Жарияланымдар

«SALEM, MOBILE» СЕНІМЕН БІРГЕ!

«Қазпочта» АҚ трансформациялау, бизнес-үрдістерді оңтайландыру, автоматтандыру, инновацияларды енгізу, жаңа пошталық және қаржылық өнімдер мен қызметтерді нарыққа енгізу арқылы ауылдық бөлімшелердің қамтылуын арттыру бағытында ауқымды жұмыс жасап келе жатқаны белгілі.
Осындай жұмыс барысындағы өзгерістер мен жүргізіліп жатқан реформалардың тиімділігін ендігі жерде компанияның ауылдық жердегі тұтынушылары да қолдана алатын болады. Оның нақты дәлелі — «Salem, Mobile» жобасының Ақмола облысы, Шортанды ауданындағы іске қосылуы.
Бұл жобаның іске қосылу барысын реті-ретімен баяндасақ.
Блог - aikarakoz: «SALEM, MOBILE» СЕНІМЕН БІРГЕ!
Блог - aikarakoz: «SALEM, MOBILE» СЕНІМЕН БІРГЕ!
22 маусым күні «Қазпочта» АҚ Басқарма төрағасы Бағдат Мусин, Ақпарат және коммуникация министрі Дәурен Абаев, «Самұрық-Қазына» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Елена Бахмутова және бір топ журналист Шортандыдағы «Salem, Mobile» жобасының іске қосылу шарасына қатысты.

Блог - aikarakoz: «SALEM, MOBILE» СЕНІМЕН БІРГЕ!

Шортандыдағы «Salem, Mobile» жобасы «Барвиха» дүкенінде іске қосылды.

Блог - aikarakoz: «SALEM, MOBILE» СЕНІМЕН БІРГЕ!

«Барвиха» дүкенінің тұтынушысы мен сатушысы. «Salem, Mobile» жобасы дәл осындай ауыл тұрғындарына ең қажеті әрі оңай жүйе.

Блог - aikarakoz: «SALEM, MOBILE» СЕНІМЕН БІРГЕ!

Шортанды ауданындағы «Барвиха» дүкеніне орнатылған «Salem, Mobile» құрылғылары.

Блог - aikarakoz: «SALEM, MOBILE» СЕНІМЕН БІРГЕ!

«Salem, Mobile» – деген не? Ол – бүгінде әрбір адамның ажырамас бір бөлшегіне айналған түрлі моделдегі ұялы телефон арқылы кез келген қаржылық оперцияларды ауылдан шықпай-ақ, жүзеге асыруға болатын озық технология. Ақша алу үшін банкомат іздеп сабылудың керегі жоқ. «Salem, Mobile» қызметін тұтыну үшін Сіз төлем картасын Post.kz сайтына тіркейсіз. Бұл тіркеуді интернет болған жағдайда үйде, кеңседе немесе Қазпошта бөлімшелерінде жүзеге асыра аласыз. Сөйтіп, тауар алу үшін USSD-командасы (қысқа хабарламалар жіберу қызметі) арқылы *499# нөміріне дүкеннің реттік саны бойынша хабарлама жібересіз, сол сәтте төлемнің жүзеге асқаны туралы хабарлама келеді. «Қазпочта» АҚ Басқарма төрағасы Бағдат Мусин ең қарапайым ұялы телефон арқылы «Salem, Mobile» қызметін қолдануға болатынын айтып тұр.

Блог - aikarakoz: «SALEM, MOBILE» СЕНІМЕН БІРГЕ!

«Барвиха» дүкеніне орнатылған «Salem, Mobile» құрылғысымен қалай жұмыс істеу керектігін «Қазпочта» қызметкерлері егжей-тегжейлі түсіндіріп тұр.

Блог - aikarakoz: «SALEM, MOBILE» СЕНІМЕН БІРГЕ!

Ауыл тұрғындары өз ауылындағы «Қазпочта» бөлімшесіне барып немесе интернет болған жағдайда үйден, кеңседен төлем картасын Post.kz сайтына тіркейсіз. Сөйтіп, тауар алу үшін USSD-командасы (қысқа хабарламалар жіберу қызметі) арқылы *499# нөміріне дүкеннің реттік саны бойынша хабарлама жібересіз, сол сәтте төлемнің жүзеге асқаны туралы хабарлама келеді. «Salem, Mobile» төлем қызметіне қосылған соң, оны пайдалана беруіне болады. Мысалы, Ауыл тұрғыны дүкенге келеді. 80 теңгеге нан алғысы келсе, телефоны арқылы 80 теңгені дүкеннің шотына (əр дүкеннің өз реттік нөмірі арқылы) аударады. Осылайша, қажет тауарыңызды алып, кете бересіз.

Блог - aikarakoz: «SALEM, MOBILE» СЕНІМЕН БІРГЕ!

«Salem, Mobile» қызметі уақытыңызды, ақшаңызды үнемдеуге таптырмайтын дүние. Егер қолыңызда дайын ақша жүрсе, оны жаратып жіберуіңіз мүмкін. Ал, «Salem, Mobile» ақшаңыздың қажетсіз дүниелерге шашылып кетпеуіне мүмкіндік береді.

