Жарияланымдар

#QazzaqDepression. Кілет

Блог - patick: #QazzaqDepression. Кілет
Қалай тап болғанын білмейді. Не үшін мына жерде жүргенін білмейді. Қалай басталғанын да білмейді. Білетіні — нөпір халықтың қозғалған бағытымен бірге бұл да келе жатыр. Қараңғы дәліз. Қабырғалары суық әрі ылғал. Кен орнындағы шахта ма деп қалды бір сәт. Бірақ оны қайдан білуші еді, өмірінде шахтаға түсіп көрген емес.

Артына бұрылып қарады. Адам қарасының шеті көрінбейді. Алды да солай. Кері бұрылмақшы болды. Тар дәлізге сыймай келе жатқан адамдардың арасында бұл мүмкін емес екен. Еріксіз көпшілік бағыт алған жаққа жүре берді.

Бір сәтте дәліздің шеті де көрінді. Ең шетте үлкен тор тұр. Торға адамдар сыйғанынша кіреді де төменге түседі. Оның да кезегі келді. Көтеріп-түсіргіш тордың алдында, қақпаны ашып-жауып тұратын екі адам бар екен. Қақпаны аша сала адамдарды жұлқылап итеріп торға тыға бастайды. «Тұрмаңдар, тез бол! Шешелеріңді сендердің!» — деп ашулы дауыспен айқайлап қояды кейде.

Солардан мән-жайды сұрамақшы болып еді, әлгі екеудің біреуі жағасынан қысып ұстады да, кілеттің ішіне итеріп жіберді. Шалқалақтап құлады.

Төмен түскен сайын қорқайын деді. Белгісіздіктен бойын үрей билеп, қалшылдай бастады. Қасындағы 60-70 жастағы шалға жармаса кетті:
— Көке, айтшы, бізді қайда апара жатыр?
— Білмеуші ме едің? Тозаққа, балам…
— Тозаққа? Біз сонда өліп қалғанбыз ба?

Шал үндемеді. Ол тізерлеп отыра кетті. Аяғынан әл кетті. Қолдан келер шара жоқ еді. Енді еміс-еміс есіне түсе бастаған секілді. Сағат кешкі он шамасы. Автобус. Соңғы рейс. Өзі салонда қалған соңғы жолаушы болатын. Ақырғы аялдамадан түсетін жалғыз өзі. Бүйірден соққан жүк көлік. Қараңғылық.

***

ЭПИЛОГ
— Қайда бұрылар екен?
— Оны өзі-ақ түсінеді. Әдетте ақылы бар адам қараңғы дәлізді таңдамайды. Интуитивті түрде жарық, жылы дәлізге бұрылады.
— Сол бейбақты қинамай-ақ, өзіміз жөн сілтеуіміз керек еді. Бұл біздің жұмысымыз ғой.
— Бір адам туда, бір адам сюда… Ештеңе етпес.
Әрі қарай

Мұхаммед Әли туралы фильмдер

Мұхаммед Әлиді кино әлемінде Майкл Манның «Али» көркем картинасы арқылы ғана білеміз. Чемпионды Уилл Смит сомдаған еді. Фильмде Кассиус Клэйдің қара нәсілділердің құқығын қорғаушы ретіндегі қырына баса мән беріледі, ал оның 1974 жылы Заирде өткен Джордж Форманмен жекпе-жегі фильмнің кульминациясы ретінде берілген. Демек, «Али» фильмі осы аңыз тұлғаның толық өмірін суреттемейді, боксерлік карьерасының бүге-шегесіне аса көп тоқталмайды, азаматтық белсенділігінен хабар беретін көріністер толық емес. Бұны заңдылық деп те қарастыру керек, өйткені осындай ұлы тұлғаның бүкіл өмірін бір кинокартинаға сыйғызу мүмкін емес.

Сондықтан, Мұхаммед Әлидің өмірі мен карьерасынан толыққанды ақпарат алу үшін, оны жақынырақ білу үшін бір емес, бірнеше фильмді көріп шығу керек болады. Құдайға шүкір, чемпион туралы деректі фильмдер аз емес екен.

«Немесе оны Кассиус Клэй деп танимыз» («A.k.a. Cassius Clay»), 1970 жыл

Киностан: Мұхаммед Әли туралы фильмдер
Бұл деректі картина бокстан аса ауыр салмақтағы әлем чемпионы болған, Ислам дінін қабылдағанға дейін Кассиус Клэй деген атпен белгілі Мұхаммед Әли туралы баяндайды. Режиссер Әлидің Генри Купермен, Флойд Паттерсонмен, Джерри Куорримен, Сонни Листонмен өткізген жекпе-жектерінен таспаларды бір киноға жинастырған. Әли өзін бокс тарихындағы ең ұлы адам деп атайды. Марқұм Малькольм Икс чемпион туралы өз ойымен бөліседі.

«Мұхаммед Әли: Қабілет, ақыл және жігер» («Muhammad Ali: Skill, Brains & Guts»), 1975 жыл

Киностан: Мұхаммед Әли туралы фильмдер
Фильмде Мұхаммед Әли карьерасындағы ең жарқын сәттерін еске алады. «Көбелекше қалықтап, араша шағып алатын» чемпион жұдырықтасқан қарсыластары туралы айтады. Үздік жекпе-жектерінен кадрлар көрсетіледі, сұхбаттары бар.

