Жарияланымдар

Стивен Кинг. Бүжәй  

Алдында жатқан еркек уоттерберилік Лестер Биллингс болатын. Медбике Викерс әзірлеген формулярдағы мәліметке қарағанда, Лестердің жасы жиырма сегізде, Нью-Йорктегі индустриалдық фирмада істейді, ажырасқан, үш баласы болған, үшеуі де шетінеп кетіпті.

— Шіркеуге бара алмаймын, себебі Құдайға сенбеймін. Адвокат та қабылдамайды, себебі ол мұндай іспен айналыспайды. Мен… балаларымды өлтіріп алдым. Бірінен кейін бірін. Әуелі біреуін, кейін екіншісін, ақыры үшіншісін.

Доктор Харпер магнитофонды қосты.

Биллингс өн бойындағы бұлшық ет атаулыны жиырып, қақитып алған, екі қолын кеуде тұсына қойып, тырысып жатыр – дәп бір өлген адам сияқты, тек аяғы төсектен төмен салбырайды.

— Сонда… сіз… өзіңіз өлтірдіңіз бе, осы ма айтпағыңыз? Әлде…

— Жоқ, — Биллингс шыдамсыздана қолын сілтеді. – Бірақ қан мойнымда. Денни алпыс жетіде кетті. Шерли жетпіс бірде. Энди осы жақында. Сізге соны айтып берсем деймін.

Харпер үндемеді. «Әбден жүдеген екенсің, өз жасыңнан үлкен көрінесің. Шашың да сирепті, кейпің аурушаң. Көзің ісіген, ішімдікке жақынсың-ау» деп ойлады.

— Балаларымды өлтіріп кетті, бірақ ешкім мұны түсінбейді. Түсінсе, жеңілдеп қалар едім.

— Неге?

— Себебі…

Биллингс кілт тоқтады да, басын төсектен жұлып алып, шынтақтай жатып, әлдебір жаққа қарады.

— Не бар анда? – даусы қатқыл шықты. Көзін сығырайтып алыпты.

— Қайда?

— Есіктің артында.

— Шолан, — деді доктор Харпер. – Киім ілетін шкаф.

— Ашыңыз. Көрейін.

Доктор бір сөз айтпастан орнынан тұрып барып, шоланды ашты. Киім ілгіште қызылсары жадағай плащ қана бар екен, төменде қара туфли тұр. Басқа ештеңе жоқ.

— Бәрі дұрыс па?

— Иә, — Биллингс кушеткаға қайта құлады.

— Балаларды біреудің өлтіргені дәлелденсе, жеңілдеп қалар едім дедіңіз. Неге? – орындығына отырып жатып доктор әңгімені жалғастырды.

— Заң бойынша өмір бойға түрмеге кетер едім, — Биллингс жалма-жан жауап берді. – ал түрмеде барлық камера бақыланады. Барлығы, — Неге екені жымиды.

— Балаларыңыз қалай өлді?

— Құдай үшін, тек қылқылдап мазамды алмаңыз! – Биллингс бір бүйірлеп жата кетті де, Харперге жақтырмай қарады. – Өзім айтып беремін. Мына жерде жатып алып, «Наполеон едім» не шеше мейіріне жұрдай болған соң героинге үйір болдым дейтін пациенттеріңізбен мені шатастырмаңыз. Сөзіме ақыры сенбейсіз, білем, бірақ маған бәрібір. Іштегіні шығарсам болды.

— Тыңдап отырмын, — доктор Харпер қалтасынан мүштегін шығарды.

— Рита екеуміз алпыс бесінші жылы үйлендік. Мен жиырма бірдемін, ол он сегізге толған еді. Аяғы ауыр болатын. Денни қашан туады деп жүрдік, — әрең жымиды да езуін жиып ала қойды. – Маған колледжді тастап, жұмыс істеуге тура келді, оныма өкінбеймін. Әйелім мен баламды жақсы көретінмін. Бақытты отбасы едік.

Тұңғышымыз дүниеге келген соң көп ұзамай Рита тағы бала көтерді. Алпыс алтының желтоқсанында Шерли туды. Энди болса алпыс тоғызда жарық дүние есігін ашты, бұл кезде Денни өліп қалған болатын. Эндиді жоспарламадық та. Менің сөзім емес. Бала көтертпейтін дәрі кейде еш әсер бермейді деді Рита кейінірек. Кездейсоқтық па? Күмәнім бар. Бала еркектің аяғын тұсайды, әйелге де керегі сол ғой. Әсіресе күйеуі өзінен ақылдырақ болса. Келісесіз бе?

Харпер келіскен-келіспегенін білдіртпей, ырқ етті.

— Жә, оны қойшы. Үлкенім Денниді бірден жақсы көріп кеттім, — мұнысын дәп бір әйеліне ерегісіп істеген адам сияқты айтты.

— Балаларды кім өлтірді сонда? – деп сұрады доктор.

— Бүжәй, — деді Лестер Биллингс. – Үшеуін де Бүжәй өлтірді. Шкафтан шықты да, өлтірді, — Жымиған болды, — Есалаң деп отырсыз ба мені? Түріңізден көріп тұрмын. Маған бәрібір. Басымнан өткенді айтып берейін, содан кейін құримын құритын жағыма.

— Айта беріңіз.

— Денни екіде еді, Шерли енді туған. Сол кезде басталды. Қызымның төсегі жанымызда болатын, ал Денни бөлек бөлмеде ұйықтап жүрді. Біраз уақыттан соң Денни жылайтынды шығарды. Шешесі жатқызып, бөлмеден шықты бітті, жылайды. Мен мұны сүттен көрдім. Бұрын жатар алдында сүт беретін едік, кейін қойғанбыз. Рита бере берейік, ішкенінше ішер, өсе келе өзі қояр дейтін. Баланы өстіп құртамыз ғой. Әбден басқа шығарып, құтыртамыз, сосын он бестегі ұлың біреуді екіқабат қылса немесе есірткіге әуес болса, одан жаманы қызтеке болып шықса, ойбайлап, бебеу қағамыз. Сұмдық, ә? Жап-жақсы жүр едіңдер, бір күні балаң алды да көгілдір болып шыға келді!

Қысқасы, Денниді өзім ұйықтатып жүрдім. Жылай ма, салып қаламын. Рита ұлдың «шам, шам» деп қайталай беретінін айтқан еді. Білмедім енді. Тілі жаңа шыққан баланың не деп жатқанын түсіну қиын ғой. Шешесі біледі де…

Рита төсектің басындағы кішкентай шамды жағып қояйық деді. Бар еді біреуі… көрген шығарсыз, абажурында Микки Маустың суреті бар. Келіспедім. Екі жасында қараңғыдан қорықса, үрейін жеңе алмаса, өмір бойы қалшылдап-дірілдеп өтеді.

Солай… Денни Шерли дүниеге келгенен кейінгі алғашқы жазда өлді. Есімде, баламды төсекке жатқыздым. Бірден жыламсырап, жылап шыға келді. Өксіп тұрған баланың не дегенін де түсіндім. Шоланға саусағын шошайтып көрсетіп, «Бүжәй, папа… Бүжәй» деп қайталай берді.

Шамды өшіріп, өз бөлмеме келген соң Ритадан балаға жаман сөзді неге үйретесің деп сұрадым. Әйелім өйтпедім дейді. «Өтірік, иттің қатыны», — дедім. Тіпті біраз сілкілеп алғым келген, әйтеуір, шыдадым ғой.

