Сусындау...

Басқа-басқа өзімнің «Сусын» деп есептейтін сусындарымның ішінде қатып қалып, басқасын жиып қойып, талғап жүріп ішетін сусыным жоқ екен. Әйтеуір спиртті ішімдік болмаса болды. Сусынның қадірін алыс жолға шыққанда білесің. Шіліңгір шілдеде, болмаса тамылжыған тамызда қаларалық автобусқа сусынсыз міну өз-өзіңді азапты өлімге қиюмен тең дүниенің бірі. Бұндайда мөлшерсіз көп сусынды да ала алмайсың. Көліктің келесі тоқтайтын нүктесіне дейін жететін сусын алып алып, соны ептеп ұртап отыруды әдетте айналдырғанмын. Менің қалааралық автобусқа сирек те болса мініп тұрған кездерде баратын екі нүктем бар. Бірі Балқаш, екіншісі Жаңаарқа. Біріншісі Қарғанадыдан 400 шақырымдай жерде, екіншісі 200 шақырым мұғдарында. Жолға шығарда әрбір ұсақ-үйекке мән беріп, «Ананы ұмытқан жоқсың ба, салып қойдың ба ?» деп келіншегін мазалай беретін жанның бірімін. Жолдан бір күн бұрын ұйықтай алмаймын. Жолда ұйықтағанды ұнатамын. Бейтаныс жерге бара жатпаған соң жолды басқаша қалай қысқартасың?!
Құлағыма «Емпүшімнің» құлақтығын тағып алып ойға шомамын. Иә, иә, жаңылыс оқыған жоқсыздар. Музыка тыңдай отырып ойға шомамын. Қаланың кранынан тамған суды ішіп отырып, жайлаудағы Тасбұлақтың суын армандайтын мен, алыс жолдарға арнайы музыкалар жазып аламын…
… Саржайлауым менің,
Жан жайлауым менің,
Ән – жайлауым менің.
Беу-беу, Сарыарқа!
Аққу аңсап қонған
Ақ маңдай көлдер.
Сал самалы саумалдай болған
Мақпалдай белдер.
Бал бұлағы есіліп аққан-оу, Сарыарқа,
Арғымағы көсіліп шапқан-оу,
Аңыз дала, Абыз дала,
Қобыз дала, Сарыарқа!
..-Бекболат ағамның орындауындағы Ақселеу атамыздың осыбір әнімен сусындап отырып әрнені ойлап кетемін. Өзімнің балалығым қалған Сарыарқаның бір пұшпағы Жаңаарқаның Қарасу жайлауында өткен балалығым көз алдымнан зуылдап өтеді. Расымен де мен осы жайлаудың төсіндегі әр бұлақтың суына сусындап өстім. Суын ұрттасаң миыңды аузыңа түсірер тастай суы бар, таудың етек жағындағы тастардың арасынан ағып жатқан Тасбұлақтың, қанша ұртасаңда шөлің қанбайтын, таңдайыңа сіңіп кете беретін әнебір төскейдегі Төсбұлақтың, болмаса Қарасу бойындағы құдықтағы қара суды сіміріп ішер ме еді… Арғымақпен көсіліп шапқанда тұяқ астында дөңгелеп, артыңда бұлдырап қала беретін белдерге тағы бір мәрте барып, дәл