«Ең ұлы» («The Greatest»), 1977 жыл

Киностан: Мұхаммед Әли туралы фильмдер
Өмірбаяндық көркем фильмде басты рөлді Мұхаммед Әлидің өзі сомдады. Сюжет бойынша Кассиус Клэй Ислам дінін қабылдап, Мұхаммед Әли деген есімді алады. Кейін ол Вьетнамдағы соғысқа барудан бас тартады. Бұл шешімі оның кәсіби карьерасына кеселін тигізеді, бірақ соттасу барысында Әли жеңіске жетеді.

«Біз патша болғанда» («When We Were Kings»), 1996 жыл

Киностан: Мұхаммед Әли туралы фильмдер
Әлидің ең қиын жекпе-жегі – Джордж Форманмен кездесуі туралы деректі фильм. Екеуі 1974 жылы 30 қазанда Заир астанасы Киншаса қаласында жұдырықтасқан еді. Сол кездесу Конго халқы үшін үлкен оқиғаға айналды, ел басшысының қаржыландыруымен тікелей трансляция әлем бойынша көрсетілді, бокс шарасына орай үлкен музыкалық фестиваль да ұйымдастырылды.

«Біз патша болғанда» — үздік деректі фильм номинациясы бойынша «Оскар» алды.

«Мұхаммед Әли – Әлемнің көзімен» («Muhammad Ali — Through the Eyes of the World»), 2001 жыл

Киностан: Мұхаммед Әли туралы фильмдер
Мұхаммед Әли спорт тарихындағы ең ұлы тұлға ғана емес, ол азаматтық құқық үшін күрескен қозғалыс мүшелерінің бірі, діни сенімі үшін принципке бара алған қайсар адам, өзіне тән мінезі мен харизмасы бар ерекше жан. Деректі картинада ескі таспалар, оның достарынан, отбасы мүшелерінен, табынушыларынан алынған сұхбаттар бар.

«Әлидің 65-і» («Ali’s 65»), 2006 жыл

Киностан: Мұхаммед Әли туралы фильмдер
ESPN арнасы өндірген телевизиялық деректі фильмде Әлидің бокстағы жетістігі қоғамның рингтен тыс бөлігіне қалай ықпал еткенін баяндайды. Кейбір спортшылар тек спорт әлемінде ғана талант болып қалса, кейбіреулердің мұрасы өз кәсібінен тыс әлемге де әсер ете алады. Мұхаммед сондай ерекше адамдардың бірі, ол Америка тарихына ықпал етті. Фильмге сондай-ақ Әлиге 1960 жылғы Олимпиада «алтынын» алып берген жекпе-жек, 1975 жылғы Джо Фрейзермен жұдырықтасуы енген.

«Маниладағы триллер» («Thrilla in Manila»), 2008 жыл

Киностан: Мұхаммед Әли туралы фильмдер
1971 жылы Мұхаммед Әли мен Джо Фрейзер рингте кездесті. Бұл сол кезең үшін бокс әлеміндегі ең басты оқиға еді. Жұдырықтасуға дейін Мұхаммед көпшілік алдында қарсыласын кекетіп-мұқатумен болады, «Горилла», «Том ағай», «Кемтар» деген аттар тақты. Алайда, Джо Фрейзер судьялардың шешімімен жеңіске жетеді. Бұл Әлидің карьерасындағы алғашқы жеңіліс еді. 1974 жылы матч-реванш болды, бұл жолы судьялар жеңісті Әлиге берді. Бірақ екі боксшының арасындағы текетірес бұнымен бітпеді. Фрейзер мен Әли арасындағы үшінші жекпе-жекті Филиппин астанасы Манилада өткізуге шешім қабылданады. 14 раундқа созылған кескілескен шайқас болады, айқын басымдыққа ие нақты жеңімпаз анықталмайды. Алайда судьялардың шешімімен Әли жеңімпаз деп танылып, чемпиондық атағын сақтап қалады. Деректі фильм осы оқиғаны бүге-шегесіне дейін баяндап береді.

«Мұхаммед Әли: Майамиде жасалған» («Muhammad Ali: Made in Miami»), 2008 жыл

Киностан: Мұхаммед Әли туралы фильмдер
1960 жылы Кассиус Клэй еісмді жас боксшы Майамиге келген еді. Осы жерге ол аса ауыр салмақтың чемпионы болу үшін келеді. Ақырында ол аңызға айналды. Фильмде боксшының жақындары, соның ішінде бапкері Анджело Данди, дәрігері Ферди Пачеко сөз сөйлейді. Бұл фильм боксшының Майамидегі эволюциясын көрсетеді.

«Әлимен бетпе-бет» («Facing Ali»), 2009 жыл

Киностан: Мұхаммед Әли туралы фильмдер
Деректі кинокартинада Мұхаммед Әли онымен жұдырықтасқан боксшылар көзімен баяндалады. Әлимен жекпе-жек өткізген үздік 10 боксшы сұхбат берген. Олардың ішінде, Джордж Форман, Джо Фрейзер секілді Әлидің қас жаулары бар. Сөйтіп, Мұхаммед Әлиді оның қарсыластары айтқан әңгімелер арқылы басқаша тануға мүмкіндік ашылады.

