жетістігінің кепілі» тақырыбында осы байқауға арнайы дайындалған бейне сюжеттер ұсынылды.

Блог - tomarlik: Дарынды журналистер сынға түсті

Студенттер үйге берілген тапсырмаларды орындап шыққан соң, тікелей эфирде хабар таратуға радио торапқа отырды. "Өңірлік журналистиканың даму жолдары" тақырыбында журналистиканың өзекті мәселелерін көтеруге тырысып бақты.

Жас журналистердің еңбектерін тамашалаған түрлі саланың мамандары өз пікірлерін айтып қалды. Мақтау мен мадақтаудан бөлек сын да айтылды. Сын айтылмай мін түзелмейді. Алайда әріптестеріміздің көпшілігі айтылған сын мен берілген бағаға қарсы шығып, дау тудырып жатты. Бұл халықтың айнасы, жұртқа үлгі болатын мамандық иелері үшін жараса бермейтін қылық екені анық.
Жоғарыда айтылған үш номинациядан бөлек, тағы бір сын жүріп жатыр. Ол мына біздер. Технологияның дамыған заманында ғаламтор арқылы хабар тарататын интернет журналисттер (блогерлер). Екі күн бойы не істеп, не қойғанымызды жазып. Ғаламтор арқылы төрткүл дүниеге хабар таратудамыз.

Жүзден жүйрік шыққан кімдер?

(Бұл тарау, олимпиада толық аяқталып, марапаттау шарасы біткен соң жарияланады)
Әрі қарай

Мен жастарға сенемін – студент жастардың ІІ республикалық патриоттық фестивалі

Бұрнағы күні, Алматы қаласында, әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университеті мен «Жас Отан» жастар қанатының ұйымдастыруымен Қазақстан Республикасының тұңғыш президенті күніне арналған студент жастардың, «Мен жастарға сенемін» ІІ республикалық патриоттық фестивалі болып өтті. Шараның мақсаты Қазақстанның әр түкпірінде оқитын өнерлі де өрелі студент жастардың басын қосып, таныстыру және елінің патриоты болуға шақыру.

Алматыға сапар

Осыдан біраз уақыт бұрын кураторымыз Ж.Жанғазықызының айтуы бойынша Алматы қаласында өткелі жатқан Gala-форум фарматындағы студент жастардың ІІ республикалық фестивалі туралы естіп, сол фестивальдің «Мен елімнің гүлденуі үшін не істей аламын» тақырыбындағы эссе байқауына жазба жіберіп, бағымды сынап көрмек болған едім. Алғашқы іріктеу турына қатысқан мыңға жуық қатысушының арасынан финалға жіберілген үш жүз адамның бірі болу бақыты бұйырды. Ұйымдастырушылар тарапынан финалға өттің деген қуанышты хабар келген келген соң, жолға жиналып, Алматы қаласына жол тарттым.
Алматыға барып-қайту, жатын орын, ішер тамаққа кеткен шығындарын өзіміздің университет, ҚарМУ тарапы көтерді. Бұрын соңды атын естіп, сырттай қанық болған Алматы қаласы мен ҚазҰУ-ды көзбен көру мәртебесіне ие болдым.
Алматыда бізді Асел, Наргиз, Бағлан есімді ҚазҰУ-дің «Сұңқар» студенттер кәсіподағының мүшелері күтіп алып, арнайы бөлінген автобустарымен «Шамшырақ» қонақ үйіне орналастырды, қаланы аралатып, Алматы қаласын таныстырды. Көктебеге ертіп барып, кешкі Алматынының «алақандағыдай» бейнесін тамашаладық.