солай көсіліп шапқың келіп кетеді… Бірақ, автобус бір ыршып секірген кезде өзіңнің қалааралық автобуста келе жатқаныңды, қолыңда бұлақтың емес, қайдан құйылып алынғалы белгісіз газсыз сусыныңның бар екені есіңе еріксіз түседі. Ол кезде өзімнің «Блогиадаға» қатысатынымнан хабарым жоқ, сондай-ақ әйтеуір бір турдың тақырыбы «Сусын» болатынынан да бейхабар болсам да бүйірінде «Tassay» деп жазылған сусынымнан бір ұртап қойып, шөлімді бір басып алып, халық әндерінен сусындауды әрі қарай жалғастырып кетемін…
… Айбозым, айхай бозым, даңғыл бозым,
Ел шалғай, жүре алмадым, жалғыз өзім-
деп Біржан шау тартқан кезінде бір егілген екен. Осыбір әнді бала кезімде атамның қара радиосынан сан рет тыңдадым. Мағынасын жете түсіне алмаған едім. Түсінгенім автордың атымен сырласып отырғаны ғана. Менің балалығым өткен жайлауда свет, тоқ деген атымен жоқ. Өзім құралпылас балалар да жоқ. Мен де астыма мінген атыма «Тайбуырылым менің, қазір ауылға шауып барып келе қойсақ ешкім біліп қоймайды ма? Сенің неге ертегідегідей «Астыңғы ернің қыбырламайды, үстіңгі ернің неге жыбырламайды? Кластастарымның не істеп жатқанын бірге көріп келе алар ма едік?» деп өзімше сырымды айтып жүретінмін. Қызық. Қой, әділқазылар сусын туралы жазба емес деп жүрер, осы жерде «Тассайдан» тағы бір мәрте ұрттап алайық. «Тассайдың» жақсы суысын екені рас, бірақ, ішкен сайын кезенем кебе береді ме қызық…
… Бір жағы Алматының Талғар, Түрген
Сыйласып жақсы емес пе бірге жүрген, бүлдірген
Қандай жақсы құрбылармен бір жүрген...
-әнді орындаушы Нартуева Әйгеріммен таныстығым бар. 2009 жылы Жүсіпбек Елебеков атындағы дәстүрлі әндерді орындаушылар конкурсына келген еді. Әрбір әріпін анық айтатын, құлағыңның құрышын қандыра орындайтын әнші. Осындай әншілердің орындауындағы әндерді жалықпай тыңдай беруге болады. Өзі күйеуге тиді ме екен? Әйгерім жайлы ойлағандікі ме, әлде, күннің аптабынан ба, әйтеуір аузымның кеуіп кеткенін аңғардым. Сусыннан тағы бүр ұрттауға тура келді…
«Сусын» тақырыбындағы жазбам сіздердің сусындарыңызды қандырар, қандырмасынан хабарым жоқ. Осы жазбамды Қайрат ағамыздың орындауындағы «Бір келіншек» әнінің орындалуы кезінде аяқтаппын. Ия, қазылар не дер екен, қазылар алқасындағы бір келіншек не дер екен…
Әрі қарай