«Әлидің он екісі» («Ali’s Dozen»), 2006 жыл

Киностан: Мұхаммед Әли туралы фильмдер
Мұхаммед Әлидің карьерасындағы ең үздік 12 жекпе-жек туралы баяндайтын деректі фильм. Оның рингтегі төбелестеріне куә болған адамдардың сұхбаттары келтірілген.

«Мұхаммед Әли – Адам, қадамдары, сөздері» («Muhammad Ali — The Man, The Moves, The Mouth»), 2012

Киностан: Мұхаммед Әли туралы фильмдер
Бұл деректі фильм чемпион өмірінің ретроспективасы десе де болады. Фильмде оның өміріндегі негізгі оқиғалар, жеңістері мен сәтсіздіктері баяндалады. Боксшының рингтегі басты кездесулерінен сирек кадрлар көрсетіледі.
Аталған кинотуындылар Мұхаммед Әли туралы толық картинаны қалыптастыруға септігін тигізеді деп үміттенеміз.

Қосымша дерек:
Мұхаммед Әли (Muhammad Ali, туған кездегі аты-жөні — Кассиус Марселлус Клэй) — Американың кәсіпқой боксшысы, ауыр салмақ категориясында жұдырықтасты; бокс тарихындағы ең танымал боксшылардың бірі. Өмір сүрген кезеңі — 17 қаңтар 1942 — 3 маусым 2016.

1960 жылғы XVII Олимпиада ойындарының жартылай ауыр салмақ бойынша чемпионы, ауыр салмақтағы абсолюттік әлем чемпионы (1964—1966, 1974—1978).
Әрі қарай

Авторлық кинодан табыс табуға бола ма?

Әдетте кино өнерін екіге жіктеп жатамыз – бұқаралық және авторлық. Бұқаралық фильмдер өндірісі бизнес жоба ретінде қарастырылады, сәйкесінше, бұндай өнімдердің басты мақсаттарының бірі – табыс табу. Авторлық киномен әуестенетіндер үшін жағдай сәл басқашалау – олар жұмыстарына қаржыны өз қалтасынан, не болмаса, тынымсыз шапқылап, қалталы азаматтардың табалдырығын тоздырып жүріп жинаған демеушілік көмектен табады. Әдетте авторлық кино табыс әкелмейді, түрлі фестивальдар аралап, конкурстық ғұмырмен шектеледі.

Бірақ фестивальдарға да белсене қатысып, жалпы қауымға да кеңінен тарай алатын фильмдер бар, сондай өнімдерді жасай алатын әмбебап, интеллектуал шеберлер кездеседі. Көп емес, әрине. Бірақ бар.

Киностан: Авторлық кинодан табыс табуға бола ма?
«The Hollywood Reporter: Russian Edition» (THR) басылымы ағайынды Коэндердің және солар түсірген «Цезарь жасасын!» фильмінің мысалында тәуелсіз және авторлық киноның коммерциялық қырлары туралы баяндапты. Мақала авторы Владимир Захаров, жазбасында артхаус тек жүлделер жинап қоймай, кассалық жетістіктерге де жете алатыны жайында айтыпты. Сол материалдың еркін тәржімәсін назарларыңызға ұсынамыз.

Ағайынды Коэндер бизнес-тәртіпке және жауапкершілікке өздерінің алғашқы жобалары — «Жай ғана қан» («Blood Simple») фильмін түсіру кезінде-ақ үйренген. Картинаны қаржыландыру үшін олар «Зұлым өліктерді» («Evil Dead») түсірген Сэм Рэймидің жолын таңдапты: Джоэл мен Итан оператор Барри Зонненфельдпен бірге екі минуттық трейлер түсіріп, оны болашақ инвесторларға көрсетеді.

Жас Джоэл Коэн қолына трейлер мен 16 мм-лік проекторды ұстап алып, дантистердің, архитекторлардың, сұлулық салон басшыларының, Миннесотаның басқа да белгілі кәсіпкерлерінің табалдырығын тоздырады. Жиырма шақты кездесудің ішінен біреуі қаржы бөлуге келіскен, сөйтіп ол 750 мың долларды жинауға бір жылға жуық уақытын жұмсапты.

Киностан: Авторлық кинодан табыс табуға бола ма?
«Жай ғана қан» жобасында 60 шақты инвестор болған, олардың басым бөлігі өндіріске 5-10 мың доллар көлемінде қаржы салғандар. Бір қызығы – ағайындылар осы алғашқы фильмдерінен кейін өз өнімдеріне ешқашан қаржы іздемеген екен. «Жай ғана қан» «Санденс» фестивалінің бас жүлдесін иемденеді және кинотеатрлардан көрсетіледі. Осыдан кейін режиссерлерге ақша ұсынатын ниеттілер өздері табылатын болған.

Тәуелсіз кино әдетте алдын-ала сатылым арқылы қаржыландырылады. Дайын сценариймен және қатысуға келісім берген жұлдыздармен продюсер немесе режиссер болашақ прокатшысын іздейді. Өз өніміңе серіктестер іздеуге Канн кинофестивалі секілді ірі форумдар аясында өтетін кинонарықтар арқылы қол жеткізуге болады. Сатушы бұндайда бірден ақша алмайды, тек жобаның дамуына ықпал ететін уәде-келісімдерге қол жеткізеді. Осындай уәделердің арқасында инвестиция мен кредит тартуға мүмкіндік туады.

