Жарияланымдар

"Көктемнен" қалыспайық...

Блогиада басталғалы көктеммен бірге Wordpress.com мен Kerekinfo блогтарына жан бітіп, блогшы қауым отауларына бас сұға бастапты. Біразына меймандап қайттым. Байқау серпін бергені көрініп-ақ тұр. Сапалы контент қалыптастыру мақсатында ұйымдастырылған байқаудың бастамасы жаман емес сияқты. Көршілес блогтардан байқағаным,Бүркіт досым өткен-кеткен көктемді түртіп өтіпті. Өркеннің отауында көктем әр қырынан өріліпті. Әйгерім қыз көктемге біраз фотоөнерін салыпты. Араларында ұнағаны Нұрбергеннің жазбасы. Оқып отырып, әр көктеміңді көз алдыңа тізбектейді екенсің. Кітап жазғым келіп кетті. Көктем жақсы ғой. Жаңару. Жандану. Биыл Астанаға көшіп келгелі екінші көктемімді, өмір ағысында 35-ші көктемімді қарсы алып отыр екенмін. Бұған да шүкір. Былтырғы жылы елордадағы көктемімді қалай өткізгенімнен нышан да қалмапты. Тегі, ойда қалатындай ештеңе болмаған сияқты. Ол жылғы қаһарлы қыс та еңсені басып тастады ғой. Артта қалған ел-жұртты да сағынасың… Сәуір айында Медет пен Клараның концертіне барып, шығыс өңірі туралы әнді естіп, бір сағынышымызды тарқатып едік. Ееее, өмір-ай десеңші! «Тірі адам тірлігін жалғастырады» демекші, бұл көктем де есіктен кіргенін байқамай қалыппын. Мен өз «көктемімді» сағынбағалы да, сезінбегелі де біраз уақыт өтіпті. Тек блогиададағы жазбаларды оқығанда ғана, осы бір маусымның адам баласына берері мол екені есіме түсті. Көктем! Қалқаман ақын айтқан «Қара жердің қайғысын сейілтетін...» көктем, Ақберен өрнектеген «Көктем, көктем… өзге көктем!.. жаңа дем…» көктем, Алмас Темірбай суреттеген «Әркімнің өзінің көктемі болатын...» көктем, Серікзат жырлаған «Тіршілік оянатын көктеме бұл...» көктем, Ербол Бейілхан жазған «Жаңартатын жандарды ертегі...» көктем, Толқын Қабылшаның қаламынан туған «Көктем сені күткен ем… дәрмені жоқ..» көктем… Қайсы бір күні Ұларбек ақынның «Түнгi ұйкымда тербеткен кiм, Сағыныш па, жаңбыр ма? Тым кешiккен бұл көктемнiң, Сертi бар ма тағдырға?» деген өлең жолдарын оқыдым. Ехх, біздің көктем биыл да кешігетін сияқты-ау… Жұмыста отырмын… Ой құшағында… Көктемнің құшағында…
Әрі қарай

Үзінділер... (Қ.Шабданұлының "Қылмыс" романынан)

Қаңтар-ақпан үздіксіз отырып, романды тұтас оқып шықтым. Ішінен теріп алған үзінділермен бөлісе отырайын:

І- том:

… Ие, адам баласын мұңдастық таныстырады, мұңдастық достастырады, мұңдастық бірлестіреді ғой… (130-б.)

… Көңіл бұлты ашылғанда дүние көріктеніп, нұрлана қалғандай болатыны бар-ау… (330-б.)

… Адам көзінің отынан талай үміт күтуге болады… (359-б)

… Адам баласы береке-бірлікке кемдікпен емес, теңдікпен қана жете алады. Ынтымақ кеңдікте емес, теңдікте...(443-б.)