Блог - aikarakoz: «SALEM, MOBILE» СЕНІМЕН БІРГЕ!

«Salem, Mobile» қызметінің алғашқы қолданушысы – Татьяна Зизяк, Ұлттық кәсіпкерлер палатасының Шортанды ауданындағы мүшесі.

Блог - aikarakoz: «SALEM, MOBILE» СЕНІМЕН БІРГЕ!

«Қазпочтаның» ауылға ұсынып отырған қызмет түрлері «Salem, Mobile» жобасымен ғана шектелмейді. Ендігі әрбір бөлімшеден жіберген/келген сәлемдемені өзіңіз келіп, терминал арқылы төлеп жасап, суырмаларда тұрған сәлемдемелер ішінен өзіңіздікін алып кетуіңізге болады. Бұрынғыдай кезекке тұру, күту, сәлемдемені қаптап, орап, оған алаң болмайсыз. Сәлемдемелер супермаркеті – электронды кезек. Сәлемдемелер супермаркеті бұл – Қазақстан бойынша сәлемдеме алу/жіберу, өзіне-өзі қызмет көрсету орталығы.
Блог - aikarakoz: «SALEM, MOBILE» СЕНІМЕН БІРГЕ!
Блог - aikarakoz: «SALEM, MOBILE» СЕНІМЕН БІРГЕ!

Сәлемдемелер компанияның арнайы қораптарына салынып, жөнелтіледі. Сондықтан, жіберуші бұрынғыдай сәлемдемесін өз орап, әуреге түспейді. Бұл – сәлемдеменің қауіпсіздігінің кепілі.

Блог - aikarakoz: «SALEM, MOBILE» СЕНІМЕН БІРГЕ!

«Қазпочта» АҚ Басқарма төрағасы Бағдат Мусин жаңадан қосылып жатқан сәлемдеме жіберу/алу жүйесінің тиімділігін, қолданылуын түсіндіріп тұр. Ал, министр Дәурен Абаев компанияның жаңа қызметтерін көзімен көріп, қолы мен ұстады.

Блог - aikarakoz: «SALEM, MOBILE» СЕНІМЕН БІРГЕ!

«Қазпочта» ұсынып отырған тағы бір қызметі — postmarket.kz сауда алаңы. Сіз бұл қызмет тегін тіркеліп, есептік-кассалық қызмет, теміржол билеттерін сату/алу, тауарларды жеткізу және тағы басқа қызмет түрлерін пайдалан аласыз.

Блог - aikarakoz: «SALEM, MOBILE» СЕНІМЕН БІРГЕ!
Ауыл тұрғындары үшін бұл қызметтің тиімділігі зор. Себебі, Сіз ет, сүт, бақша өнімдеріңізді ауылдан шықпай, қала тұрғындарына саудалай аласыз. Яғни, жол шығыны, тасымал тағы басқа қиындықтардан құтқарады.
Блог - aikarakoz: «SALEM, MOBILE» СЕНІМЕН БІРГЕ!
Блог - aikarakoz: «SALEM, MOBILE» СЕНІМЕН БІРГЕ!

«Қазпочта» АҚ ауылдық жерлерде жүзеге асырып жатқан жаңа, ыңғайлы әрі тиімді, қолжетімді жобалары министр Дәурен Абаев өз көзімен көріп, журналистерге жобаның қарапайымдылығы мен қолжетімділігін жан-жақты түсіндіріп берді. Министр 2020 жылға дейін ауылдардың 80 пайызы осы жобалармен қамтылатынын айтты.
Әрі қарай

Менің Қазақстаным!

Қазақстан телеарнасына жұмысқа орналасқаныма көп болмаса да, арна туралы біршама нәрсе білемін ғой деуші ем. Қателесіппін.
Оны бүгінгі Қазақстан телерадио корпорациясына жасаған блог-турымызда байқадым.

Блог - aikarakoz: Менің Қазақстаным!

Корпорация басшысы — Нұржан Жалауқызы медианарықта көшбасшы бол үшін аянбай тер төгу керегін, еңбек етіп қана қоймай, тың идеялар, креативті ойлар керегін атап өтті.
Әрі қарай

7 арнада «Кім білген?» бағдарламасының екінші маусымы

Әр жексенбіде 20:30-да шығатын бұл авторлық бағдарламаның екінші маусымында, телекөрермендердің сұрауы бойынша аздаған өзгерістер еңгіздік. Сан қилы тағдыр иелерінің оқиғаларын, актерлардың көмегімен, деректі фильм қылып түсіруді жөн көрдік. Түсірілім тобы әр тақырыпқа зерттеулер жүргізіп, жобаны жаңа эксперементтер мен қызықты жәйттарға толы етуге тырысты.