Өзі бір ауыр жаз болды. Жұмыс таппай сандалып қалған едім, жолым болып, қоймада пепси-кола жәшіктерін тиейтін ауыр жұмысшы ретінде бір жерге кірдім. Үйге қатты шаршап келетінмін. Мұнда Шерли түні бойы бақырады, оны ұйықтатамын деп Рита әуре болады. Құдай ақы, екеуін де бір теуіп, көшеге қуып шыққым келетін. Кейде бала-шағаның мазасызданып, тыным таппай кететіні бар ғой, буындырып, өлтіре салғың келеді.

Сол түні Денни тура сағат үште оятты. Ұйқылы-ояу ілбіп басып дәретханаға кірдім. Рита «Балаға барасың ба?» деді. Өзің бар дедім. Сөй дедім де, қайтып келіп, жатып қалдым. Көзім іліне бергенде Ританың жантүршігерлік айқайы оятты.

Атып тұрып, жүгіріп жеттім. Бала шалқасынан жатыр екен. Өліп қалған. Бетінде қан-сөл жоқ, көзі ашық. Ең қорқыштысы да осы еді. Жансыз ашық көз. Вьетнамда өлген балалардың суреттері есіңізде ме? Міне, дәл сондай. Америка баласында мұндай көз болмауы керек. Шалқасынан жатыр, бұтында дамбал, жаялық. Соңғы екі апта сиіп қоя беретін болған соң, кигізіп жүр едік. Қорқынышты. Сондай бір жақсы бала еді…

Биллингс басын шайқады, тағы да қинала жымиды.

— Рита, біреу бір жерін кесіп алып жатқандай шыңғырды. Баланы көтеріп алмақ болды, бірақ мен жібермедім. Полиция заттай айғақтарға біреудің тигенін ұнатпайды ғой. Мұны жақсы білемін…

— Бүжәй екенін білдіңіз бе? – Доктор Харпер жайлап сұрады.

— Жоға, қайдағы. Кейін түсіндім оны. Бірақ бір нәрсе есімде қалыпты. Сол сәтте мән бермеп едім.

— Не ол?

— Шоланның есігі ашық тұрды. Төрт елідей ғана. Баланы ұйықтатып кетерде өзім жауып шыққанмын, анық есімде. Онда анау-мынау тазалауға арналған ұнтақ салынған пакеттер тұратын. Бала пакетке басын тықса, бітті, тұншығып өледі. Болған ондай жайттар. Естіп пе едіңіз?

— Иә. Ары қарай не болды?

Биллингс иығын қиқаң еткізді.

— Көмдік, не болушы еді, — Үш бірдей қабірге топырақ салған қолдарына мұңая қарады.

— Медициналық куәландыру жүрді ме?

— Әрине, — Биллингс мазақтағандай болды. – Стетоскоп асынған, жалбыз кәмпит пен ветеринар мектебінің дипломын салып алған қара сөмкесі бар ауылдың бір маубасы келіп кетті. Қандай диагноз қойғанын айтайын ба? «Нәресте өлімі»! Қалай, ә? Екі жастағы баланы сөй дейді!

— Әдетте нәресте өлімі деп бір жасқа дейінгі балаларға қатысты айтады, — деді доктор Харпер еппен ғана. – Бірақ кейде басқа термин таппай жатса дәрігерлер қолдана береді.

— Оттаған әңгіме!

Доктор трубкасын қайта будақтатты.

— Ұлымды жерлеген соң екі айдан кейін Шерлиді Деннидің бөлмесіне көшірдік. Рита жаман қарсы болды, бірақ мен қайтадым. Әрине, маған да оңай болған жоқ. Қызымның жанымызда болғаны жақсы-ақ еді. Бірақ өбектеп, тым шектен шығып кетпеу керек, баланы бұзып аласың. Баяғыда шешеммен суға түсуге барғанда күнім соның айқайымен өтетін. «Суға түспе! Байқа, балдыр бар! Жаңа ғана тамақ ішіп алдың ғой! Сүңгіме!». Акуланы айтып қорқытқан соң сөз бар ма? Не болды, ал, ақыры? Суға жолай алмаймын. Құдай ақы. Көрсем бітті, аяғым тартылады да қалады. Деннидің тірі кезінде Рита балаларды Сэвин Рокқа апарсаң болар еді деп құлақ-миымды жеп қойған. Баруын бардық қой, бірақ суды көріп, жүрегім көтеріліп кетті. Тоқетерін айтқанда, бала тәрбиесінде мен де бірдеңені білемін. Асты-үстіне түсіп, жайылып жастық, иіліп төсек болудың бір пайдасы жоқ. Қайғыдан өзіңнің де ұнжырғаң түспесін. Тірі адам тіршілігін жасайды. Сондықтан Шерли Деннидің төсегінде ұйықтайтын болды. Тек матрасты тастадық, микроб, анау-мынау, білесіз ғой.

Бір жыл өтті. Шерлиді ұйықтатқалы жатыр едім, шұрқан шығарды. «Бүжәй! – дейді айқайлап. – Бүжәй!»

Селк ете қалдым.Тура Денни сияқты. Ашық тұрған шоланның есігі есіме түсті. Шерлиді өзіммен бірге алып кеткім келді.

— Шын ба?

— Жо, енді… алып кеткім келді деп асыра айтқан шығармын. – Биллингс қайтадан басын салбыратып, қолдарына қарады. Беті дірілдеп кетті. – Баланы басқа бөлмеге көшіргенімнің дұрыс емес екенін Ританың алдында мойындай алмаймын ғой. Дегенімді қылу керек. Рита… бір жігерсіз еді… үйленеміз дейтін әңгіме шықпай тұрып-ақ менімен қосылып қойды.

Харпер шыдамай кетті:

— Бір жағынан, ол емес, сіз ғой оп-оңай жата салған?

Биллинг басын көтеріп, докторға қарады.

— Сондай ақылдысыз ба, не?

— Жоқ

— Онда бөгет жасамаңыз, — Биллингс шырт ете қалды. – Айтарым бар деп келдім. Есіме түсірсем деп келдім. Төсектегі қызығымды естимін десеңіз, қатты қателесесіз. Ритамен арамыз дұрыс болды, азғындыққа барған жоқпыз. Білем, біреулер бұл туралы айтқанда жақсы көреді, тіпті қозып кетеді, бірақ мен ондай емеспін, түсінікті ме?

— О`кей, — деді доктор жуасыған түрмен.

Аударма: Стивен Кинг. Бүжәй    — О`кей, — Биллингстің дауысында ыза бар еді, бірақ сенім байқалмады. Әңгіменің барысынан айрылып қалған сияқты, тек алаңдап, есігі жабық шоланға қарағыштай берді.

— Ашайын ба? – деді Харпер мұның қайда қарап тұрғанын көріп.

— Жоқ! – Биллингс шалт жауап қайырды да, мырс етті. – Галош көрмеп пе едім?

Үндемей сәл отырды.

— Шерли де Бүжәйдің құрбандығына айналды. – Биллингс әлденені есіне түсіргендей болып маңдайын сүрткіледі. – Бір ай да өтпеді. Мұның алдында бір оқиға болған еді. Түн ортасында әлдебір шу, артынша айқай естідім. Холда шам жанып тұр екен. Жүгіріп көрші бөлмеге барып, есікті ашып қалып едім… Шерли төсекте жылап отыр екен, ал қараңғы бұрышта, шоланның алдында… бірдеңе қимылдайды… шалпылдаған дыбыс естідім…

— Есік ашық па еді?

— Аздап қана. Төрт-бес елідей. – Биллингс ернін жалады. – Шерли «Бүжәй, Бүжәй!» деп айқайлап жатты. Сосын тағы «уан» дегендей болды-ау. Рита «Не болды?» деп жүгіріп жетті. «Бала шошынды, — деймін мен. – Сырттағы ағаш бұтақтарының көлеңкесін көріп, содан қорқыпты».

