Жарияланымдар

Алты сөзден құралған 18 әңгіме

Ал сол кезде...: Алты сөзден құралған 18 әңгіме
Бірде Эрнест Хемингуэй: кез-келген адамды бей-жай қалдырмайтын ең қысқа әңгіме жаза аламын, деп біреумен бәстескен екен.
Ақырында: «Балалар аяқ киімі сатылады. Киілмеген» («For sale: baby shoes, never worn») деген әңгіме жазған жазушы бәсте ұтыпты.
Міне, содан бері осы бір қысқа әңгіме жазу әрекеті көпшілікке тыным бермей келеді. Талай адам оқырманды таңқалдырып, тебірентіп, толғантатын тұтас оқиғаны бар-жоғы 6 сөздің ішіне сыйдыруға тырысады. Бәрі болмаса да, бірді-екілісінің жазғаны сәтті шығады.

  1. Бейтаныстар. Достар. Жақын достар. Көңілдестер. Бейтаныстар.
  2. «Сіз нөмірден қателестіңіз», деді таныс дауыс.
  3. Жолаушылар, сендермен сөйлесіп тұрған капитан емес.
  4. Өз жартымды кездестірдім. Бірақ, ол елемеді.
  5. Парашют сатамын: ешқашан ашылмаған, аздап қанданған
  6. Бұл алтын тойымыз. Бір орындық дастархан.
  7. Бүгін тағы да өз анама өзімді таныстырдым
  8. Жихангез дабыл жіберді. Жерден жауап жоқ.
  9. Үйіме раушан әкелдім. Кілтім сәйкес келмеді.
  10. Анам маған қырынуды үйретті.
  11. Шытынаған маңдай әйнегінде «жас жұбайлар» деп жазулы.
  12. Біздің төсек. Екі дауыс. Есік қақтым.
  13. Секіріп кеттім. Артынша ойымнан айныдым.
  14. Менің бейнем қазір ғана маған көзін қысты
  15. Ренжіме, сарбаз. Аяқ киімді жұбымен сатамыз.
  16. Мұның әйелін өлтірушіні бөтелкемен тамақтандырады.
  17. Есейген адаммын деп елестеттім. Есейдім. Елесімді жоғалттым.
  18. Дәрігер науқасты құтқарды. Науқас Құдайға алғысын жаудырды

дереккөз: ADME
Превью мен посттағы сурет Freeimages сайтынан алынды

Егер қысқа әңгімелер қызықтырса, бұған дейін жариялаған мына екі постты оқыңыз:

1. Аз әріпті 9 әңгіме
2. 15 сөзден аспаған 6 әңгіме, 1 роман
Әрі қарай

Көңіл-күйден түссең, оқисың

Ал сол кезде...: Көңіл-күйден түссең, оқисың

  • Әлдекім үшін сен өмірдің мәнісің
  • Сенің күлкің сені ұнатпайтын жандарды да қуантуы әбден мүмкін
  • Әлдекім әр түні ұйқыға жатар алдын сені ойлайды
  • Біреу-міреудің сені жек көруіне жиі себеп: ол саған ұқсағысы келеді
  • Жер бетінде сен үшін жанын қиюға даяр кемінде 2 адам бар
  • Кемінде 13 адам сені өзінше жақсы көреді
  • Әр күні өкінішпен оянуға өмір тым қысқа
  • Сондықтан да сенімен дұрыс араласатын адамдарды жақсы көр, ал сені жаратпайтын адамдарды ұмыт және бәрінің де себебі бар екенін біл
  • Өміріңде ең үлкен ағаттық жіберсең де, сол қателіктің соңынан бір жақсылық келеді
  • Өмір өзіңнен теріс айналды деп ойласаң, онда өмірге басқа қырынан қара
  • Әрдайым жадыңда ұста: өмір саған тағы бір мүмкіндік берсе, онда сенің жолың болады!
  • Егер саған мүмкіндік берілсе, оны пайдалан! Егер осы мүмкіндік сенің өміріңде өзгертсе, онда сол өзгертуге рұқсат ет.
  • «Бұл — оңай» деп айтқан ешкім жоқ. Олар мұның тәуекел етуге лайық екенін айтты.


дереккөз: ADME
Превью мен посттағы суреттер Freeimages сайтынан алынды
Әрі қарай

Ақ-қара түсті фото түсіру мен жасаудың 10 құпиясы

Суреттер сөйлейді: Ақ-қара түсті фото түсіру мен жасаудың 10 құпиясы
Марк Подрабинек, белгілі фотограф, тележүргізуші, «Отдел кадров» фотомектебінің негізін қалаушы. Ол өз жұмыстарын мысалға ала отырып, ақ-қара фотосуреттерді қалай түсіруге және жасауға болатынын әңгімелейді.

Сонымен, Марк Подрабинектен 10 құнды кеңес:

1

Ақ-қара түсті фотоның түрлі-түсті фотосуреттен кемшін қалар тұсы жоқ. Ақ-қара фотосуреттің басты артықшылығы, ерте күндерді қаз-қалпында бүгінге жеткізуінде. Негізінде, ақ-қара фотосуреттердің ескілігінен бөлек, тағы бірнеше басымдықтары бар. Кейбір сюжеттерге түрлі-түстіден гөрі, ақ-қара әбден лайық. Мысалы, ақ-қара фотосуреттер ондағы мәніне қарамай-ақ өздігінен көңіл-күйді қалыптастырады.
Суреттер сөйлейді: Ақ-қара түсті фото түсіру мен жасаудың 10 құпиясы

2

Кейде кадрдағы әртүрлі түстердің көптігінен, осынау ала-құлалық барлық мағынаны жұтып қояды. Өйткені, адам назары алдымен жарқын түстерге назар қояды. Ал, фотосуреттің жеткізбек болған ең басты мәні сол ашық, жарқыраған түстердің ығында байқаусыз қалып қоюы мүмкін. Ақ-қара фото – кадрдың мән-мағынасын түсінудің, қалт жібермеудің, мағынасын айқын етудің тәсілі. Мысалы, ұлттық киімдегі «айқайлаған» түстерді ақ-қара түспен елеусіз қалдырып, ұлттық киімдегі адамдардың бет-жүздерін басқа қырынан көресіз, жанарларына үңілесіз.
Суреттер сөйлейді: Ақ-қара түсті фото түсіру мен жасаудың 10 құпиясы

3

Алдыңғы пікірді тарқатып, кері ереже шығаруға болады: ақ-қара фотосурет түсіруді бірінші мақсатыңызға айналдырыңыз. Мұнда, бастысы – түсірім кезінде барлық түстерді алып тастау. Монохромды түрде қарауды және көруді үйреніңіз. Осы дағды сіздің сан алуан түстердің арасында байқалмаған сәтті кадрларды ұстап қалуыңызға мүмкіндік береді.
Суреттер сөйлейді: Ақ-қара түсті фото түсіру мен жасаудың 10 құпиясы