Блог - aikarakoz: 7 арнада «Кім білген?» бағдарламасының екінші маусымы

“Кейбіреулеріңіз бұл бағдарламаны көрген де боларсыздар. Біздің түсіру тобымыз осы бағдарламаны дайындау барысында талай қызықты әрі қилы жағдайларды басынан өткерді. Ұжымға талай қызметкерлер келді, екі күн өтпей жатып, жұмыстан бас тартып кетіп жатты. Кейде тіпті қоқыс жәшігін ақтарған кездеріміз де болды. Бірде режиссеріміз реквизитті байқамай қоқыс екен деп тастай салыпты. Екі сағаттан кейін есімізге түсіп, барып қоқыс жәшігін ақтарып жатқанымызда, жұрт таңқала қарады. Ондай қызықтар жиі болып тұрады. Себебі телеарнада уақыт, шығармашылық, тапқырлық пен табандылық сияқты қасиеттер сыналады. Таңмен таласа тұрып жұмысқа жанталасамыз, сұхбат алатын кейіпкерлермен хабарласып, әр мекемеге хат жолдап, түсірілім алаңын белгілеу, қажетті көрнекілдер дайындаудың өзі біздің жұмыстың негізгі бөлігі. Журналисттік зерттеу жасап, оны корытындылау да ұзақ уақыт талап етеді. Бағдарламаны ойнақы әрі түсінікті етіп жасау үшін біздің продюссерлер мен тілшілер біраз сынақтан өтті. Сан қилы тағдыр иелерімен жолықтық.

Блог - aikarakoz: 7 арнада «Кім білген?» бағдарламасының екінші маусымы

Бағдарламамыздың бір санында, «Ене мен келін» тақырыбына тоқталдық. Олардың арасындағы келіспеушілік, нендей қиындықтарға әкеп соқтыратынын, осындай түсініспеушіліктің құрбаны болған кейіпкерлеріміз арқылы көрсеттік.
Ежелден қазақ халқы келіндеріне қызындай қараған. Себебі, өз қызы күндердің бір күнінде теңін тауып кетеді, ал оның орнына басқа біреудің мәпелеп өсірген баласы келін болып түседі. Ол ұрпақ сабақтастығын жалғастырып, әулетінің ұл-қызын тәрбиелеп өсіреді. Сондықтан да бабаларымыз оларға ерекше құрметпен қарап келді. Келін – бүр жарған гүл әрі отбасының ұйытқысы. Алайда, бүгінгілердің бәрі осыны бір кісідей түсінсе ғой.
Оңтүсік Қазақстан облысындағы бұл сорақы жағдайдың болғанына көп уақыт өте қойған жоқ. Жас ана сәбиін дүниеге әкелген соң қайтыс болады. Күйеуінің отбасы дер кезінде жедел жәрдем шақыртпақ түгілі, оны бірден жұмысқа жегіп қояды.
Келесі оқиға. 2014 жылы қазақстандықтар Ақтаулық Бекнұр есімді балақайдың тағдырын естіп, жағаларын ұстаған болатын. Бесікке таңылған бала күннің ыстығында да, сол күйі далада жата берген. Дәрігерлер онан асқынған гипотрофия, яғни ұдайы дұрыс тамақтанбағанын және басындағы қан тамырларындағы ісікті байқады. Ең сорақысы нәрестенің жамбасы құрттап, шіри бастапты. Бұл оның жөргөгінің мүлде ауыстырылмағанының, қолға алынбағанының айғағы еді. Жадыра (Бекнұрдың анасы) жағдайдың бұлай ұшығуына әлі күнге дейін енесін кінәлайды. Және бұл оқиғаның қалай басталып, немен аяқталғанын айтып берді.

Блог - aikarakoz: 7 арнада «Кім білген?» бағдарламасының екінші маусымы

«Кім білген» бағдарламысының бір санында тағы бір қозғаған тақырыбымыз, «Бала беру дәстүрі». Қазақ халқында сан ғасырлардан бері, ең құнды дүние болып есептеліп келе жатқан ол – отбасы. Оның берекелі болуы мен беріктігі. Ал әрбір шаңырақтың басты қазынасы – бұл әрине, сәбилер.
Бала сүйе алмай жүрген жанұяларға айналасындағылар қашанда аяушылықпен қарап, қамқорлық жасағылары кеп тұрады. Осындайдан ба екен, әйтеуір перзент сүйе алмағандарға көпбалалы отбасылардың баласын беріп, бауырына басқызу дәстүрі пайда болған. Күйеуі тарапынан 10-15 баласы бар жанұя әйтеуір іздесе, табылатын еді. Осыншама баланы асырап, бағудың оңай емес екені түсінікті. Сондықтан, баланы бар жағдайын жасай алатын адамдарға беру – дұрыс шешім деп саналып келді. Бүгінде мұндай көпбалалы жанұялар жоқтың қасы, оның үстіне балалар үйлері бар. Сонымен қатар репродуктив мәселелері де қарқынды дамып келеді. Осындай жағдайлардан кейін жұртшылық сәби сүйе алмай жүргендерге бала беру дәстүрін тозығы жеткен салт деп есептей бастады. Себебі мұндай жағдай баланың да, анасының да психикасына ауыр. Алайда, Қазақстанның кейбір аймақтарында бұл әлі күнге дейін сақталған.