— «Уан» дедіңіз бе?

— Не болыпты?

— Бәлкім «шолан» дегісі келген шығар.

— Мүмкін. Кім біледі, — Биллингс сыбырлай сөйледі де, есікке біртүрлі қарады.

— Шоланды қарадыңыз ба?

— И-иә. – жұдырығын тас қылып түйіп алған.

— Шоланда не бар екен? Бүж…

— Ештеңе көрмедім! – Биллингс ызалана сөйледі. Жол тауып, сай-саламен сарқырай аққан су секілді тоқтамай сөйлей бастады. – Бала түтігіп, қарайып кеткен, түсіндіңіз бе? Көзі, көзін айтсаңшы, маған қарап: «Ал өлтірді мені, сен көмектестің емес пе Бүжәйға, мені тастап кетіп қалдың емес пе...» деп тұрғандай болды.

Түсініксіз әлденені күбірледі, көзі жасқа толып кетті.

— Мүрдені қараған Хартфорд госпиталінің дәрігерлері Шерлидің ми спазмының кесірінен тілін жұтып қойғанын айтты. Ауруханадан жалғыз шықтым, Рита есінен танып құлады, транквилизатор егіп тастады. Жынданып кетуге шақ қалды. Үйге қайтып келе жатып «Ми спазмы болуы үшін бала өлердей шошуы керек емес пе» деп ойладым. «АНАУ тығылып жатыр» деп ойладым. Шамды өшірмей ұйықтадым.

— Не болды тағы сол түні?

— Түс көрдім. Қап-қараңғы бөлме, ал шоланда… біреу бар, жөндеп көре алмадым. Бірдеңені сытырлатып жатты, әйтеуір. «Тылсым хикаялар» деген кітап бар еді ғой, есіңізде ме? Сол ойыма оралды. Кітаптың суреттерін Грэм Инглз дейтін салған еді, сұмдық қорқынышты суреттер болатын, ой түгілі таназарыңа да кіріп шықпайтын үрейлі суреттер жасайтын. Жә, сол кітапта күйеуін өлтірген әйел туралы әңгіме бар еді. Аяғына тас байлап, су толы карьерге лақтырып жіберген. Анау бір күні үйге қайтып келеді. Ісіп-кеуіп, көгеріп кеткен, үсті-басы балдыр-балдыр. Келеді де, әйелін өлтіріп тастайды. Сол… Қысқасы… Түн ортасында оянып кеттім. Біреу үстімнен төніп тұрғандай болды…

Доктор Харпер жұмыс үстелінде тұрған сағатқа қарады. Лестер Биллингстің әңгімесінің басталғанына жарты сағат болыпты.

— Емханадан оралған соң әйеліңіздің сізге деген көңілі өзгерді ме? Араларыңыз қалай болды?

— Бұрынғыдай мені жақсы көретін еді, — Даусынан мақтаныш сезілді. – Бұрынғыша мені тыңдап, бағынатын. Қатынның аты қатын ғой, дұрыс па? Мына феминист дейтіндердің есі сау емес. Аяз әліңді біл демей ме. Әр адамның өмірде… қалай айтсам екен…

— Өз орны бар ма?

— Ә, сол, сол! Дәл солай. Үйді еркек билейді ғой… Рита бірден өзіне келе алмады, сүлесоқ қана жүрді де қойды, күлмейді, телевизор қарамайды, ән де айтпайды. Бірақ бұл өткінші еді, білетінмін. Баланың жарасы жеңіл ғой. Бір жылдан кейін суретіне қарамасаң, түрінің де қандай екенін есіңе түсіре алмайсың.

Басында бала тумаймын деді, — Биллингс түнере сөйледі. – Мен де қарсы болдым. Дәл қазір туа қал деп жатқан жоқпын дедім. Кейінірек. Денсаулығын дұрыстап алсын. Біраз жүре тұрайық, сосын қарай жатармыз деп ойладым. Өмірдің рахатын білейік. Не қызық көрдік біз? Кино барайын десең, дедектеп жүріп балаға қарайтын адам іздейсің. Бейсбол көремін десең, баланы Ританың әке-шешесіне апарып тастау керек. Менің шешем аты-тонын ала қашады. Деннидің үйлену тойынан кейін тоғыз ай өткен соң емес одан ерте туып қойғанын кешіре алмайтын. Қатыныңның жүрісі жеңіл деуші еді. Әй, бірақ оған барлық әйел сондай-тұғын. Бірде мені отырғызып алып, жезөкшеден еркектің қандай ауру жұқтыруы мүмкін екендігі туралы айтып, құлақ-миымды жегені бар. Алдымен әлгі жерің қызарады, бір аптадан кейін түсіп қалады деп. Солай. Тойға да келмеді ғой.

Биллингс кеудесін сипалады.

— Гинеколог Ритаға спираль салып берейін деді. «Ойбай, бала болмайды, міне сөз». Бар екенін, жоқ екенін сезбейді де екенбіз, — Мырс етті де, төбеге қарады. – Сол ғой, сезбейсің, бар ма, жоқ, түсіп қалды ма, қайдан білесің? Әйелің аяғым ауыр деп келіп тұрады. «Ойбай, уәдем – уәде, бала тумайсыңдар».

— Жүктілікке қарсы жүз пайыз кепілдік беретін бірде-бір дәрі жоқ, — деді доктор Харпер. – Таблетка ішсеңіз, мысалы, жүздің екі пайызында мүмкін дейді. Ал спиральді жатырдың қысқаруы, етеккір орнынан қозғап жіберуі ықтимал…

— Немесе өзің алып тастайсың.

— Ол да бар, иә.

— Ә дегенше болған жоқ, әйелім кішкентайға киім тоқып, қиярға жерік болып, бір отырғанда бір банкасын бір-ақ жейтін болды. «Құдайдың бұйрығы шығар, Құдай беріп отыр ғой» деп сарнайды. Күлесің де қоясың.

— Бала жылдың соңында туды ма?

— Иә. Ұл. Эндрю Лестер Биллингс. Ұзақ уақыт жанына жоламай жүрдім. Рита туамын деп өзі шешті ғой, бақсын енді. Кінәлайтын шығарсыз, бірақ қандай күйде болғанымды, не көргенімді ұмытпаңыз.

Кейін жұмсардым ғой, әрине. Үш баламның ішіндегі маған ұқсайтыны осы Эндрю еді. Денни шешесіне тартып кетті, Шерлидің түрі бір қызық болды, ешкімге ұқсамайды, шешеме ғана келе ме. Эндрю аузымнан түсіп қалғандай.

Жұмыстан келіп баламен ойнайтынмын. Саусағымнан ұстап алады да, сықылықтап келіп күледі-ай. Туғанына тоғыз-ақ апта, әкесін көрді, бітті, ыржиып шыға келеді.

Есімде, дүкеннен ыршитын ойыншық сатып алдым. О тоба, ә. Менің бүйткенімді қайдан көріп едіңіз, әйтпесе! Әке-шешенің қадіріне жете бермейміз ғой. Өскен соң ғана ес жиямыз. Эндрюге ойыншық, анау-мынау алып беремін деп жүріп, балаға байланып қалғанымды өзім сезбей қалдым. «Клюэтт және ұлдары» дейтін жақсы компанияға жұмысқа кіріп, бөлшек-мөлшек сатып, жақсы ақша таба бастаған кезім еді. Энди бір жасқа толған соң Уотербериге көшіп кеттік. Бұрынғы үйде тұру қиын болды, оның үстіне… шолан бар еді.

