Таңдаулы

Қош, Блогиада немесе Ең, ең, ең...

Уақыт қалай зымырайды, ә? 8 ай да зу ете қалыпты. Міне, отызыншы постымды жазып, Блогиададағы бәйгеме нүкте қоймақпын. Дүбірлі блогжарыс мені ізденуге, шыдамдылыққа, сынды дұрыс қабылдауға, қатені мойындауға үйретті. «Блогермін» деп сенімді, нық айта алатын дәрежеге жеттім.
Сапалы контентке қосқан 29 «үлесімнің» мониторға дейінгі жағдайы қалай болғаны; постты жазу барысында қандай қызық, нендей қиындық кездескені айна-қатесіз көз алдымда. Енді ше, әр постым ішімнен шыққан балам сияқты: әрбірін толғанып, толғатып, қиналып, жылап-сықтап дүниеге әкелдім. Әр жазбаның жазылуы — ауыз толтырып айтарлықтай әңгіме)))


Ең алғашқы пост


Блогиадаға қатысуға шешім қабылдағаныммен артынан қатты қорықтым. Адуынды ақсақал-блогерлері бар, мықтылары бар, олармен жарысамын деп сайыстың ортасына жетпей масқара болудан, елдің күлкісіне қалудан шошыдым. Алайда, шегінуге жол жоқ, барынша жақсы жазба жазуға тура келді. Берілген «Көктем» тақырыбы былай қарасаң, тым оңай сияқты, екінші жағынан тым қиын. Креативімді іске қоспасам, постым 8 сыныптың шығармасынан аумай қалғалы тұр. Ойыма бизнес сап ете қалсын!
«Жезөкшені жазам» — дедім бірден. Одан кейін сатушылар, кондуктор, таксист, жалғаса берді.
Жұмыстың фотоаппаратын қолыма алып, Астананың орталық базарына шықтым. Базарда жай адам томардай құрылғы ұстап жүрмесі анық, бәрі маған бұрылып тұрып қарайды. Сатушылардан ақпарат алу да, суретке түсіру де оңайға соқпады. «Айқын газетінің тілшісімін, жақсы материал дайындағалы жатырмын,» деп алдауға тура келді (Айқын ұжымынан кешірім сұраймын).
Кешкісін жезөкшені «аулауға» шыққанда басталды қызық. Қасымда таныс жігіт бар. Алдымен сутенерлерге соқтық, бәрі ат-тонын ала қашты. Одан кейін әлгі сылқымдарды аңдыдық. Сөйтіп жүргенде ойда-жоқта пәтерді жалға берушілерден ақпарат алдым.
Тура мағынасында маңдай тер, табан ақымен туындаған жазбамды бәрі мақтай жөнелгенде төбем көкке екі елі ғана жетпеді-ау. Қазылар мен оқырмандардың оң пікірі маған дем берді, бойымда сенімділік пайда болды. Тағы да жақсы жазба жазуға шабыттандырды.

Түңілдірген пост


«Сүт» тақырыбы берілген сәттен-ақ интернетті ақтарып отырып, сүттің сапасын анықтайтын неше түрлі тәжірибелерді жасап көрмек болдым. Дәл сол сәтте құрбым Әйгерім Кеулімжай видеоларымның операторы боп жүрген еді. Сүттің сапасын анықтап тұрғандағы видеомды түсіруге де келісе кетті. Бірақ, тәжірибе сәтсіз шығып, жоспар күлге ұшты. Не істеймін? Видео түсіріп болған соң сүтке шомылу поцедурасы туралы ақпарат алуға бармақ болған Әйгерімге де сұлулық салонынан «отказ» келді. Екеуміз де «енді қайтеміздің» астында қалдық. Бірден Астанадан 70 шақырым алшақта жатқан Родина ауылындағы «Родина» сүт зауытына барамын деп шештім. Әйгерімге бірге баруды ұсындым. Ол қарсы болмады.
Бардық. Көрдік. Суретке түсірдік, ақпаратын алдық. Үйге қайтарда кімнің не жазатынын бөліп алар сәтте «Мен мынаны жазамын» деудің орнына, дос көңілін қимай, «Сен мынаны жаза ғой, мен қалғанын жазайын,» дедім. Сонда… жарыста достықты ысыра тұру керегін, өзің және өзіңді ғана ойлау керегін есіме алсамшы)))
Қазылар алқасы Әйгерімге жоғары балл қойып, маған төмен ұпай бергенде түңіліп кеттім. Екеумізге бірдей баға қояды деп күткем. Жыладым. Өзімді әділетсіздік құрбаны сезіндім. Саммитамен шәй ішуге барып отырып, жылап қайтып кеткенім есіме түссе, сұмдық ұялам. Саммита күліп кеткен шығар)))
Жаңа басталған жарыстың тұғырынан «түсіп қалатын болдым» деп байбалам салғаным-ай! Сайыс аяқталғанша сондай паникамен келдім)))