Блог - aikarakoz: 7 арнада «Кім білген?» бағдарламасының екінші маусымы

Жуырда Оңтүстік Қазақстан облысында жаға ұстатарлық жағдай тіркелді. Бала көтере алмаған жас келіншек өз-өзіне қол салмақ болды. Бұл оқиғаның немен аяқталғанын «Кім білген» бағдарламысының, «Бала беру дәстүрі» деген санынан көре аласыздар.
Сан қилы тағдыр иелерінің осындай оқиғаларын, «Кім білгеннің» түсірілім тобы, актерлардың көмегімен деректі фильм ретінде түсіріп көрсетті.
Жүз рет естігеннен, бір рет көрген артық дейді ғой, олай болса аптаның әр жексенбісі күні кешкі сағат сегіз жарымда «7 арнаны» қосуды ұмытпаңыздар. Эфирге жол тартқан тележобамыздың екінші маусымы көңіліңізден шығады деген үміттеміз.

Блог - aikarakoz: 7 арнада «Кім білген?» бағдарламасының екінші маусымы
Әрі қарай

@tm.studio ұсынады

Астана қаласының тұрғындары!
Дүбірлі тойыңызды, қандай да бір қуанышыңызды, туған күніңізді түсіретін немесе жәй ғана фотосессия жасауға кәсіби фотограф іздеп жүрген болсаңыз — мархабат! Тұрар мен Мақсат өз ісін өте-өте сапалы атқарып шығады.

Бұл екі жігітке Елордамыздың өнер жұлдыздары фотосессия жасатқан. Сіз де сол жұлдыздардай әр кадрда әдемі көрінгіңіз келсе, осы жігіттерге хабарласыңыз ;)

Инстаграмдағы адресі арқылы байланыс телефонын да, басқа да жұмыстарын да таба аласыздар:
@tm.studio
@maksat_risbekov
@t.tusebaev

Әрі қарай

Ерте, ерте, Ertegiler.kz-те...

Бала күнімде маған ешкім ертегі айтып бермепті. Мүмкін, ес білмейтін кезімде айтқан да шыға. Мен ертегілерді оқыдым. Иә, дап-дардай оқушы болған сәтімде ертегі оқуды бастадым :) Үлкен ағам қаладан 5-6 кітаптан беріп жібереді, мен жаттап алғанымша қайталап оқи беремін.
Бір қызығы… сол ертегілердің қазір ешбірі де есімде қалмапты. Күніне, сағатына, тіпті, минутына қанша ақпарат алмасып жатқанда, бала күнгі оқыған ертегілерім миымның қатпарларымен бойлап, тереңге қарай құлдилаған болар :)
Санап шықтым, бес ертегіні жатқа біледі екенмін: «Мақта қыз бен мысық», «Бауырсақ», «Жеті лақ», "Қарға мен түлкі", "Қызыл телпек". Андерсеннің ертегілерін есепке алмағанда, әрине :)
Егер маған балам «ертегі оқып бере қал» дейтін болса, мен осы бес ертегіні айналдырып отыра беретін түрім бар болашақта)))
Былай қарасаң, аса мән беруге тұрмайтын сияқты. Бірақ, бала тәрбиелеп отырған ана үшін ертегінің жыры белгілі-ау. Ойдан ертегі шығарғыш аналар да аз емес сияқты))

Қашаннан бері естіп жүрсем де, ertegiler.kz сайтына бас сұғып, асықпай ақтарып, материалдарын толық қарап шығуға бүгін ғана қолым тиді. Бұл сайтта түнгі беске дейін отыра беріппін :) Ертегілерді балаша мәз боп тыңдадым, балалардың қалай мәз болып жатқанын елестетіп-ақ отырмын. Расында, Arai media group ұжымы керемет дүние ұсынып, елдің алғысын алып отырған жайы бар.

Ертегілердің балаларға берер өзіндік тәрбиесінен бөлек, баласы ертегісіз ұйықтамайтын ана үшін қандай көмек екенін айтсаңызшы…

Қысқасы, өзіңіз кіріп көрсеңізші, бәрін түсінесіз)) Тіпті, ұялы телефоныңызға арнайы қосымшасын орнатып алсаңыз да болады ;) — ertegiler.kz

Баласы арқылы анасын да астыртын тәрбиелейтін, өнегелің, өмірлік мәні бар қазақ ертегісі көп болсын!

Жаңа ертегілерді асыға күтемін :)

Әрі қарай

Қош, Блогиада немесе Ең, ең, ең...

Уақыт қалай зымырайды, ә? 8 ай да зу ете қалыпты. Міне, отызыншы постымды жазып, Блогиададағы бәйгеме нүкте қоймақпын. Дүбірлі блогжарыс мені ізденуге, шыдамдылыққа, сынды дұрыс қабылдауға, қатені мойындауға үйретті. «Блогермін» деп сенімді, нық айта алатын дәрежеге жеттім.
Сапалы контентке қосқан 29 «үлесімнің» мониторға дейінгі жағдайы қалай болғаны; постты жазу барысында қандай қызық, нендей қиындық кездескені айна-қатесіз көз алдымда. Енді ше, әр постым ішімнен шыққан балам сияқты: әрбірін толғанып, толғатып, қиналып, жылап-сықтап дүниеге әкелдім. Әр жазбаның жазылуы — ауыз толтырып айтарлықтай әңгіме)))