Келесі жыл керемет өтті. Сол бір сәтті қайта бастан өткізу үшін мына оң қолымның бүкіл саусағын бере салуға әзірмін. Әрине, Вьетнамда соғыс жүріп жатты, көшеде тыржалаңаш хиппилер жүгіріп жүретін, қаракөт негрлер де құқықтарын айтып шулауды бастады, бірақ мұның бізге қатысы жоқ еді. Тып-тыныш қана көшеде өмір сүріп жаттық, көршілеріміз де жақсы адамдар болды. Бақытты кез еді. Ритадан бірде қорыққаныңды қойдың ба деп сұрадым. Қауіп болуы мүмкін ғой, үшінші баладан да айрылып қалу сұмдық болар еді деймін. «Жоға» дейді ол. Рита Құдайдың біздің Эндиді ерекше жақсы көретініне ерекше сенімді еді, желеп-жебеп жүреді деп ойлайтын.

Төбеге қарап жатқан Биллингс қиналып кеткендей болды.

— Ұзаққа бармадық бірақ. Қырсық шыр айналдырды. Тұратын үйдің өзінде бірдеңе өзгерген сияқты. Шоланға кірмеу үшін етігімді холға тастап кететін болдым. «Ішінде отырса ше? – дейтінмін. – Тығылып отырса. Есікті қашан ашар екен деп». Әрбірден кейін елестейтінді шығарды: әні сылп-сылп басып… жап-жасыл, үсті-басын балдыр жапқан, тырсылдатып су тамшылатып, келіп тұр.

Рита менің жұмысқа ерте кетіп, кеш келетініме алаңдайтын болды. Шаршадың-ау дейтін. Ал мен қорқатынмын. Сұмдық қорқатынмын. Таңертең үйден шығып бара жатып, «мына екеуі жалғыз қалды-ау» деп сарыуайымға салынамын, бірақ өзім бір минутқа да қала алмаймын. Жұмысқа тайып тұрамын. Көшіп кеткен соң бізді Анау жоғалтып алды деп үміттене бастағам. Бірақ Ол көште қалған жоқ, ізімізге түсті, іздеді. Ақыры тапты. Енді ол Эндиді… мені аңдып жүр. Түсінесіз бе, бірдеңе туралы күні-түні ойлайтын болсаң, сол ақыры шындыққа айналады екен. Балаларды өлтіретін шындық. Сосын… со… сын…

— Сөзіңізді аяқтаудан қорқасыз ба, мистер Биллингс?

Жауап болмады. Бір минут өтті. Екі минут…

— Энди ақпанда өлді, — сөзін кілт бастады. – Рита үйде емес еді. Әкесі звондап, шешең ауыр халде жатыр деген соң, сол күні кешке жиналып, жолға шығып кеткен болатын. Енем сол ауырғаннан екі ай жатты. Күндіз мен жұмыста болған кезде таныс бір жақсы әйел балаға қарап жүрді. Түнде өзім жанында болдым.

Биллингс ернін жалады.

— Энди біздің бөлмеде ұйықтайтын. Қызық. Екі жаста ғой. Рита ұлды басқа жаққа шығарайық деп сұрады. Спок па, әйтеуір, сондай біреудің бала ата-анасымен жатпау керек дегенін оқып алыпты. Секс бар, анау-мынау. Білмеймін, бала ұйықтап жатқанда жақындасатын едік. Оның үстіне баланы жанымнан тастағым келмеді. Қорықтым… Денни мен Шерлиден кейін.

— Әйтсе де ақыры басқа бөлмеге жатқыздыңыз ғой, дұрыс па?

— Иә, — Биллингс кінәлі кейіппен жымиған болды. – Жатқыздым.

Тағы да ауыр үнсіздік.

— Мәжбүр болдым! – Биллингс жарылып сала берді. – Мәжбүр едім, бері қараңыз! Рита кеткенен кейін, Анау… Анау күшейіп алды. Тіпті… Жоқ, сіз маған сенбессіз. Бірде түнде үйдегі есік біткеннің бәрі сарт етіп шалқасынан ашылды. Енді бір жолы таңертең еденнен шолан мен сыртқы есіктің арасын жалғап жатқан балшық басқан із көрдім. Паркеттің беті лай-лай, айнаның бәрі сынған, ал ана бір дыбыстар… дыбысты айтсам…

Сиреген шашын саусағымен салалады.

— Оянып, көзіңді ашсаң, ештеңе жоқ сияқты, бірақ тың тыңдасаң – естисің, келе жатыр! Еппен басып емес, әдейілеп, еститіндей етіп жаныңа келеді! Жүрісі жеңіл өзінің. Сен болсаң… көзің бақырайып жатырсың… жұмуға да қорқасың, кім біледі, бәлкім дәл осы жолы ақырын ғана күліп, үстінен батпақтың иісі шығып, қолын тамағыңа салып, қылқындыра бастайтын шығар…

Биллингс қуарып кетті, дірілдегенін басуға тырысты.

— Сондықтан баланы жаныма жатқыза алмадым. Өзім үшін қорықтым. Себебі арамыздағы ең әлсіз Энди еді, Анаған да керегі сол ғой. Солай болды да. Түн ішінде айқай салды, мен батырсынып, бар жігерімді жинап, бөлмесіне кіргенде, Энди төсектің үстінде тұр екен… «Бүжәй… Бүжәй… папама барам» дей береді…

Дауысы баланікіндей жіңішкеріп, фальцетке ұласып кетті. Төсекке тығылып, жиырылып алды.

— Бірақ жаныма алып жата алмадым. Ала алмадым, түсінсеңіз етті… Бір сағаттан кейін тағы айқайлады, бірақ бұл жолы үні құмығып шықты. Мен бұл жолы күтіп отырмай, бірден жүгірдім. Кіріп келіп едім… АНАУ ұлымды сілкілеп тұр екен… мойын омыртқасы сырт етіп сынған соң, барып жұлқылағанын қойды…

— Сіз қайттіңіз?

— Қаштым. Алды-артыма қарамай қаштым, — Биллингстің дауысы бәсеңдеп, бір қалыпқа түсті. – Түнгі кафеден бір-ақ шықтым. Зәрем зәр түбінде қалмады. Алты шыныаяқ кофені бір-ақ іштім. Бірінен кейін бірін. Осыдан соң ғана үйге қайттым. Таң атып қалған еді. Бірінші кезекте полиция шақырдым.Біз бөлмеге кіргенде, Энди жерде жатыр екен. Бір тамшы қан құлағында бітеліп, қатып қапты. Шоланның есігі төрт елідей ашық тұр екен.

Үндемей қалды. Доктор Харпер сағатына қарады. Елу минут өтіпті.

— Медбикеге барып, қабылдауға жазылыңыз, — деді ол. – Маған келіп тұратын боласыз. Сейсенбі, бейсенбі ыңғайлы бола ма?

— Басымнан өткен дүниені айтып берсем деп едім, басқа ештеңе жоқ ойымда. Жаным жеңілдесе деп едім. Полицияға өтірік айттым ғой. Бұрын да осылай төсектен құлайтыны бар еді дедім. Сенді. Не істейді енді? Кәдімгі оқиға. Мұндай қайғылы жайттар жиі кездеседі. Ал Рита бірден түсінді. Қалай екенін білмеймін… бірақ… бірден түсінді…

Қолын бетіне қойып жылап жіберді.

— Мистер Биллингс, әлі талай әңгімелесеміз, — деді доктор Харпер сәл үнсіздіктен соң. – Іші-бойыңызды жеп бара жатқан кінә сезімінен арылуға аз да болса көмегім тиеді деп үміттенемін. Бірақ бұл үшін сіз өзіңіз уайым-қайғыдан азат болу керексіз.