Қазір ағайынды Коэндерге инвесторлардың өздері кезекке тұратын көрінеді. Бұған «Бартон Финктің» («Barton Fink») Канндағы жетістіктері, екеуінің алғашқы «Оскарлары» көп септігін тигізіпті. «Цезарь жасасын!» және тағы бірқатар фильмдерді олар британдық Working Title киностудиясымен бірге істеді, «Льюин Дэвистің ішкі әлемін» француздардың Studio Canal компаниясы қаржыландырды, ал «Нағыз мәрттік» («True Grit») әдетте боевиктер түсіретін Skydance есебінен қаржыландырылды.

Киностан: Авторлық кинодан табыс табуға бола ма?
Кім қаржы құйса да, ағайынды Коэндер шығармашылық еркіндікті және ақырғы монтаж құқығын қашан да өздеріне қалдырады. Сөйте тұра олар ақшалай табысқа да қол жеткізіп жүр. Джоэл мен Итанның карьерасында бір ғана күйреу болды: олардың алғашқы голливудтық тәжірибесі — «Хадсакердің өкілі» («The Hudsucker Proxy»). Warner Bros. студиясы өндірген жоба 40 млн долларлық бюджетпен 3 миллиондай ғана тапты.

Осыдан кейін ағайындылар шағын бюджетті жобаларға қайтып оралып, 7 миллионға «Фаргоны» түсірді. Олардың қаржылық стратегиясы да осылай қалыптасты: күмәнді жобалар шағын бюджетке түсіріліп, шектеулі прокатпен шығады, ал елеп-екшелген, бұқараға түсінікті фильмдер ірі өндірістік шығындармен, атақты жұлдыздармен жасалады және барынша көп кинотеатрларды қамтуға тырысады.

Жобаның ауқымына қарамастан, киножүлделер мен фестивальдар жарнама мен маркетинг үшін маңызды болып қала береді. Коэндер өнімдерін Каннға да, Венецияға да әкелуге тырысады, сондай-ақ марапаттар маусымы – қыркүйек-желтоқсан аралығында оларды прокатқа да жіберуге ұмтылады. Мысалы «Нағыз мәрттік» 2010 жылы Рождество қарсаңында жарық көрді және келесі жылдың сәуір айының соңына да дейін Америкада экраннан түскен жоқ. Бұндай жетістікке марапаттар маусымы әсер еткені анық, фильмнің марапатталғаны туралы әрбір жаңалық оның кинотеатрдағы көрсетілім кезеңін ұзарта түсті.

Бірақ олардың соңғы туындылары «Цезарь жасасынның» жағдайы сәл басқашалау. Фильм «Оскар» номинанттары жарияланғаннан кейін көрсетіле бастады. Марапаттар маусымына сәйкес келмеуі оның кассалық түсіміне кері әсерін тигізуі де мүмкін еді. Алайда, фильм Берлин фестивалінде таныстырылғанын да ұмытпау керек. Түрлі қатерге қарамастан картина шығынын екі есе ақтап алды.

АҒАЙЫНДЫ КОЭНДЕРДІҢ ЕҢ КАССАЛЫ ФИЛЬМДЕРІ
Киностан: Авторлық кинодан табыс табуға бола ма?
Әрі қарай

Пәтеріңді тонаудан қорға

2015 жылы жазда жақсылап тоналған соң бұл мәселеге ерекше мән беретіндердің бірімін. Супержүйе, ақылды үй орнаттым деп айтпаймын, әйтеуір, тоналудың алдын-алуға көмектесетін қарекеттер жасаудың о жақ, бұ жағы. Өзім қабылдаған және/немесе оқып білген сақтық шаралары мен профилактика жұмыстарын айта отырайын, мүмкін біреуге көмегі тиіп қалар.

Пәтерің тоналды ма? Ұры табылып, тиісті жазасын алатыны туралы, шығындарыңды қалыпқа келтіретің туралы армандамай-ақ қой. Бірақ полицей шақыру қажет — оларда тоналу статистикасы жасалады, ал ашылмаған қылмыс олардың жұмысы үшін минус екені белгілі. Дей тұрғанмен, полиция пәтер тоналу жағдайын ұсақ-түйек деп қарайды, сәйкесінше тергеу жүргізбейді, ұрыға іздеу салмайды. Олар мәселені қалай шешеді? Кездейсоқ қолға түсіп қалған қылмыскерге сол аудандағы фактілердің бәрін мойнына іліп жібереді, болды.

Сондықтан ешкімнен көмек күтпей бәрін өз қолыңа ал. Алдын-алу шараларын жүргіз.

Құлып
Мен тоналғаннан кейін бірден сенімді кілт іздей бастадым. Әлгі есікпен бірге келетін стандарт құлыпты ашу «шессекунт» екен. Сондықтан «штаттық» құлыптарды алып тастасаң да болады. Негізі бір есікте кем дегенде екі кілт болу керек дейді. Менің есігімде екеу — біреуі өзінікі, біреуін бөлек орнатқам (суретте: сол жақта стандартты құлыптың ашары, оң жақта «Меттэм» деген брендпен шығатын құлыптыкі).
ЛайфХақ (Lifehack): Пәтеріңді тонаудан қорға
Ұзын ашары бар құлыптарды аша алмайды деп ойлап қалма. Ашылмайтын құлып жоқ дейді халықта. Тек күрделі болған сайын ұры да шаршай бастайды, сақтық шараларын ұмытады, тықырлап-шылдырлап көршілердің назарын өзіне аударуы мүмкін.

