Жарияланымдар

Жаңа өткен қоян...

Біздің Ескене ауылы екіге бөлініп жатыр. Таудың (өзімізге тау, қырат негізінде) шеткері мүйісінде Талдыбұлақ атты шағын ауылымыз бар. 15 үйлі. Осы Талдыбұлақтан Ескенеге мектепке барамыз. Екі ортаның қашықтығы 2 шақырымнан аса болар. көрші және ағайын болып келетін Ербол екеуміз көбіне бірге барамыз (Кеңес Одағы ыдырағанша бізді аранйы көлікпен тасымалдайтын). Жарты сағаттық жол. Екеуміз таудың етегіндегі жолмен әңгімелесіп келе жатқанбыз. Кенет Ербол тоқтай қалды. алдымызды кесіп өткен қоян ізі жатыр екен. Ербол қолғабын (биялай деп те атайды) шешіп ізді ұстап көріп, «жып-жылы екен, жаңа ғана өткен қоян екен» демесі бар ма))) Шамасы сол кезде мен 5, ол 3-ші класта оқимыз-ау деймін.
ПыСы.Класс сөзін мен көп жерде қолданамын.Мүмкін біздің мектептегі соңғы жылдарымызда кірген «сынып» сөзіне бойым үйренбеген болар.Тегі әр сөзді аудара бергеніміз де дұрыс емес секілді.
Әрі қарай

Менің әпкем

Бұрынырақта жазып жеке блогыма ілген жазбам екен.Сіздермен бөліссем деп едім.

Бұны әңгіме дейсіз бе, әлде шағын естелік дейсіз бе оны өзіңіз біліңіз. Анық білетінім, қолыма қалам алғызып отырған сағыныш. Балалық шаққа деген, қазіргі уақытта Балқаш қаласында ұстаздық қызмет атқаратын әпкеме деген сағыныш. Біздің Қарағанды төңірегнінде өзінен үлкен қыз баланы апа деп те айта береді. Жалпыға түсінікті болу үшін жазып жатқаным ғой. Әпкем екеуміздің қызығымыз көп.
Алғаш әріп үйретіп, есеп амалдарын шығару жолдарын үйреткенінде мен 5 жастамын. Газеттерді судыратып оқитын дәрежеге жеткізді. Үйге келген қонақтарға көлдей «Лениншіл жасты» оқып берем. Не жазылғанын түсініп жатқан мен жоқ, мақтауға марқайып жүре беремін. Әріп үйренгенім өзіме сор болды. Әпкем енді «Жарты сағатта қыс туралы өлең шығар, жаз туралы өлең шығар»деп қинайтын болды. Аңда-санда қалам алып, қағазға өлең жолдарын түсіріп жататынымыз да сол әпкеміздің арқасы.
Әпкем бала кезінен ұйымдастырушылық қырынан таныла білді. Біздің шағын Талдыбұлақ ауылының шеткері үш үйінің балаларын жиып, мереке сайын концерттік бағдарлама дайындайтын. Үй арасындағы бағаналарға жарнама ілгенді мен сол кезде әпкемнен көргем.
Таудың бауырын жанамалап тас жол өтетін. Сол тас жолға қызық үшін әпкем біздерге тас төсеткізеді. Жүргізушілердің тоқтап, тасты тазартқаны, ашуланып боқтағаны өзіне қызық шығар. Бірақ маған қорқынышты еді.Ши арасында жасырынып жатқан біздер, боқтықтан соң қашпақ болсақ әпкем жұдырығын көрсететін. Әпкемнің жұдырығы өзіме мәлім, одан да жүргізушіге ұсталған жеңілірек.
Жаз келді дегенше поход басталды дей бер. Походымыз тауға шығып, үйден дайындап алып шыққан тамақтарды жеп қайту. Көрші Ербол деген бала екеуміздің міндетіміз жол жиегіндегі белгілерді алып (дорожный знак), тау басына стол дайындау. Қанша жол белгі апарғанымызды бір Алла білер.
Әпкем әйтеуір жаңалық тапқыш. Кімнен естігенін қайдам, бір күні жатарда басына домбыра және нан қойып жатты. Себебін сұрасақ түсіне нан кірсе нан соғар болады-мыс, домбыра кірсе теңдессіз домбырашы болмақ. Анығы әпкеміздің түсіне екеуіде кірмегені.
Әпкемнің ұйқысы қатты. Кеңестік ұйқыдан оятқыш сағаттарға ояна қоймайтын. Адамнан айла артылған ба, оның да емі табылды.Өзінің аяғына жіп байлап, бір ұшын менің аяғыма байлады. Ондағысы әпкем аунағанда мен ұйқыдан оянып сағатты қарауым керек. Құдайға тәуба сабақтан қалып көрмедік.
Әпкемнің жатарда айтатын тақпағы да өзгеше:

Жаттым, жаттым жан Алла

Тұрғыза көр Иншалла

Тұрғызбасаң Иншалла

Лә илләһа Иллалла.

Жел тұрса күзге салым ауылдық жерде қаңбақ домалайды. Қораның артында үлкен қазан шұңқыр бар болатын. Сол жылы шұңқырды қаңбаққа толтырдық. Әпкем жиналған қаңбақтармен аспанға ұшпақ болған еді. Алыстан қаңбақ көрінсе, түлкіге ит қосқандай қосып жіберед. әкелген қаңбағың бүтін болмаса еңбегіңнің еш кеткені. Әйтеуір аспан әлеміне сапар шектіретіндей қатты жел тұрмай жанымыз қалды ғой.
Ауылдық жерде тірлік жермен тікелей байланысты. Жауын жаумаса шөп, егін шықпайды. Әпкем оның да оңай жолын тапты. Жаңбыр жаудыру үшін бақа өлтірсеңіз болды, кешке я болмаса ертеңіне жауын жауып береді-ай бір. Әлде бұл жай ғана сәйкестік пе екен? Әйтеуір сол жылы жаз жаңбырлы болды.
Кесіртке атты бауырымен жорғалаушылар класына жататын жәндік бар. Менің білетінім олардың түсі қара-қоңыр және жасыл (шөп түстес) болады. Сол кесірткелер де екіге бөлінеді екен. Оны әпкем болмаса мен сорлы білмей өтер ме едім.Олардың да мұсылманы мен кәпірі болады екен. Анықтау да онша қатты қиын шаруа емес. Көзіңізге көрінген кесірткеге «Мұсылмансың ба, кәпірсің бе?» деп айқайлайсыз, қаша жөнелсе кәпір болғаны. Оған жер бетінде орын жоқ. Әпкем айтты бітті, өлтіру парыз және сауапты іс. Кеңестік-атеисттік жүйенің әсері ме екен, сол кездерде мұсылман кесірткелер көп кездесе бермеуші еді.Қазір ойлап қарасам қашпай қалғандарының аяғы біздің айғайымыздан қарысып қалған болар.
Әрі қарай

Мен үйленерде...