— Өзім де соған жете алмай жүр емеспін бе? – Биллингс басын көтерді. Қызарған көздерінен үрей мен үміт көрінеді.

— Әзірге күмәнім бар, — Харпер жайлап айтты. – Сонымен, сейсенбі, бейсенбі?

Біраз үнсіздіктен соң Биллингс:

— Жау алғыр психиатрларды-ай осы, бопты, дегеніңіз болсын, — деді.

— Қабылдау бөлмесіндегі медбикеге барып жазылыңыз, мистер Биллингс. Күніңіз жақсы өтсін.

Биллингс мырс етті де, бұрылып та қарамастан кабинеттен шықты.

Медбике жоқ екен. «БІР МИНУТТАН КЕЙІН КЕЛЕМІН» деген жазуы бар хабарландыруды ғана көрді.

Биллингс кабинетке қайта бас сұқты.

— Доктор, медбике болмаса…

Ешкім жоқ.

Шоланның есігі төрт елідей ашық тұр екен.

— Тамаша, — деген құмығып шыққан дауыс естілді ішінен. Мұны айтқан аузын балдырға толтырып алған сияқты. – Тамаша.

Биллингс орнынан қозғала алмады. Тек шалбардың ауын сулап, бұтына жіберіп қойғанын ғана сезді.

Шоланның есігі ашылды.

— Тамаша, — деді Бүжәй жарыққа шығып.

Сазарған көкжасыл қолына доктор Харпердің маскасын ұстап алыпты.

Қазақшаға аударған @qisyq.

Орысшаға аударған Сергей Таск. «Неделя», No 27, 1990 ж.
Әрі қарай

Мумия: Үлкен әңгіменің әлқиссасы

Киностан: Мумия: Үлкен әңгіменің әлқиссасы
Жиырмасыншы ғасырдың арғы-бергі кезеңдерінде түсірілген үлкенді-кішілі «Мумияларды» білесіз бе, жоқ па — ол жағынан хабарым жоқ, бірақ 1999 жылы жарық көрген, кейінірек екі сиквелге, бір приквелге һәм мультсериалға ұласқан «Мумия» жайында естігеніңіз анық. Әйтеуір, жоқ дегенде Арнольд Вослу ойнаған тірі өлік есіңізде бар шығар.

Universal Pictures басшылығы шым-шытырық оқиғалар мен суперқаһармандар жаулап алған кинематографқа жаңа "әулетті" әкеліп тықты. «Франкенштейн», «Франкенштейннің қалыңдығы», «Дракула», "Қасқыр-адам", "Қара лагунадан шыққан мақұлық", «Көрінбейтін адам» және осы «Мумия» секілді студияның классикалық хоррор-кейіпкерлері кіретін бұл жоба «Түнек әлем» деп аталады.

Киностан: Мумия: Үлкен әңгіменің әлқиссасы
Студия «Түнек әлемнің» алғашқы фильмі ретінде 2014 жылы «Дракуланы» көрсеткісі келген болатын, алайда кейінірек оны бөлек жоба етіп, циклді «Мумиядан» бастауды шешіпті. Екі туындыны да көрген адам ретінде олары дұрыс болған екен деп отырмын.

Осындай арқалаған ауыр жауапкершілігі бар, DC мен Марвелдің сансыз кейіпкерлерін санап, шатаса бастаған көрерменді мүлдем жаңа ғаламмен таныстырмақшы болған «Мумия» осы аптада Қазақстанның прокатына шықты.

Жылдың басты фильмдерінің бірі саналған бұл ремейк, менің ойымша, сәтті шыққан жазғы блокбастерлердің біріне айналуы тиіс. Ұлы дүние күтудің қажеті жоқ, әлбетте. Драйв, экшн, үрей, флешбектердегі Аманет ханшайымның сұлулығы мен археолог әйелді ойнаған Аннабелль Уоллистің сүйкімділігі, бірді-екілі сәтті әзіл — әдемі аттракцион.

Киностан: Мумия: Үлкен әңгіменің әлқиссасы
Арнайы әсерін айтып, талдап жатпайын. Үлкен студия бұл қиындық туғызбауы керек. Сюжеті де қарапайым. Дәл қазір қызығы — актерлер.

«Ел жатса да, енекем жатпайды» деген жұмбақтың жауабына келетін, сай-файы бар, экшны бар түрлі жобалардың тұрақты қонағы Том Круз мұнда бас рөлге ие. Ник Мортон дейтін арамзалау, ақымақтау, жалдамалы әскер болып жүріп, барған елінің тарихи құндылықтарын үптеп кетуге тырысатын кейіпкерді ойнайды. Жанында тарихи құпияларды жаны сүйетін, Ежелгі Египетті зерттейтін Дженни Холси есімді археолог болады. Бұл екеуі туралы мақтап яки даттап әлдене дей қою қиын, өздеріне берілген міндеттерді белгілі бір деңгейде орындап шыққан.

Киностан: Мумия: Үлкен әңгіменің әлқиссасы
Жеке ойым, фильмнің ең әсерлі жері — Аманет ханшайым туралы, оның өткенін суреттейтін сәттер, құр сүйегі қалған мумиядан бұрынғы бейнесіне оралатын жерін көрсететін кадрлар. Тегі алжирлік София Бутелла «Кингсманда» көрген жерімнен ұнап еді, «Мумиядан» кейін болашағанынан үміт ететін сүйікті актрисама айналды.

Киностан: Мумия: Үлкен әңгіменің әлқиссасы
Аманеттен кейінгі тамаша — Рассел Кроудың ойнауындағы доктор Генри Джекил. Құбыжықтарға қарсы күресетін құпия ұйымның басшысы генри Джекилдің өзі — монстр. Бұл кейіпкер туралы керемет туындылар алды әдебиетте, қала берді кинода бар, гуглдатып көруге кеңес беремін.

Юниверсалдың жаңа әлемінен үлкен үміт күтемін. «Dark Universe» жаһандық әдебиеттің классикалық шығармаларындағы кейіпкерлерден тұрады — бұл ересек аудиторияның жанына жағады деп ойлаймын. Жоғарыдағы Том Круз бен Рассел Кроу, одан бөлек Джонни Деп пен Хавьер Бардемм бар әлем жаман болмауы тиіс.

Әрі қарай

Стивен Кинг. Қанішер

Дерек: Бұл шағын әңгіме 1994 жылы жарияланды. Алпысыншы жылдары жарық көрген «I've Got to Get Away» («Бұл жерден шығуым керек») әңгімесінің өңделген нұсқасы.

***

Селк етіп оянды да, кім екенін, мына әскери зауытта не істеп жүргенін есіне түсіре алмады. Есімін де білмейді.

Зауыт үлкен екен. Іші толы қару құрастыруға арналған, зырыл қаққан жол-жол конвейер. Жиналып, бұралып, құрылып жатқан детальдардың сақылдаған дауысынан құлақ тұнады.

Көзі түскен қораптан дайын болған тапаншаның бірін алды.

Дәл алдында тоқтап қалған станок тұр. Сірә, жұмыс орны осы болса керек.

Тапаншаны ойланбай қолына ала салған сияқты.

Тар көпірдің бойымен зауыттың екінші басына баяу басып кете барды. Оқ-дәрі жинап, оны қорапқа салып тұрған біреуді көрді.

«Мен кіммін?» — деді бұл тілі тұтығып.

Анау үндемеді. Басын да бұрып қараған жоқ, белгі де бермеді.

