Жарияланымдар

Қай жерімді көрсетейін?

Қарағандыда Қайрат деген лирик ақын бар. Жүрісі де, тұрысы да періште. Сол Қайраттың келіншегі босанып перзентханаға түседі. Қайратта ес жоқ, жарты Қарағандыға жар салып қойған. Күнде артынып-тартынып презентханаға келеді. Қайраттың келіншегі де мәз. Жас ана нәрестесін емізіп отырса, палатаға дәрігер жігіт кіреді. “Сіз бе, бәленшекең”,-дейді ақ халатты абзал жан. “Йә, менмін”. Хал-жадайыңыз қалай деп сұрастырады дәрігер. Әдеттегі процедруа. Келіншек дәрігерге: “Төсімді көрсетейін бе?”-дейді. Жо-жоға деп азар да безер болады дәрігер. “Онда астымды көрсетейін бе?”-дейді ыңғайланып. “Мен Қайраттың жолдасымын, атым Жанат, осында практикаға келгем. Қайрат тапсырған соң кіргенім ғой”,-депті жас жігіт қызарақтап.
Әрі қарай

Еден жуушы дәметіп қалмасын

Бір жылдары оқытушылықтан кетіп басқа жерден нан тауып жегем. Сол кезде болған оқиғаны әңгімелеп берейін. Сегізінші наурызда ер қызметкерлер әдеттегідей мерекелік дастархан жайды. Әдемі-әдемі тілектер айтып, тәтті-дәмдіден ауыз тиіп, “жырғап” отырмыз. Бір уақытта бастығымыз Жәкең:”Мына Исекеңе (орынбасары) қыздарды құттықтағалы отырмыз, ана еден жуатын келіншектерге де сыйлық алайық, құрметімізді білсін деп едім, Исекең “И гүл!” деп қосты, ер екен»,-деді әңгіме бастап. Дүкен аралап жүріп Исекеңе осы еден жуушыларға қорап кәмпит пен торт алсақ қалай болады деп ақылдасып ем, бұл кісі баяғы әуеніне басып “И гүл!” дейді. Исекеңнен қайран жоқ. Еден жуушыларға ыдыс-аяқ сервизін сатып алып тұрсам, ол “И гүл!” дейді танбастан. Исеке, гүл әпергеніміз қалай болады, басқаша түсініп қалмай ма? Еріндерін қып-қызыл ғып бояп ап, күнде кабинеттен шықпай жүрмесін деппін сасқанымнан”,-деп күлдіргені бар.
Әрі қарай

8 наурызда жұмыссыз қалған суретші

Өскеменде өлеңмен туит жазатын Дарын Нұрсапаров дейтін журналист бар. Сол Дарынның айтқан анекдоты есімнен кетпейді. Бір суретші 8 наурызда жұмыстан шығып қалыпты. Неге жұмыстан шығып қалдың деп сұрағандарға суретші: “Енді әйелдер мерекесіне арнап сурет салып едім”,-дейді баяғы. “Сонда не салдың?” “Пейзаж. Көл жағасы. Анасы баласын емізіп отыр”. “Сені не үшін жұмыстан шығарды?” Баласы үлкен боп кетіпті дейтін көрінеді суретші.
Әрі қарай

Біз де келдік, свет те жалп етіп сөнді

Қарағандылық Айтбай Жұмағұлов “тілінің тікені бар” айтыскер. Арасында той басқарып қоятын өнері бар, “Жігітке жеті өнер де аз” деген. Сол Айтбай, бауырымның шілдеханасында бір қызық анекдот айтты. Қызылорданың бір ауылына қаланың тікбақай қызы келін болып түсіпті. Жас келін ана-мұна жұмыс тындырып жүрсе, қайынағасы келіп: “Келін шырақ, біз таңертең далаға сексеуіл сындыруға барамыз. Оны жинап, отын етеміз. Сексеуілдің шоғына қайнаған шәйдің дәмі бөлек болады, сен бізге шәйнек сала сал”,-дейді. Таңертең келін салдыр еткізіп, қапқа бір нәрсе салады. Ауыл адамдары ен далаға шығып сексеуіл сындырып, оны жинап, арбаға артады. Қалғанына от тұтатып, шоғын қыздырып енді шәй ішейін десе, келін тефаль шәйнек салып жіберіпті дейді. Кешке арып-ашып, шөлден кезеріп келген қайынғасына келіні алдынан атып шығып: “Ағажан шәй іштіңіздер ме”,-дейді. Сонда қайынағасы: “Бізде келдік, свет те жалп етіп сөнді”,-деген екен.
Әрі қарай

Қабырға газетіне сұхбат бермеймін!