Ең алғашқы пост


Блогиадаға қатысуға шешім қабылдағаныммен артынан қатты қорықтым. Адуынды ақсақал-блогерлері бар, мықтылары бар, олармен жарысамын деп сайыстың ортасына жетпей масқара болудан, елдің күлкісіне қалудан шошыдым. Алайда, шегінуге жол жоқ, барынша жақсы жазба жазуға тура келді. Берілген «Көктем» тақырыбы былай қарасаң, тым оңай сияқты, екінші жағынан тым қиын. Креативімді іске қоспасам, постым 8 сыныптың шығармасынан аумай қалғалы тұр. Ойыма бизнес сап ете қалсын!
«Жезөкшені жазам» — дедім бірден. Одан кейін сатушылар, кондуктор, таксист, жалғаса берді.
Жұмыстың фотоаппаратын қолыма алып, Астананың орталық базарына шықтым. Базарда жай адам томардай құрылғы ұстап жүрмесі анық, бәрі маған бұрылып тұрып қарайды. Сатушылардан ақпарат алу да, суретке түсіру де оңайға соқпады. «Айқын газетінің тілшісімін, жақсы материал дайындағалы жатырмын,» деп алдауға тура келді (Айқын ұжымынан кешірім сұраймын).
Кешкісін жезөкшені «аулауға» шыққанда басталды қызық. Қасымда таныс жігіт бар. Алдымен сутенерлерге соқтық, бәрі ат-тонын ала қашты. Одан кейін әлгі сылқымдарды аңдыдық. Сөйтіп жүргенде ойда-жоқта пәтерді жалға берушілерден ақпарат алдым.
Тура мағынасында маңдай тер, табан ақымен туындаған жазбамды бәрі мақтай жөнелгенде төбем көкке екі елі ғана жетпеді-ау. Қазылар мен оқырмандардың оң пікірі маған дем берді, бойымда сенімділік пайда болды. Тағы да жақсы жазба жазуға шабыттандырды.

Түңілдірген пост


«Сүт» тақырыбы берілген сәттен-ақ интернетті ақтарып отырып, сүттің сапасын анықтайтын неше түрлі тәжірибелерді жасап көрмек болдым. Дәл сол сәтте құрбым Әйгерім Кеулімжай видеоларымның операторы боп жүрген еді. Сүттің сапасын анықтап тұрғандағы видеомды түсіруге де келісе кетті. Бірақ, тәжірибе сәтсіз шығып, жоспар күлге ұшты. Не істеймін? Видео түсіріп болған соң сүтке шомылу поцедурасы туралы ақпарат алуға бармақ болған Әйгерімге де сұлулық салонынан «отказ» келді. Екеуміз де «енді қайтеміздің» астында қалдық. Бірден Астанадан 70 шақырым алшақта жатқан Родина ауылындағы «Родина» сүт зауытына барамын деп шештім. Әйгерімге бірге баруды ұсындым. Ол қарсы болмады.
Бардық. Көрдік. Суретке түсірдік, ақпаратын алдық. Үйге қайтарда кімнің не жазатынын бөліп алар сәтте «Мен мынаны жазамын» деудің орнына, дос көңілін қимай, «Сен мынаны жаза ғой, мен қалғанын жазайын,» дедім. Сонда… жарыста достықты ысыра тұру керегін, өзің және өзіңді ғана ойлау керегін есіме алсамшы)))
Қазылар алқасы Әйгерімге жоғары балл қойып, маған төмен ұпай бергенде түңіліп кеттім. Екеумізге бірдей баға қояды деп күткем. Жыладым. Өзімді әділетсіздік құрбаны сезіндім. Саммитамен шәй ішуге барып отырып, жылап қайтып кеткенім есіме түссе, сұмдық ұялам. Саммита күліп кеткен шығар)))
Жаңа басталған жарыстың тұғырынан «түсіп қалатын болдым» деп байбалам салғаным-ай! Сайыс аяқталғанша сондай паникамен келдім)))

Ең қауіпті пост


Арнайы Блогиада үшін, «Фоторепортаж» тақырыбы үшін профи фотоаппарат сатып алдым. Ала сала, постымды дайындауға кірістім. Сонда жаңа Nikonның функцияларын қарап та алмаппын.
Шымкенттен туыс әпкем келіп, апталап жатып, «емделіп» жүрген космотерапевтке аттандым. Дым қорқыныш болмады, қала сыртындағы беймәлім ортаға жалғыз-ақ бардым.
Су жаңа құрылғымды түк түсінбеймін, суретке түсірсем, сонадайда тұрған адам көз алдымда, кадрге сыймайды. Ары шұқимын, бері шұқимын. Болмаған соң соткамды шығарып, соған түсіре бастадым. Емделуге келген адамдардың емес, космотерапевт Евгенияның рұқсатын алған соң көзін жұмып алып, теңселіп тұрған адамдардың арасында емін-еркін ғычық-ғычық еткізіп қойып жүрмін. Есесіне, олар сеанс аяқталған соң «жанымды шығарды». «Бізді неге рұқсатсыз суретке түсіресің» деп, құрылғыма жармаспасы бар ма?! Жаңа ғана сатып алған фотигімді сындырып қоя ма деп қорықтым. Ойбу, сонша тыраштанған суреттерімді сол жерде қимастан өшіріп тастауға тура келді. Ұялы телефонымдағы суреттерді білмегені жақсы болды.
Қайтайын десем, дала қап-қараңғы. Қаланың сырты болған соң көлік те аз. Жолдың бойында үрпиіп, такси тоқтатып тұрмын. Бір машина өтіп барып тоқтады да, жүргізуші «Эльвира?» деді таңырқаған дауыспен. Танымадым. Сөйтсем, осы Керектегі Торғай екен. Жақсы болғанда, үйге апарып тастады.