4

Ақ-қара фотосуреттер геометрияны сүйеді. Сынған сызықтар, түзу сызықтар, қиылысатын, не параллель сызықтар. Геометриялық фигуралар жекелей, не бір-бірімен әрекеттестікте әдемі кадрлар сыйлайды. Мұның барлығы да молынан композиция құруға жетеді. Олардың арасынан ең таңдаулысын іздеудің ақыры қызық ойынға айналады. Біріншіден, жақсы кадр ұсталады. Екіншіден, композиция құруға машықтандырады.
Суреттер сөйлейді: Ақ-қара түсті фото түсіру мен жасаудың 10 құпиясы

5

Контраст, түстердің кереғарлығы — ақ-қара фотографияның айнымас кепілі. Түстер ашықтығының үйлесімі, жарықтың айырмасы, міне кадрды осының негізінде құру керек.
Суреттер сөйлейді: Ақ-қара түсті фото түсіру мен жасаудың 10 құпиясы

6

Текстураның жайын ұмытпаңыз. Кәрі және бет-жүзін әжім торлаған адамдар ақ-қара түсті фотода күшті көрінеді. Диафрагманы тұмшалап, түсіре беріңіз.
Суреттер сөйлейді: Ақ-қара түсті фото түсіру мен жасаудың 10 құпиясы

7

Егер жап-жақсы ақ-қара фото алғыңыз келсе, онда фотоаппаратты ешқашан да ақ-қара режимге қойып түсірмеңіз. Фотоаппаратыңыздағы түсті бейнені монохромға айналдыру алгоритмі – тек қарабайыр түссіздендіру ғана. Кадрдағы ауқымды мөлшердегі ақпараттан айырылудың ең тұрпайы жолы — ақ-қара режимге қойып түсіру. Түрлі-түсті режимде түсіріп, одан кейін графикалық редакторлардың бірінде ақ-қара фотоға айналдырыңыз.
Суреттер сөйлейді: Ақ-қара түсті фото түсіру мен жасаудың 10 құпиясы

8

Өңдеу әрекеті түрлі-түсті фотосуретті аман сақтап қалған секілді, ақ-қара кадрды да құтқарып қалады. Контрастты кішкене көтеріп, ақ пен қараның деңгейін елеусіз өзгертіп, кішігірім әрлендірудің нәтижесінде кадрды ойнатуға болады.
Монохромды кадлармен жұмыс істеудің сансыз көп плагиндері мен экшендері бар. Бірақ, ең дұрысы, әрі жағымдысы – өз бетіңізбен жұмыс істеу, фотосуретті өз қолыңызбен өңдеу. Ал, фотографияда іс-әрекеттің иесі өзіңіз бола білудің пайдасы шаш-етектен.
Суреттер сөйлейді: Ақ-қара түсті фото түсіру мен жасаудың 10 құпиясы

9

Ұзақ ұсталымда (длинная выдержка) түсірілген аспандағы бұлттардың, теңіздегі толқындардың, жолдағы автокөліктердің, не көшедегі адамдардың кадрларын ақ-қара түске айналдырғанда ерекше әсерлі шығады. Кейбіреулер мұндай фотографияны «интерьерлік» деп кемсітеді. Алайда, осындай фотосуреттер расымен де жақсы сатылады. Ондай фотосуреттерді кеңселердің, не пәтерлердің қабырғасынан көруге болады. Дизайнерлік шешімдерде пайдаланылады. Өйткені, мұндай фотосуреттер өте әдемі. Мұнымен тайталасу, елеп-ескермеу – ақымақтық.
Суреттер сөйлейді: Ақ-қара түсті фото түсіру мен жасаудың 10 құпиясы

10

Фильтрлерді қолданыңыз. Көбіне фильтрлерден теріс айналып, ескермай жатады.Алайда, барлығын да «фотошопта» жасай беруге болмайды. Фильтрлерді пайдалану керек. Фотография үшін, соның ішінде ақ-қара фото үшін фильтрдің рөлі зор. Мысалы, нейтрал сұр (нейтрально серый) фильтрі жарқыраған жарық кезінде ұзақ ұсталымда түсіруге мүмкіндік жасайды. Поляризацияланған (поляризационный) – аспанды қараңғылап, контрастты арттырады, артық шағылуларды жояды. Ал, инфрақызыл фильтрі болса, сіздің қоршаған орта туралы түсінігіңізді «төңкеріп тастайды», таңғажайып фотосуреттер жасауға көмектеседі.
Суреттер сөйлейді: Ақ-қара түсті фото түсіру мен жасаудың 10 құпиясы

түпнұсқа
Әрі қарай

Алматы көшелеріндегі кәріз люктерінің қақпақтарына қатысты бірер сөз...

«Guerilla» жарнама агенттігі Алматы қаласы көшелеріндегі кәріз люктерінің қақпақтарын қазақ батырларының қалқаны түрінде бейнеледі. Мұндай қалқан — қақпақтар қала көшелеріндегі бірнеше нүктелерге қойылды.
Ал сол кезде...: Алматы көшелеріндегі кәріз люктерінің қақпақтарына қатысты бірер сөз...
Ал сол кезде...: Алматы көшелеріндегі кәріз люктерінің қақпақтарына қатысты бірер сөз...
Серікбол Хасан есімді журналисттің «Айқын» газеті сайтындағы кәріз люктері қақпақтарын батырлардың қалқаны түрінде бейнелеуіне қарсы пікір білдірген «БАТЫРЛАРДЫ» БАСЫП КЕТПЕЙІК» атты мақаласы қоғамның назарын аударды.

Ал сол кезде...: Алматы көшелеріндегі кәріз люктерінің қақпақтарына қатысты бірер сөз...

Айқын сайтында шыққан мақала тек қазақ тіліндегі ғана емес, орыс тіліндегі аудиторияның да арасында пікірталас тудырды.

Сонымен, қала дизайнындағы осы бір әрекетке қатысты менің айтарым:

Біріншіден, бұл стрит-арт. Ал, қақпақты батырлардың қалқаны түрінде көрсету — әдемі шешім. Тәнті болдым. Дизайн-студияға респект.
Жалпы, қала дизайны үшін кәріз люктерінің қақпақтарын қала көшелерінің сәнін келтіретін деталь ретінде пайдалануға ұмтылыс жасау әрекеті қуантады. Шымкентке де келсе ғой.

Екіншіден, люк қақпақтарына символдарды бейнелеу — әлемдік қолданыста бар тәжірибе. Төмендегі суретте түрлі қалалардағы кәріз люктерінің әсем қақпақтары жинақталған.
Ал сол кезде...: Алматы көшелеріндегі кәріз люктерінің қақпақтарына қатысты бірер сөз...