Ең қауіпті пост


Арнайы Блогиада үшін, «Фоторепортаж» тақырыбы үшін профи фотоаппарат сатып алдым. Ала сала, постымды дайындауға кірістім. Сонда жаңа Nikonның функцияларын қарап та алмаппын.
Шымкенттен туыс әпкем келіп, апталап жатып, «емделіп» жүрген космотерапевтке аттандым. Дым қорқыныш болмады, қала сыртындағы беймәлім ортаға жалғыз-ақ бардым.
Су жаңа құрылғымды түк түсінбеймін, суретке түсірсем, сонадайда тұрған адам көз алдымда, кадрге сыймайды. Ары шұқимын, бері шұқимын. Болмаған соң соткамды шығарып, соған түсіре бастадым. Емделуге келген адамдардың емес, космотерапевт Евгенияның рұқсатын алған соң көзін жұмып алып, теңселіп тұрған адамдардың арасында емін-еркін ғычық-ғычық еткізіп қойып жүрмін. Есесіне, олар сеанс аяқталған соң «жанымды шығарды». «Бізді неге рұқсатсыз суретке түсіресің» деп, құрылғыма жармаспасы бар ма?! Жаңа ғана сатып алған фотигімді сындырып қоя ма деп қорықтым. Ойбу, сонша тыраштанған суреттерімді сол жерде қимастан өшіріп тастауға тура келді. Ұялы телефонымдағы суреттерді білмегені жақсы болды.
Қайтайын десем, дала қап-қараңғы. Қаланың сырты болған соң көлік те аз. Жолдың бойында үрпиіп, такси тоқтатып тұрмын. Бір машина өтіп барып тоқтады да, жүргізуші «Эльвира?» деді таңырқаған дауыспен. Танымадым. Сөйтсем, осы Керектегі Торғай екен. Жақсы болғанда, үйге апарып тастады.

Ең нашар пост (меніңше)


«Сусын» тақырыбына асыққаныммен, дым идея болмай шықты. Ары-бері ойланып, инфографика жасамақ болдым. «Несі бар, Нұрберген Мақымның сүтке жасаған инфографикасы жап-жақсы баға алды ғой, сен де қатырасың,» деп қояды бір ойым. Таңертеңнен түннің ортасына дейін тапжылмастан жасаған инфографикаға ұқсас бір дүнием сол сәтте мен үшін ғажап боп көрінген. Қазір сол шимай-шатпақты жарияласам, 2 не 3 ұпай алар еді))). Нұрбергеннің инфографикасы қайда, менің шимайым қайда, әхәхә.