Керек тілші: Мен жастарға сенемін – студент жастардың ІІ республикалық патриоттық  фестивалі


Фестивалдің ашылуы және кітап көрмесі

Фестивалдің ашылу салтанаты және проза байқауы мен поэзия байқауы ҚазҰУ-дің әл-Фараби атындағы ғылыми кітапханасында өтті. Ашылу салтанатына Алматы қаласының әкімінің орынбасары Зәуреш Жұмаділқызы, «Жандану» жобасының білім беру бағдарламасының жетекшісі Мұрат Исаханов, ҚР Халық әртісі Нұрғали Нүсіпжанов, «Ақиқат» ұлттық қоғамдық-саяси журналының бас редакторы Аманхан Әлімұлы және Халықтаралық «Қазақстан-Заман» апталығының бас редакторы Ертай Айғалиұлы қатысып, қатысушыларға арналған құттықтау сөзін сөйледі. Бұдан соң, ҚР тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаев туралы деректі фильм көрсетілді. Осыдан соң, үлкен залда Елбасымыздың шығармаларынан құралған кітап көрмесі ұсынылды. Бұл жерде осы уақытқа дейінгі Н.Әбішұлының жарық көрген кітаптары, жаңадан басылып шыққан еңбектері қойылып, халыққа ұсынылды.

Керек тілші: Мен жастарға сенемін – студент жастардың ІІ республикалық патриоттық  фестивалі

Тақырыптық шығармашылық жұмыстар

Фистиваль аясында төрт түрлі байқау ұйымдастырылған болатын. Іріктеу турынан өткен қатысушылар өздерінің жіберген дүниелеріне байланысты, жеке-жеке секцияларға бөлініп, шығармаларын халыққа таныстырды.

1. «Еліміздің иновациялық дамуына менің қосқан нақты үлесім» атты суденттік әлеуметтік маңызы бар иновациялық жобалар байқауы. Бұл секцияның модераторы болып, «Алатау» ИТП ЕЭА АҚ басқарушы директоры Мұрат Куанышұлы Сариев тағайындалған екен. Фестивалға ұзын саны 31 жұмыс ұсынылды. Өткен орны, Ө.Жолдасов атындағы Студенттер сарайы.

2. «Мен мемлекетімнің гүлденуі үшін не істей аламын» тақырыбындағы студенттік эссе байқауы. Модераторы халықаралық «Қазақстан-Заман» апталығының бас редакторы Ертай Айғали. Байқауға 68 жұмыс ұсынылыпты. Байқауға қатысуға өтініш білдіргендердің саны тым көп, ал уақыт тапшы болғандықтан әділқазылар алқасы, үміткерлердің жазбаларын оқу арқылы жүлдеге лайық деп танылған жандарды алдын-ала анықтап қойған екен. Сол себептен, қатысушыларға өз жұмысын қорғауға мүмкіндік берілген жоқ. Бұл секцияның қатысушылары "үлкен кісілердің" ақыл-кеңестерін тыңдап, өздерінің ойларын ортаға салып, дөңгелек үстел форматындағы отырыс түрінде бас қосу өткізді.

Керек тілші: Мен жастарға сенемін – студент жастардың ІІ республикалық патриоттық  фестивалі

3. «Мен жастарға сенемін!» тақырыбындағы студенттік поэзиялық азаматтық-патриоттық шығармалар байқауы. Модераторы: Аманхан Әлімұлы- Қазақстан Жазушылар Одағының басқарма мүшесі, ақын. Бұл байқауға 80 жұмыс ұсынылыпты. Бұл секцияның да жеңімпаздары алдын-ала анықталып қойылғандықтан, қатысушылар өз өлеңдерін әділ-қазылар алқасы үшін емес, халық үшін оқыды. Жағдайды түсіндіре келе, өлеңдердің оқылуы бәйге қортындысына әсер етпейді деген хабар айтылған кезде, үміткерлердің көпшілігі залды тастап, сыртқа шығып кетті. Ал поэзияға шын берілген жандар, он-жирма адам отырса да, қауым елдің ортасында отырғандай, өздерінің төл туындыларын барынша тебіреніспен орындап, халыққа да өздеріне де рухани демалыс, ләззат сыйлады.

Керек тілші: Мен жастарға сенемін – студент жастардың ІІ республикалық патриоттық  фестивалі

4. «Мәңгілік ел – мұратым!» патриоттық әндер секциясы. Модераторы: ҚР халық әртісі Нұрғали Нүсіпжанов. Бұл байқауға 31 қатысушы өз әндерін ұсынған.