«Меттэм» типтес құлыптың бір кемшілігі — кілтін жоғалтып алсаң есікті бұзуға туралы келеді. Есікке зақым келтірмей, отверткамен, басқа да құралдармен бұрап ашу мүмкіндігі төмен.

Айтпақшы, құлыптар нарығында ресейлік «Берьер» брендін мақтайды. Механизмдері күрделі, бұзып ашу, көшірмесін жасау мүлдем мүмкін емес дейді. Бағасы да сәйкесінше, 40-50 мың теңге тұрады.

Есік-терезе
Кілтім сенімді екен деп есікті де естен шығаруға болмайды. Бір тепкенде ашылып кететін жеңіл есік орнатсаң кілттеріңнен пайда жоқ. Есіктің материалы қатты металлдан болуы керек. Ақшаң жетсе екеуін орнатып таста. Ұрылар әдетте бір есікті ашуға 5-10 минут жұмсайды. Ал одан ұзаққа созылып кетсе тәуекелге барып жатпайды, құрысыншы деп кетіп қалу мүмкіндігі жоғары. Есіктің екеуі де сыртқа ашылған дұрыс, ішке ашылса — бір теуіп кіре салады.
ЛайфХақ (Lifehack): Пәтеріңді тонаудан қорға
Терезелердің ашылатын бөліктері адам сыймайтындай тар болғаны дұрыс. Әрине, бірінші кезекті әйнек пен жақтаудың беріктігі. Бір жаққа шыққанда терезелердің міндетті түрде жауып кет. Жоғарғы қабатта тұрам деп мақтанба, төбеден арқанмен түскен фактілер бар.

Блеф үркітулер
Ұрылар назар аударатын нәрселер бар: үйде адамдардың болуы, пәтердің күзет органдарымен қорғалуы, т.б… Яғни үйің немесе пәтерің қараусыз қалмағанын көрсетуің керек. Ол үшін сыртқы есікке танымал күзет фирмасының логосын жабыстырып қоюға болады (типі, бұл үйге «Сақшы» күзет фирмасы қызмет көрсетеді, телефон: ...). Әрине, эффектісі жоққа жақын. Бірақ өмірінде күзеттен қашып көрген адам болса, әлгі жапсырма қағазды көргеннен кейін ойланып қалуы мүмкін.

ЛайфХақ (Lifehack): Пәтеріңді тонаудан қорға
Дәлізде радио, музыкалық плеер секілді, әйтеуір дыбыс шығарып тұратын аппарат жұмыс істеп тұрғаны дұрыс. Сырттан келген адам үйде кісі бар деп ойлап қалсын.

Есіктің жоғарғы жағына камера орнатып қой. Қазір ешбір техникалық қызмет көрсетуді қажет етпейтін автономды камералар бар, солардың бірін сатып алсаң болады. Олардың жазбалары әдетте компьютерге немесе смартфонға келіп түседі. Дұрысы, әрине, бір фирманың көмегіне жүгініп сигнализация орнату. Бірақ бәрінде бірдей ондай мүмкіндік бола бермейді ғой. Шын камераға ақшаңды қимасаң муляж камералар сатып алуға болады, 2-3 мың теңге тұрады. Олар ештеңені түсірмейді, жай ойыншық қана. Бірақ сыртқы түріне қарап муляж екенін біле алмайсың.

Осы кезге дейін таныстарымнан небір тонау оқиғаларын естідім. Бәрінде дерлік ірі сомада ақша қолды болған. Үйде ешқашан ақша сақтама. Алысқа жол жүрсең бағалы заттарыңды табылмайтындай етіп жасырып кет, не сенімді біреулерге тапсырып кет.

Ең бастысы — үйдің сырын көршілеріңе айтпа. Әдетте ұрыларға хабар жеткізіп тұратын жансыз — өз көршің болып шығады.
Әрі қарай

Тек қана "Хардкор"

Кезінде «Biting Elbows» инди-рок-тобының «Bad Motherfucker» деген клипі біраз шу тудырып еді. Әрине, позитивке толы шу. Сюжетті баяндау тәсіліндегі жаңа бетбұрыс ешкімді бей-жай қалдырмайтыны анық. Бұл видеоклип Тимур Бекмамбетовтың де көзіне түсіп, осының негізінде толықметр кино түсіру идеясын да көтерген сол еді.

Бекмамбетов режиссер іздеуге бас ауыртпастан, бұл міндетті «Bad Motherfucker» клипін түсірген, «Biting Elbows» тобының мүшесі Илья Найшуллердің өзіне тапсырды.

Жоба толықтай сәтті шықты деу қиын, өйткені халықаралық басылымдардың бірқатары мақтады, бір бөлігі төмен баға берді. Сондықтан да фильмге, өз басым, ұнамай қалу мүмкіндігін ескеріп, іштей дайындалып бардым.