Солақай әнші

«Солақай болса не болыпты?»деп сөге көрмеңіздер. Қарағандыда қазан айында болып өткен Ж.Елебеков конкурсы кезінде көрерменнің ыстық ықыласына бөленген әншілердің бірі. Орындайтын әні де керемет. Қарқылдап күліп алады арасында. әміренің Парижде орындаған «Ағаш аяғын» орындап арасында жылайтын жерінде жылап та алды бұл жігіт. Ол әннің видеосы жоқ екен бірақ. Айтпақшы сапасына кешірім сұраймын. Жүктеуге жеңіл болсын деген әрекетімнің нәтижесі еді. Сонымен ,
Еркебұлан Қасымов
Домбырасын асынып
Келе жатыр томпаңдап
Ән салуға асығып-қабыл алыңыздар!
www.youtube.com/watch?v=E5BQOOfH2Y0&feature=plcp
Әрі қарай

Елебеков конкурсынан фотоесеп.

Керекинфодан 3-4 күн жоғалып кетуімнің өзіндік себебі бар.Осы сайтта жариялаған Қазақстанынң халық артисі, мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Ж.Елебеков атындағы конкурсымызды абыроймен өткеріп, «уф» деп жатырмыз дәл қазір. Қағаз жұмыстары әлі де бар. Конкурсқа еліміздің түкпір-түкпірінен 36 үміткер қатысты. Сонымен, жүлдегерлермен таныс бола отырыңыздар:
Бас жүлде, Алматы қаласынан (сол жақта оқып жатыр, негізі өзіміздің Қарағандылық) келген Маясаров Жақсыкелдіге бұйырды.
Әрі қарай

Құлаққағыс

Биыл астаналық «Керекшілер» жақсы бір үрдісті қалыптастырды. Ол әрине «Домбыра тарту». Бұндай игі шаралар тамырымыздан ажырамауымыздың басты кепілі. Бұның барлығы жасандылықсыз, өз еріктерімен істеп жүрген іс екені белгілі. Ендігі айтарым…
Осындағы дәстүрлі өнерді дәріптеушілерге және халық әндерін нақышына келтіріп орындайтын кез-келген оқырманға құлаққағыс. Қазан айының 17-19 аралығында Қарағанды қаласында Қазақстанның халық артисі Жүсіпбек Елебеков атындағы республикалық конкурс өтеді. Қатысқысы келген жандар маған хабарласуына болады немесе мына мекен-жайға құжаттарын жібере алады.
100009 Қарағанды қаласы, Комиссаров көшесі, 45-ші үй, Қали Байжанов атындағы концерттік бірлестігі.
Телефондары: 41-10-88(қабылдау бөлімі), 42-08-58(Айсұлтан).
Әрі қарай

"Көксау" Ғалымжан

Назарларыңызға Ғалымжан Жолдасбай атты жас әншінің халық әні«Көкжөтелге» түсірген тамаша клибін ұсынамын. Клип өзіміздің елімізде түсірілген. Мен 5 деген баға берер едім, міне қазақтың жылқысы, міне, қазақ қыздары, міне қазақ жігіті деп көрсетуге тұрарлық. Міне, Батыс ән мектебінің өкілі!
Әрі қарай

Қайрат Байбосынов ағамыздың орындауындағы әндер

Асхат мырзаның өтініші бойынша және бойында қазақтың қаны ойнап тұрғандар да бей-жай қарамас деп қазақтың қара домбырасына кезек беруді жөн көрдім.
Гәкку. ІІ нұсқа

Гәкку.ІІІ нұсқа

Нәзік гүл
Әрі қарай

Көрме - көрмек үшін!

Сәлем бердік, жамағат! Осыдан бірер күн бұрын «Түркі халықтарының дәстүрлі музыкалық мәдениеті: келелі мәселелері мен келешегі» атты халықаралық ғылыми — теориялық конференциясы, яғни «KORKUT AND MUSIC OF THE GREAT STEPPE» түркі халықтарының бас қосуы болған болатын. Жиын қатысушылары: түркі халықтарынан келген делегаттар, музыкатанушы ғалымдар мен дәстүрлі орындаушылар және жазушы, драматург, «Мәдениет» журналының бас редакторы — Дулат Исабеков пен Қызылорда облысының әкімі — Болатбек Қуандықов, мәдениет ісінің бастығы — Берік Жүсіпов мырза. Мерекелік шара 21-24 аралығында, яғни 3 күнге созылды. Екінші күні өткен іс-шараға қатысқан болатынмын.  Жалпы, конференцияда келген қонақтардың ой-пікірі мен ғылыми жобалары қысқаша тыңдалды. Соңында «Сайын дала. Саза дала. Ұлы дала." деген атпен Сыр елі қолөнер шеберлері мен суретшілерінің көрмесі өтті. Көрмеден фоторепортаж ұсынайын
Әрі қарай

Қазақтың дәстүрлі 3 әні

Қазақтың бай ән қазынасының ішінен тамаша 3 дәстүрлі әнді ұсынамын…
«Дедім-ай-ау» бала күнімнен сүйіп тыңдайтын әнім...
Дедім-ай-ау
Айналайын, ақ жүзің, айдан аппақ,
Сендей жарды ер жігіт қайдан таппақ,
дедім-ай-ау
Көрген адам қасыңнан кете алмайды,
Мұз үстінде жүргендей тайғанақтап,
дедім-ай-ау

Қайырмасы:
Алма ағаштың гүліндей-ау,
Текеметтің түріндей-ау,
Өтіп дәурен бара жатыр,
Сіз бен бізге білінбей-ау.