Мерекелік концерт

Керек тілші: Мен жастарға сенемін – студент жастардың ІІ республикалық патриоттық  фестивалі

Негізгі іс-шаралар атқарылып болған соң, барлық қатысушылар мен ҚазҰУ студенттері және қонақтар Ө.Жолдасбеков атындағы студенттер сарайына мерекелік концерт көруге барды. ҚазҰУ-нің және басқа қалалардан келген өнерлі студенттердің қатысуымен өткен концерт жоғары деңгейде өтті және күні бойы шаршаған қатысушыларға әдемі демалыс ұсынды. Бұдан бөлек ел ағаларының да осы концертке келіп қатысуы кеш сәнін бұрынғыдан да арттыра түсті. Мерекелік концерттің соңына қарай әр байқаудың жеңімпаздарының аттары аталынып, арнайы сыйлықтар тапсырылды.

Керек тілші: Мен жастарға сенемін – студент жастардың ІІ республикалық патриоттық  фестивалі

Марапаттау барысында, әр секция бойынша бір-бір студенттен 4 студент ҚазҰУ-да бір жыл тегін оқу грантын жеңіп алды. Және сонша адам Алматы қаласының әкімдігі тағайындаған арнайы бағалы сыйлыққа ие болса, үшінші орын иегерлері «Жандану» жобасы тағайындаған арнайы сыйлыққа ие болды.

Жастар- Party

Кештің ресми тұсы аяқталып, жеңімпаздар анықталған соң, студент жастардың таныстығын арттыра түсу мақсатында ҚазҰУ-не қарасты тамақтандыру комбинатында мерекелік дастархан жайылып, студенттердің думанды кеші бастау алды. Кештің қаншалықты деңгейде қызықты әрі көңілді өткендігін видео және фото материялдар көрсете алады деген ойдамын…

Керек тілші: Мен жастарға сенемін – студент жастардың ІІ республикалық патриоттық  фестивалі



Көптен бері көкейде жүрген, арман болған — Алматы қаласына барып, көзбен көріп қайттық. Алған әсеріміз керемет. Әсіресе, ҚазҰУ студенттерінің белсенділігі мен қонақжайлығы еріксіз таңдай қақтырды. Ұлттық маңызы бар мерекені алғаш рет және ұмытылмастай тойлағаным осы болды. Баршаңызды ертеңгі мерекемен құттықтаймын!!!
Әрі қарай

"НӘТИЖЕ" ОҢ НӘТИЖЕ КӨРСЕТЕДІ

Ерлан Әшім мырзаның аты Қарағанды қаласының жұртшылығына жақсы мәлім. Бұл азамат, Қарағанды мен оның айналасындағы серіктес қалаларды, алыс аудандарын және Повладар облысының кейбір аймақтары мен Астана қаласының бір бөлігін сапалы сүт өнімдерімен қамтамасыз етіп отырған «Нәтиже» сүт фабрикасының басшысы және Қаладағы мәдениет пен өнер салаларына үнемі қаржылай қолдау көрсетіп отыратын ірі демеушілердің бірі. Осы күз айында Ерлан Әшім мырзаның қарамағындағы «Нәтиже» мен «220 вольт» фирмаларының ұйымдастыруымен өткен Асық патиден кейінгі, сүт фабрикасына жасаған саяхатымыз барысында естіп-білген мәліметтермен таныса отырыңыздар...