Өкіндіретін пост


«Сұхбат» тақырыбы. Нысана айқын. Бірден визажистке қояр сұрақтарымды жинап, оған жауап беретін жақсы маманды іздей бастадым. Жұлдыздардың бетін әрлеп жүрген Сандуғаш Бексырға Алматыда, сұхбатымды телефон, интернетсіз тікелей өзінен алу керек. 7 арнаның визажистін тауып, келісіп, сұхбатты алып келдім. Үйге келіп, диктофондағы диалогты жазбы қылып түсіріп отырып, кенет бәрі ұнамай кетті. «Қазылар алқасының 80 пайызы жігіттерден тұрады, олар онсыз да боянған қыздарды жақтырмайды. Демек, менің жазбам оларға қызық болмайды да, төмен балл қоя салады.» Осы бір ой маза бермей қойды. Мерей Ермұхановпен(Мереймен көп ақылдасатынмын) ары-бері ақылдасып отырып, қолжетімсіз мамандық иесінен сұхбат аламын деп шештім. «Неге Мерей» дейсіз бе? Жәй, ол – менің құрдасым ғой)).
Сонымен не керек, ұйымдасқан қылмыстық топ мүшесін, рэкэт деуге аузым бармайды, таптым. Досым арқылы оларды әңгімелесуге келістірдім. Аяқ-қолым дір-дір етіп сұхбатымды алдым. Алдын ала сұрақтарымды қағазға түсіріп алмаппын, «бұзықтардың» гүр-гүр еткен дауысынан ойымдағының бәрін ұмытып қалдым))) Ол постыммен бәрін «жыртып тастаймын» деп ойлап едім, БАЦ! Ерлан Оспан 6 ұпай қойып, ұрысып кетіпті. Тағы көңіл-күй түсіп, тостағаным жуылып қалды. Өкіндім. Ішкі дауысымды тыңдап, визажисттің сұхбатын жарияламағаныма өкіндім. Жігіттерге боянып-сылану жұмбақ боп көрінеді деп ойламаппын…

Ең ыңғайсыз сәт


Маралбекті таныстырар кезде өзі Астанада болмай, жампозы Самалды біраз мазалауға тура келді. Сағат түнгі 1-2-ге дейін отырып, Марконы біраз зерттегенім бар-тын. Ертесіне кейіпкерімнің сыныптасы, досы, ата-ана, ауырының телефон номерлерін алып, бір-бірден хабарласа бастадым. Келесі күні бір ақпар керек боп, тағы телефон шаламын. Келесі күні тағы звондадым. Қайта-қайта қылқылдай берсем керек, соңында менің қоңырауыма жауап бермейтін болды біразы. Mail.ruдағы аккаунттарына кіріп, суреттерін іздедім. Таңдағаным жарамай, тағы барып, фото қараймын. Соның бәрін басқаша түсініп қалған-ау, біреуінің әйелі хабарласып тұр. «Сен неге менің күйеуіме хабарласа бересің? Неге тыныштық бермейсің бізге?», қысқасы, «материалыңмен қоса құры» деді.
Не күлерімді, не жыларымды білмеймін. Ана апайға ақталып та үлгергем жоқ. Жыпылық-жыпылық еткен күйі біраз отырғам))). Кейіннен звондап, кешірім сұрағым келді де, тағы бірдеңе бүлдіріп жүрермін дедім.

Ең көңілді дайындалған пост

«Садақа» тақырыбында, бетін аулақ қылсын, көшеге шығып садақа сұрап көрдім. Сонда біреудің алдына жетіп барып, алақан жаюға сонша ұялғаным-ай! Өзімді «дайындап» біраз тұрдым. Алдыма бас киім қойып, ән айтарда 30 минуттан аса «дайындалдым». Айналамның бәрі мені танитындай, ұялып барам. Әнді бастайын десем, дауысым шықпайтын сияқты. Бәрі маған қарап тұрғандай әсерде отырдым. Күле берем, күле берем. Маған көмектесуге келген Абылай да бір бұрышта тырқ-тырқ етеді. Ақыры, қолыма жиған ақшамды алып, мәз боп жүргенімді бір танысым көріп тынды мені))) Ұялғаным-ай!