Үшіншіден, кәріз люктерінің қақпақтарына тұлғаларды бейнелеу аясында осыған ұқсас "қарсылық" өткен жылы Ресейде болды.
Сынап-мінеу әрекеті Артемий Лебедев студиясының Мәскеу қаласы көшелеріндегі кәріз люктерінің қақпақтарын безендіру жобасына бағытталды. Лебедев студиясы Мәскеу көшелеріндегі кәріз люктерінің қақпақтарына Гиоргий Победоносецті бейнелеген.
Ал сол кезде...: Алматы көшелеріндегі кәріз люктерінің қақпақтарына қатысты бірер сөз...
Ал сол кезде...: Алматы көшелеріндегі кәріз люктерінің қақпақтарына қатысты бірер сөз...
Ал сол кезде...: Алматы көшелеріндегі кәріз люктерінің қақпақтарына қатысты бірер сөз...

Лебедев студиясының «Мәскеу қаласындағы кәріз люктері қақпақтарын безендіру» жобасының жұмысын студияныңсайтынан толық көруге болады.

Гиоргий Победоносец бейнеленген алғашқы екі қақпақ 2014 жылдың қазан айында Мәскеудегі Забелина көшесіне орнатылды. Православ белсенділері мұндай безендіруге қарсылық танытты.
«Гиоргий Победоносецті қорлады» деген тақырып ығымен мақалалар жарияланды. Сондай бірнеше мақалаға сілтеме:

1. ЗАЯВЛЕНИЕ: против кощунства в отношении Святого Великомученика Георгия Победоносца

2. Москвичи будут топтать Георгия Победоносца

Ал, сіз қалай ойлайсыз, оқырман?
Алматы көшелеріндегі кәріз люктері қақпақтарын қазақ батырларының қалқаны түрінде бейнелеу жобасы қазақ батырларын қорлау ма, әлде қала көркін ашатын, сәніне сән қосатын бірегей идея ма?

Айтпақшы, бұл пост мұның алдын фейсбук әлеу.желісіндегі парақшамда жазылды. Ондағы жазылған пікірлерді постқа өтіп, өз айтарыңызды сонда қалдырсаңыз болады
Әрі қарай

Іле-Балқаш деградациясы

Ал сол кезде...: Іле-Балқаш деградациясы
Арал теңізінің апатынын кейін посткеңестік елдер аумағындағы ең ірі ішкі су айдыны — (Каспий теңізін есептемегенде) Қазақстандағы Балқаш көлі болып қалды. Бірақ, экологтардың болжамы бойынша, бұл көлдің де демі үзілуге таяу. Арал теңізінің тартылуы 40 жылға созылса, Балқаш көлі нәбәрі 5-6 жылдың ішінде жекелеген тоған-суларға айналуы мүмкін. Бұған да себеп біреу – көлге келіп құятын өзен суларының бақылаусыз жұмсалуы.

Ащы-тұщысы аралас 600 шақырым

Жер бетіндегі көл біткеннің арасында 15-орынға ие Балқаш көлінің ауданы 16 мың шаршы шақырым. Шығыстан батысқа 600 шақырымға созылып жатқан көлдің бірегейлігі сол, көлдің батыс бөлігінің суы – тұщы, ал шығыс бөлігінің суы – ащы. Шын мәнісінде, Балқаш көлі екі су айдынынан тұрады. Екі су айдыны бір-бірімен енсіз, тереңдігі 5-6 метрлік Ұзынарал бұғазы арқылы қосылады. Көлдің шығыс бөлігімен салыстырғанда таяз әрі кішірек батыс бөлігіне Іле өзені келіп құяды. Балқашқа құятын судың 75 пайызы осы Іле өзеніне тиесілі. Тұщы су ащы судан жеңіл, сондықтан көлдің бетіне жақын жайлайды. Осылайша шығыс бөлігіне тұщы су ағып өтіп, буланады. Ал, тұзды су бұғаз тереңдігінің деңгейінен төменде орналасқандықтан батыс бөлігіне өте алмайды.
Іле-Балқаш алабында Қазақстан халқының 3 миллионнан астамы, яғни бестен бір бөлігі қоныстанған. Мұнда республиканың ең ірі қаласы – Алматы орналасқан. Аймақта Қазақстан өндірістің қуатының 20 пайызы шоғырланған. Ал, Қазақстанның оңтүстік-шығысындағы барлық энергожүйелерінің жұмысы осы Іле өзеніндегі су қорының молдығына тікелей тәуелді.

Балқаштың мәселесі өткен ғасырда Іле өзені бойынан Қапшағай су қоймасының құрылысы аяқталғаннан кейін, 70-жылдарда басталған. Кеңестік биліктің ойға алған жоспары бойынша, су қоймасының салынуы 400 мың гектар жаңа жерді ауылшаруашылығына пайдалануға енгізуге мүмкіндік беруі керек болатын. Бірақ, алып бөгеттің салынуы мен су қоймасын суға толтырудың салдары бір мезетте өзендегі су деңгейінің төмендеуіне және ондағы су тұздылығының артуына алып келді. Іле өзенінің көптеген салалары тақыршақ сортаңдарға айналды. Көлдегі балық саны күрт азайды.

Ал сол кезде...: Іле-Балқаш деградациясыБалқаш қаласы мен көлінің көрінісі, 1979 жыл. Фото: ТАСС

Қазір көлдің су деңгейі соңғы жылдар бойына үздіксіз төмендеу себебінен 341 метр. Су деңгейінің бұдан ары төмендеуі, яғни теңіз деңгейінен 337 метрге төмен түсуі, Ұзынарал бұғазының кебуіне әкеледі. Бұл дегеніңіз, шығыс Балқаштың бірте-бірте жойылуын білдіреді. Осылайша, шығыс Балқаш та Аралқұм секілді құлазыған тұзды шөлге айналады. Нәтижесінде, экологтардың болжамына сенсек, Қазақстанның оңтүстік-шығысындағы барлық өзен-суы жүйелері бұзылады. Шаңды дауылдар Алатаудың тау бөктерінің жоғарғы тұсына дейін жетіп, мұздақтар еріп бастайды. Алматыны сел басады.

Қытайға керегі....

Егер, бар мәселе Қапшағай су қоймасына ғана тіреліп тұрған болса, онда Қазақстан билігі бір шешімін тауып, көлді сақтап қалар ма еді?! Бірақ, өкінішке қарай, бұл Қазақстан билігінің ырқына көндігетін шаруа емес. Өйткені, Іле өзені суының негізгі бөлігі көршілес қытайлықтардың кесірінен Балқаш көліне жетпейді. Іле өзенінің қайнарлары Тянь-Шань тауларының Қытай Халық Республикасы аумағындағы бөлігінен бастау алады. Іленің жалпы ұзындығының 40 пайызы, яғни 600 шақырымға жуығы ҚХР-аумағында. Сондай-ақ, өзен суының 80 пайызы сол жақтан келеді.