Киностан: Тек қана Хардкор
Фильм 100 пайыз бірінші жақтан түсірілген. Яғни, барлығы басты кейіпкердің көзімен беріледі, құдды шутер ойын ойнап отырғандай сезінесіз. Сіз сенбессіз, бірақ бір тұсын «Call of Duty 4» шутерінен көшіріп алды ма деп ойлап қалдым. Ал иесіз ғимарат ішіндегі атыс тіпті «Counter-Strike»-ты еске түсіреді.

Бұл да эксперимент, соны бағыт қой, сондықтан шайқалып-секірген кадрлардың кейде тым көп болып кетуіне түсіністіктпен қарадым. "Қара юмор" мен жүйкеге тиер қан-жоса қырғынға, визуал азапқа дайын болған жөн.

Сюжеті күрделі емес. Бастан-аяқ негізгі кейіпкердің және оның досының бір міндетті (басты зұлымды өлтіру) іске асырудағы бастан кешкен (көзбен көрген) оқиғаларына куә боласыз. Фантастика жанрында болғанымен де, оның фантастикалығын ақтайтын, уәж келтіріп, түсіндіретін аргументтер жоқ, жай фантастика мен Мәскеу оқиға фоны ретінде алынған. Негізгі акцент — шутер стилінде қызықты фильм түсіруге және сол арқылы көрермендерге ерекше әсер беруге қойылған тәрізді. Фильмнің кіші экранда (ТВ, компьютер) ерекше әсер ететініне күмәнданып тұрмын.

Бірақ мойындау керек, аттракциондық әсері молынан. Кейіпкердің басына кіріп кетіп, бәрін өзің басқарып немесе өзің реал режимде көріп отырғандай әсерде отырасың.

Киностан: Тек қана Хардкор
Фильм Ресей мен Америка актерлерінің қатысуымен түсірілген. Басқаларын білмедім, Шарлто Коплидің сан қырлы актер екенін дәлелдейтін аз киноның бірі осы болды десем артық айтқандық болмас. Әрине, сосын Сергей Шнуровтың 1 минут шамасындағы эпизоды есте қалды. Фильмді жасаушылардың да идеясы осында секілді — Ресейдің сүйікті боқтампаз әншісін көрсету арқылы эмоциялық бонус сыйлау.

«Хардкор» өз атына лайық деп ойлаймын. Ешбір лирикасыз, басқа артық нәрселерге көңіл бөлмей, тек қана бір бағытпен өрбіп отыратын қатал, қатаң фильм. Қаншалықты сәтті жоба болады оны уақыт көрсетер.

6/10
Әрі қарай

Бөлме температурасын арттыру

Былтыр да, биыл да қыста тоңып шықтық. Былтыр қабаттанып киініп, қалың жамылып амалдасақ, биыл шыдамым таусылды. Өмір бойы әр қыс сайын осылай жүре бермейміз ғой енді, әр нәрсенің шегі бар.

Күзде есіктің тығыздауыштарын ауыстырдым. Білмейтіндерге: резина жолақтар — есік пен жақтаудың арасына салынады. Құрылыс дүкендерінде, базарларда сатылады. Нақты бағасы есімде жоқ, бірақ қымбат емес. Бұрын есік жақтан салқын ауа кәдімгідей сезіліп тұратын, онымен қоса подъезд алаңқайында көршілердің шеккен темекісінен жағымсыз иіс те сол желмен бірге кіретін. Қазір иіс те, салқын ауа да тыйылды. Аралық тығыздауыштардың әсері бар екен, қалай десек те.
ЛайфХақ (Lifehack): Бөлме температурасын арттыруБірақ бұдан үй жылынып кетті деу қиын. Суық бәрібір бар. Содан интернеттен үйдегі жылуды сақтаудың амалдарын іздестірдім. Тәсілдер көп, бірақ оның бәріне менің ақшам да жетпейді, қолымнан да келмейді. Бір ғана амалды жасау оңай екен, ол — алюминий фольганың көмегімен бөлмедегі жылуды ұстау.

Алюминий фольга жылуды кері қайтаратын қасиетке ие, бұл жерде суық қабырғаға өтіп кететін жылу туралы айтып отырмын. Ол үшін фольганы жылу батареясының артына ұстау керек. Содан іске кірісіп кеттім. Фольганы табу қиын емес, құрылыс заттарын сататын базарларда болады. Өзім Алматыдағы «Саламат» базарынан таптым. Екі метрі 1 мың теңгеге шықты.

Бастапқыда фольганы ұстата салудың еш қиындығы жоқ сияқты көрінгенімен, біраз терлетеді екен. Үстіңгі және астыңғы жағын скотчпен жабыстырдым, ал ортаңғы бөлігі қомпайып кетпеу үшін екі жағы жабысатын қалың скотчпен қабырғаға ұстаттым. Бір үлкен кедергі бар — батареяны ұстап тұрған тіректер. Фольганың сол тіректерге келетін тұсын жақсылап өлшеп қиған абзал, қисық ілінсе эстетикалық әлпеті көңіліңді түсіріп жібереді (онсыз да фольганың өзі сүйкімсіз рең беріп тұрады).