… өзім өмірдің анық білген, жете түсінген адамгершіліктің-елдіктің ең тәттісін айта кеткім келеді. Ол – татулық, достық. Меніңше, татулықтан тәтті «тағам” жоқ. „Бірлік болмай тірлік жоқ“...(449-б)

… Гүлге адамның көзі көп түседі. Бұлбұлға құлағы ұйиды. Бірақ, адам жүрегін екеуі де дәл ғашық жардай құмарлық отына тартып түсіре алмайды ғой… (483-б)

ІІ -том:

...Қысылған адам қиядан қорқа ма, асықтырмай арман бола ма...(269-б)

ІІІ- том:

… Бірақ мен махаббаттағы ерекше қызғаншақтықты, ерекше сүюдің нәтижесі деп қана түсінбеймін. Оның кері жағынан да туылатын нәтиже болады, мәселен, махаббатқа жеңіл қарайтын адамдар басқаны да солай түсініп, қарайғанның бәрінен қызғанатын болады (535-б.)

… мәңгілік тұрақты сенім әрқандай қызға оңайлықпен орнамайды екен… (567-б.)

… Жаңа шыққан күнді қарсы алғандай шырқай сайраған боз торғай, өз жүрегім сияқты, тым жеңіл де, тым сазды күймен қалқиды, көктемдегі жер бетінің түрлі майсасы мен сырлы иісін жырлағандай, төне, құмарта сайрайды. «Қабағыңды ашқанда неткен қызықты, неткен қылықты едің дүние!… (606- б.)

ІҮ- том:
… Арман-тілегін азат ете алмаған азаматқа азаттық қайда… (36- б.)

… Сұлудың басынан суық қатер кеткен бе! (76- б.)

...«Пышақ сайлай жүріп, құшақ жаятын, өз жүрегін аймалай жүріп найзалайтын, қандай таптың махаббаты бұл?». «Махаббат адамзаттың жоғары қасиеті, ал, таптар – адамзаттың экономикалық – тұрмыстық тәсіл жағынан бөлінісі. (134-б.)

… Ол да бүкіл жан-жүрегі, бар тілегімен, терең қаммен ойлайтын, шексіз махаббат иесі. Адам миы — әлем заттарының ең дамыған, ең жетілген жемісі десек, сондай күшті махаббат иелеріне болжағыш қасиет бітер-ақ. Ал, мен неге Мақпал жөнінде мұндай болжамды сенімге келе алмаймын?.. Әлде оған арналған махаббатым кемірек пе? Жоқ, тіпті де олай емес!.. Әлде сезімдік апараттарым әлсіздеу ме?.. Мүмкін, мәселе осыдан шығар!.. Әлде оның махаббат оты өшкендіктен бе?.. Жоқ, жоқ өшпек емес, өшпесін, өшпесін!» (275-б.)

… Дүниедегі ең баянды сұлулық адамгершілікте ғана. Гүл солады, жүз тозады, жан сұлулығы ғана тозбайды (284-б.)

… Арман деген бұғының мүйізіндей салаланып, бірінің үстіне бірі өніп тұрады ғой. Адам тіршілігі арман-үміттен адаланбауды шарт етеді. Ол өшсе өмірің де өшеді. Мүбәда өмірің өшпей қалса, адамгершілік қасиетің өшеді. Адамгершілік қасиет дегеніміз – өмір талқысына (жауыңа) қарсы жауап қайтара жасау. Яғни жауың қор етейін десе, мен сенен зор өтейін деп күресу. Ол қысқанда қабысудың орнына керней түсу. Адамгершіліктің ең негізгі қасиеті осы деп түсінемін...(234-б.)

Ү- том:

...«Қиялдан тұрмыс озды» деп жазушыларымыз бекерге жазып жүрген жоқ қой! Дүниеде қиялдан озған жүйрік болып па еді. Ал, секіріп ілгерілемеген тұрмыс қиялдан оза алар ма! (36-б.)

...«Шын мағынасында бұл да көркем гүл. Бірақ, өзінің тым ерте ашылып қалғандығымен бойын жия алмай, мына өктем құштарлықтың жалынын түгел сіміріп, шегіне жеткізіп алған, нәзік гүл. Жақсылығын айтып жұбатсам, жабыса қалады. Жазғырсам жасып солады. Мына халінде тойтарсам, күйреп те түсер!.. Ал, бірақ, менің де шыдамымды құртып барады мына от құшағы!...» (387-б.)