Әбіләкімнің  ауылы: Мен үйленерде...
Мен өзі «тұзы жеңілдеу» адаммын. Бірдеңеге ұрынбасам жүре алмаймын.Ұрынайын деп ұрынбаймын -ау...Өз-өзінен солай бола қалады. Бір жерлерде отырғанда да байланысқысы кеп отырғандар «Сен неге қабағыңды түйіп отырсыңнан» бастайды. Қасым қалың болса қайтем. Нұр -Мұқасандағы Мұқасан байғұсты аяп кетем ондайда… ә, айтарым ол емес еді…
2008 жылдың 16 желтоқсанында ауылға келін түсіремін деп хабарлап қойғанмын.Мал союлы,қазан асулы, қонақ шақырулы тұрады ендеше сол күні.15 желтоқсан күні менімен еріп баратын Ербол деген жолдасымның туған күні.Оны қалай тойламайсың.Біздің үйде (Ербол екеуміз ол кезде бір үйді жалдап тұратынбыз)барлық мереке! Жап-жақсы тойладық. Бір кезде Ерболдың служагы қайтам деді.Оны сыртқа шығарып салуға шықтық. Үстіме аляска іле салдым. Үй ыстық болған соң майкамен отырғанмын. содан таксиге отырғызтып енді үйге қарай беттей беріп едік көшенің менттері келіп қолды қайырып машинаға бірақ тоғытты. Бес адамдық «Уазикте» 15 шақты адам бар шығармыз.сол маңайдағыларды түгел салып алған ау деймін. Әскери екенімізді айтуға болмайды. Неге ұстағанын жолда білдік. «Орентировкадағы» бұзықтардың киімі біздікіндей екен. содан бөлімшеге апарып тоғытты. Үйде қалыңдық күтіп отыр, ауылда ел-жұрт күтіп отыр. Бізбен сөйлесетін түрлері жоқ.Жалынсақ та, боқтасақ та ешкім қарамайды. абырой болғанда сол бөлімдегі бір оперді танитынмын.Кезекшіден сол кісіні сұрадым.ол үйінде екен. Телефонын алып хабарластым ақыры.Мән-жайды айтып жатырмын«адам тонағаны несі, үстіме қарасаңыздар өзімді тонап кеткендей, үйленіп жатырмын» деп.Ол кісі аналарға айтып бізді босаттырып жіберді. Менттер десең ренжиді алып келеді екен де қайта апармайды екен. Жәй есік алдына шыға салған біздің қалтада тиында жоқ екен. Қаншама жерден жаяу тарттық үйге. Бұның бәрі өтті дедік қой. Ертеңіне біздің ауылға қарай тарттық. Келіншегім (ол кезде қыз) жеңгелеріне айтпапты алып қашатынымды. Келісілген алып қашу ғой, сонда да жәйлап жеңгелеріңе айт дегенмін-тін. Ол болса сол алып қашып бара жатқан кезде «мені алып қашып бара жатыр, кешірім сұрап адамдар барады дайындала беріңдер» деп звандай салған. Ауылға мәз- болып кіргеніміз сол. Менің қолымды менттер тағы қайырсын. Сөйтсем қыздың әкесінің інісі Қарағандыда полковниктін соған «зорлап алып қашқан» деген қоңырау түскен. Ананы-мынаны қысып жүріп менің адресіме шыққан. Іле-шала олар да жеткен ғой. Абырой болғанда келіншегім "өзім келдім" деп сотталмай қалдық))))
Әрі қарай

"Стойте, на ху!

Бұл достарымызбен бас қосқанда еске алатын күлкілі оқиғаларымыздың бірі. Оқиғаға қатысушылар мен, Асан, Сәулет. Кластаспыз бәріміз. Қайсібір жылы жаңа жылды Майқұдықта қарсы алмақ болдық. 30-шы қаңтар күні алдын ала қыдыруымыз басталды. Бойында ептеген қызуы бар қылжақбастау Асан алаңнан қайтар жолда жол бойы кездескен қыз-келіншектерге тиісіп келе жатқан. Содан жолдан өте берген кезімізде қатты жылдамдықпен " тайота рав-4" зуылдап келе жатты. Асан екі қолын ербеңдетіп «стойте, суки на ху! » деп айғайламасы бар ма?! Машина өтіп барып тоқтай қалды. ішінен еңгезердей екі-үш тау халқының жігіттері түсе қалды. Біреуі белінен тапаншасын жұлып алып аспанға атып жіберді.Қарасақ жанымызда Асанымыз жоқ.
Әрі қарай

Сиску дай!

Балаларының бірі үйленіп Жантөре ағамызда той қамына кіріспей ме. Ауданға бара жатқан соң қыздарының бірі “сосиска” алып келе салуды өтінсе керек. Аудандағы шаруаларын бітірген Жәкең бір магазинге кіріп сатушы орыс қатыннан “Сиску дай” деп сұрап, магазиннен әзер қашып шығыпты деген аңыздар әлі күнге ауылда айтылып жүр.
Әрі қарай

Хат, хабар, қуаныш, реніш...

Кеше көзімнің астынын түскен кірпігімді алып тұрып бала кездегі осы оқиға есіме түсіп кетті. Сіздерде қайдам бізде( мүмкін біздің үйде ғана болар, әпкемнің ойлап таппайтыны жоқтын) түскен кірпікті басқа адам саусақпен алып, кірпік иесінің жұдырығының сыртына (кентус, саусақтың буындарының үстіне)осы сөздерді айтып кезекпен басады. Қуаныш сөзіне түссе жақын арада қуаныш, ренішке түссе реніш болады деп сендіретін.
Әрі қарай