«Мен кіммін? Кіммін мен?» — бар даусымен айқайлады. Алып ғимараттың іші жаңғырыққа толып кетті. Ештеңе өзгерген жоқ. Станок басында тұрған басқа адамдар бұған мән бермей жұмыстарын істей берді.

Бар күшімен оқ жинап тұрған еркектің басынан салып қалды. Сүйек күтірлеп сынды, жұмысшы екбетімен құлады. Қораптар шашылып қалды.

Бұл бір патронды жерден көтеріп алды. Калибрі келеді екен. Тағы бірнешеуін алды.

Үстіде біреу жүр. «Кіммін мен?» — деді бұл жоғары қарап, жауап күтпестен.

Төбедегі еркек бұған көз тастады да, бірден кері жүгірді.

Тапаншасын көтеріп, атып-атып жіберді. Еркек тізерлеп барып құлады, бірақ өлер алдында қабырғадағы әлдебір қызыл түймені басып үлгерді.

Сирена шыңғырып сала берді.

«Қанішер! Қанішер! Қанішер!» — деп бақырды дауыс зорайтқыштар.

Жұмысшылар бас көтерген жоқ. Оқ-дәрі қаптап, қаруларын құрастыра берді.

Бұл шудан құтылғысы келіп басы ауған жаққа жүгірді. Есік көріп қалып, соған бет алды. Бірақ жетіп үлгермеді, есік сарт етіп ашылды, ар жағында форма киген төрт адам тұр екен. Мұны әлдебір түсініксіз энергетикалық қарудан атқылады. Ызылдап зарядтар дәл жанынан өтті. Бұл үш оқ шығындады. Төртеудің бірі қаруы салдырлап, гүрс құлады.

Кері жүгірді. Тағы бір есіктен тағы бір топ адам шыға келді. Алақ-жұлақ етіп, жан-жағына қарады: форма кигендер қаптап кетіпті. Кету керек мына жерден!

Баспалдақ, көпірлермен жоғары өрлей берді. Соңғы қабатта қуғыншылар тіпті көп екен. Тұзаққа түсті. Тапаншадағы оқ таусылғанша атысты.

Қаумалап қоршап алды. «Атпаңдар деймін! Құлдығың болайын! Кім екенімді білгім келеді, көрмей тұрсыңдар ма!?»

Құлақ аспады. Түсініксіз қарудың сәулелі оқтары денесін шұрқ-тесік жасады. Көзі қарауытып, құлап кете барды…

***

Бұлар кузов жапқышының сарт етіп жабылып, көліктің орнынан қозғалғанын күткен болатын. «Әні, тағы біреуі есінен адасты», — деді күзетшілердің біреуі.

«Соны түсінбеймін», — деді екіншісі басын қасып. – «Бүгінгіні-ақ алайықшы. «Кіммін мен, кім екенімді білгім келеді» дейді. Дәл бір адам сияқты, құдая тоба. Осыларды бізге тым қатты ұқсатып жіберген жоқ па деймін».

Екеуі сынған роботтарды таситын жүк көлігі бұрыш айналып, көзден таса болғанша соңынан қарап тұрды.

Аударма: Стивен Кинг. Қанішер
Иллюстрация: Emilio Villalba
Әрі қарай

#QazzaqDepression. Фрэнк Дарабоз. Жансая

Артқы аулаға апаратын ауыр есікті итеріп әрең ашып, сыртқа шықты. Дүңкілдеген музыка, көлкіген темекі түтіні жүрегін көтеріп жіберіпті. Қызыл кірпіштен өрілген қабырғаға сүйеніп отыра кетті. Қымбат қысқа тонының етегі былғанғанына, жалт-жұлт еткен тізеден жоғары party-көйлегінің жиырылып қалғанына мән берген жоқ.

Жұмыстың алдында жарым сағат отырып жаққан опа-далабын айғыздап ұзақ жылады. Әттең, айқайды салып, көкірегінде шемен болып қатқан шер мен мұңды жібітіп, лақылдатып, сыртқа шығарғысы-ақ, еңірегісі-ақ келеді. Бірақ болмайды. Мұның ұлыған дауысы экстазиға елірген, араққа айбаттанған әлдекімдердің құлағына жетуі мүмкін. Тәлтіреңдеген мас болса, бұтынан теуіп, құлатып, қашып кетер-ау, топ болып жүретін есерсоқтарға шамасы қайдан жетсін.

Пышылдап, тырнағын шұқылап көп отырды. Басын қисайтып, ернін тістелей берді. Ойға батқандағы әдеті. Кәдімгідей жеңілдеп қалыпты. Тек аузымен ауа қармап, терең-терең дем алып, солықтаған қоя алар емес.

«Соншалықты жаман да емес шығар өмірім» деп ойлады.

Телефоны шырылдады. Администратор екен. «Жансая, где ходишь?» дейді.

Түбі қарая бастаған, сарыға боялған шашын жинап, желкесіне түйіп алды. Қиылып түскен, я еуропалыққа, я азиалыққа келмейтін микс көздері жалт етті.

* * *

Бірінші рет келіп тұр дәл осы клубқа. Еңгезердей охрана-жігіттердің алая қарағанына мән бермей, төрге озды. Сыра сұрады.

— Можно к вам?

Жалтылдаған қысқа көйлек киген, дөңгелек жүзді аққұба келген қыз тұр екен. Көркемін-ай… Іші-бауыры солқ ете қалды. Бүкіл уайым-мұңы, қажып-шаршағаны, күдік-күмәні күйретіліп түсіп, өзі күтпеген әлдебір алып қуаныш толқынының астында қалды. Бетіңе бір қарап-ақ сені бақытты жасай сала алатын адамның бар екендігін білмей келіпті.

Қолың ербеңдетті: "әрине, әрине, отырыңыз".

— Меня Жансая зовут, а вас?

Қыз жымиды. Әдемі еріндері ажырап, аппақ тістері көрінді. Онысы мұның шоқ кеміріп, өртенуге айналған сезімін тіпті құтыртты. «Р-рауан» деді тұтығып.

* * *

Бір сағаттан кейін клубтың үстіндегі қонақ үй нөмірінен шығып бара жатып Рауан "әдемі екен, ә, денесі де күшті сондай, он бес мың сағатына сондай қымбат емес қой, телефонын жоғалтып алмау керек, постоянноға керек болады" деп ойлап қойды.
Менде бір керемет сюжет бар...: #QazzaqDepression. Фрэнк Дарабоз. Жансая
Иллюстрациялар: Adams Carvalho
Әрі қарай

#QazzaqDepression. Квентин Тарақты. "Психолог"

"Әдебиет әнегі" газетінен анықтама: Білә болайын, бұл өмірде ішкені де, тышқаны да қисынға келмейтін бір жазушылар болады. Квентин Тарақты сондай, шешестің, өткенде отбасылық драма жаздым деп екі парақ ұстап кеп тұр. Жо, кесін ғо, оған біреу бірдеңе деватқан жоқ, бірақ есі дұрыс адам таңғы бесте терезені тоқылдата ма!? А? Редакция? Редакция емес, еппашымайттың баласы, үйімнің, менің үйімнің терезесі! Жазғандары да сондай, бұтақ та түсініксіз, аяқ асты басталып кетеді де, кілт бітіп қалады, тым-тырыс тамақ ішіп отырып, атып тұрып, туалетке жүгірген адамның ісі бір. Білә болайын.

* * *

— Шылым тұтатсам..?

— Әрине, әрине…

Сабан сары шашын жалбырата жайып жіберген, бет-аузын баттастыра бояған орта жастардағы әйел орындықты сықырлатып қозғалақтады да, қолындағы клатчын қатты қысқан күйі қатып қалды.