… Ондай қара көңілге ханым болудан, жанымның жарық күніндей сенің ғана қосалқың болып өткенім жақсы… Мен тапқан ең мағыналы махаббат осы ғана!.. Ал, мені қаншалық сағындырған кезеңде де алалың бола білемін! Бала бітсе тіпті жақсы, сыртқа білдірмей бағып өсіру маған қиын емес. Сенің перзентің ғана мен үшін ұлы табыс, өмірлік қуаныш бола алады! (388-б.)

… Махаббаттың жүрегі біреу-ақ екен. Оны жарты-жартыға жарып, екеу етуім мүмкін емес екен.… (389-б.)

...«Шіркін табиғат!.. алуан түрлі гүлі өзді-өз алдыларына алуан-алуан көрік, бір-біріне мүлде ұқсамайтын алуан түрлі сүйкіммен иіс тапқан неткен бай сырлы дүние бұл!.. (389-б.)

...құтты орнына қонбай, әйел заттың бақыты орнықбайды ғой… (452-б.)

… Махаббат деген адамзаттың ең ардақты қасиеті. Егер махаббат болмаса, аяушылық та болмақ емес. Күштісі күшсізін бас салып жей беретін екі аяқты хайуан қалпымызға қайта түсер едік. Адамды адам етіп отырған сол махаббат, тіршілікте сәл кемісе болмайтын сол ардақты қасиет қалыптан тыс күшейіп, ақылды билеп кетсе де болмайды екен. Шыдамсыз – әлсіз әйеншек жануарға айналдырып, тіпті өлтіріп те тастай алатын зияндас қасиет болып шығатын тәрізді...(490-б.)

… Көз жасы адамның қасіретін жұмсартып тынысын кеңітеді. Рухани күш хасыл қылады (527-б.)

ҮІ- том:

… Ер жігіттің сертіне қылыш өтпепті. Тағдыр да солай жазылған ғой… (410-б.)

… Біз табиғатты жеңеміз – құлданамыз дейміз ғой, сөйтсе те табиғат заңына құл бола жүріп батырсынатындығымызды ұмытпалық! (576-б.)
.
… некенсаяқ бақытты ердің маңдайына ғана бітетін дәулет құсындай жар екендігіңе шүбәм жоқ! (594-б.)

… Ер адамды сақтайтын дәрі, тек сүйгеннің сүйіспеншілік махаббаты ғана! (596-б.)

… Әлденендей күшпен жанымыз қосылып кеткен доспыз ғой, сенің көңілділігіңді көрсем, мен де көңілденеді екенмін! (598-б.)

… Махаббат деген өзінің сенімімен – пәктігімен ғана махаббат болады ғой… (692-б.)

… Жаны толықсынбайтын жарға жабысқан жұбай, күн өте келе жартасқа жабысқандай сорланатындығын білетін шығарсың… – Қызығу мен құмарту бір басқа да, махаббат байлау бір басқа. Қызығу мен құмарту да – ынтығу ғой. Бірақ, ол лезде өте шығатын, аса қатерлі құйын екен де, махаббат деген-тұтас бір өмірдің шырағы екен. Ол шырақты, күңгірт кінеретін толық анықтамай, қызығу-қызумен ғана қабылдай салсаң, күн өте келе тұрмысыңды зұлымат қара түнекке айналдырады. Бір-біріне қызығумен ғана байланысып, тұрмыстана қойған жастардың аз уақыттан соң-ақ жақтары солып, көздері өшкіндеп үңірейе қалатыны, сол құйынның үйіруімен бірін-бірі мұқият сынай алмай, асығыс қосақталған өкінішінен болады… (698-б.)

… Кіндік кесіп кір жуған жерім, туған елім, сендерден айырылып не көрмедім! Талап-тілегімнің жалғыз шырағы, тіршілігімнің жаны – туған елім, атамекенім, көзіме бір көрінбей қалар ма екенсің өстіп! Отаным! (820-б.)