ЛайфХақ (Lifehack): Бөлме температурасын арттыруІлінген фольга мен батарея арасында бос кеңістік болуы керек. Қабырғаға бағытталған жылы ауа фольгаға ұрылып, кері қайтуы үшін сол дұрыс. Бір-біріне тақалып тұрса фольганың ешқандай әсері болмайды, жай ғана қабырғаңның сәні кетіп тұрады (не деген урод материал еді өзі).

Енді нәтижесіне келейік. Бірден айтайын, мәйкі-шортыңды шығаруға асықпа. Үйді ысытып жіберетіндей әсерде емес, әрине. Бірақ аздап болса да температураның көтерілгені сезіледі. Әйтеуір бүріспей, бойымызды жазып жататын жағдайға жетіп қалдық. Ыхы-ыхы. Әйеліме жағып қалған секілді, асбөлмеге де істеп бер деген тапсырыс алдым. Жаңа ғана істеп болдым.

Интернеттегі мамандардың айтуынша, үйің жып-жылы болу үшін барлық жерін оқшаулау керек. Ондайда қолданылатын арнайы төсемдері бар, іздесе неше түрлісі кездеседі. Ал менде балконның есігінен бәрібір салқын ауа кіріп тұр. Алдағы жазда қамдайтын шаруаларымның бірі осы болмақ.
Әрі қарай

Юэн Макгрегор мен Чарли Бурман Қазақстан туралы

Британ актерлері Юэн МакГрегор мен Чарли Бурманның Қазақстанда болғаны туралы жақында ғана білдім. Оқиға 2004 жылы болған. Олар мотоциклмен Жер шарын айналып өтуі тиіс екен. Осы турне аясында Қазақстанмен де жүріп өтті, кейін саяхат кезінде түсірілген видеоматериалдардан «Жерді айналған ұзақ жол» (Long Way Round) деректі сериалы жасалып, шетелдік арналарда көрсетілді.

Сол сериалдың Қазақстанға арналған бөлімін көріп қалдым. Өзім туып-өскен Атырау өңірі, Қазақстан-Ресей шекарасы көзіме оттай басылды. Қарап отырсам сол кезден бері аса көп нәрсе өзгермепті. Қынжылтқаны да осы болды.

Біз мақтағанды жақсы көреміз ғой. Бірақ Макгрегор мен Бурман тарапынан мақтаудан гөрі, көңіл толмаушылықтар, сындар көбірек айтылғандай болды. Сол себепті де бұл видео елімізде аса танымал болмаған секілді.

Өз басым объектив баға мақтау арқылы емес, керісінше сын арқылы қалыптасады деген ұстанымдамын. Сол себепті әлгі актерлердің айтып кеткен нәрселері елдің шынайы келбетін көрсеткендай болды. Олар 2004 жылы айтып кеткен проблемалар әлі да өз маңызын жоймаған: сол нашар жолдар, адамдардың қарым-қатынасы, тұрмыс ахуалдары – бәрі-бәрі аса өзгере қоймаған.

Юэн мен Чарлидің Қазақстандағы сапары кезінде айтқан мәселелерді топтастырып, назарларыңа ұсынамын. Сендер де ой таразысынан өткізіп, қаншалықты дұрыс-бұрыс айтқанын саралап көріңдер:

Жол туралы
Блог - patick: Юэн Макгрегор мен Чарли Бурман Қазақстан туралы
  • Бүгін жақсылап демалып алу керек. Ертең бізді жолсыздық күтіп тұр. Асфальтталған жолдар артта қалды.
  • Мына жолды қараңдар… О, Құдайым! Бұлай жалғаса берсе саяхатымыз тозаққа айналады.
  • Қазақстанға тап болғаннан кейін аздап үрей пайда болды. Мотоциклден құлап, бір жеріңді зақымдап алу қаупі өте жоғары.
  • Бұл жолсыздық емес, бұл нашар жол. Нашар жолдан гөрі мүлдем жолдың болмағаны дұрыс секілді.
  • Бүгін өмірімдегі ең қиын жолмен жүруге тура келді (Қарабұтақ пен Аралдың арасы – ред.)… Бұл жерге жарылғыш заттар орналастырып, жарып жіберсе бәрібір жолды одан бетер бүлдіре алмас едің. Өйткені жолды қазіргі жағдайынан да бетер бүлдіру мүмкін емес. Мүлдем басыма сыймайды.

Полицейлер туралы
Блог - patick: Юэн Макгрегор мен Чарли Бурман Қазақстан туралы
  • Бір ыңғайсыз жағдайға тап болдық. Бізге сапарымызды жалғастыру керек, ал мына полицейлер бізді тоқтатып қойды. Ешқайда жібермейді, күтіңдер дейді (артқы фонда бір полицей әлдекіммен телефонмен сөйлесіп жатыр, шамасы бастық шығар: «Міне, біздің қасымызда тұр. Тұр-тұр, біздің қасымызда тұр...»).
  • Бұл елде ең көп істес болған адамдарымыз – полицейлер. Оларға әр бұрылыс сайын ерекше нұсқау беріп қойған тәрізді. Тоқтата береді, тоқтата береді. Бізді алып жүру керекпіз дейді, шамасы бізге бірдеңе болады деп ойлайтын шығар. Бұл кәдімгідей шаршатып жібереді.
  • Біз елді, жерді өзіміз аралаймыз деп жоспарлап едік. Бірақ бізге үнемі полицейлерді тіркеп қояды. Айтуға ұят әрине, бірақ бұл жағдай ашуға тие бастады.