Бейжің билігі 2000 жылы Батыс Қытай – Синьцзяньды жаппай игеру стратегиялық жобасын бекітті. 2000-2002 жылдар аралығында аймақтың экономикалық өсім деңгейі 8 пайыз төңірегінде болса, 2006-2009 жылдары бұл көрсеткіш 12 пайызға жетті. Синьцзяньның халық саны 2000 жылдан 2010 жылға қарай төрт миллион адамға ұлғайды. Адам санының осылайша күрт өсуі, негізінен, қытайларды елдің басқа аймақтарынан осында көшіру есебінен жүзеге асты.

Қуаң даланың өндіріс қуаттылығын, ауылшаруашылық жерлері мен саны күрт артқан халқын сумен қамтамасыз ету үшін Қытай билігі Іле өзені алабында ондаған жобаларды жүзеге асыруды жалғастырып жатыр. Мұндай жобалардың қатарында гидротехникалық станциялар да бар. Бұған қоса, 2015 жылы осы аймақтағы суармалы жерлердің ауданын 600 мың гектарға жеткізу жоспарланған. 2012 жылғы деректер бойынша, Қытай үкіметі Іле өзені бойынан 13 су қоймасын салып, 59 гидроэнергетикалық қондырғы орнатқан. Осылайша, Қазақстанға жылына ағып келетін өзен суының 15 мың текше метрін алып қойып отыр. Қазір Қытай Халық Республикасы Іле өзенінен Тарым шөлді ойпатының батыс бөлігіне баратын су арнасының (канал) құрылысын жүргізіп жатыр. Тарым ойпатын Қазақстанда «түбі жоқ қалта, Орталық Азияның сужұтар құбыжығы» деп те атайды. Сөйте тұра Қытай билігі көп жағдайда суды игеруге қатысты өз жоспарлары жөнінде көршілерімен санасуды білмейді.

Сарапшылардың бағалауынша, қытайлық жобалардың барлығының жүзеге асырылуы 2050 жылға қарай Іленің Қазақстанға келетін су қорын 40 пайызға төмендетіп, Балқашты апатты жағдайға алып соғады. Жылдан жылға Қытайдың өндіріс орындарынан Ілеге тасталатын қалдықтардың мөлшері ұлғайып, онымен ластанған өзен суының сапасын да әсте ұмытуға болмайды. Ілеге қалдық тастайтын Қытайдағы өндіріс орындарының денін мұнайөндіруші және мұнайөңдеуші кәсіпорындар құрайды.

Қазақ ондатрасын құтқару

2001 жылы Қазақстан мен Қытай: трансшекаралық өзендерді рациональды қолдану бойынша екіжақты келісімге қол қойды. Алайда, ол құжат бүгінде ескіріп, трансшекаралық өзендерді қолдану тәртібінің халықаралық нормаларына сай келмейді. 2007 жылы Астана тарапы Бейжіңге Қазақстаннан ҚХР-ға азық-түлікті жеңілдікпен жеткізу бойынша онжылдық келісім-шарт жасауды, қайтарымына трансшекаралық Іле мен Ертіс өзендерінің су қорын молайтуды ұсынды. Бірақ, қытайлықтар бұл ұсыныстан бас тартты.

Тоқетері, Балқаш көлі мен оның басты қоректендіруші күретамырларының нашарлауы бүгінде дамылсыз жүріп жатыр. Іле алқабындаҚапшағай су қоймасын салынғаннан кейін ондатра кәсібі толығымен тоқтады. Бұл аңды өткен ғасырдың 40-жылдарында Канададан осында әкеліп, жерсіндірген еді. Жылына 1 миллионға дейін ондатра терісі алынатын. КСРО құлағанға дейін ел аумағында ауланатын сазан балығының тең жартысын беріп отырған Балқаштағы балық аулау кәсібі де күрт қысқарды.

Ал сол кезде...: Іле-Балқаш деградациясыБалқаш көлі жағалауындағы зауыттар. Фото: flickr.com

Түрлі бағалауларға қарағанда, Іле-Балқаш алабының ластануынан, шөлге айналуы мен өзен сағаларының сорлануынан 1941 жылдан 2001 жылға дейін Балқашта ауланатын балық көлемі 80 пайызға қысқарған. Өткен ғасырдың ортасында Балқаштан ауланатын балық мөлшері кейбір жылдары жылына 17 тоннаға дейін жетіп, КСРО аумағындағы басқа көлдерден ауланатын балық көрсеткішінен асып кеткен. Байқал көлінен ауланатын балық мөлшерінен екі есе артық болған.

Қытаймен келісімге келу және Қапшағай су қоймасы мәселесін шешу мүмкін болмай отыр. Қазақстан билігі Солтүстік Аралды құтқаруда тәжірибе жинап, әккі болып алғаннан кейін де Балқашты сақтап қалудың басқа да тәсілдерін іздестіріп жатыр. 2014 жылдың қараша айының басында жаңа дренажды каналдың құрылысы аяқталды. Бұл дренажды канал арқылы Қаратал өзенінің суы Балқашқа құяды. Балқаш көліне құйылатын судың 20 пайызға жуығы осы өзеннен беріледі. Бұрындары Қаратал өзені арнасының жырылуынан ондағы су құмға сіңіп, батпақта қалып қоятын.

Әйткенмен, бұл күш-жігердің барлығы да әзірге тек жергілікті сипатқа ғана ие. Халықаралық қауымдастық араласып, Қытайдың суға деген тәбетіне қандай да бір жолдармен ықпал етпесе, онда таяп қалған дүлей апаттың алдын-алу туралы сөз қозғаудың өзі қиын.

slon.ru сайтындағы мақаладан қазақ тіліне аударған

Жәнібек Нұрыш

Әрі қарай

Үлкен Аралдың шығыс бөлігі неліктен кеуіп қалды?

Ал сол кезде...: Үлкен Аралдың шығыс бөлігі неліктен кеуіп қалды?
Уақытысында аумағы жөнінен Жердегі ішкі сулар қатарында төртінші орында болған Арал теңізі үшін 2014 жылдың жазы тағы бір кері кеткен маусым ретінде тарихта жазылды. NASA-ның жер серіктерінен түсірілген фотосуреттерге қарағанда Оңтүстік Аралдың шығыс жартысы алғаш рет толықтай дерлік кеуіп қалды. Фотосуреттер Earth Observatory сайтында жарияланды.