...«Махаббат өлімді жеңеді»… Ал, оның кейде өмірді жеңіп, өлімге жетектейтін құдіреті де бар екен… (855-б.)

… Арт жағына шошқа ғана қарамауы мүмкін ғой. Өткенді күн сайын ескеріп, алдыңғыға үлгі етпей қоғам мен адамзат дами ма? (891-б.)

… Шынға өтірік, бөлінгенге бөрі, саяққа таяқ, жалаңашқа жел қашанда, қай дәуірде де өш болып жаралыпты! (918-б.)

… Дүниеде өз отанынан айырылудан зор қылмыс жоқ екен! (918-б.)
Әрі қарай

Астанадағы өмір немесе ғаламтор үшін күз жоқ...

Астанаға келіп, орналасып оны-мұныны түгендегенше қоңыр күздің де келгенін байқамай қалыппын. Қарбалас тірлік келе сала басталып кетті. Бұрын Астанаға бір-екі рет келіп кеткенім болмаса, көп дүниені бағдарлай қойған жоқ едім. Қазір көшелерін таптап, жұмыстан үйге қатынап жүргеніме бір айдан астам уақыт өтті. Шыны керек, жерсіне алмай жүргендікі ме, әлде Семейдегі тыныш жұмысымнан кейін шулаған мәдениет саласының ортасына келгеннің әсері ме, өзге бір ғаламнан келгендей күй кешудемін. Сағат алтыға он-он бес минут қалғанда дайындалып отырып, тура алтыны көрсеткенде шығып жүре беретін заман мен үшін арман болды. Таң бозынан келіп, қас қарайғанда, жоқ, қас қарайғанда емес, ел ұйқыға жатқанда бірақ шығасың. Бітпейтін ұшы-қиыры жоқ бір жұмыс. Бір жағы пайдасы да тиіп жатқан шығар.Арнайы күн арнамасам да, мәдени шараларды атқару барысында бірталай жерлерді көріп таныстым. Есесіне, мені үйдегілер көрмейтін, дауысымды естімейтін болды. Семейде елге «квартирант» болсам, енді үйдегілерге «квартирант» болдым))). Келесің… кетесің… пайдаң жоқ…

Жә, оны қойшы, жалпы осы бір айдың ішінде:
-ең әуелі, біз тұратын қала сыртында орналасқан ауылдағы адамдардың сені танысын танымасын, бас изеп амандасатыны мені таңқалдырады…
-дәл сол жерде өзге ұлт өкілдерімен араласып кеткен, ана тіліне шорқақ қазақ отбасыларының сенімен таза қазақ тілінде тілдесетіні мені таңқалдырады, тіпті соған бірінші күннен өте разы болдым.
— Шыны керек, балаң жылап жатқан жоқ, уақытымен жұмысыңа барасың да қайтасың, такси дегенді бұрын керек қыла бермейтінмін. Астанаға келгелі амалсыз тек таксимен қатынауға тура келгендіктен, жүргізушілердің тоқтай қалып, «қанша төлейсің» дейтіні мені таңқалдырады… керісінше, Семейде «қаншаға апарасыз» деп жолаушылар сұрайтын…
— Астанада найман екенімді жиі-жиі «ескертетіндер» мені таңқалдырады… , шығыста руға бөліну дегенді біле бермейді көпшілігі…
— Сосын қызмет көрсету саласының /сервис/ әлі де болса дами қоймағаны мені таңқалдырады. Үй алған кезде жиһазбен, тұрмыстық техникамен жабдықтау жұмыстарында ең бір байқағаным сол болды…
— Көшедегі көлік жүргізушілердің бір-біріне деген қайырымсыздығы мені таңқалдырады. Бір-біріне жол бермеу, қасындағы көліктің алдын ору т.б.