Керек тілші: НӘТИЖЕ ОҢ НӘТИЖЕ КӨРСЕТЕДІ
Компания тарихы

Ерлан мырза бизнеспен 1999- жылдан бастап айналыса бастаған. Әуелде бөлшек саудамен айналысатын шағын фирмасына кейіннен кондиттерлік цех пен шағын наубайхана қосылады. Бірақ, бұл жетістікпен ғана шектеліп қалмай, әрі қарай өсуді ойлаған кәсіпкер, қаланы сүт өнімдерімен қамтамасыз етуді қолға алуды ойластыра бастайды. Себеп, сол кезде Қарағанды сүт заводы дағдарысқа ұшырап, халыққа сапалы өнім ұсына алмайтын дәрежеде болған еді. Нарықтағы жағдайды бағамдай келе, фирма басшылығы үлкен тәуекелге бас тігіп, бұрынғы айналысып отырған бизнесін түгел сатып, қаржыға айналдырады. Ол ақшаға бірнеше көлік пен сүт сақтауға арналған тоңазытқыштар сатып алып, Қостанайдан Қарағандыға сүт тағамдарын тасымалдай бастайды. Аз уақытта бұл кәсібі күткен нәтиже беріп, бір аптадағы сатылым көлемі 15-20 тоннаға дейін өседі. Қарағанды нарығын жаулап алған соң, алдағы таңда сүт тасымалдаушы емес, өндіруші болуымыз керек деген шешім қабылданып, бұл жобаны бірге жүзеге асыру туралы «Балқаш сүт» ААҚ ұсыныс тасталады. Олардың қолдауына ие болған соң, қала сыртында қараусыз тұрған ғимараттарды сатып алып, сүт өңдеу қондырғыларын орнатады. 2003 жылдан бастап, өз сүт өнімдерін шығара бастайды. Компания өз айналасына жұмыс істеуге құлшынысы бар, алғыр жігіттерді топтастырып, өздерінің «Нәтиже» брендін шығарып, нарықта бәсекеге қабілетті ірі фирмалардың қатарына қосылады. Бірақ, компания басшылығы бұл жетістікті де місе тұтпай, кәсіпорынның өнімділік қуатын арттыра түсу мақсатында іздене бастайды. Соның арқасында Дания мен Голандия тәрізді шет мемлекеттерге іс-сапарларға шығып, сол елдердің тәжірибесіне сүйене отырып, завот құрылғыларын бірте-бірте Европалық технологиялармен жабдықтай бастайды. Қарағандылық «Нәтиже» сүт фабрикасында қазір — «Tetra Pak» швед компаниясының жабдықтары жұмыс істеп тұр. Фабриканың өнім шығару қуаттылығы алғашқы кездері 12 тонна болса бүгінгі таңда 120 тоннаға жеткен.

Керек тілші: НӘТИЖЕ ОҢ НӘТИЖЕ КӨРСЕТЕДІ

Компанияның серіктестерімен жұмысы

Компания бір стильде безендірілген 12 фирмалық бөлімшеден тұрады. Бұл фирманың жұмысын жандандыру мақсатында қолға алынған жоба, әр фирманың өзінің айналысатын кәсібі бар. Мысалы, бір фирма тек сүт тасымалымен айналысатын болса, келесі фирма дайын өнімді саудаға шығарады т.с.с. Әр фирманың өз басшысы, өзіне тән қаржылық есебі бар. Олар бір-біріне кедергі келтірмей, қайта тиімті байланыс орната отырып жұмыс істейді, бұл компанияның дамуына оң ықпалын тигізуде.

Керек тілші: НӘТИЖЕ ОҢ НӘТИЖЕ КӨРСЕТЕДІ

Фабриканы үнемі шикізатпен қамтамасыз етіп отыру мақсатында Шет ауданында 200 ірі қарадан тұратын екі шаруа қожалығы ашылған. Фабрика өзіне қажетті шикізатты сол фермаларда бағылатын сиырлардың сүті арқылы және Қарағандыға жақын орналасқан елді-мекендерден сүт жинау арқылы қамтамасыз етеді

Керек тілші: НӘТИЖЕ ОҢ НӘТИЖЕ КӨРСЕТЕДІ

Сүт тапсырушылар компанияның серіктесі деп танылады, сондықтан оларға компания тарапынан қолдаулар көрсетілу үстінде. Мәселен, сиыр саууға адам күші жете бермейді. Бір адам әрі кетсе 5-6 сиыр саууға ғана үлгереді.
Бұл кемшілікті жою мақсатында «Нәтиже» сүт фабрикасы жеңілдетілген несие түрінде фермерлерге Түрік мемлекетінде жасалған 220 волттық сиыр сауу апараттарын ұсынады. Бұл аспаптар сынақтан сәтті өтіп, сиырлар екі-үш күннің ішінде сауудың осындай түріне үйреніп кетуіне жағдай жасаған екен. Ал Ресей мен Қытайда жасалған сауу аппараттары, сиырларды қаны шыққанша сауатын болғандықтан, олар сауғызудан қашып, сүтін тартып алатын болған.