Ер адам шиыршықтап шылымын шығарды. Оттық шытыр етті, кішкентай ғана көгілдір жалынын аспанға атты. Темекінің басы қызарып барып қарақошқылдана түсті. Әжім жиырған жұқа еріндер түтін будақтатты.

— Жолдасыңызды ерте келуге… келесі жолы… қарсы емессіз бе?

Отыз жыл отбасылық психологияның отымен кіріп, күлімен шыққан Эстебан Қарауов қарсы алдындағы клиентіне сығырая қарады.

— Келемін десе… Әрине, келеді ғой. Келейік, иә. Тек ол… еркектерді білесіз ғой, менің көзімше ашылып сөйлер қоя ма екен. Дәрігер десе жиырыла қалушы еді, осы жолы да көндіре алмадым.

— Хмм… Былай істейік онда, Клаудиа. Мен онымен өзім сөйлесейін келесіде. Сіз қажет болмассыз. Тек ертіп әкелсеңіз болды.

— Иә, иә, соны айтайын деп едім. Еркектерше ме еді, қалай, өздеріңіз сөйлессеңіздер.

Қысқы етігінің өкшесімен еденді тоқылдата басып, есікке беттеген әйелге қарап отырып Эстебан ішінен «күйеуіңнен таяқ жеп, жалғыз келмесең болды да» деп ойлады. Біртүрлі жағымсыз жасанды фальцет дауысын жақтырмай қалғаны да бар.

Кенет клиенткасы кілт тоқтады да, жайлап бұрылды.

— Иә, сұрағыңыз бар ма еді?

Үндемеді.

— Клаудиа?

Асықпай сырт еткізіп әуелі оң, сосын сол қолының қолғабын шешті. Тырнағы боялған, быртық, жуан саусақтарын сары шашына салып, салалап тұрды да… жұлып алды.

«Паригі нес?» деп ойлап үлгерді Эстебан.

Кенет "әйел" "Қаныңа тоймай тұрмаспын үстіңнен" деп гүжілдеп екі аттап алдына жетті де, алдында тұрған үстелді бір тепті. Ыңқ етіп екі бүктетілген мұның есін жидыртқан жоқ: шашынан тартып, бір қолын тамағына салып, шеңгелдеп ұстап алды да, өзіне қарай аударып түсірді. Әзір ғана темекі түтінін өкпесіне жұтқан күйі аң-таң отырып қалған Эстебан әуелі қақалып-шашалып, артынша қырылдап-сырылдап, өліп кете барды.

Менде бір керемет сюжет бар...: #QazzaqDepression. Квентин Тарақты. Психолог
Әрі қарай

#QazzaqDepression. Кайен-Угар Таобаоев. Кресло

Әлі есінде. Шешесі жылаған. Әкесі мұртын ширатып, қопаңдап қалды. «Менің балам, менің балам, өзіме тартқан».

16 жасында мектепті, 22-де магистратураны бітіріп, шетелге кетті. 27-ге толмай жатып бөлім, орда бұзбай тұрып бүтіндей бір департамент бастығы атанды. Әлгі шешесінің жылайтын кезі де осы.

Басқарма мүшесі. Топ-менеджер. Басында пәтер, астында көлік, алдында ауыр, қымбат ағаштан қиып жасалған үстел. Ағайынға беделді, құрылтайшылар алдында абыройлы. Бірақ…

Бірақ соңғы кезде көңілі орнында емес. Себебін білмейді. Білгісі де келмей ме, қалай өзі… Әйтеуір, әрең жүргенін түсінеді. Көрінген сөз шамына тиеді. Қит етсе қыртия қалады.

Оны қойшы. Бір үй орнындай аумағы бар кабинетінде қымбат вискиді сыздықтата жұтып, жуандығы бас бармақ сигараны жапырағын сытырлатып, бір басын қиып тастап, сорғылап, қою түтінін төбеге үрлеп отырып, неше түрлі роликтерді қарайтынды шығарды. Донбастағы жарылған үйлер, жол апаттарын түсіріп алған регистратор жазбалары, ондаған адамды жатқызып қойып, бауыздап немесе калаштың оғын себелеп өлтірген радикалдар, қойшы, әйтеуір, осыларды көріп, жүйкесі тынышталып, жаны жай табатын болыпты.

Тіпті бірте-бірте іздеп жүріп тауып, қарай бастады. Жиналыста, таксиде, ұйқыға кетер алдында, не керек, атқан таң мен өшкен шамның арасында осы типтес ең болмаса бір-екі роликті көріп алмаса, бірдеңе жетіспейтіндей болып тұрады.

Бір күні бұл жұмысқа балға алып келді. Шығып бара жатып былғары сөмкесіне сала салған болатын. Неге өйткенін өзі де білмейді. Қызық көрді ме екен…

Кірген бетте «Саламатсыз ба, Дидар Келгенбекович» деп орнынан ұшып тұрған хатшы қыздың басынан бір салды. Шалқалай барып құлаған мүрдеге мән берген жоқ, жалт бұрылды да, қабылдау бөлмесінде отырған, бұған таңырқап қарап қалған бөлім бастығына балғаны жіберіп қалды. Шеге қағып үйреніп қалған сайман шыр айналып, ауыр басымен шықшытты күтірлете сындырып барып қадалды.

Ентігін басып, екі иығынан ауыр демалып, төбеге қарап, талтайып тұрып қалды. Жымиды.

* * *

Полицияға бірінші болып диспенсердегі суды ауыстыруға келген қара жұмысшылар қоңырау шалған болатын. Оқиға орнына ұшып жеткен күштік құрылым қызметкерлері күдіктіні кабинетінен тапты. Қарсыласпады. Алдында жартылай ішілген вискидің бөтелкесі. Қолына кісен салынып жатқанда қайта-қайта «бақыттымын, бақыттымын» дей берді.

Менде бір керемет сюжет бар...: #QazzaqDepression. Кайен-Угар Таобаоев. Кресло
Әрі қарай

Мег Майерс туралы: Жанды жеп айту деген осы

«Мег Майерс — музыкадағы жас қыздар туралы стереотиптің көзін жоятын тұлға.»
Nylon Magazine

Қуатты дауыстарға "құлай" салатын адам едім онсызда. Шамамен бір ай бұрын Facebook-тағы досымның бөліскен сілтемесіне өтіп, бірде күңірене теңселіп, тыншу таба қалатын, бірде буырқанып, жан демей, жүрек демей, жолдағысының бәрін жапырып өтетін әлдебір орасан толқынның астында қалдым.
Әрі қарай

Хардкор: Армандар орындалады!

Киностан: Хардкор: Армандар орындалады!
Сықырлаған кресло, сыбырласқан жұрт, сораптала ішілген сусын, попкорн иісі. Кенет шам сөніп, экранға жан бітеді де… құлақ-шекеден жұдырық тиеді, мойынға пышақ сұғылады, маңдайға оқ тиеді. Және осының бәрі слоу-момен көрсетіледі.

Иә, құрметті оқырман, мұның бәрі — «Хардкор» фильмінің алғашқы титрларында көрсетілетін көріністер. Ары қарай жүретін оқиға әлгі ел аузындағы сөз секілді: "… чем дальше в лес, тем страшнее".

Қазақтардың ара-тұра қопаңдап қалуына себепкер Тимур Бекмамбетов продюсері болған «Хардкор» атты фантастикалық экшн бүгіннен бастап кинотеатрлардан көрсетіле бастайды. Кеше көріп шыққан киноның әсерінен әлі арыла қойған жоқпын, соныммен бөлісе отырайын.

