Бұл қателікті жасамаңыздар, АНАлар!

Егер, ұл-қызыңызбен арада түсініспеушілік болса, ол сізді тыңдамай жатса, бұл оның жан территориясына күшпен енгеніңізді білдіреді. Ал, перзентіңіздің жан территориясы деген не?

Психологтардың айтуынша, әр адам жеке мемлекет сияқты. Бір мемлекеттің шекарасына келесі мемлекет күшпен еніп, оның белгілі бір бөлігін иемденбек болса не болады? Әрине, соғыс болатыны белгілі. Дәл сол сияқты кез келген адамды жеке тұлға, жеке мемлекет деп қарап, оның жан территориясының шекарасынан аспағанда ғана тыныш, бейбіт, келісімді өмір сүре аласыз.

МЫСАЛ: Сәуле – жасы 45-тегі ана. Ал оның анасы қазір 70 жастан асты. Сәуле отбасының тұңғышы. Одан кейін төрт інісі бар. Оның анасы да әке-шешесінің жалғыз қызы болған.
Кеңес Одағы кезеңінде астана – Мәскеу еді. Сәуленің сол Мәскеудегі аты дардай жоғары оқу орнында білім алған. Алайда, анасы тағдырдың бұйрығымен ауылдың жігітіне тұрмысқа шыққан.
Сәуленің күйеуі де жоғары білімді адам. Ол балаларының болашағын қалада қалауды армандаған. Бірақ та, ол үйінің кенжесі болғандықтан, қарт ата-анасының «Қара шаңырақта кенже ұл отыруы керек» деген сөзін жерге тастай алмай, ауылға оралған. Анасы кішкентайынан Сәуленің санасына «Менің армандарым орындалмай қалды. Енді сен сол армандарды орындауың керек» дегенді сіңіріп отырды. Қысқаша айтқанда анасы Сәуленің – өмірлік бағдаршамы болды. «Жүр» десе жүрді, «тоқта» десе тоқтай қалды.
Қазір Сәуле де ана. Екі қызы бар. Бірақ, Сәуленің қыздары анасының айтқанын өзі секілді бұлжытпай орындамайды. Айтылған ақыл мен ескертпені сүзгіден өткізіп, өздері дұрыс деп тапқанын ғана алып, орындайды. Мысалы, үлкен қызы 2018 жылы мамыр айында мектеп бітірді. Сәуле оны күштеп мединститутқа түсірмек болды. Ал қызы «Мен 7-9 жыл оқығым келмейді. Ұзақ оқуға шыдамым жетпейді. Одан да әсемдік салондарындағы 2-3 айлық курсты оқып аламын да, қас, тырнақ, шаш сәндеумен айналысамын» дегенінен қайтпады. Сәуле «Тым болмаса медициналық колледжге түс» деп қызын қалауынан айныту үшін ұзақ уақыт онымен алысты. Ақыры қызын көндірді, алайда қызы бәрібір сабағынан тыс уақытта тырнақ сәндеудің курсын оқып алды. Бұны Сәуле білгенде қатты ашуланды. Олардың арасында тағы да ұрыс-керіс, келіспеушілік орын алды.

СӘУЛЕНІҢ ҚАТЕЛІГІ
Бірінші қателігі – қыздарын өзінің оқушы, студенттік кезіндегімен салыстыруы.
Екінші қателігі – өз анасының тәрбиесіндегі шаблондарды түгелдей көшірме жасап, оны тәрбие құралы ретінде қатаң пайдалануы.
Үшінші қателігі – анасының қателіктерін қайталауы.
Ең басты қателігі – үшінші қателігі.

СӘУЛЕНІҢ АНАСЫНЫҢ ҚАТЕЛІГІ
Оның анасы бала кезінен дәрігер болуды армандаған, бірақ ата-анасы оны өнер саласына оқуға берген. Бірақ, ауылға тұрмысқа шыққан ана мектепте ән-күй сабағының мұғалімі боп қызмет етеді. Өз арманы орындалмаған ана жан-дүниесіндегі бір шеті кертіліп тұрған қалауын қанағаттандыру үшін жалғыз қызы – Сәулені мединститутқа түсіреді.
Сәуле оқу бітірер жылы жанына жақын «өз адамын» жолықтырса да ол басқаға тұрмысқа шықты. Өйткені, біріншісі шалғай ауылдардың бірінде тұрады, екіншісі ұнамаса да ол қаланың жігіті. Сәуле қаланың жігітімен бас қосты. Бұл да анасының арманы, қалауы.

