Сары ҚАЗАҚ. Ол кім?


Менің атым – Сары ҚАЗАҚ. «Сары» сөзін қай жағынан түсінсеңіздер де, өз еріктеріңіз. Нақтырақ айтсам, піспеген шикі сары. Бұлай атауым қайдан шықты? Мұхтар Мағауиннің «Сары қазақ» романын бір шолып өткен соң, көп нәрсе түсінікті болып қалар.
Романда «… Мен, Стамбек Сыпатайұлы Дәулеткелдиев, Россиядагы ең көне, ең атақты әулеттердің бірінің тұяғымын. Арғы атамыз XIV ғасырда, Даланың қуаты қайтпаған кезде өз еркімен Ордадан келіп, орыс туының астына тұрған екен. Шоқынып, үйленіп, біржола орнығыпты… Мен Елец қаласындағы гимназияны алтын медальға бітіріп, 1911 жылы, он алты жасымда Петербург университетінің заң факультетіне келіп түстім», — дейді бас кейіпкер. Патшалық жүйеге қарсы топқа қосылғаны үшін бес жыл каторгаға кесіледі. Қазақ даласының үстімен өтіп бара жатқан вагоннан қашып, жақын маңдағы ауыл адамдарымен кезігіп, сол «аңғал да дарқан, ер көңілді, бейбіт жұрттың» арасында өмір бойы қалып қояды. Еуропалық «светский» тәрбиемен өскен сары қазақ нағыз ҚАЗАҚтардың тұрмыс-салтын, дүниетанымын меңгере бастайды. Жай меңгермейді, «Мен европаша білім алмаған, дипломатиялық мектеп бітірмеген аңғал да қарапайым қазақтың ақыл-парасатына тағы да қайран қалдым», — деп өмірі қазақ тұрмысына таң қалумен, тамсанумен өтеді. Романның баянын осы жерден доғарайын.
Мен қылышынан қан тамған Кеңес үкіметінің 70 жылдық торлы, тотальды құрсауынан енді ғана босаған жылы, яғни 1991 дүниеге келіппін. Әке-шешем, ата-әжем тағдыр тәлкегімен «орыс туының астында» өмір сүрген. Ұлттың тарихы мен дәстүрінде, мәдениеті мен өнерінде, діні мен тілінде адамды адам ететін адамгершілік қасиеттерінің ең озық үлгілері жинақталған. Барша ізгілік қасиеттер жинақталған осы құты-ыдысымызды шағуға тырысқан шовинистік идеологияның ықпалы екі-үш ата буынға мол болды.
Тәуелсіздік алдық. Бірақ та құлдық психологиядан әлі арыла алмадық. Осылай кете берсек, арыла да алмаймыз. Сондықтан да әр жас қазақ сары қазақтай өз ұлтының қадірін түсініп, жете меңгеріп, өз өзін тануға талпынуы тиіс. Ұлт перзенті ретіндегі біздің міндет – сан ғасырлық тарихы бар осы асыл қазынаны бойымызға сіңіру. «Өз өзіңді танысаң – істің басы» (Ақжан Машани) дегендей, ұлттық адамгершілік, ізгілік сабақтарын игермей, біздің шын мәніндегі адам болуымыз қиын.
Елбасымыз бір сөзінде:«Ата-бабаларымыз жасаған мол рухани қазынаны шашпай-төкпей жинап алуымыз, оны атажұртта және барша әлемге таныстыру аса маңызды шаруа. Тәуелсіздікке ие болған кезден бері қарай бұған тиянақты назар аударыла бастады» — деп, алдымызға ұлы мақсат қойып берді. Бұл бірнеше онжылдықтарда іске асатын жүгі зілбатпан ауыр шаруа. Алдағы онжылдықтардың иесі сіз бен біз.
Сондықтанда Біздің мақсатымыз ата-бабамыздың ғасырлар бойы өмірінің тірегі болып келген рухани құндылықтарды игеріп, паш етіп, жас буынға насихаттау. Аманатқа қалған баға жетпес рухани мұраларымыз – салтымыз, дәстүріміз, мәдениетіміз, ана тілімізді игеріп, қастерлеп қаз қалпында келешек ұрпаққа қалдыру.
Бабаларымыз жүріп өткен сара жолды жоғарыдағы сары қазақтай игерейік!
Әрі қарай