Нағыз өнім 7 күн ғана сақталады

Компания ұстанымы бойынша өнімге ешқандай консерванттар мен тұрақтандырушы заттар пайдаланылмайды. Тек таза табиғи сүт өнімі ғана нарыққа ұсынылады. Рас бұл ұзақ сақтауға келмейді және завоттың дамуына айтарлықтай кері әсерін тигізеді, бірақ, бұл кемшіліктің орнын халықтың көңілінен шығатын өнім ұсына отырып, толтыра алады.
«Нәтиже» сүт фабрикасының өнімін тек 7 күн ғана сақтауға болады. Себебі пайдалы бактериялар тек осы уақыт аралығында ғана өз белсенділігін сақтайды, ал 8 күні ол бактериялар өле бастайды және өзінің пайдалы әсерін жояды.
Фабрикада арнайы зертхана орналасқан, ол жерде мамандар өнімнің сапасын қадағалап отырады және айран өндіруде қолданылатын ашытқылар құрамында кездесетін бактерияларды өсіреді.

Керек тілші: НӘТИЖЕ ОҢ НӘТИЖЕ КӨРСЕТЕДІ

«Нәтиже» сұйық сүттен басқа айран мен ірімшіктің бірнеше түрін және сықпа құрт өнімін нарыққа шығарады. «Нәтиже» өнімдерінің ішіндегі ең танымалдары: Ішетін сүт, Қарлы сусын, Нәринел, құрт, Био-айран, т/б…

Керек тілші: НӘТИЖЕ ОҢ НӘТИЖЕ КӨРСЕТЕДІ

«Наринель» қалай «Нәрине-L» атанды
Фабриканың шығаратын сүт тағамдарының арасында «Нәринел» деп аталатын өнім бар. Бұл өнім кешегі кеңестер үкіметінің тұсында халықтың сүйіспеншілігіне бөленген «Наринель» йогурт өнімінің бір түрі. Фабрика аяққа тұрған шақта, тұрғындардың сұрауы бойынша аталмыш тағам түрі нарыққа шығарыла бастайды. Арада бірер ай шамасында уақыт өткен соң, Армениялық бір компанияның өкілдері хабарласып, «Наринель» брендін заң жүзінде еншілеп алғандықтарын, сондықтан «Нәтиже» компаниясы аталмыш өнім түрін нарыққа шығарғандары үшін өтем ақы төлеулері керек екендігін айтады. Бұл хабардан соң, фирма тарапынан өнім атауын өзгерту керек деген шешім қабылданып, йогурттың атын «Нәринел» деп қазақшалап жаза бастайды.

Ұлттық ерегшеліктері

«Нәтиже» сүт фабрикасының басқалардан бір ерекшелігі, компания басшылығы ұлттық құндылықтарды насихаттауды жолға қойған. Компанияның бас кеңсесіндегі қабырғаларда ұлттың ұлты тұлғаларының портреттері мен қанатты сөздері орын тепкен. Кеңсеге кірген кезде құдды мектеп қабырғасына қайтып келгендей әсер алған болатынмын. Себебі тұлғалардың сөздері мен суреттерін тек мектептен ғана көрген екенмін. Ал басқа жерден әсіресе кәсіпкер азаматтың кеңсесінен көремін деп еш ойламаған болатынмын.
Керек тілші: НӘТИЖЕ ОҢ НӘТИЖЕ КӨРСЕТЕДІ
Ерлан Әшім мырзаның айтуынша ол кісіге қарайтын фирмаларда жаңа жыл тойланбайды. Ескерусіз қалдырылады. Рас тойлама деп ешкімді қинамайды, жұмысшылары тойлаймын десе ерік өздерінде, бірақ компания көлемінде атап өту, мерекелік безендіру, сыйлық беру тәрізді шаралар өткізілмейді. Есесіне наурыз мерекесі үлкен көлемде атап өтіледі. Фабриканың ауласында қазан асылып, алты бақан тебіліп, ұлттық ойындар ойнатылып, қызметкерге сый-сыйапат жасалып, мерекелік банкет өткізіледі. Жалпы ірі мерекелік іс-шара жылына бірнеше мәрте қайталанады екен. Мәселен, Наурыз мейрамында көктемнің келуін, жаңа жылдың басталуын тойласа, онан соң, ораза айт, құрбан айт мерекелері де компания көлемінде тойланып тұрады екен.