Ең нашар пост (меніңше)


«Сусын» тақырыбына асыққаныммен, дым идея болмай шықты. Ары-бері ойланып, инфографика жасамақ болдым. «Несі бар, Нұрберген Мақымның сүтке жасаған инфографикасы жап-жақсы баға алды ғой, сен де қатырасың,» деп қояды бір ойым. Таңертеңнен түннің ортасына дейін тапжылмастан жасаған инфографикаға ұқсас бір дүнием сол сәтте мен үшін ғажап боп көрінген. Қазір сол шимай-шатпақты жарияласам, 2 не 3 ұпай алар еді))). Нұрбергеннің инфографикасы қайда, менің шимайым қайда, әхәхә.

Өкіндіретін пост


«Сұхбат» тақырыбы. Нысана айқын. Бірден визажистке қояр сұрақтарымды жинап, оған жауап беретін жақсы маманды іздей бастадым. Жұлдыздардың бетін әрлеп жүрген Сандуғаш Бексырға Алматыда, сұхбатымды телефон, интернетсіз тікелей өзінен алу керек. 7 арнаның визажистін тауып, келісіп, сұхбатты алып келдім. Үйге келіп, диктофондағы диалогты жазбы қылып түсіріп отырып, кенет бәрі ұнамай кетті. «Қазылар алқасының 80 пайызы жігіттерден тұрады, олар онсыз да боянған қыздарды жақтырмайды. Демек, менің жазбам оларға қызық болмайды да, төмен балл қоя салады.» Осы бір ой маза бермей қойды. Мерей Ермұхановпен(Мереймен көп ақылдасатынмын) ары-бері ақылдасып отырып, қолжетімсіз мамандық иесінен сұхбат аламын деп шештім. «Неге Мерей» дейсіз бе? Жәй, ол – менің құрдасым ғой)).
Сонымен не керек, ұйымдасқан қылмыстық топ мүшесін, рэкэт деуге аузым бармайды, таптым. Досым арқылы оларды әңгімелесуге келістірдім. Аяқ-қолым дір-дір етіп сұхбатымды алдым. Алдын ала сұрақтарымды қағазға түсіріп алмаппын, «бұзықтардың» гүр-гүр еткен дауысынан ойымдағының бәрін ұмытып қалдым))) Ол постыммен бәрін «жыртып тастаймын» деп ойлап едім, БАЦ! Ерлан Оспан 6 ұпай қойып, ұрысып кетіпті. Тағы көңіл-күй түсіп, тостағаным жуылып қалды. Өкіндім. Ішкі дауысымды тыңдап, визажисттің сұхбатын жарияламағаныма өкіндім. Жігіттерге боянып-сылану жұмбақ боп көрінеді деп ойламаппын…

Ең ыңғайсыз сәт


Маралбекті таныстырар кезде өзі Астанада болмай, жампозы Самалды біраз мазалауға тура келді. Сағат түнгі 1-2-ге дейін отырып, Марконы біраз зерттегенім бар-тын. Ертесіне кейіпкерімнің сыныптасы, досы, ата-ана, ауырының телефон номерлерін алып, бір-бірден хабарласа бастадым. Келесі күні бір ақпар керек боп, тағы телефон шаламын. Келесі күні тағы звондадым. Қайта-қайта қылқылдай берсем керек, соңында менің қоңырауыма жауап бермейтін болды біразы. Mail.ruдағы аккаунттарына кіріп, суреттерін іздедім. Таңдағаным жарамай, тағы барып, фото қараймын. Соның бәрін басқаша түсініп қалған-ау, біреуінің әйелі хабарласып тұр. «Сен неге менің күйеуіме хабарласа бересің? Неге тыныштық бермейсің бізге?», қысқасы, «материалыңмен қоса құры» деді.
Не күлерімді, не жыларымды білмеймін. Ана апайға ақталып та үлгергем жоқ. Жыпылық-жыпылық еткен күйі біраз отырғам))). Кейіннен звондап, кешірім сұрағым келді де, тағы бірдеңе бүлдіріп жүрермін дедім.

