Оқып көр, ой салар...(6) "20 минут(әңгіме сымақ)"

20 минут(әңгіме сымақ)
2. Декан
Сананы тұрмыс билеген заманда пенде шіркін не істемейді. 45 мың теңге үшін, 45 минуттың ішінде 45 рет құбылдым…
Содан, 20 минуттық кешігуімнің кесірінен табан астында көксау болдым да қалдым. Анығы, болуға тура келді. Бас кезінде өтінішіме: «менің бүгінгі сағат 8-30-дағы емтиханға кешігу себебім, біріншіден, келер жолым алыс. Оның үстіне, жолда қоғамдық көлік бұзылып қалды. Ал, енді, басқасына отырдым ба дегенде, «қырсыққан да қымыран іриді» деп Темирязевтің бойы аяқ алып жүргісіз кептеліс. Содан, тасбақа аяңға салып жеткенше алғашқы емтиханыма 20 минут кешіктім» – деп ағымнан жарылып жазбақшы болғанмын. Олай істесем сөзімнің арасына өтірік қоспағаным үшін, ақылы емтиханға тегін әрі жылдам жолдама береді екен. Амалдың жоқтығынан ақиқатты өтіріктің жамбасына жығып беруге тура келді. Себебі, бүгінгі қоғамда ақиқаттан аттамайын деп, адалдыққа ұмтылып, шыныңды айтсаң су жұқпас суайтсың. Ал, өтірікті шындай айта білсең шенеуніксің… Театр…
Содан не керек, әйтеуір, тиісті «ауырды» деген анықтамамды алып, өтінішімді жазып деканға кіргенімде, жалған қағаздарымызға қол қойып жатып басшымыз оқыстан сөз бастады:
– Өй, өңшең суайттар!
– Біз емес, аға!
– Енді, кім?
– Қоғам!
– Қоғам деген, мына, сен емессің бе?
– Өкінішке орай, сіздер де барсыздар…
– Бізден не жамандық көрдіңдер?
– Жақсылық?..
– Біз не істеппіз саған?
– Келешек алдыңғы буын ағаларына қарап бой түзейтінін ұмытқандарыңыз болмаса, ештеңе емес…
–…
Соңғы сөзден соң тілін тістеген адам құсап тіл қатпады. Декан басымен өмірдің оң-солын танып білмеген өрімдей жас баламен сөз таластырып тұрғанды ар санады ма, әлде, жас баланың түйеден түскендей сөздері жанына батты ма, ол жағы бір Аллаға ғана аян. Әйтеуір, менің анық байқағаным, «аш бәледен, қаш бәле» дегендей, лезде қажет жерге қолын қойды да, салқын қабақ кабинетінен шығарып салды.
Дәлізге шыққасын қол қойдыруға бірге кірген 1 курс студенттері: «сіз, деканға қатты айттыңыз ғой, қорықпайсыз ба?» – деді. Тосыннан қойылған сауалға әуелгіде недеп жауап қатарымды білмей қалдым. Көз ілім уақыттан соң барып: «Олар да біз сияқты ет пен сүйектен жаралған жұмыр басты пендеге ғой» – дедім де қойдым.
Аңдаусызда қойылған сауал мені күн ұзаққа мазалаумен болды. Ол тіпті де басыма қорқыныш ойының қонақтағанынан емес, осыған дейін де екі-үш рет тістескен адамым ғой, жауабы бөлек ой…
Деканмен болған диалог, одан балмұздақтың сұрағынан келіп түйген ойым. Азат буынның бойында жалғандыққа деген жиіркеніштік сезімі басым. Себебі, бүгінгі ұрпақ кешегі өтірікке құрылған қоғамның актері болудан бас тартып отыр. Қоғам бастартпасада… Оның бастарпау себебі неде, өйткені жаңа бауынның, азат буынның қолына әлі де болса билік тиген жоқ. Билік бұрынғыларда… Бірақ, биліктің де ауылы алыс емес… 5-10 жыл…
Әрі қарай

Оқып көр, ой салар...(5) "20 минут(әңгіме сымақ)"