Қарағандылық ғалым Жансая Жарылғапов жүрген жерін-қыран топан қып жүреді. Жансаяның Жезқазған университетіне бірінші курсқа оқуға түскен кезі, жанып тұр. Көзінің оты бар баланы алғаш байқаған ақын Қуаныш Мақсұтов екен. Ел мен жердің жоғын жоқтайтын газет ашайық, сен мақалалар жаз дейді. Жәкең көне кетеді. Облыс әкімінің орынбасарынан сұхбат алып кел деп тапсырма береді сары тентек ақын. Ол кезде Жезқазған облысы әкімінің орынбасары Әлихан Бәйменов дейді деушілер. Жансая маңғазданып облыс әкімінің орынбасарының қабылдауына барады. Мен газеттен келдім, әкімге жолығуым керек дейді. Журналист келіп тұр дегенде, жаны қалмаған шенеуік төрге шақырып, келіңіз, қай газеттен боласыз деп бәйек болады. “Мен “Жаршы” газетіненмін”,-дейді саспаған Жәкең. Облыста шығатын бар газеттен хабары бар әкім, «Ондай газетті есіме түсіре алмай тұрғаным. Қай жерде шығушы еді”,-деп сұрайды. “Бұл біздің университеттің қабырға газеті ғой”,-деп Жәкең қарап отыр дейді. Естуімше сол сұхбат сәтсіз аяқталыпты.
Әрі қарай

Құдаға ат мінгізген тамада

Фольклор арқылы танылған тамада көрдіңіз бе? Қарағандылық Рамазан Сәттібай солардың бірегейі. “Рамазан айтыпты” деген уытты сөздер арқа жұртына желдей тараған. Әрине, ағайын-туыстың шашу-тойы Рамазансыз өтпейді. Бір жамағайыны Рамазанға бар баласының тойын басқартыпты. Той біткен соң, мақтап, мақтап, құр қол қайтарады екен. Кенже ұлдың тойын басқарайын деп тұрып, Рамазан: “Жәкесі, бар қызығыңның ортасында жүрмін. Ел-жұртқа көз ғып, осы жолы Рамазанға ат мінгіземін де, сенен мал алмаймын ғой, тек жұрт алдында марқайын қалайын”,-дейді. Той дүрілдеп өтеді. Қыз берген де, қыз алған жақ та риза. Ел тарайтын уақытта той иесі: “Мына Рамазан үнемі шашуымның басы-қасынан табылады. Ризамын. Сүт кенжемнің қызығында бұған сый жасамағанда кімге жасайын. Астына ат мінгіземін”,-дейді. Сонда Рамазан: ” Жәкесі сенен сый дәметіп не көрініпті. Маған мінгізген атыңды бас құдаға тарту еттім”,-деген екен.
Әрі қарай

Есі дұрыс еркек бір әйелмен елу жыл тұра ма?

Арқада қара сөздің майын ішкен Рамазан Сәттібаев деген азамат бар. Жиын-тойда айтқан әр сөзі мәтелге айналып, жүрген жерінде елді қыран-топан қылып жүреді. Тоғыз қыздан кейін аңсатып дүниеге келген Рамазан әкесімен құрдастарша қалжыңдасады дейді. Әкесін: “Сенің әйеліңнен менің әйелім жас, көрікті”,-деп шамдандырады екен. Сол Рамазанның әкесі мен шешесінің қосылғанына 50 жыл толыпты. Рамазан бір тойдың көркін қыздырып жатса, оның әйеліне қайынапалары қоңырау шалып, “Қайда жүрсіңдер, әке-шешеміздің қосылғанына 50 жыл толды, атап өтпейміз бе, ақылдаспаймыз ба”,-деп бас салып ұрса жөнеліпті. Әйелінің қабағы түсіп, Рамазанға: “Тойға өзің бара бермедің бе, мен сөз естіп жатырмын. Атам мен енемнің қосылғанына 50 жыл бопты. Маған айтсаң болатын еді ғой”,-деп реніш білдіреді. Сонда Рамазан телефонды ала сап, әкесіне қоңырау шалады. “Әке мынауың ұят болды ғой, елге не бетімді айтам, мені жерге қараттың ғой”,-деп зарлап қоя береді Рамазан. “Ойбай ау, не болды, сонша?”,-демей ме әкесі. “Есі дұрыс еркек бір әйелмен 50 жыл тұра ма?”-деген екен Рамазан. “Құрығыр!”-деп әкесі телефонды тастай салыпты.
Әрі қарай