Тағы не бар еді, осындайда ойға да келмейді ғой… Жазбамды күзден бастаймын деп, бас қаламызға шолу жасап кеткенімді өзім байқамай қалыппын ғой. Әйтеуір, болашаққа тек сеніммен қараған дәуірде Астанамыз гүлдене берсін деп тілейік. Ғаламтор оқуға да қол тимей кетті. Бүгін біраз «Казжур» мен «Керек» ауылдарын аралап, «шайға қанып» қайттым. Блогшылармен де кездесудің реті келмей жатыр. Болашақта жұмыс ауыстыратын жоспарым бар, бәлкім сол кезде бір сәті түсер. Блогшы қауымның ішіндегі ең жақын досым Бүркіт мырзаның отбасында ұл бала дүниеге келген. Бұл да күздің бір жақсы жаңалығы болды. Күз адамды көңілсіздікке итермелегенмен, ғаламтор аясы жазғы сылбырлықтан керісінше жандана түсетін шақ. Ғаламтор үшін күз жоқ… Жазыңыздар, достар! Күз тек жеміс әкелсін сіздерге!
Әрі қарай

Аспаны қабақ ашпаған Астана және "Құрылтай-2012"

Иә, дәл былтырғыдай блогшылар жарыса талай-талай жазбаларды жазып-ақ жатыр. «Тойдын болғанынан боладысы..» демекші, бір күнгідей болмай, зу етіп өте шықты. Астанада өткен құрылтайдың да блогшылар үшін орны бөлек болатыны даусыз. Препати, сәулетті университет, жинақы пәтерлеріміз, баяндамалар, шулап-шұрқыраған блогшылар, танысулар… тағысын тағы… оның бәрі көз алдымызда, қайталап жазудың қажеті жоқ шығар. Ең бастысы, Астаналық блогшылардың қолдарынан келгенше атқарған еңбегі еш кетпеді. Не керек, Талғат ескерткен соң, универ ішіндегі бассейнге түспей, абырой болғанда ешкім балконнан құламай, құрылтайды аман-есен өткердік!
Әрі қарай

Сыйлық таңдауға кеңестер!!!



Ертең 8 наурыз, әрине, сүйіктілеріңіз мерекеге орай сіздерден күтіп отырған сыйлықтар туралы айтпай кетуге болмайды. Айтпақшы, әлеуметтанушылар қыз-келіншектер қандай сый алғанды ұнататыны жайлы зерттеу жасап үлгеріпті. Сонымен, дәл қазір 8 наурызға лайық сыйлықтардың ОНДЫҒЫН атап өтсек:

*ОНЫНШЫ орында гүлдер – бұл міндетті сыйлықтың бірі. Әрине, ол сіздің ханымыңыздың талғамына қарай таңдалады.
*ТОҒЫЗЫНШЫ орында шоколад- мейілінше бірегей, арзан, әрі танымал сыйлық түрі. Мұнда да сүйіктіңіздің тәттіні жақсы көретініне байланысты.
*СЕГІЗІНШІ орында — аксессуарлар мен әшекей бұйымдар. Өте қолайлы сыйлықтар десе артық емес. Мысалы, аксессуарларды әйелдер қауымы күнсайын қолданады, мысалы, бөкебай, былғары қолғап, қолшатыр, жібек орамал, сөмке, бояу құралдарын салатын дорба… тағысын тағы. Көптеген әйелдер әшекейлерді ұнатады, тек лайықтысын таңдай алсаңыз болғаны, ал сыйлығыңызды ұсынған сәтте оның шаттанған көздерін байқасаңыз, онда жолыңыздың болғаны!
*ЖЕТІНШІ орында — кәдесыйлар, жұмсақ ойыншықтар мен қарапайым тартымды заттар. Әсіресе балауса қыздардың асыға күтетін сыйлығына айналған оларды кез келген арнайы дүкендерден табасыздар.
*Ал Алтыншы орында — авторлық дизайнерлік заттар, сонымен қатар аяқ-киім, сәнді киімдер мен тұрмыстық техника. Үйге де көрік беретін заттарды сыйға тартыңыз,өйткені әйелдер өздерімен қоса, баспаналарын безендіруді де ұмыт қалдырмайды.
*БЕСІНШІ орында — парфюмерия. Бұл жерде де ханымдардың талғамына жүгіну қажет. Одан да сүйіктіңізге деп әрлеу салондары немесе бассейні бар фитнес кешеніне кіру абонементін сатып алғаныңыз тиімді.
*ТӨРТІНШІ орында — түрлі техникалық гаджеттер. Әйелдер көбінде жинақылықты құп көреді, сондықтан жаңа мобилді телефон, ыдыс жуатын машина, ас үй комбайнын армандайды. Мұндай сыйлықтарды аларда жұбыңызбен ақылдасып алған жөн шығар.
*ҮШІНШІ орында — қымбат тон немесе зергерлік бағалы әшекей, дәл осыларды кез келген әйел ерлер қауымынан тосатыны анық.
ЕКІНШІ ОРЫНДА — туристік жолдама мен демалыс орындарына саяхат. Күнге қыздырынып, жылы теңіз суына шомылып, экзотикалық, жеміс коктейлін ішсе, мейілінше саяхаттаса.Анығын айтқанда, туристик жолдама адамды сергітеді, қаншама жағымды әсер қалдыратыны даусыз.
Ал әлеуметтанушылармыздың зерттеуі бойынша ең БІРІНШІ орынға автокөлік ие болады екен. Ал жігіттер, «Сыйлық» таңдауда менің кеңестеріме құлақ асарсыздар деген ойдамын  