Көне телефон


Майқұдықтан қырық шақырымдай жердегі Қушоқы елді мекеніне осымен 3-ші рет табаным тиіді. Алғашқысында аласапыран заманда адасып қалған атамның туған інісін іздеп бардым. Одан кейін сол кісінің қайтыс болуына байланысты және кейінгі жолы (қаңтардың 22-сі,2011ж.) сол кісінің қырқына байланысты. Айтпағым бұл емес еді негізі. Қушоқы елді мекені басқа ауылдардан қазақ-орысы араласып кеткенімен ерекшеленбесе, басқадай ерекшеліктер байқай алмадым. Ағамыздың (әкеміз десекте болғандай) қырқын өткізіп жатқан асханада көне телефонға көзім түсті.
Әрі қарай

Қыздар неге сондай?

Осы жерде жиналып отырған бәріміз мектеп қабырғасын көрген болармыз))Сол мектептік жылдарда көптеген қызықты оқиғалар болып жататыны бар. Кейін кластастар кездескенде еске алып отыруға жақсы соның бәрі. Қыз-ұлымыз жиналатын осындай кездерде қыздар неге өткенді еске алмайды?
Мектепте жүргендегі тәртіпсіздіктер мен шамалы бұзақылықты неге ұстаздарға жеткізуге құмар?
Сабақ үстінде жел шығарып алып «Кім осырды ?» деп не үшін өтірік сұрайды?
Қыздар неге сондайсыңдар?
Әрі қарай

Халқымның әні қазынам

Қаланың шуынан мезі болған кездерімізде қаладан алыс кетіп қалуға мүмкіндік бола бермейді. Осындай кездерде мен көбіне халық әндерін тыңдаймын. Даламның кеңдігін беретін осындай әндерден кейін ләззат алатыным шын. Қатарластарым қалта телефонымдағы халық әндерін көріп «шалсың ба?» деп келекелейді. Халық әндерін шал-кемпірлер ғана тыңдау керек пе? Сіз халық әндерін қаншалықты жиі тыңдайсыз?
Сіздерге бір-екі халық әндерінің және де домбырада орындалатын әндердің сілтемесін бере кетуді жөн көрдім.
Назiк гул.mp3 на files.gw.kz
Нәзік гүл-Қайрат Байбосынов
Иса Байзаков Желдiрме 2 турi..mp3 на files.gw.kz
Орындайтын Ерлан Рысқали
Әрі қарай

Қарттарым есен-сау жүрші...

Ауылда өскен бала болғандықтан ба, әлде жасымнан шалдың баласы болып (әкемнің әкесі, яғни атам)атының артына мінгесіп ауызашар, түрлі жиындарға барып өскендікі ме екен маған өз қатарымның әңгімесі көп қызық бола бермейтін. Үлкендердің айтқан әңгімелері әлі күнге есімде. Әттең, сол кезде бала болыппыз. Әңгімелерінің барлығын қағазға түсіре беруім керек еді.Қазір ойлап отырсам көп адамдарды көріппін. Біздің бір жамағайынымыз Бейімбет Майлиннің кенже қызы Розаға үйленген екен. Сол екі кісіні де көзім көрген еді. 60-шы жылдары Қытай асып келген туысқандарымыз да болған Біреуі тіпті қытай өкіметіне қызмет еткен полковник шеніндегі ақсақал еді.Кейінірек ҰҚК есебінде де тұрыпты дейді.Ол кісі қайтыс болған соң балалары жазбаларын жоғалтып алыпты. Шежіре жазумен айналысушы еді.Соғыс ардагерлерінің әңгімелері қызық болушы еді.Қазір ауылда көзі тірі ардагер жоқ. Қазір ауылға барсам шалдардың таусылып бара жатқанын көріп ішім ашиды. ашитын себебі бұл кісілерден соң жөні түзу шалда жоқ. Ауылда ең үлкен ақсақал 80 жастан асып отыр. ептеп ақыл-есін жоғалта да бастапты. Ол кісіден соң біздің аталар, жастары жетпістен асқандар. Бұл кісілердің өзі 5-6 ау қалыпты. 50-60 жас аралығындағы шалдарға көңілім тола қоймайды. Айтатын әңгімелерінің дәмі жоқ секілді.
Біз қандай шал болар екенбіз?!
Әрі қарай