Ең көңілді дайындалған пост

«Садақа» тақырыбында, бетін аулақ қылсын, көшеге шығып садақа сұрап көрдім. Сонда біреудің алдына жетіп барып, алақан жаюға сонша ұялғаным-ай! Өзімді «дайындап» біраз тұрдым. Алдыма бас киім қойып, ән айтарда 30 минуттан аса «дайындалдым». Айналамның бәрі мені танитындай, ұялып барам. Әнді бастайын десем, дауысым шықпайтын сияқты. Бәрі маған қарап тұрғандай әсерде отырдым. Күле берем, күле берем. Маған көмектесуге келген Абылай да бір бұрышта тырқ-тырқ етеді. Ақыры, қолыма жиған ақшамды алып, мәз боп жүргенімді бір танысым көріп тынды мені))) Ұялғаным-ай!

Ең жылдам дайындалған пост


Мәскеуден келіп, Шымкентке бөлемнің тойына кеттім. Бір апта бойы «Жыныстық сауаттылық» тақырыбына мойын бұруға еш уақыт болмады. Уайымдаған да жоқпын, «ары кетсе, шығып кетермін сайыстан» деп жүрдім. Сондай немқұрайдылық пайда бола бастағандай, бәлкім, сайыстың ұзақтығы жалықтырып жіберген шығар. Сенбі күні той болды, жексенбі Астанаға жолға шығамын. Ойыма Айқаракөздегі «күлкілі» пікірлер сарт етті де, соларды топтастыруды жоспарладым. Бірақ, оның өзіне уақыт жоқ. Жолға 2 сағат қалғанда компқа отырдым да, пікірлерді іріктеп, скриндерін алып алдым. Пойызға отырғанда жазбаны бастадым да, зуылдаған тальго Таразға жеткенше үлгеруге тырыстым. Тараздан өтсем, интернет ұстайтын келесі станцияға жеткенше сағат тілі түнгі 12-ден асып кететін еді. Зыпылдатып отырып, ойымды соткама түсіріп, Таразда жариялап жібердім.
Айтпақшы, үйдегі компьютерде сақтаған скриндерді өшіруді ұмытыппын, кейіннен жеңгем: — «Анау бүйтіп қалдым, сөйтіп қалдым деген суреттер не пәле? Сенікі ма, Бахоштың (баласы) істеп жүргені ма?» — дейді. Ой, ұялғаным-ай)))) «Хорошо что» ағам көрген жоқ)))
Осы атүсті дайындалған постым 10 ұпайға бағаланғанда таң қалдым.
Бір заңдылықты байқадым, мен барынша «тыраштанып» жазған постым төмен бағаланып, қалай болсын солай жазған жазбам жоғары бағаға ие болады екен.
Айтпақшы, «Инвестицияның» жазбасын да 2-3 сағат ішінде жазып шыққанмын)))).

Мені жылатқан, күлдірген, қуантқан, өкіндірген, сабақ болған Блогиадаға қатысқаныма қуанамын. Блогиада — нағыз блогерді тәрбиелейтін мектеп. Алда талай дүлдүлді баптайтынына сенімдімін. Сондықтан жалғасқанын қалаймын.

Көңілі көтеріңкі болса, бағаны үйіп-төгетін, мазасы болмаса, ұрысып тастайтын Ерлан Оспанға;
Қатені тізіп жазып, түзеу керек жерді бетіме басып тұрып көрсететін Асхат Еркімбайға;
Қанша қатал боп көрінсе де, ең жұмсақ, жекеде «Блогиададан кетем» деп жылағанымды сабырға шақыратын Тимур Бектұрға;
Қолы ашық, ең мейірімді жюриіміз Нұрғиса Асылбековке;
Менен 6-сы мен 7-сін аямаған, жазбам жәй ғана ұнамай қалатын Назгүл Қожабековаға АЛҒЫС АЙТАМЫН! Сіздердегі қаталдық менің блогерлік тұлғамды қалыптастырды, ізденімпаздыққа әкелді.

Ұйымдастырушы Аршат Оразға, демеуші Азаматхан Әміртайға рахмет!

Рахмет саған, Блогиада!


И мә, мына постым мерейтойда айтатын тост па, бірдеңе боп кетті ғой))). Соңғы тур ғой, жыл бойына қысылып-қымтырылып, артық сөз жазуға қорқып келіп едім. Бүгін бір еркінсиінші))))

Үстімнен ауыр жүк түсіп, тау қопарып тастағандай күйде отырмын. Алақай, Блогиада аяқталды! Енді апта сайын сары уайымға салынып, стресте жүрмеймін ;)

Ихууууу!

Блог - aikarakoz: Қош, Блогиада немесе Ең, ең, ең...

Сайысқа бірге аттанған замандастарым, сіздерге де рахмет!



Маржан Сұлтанбай оқитын «Жас түлек» өлеңі тіліме басқаша орала бергені несі…

Арманыңда, жаныңда жалын ән бар,
Блогиадашы, сөзіме көңіл аудар.
Бұрынғыдай күтпейді жанкүйерлер,
Бұрынғыдай күтілмес ұпай, балдар.

Сайыс қайта есігін ашпас енді,
Блогиада — ұстаз ақылды, ақ шаш өңді.
Басқаша енді өтеді әр жексенбі,
Сағат тілі соғылар басқаша енді.

Даусыз бұл жыл есіңде сақталары,
Әр қазының он балдық мақтаулары.
Оқырманың күтеді жазуыңды,
Күтпейді тек әр турдың тақталары.

