Құдаға ат мінгізген тамада

Фольклор арқылы танылған тамада көрдіңіз бе? Қарағандылық Рамазан Сәттібай солардың бірегейі. “Рамазан айтыпты” деген уытты сөздер арқа жұртына желдей тараған. Әрине, ағайын-туыстың шашу-тойы Рамазансыз өтпейді. Бір жамағайыны Рамазанға бар баласының тойын басқартыпты. Той біткен соң, мақтап, мақтап, құр қол қайтарады екен. Кенже ұлдың тойын басқарайын деп тұрып, Рамазан: “Жәкесі, бар қызығыңның ортасында жүрмін. Ел-жұртқа көз ғып, осы жолы Рамазанға ат мінгіземін де, сенен мал алмаймын ғой, тек жұрт алдында марқайын қалайын”,-дейді. Той дүрілдеп өтеді. Қыз берген де, қыз алған жақ та риза. Ел тарайтын уақытта той иесі: “Мына Рамазан үнемі шашуымның басы-қасынан табылады. Ризамын. Сүт кенжемнің қызығында бұған сый жасамағанда кімге жасайын. Астына ат мінгіземін”,-дейді. Сонда Рамазан: ” Жәкесі сенен сый дәметіп не көрініпті. Маған мінгізген атыңды бас құдаға тарту еттім”,-деген екен.
Әрі қарай

Есі дұрыс еркек бір әйелмен елу жыл тұра ма?

Арқада қара сөздің майын ішкен Рамазан Сәттібаев деген азамат бар. Жиын-тойда айтқан әр сөзі мәтелге айналып, жүрген жерінде елді қыран-топан қылып жүреді. Тоғыз қыздан кейін аңсатып дүниеге келген Рамазан әкесімен құрдастарша қалжыңдасады дейді. Әкесін: “Сенің әйеліңнен менің әйелім жас, көрікті”,-деп шамдандырады екен. Сол Рамазанның әкесі мен шешесінің қосылғанына 50 жыл толыпты. Рамазан бір тойдың көркін қыздырып жатса, оның әйеліне қайынапалары қоңырау шалып, “Қайда жүрсіңдер, әке-шешеміздің қосылғанына 50 жыл толды, атап өтпейміз бе, ақылдаспаймыз ба”,-деп бас салып ұрса жөнеліпті. Әйелінің қабағы түсіп, Рамазанға: “Тойға өзің бара бермедің бе, мен сөз естіп жатырмын. Атам мен енемнің қосылғанына 50 жыл бопты. Маған айтсаң болатын еді ғой”,-деп реніш білдіреді. Сонда Рамазан телефонды ала сап, әкесіне қоңырау шалады. “Әке мынауың ұят болды ғой, елге не бетімді айтам, мені жерге қараттың ғой”,-деп зарлап қоя береді Рамазан. “Ойбай ау, не болды, сонша?”,-демей ме әкесі. “Есі дұрыс еркек бір әйелмен 50 жыл тұра ма?”-деген екен Рамазан. “Құрығыр!”-деп әкесі телефонды тастай салыпты.
Әрі қарай