Адамдар туралы
Блог - patick: Юэн Макгрегор мен Чарли Бурман Қазақстан туралы
  • Адамдармен кездескен қызық. Олар жақсы қарсы алады, түрлі сыйлықтар береді. Бірақ оларды соған міндеттеп қойғандай әсер береді. Бір парадқа қатысып жүргендай сезімде жүресің.
  • Біз фотоға түскелі тұрғанбыз. Ақ «Ладаға» мінген жігіттер келді. Камера жерде жатыр еді. Олар камераның қасына тоқтады, ал артта отырған бір жігіт пистолетін бізге кезеді. Төңіректе машиналар жүріп жатпағанда, жағдайымыздың не боларын кім білген? Әлгі жігіттің түрі әлі көз алдымда. Мына жақта алтын тіс салғанды ұнатады екен. Ал тапанша ұстаған әлгі жігіттің аузында қатарынан бірнеше алтын тіс болды. Енді полицейлердің қасымыздан қалмай еріп жүргеніне түсіністікпен қарай бастадық.
  • Тоқтаңдар! Телевидение? Бұл біздің жоспарға кірмеп еді. Біз жолсызбен ұзақ жүріп шаршап келдік (Атырауға – ред.). Бірақ қалаға кіре берісте бізді тоқтатып қойды. Қазақстанның барлық жерімен жүргенде солай бола ма?
  • Біз бұны жоспарламап едік. Бұқаралық ақпарат құралдарының 20 шақты өкілі (Ақтөбеде – ред.)… Бір жағынан қонақжайлық танытқаны үшін көңілің көтеріліп қалады. Бірақ бәрі ұйымдасқан шараға айналып шыға келгенде, сені өз мақсаттарына пайдаланып жатқанын сезесің. Өйткені бізден ешкім ештеңе сұраған жоқ – ол жерге барғымыз келе ме, бір-екі сұхбат бергіміз келе ме? Шындығында біз ол үшін келген жоқпыз ғой.

Ақтөбе жақта қалай екенін білмеймін, Атырау облысындағы трассаға қатысты сындары әлі де маңызды. Жаңасын саламыз дегендеріне талай жыл болды, әлі шұрық-тесік. Шынымен да тегіс даламен жүрген әлдеқайда тиімдірек. Қонақжайлыққа қатысты да келісетін тұстарым бар. Ұқсас сезімді соңғы жылдары әкімдіктер ұйымдастырып жүрген Блогкэмп кезінде байқап жүрмін. Әсіресе, Талдықорғанда. Сенен сұрамайды, қызық па, қызық емес па – әйтеуір автобусқа тиеп алып барады. Сені өз мақсаттарына пайдаланып жатқанын сезесің. Бізде жай адами сервис көрсеткеннен гөрі, әлі де жоғарыдағы біреудің нұсқауымен «қонақжай» болып көріну дерті басым (Блогкэмп-2015 кезінде мектепте бізге дастархан жайып, қызмет көрсеткен мұғалімдер әлі есімде).

Әрине, саяхатшылар тек жамандаумен болды деген пікір қалыптастпауы керек. Олар еліміздегі адамдардың мейірімділігін, Түркістандағы Яссауи мовзолейінің ерекшелігін, даламыздың, табиғатымыздың кереметтігін атап өтті. Моңғолияға сапарларын жалғастырған олар Қазақстанмен жалпы қимай қоштасып бара жатқандарын айтыпты.

Қысқаша айтқанда, маған ерекше әсер еткен бағдарламалардың бірі болды. Түптеп келгенде елдің имиджі, ел туралы түсініктер мемлекет ұйымдастырған, қатаң репетицияланған акциялар арқылы емес, осындай сырт көз тұрғысынан жасалған, біздің чиновниктердің бақылауына бағынбайтын шаралар арқылы қалыптасады ғой.

Әрі қарай

Балықты балықпен аулау

… Содан біз, елді аралап жүріп кісі өлтіретіндерді елді аралап жүріп өлтіреміз деп шештік. Яғни, қаныпезерлерге маманданған қаныпезерлер болғымыз келді...
© «Жеті психопат» (Seven Psychopaths) фильмінен. satibaldi аударған нұсқа

Балықшы: Балықты балықпен аулау
Әкем балықшы (болған).
Әрі қарай

E-gov арқылы шағым жазу

Алматыдағы Сәтпаев көшесінің бойына (Наурызбай батырмен қиылысы) көлік қоятын жаңа қалташа пайда болысымен-ақ біреулердің иемденіп алғанын байқап едім. Сол маңайдағы фирмалардың бірі болса керек. Әрине, клиенттік сервис деген жақсы ғой, бірақ қоғамға
Әрі қарай

Вестерос діндері

Әже дінің жеке принциптеріңе сәйкес келмей, екі оттың ортасында қалатын кездерің болады ма? Мұсылман болып туылып, бірақ іштей христиан емеспін бе деген күмән жегідей жейді ме? Иудейше піштіріліп, мұсылманша намаз оқығың келіп кете ме? Атаң будда,
Әрі қарай