Ең жылдам дайындалған пост


Мәскеуден келіп, Шымкентке бөлемнің тойына кеттім. Бір апта бойы «Жыныстық сауаттылық» тақырыбына мойын бұруға еш уақыт болмады. Уайымдаған да жоқпын, «ары кетсе, шығып кетермін сайыстан» деп жүрдім. Сондай немқұрайдылық пайда бола бастағандай, бәлкім, сайыстың ұзақтығы жалықтырып жіберген шығар. Сенбі күні той болды, жексенбі Астанаға жолға шығамын. Ойыма Айқаракөздегі «күлкілі» пікірлер сарт етті де, соларды топтастыруды жоспарладым. Бірақ, оның өзіне уақыт жоқ. Жолға 2 сағат қалғанда компқа отырдым да, пікірлерді іріктеп, скриндерін алып алдым. Пойызға отырғанда жазбаны бастадым да, зуылдаған тальго Таразға жеткенше үлгеруге тырыстым. Тараздан өтсем, интернет ұстайтын келесі станцияға жеткенше сағат тілі түнгі 12-ден асып кететін еді. Зыпылдатып отырып, ойымды соткама түсіріп, Таразда жариялап жібердім.
Айтпақшы, үйдегі компьютерде сақтаған скриндерді өшіруді ұмытыппын, кейіннен жеңгем: — «Анау бүйтіп қалдым, сөйтіп қалдым деген суреттер не пәле? Сенікі ма, Бахоштың (баласы) істеп жүргені ма?» — дейді. Ой, ұялғаным-ай)))) «Хорошо что» ағам көрген жоқ)))
Осы атүсті дайындалған постым 10 ұпайға бағаланғанда таң қалдым.
Бір заңдылықты байқадым, мен барынша «тыраштанып» жазған постым төмен бағаланып, қалай болсын солай жазған жазбам жоғары бағаға ие болады екен.
Айтпақшы, «Инвестицияның» жазбасын да 2-3 сағат ішінде жазып шыққанмын)))).

Мені жылатқан, күлдірген, қуантқан, өкіндірген, сабақ болған Блогиадаға қатысқаныма қуанамын. Блогиада — нағыз блогерді тәрбиелейтін мектеп. Алда талай дүлдүлді баптайтынына сенімдімін. Сондықтан жалғасқанын қалаймын.

Көңілі көтеріңкі болса, бағаны үйіп-төгетін, мазасы болмаса, ұрысып тастайтын Ерлан Оспанға;
Қатені тізіп жазып, түзеу керек жерді бетіме басып тұрып көрсететін Асхат Еркімбайға;
Қанша қатал боп көрінсе де, ең жұмсақ, жекеде «Блогиададан кетем» деп жылағанымды сабырға шақыратын Тимур Бектұрға;
Қолы ашық, ең мейірімді жюриіміз Нұрғиса Асылбековке;
Менен 6-сы мен 7-сін аямаған, жазбам жәй ғана ұнамай қалатын Назгүл Қожабековаға АЛҒЫС АЙТАМЫН! Сіздердегі қаталдық менің блогерлік тұлғамды қалыптастырды, ізденімпаздыққа әкелді.

Ұйымдастырушы Аршат Оразға, демеуші Азаматхан Әміртайға рахмет!

Рахмет саған, Блогиада!


И мә, мына постым мерейтойда айтатын тост па, бірдеңе боп кетті ғой))). Соңғы тур ғой, жыл бойына қысылып-қымтырылып, артық сөз жазуға қорқып келіп едім. Бүгін бір еркінсиінші))))

Үстімнен ауыр жүк түсіп, тау қопарып тастағандай күйде отырмын. Алақай, Блогиада аяқталды! Енді апта сайын сары уайымға салынып, стресте жүрмеймін ;)

Ихууууу!

Блог - aikarakoz: Қош, Блогиада немесе Ең, ең, ең...

Сайысқа бірге аттанған замандастарым, сіздерге де рахмет!



Маржан Сұлтанбай оқитын «Жас түлек» өлеңі тіліме басқаша орала бергені несі…

Арманыңда, жаныңда жалын ән бар,
Блогиадашы, сөзіме көңіл аудар.
Бұрынғыдай күтпейді жанкүйерлер,
Бұрынғыдай күтілмес ұпай, балдар.

Сайыс қайта есігін ашпас енді,
Блогиада — ұстаз ақылды, ақ шаш өңді.
Басқаша енді өтеді әр жексенбі,
Сағат тілі соғылар басқаша енді.

Даусыз бұл жыл есіңде сақталары,
Әр қазының он балдық мақтаулары.
Оқырманың күтеді жазуыңды,
Күтпейді тек әр турдың тақталары.