Қыздар ғана кіретін кабинет

Бірінші курста ағамның үйінде жатып оқыдым. Екінші курста «Әй дейтін әже, қой дейтін Қожа жоқ» еркін өмірге қызығып жатақханаға шықтым. Жатақханаға шығу үшін медициналық тексерістен өтеді екен. Салып ұрып емханаға келдім. Тіркеу бөлімі тексерістен өтетін кабинеттерді бір парақ қағазға жазып берді. Бір уақытта құрбым Қарақаттың бауырын көзім шалып қалды. Ол бірінші курсқа енді кеп жатқан. Не істеп жүрсің деймін үлкенсіп. Мен де жатақханаға орналасайын деп едім дейді бала. «Кәне көріп жіберейін, қағазыңды бер. Саған бір кабинетті жазуды ұмытып кетіпті. Менде төртеу. Сенде үшеу. Ештеңе етпейді, бірге өтеміз. Менен кейінгі кезекпен кіресің»,-дедім ширақтық танытып. Кезек күтіп тұрмыз. Кілең әйел. Мына бала менен кейін деп қоям. Жұрт адырая қарайды. Сұрастырсам, кабинетке кіру үшін жаялық керек екен. Ақша бердім де, өзіңе, сосын маған алып кел деп әлгі баланы жұмсап жібердім. Кабинетке кіргенде бірақ білдім ғой! Баланы есік алдына тастап зыттым. Содан оқу бітіргенше Қарақаттың бауырынан қашып жүрдім. Ауылда іш ауырса да, тіс ауырса да баратының бір дәрігер. Қайдан білейін, қыздар ғана кіретін кабинет болатынын. Сөйтіп есейгенім бар.
Әрі қарай

Қонаққа барғанда кием бе?

Ермек ағай басында ұстазым, кейіннен әріптесім болды. Сол Ерекеңе жеңгеміз бір күні жаңа іш киім сатып әпереді. Моншаға жиналған Ерекең затын түгендесе, әйелі сумкаға ескілеуін салып жіберіпті. “Жака, менің су жаңа іш киімім бар еді ғой, соны неге салмадың”,-деп кейиді Ерекең. Ештеңе жоқ, киесің ғой әлі деп жұбатқан болады жеңгеміз. “Не сонда жаңасын қонаққа барғанда кием бе?”,-деп ашуланған екен Ермек.
Әрі қарай

Менің бастығым

Қызметтің кілтін ұстағалы талай бастықпен істес болдым. Солардың ішінде Мекең орыс мектебін бітірген, жүрегі қазақ деп соғатын азаматтың бірі. Мекең бастық боп келгенде мен орысша сөйлеуді, ол қазақша сөйлесуді үйренді. Бастықтың тілінде сөйлемесең айтқаныңды тағы тыңдата алмайсың. Ал кейін, Мекең қазақшалағанда елді жаңылдыратын болды. «Тағы басталды»,-дейтін кабинетіне мәселемен кірсең. Мекең айтқан бір оқиғаны баяндап берейін. Мекең студент кезінде қызға қырындап, ойын-сауықты жағалағанымен үйге қонбай қалу әдетінен ада болыпты. Тек диплом алған күні жігіттермен “жуып” жүріп, үйіне келмей қалады. Ата-анасына өрескел қылық көрсетіп көрмеген Мекең ертеңінде айыбын жумаққа қам жасайды. Үйіне келсе жуынатын бөлмедегі легенге күрте салынып тұр екен. Оны жуып, сығып, балконға жайып қояды. Кешке әке-шешесі жұмыстан келеді. Мамасының алдын орамақ болған Мекең: «Мама, мен сықтым»,-дейді. Мамасында үн жоқ. Төргі бөлмеге өтіп кеткен әкесі қайтып келеді. «Мама, мен сықтым»,-дейді Мекең шаттанып. Көзі бақырайып кеткен мамасы: «Балам ау, кімді?»-деген екен.
Әрі қарай