Қолдау көрсетулері

Фирма басшылығы тек ақша тауып қана қоюды мақсат тұтпайды. Бизнесті алғаш бастаған күннен бастап, әлеуметтік істерге назар аударып, қолдау көрсетіп тұру бұл фирманың әдетіне айналған. Сол әдет, фирма дамыған сайын, ұлғайып, қайырымдылық шаралары мен түрлі жұмыстарға демеушілік көрсетуге бөлінетін қаражат көлемі күн өткен сайын барынша ұлғайып отыр.
«Нәтиже» фабрикасы балалар үйіне, мектептерге демеушілік көрсетіп, әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларына жағдай жасау үстінде. Сонымен қатар спорт саласына, мәдениет пен өнерге де хал-қадірінше қолдау көрсетуге тырысып келе жатыр екен. Ерлан Әшім мырзаның айтуынша фирманың қайырымдылық шараларына белсене қатысуы, жарнамалық мақсаттан не болмаса о дүниеде сауап аламыз деген ойдан туындамаған екен. Бұл адамди құндылықтан туындаған. Қолда мүмкіндік барда, айналадағы жандарға жәрдем көрсетіп қалу қажет екендігін айтады. Себебі ертең қандай күн күтіп тұрғанын ешкім білмейді.

Қолға алынған жобалар

Бизнестен бөлек фабрика басшылығы ұлттық құндылықтарды насихаттайтын бірнеше жобаны қолға алған екен. Олардың ішінде екі жобаны ерекше бөліп алып қарастыруымызға болады.
Керек тілші: НӘТИЖЕ ОҢ НӘТИЖЕ КӨРСЕТЕДІАлғашқысы «Текті қазақ» жобасы. В контакте, Фейзбук, Майл.ru тәрізді әлеуметтік желілерде пабликтер ашып, ұлттық құндылықтарды насихаттауға бағытталған. Бұл пабликтерде ұлттың келешгі үшін еңбек еткен тұлғалар туралы, олардың қанатты сөздерін және адамға ой саларлық қысқа да нұсқа мәтел сөздерді таба аласыздар.

Керек тілші: НӘТИЖЕ ОҢ НӘТИЖЕ КӨРСЕТЕДІКелесі жоба «Лұғат.kz» қазақ тілінің сөздіктер кешені. Айбек Өжкен деген жігіттің бастамасымен ашылған, сайт. Бұл жерде ағылышын-қазақ, орыс-қазақ, түсіндірме сөздік, орфаграфиялық сөздік, аймақтық сөздік тәрізді бірнеше сөздіктер жүйесі ашылған. Өзіңізге қажетті сөздің аудармасын не болмаса түсіндірмесін осы сайттан таба аласыздар.
Аталмыш жобалардың екеуі де бейкомерциялық жобалар болып табылады және пайда табуды көздемейді. Тіпті, осы жобалардың бас демеушісі болып отырған, «Нәтиже» фабрикасы туралы да көп айта бермейді.

«Нәтиже» сүт фабрикасы туралы мен жинаған мәліметтер легі осындай болды. «Нәтижес» фабрикасы денсаулыққа пайдалы сүт өнімдерін өндіру арқылы тұрғындардың саулығын қамтамасыз етумен қатар, жақын ауылдардан сүт жинап, ауыл тұрғындарына жұмыс көзін ұсынып отырса, басшылары мәдениет пен өнер саласынан қаражатын аямай, тұрғындардың рухани жан дүниесінің сау болуына да назардан тыс қалдырмауда.
Әрі қарай