Махаббатсыз дүние бос
Махаббат туралы талай ақын мен жазушылар жазатынның бәрін жазып тауысқан секілді. Бұл тақырыпқа келгенде Абай атамыздың «Махаббатсыз дүние бос, хайуанға оны қосыңдар» деген сөзі есіме түседі. Меніңше махаббат деген «сүйемін» деген сөзбен, бірге болып, үйленумен анықталмайды, шектелмейді. Ол ғашықтықтан да, сүюден де артығырақ, ауқымдырақ ұғым.

Отбасында ыдыс-аяқ сылдырламай болмайды дейміз, дегенмен елімізде көп себептен ыдыс-аяқ сылдырының арты ауыр соққы мен тіпті өлімге, немесе әлімжеттік көрсеткенді өлтіруге дейін әкеліп жатыр. 


Мені бір ой мазалайды. Ол осыкүнгі бауырлардың қатыгездігі. Мүмкін көп балалы отбасында мұндай нәрсе туындамайтын шығар. Бірақ мен екі отбасын білемін. Екі отбасында да екі ер баладан. Бір отбасындағы үлкенінің алды қырықта болса, кішісі отыздан асқан. Екінші отбасындағы ұлдардың жас айырмашылығы екі жыл ғана. Бауырлардың біреуі «үлкенмін ғой» деп, екіншісі «кішімін ғой» демейді, айтысқанда бірін бірі жерден алып жерге салып жатады, тіпті ұстасып қалудан, төбелесуден тайынбайды. Бір отбасындағы екі ұл бір үй үшін қырылып қала жаздап, қазір сол үйді салған аналары кіші ұлымен пәтер жалдап тұруға мәжбүр. Ал екінші отбасындағы ана екі ұлдың тіпті бір-бірін өлтіріп ала ма деп бірге қалдыруға қорқады. Сонда бұл қалай? Неге байланысты? Тәрбие дейін десең, аналары өте жақсы, ал әкелері енді кезінде ішкен. Бірақ бір-бірін сонша жек көруге не себеп, қандай бәсекелестік? Мен апалы-сіңлілердің арасында ондай қарым-қатынасты байқамаппын. Өйткені апалы-сіңлілер әрқашан бір-біріне жаны ашып, өз отбасының қорынан жұбайына білдіртпей үнемі әпкесіне/сіңлісіне, одан қалды жиендеріне бірдеңе алып беріп жатады, қиын-қыстау кездерді айтпағанда.