Киностан: Хардкор: Армандар орындалады!
Не:
Атауы: Хардкор
Түсірген елдер: Ресей, АҚШ
Бюджеті: $2 000 000
Жанры: Экшн, фантастика
Қазақстандағы премьерасы: 7 сәуір 2016
Ұзақтығы: 96 минут

Кім:
Режиссері: Илья Найшуллер
Продюсерлері: Тимур Бекмамбетов, Илья Найшуллер
Сценарий: Илья Найшуллер
Рөлдерде: Шарлто Копли, Данила Козловский, Хейли Беннетт, Андрей Дементьев, Сергей Шнуров, Тим Рот және т.б.

Не туралы:
Бас кейіпкер Генри әлдебір зертханада есін жияды. Жанында «сені сүйемін, жан жарыңмын» деп өзін таныстырған Эстель атты хас сұлу болады. Атыс-жарылыстан айрылған аяқ-қолы темірге ауыстырылған. Жалпы өзін адам деп ауыз толтырып айтуға келмейді. «Буырқанған, бұрсанған, мұздай темір құрсанған» біреу.

Бір уақытта зертханаға фильмнің зұлымы Акан баскесерлерімен басып кіреді. Азды-көпті атыс пен қуғыннан соң Генридің әйелі Эстель Аканның қолында қалады. Сүйіктісін құтқармаққа бел буған Генри Джиммимен танысып, Аканға қарсы күреспекші болады.


Қайдан шықты:
2013 жылдың көктемінде Biting Elbows атты инди-рок тобы «Bad Motherfucker» атты әнге клип түсіреді. Ролик аса танымал болып, бір айдың ішінде 23 миллион қаралым жинайды.


Клипті көрген Тимур Бекмамбетов топтың негізін қалаған Илья Найшуллерге толықметражды фильм түсіру туралы ұсыныс жасайды. Әуеліде бас тартқан Илья кейін келісіп, жобаның режиссері һәм сценаристі атанады.

Не ойдамын:
Сөз жоқ, «Хардкор» — бір кездердегі «Рейд», былтырғы «Безумный Макс» секілді кинотекамнан ойып орын алатын фильм. Алған әсер мен шығарған қорытындыдан кейін анда-мұнда шашылып қалған ойымды жинақтасам, бұлай деуіме тым жалпылама айтқанда бес себеп бар екен.

Киностан: Хардкор: Армандар орындалады!
1. Фильм бірінші жақтан түсірілген. Жобаның жаңалығы да осы. Әрине, «Хардкор» Америка ашып отырған жоқ, сюжетті бас кейіпкердің көзімен көрсететін туындылар болды, бірақ олар не сәтсіздікке ұшырады, не фильмнің ішінен бірнеше минут берумен ғана («Doom» секілді) шектелді. Менің ойымша, бастан-аяқ осы стильде жасалған және табысты болатын алғашқы жоба осы «Хардкор» сияқты.

Оның үстіне біздің заман ойын мен киноның, шынайы кадр мен салынған суреттің арасын барған сайын жақындатып, шекарасын жойып барады. Call of Duty мен Medal of Honor ойнап өскен біз бен одан зорғысын көрген кейінгі ұрпақ үшін контенттің көрерменге жақын, оқиғаның барынша әсерлі болуы (тек сюжет тұрғысынан емес) маңызға ие.

Фильмнің бірінші жақтан түсірілуі — тамаша эффект. Бас кейіпкер төмен секіргенде аяғың селк етіп, жинап ала қоясың, өзге актерлердің тура саған қарап, сөйлегені мойын бұрып, өзге нәрсеге алаңдауға мүмкіндік бермейді. Бір сөзбен айтқанда, көру керек, сезіну керек.

«Еркек қанша жаста болмасын, басқаратын ойыншық тікұшақ сатып алуды армандайды» деген сөз бар ғой. Сол секілді компьютерлік ойынның дәмін татқан кез келген адам (мейлі ол гик болсын, мейлі ол бірнеше рет қана атысқан нуб болсын), денсаулыққа қауіп төнбейтіндей қылып осы ойынды өмірде қалай жүзеге асырса болады деп ойланғаны анық. Міне, сол арман орындалып отыр.

Киностан: Хардкор: Армандар орындалады!
2. Фильм қаталдыққа толы. Былжыратып қан-жынын ағыза беретін хоррорларды емес, қырғын төбелесті көрсететін және адамның ауыр темір, жалаңдаған пышақ, зуылдаған оққа қарсы тұра алмайтын әлсіздігін аяусыз беретін фильмдерге айызы қанатындарға «Хардкорды» ұсынамын. Рейтингі бекер «R» (17 жасқа толмағандарға ата-анасынсыз көруге болмайды) болсын ба, ананы көріп отырып, өзің барып келгендей әсерде қаласың. Оған жоғарыда айтылған эффектті қоссаңыз, тіпті де сұмдық. Фаталити, қысқасы.

Киностан: Хардкор: Армандар орындалады!
3. Актерлік ойын. Әрине, айналасы бес-алты актерде неғылған ойын бар деуіңіз мүмкін, алайда өз басым Джиммиді ойнаған Шарлто Копли мен Аканды сомдаған Данила Козловскийді ерекшелеп айта кетер едім. Алғашқысы әлжуаз лохтан бастап брутал альфа-еркекке дейін ойнай алатынын баяғыда-ақ дәлелдеген ("№9 аудан" дәлел), бұл жерде де Джиммидің бірнеше образын тамаша жеткізіпті, соңғысы қыз-қырқынды ұлардай шулатқан метросексуал кейпінен алшақтап, әуесі, әумесер, ауруды жақсы көрсеткен.

Әрине, бұлармен қоса бастарына GoPro камерасын киіп, бас кейіпкердің (түрін көрмесек те) жүгін арқалап шыққан оншақты жігітке де құрметімді білдіремін.

Киностан: Хардкор: Армандар орындалады!
4. Әзіл. Иә, «Хардкорда» жақсы әзілдер бар. Және ол тек американ спецификасындағы біз түсіне бермейтін қалжыңдар да емес, соңғы кезде ТМД-лық, әсіресе ресейлік кинематографта көбейіп кеткен дәрети-алкогольдік құсық та емес, дәл уақытында айтылған, кейде "қара әзіл" стилінде берілетін фразалар.

Киностан: Хардкор: Армандар орындалады!
5. Эстельдің рөлін ойнаған Хейли Беннетт.

Қорытынды:
«Хардкорға» бару керек. Біріншіден, ерекше эффекті бар (бірінші жақтан түсірілген, бас кейіпкердің түрін көрмейсіз), екіншіден, сапасы жап-жақсы экшнді көріп қайтасыз. Оның үстіне фильмнің Ресейде түсірілгені ментальдік тұрғыдан бізге жақын: біраз қалжыңды, сюжеттік кейбір бұралаңдарды жақсы түсініп отырасыз.

Берген бағам: 8/10

Әрі қарай

Жаман SMM-ші боламын десеңіз

Қазақ аудиториясының көбеюі қазақ SMM мамандарының пайда болуына алып келді. Әйтсе де бұл саланың мемлекеттік тілдегі бағыты әзірге кәсіби деңгейге толыққанды көтеріле алған жоқ. Оған SMM-манагерлердің біліктілігінің төмен болуы, тапсырыс берушілердің Интернетті қазақ тілінде пайдаланатындардың потенциалына қатысты күдік-күмән білдіруі секілді бірқатар факторлар себеп болып отыр. Қазақ SMM-і қайда барады, ертеңі не болады деген мәселелерді кейін қарастырармыз.
Әрі қарай