Былтырғыдан басқаша биыл, демек,
Блогерлік тәжірибе, күйің бөлек.
Енді бізге тағы бір жиын керек,
Жюрилердің бетінен сүю керек)).

Блогиадашы, шығармашылығың өрлей берсін!

Әрі қарай

Ұл-қызыңызды қандай сауалдар мазалайды? (16+)

Кхм… бұл тақырып та келді… :)

16 жасқа толған жастарға ата-анасымен бірге отырып оқуға рұқсат етілген жазба


Үш жылға жақындап қалды, өзім қолға алған aikarakoz.kz сайтында жыныстық қатынас туралы айдар бар. Ол айдарды жүргізгендегі мақсатым — титтей де болса жыныстық сауаттылыққа үлес қосу.
«Жұрттың бәрінің бұл саладағы сауатын жапырып арттырып жатырмын» демеймін. Орысша-ағылшынша сайттарды аралай бермейтін қыз-жігіттерге аз ғана ақпараттың да пайдасы тие ме деген есекдəме…
Блог - aikarakoz: Ұл-қызыңызды қандай сауалдар мазалайды? (16+)
Айқаракөз сайтындағы ең көп оқылған ТОП-10 жазбаның жетеуін жыныстық қатынас тақырыбы алып тұр. Гугл арқылы ең көп ізделетін сөзді де ішіңіз сезіп отырған шығар. «Төсек төңірегіндегі әңгіменің бәрі халықты қашанда қызықтырған, қызықтыра да береді». Алайда, осы жазбалардың әрқайсысының астына түскен 300-350 пікірді, жолданған сұрақтарды қарап отырып, мұндай ақпараттарды қызыққаннан емес, өзі білмегеннен іздеді деген тұжырымға келдім.
Өйткені, ана қызына, әке ұлына дамып келе жатқан мүшелердің алғашқы белгілерінен бастап, оның атқаратын қызметтерін бір-ақ сөзбен түсіндірген: "ҰЯТ БОЛАДЫ!"

Есімде, қыз болып, етекті қымтап ұстауымыз керек екенін алғаш рет сынып жетекшімнен есіткем. Онда да, гинекологтар келіп, қыздың ағзасында болатын алғашқы белгілер туралы арнайы сабақ өтті. Анам да айтқан, тек кейін… есейіп қалғанда. Сол баяғы "ұят боладымен" қысқа қайырған. Жо-жоқ, аналардың бәрі ондай демеймін, баласына бәрін жіті түсіндіретіндері де бар, бірақ, аз.
Мектепте ер мен əйелдің ағзасы туралы түсіндіретін бір ғана сағат бар. Оған қатысқың келсе, сол күні ауырып қалмай, мектепке келуің керек.Бірақ, бізде сəл басқашалау болды. Дəл «интимді» тақырыпқа келгенде анатомиядан беретін Қуат ағайымыз ауырып қалған))).
Қазір баяғы "ұятсыз" видео кассеталардарды, дисктерді жалға алып, оны үйде ешкім жоқта тығылып көретін заман емес. Қыздар анасынан сұрауға қорқатын, жеңгесімен сырласуға ұялатын тақырыптарды дереу интернеттен іздейді. Тіпті болмай жатса, сұрағын қояды.

Айқаракөздің жыныстық қатынас туралы жазылған кез келген жазбасын ашып қарасаңыз, жазба астында «пышырлап» тұрған сұрақтарды көресіз. Оқырмандардан келген. Сол сұрақтар арқылы біздің жастарға қай жағынан ақпарат жетпей жүргенін білуге болады.

Бойжеткенге ой жетпей жүр


Қыздарды, оның ішінде 15-20 жас аралығындағы бойжеткендерді жиі мазалайтын сұрақтың ең көбі — пəктік белгі. Оның қалай орналасатыны, қалай бұзылатыны, қандай жағдайдың қауіпті екені туралы көп сауал қойылады. Тіпті өзіндегі пəктік белгісінің бар-жоғын анықтау үшін салдары өкінішке əкелетін əрекеттерге барып жатады.