/Авторадио эфирінен ықшамдалып қазақ тіліне аударылды/
moxieclub.ru/ сурет сілтемесі
Әрі қарай

"Керектегі" Сигма - Семейде жүр

Өкінішке орай, фотоаппарат болмады қолымызда. Семейде күн-райы -35 көрсетіп тұр. Біраз уақыттан бері еңсем түсіп жүр еді. Ойламаған жерден «Мен — «Керектегі» Сигма ғой...» деп, Семейге іссапармен Атыраудан келген Алмас хабарласты. Кеше кешкісін тоқтаған қонақүйіне аяздатып іздеп бардым. Әбіләкім сияқты «шампанға тапсырыс бердіңіз бе» деп бөгде бөлмені қағып шулатқам жоқ, 1 қабатта күтіп тұрдым.  Жалпы, осы Керекинфодан Сигма «Алматы кетті, Астана кепті» деген тәрізді ақпараттарды көзім шалғаны болмаса, таныстығымыз жоқ-тұғын. «Кофеманға» барып, 2 шыныаяқ кофені ұрттап қойып, біраз әңгіменің басын шалдық. Бүгін Әлекең келген жұмыстарын реттеп жатқан болар. Күннің аяздығы болмаса, жалпы Семей жұрты — қонақжай халық. Кешенің өзінде Сигманың пікірі осы маңда болды. Ел – жер көргенге не жетсін! Досымызға келген мақсаттарындағы істері оңға бассын деп тілейік!!!
Әрі қарай

«Ракушка» туралы білгіңіз келсе...


Шілде айында қаладағы құрбым Зухра Ақтауға жиен сіңлісін ұзата барып келген еді. «Каспийден теріп алдым, сен осындайға әуес едің ғой» деп тойдың сарқытымен қоса бір уыс ракушкаларды қолыма ұстатты. Содан бері блогыма жазайын деп сәті түспей жүрген еді.
Әрі қарай

Жүгері жейсіз бе?

Бала кезімізде күзді күні ауылдың айналасына егілген бидай, күнбағыс, жүгері алқаптары жайқалып тұратын. Біздер, яғни маңайдағы ұсақтар, шыдамай, бір-бір велосипедке мініп алып, егістікке барып, шала-мала піскен жүгері собығын шетінен ақырын үзіп, үйге әкеп, пісіріп жейтінбіз. Тұз сіңіп піскен бұрқыраған иісі де керемет еді…
Әрі қарай

Семейде адам сенгісіз оқиға орын алды


Семейде адам сенгісіз оқиға орын алды. Тұрғын үйдің жетінші қабатынан құлаған бес жасар бүлдіршін, абырой болғанда, дін аман қалды.
Шыңғыс Тәйтенов үйде жалғыз қалған екен. Сыртта өзімен қатарлас балалардың доп қуып жүргенін көрген ойын баласы
Әрі қарай