
Керекинфода «махаббат апталығы» дегенді оқып елең ете қалдым. Сірә, көптен бері ұмытқан махаббатым есіме түскен болуы керек. Содан пост жазуға бекінген бетімнің сиқы осы
Әкемнің бала кездегі махаббатының есімі Ардагүл деген. Қазір әр қайсысының өз отбасы, ошақ қасы бар. Ара-тұра телефонмен сөйлесіп, қал-жағдайларын білісіп тұрады. Ондай кезде шешем жақтырмай, қызғанып жүретіні бар

Әрине, негізгі айтайын дегенім бұл емес, осыған ұқсас өзімнің бала шақтағы махаббатым туралы. Біреулерге қызық болар, болмас, бірақ сөге көрмеңіздер. Бұл бала махаббатыма, сезіміме деген кішкентай құрметім. Айта отырайын, ендеше…
***
3 сынып. Түстен кейінгі ауысымда оқимын. Қыс болғандықтан соңғы бесінші сабақтарда кеш қарайып кетеді. Соңғы сабақ Жансая мұғалім беретін дүниетану сабағы. Бақылау сабағы. Кім дұрыс жазып бітсе, сол ерте қайтады. Әйтеуір бұрқыратып берілген сұрақтарға жауап жазып жатырмын. Арман түртеді, «көшіруге бере тұршы» деп. Бермедім. Ол математиканы жақсы оқитын. Мұғалім «жазуы әдемі» деп мақтайтын.