Кіші Арал және Үлкен Арал; 19-маусым, 2014 жыл
Ал сол кезде...: Үлкен Аралдың шығыс бөлігі неліктен кеуіп қалды?

Кіші Арал және Үлкен Арал; 25-маусым, 2000 жыл
Ал сол кезде...: Үлкен Аралдың шығыс бөлігі неліктен кеуіп қалды?
Батыс Мичиган университетінің география профессоры Филип Миклиннің айтуынша, бұл жағдай соңғы 600 жылда, яғни, Әмудария өзені өзінің арнасын кілт өзгертіп, Каспий теңізіне құюын доғарғаннан кейін бірінші рет болып отыр (Арал теңізінің тартылуы циклді сипатқа ие). Алайда, бүгінде Әмударияның арнасы қаз-қалпында. Арал теңізіне жалғанып жатыр. Бірақ, өзен суы ұзақ жылдардан бері Арал теңізіне жетпейді.

Бес жыл бұрын Оңтүстік аралдың шығыс бөлігі толықтай жойылған еді. Әйткенмен, мол жауын-шашынның есебінен ондағы су деңгейі күрт көтерілді. Миклиннің ойынша, шығыс бөлігінің толықтай дерлік құрғап қалуына Арал теңізі алабында жауын-шашынның аз түсуі себеп. Сонау Памир тауларында қар аз түсіп, еріген қар суларының аздығынан онсыз да Аралға тамшыдай болып жететін өзендегі су қоры анағұрлым төмендеген. Одан бөлек, Орта Азия елдерінің өзен суын ауылшаруашылығы қажеттеліктері үшін тынымсыз пайдалануы аз су мөлшерін тіпті тауысты. Ал, Арал теңізінің құрып бітуі адами факторлардың салдарынан басталғаны әуелден белгілі.

Біреу еді, үшеу болды

Теңіздің тартылуы XX ғасырдың орта тұсында басталды. Дегенмен, Аралдың «жоқ» болатыны жөнінде қауіп сөздері одан бұрын, 30-жылдары айтыла бастаған-ды. Сол кезде КСРО аумағында Орта Азия жерлерін мелиорациялау жөнінде ғаламат бағдарлама қолға алынды. Әмудария мен Сырдария өзендері бойынан суландыру жүйесінің құрылыстары басталды. Бір ғана Қарақұм су арнасының ұзындығы 1445 шақырымға созылып,Әмудария суының 45 пайызын өзіне алып қойды. Кеңестік инженер-мелиораторлардың суды шығындамай сақтап қалу үшін қолдан қазылған су арналарын бетондауға бастары жетпегені таң қалдырады.

Арал, шіркін, 60-жылдарға дейін өзінің тірі қалуы үшін күресіп-ақ бақты. Ондағы су деңгейі бұрнағы қалпын сақтады. Ауданы 68 мың шаршы шақырымға, ұзындығы 426 шақырымға, ені 284 шақырымға жетсе, ең терең жері 69 метр болды. Жылына 40 тонна балық ауланып, теңіздің қазақстандық бөлігінде — бес балық зауыты, балық консервілеу комбинаты, 45 балық қабылдау бекеті; өзбекстандық бөлігінде — бес балық зауыты, балық консервілеу зауыты мен 20-дан астам балық қабылдау бекеті жұмыс істеді.

Бірақ, 60-жылдардан бастап теңіз деңгейі 0,7 метрге қайтымсыз түрде төмендеді. Аралға келіп құятын өзен суларының мөлшері — 4,5 есе, теңіздегі су айдынының ауданы – 8 есе, су көлемі – 13 есе азайды. Тұздану деңгейі 13-25 есе өсіп, Әлемдік мұхиттың минерализациялану бойынша орта деңгейінен 7-11 есе артып кетті. 1989 жылы Арал теңізі бір-бірінен оқшауланған Солтүстік (Кіші) Арал және Оңтүстік (Үлкен) Арал деп екіге бөлінді. 2003 жылы Оңтүстік Аралдың өзі тағы екіге: шығыс және батыс бөлікке айырылды (Шығыс Арал және Батыс Арал).

Оңтүстік Аралдағы судың тұздылық деңгейі артқаны соншалық, ондағы балық біткен қырылып қалды. Судағы тіршілік тоқтап, «Артемия салина» шаяндары ғана бұл тұзды суларды мекендеді. Теңіз табаны жаңа бір шөл дала – Аралқұмға айналды. Егістікке пайдаланылған тыңайтқыштар құрамындағы пестицидтер мен тағы да басқа улы заттар Әмударияға қайта қосылып, өзен суымен бірге Арал теңізіне құйылып келгендіктен, ешқайда кетпей, теңіз түбінде шөгіп қалған-ды. Сол улы заттар теңіз тартылғанда, шаң-тозаңмен бірге ауаға көтеріліп, Арал маңын, Қарақалпақстан мен Қазақстанға жататын аумақтарды экологиялық апат аймағына айналдырып жіберді. Жергілікті жұрт тыныс жолдарының созылмалы аураларына, анемия, қылтамақ, бауыр-бүйрек және көз аураларына шалдықты.
Ал сол кезде...: Үлкен Аралдың шығыс бөлігі неліктен кеуіп қалды?

Қазақы Арал

Сырдария өзені келіп құятын Солтүстік Аралдың жағдайы Оңтүстік көршісімен салыстырғанда анағұрлым жақсы. Қазақстан билігі қалып қойған теңізді қалпына келтіруге шындап кірісті. 2005 жылы ұзындығы 14 шақырымдық Көкарал бөгеті салынғаннан кейін Кіші Арал суының Үлкен Аралға жылыстауы тоқтатылды. Осылайша, Солтүстік Аралда тіршілік жанданды. 2010 жылы Солтүстік Аралдағы су деңгейі мұхит деңгейінен 42 метрге көтерілді. Бұл дегеніңіз, Оңтүстік Аралдағы су деңгейінен 14 метрге жоғары, өткен ғасырдың 70-жылдарындағы су деңгейінен 11 метрге төмен. Су айдынының ауданы үш мың шаршы шақырымнан асады. Орташа тереңдігі — 8 метр.

Қазір Солтүстік Аралда жылына 6 тоннаға дейін балық ауланады. Мұндағы суларда сазан, көксерке, ақ амур, лақа, табан, торта, камбала балықтары бар. Таяу жылдарда су деңгейі Арал қаласына жақындауы мүмкін деп күтіліп отыр. 2012 жылы Дүниежүзілік жабайы табиғат қоры Кіші Арал теңізі мен Сырдарияның сағасын әлемдік маңызы бар сулы-батпақты жер-сулардың тізіміне қосты. Осы тізімге енген жер-сулар Рамсар конвенциясымен қорғалады.