Блог - aikarakoz: Ұл-қызыңызды қандай сауалдар мазалайды? (16+)
Блог - aikarakoz: Ұл-қызыңызды қандай сауалдар мазалайды? (16+)

20-23 жас аралығындағы нəзік жандарды толғандыратын сұрақтардың екіншісі — пəктік белгісінің бар-жоқтығы. Жігітінің «сыртынан, жанынан көремін» дегенінің шын-өтірігін айыра алмай, дал болады. Əрине пəктік белгінің не екенін білмеген адам оған төнетін қауіпті де білмейді.
Блог - aikarakoz: Ұл-қызыңызды қандай сауалдар мазалайды? (16+)
Блог - aikarakoz: Ұл-қызыңызды қандай сауалдар мазалайды? (16+)
Блог - aikarakoz: Ұл-қызыңызды қандай сауалдар мазалайды? (16+)

Қыздарды мазалайтын сұрақтардың үшінші сатысы пəктік белгінің қалпына келуі жайлы. Білместіктің салдарынан туындайтын олқылықтың орнын толтырғысы келеді, бірақ, қалай?
Блог - aikarakoz: Ұл-қызыңызды қандай сауалдар мазалайды? (16+)

Айқаракөз — қыз-келіншектердің сайты болғанымен, жігіттер туралы жазбалар жарияланып тұрады. Жігіттердің де жөн сілтер ақылшысы болмай, интимді мəселесіне жауап берер жан іздейді екен.

Азаматты қай сұрақ мазалапты?


Жігіттер қауымынан жолданатын сұрақтардың үздігі — алған жарының пəктігі туралы. Пəктік белгіні көрмесе, мүмкін əйелін ақтап алғысы келер, мүмкін өзіне сенімді болғысы келер, əйтеуір қандай да бір ақпар білгісі келеді.
Блог - aikarakoz: Ұл-қызыңызды қандай сауалдар мазалайды? (16+)

Жігіттерден келетін "құпия" сұрақтардың екінші орнында жыныс мүшесін үлкейту мəселесі тұр. Өзінікіне көңілі толмайтын жігіттердің қатары едəуір көп екен.
Блог - aikarakoz: Ұл-қызыңызды қандай сауалдар мазалайды? (16+)

Азаматтарды толғандырып жүрген мəселенің үшінші сатысы жыныстық аурулар жайында. Қандай да бір кеселге ұшырап қалудан қорқатын жігіттер де аз емес…
Блог - aikarakoz: Ұл-қызыңызды қандай сауалдар мазалайды? (16+)

Кейде езуіңе еріксіз күлкі үйіретін сұрақтар да келеді. Əрине, бізге ғой күлкілі, ал, сұрақ жолдаушылар қандай да бір кеңеске, қолдауға зəру.

Блог - aikarakoz: Ұл-қызыңызды қандай сауалдар мазалайды? (16+)
Блог - aikarakoz: Ұл-қызыңызды қандай сауалдар мазалайды? (16+)
Блог - aikarakoz: Ұл-қызыңызды қандай сауалдар мазалайды? (16+)
Блог - aikarakoz: Ұл-қызыңызды қандай сауалдар мазалайды? (16+)
Мұның себебі ана мен қыздың құрбыдай сырласпауында, ананың бой жетіп келе жатқан қызының ағзасындағы əрбір құбылысқа бей-жай қарауында; əкенің ұлына салмақты əңгіме айта алмай, «бəрін көше үйретеді» деп ойлауында.
Қайбір жылы депутат Айткүл Самақова: — «Мектептерге жыныстық ағартушылықты енгізген жөн,» — деп жақсы бастама көтерген еді. Оның соңы «ойбайға» ұласып, баяғы "ұят боладымен" аяқталды.
Статистикаға сүйенсек, əлімізде əрбір үшінші отбасы ажырасып жатыр екен. Ажырасуға алып келетін бірден бір себеп — жыныстық сауатсыздық.