ПСИХОЛОГ КЕҢЕСІ
Барлық медициналық мекемелерде арнайы психолог кадрлары бар екені белгілі. Сәуле жұмыс істейтін перзентханада да психолог бар. Орайын тауып Сәуле мәселесін айтты. Психолог ешкімді ешкіммен салыстыруға болмайтынын, әр адамның, тіпті кішкентай баланың да өз территориясы болатынын түсіндірді.
«Арман, қалау, жалпы айтқанда әр адам жанының өзіне ғана тиісті территориясы болады. Бір мемлекеттің шекарасына келесі мемлекет рұқсатсыз немесе күшпен еніп, оның белгілі бір бөлігін иемденбек болса не болады? Әрине, соғыс болатыны белгілі жайт. Дәл сл сияқты кез келген адамды жеке тұлға, жеке мемлекет деп қарап, оның жан территориясының шекарасынан аспағанда ғана тыныш, бейбіт өмір сүре аласыз.
Ал жан территориясы деген не?
Бұны былай түсіндірейін. Оның ұнамаған ісін айтыңыз. Екінші рет бұндай жағымсыз қылық көрсетпеуін сұраныңыз, талап етіңіз. Одан не күтетіңізді, нені қалайтыныңызды жеткізіңіз. Өз көзқарасыңызды айтып, өз нұсқаңызды ұсыныңыз. Осы жетеді. Болды, шекара осы жерден бітеді. Ал, мәжбүрлеу, сіз сызып қойған шеңберден шығармай қадағалау, күштеу – оның шекарасына кіру боп саналады».
Сосын психолог Сәуледен «Сіз қыздарыңыздың басты армандарын білесіз бе?» деп сұрады. Төтесінен қойылған сауал Сәулені кәдімгідей ойландырып қойды. Жауап беруге дайын емес екенін ұққан психолог «Мейлі. Ал сіз мектеп бітірерде, бойжеткен шағыңызда нені армандадыңыз? Еске түсіріңізші» деді. Сәуле тағы да абырап қалды, жауап берпе алмады. Өйткені, шындығында Сәуле өзінің емес, анасының армандарымен өмір сүрген еді.

НӘТИЖЕ
Содан кейін Сәуле бір-екі айдай балдәурен және жастық шағына ойша саяхаттады. Ол осы күнге дейін тек анасының армандарын орындап келгенін, ал анасы өз шешесінің армандарымен өмір сүргенін ұқты.
Психолог апайдың «Еске түсіріңізші, сіз нені армандағансыз?» деген сөзінен кейін көп ойланғандықтан ба, әлде жас кезінде ішінде тұншығып шыға алмай қалған қалауларының бетін аршыды ма екен, ол өзіме не керек екенін енді түсіне бастады. Ол мектеп қабырғасында жүргенінде анасы секілді мұғалім болғанды армандаған екен. Бұны желтоқсан айында перзентханада жүкті әйелдерге өткізілген семинар-сабақта түсінді. Бірінші рет ол болашақ аналарға арнап дәрігерлік кеңес сабағын өткізіп, баяндама оқыды. Осы баяндаманы дайындау кезінде көп ізденді, жұмыс тәжірибесінде болған оқиғаларды еске түсіріп жазды. Болашақ аналарға сабақ боларлық, ой саларлық жайттардан мысал келтіре отырып, өткен семинар-сабағы қатысушыларға ұнады. Ең бірінші өзіне ұнады, ортаға шығып көпшілік алдында сөйлегеннен, білетінімен бөліскеннен ұзақ жылдан бері ішінде торға қамаулы тұрған жаны бостандыққа шыққандай күй кешті. Жаны рахат тапты. Осы кезде ғана әр адам өзінің жан жүрегімен қалағаны орындалғанда шын бақытқа бөленетінін түсінді.
Ол анасы да орындалмаған арманын қызы іске асырғанда толыққанды бақытты болған шығар деп ойлады. Сәуле анасын кінәламады, бірақ, оның қателігін қайталамауға өзіне-өзі сөз берді. Енді бұдан былай қыздарының да, өзгенің де армандар шекарасына өтіп кетпеудің дұрыс екенін жөн көрді. Тіпті, жас мамандар ақыл-кеңес сұрай қалса да қазір бұрынғыдай «Жоқ олай етпе. Сен одан да бүйт, сөйт» деп ақыл айтпайтын болған. Майра апай айтпақшы, тек өз көзқарасын, ұнамаған тұстарын және өз ұсынысын ғана айтады. Ары қарай шешім қабылдау, қандай қадамға бару, қайсысын дұрыс, қайсысын бұрыс санау – әркімнің өз еншісіне қалдыру керектігін біледі. Сәуле осы ұстанымды ұстанғалы қазір үлкен қызымен де, оқушы жастағы кішкентай қызымен де тез келісімге келетін болған. Олар да сырларын, армандарын, сабақтан соң қайда барғандарын, не істегендерін жасырмай анасына айтатын болды.