Теңіздің оңтүстік бөлігі болса, өзінің ақырғы күндерін кешіп жатқанға ұқсайды. Осыдан бес жыл бұрын ресейлік ғалымдар ондағы су деңгейінің жылына бір метрге тартылатынын, ақырында «жер асты және қалдық өзен суларымен қоректенетін ащылы-тұщылы су айдынына» айналады деп болжам жасаған. NASA-ның фотосуреттеріне қарағанда, Үлкен Аралдың шығыс бөлігі бұл стадияны өткерді. Ендігі кезек, батыс бөлігінде. Әмударияның суы бұл бөлікке жетпейді. Су айдыны жер асты су көздерінің есебінен «бар» болып отыр. Түрлі бағалауларға сенсек, жер асты су көздерінен жылына екі текше шақырым су беріледі.
Сөйте тұра, Аралдың суын «тартып алып қойған» Тәжікстан, Өзбекстан мен Түркіменстан мемлекеттері суармалы жерлерінің жартысын қысқартып, Әмударияның айдынын толтыруға ешбір құлық танытар емес. Керісінше, халқын асырау үшін суармалы жер көлемін үздіксіз арттырып келеді. Экспортқа шығарылатын ылғалсүйгіш мақта өсімдігі де осы Әмударияның есебінен суғарылады. Аралдың ажалына кезінде осы мақта өсіру шаруашылығы тікелей себеп болған-ды.

Ғалымдар теңіз деңгейін толықтай бастапқы қалпына келтіру үшін Әмудария және Сырдариядан жылына құйылатын су мөлшерін төрт есе арттыру керектігін есептеп шығарды. Бүгінде, бұл қос өзеннен жылына 13 текше шақырым су құйылады. Арал теңізінің тартылуына үлкен зардап шеккен Өзбекстан үкіметінің ұйытқысымен ұйымдастырылатын конференциялардан келіп жатырған пайда аз. Бұған қоса, Аралқұм аумағында көмірсутектердің ірі қоры ашылған. Кейбір есептеулерге сәйкес Аралқұмдағы көмірсутек қоры Орта Азиядағы барлық мұнай қорының 31 пайызын, газ қорының 40 пайызын құрайды. Мұнда қазір ресейлік «Лукойл» компаниясы белсенді жұмыс істеп жатыр. Сондықтан да теңізді тірілту мәселесі көзделген пайданың ығында қалып, әзірге екінші орынға ысырылған сияқты.

Теңізді толтыру үшін ойластырылған қияли бір нұсқа бар. Ол — Памир тауларының тәжік жеріндегі аумағында орналасқан Сарез көлінің суы есебінен теңізді толтыру. Сарез көлінің су деңгейін 70-100 метрге төмендету арқылы Арал теңізінің айдынын 6-8 миллиард текше метр сумен толтыруға болатыны есептелген. Бірақ, Аралды қалпына келтіруге қатысты қандай әрекет болмасын, осыған мүдделі мемлекеттердің күші біріктірілу керек. Ал, бұған мүдделі мемлекеттер арасындағы қарым-қатынас әзірге жақсартуды қажет етеді. Арал теңізінің келешегі де осы жақсартуларға байлаулы.

Арал теңізі туралы әр кез түсірілген видеолар:

1958 жыл. Рыбаки Арала, Өзбекфильм


1963 жыл. Аральское море (Қазақфильм)


2014 жыл. Видео про Аральское море


slon.ru сайтындағы мақаладан қазақ тіліне аударған

Жәнібек Нұрыш

Әрі қарай

Интернеттің орыс тіліндегі сегментінде есімдері жиі аталған тұлғалардың рейтингі шықты

Оcылай екен...: Интернеттің орыс тіліндегі сегментінде есімдері жиі аталған тұлғалардың рейтингі шықты
Brand Analytics сараптама орталығы 2014 жылдың желтоқсан айында Интернеттің орыс тіліндегі сегментінде есімдері аталған тұлғалардың рейтингісін жариялады. Зерттеу қорытындысы Brand Analytics сараптама орталығының ресми сайтында 2015 жылдың 16-қаңтары күні жарияланды.
Жалпы Brand Analytics сараптама орталығы мұндай рейтингті жасауды қыркүйек айында бастады. Қыркүйек, қазан, қараша және желтоқсан айлары бойынша төрт рейтинг түзілді.
Әр айда екі рейтинг, яғни әлеуметтік медиа мен БАҚ-тағы посттарда медиатұлғалардың есімдерінің аталуы саны есепке алынған.
Төрт айдың рейтингінде де Нұрсұлтан Назарбаев бар.
Елбасының есімі 2014 жылдың қыркүйек айындағы әлеуметтік медиа бойынша рейтингінде үздік жүздікке кірмеген. БАҚ бойынша 40-орынға тұрақтап, 7 845 рет аталған.
Қазан айындағы әлеуметтік медиа бойынша рейтингте үздік қырыққа енбеген. Бірақ, БАҚ бойынша үш орынға жоғарылап, 37-орынға тұрақтаған. 5961 рет аталған.
Қараша айындағы әлеуметтік медиа бойынша рейтингте үздік қырыққа енбеген. Ал, БАҚ бойынша тағы екі орынға жоғарылап, 35-орынға шыққан. 7941 рет аталған.
Ал, 2014 жылдың желтоқсан айында Қазақстан Республикасы Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың есімі орыс тіліндегі интернет сегментінде аталу көрсеткіші күрт өскен.
Желтоқсан айындағы әлеуметтік медиа рейтингінде үздік отыздыққа еніп, 27-орында болған. 146 444 рет аталған.
БАҚ бойынша рейтингте 23 орынға көтеріліп, 12-орынға шыққан. 14 287 рет аталған.

Төрт айдағы қос рейтингтте де бірінші және екінші орындарды сәйкесінше Владимир Путин мен Петр Порошенко иемденді. Үшінші орынға қазан айындағы әлеуметтік медиа рейтингінде Виктор Янукович болса, ал сол айдағы БАҚ рейтингінде Арсений Яценюк үштікті қорытындылады. Қалған үш айдағы қос рейтинтерді Барак Обама ешкімге бермеген.
Ал, басқа тағы кімдердің рейтинг соңында қалып, кімнің тізімге ілініп, кімнің тізімнен шығып қалғанын, төмендегі сәйкес сілтемелерден көруге болады:
Желтоқсан; Қараша; Қазан; Қыркүйек;

Айтпақшы, әлеуметтік медиа мен БАҚ-тағы рейтинг көрсеткіштерінің әркелкі болуы назар аудартады. Әлеуметтік медиа бойынша рейтингке енген есімдердің БАҚ рейтингіне енбей қалуы, немесе керісінше кездеседі. Қазан айындағы қос рейтингтен басқа үш айдағы қос рейтингтердің де 1-, 2-, 3-орындарын тұрақты түрде үш есім иемденген. Жалпы қазан айындағы қос рейтингте де орын жоғалтулар мен орын иемденулер қарқынды жүріпті.
Бұған қоса желтоқсан айынан өзге үш айдағы қос рейтингте де Иосиф Сталин бар. Тек бар болып ғана қоймай, 20-орыннан төмен түспеген. Тіпті, қараша айында ондыққа көтерілген. Бірақ, желтоқсанда отыздықтан шет қалған.
Әрі қарай

Нетіп-нетіп....