Сіз есейіп келе жатқан ұлыңызбен, қызыңызбен ашық əңгімелесуге дайынсыз ба? Балаңыздың табиғат заңдылығын түсінуін өз қолыңызға аласыз ба, əлде өзіне қалдырасыз ба?
Әрі қарай

Көлік тізгініндегі әйел - граната ұстаған маймыл? Ха!

"Әйел баласы көлікті дұрыс айдай алмайды," деп жатады ерлер қауымы. Тіпті, «көлік тізгініндегі әйел — граната ұстаған маймыл» екенін айтып, өзара қарқылдасып алады. Иә, иә, сіз де дәл қазір бас шұлғып оқып отырсыз.

Ха!

Осы неге екенін қайдам, көшеде жол ережесі бұзылып жатса, «рөлде „точно“ әйел отыр» деп, көріпкелдігіне салып жатады көп кісілер. Әлбетте, сол көліктің жанына барып, болжамының рас-өтірігіне көз жеткізеді. Көкелерім-ау, машина айдаған қыз-қырқынды сырттай сыбай бергенше, алғаш рөлге отырған әйелдің қандай пайда әкелгенін біліп алмайсыздар ма?


Көлік рөліне отырған бірінші әйелдің пайдасы

Қазіргі талайдың махаббатына айналған, «сән-салтанаттың белгісі — Мерседес Бенц» көлігін ойлап тапқан Карл Бенцтің әйелі Берта Бенц (жаңылпаш боп кетті ғой ) — алғаш рет бензинмен жүретін көлікті жүргізген әйел. Ол күйеуіне айтпастан екі ұлын қасына ертіп, көрші ауылға үш дөңгелекті машинамен кетіп қалады. Жолда көлік өшіп қалады, бұзылады. Сол кезде Бертаның шаш қыстырғышы бітеліп қалған жанармай құбырын тазартуға пайдаланылса, шұлығының резіңкесін оталдыруда қолданады. Пәлі, әйелдің мотор-потордан хабары бар боп тұр ғой  Әрине, сырттан көмек те көрсетіледі. Сонда Карл Бенцке Берта «беріліс қорабын» (коробка передач) орнату туралы кеңес берген екен.

Блог - aikarakoz: Көлік тізгініндегі әйел - граната ұстаған маймыл? Ха!


Әйелдер жол ережесін сирек бұзады

Рас, қазір жүргізуші әйелдер көбейіп кетті. Әкімшілік полиция Басқармасының статистикасына сүйенсек, Астанада әр бесінші көлікті әйелдер жүргізеді екен. Жол ережесін бұзған 30 көлік тоқтатылса, оның ішіндегі бір жүргізуші ғана әйел жынысты болып шығатын көрінеді. Бұл — Жол Патрульдік Полициясының мәлімдемесі.
Демек, әйелдер тірлікке ғана емес, автоға да өте ұқыпты қарайды. Анда-санда жол үстінде «бұзық боп қойған» қыздың қылығын өмір бақи ұмытпай, барлық қыздың бетіне салық қылады да жүретіні несі екен осы жігіттердің?  Ал, еркектердің трассадағы «оқалақтығы» назарға да ілінбейді…

Рөлде боянады дейсіз бе? Қыздар рөлге отырған былай тұрсын, жаяу жүріп келе жатып бояна алмайды. Өйткені, бетке сурет салу үшін тоқтау керек, артық қимыл болмау керек . Ал, бағдаршамға не тығынға тоқтағанда ерін бояй салғанды есепке алмаса да болады. Өйткені, көлік тоқтап тұр — ешкімге зиян келмейді

Блог - aikarakoz: Көлік тізгініндегі әйел - граната ұстаған маймыл? Ха!


Кілең әйел жынысты жүргізушіден тұратын таксопарк

"Әйелдер көлік жүргізе білмейді" деген стереотип шытынап, тіпті, қирап бітті-ау. Өйткені, кілең әйел жүргізушіден тұратын таксопарк Қазақстанда да көбейіп келеді. Алматыда 2 жыл жұмыс істеп, жабылған «Леди» таксопаркін есепке алмасақ, Қарағанды мен Шымкентте «күлгін көлікті такси» қызмет көрсетеді.

