Жарияланымдар

Қолсағат

Дедің бе дүниедегі сыйлы адамым,
Ұсындың көңіліңнің қилы амалын.
Санамнан сырғыр емес сандуғаш қыз,
Қол беріп, қолсағатты сыйлағаның.
Әрі қарай

Мен сүйген қызды көргенде!

Сауырына сәуле төсеген сырғалы емендер,
Тәңіри биікте тербелгіш туған өлеңдер.
Құдіреті күннің мол сіңген әр кірпіктерін,
Найзағайлардан жарқ еткен нұрға бөлеңдер.
Әрі қарай

Анар

Тақсам ба екен мойныңа дала шығын,
Дейсің бірақ, даланың баласымын.
Жанарыңнан жатырқап мына менің,
Анарыңа қадалған қарашығым.
Әрі қарай

Жапырақ

Сағымдарға бөккенде атырабым,
Сағынышты жаныма шақырамын.
Мен ол қыздан үзгенде күдерімді,
Ағаш та үзіп жатты жапырағын.
Әрі қарай

Пайым

Өтірік сияқты көрінер,
Біз оған сенеміз, шын дейміз.
Ақ қарды ериді дегенмен,
Ол бірақ, жылайды білмейміз.
Әрі қарай

Сұрақ белгі?

Тағдыр оған тау қылып сынақ берді,
Атам бірақ, әлінше шыдап көрді.
Бұрындары леп белгі сияқты еді,
Ал, бүгін аумай қалған сұрақ белгі.
Әрі қарай

Шабақтардан жөн сұрау

Қым-қуыт қала ауылдың кезіне зар ғып,
Ащынып жатқан Ащысу өзіңе бардық.
Бір топ құрдаспен өзенім суыңа түсіп,
Салқындылығын өмірдің сезіне қалдық.
Әрі қарай

Көнекөзім (Элегия)

Дүбіріменен өмірдің,
Керуен – пенде көшкен көп.
Сүйегі асыл бабалар,
Жүрегімізден көшкен жоқ.

Үйіміз ауыл шетінде,
Жер бетіндегі еншіміз.
Бықия ақсақал біздерден,
Бөлектенбейтін көршіміз.

Баптайтын-дағы сұр атын,
Батпандай ойға бататын.
Таң ата сала тұратын,
Күн батар шақта жататын.

Бір құшақ отын әкеліп,
Маздатып пешті алатын.
Алаумен бірге лаулатып,
Көзіме шырақ жағатын.

Бойыма тарап әз үні,
От болып маздағаным-ай!
Маңдайындағы әжімі –
Жалғанның жазбаларындай.

Содан соң, атқа бағыштай,
Арқан өретін кендірден.
Атамнан тағы қалыспай,
Ой өретінмін мен бірден.

Қалмайтын мүлде тұрақтап,
Айлар да өтті алмасып.
Желісі кетті жырақтап,
Келешектермен жалғасып.

Көңілдің гүлін теруші ед,
Атамыз бүгін жоқ қолда.
Шындықты жақсы көруші ед,
Шын дүниеге кетті ол да.

Ертеңгі күнге сайланып,
Ұйқыға ерте жатамыз.
Шайменен бірге жайланып,
Мұң ішуші еді атамыз.

Сол күні сырнай — санаңмен,
Жайлы бір сазды жырладың.
Шұғылалы күндей баттың да,
Таңменен неге тұрмадың?

Мұң дәмін татырғаның ба?
Жүректі кеттің жылатып.
Шәй ұрттап отырғаныңда,
Сені ұрттап қойды-ау уақыт!!!
Әрі қарай