Осы бір «нетіп» сөзі — қызық-қызық сөз ғо, өзі. Біреудің айтуында естілсе күлкілі шығады. Өзің айтқанда, айтпақ ойың өзіңе түсінікті болған соң ба, күлкі тудыра қоятыны өзіңе аса бір байқала бермейді. Опшым, «нетіп» сөзіне фейстегі бір посттан төмендегі мысалдарды көріп қалып, осында жариялап отырмын. Пост иелерінен Керекинфода жариялауға ұлықсат сұрамадым. Сол үшін аздап ыңғайсызданып отырған жайым бар.
Десе де, оқып, өз өткелектеріңде осындай мысалдар болса, бөлісе отырыңдар. Мәселе сол, сөздік қордың аздығынан, не ауыздан шыққан әрбір сөзге немқұрайлы қараудан, сөйлем құрауға деген жалқаулықтан бола қалатын жағдайлар ғо.
Сонымен:

************
Әдетте екі сөзінің бірі «нетіп», «неғылып» немесе «жаңағы» болып келетін сөзге шорқақ адамдар бар ғой. Ертеректе «нетіп» сөзін жиі қолданатын ағамыз бір ұжымды басқарған екен. Қол астындағылардың көбі әйелдер болса керек. Сол кісі бір алқалы жиында былай деген екен:
— Біздің басқармада әйел жолдастар көп. Соларды нетуден әбден шаршадым. Бірін неғылсаң, келесі бірі келеді де тұрады. Оны неғылсаң тағы бірі ұстасады. Сосын, жағалай бәрін неғылуға тура келеді. Шетінен өздері не тағы да. Тіпті қиын. Күні кеше ғана бір жас келіншекті кабинетке шақырып нетіп-нетіп алып едім, жылап жіберді — дегенде жұрт қыран-топан күлкіге қарқ болса керек. Ал, әлгі ағамыз аң-таң болып аңырып тұр дейді.
*****
Келін түсірмексіз бе? — Жоқ, Нұрдықан бұл жолы өзім барып нетіп келемін дейді, мен соңыра барып нетем… дейді, Жадай шал…
******
Бір әйел базарда құрбысына қамыр жаюды қыймылмен үйретіп: білегін сыбанып, жұдырығын түйіп, сөрені нұқып- нұқып, міне былай-былай нетесің деп үйретіп жатқан қой. Сөйтсе, құлағы қағыс еститін бір аптыға келіп: «солай нететін қай жігіт, көрсетші?», деп жалыныпты…
******
Бірде Шот-Аман Уəлихановтан сұхбат алуға бардық. Жарық қоюшы Мейрам түйеден түскендей сөйлейтін. Уəлихановты жарыққа қарай ыңғайлап отырғызайын деп: «былай, сізді неғып, нетіп жіберейік» дегенінде ана кісі саспастан: «неғылғаның жарайды, неткенің біртүрлі екен» деп еді

© Қуандық Шамахайдың фейстегі постынан және оған жазылған пікірлерден алынды
Әрі қарай

Бобби Сэндс: "Мені Құдай жазалайды ма?"

Арнайы «Үздік кино сыншысы» байқауы үшін

Блог - zholantai: Бобби Сэндс: Мені Құдай жазалайды ма?

Ұлыбританиялық режиссер Стив МакКуиннің «Ашығу» («Hunger», «Голод») драмасы Солтүстік Ирландия тарихындағы елеулі оқиға ИРА-лықтардың ағылшын үстемдігіне қарсы күресіне арналған. Тарихи драманың өзегіне 1981 жылғы Мэйз түрмесіндегі жаппай аштық жариялау оқиғасы алынған. Бас кейіпкер – Бобби Сэндс (Майкл Фассбендер). Өмірде болған адам.
«Саяси кісі өлтіру, саяси жарылыс жасау, саяси зорлық-зомбылық деген ұғымдар болмайды. Кісі өлтіру, жарылыс жасау және зорлық-зомбылық деген ұғымдар қылмыс болып саналады. Біз бұл жерде ешқандай да мәмілеге бармаймыз. Саяси мәртебе бермейміз» деген Тэтчердің мәлімдемесімен басталатын «Ашығуды» шартты түрде төрт жікке бөлуге болады.
Біріншісі, күрескер Дэйви Гилленнің Мэйз түрмесіне келіп түсуі және Дэйвидің көзімен түрмедегі жағдайға оқырманның көзін үйрету. Екіншісі, Бобби Сэндспен танысу. Үшіншісі, Бобби Сэндс пен әулие әкей Моранның арасындағы сұхбат. Төртіншісі, Бобби Сэндстың ашығуы.
Фильмде «Ирландияның Республикалық армиясы» ұлт-азаттық ұйымының Мэйз түрмесінде жазасын өтеп жатқан мүшелерінің өздеріне саяси тұтқын мәртебесін алу жолындағы күресі баяндалады. Олар алғашында наразылық ретінде жуынудан, түрме киімін киіп жүруден бас тартады. Өздері жатқан камераларының ішін былғап, нәжістерін қабырғаға жағады. Алайда бұл тәсіл де еш нәтиже бермейді. Тұтқындарды күштеп жуындырады, шаштарын қырқып, сақал-мұрттарын күзеп тастайды. Көкала қойдай етіп сабайды. Ақырында тұтқындардың қозғаушы күші Бобби Сэндс аштық жариялауға шешім қабылдайды.
Блог - zholantai: Бобби Сэндс: Мені Құдай жазалайды ма?
«Ашығудың» сценарийін Стив МакКуин мен Энда Уолш жазған. Мұнда Энда Уолштың аса бір тер төге қойғаны байқалмайды. Мейз түрмесінің 1981 жылғы жағдайы мен сол уақыттағы саяси ахуалды екшелеп, тарих маманы ретінде көмек бергені болмаса, сценарий жазуда Стивтің көлеңкесінде қалғаны анық.
Сценарий желісінен МакКуиннің кейінгі фильмдерінде байқатқан қолтаңбасы айқын көрінеді. МакКуинде сценарийді оқиғаға емес, көркем кадрге бейімдеу бар. Үлкен киноға қысқаметражды фильмдер түсіру арқылы келген режиссер ғой. Режиссерлікке дейін суретші болғаны бар. Стив МакКуин сценарий жазуда оқиғалардың байланысуын емес, түсіретін кадрларын уайымдайды.
Блог - zholantai: Бобби Сэндс: Мені Құдай жазалайды ма?
Өзі жазған сценарийін өзі фильмге айналдырған Стив МакКуиннің режиссурасынан тек өте әдемі кадрларды ғана көруге болады. Қозғалмайтын, өте баяу алмасатын кадрлардың жетегіне ілескенде режиссердің бұрнағы өмірінде кескіндеме өнерімен қатысы бар болғаны анық білінеді.
Стив МакКуин үшін кадр маңызды. Диалогты екіншіге, оқиғаны үшіншіге ысырып тастайтын режиссер. Кадрдегі сұлулықты алға қояды. Сонысымен, ерекше. Әрбір кадр көз тойдырады. Стив МакКуинге «Ашығуды» түсіруде толықтай еркіндік берілген. Тұтас бір тарихтың тігісін сөкпей, қаз-қалпында жеткізген. Тарихқа адалдық танытқан режиссер.
Блог - zholantai: Бобби Сэндс: Мені Құдай жазалайды ма?
Майкл Фассбендерді актер еткен – Стив МакКуин. Қай-қай фильміне болмасын Фассбендерді сүйрелеп жүреді. Осы бір жақсы немістің шығармашылығын өз шығармашылығымен үндестіре білгенінен болар, «Ашығуда» да Майкл Фассбендерге бас кейіпкер Бобби Сэндстың рөлін береді.
Бобби Сэндс сынды кесек тұлғаны сомдау үшін 12 келіге арықтаған Фассбендердің талабы зор. Азаттықты аңсаған, Ирландияның біртұтастығын арман еткен Бобби Сэндстың адуын тұлғасы бастапқыда толығымен ашылмайды. Әулие әкей Доминик Моранмен болған сұхбатында да құрған сұрақ қоюдан аспайды. Фильмді көрмес бұрын ИРА-мен, Бобби Сэндстың кім екендігімен танысып алған көрермен – фильмдегі Бобби Сэндстан тарихта қалған Бобби Сэндсты көре алмайды. Майкл Фассбендерге адуындық жетіспейді. Дегенмен, ашығудан бұратылған адамның кейпін айнытпай жеткізеді.