Биыл маусым айында ғана қызмет көрсетуге кіріскен Шымкенттегі «Айсұлу» таксопаркінде 11 көлік бар. Жұмысқа алынған 11 бикештің еңбек өтілі 4-5 жылдан кем емес. Әрине ер-азаматтар сенімсіздік танытып, ол сұлулардың қызметіне жүгінуге қорқатын болар, сондықтан көбіне «Айсұлу» таксиге тапсырыс жасы үлкен кісілерден түсетін көрінеді.
Оны айтасыз, ендігісі 68 жасқа келген оралдық Оразхан апаның өзі аталған стереотипіңіздің қирауына үлес қосқан жоқ па?
Зейнетке шығып, үйде отырған әжелерге кеңес беріп өткенім ұят бола ма деп отырмын.

Блог - aikarakoz: Көлік тізгініндегі әйел - граната ұстаған маймыл? Ха!


Такси ұсынатын жаңа қызмет — "әйел жүргізуші"

Тіпті, «шопыр әйелге» деген сұраныс күн өткен сайын артып келе жатқан сияқты. Өйткені, жәй ғана таксилер ұсынатын тағы бір қызмет пайда болды: "әйел жүргізуші". Әйел жүргізуші барлық таксиде бар деп айта алмаймын, сирек кездеседі. Интернетті ақтарып отырып, Астана қаласы бойынша таксиді тізгіндеген 7-8 бикешті ғана таптым. Сұраныс болмаса, бұл қызмет пайда болмас еді

Таксидің қызметіне көп жүгінетін әйел баласы үшін нәзік жан жүргізетін темір тұлпарға отырған анағұрлым сенімді. Бұл қызмет шетелде ертеректен етек жайған. Мысалы, Ресейдің Қазан қаласында әйелдерге арналған мұсылмандық такси бар екен. Жүргізушілері, сәйкесінше — әйелдер. Олар клиенттерін бір межеден екінші межеге жеткізіп қана қоймай, жол үстінде босанып қалған әйелдерге алғашқы көмегін көрсете біледі екен
Ал, Мумбайда (Үндістан) әйел-таксист әдеттегі жүргізушілерден 15 пайызға қымбат ақы алады екен.
Гомельде (Беларусь) әйел жүргізушілердің міндеті — көлігіне мінген адамдарға жанын тыныштандыратын атмосфера құру-мыс. Сондықтан көліктерінде үнемі релакс-бағдарламалар, релакс-музыкалар қосылып тұрады екен.

Блог - aikarakoz: Көлік тізгініндегі әйел - граната ұстаған маймыл? Ха!


Өзім әлі машина айдай алмайтындықтан, постымды көлік жүргізетін қыздардың сөзімен аяқтағым келеді

Блог - aikarakoz: Көлік тізгініндегі әйел - граната ұстаған маймыл? Ха!



Әсел:
— Мен көлік жүргізіп отырып боянбаймын. Тіпті, күнделікті өмірдің өзінде боянғанды ұната бермеймін, айтулы іс-шара болмаса. Көбіне машинамды қара көзілдірігімді киіп алып жүргіземін
"Қыздар көлік жүргізе алмайды" деген стереотиппен келіспеймін. Сол келіспегендігімнің әсерінен, темір тұлпарға деген махаббатымның мықтылығынан рөлге еш қорықпай отырдым.



Блог - aikarakoz: Көлік тізгініндегі әйел - граната ұстаған маймыл? Ха!



Әйгерім:
— Рөлде отырып боянбаймын. Егер көлік тығынында тұрсам, боянуым мүмкін. Соғұрлым уақыт бос өтеді ғой.
Қыздар көлікті жүргізгенде қандай, тіпті, жігіттердің өзінен артық жақсы жүргізеді. Айдауды енді үйреніп жүрген болар деп ойлаймын, ара-тұра ереже бұзатын қыздар кездесіп жатады. Үйренеді ғой.



Дереккөздер: mojazarplata.kz, otyrar.kz, drive2.ru, ru.wikipedia.org, dvdt.kz
Әрі қарай