ӨЗІН-ӨЗІ ІЗДЕП ТАПТЫ
Отбасындағы мәселесі шешімін тапқаннан кейін Сәуле соңғы кезде бұрын орындалмай қалған өз арманымды жүзеге асыруды ойлап жүр. Нақтырақ айтсам, қосымша бір-екі сағат болса да перзентханадағы жұмысынан бос уақытта қаладағы медколледждің студенттеріне дәріс оқуды жоспарлауда. Өйткені, Оның орындалмай қалған арманы – мұғалімдік, оқытушылық. Сәуле бала кездегі арманын іздеп тапты.
Адам өзіне не керек екенін білгенде ғана басқаларға да не қажет екенін түсінеді. Ал, түсінген адам қателіктерге жол бермейді. Қателіктерге жол бермеу – отбасылық, басқа да мәселелерден аулақ етеді.

Жазира СМАҒҰЛОВА, ERNUR.KZ

Анама айтқым келген еді...

Мама неге мені кінәлайсың? Ия мен қателестім, үйде болмаған жылуды даладан іздедім. Таптым. Бірақ ол маған ешқашан толықтай тыныштық сыйлаған емес. Бұдан кейін де жаным жай табарына сенімсізбін.

Әрі қарай

"Ақ халатты абзал жандар"...

Виталий Опанасенконың коллажы
Жоқ, дәрігерлерге өкпем жоқ. Араларында түрлі «экземплярлар» болғанына қарамастан, адамдар да бар іштерінде.
Бірақ, бүгінгі естігенім…
Г. 23 наурыз күні кесарь тілігі арқылы босануы тиіс еді. Бірақ, толғағы ерте басталып, 19 наурызда босанады. Жүктілік жақсы өткен, бала аман туылды. Бірақ, ертесіне бала шетінеп кетеді. Өз айтуынша, дәрігерлер қолынан түсіріп алған.
Сәбиінен айрылған ананың аузын жаппақ болып, перзентхана басшылығы 40000 теңге береді. Әділдік іздеп сотқа шағымданған әйелге прокурор: «Бәрібір түк өнбейді, арызыңды қайтып ал, олар жоғары жақта бәрін тындырып қойған» деп ашығын айтады. «Берген ақшасын алып, тыныш отырсаңшы» дегенді де қосып қояды. Ол арада минздрав араласып, перзентханаға "істі дереу жабыңдар, жабулы қазан жабулы күйінде қалсын" деген бұйрық түседі де, дәрігерлер ауызбастырықты елу мың теңгеге дейін көтереді.
Осы оқиғаны барлық телеарналар көрсетті дейді. Бірақ, бүгін ешбірінің архивінен сол сюжетті таба алмадық.
«Орталық Азияның» журналистері қызығушылық танытып, айналдырып көрсек қайтеді деп еді, Г. сөйлескісі келмеді. "Қажыдым" дейді…
"Өмірде әділдік жоқ екен" деп мұңайып отыр… Үлкендер де "өлер бала өлді ғой, өз жүйкеңді, денсаулығыңды ойла" деп, тағы басып тастапты…
Ең қиыны, ол енді бала туа алмайды…
Әрі қарай