Блог - zholantai: Бобби Сэндс: Мені Құдай жазалайды ма?
Қосалқы актерлерден Дэйви Геллинді сомдаған Брайан Миллиганның ойынын ерек атап өтуге болады. Көзіне үрей мен қайсарлық қатар ұялаған кейіпкердің кейпін айнытпай салған Дэйвидің жанары түрмедегі ахуалды айнытпай жеткізеді.

Блог - zholantai: Бобби Сэндс: Мені Құдай жазалайды ма?
Фильмның ортасына дейін ілесіп келетін тағы бір кейіпкер бар. Ол — тұтқындарды ұра-ұра саусақ терісі ыдыраған түрме офицері. Қарама-қайшылыққа толы кейіпкер.

Блог - zholantai: Бобби Сэндс: Мені Құдай жазалайды ма?
«Ашығудың»» басты мақтанышы – операторлық жұмыс. Фильмнің қоюшы-операторы — Шон Боббит.
Оператордың шеберлігі — Дэйви камераға алғаш келіп түскенде-ақ байқалады. Жаңа келген тұтқынның денесі суық пен үрейден дірілдей бастайды. Сонда қабырғаға айнала көз жүгірткендегі камераның дірілі — камера ішіндегі ауанды нақпа-нақ жеткізеді. Тіпті қабырғаға жағылған нәжіс пен құсықтың иісі мұрынға келгендей болады.
Бобби Сэндстың аштық жариялауы басталысымен оператор да өз күшіне мінеді. Мұндағы әрбір кадрде әсер ету бар. Бобби Сэндстың ашығудан әлсіреп, ажалмен арпалысқан сәтін екі, не үш қайтара айналдырып көру – артықтық етпейді. Әзірейіл кезекті құрбанның жанын алуға келгенде өз «жемтігін» осылай торуылдайды ма екен деген ой келеді. Құйқа шымырлап, дене байғұс тіршіліктің тұтқасына жармаса түскендей болады, камераның оңды-солды, жоғары-төмен жылжуынан тіршілік пен түнектің бір-бірімен арпалысы, арбасуы сезіледі.
«Аштықтан көзі қарауытып, айналасындағы заттарды ажыратудан қалды» деген сөздің бейнеленген түрін де осы кинодан табылады. Тіріліктің соңғы демі үздік-үздік шығып, демнің оттай лебі ауаға араласқанын сезінудің қияметі кадрде тым шебер көрсетіледі.

«Ашығудың» композиторы — Лео Абрахамс пен Дэвид Холмс. Екіншісі небір азулы фильмдерді әуенмен әрлеген композитор. Десе де, «Ашығуда» әуен аз. Фильмнің басым бөлігі табиға дыбыстармен көмкерілген. Мұндағы дыбыс операторы Паул Дэвистің еңбегін атап өту керек-ақ. Қозғалуға шамасы жоқ дененің әлсіз тынысы «Ашығуда» естіледі.
«Ашығу» — Стив МакКуиннің дебюті. Өте сәтті дебюті.
«Ашығу» — империялық билікке қарсы шыққан азғана топтың үлкен әрекетін көрсеткен фильм. Жалпы Солтүстік Ирландияның Ирландия Республикасынан бөлек қалуына протестанттық дін өкілдерінің ықпалы мол болды. Стив МакКуин осыны қалай жеткізеді екен деп ойлаған едім. Режиссер қате кетпеді. Тұтқындардың түрмеге уағыз айтуға келген дін қызметкеріне деген ықыласын бірнеше секундқа созылған кадрмен көрсете отырып, тығырықтан шығып кетті. Католиктер мен протестанттар арасындағы қақтығысты осыбір кадрлерімен-ақ көрсете білді.

Блог - zholantai: Бобби Сэндс: Мені Құдай жазалайды ма?
Бобби Сэндс пен әулие әкей Моран арасындағы 23 минутқа созылған сұқбаттың да айтары жетіп артылады. МакКуиннің дінге деген көзқарасы анық байқалады. Әулие әкей мен өлімге басын тіккен тұтқын арасындағы осыбір әңгімені Стив Маккуин өз жанынан қосып, әспеттегені анық болса, онда Стив МакКуиннің дін хақындағы ойы «Ашығуда» сыртқа шығады.
«Ашығудағы» сөлі сарқылған денеден шыққан көз жасы — фильмді тым биікке көтеріп тастайды.
Әрі қарай