«Қара гүл тұрар қауызы тұнып тамшыға...»


«Ақ гүлді көрдім, қызыл гүл тердім, ал мұны,
Көргенім осы, жабырқап кетті жан мұңы.
Қара гүл тұрар қауызы тұнып тамшыға,
Гүлдің де сірә, болады екен ғой тағдыры...»
Ұйыған сүттей әдемі сурет емес пе?! Естіген болсаңыздар қара қызғалдақ (черный тюльпан) деген гүл болады. Әгәраки, сыйлыққа осындай көмірдей қара гүл алар болсаңыз мағынасы «тұрақтылық», «жанпидалық» дегенді ұқтырады екен. Гүлтанушылар «Сенімен бірге өлуге де дайынмын» дегенді білдіретіндігін айтады. Қара түс пен қара гүлді неге байланыстырып отырмыз? Бүгін біз әңгімемізде салған әні мен лүпілдеген нәзік сезімге толы лирикалық поэзиясы арқылы көпшіліктің жүрегінен орын алған Табылды Досымовтың «Қара гүл» әні туралы сөз қозғамақпыз.

— Табылды Досымовтың қазаққа кең тараған хит әндері студент шағында жазылған. Ол – 1980 жылдардың орта шені болатын, — дейді бардтың курстас досы, журналист Арман Сқабылұлы.
Осы бір әуезді әннің шығу тарихын білу үшін белгілі ақын, "Қара гүл" әнінің сөзін жазған Жанат Әскербекқызынан сыр суыртпақтап көрдік. Апамыз бізге оңай ақтарыла қоймады. Тіпті бұл танымал өлеңін қалай, қандай сәтте жазғаны есіне түспей қалған-мыс. Сендірмеді, сене алмадым. Осыған қарап әннің шығу тарихында үлкендердің арасында жатқан әлдебір құпия бар болар деп түйдім.

Қош дедік те, ән тарихын сезімтал лириктің бірге оқыған жолдастары мен курстастарынан сұрауға бекіндік.
Серік Жанболат, журналист, ақынның курстас досы: «Табылдының сол кезеңдерде үлкен махаббаты болды, ғұмыр бойы ғашық болып өтті. Ол қазіргі күні Өскеменде тұрады. Сол махаббат мұңына арнап шығарылған ән деп ойлаймын. Бірақ нақты емес. Бұдан артық ештеңе айта алмаймын. Бүгінгі күні бұл әннің шығу тарихы белгісіз болып отыр».
Арман Сқабылұлы, тележурналист, ақынның курстас досы: «Мен Табылдымен бірге оқыдым, бір бөлмеде тұрдық. Шығармашылық сәттерінің көбінен хабарым бар, көп әні менің көз алдымда дүниеге келді. Бірақ осы «Қара гүл» әніне келгенде кібіртіктеп қаламыз, тархын білмейді екенмін. Табылдының «Қара гүлден» де мықты, рухты әндері көп. Алайда сазгердің өзі осы әнді ауызынан тастамай айтты. Автордың өзі өте қатты жақсы көрген ән еді».
… Иә, ақын Табылды өзі айтқандай махаббат қай заманда да ескірмейді екен. Ертеректе баспасөз бетіне берген бір сұхбатында ағамыз махаббат туралы әндері жайлы сауал қойған тілшіге былай дейді:
«Өнердің ар жақ тірегі махаббаттан тұрады ғой, операң да, балетің де, поэзияң да сезімнен туындайды. Ал қызға ғашық болмайтын жігітті мен дұрыс жігіт деп ойламаймын. Текті жігітті ғашық қылатын ару алдыңда тұрса неге ғашық болмасқа?! Неге оған сезіміңді әнмен, жырмен білдірмеске?!1986-87 жылдары әкем зейнетке шығатын болып тиісті орындар жаңа үй салып берген еді. Сол үйдің қора-қопсысын жөндемек болып ауылға кетіп қалды. Жаңа үйде шифонерден басқа ешқандай дүние болған жоқ, жаңғырып өлең айтсаң әдемі естілетін. Айна алдында отырып алып ән айту менің әдетім-тін. Сол үйдің ішінде «Қара гүл», «Сәйгүлік», Ұнатамын мен сені» деген үш әнді жаздым». Осылай қысқа қайырған ақынның өзі махаббаты мен «жүрегінің бөлшегіне» айналған арулар туралы жылы жауып қояды.
****
«Мына гүл менің мұңымды жаяр жаршы ма,
Сығалар мұңың, қансыра, жүрек, қансыра!
… Көз орынында көз емес, кейде қарасаң,
Қара гүл тұрар қауызы тұнып тамшыға...»
Тағдырлы ақынның әндеріне эстетикалық көркемдік, нәзіктік тән. Біз бүгін әуенде төгілген ғұмыр мен тағдырдың шығу тарихының үддесіне жете алмадық, білемін. Жалпы, ақынның сыршыл, тәтті мұң жатқан лирикалық махаббат әндеріне шабыт сыйлаған, арқау болған арулардың өмір жолы көмескі тартып жатады. «Шайыр біткендер шырмалып шырмауық-мұңға, Жұтады сосын қайғыны шарапқа қосып…» деген. Ендеше, Табылдының «Ұнатамын мен сені», «Күнікей қыз», «Ақ дидарың-ай», «Тәтті мұң» тәрізді әндеріне арқау болған махаббаты туралы әңгіме бөлек дастанның жүгі. Бірақ Белинский айтатын «поэзия — бақшадағы раушан гүлінің тікенін алып тастап, жұпар иісі мен сұлулығын жырлау» құдіреті бардтың қай әніне болмасын тән қасиет болып келеді. Осыны місе тұтамыз.
Төменде ән авторы Табылды Досымовтың орындауындағы жүктеме. Сөзін жазған Жанат Әскербекқызы. Мархаббат :)