Жиырма минут(әңгіме сымақ)
1. Замдекан
Он тоғызыншы желтоқсан. Күн бейсенбі. Сағат тілі таңғы 8.53-ті меңзейді. Екі өкпемді қолыма алған мен, емтихан өтіп жатқан аудиторияға қарай табаным жерге тиместен жүгіріп бара жатыр едім. Кенет, алдымнан деканның орынбасары Біржылда Өзгермесовтың ұшыраса кетпесі бар ма. Қас қағым сәт аралығында қол алыстым да, қажет жағыма қарай жүйткіп бара жатыр едім. «Тоқта, қайда?!» деген дауыстан кілт бұрылдым.
– Емтиханға ма? – деді.
– Аха, – деп едім.
– Болды, кешіктің. Кірмейсің,– дей миығынан күлді.
– Неге? – деген сұрағыма.
– Әне, комиссия қағазыңды алып бара жатыр,– деді.
Дәліздің дауыс естілер жерінде кетіп бара жатқан апайды екі аттап қуып жеттім де, ернім-ерніме тиместен ақталу сөзімді айтып, қағазымды қайтарып беруін өтіндім. Комиссия ханым болса, тыңдап тұруға ерінген болу керек, бір ауыз салқын жауап қатты да, жөніне кетті. Сол сәт, «қалап алған» замдеканым болса, жүзіне кекесін күлкі үйірген қалпы жағынан араша түсер сөз суырмады. Комиссия кеткесін барып, бар айтқаны: «жазғы семесторға қалдың» деді күмістенуге айналған мұртының астындағы еріндерін еріне жыбырлата. Пендеміз ғой. Дәл сол сәт мұртты мырза осыған дейінгі егестерімізде кеткен есесінің қайтарым қамын жасап тұрғандай көрінді, маған. Әйтпесе, бір жапырақ қағазымды қайтарып берерлік бір ауыз сөз айтпағанын басқаша қалай жоруға болады…
Құр тұрғанмен кеткен поездің қайырылып келмесін сезгесін, тығырықтан шығар жол іздеуден басқа амал қалмады. Факультеттегі екінші адам болғасын мұртты мырзадан ендігі әрекетім туралы сұрағанымда. Қайта тапсырудан басқа амалдың жоқтығын айтты. Онысы ақылы екен. 45 мың теңге. Одан кейінгі қойылған өзге сұрақтарыма «Зәкеңнің» «мен білмейміннен» өзге жауап қатуға зауқы соқпады. Адамға басшылық баспалдақ арқылы жоғары көтерілген сайын буынсыз тілі мен жарты қарыс жағын ашудың өзі ауыр да ақылы жұмысқа айналары көзіміз ашылғалы бері ұшырасып келе жатқан қазақ қоғамының қасіретті көрінісі емес пе… Түсінем…
Содан, әйтеуір, «елде бардың ерні жыбырлайды» деп, емтиханнан шыққан ұл-қыздардан сұрастыра жүріп, тығырықтан шығудың амалын таптым. Замдекан білмеген(білмегенсіген) түйіншек университетіміздің оқу ісі жөніндегі проректоры Ахмед-Закидің атына өтініш жазсам шешіледі екен. Қарапайым формула…
Осы оқиғадан түсінгенім. Біріншіден, басыма күн туса қызғыштай қорғауы тиіс мырза, керісінше «халық қалаулылары» «қолынан келгендіктен, қонышынан баса» отырып ортайтқан ел қазынасының тырнаққа татымас кетігін қалпына келтіргенімді қалағандай. Миллиардтап тоналып жатқан қаржының қасында, мен төлемек 45 мың теңгелік айыппұл халық қалтасын қалпына келтіруінде қарлығаш қанатымен су сепкендей ғана әсер етпей ме… Екіншіден, Күншығыс елінің философы Конфуцидің: «Адамның қандай екенін білгің келсе, қолына ақша мен билік бер» дейтін тәмсілінің өміршең екенін ұқтым. Үшіншіден, егер, шынымен не істеу керегін білмеген болса, онда, әлі де ақыл емес, ақшаның құлына айналған қазақ қоғамы дертінен айықпаған екен ғой…
Ол енді Соңғы 10 жылда айыға қоймас. Үдей түспесе… Себебі, шабан аттан жүйрік аттың айырмашылығы сол, жүйрік ат мәрені көргенде құлаштап шабады. Ал, мәреге дейін 5-10 шақырым(жыл) қалды… Қай жүйріктің тынысы(өңеші) кең екенін абыз-уақыт көрсетеді… Қызықтың көкесі алда…
Айтпақшы, бәйге соңынан қатысушылар тізіміне бір көз жүгірте кетуді ұмытпалық, бәлкім біз күткен адам(дар) топ жармаса да, қатардан көрінер… Өйткені, биыл ел ағасы жасына жетіп қалған «Зәкеңе» аламан бәйгеде қасына серік болсын деп, қатысу мүмкіндігін деканымыздың өзі сайлап берген болатын… Сәттілік!
Әрі қарай