Құлағыңа таққаның күміс сырға,
Күмбірлетіп шығасың күнде қырға,
дедім-ай-ау
Сағыныштан сарғайып шыдам таппай,
Мен өзіңді қосамын ән мен жырға,
дедім-ай-ау.

Қайырмасы.

Әміре Қашаубаев Парижде орындап, Еуропаны бағындырған ән...
Ағаш аяқ
Атандым мен жасымнан ағаш аяқ
Жас жанды ақсақ етті аямай-ақ
Салдықтың салдарынан ақсақ болып
Жүргенім қолыма ұстап жалғыз таяқ

Әй, қалды-ау, қалды-ау
Әй, қалды-ау, қалды-ау
Қыз қалды ойбай
Қыз қалды-ау
Қара жол ма дегенім
Шұбырынды із болды-ай, ойбай

Ала жаздай нәр татпай
Іздегенім қыз болды-ау, ойбай
Қыз қайда, ойбай, қыз қайда?
Шіркін-ай есіңе ал,
Алсаң ал, алмасаң қой
Сенсіз өлер деймісің
Шіркін-ай, шіркін-ай
Үкілі кәмшат бөркің-ай
Ой-пәлі-ай
Ей, пәлі-ай!
Осылай ма едің
Қыз бала-ай!

«Гауһартас», орның бөлек әнсің сен...
Гауһар тас
Ажарың ашық екен атқан таңдай,
Нұрлы екен екі көзің жаққан шамдай.
Анаңнан сені тапқан айналайын,
Күлім көз, оймақ ауыз, жазық маңдай!

Қайырмасы:
Беу-беу гауһар тас,
Құсни, құрдас,
Раушан жүзің көргенде
Сәулем-ау, сабырым қалмас.

Ажарың ақ түлкідей қашқан құмнан,
Шолпандай таң алдында жалғыз туған.
Жылы су, қолда құман, қарда орамал,
Жібекпен қызыл гәріс белін буған.

Қайырмасы.

Басасың аяғыңды, ырғаң-ырғаң,
Салдырап шашбауың мен алтын сырғаң.
Жай жүріп щаттанасың әсерленіп,
Әсемсің жүйрік аттай мойын бұрған.

Қайырмасы.
Әрі қарай

Айгүл Қосанова мен Клара Төленбаева

Қазақта әнші қыздар көп қой. Солардың ішінде сырнайлатып жүрген Клара апамыз бен батыстың екпінді әндерін төгілте орындап жүрген Айгүл апамыздың орындауындағы әндерді тыңдай отырыңыздар

Әрі қарай

Халқымның әні қазынам

Қаланың шуынан мезі болған кездерімізде қаладан алыс кетіп қалуға мүмкіндік бола бермейді. Осындай кездерде мен көбіне халық әндерін тыңдаймын. Даламның кеңдігін беретін осындай әндерден кейін ләззат алатыным шын. Қатарластарым қалта телефонымдағы халық әндерін көріп «шалсың ба?» деп келекелейді. Халық әндерін шал-кемпірлер ғана тыңдау керек пе? Сіз халық әндерін қаншалықты жиі тыңдайсыз?
Сіздерге бір-екі халық әндерінің және де домбырада орындалатын әндердің сілтемесін бере кетуді жөн көрдім.
Назiк гул.mp3 на files.gw.kz
Нәзік гүл-Қайрат Байбосынов
Иса Байзаков Желдiрме 2 турi..mp3 на files.gw.kz
Орындайтын Ерлан Рысқали
Әрі қарай