Былтырғыдан басқаша биыл, демек,
Блогерлік тәжірибе, күйің бөлек.
Енді бізге тағы бір жиын керек,
Жюрилердің бетінен сүю керек)).

Блогиадашы, шығармашылығың өрлей берсін!

Әрі қарай

Жылжымайтын мүлікке инвестиция салу: артықшылығы мен кемшілігі

Менде дәл қазір үй, көлік, дүние-мүлік, киім-кешек алуға ақша пайда бола қалса… және дәл сондай сома артылып қалатын болса… Артық ақшамды қайда жұмсар едім? Бизнеске! Жеке кәсіпке! Ақша құрдан-құр жатпау керек, ол айналымда болып, маған пайда әкелу керек.
Бес-он сомым артыла қалса, бизнеске жүгірерім сөзсіз. Алайда, қай түріне? Осы уақытқа дейін караоке, кофейня ашуды да армандадым, қолөнер бұйымдарымды ұлттық брендке айналдыруды да қиялдадым. О-о-ой, мен жасағым келмеген бизнес қалды ма өзі?)))) Жеке кәсіпке сүңгіп кету үшін алдымен тәуекел керек, одан кейін шыдам, еңбек, төзім, тағысын тағы жалғасып кете береді.
Басымды қатырмай-ақ, бірнеше пәтер алып, оны жалға беріп қоямын деп шешіп отырмын. Иә-иә, тиімдісі осы, түбі іске асырамын.
Рахат емес пе, 2-3 пәтерді 150-200 мың теңгеден тапсырып қоясың да, өзің үйде «потологқа түкіріп жатасың»))). Жүйкең де орнында, артық жүгіріс те жоқ.
Үйге инвестиция салмастан бұрын оның қандай артықшылықтары мен кемшіліктері барын біліп алғаным дұрыс болар деп шештім.

Блог - aikarakoz: Жылжымайтын мүлікке инвестиция салу: артықшылығы мен кемшілігі

Артықшылықтары

Тұрақты табыс көзі
100 мың АҚШ долларына сатып алған үйіңізді айына 150 мың теңгеге жалға беріп қойсаңыз, сабылып жұмыс істеп те қажеті жоқ. «Жұмысымнан айрылып қалмас па екенмін» деген қорқыныш та мазаламайды. Ай сайын жайдан-жай түсіп тұрған ақшаны тиіспестен жинасаңыз, тағы бір жылжымайтын мүлікті болуға мүмкіндік бар. Қысқасы, жылжымайтын мүлікке инвестиция салу — айсайынғы кірістің сенімді әрі тұрақты көзі.

Баспана құнын жоймайды
Қазақстанда соңғы он жылдықта баспана қымбаттамаса, арзандаған емес. Құны мен өзектілігі артып жатыр, артып жатыр. Қазір үйі бар адам ауқатты жандардың қатарына ене бастаған секілді, меніңше. Әсіресе, Алматы мен Астанада.
Артық үйіңіз болса, киім секілді «мезгілі өтіп кетеді-ау, сәннен қалып кетеді-ау», тағам секілді «сақтау мерзімі өтіп кетеді-ау, жарамсыз боп қалады-ау» деп еш қорықпайсыз.

Алып-сату арқылы табысты ұлғайту
Ертерек арзанға алынған үйді өз бағасынан қымбатқа сатуға да болады. Өйткені, баспана бағасы күннен-күнге артуда. Тіпті бір үйді алып, сәл-пәл жөндеуден өткізіп, бағасын өсіріп өткізуге де мүмкіндік бар. Көзін тапса, бұл процесс те жемісті.

Балаға мұра
Көзді ашып-жұмғанша балаңыз ержетіп, қызыңыз бойжетіп қалады. Бірнеше жыл бойы жалға беріп, әбден нанын жеп аласыз да, соңында пәтерді өз алдына отау құрған ұл-қызыңызға сыйлап жібересіз. Керемет емес пе, сіз де мәз, балаңыз да мәз.

Блог - aikarakoz: Жылжымайтын мүлікке инвестиция салу: артықшылығы мен кемшілігі

Кемшіліктері

Бастапқы шығындар
Жылжымайтын мүліктен түсер пайдаға күмп етпестен бұрын қомақты қаржыны шығару керексіз. Дайын үйді Астанадан өлдім дегенде 50-60 мың АҚШ долларына аласыз. Онда да жағдайы мәз емесін, шаршы метрі азын.
Ал, қымбат үйді қымбатқа жалға беретініңіз әу бастан-ақ белгілі. Ол үйді алған күннің өзінде ішін жиһазға толтырып, жөндеу жұмыстарын жүргізу керексіз. Ай сайынғы коммуналды төлем ақысы бар. Жалға беріп отырған объектіңіз үшін төлейтін арнайы салықты ұмытпаңыз, табыс салығын да еске салайын. Ой, тізе берсе, шығын деген шаш етектен.

Жалға алушыны іздеу
Қазір пәтерді жалға алушы да көп, беруші де көп. Оған қоса, риэлтор да көп. «Күріштің арқасында кұрмек су іштінің» кері келіп, ортадағы алып-сатарлардың дәурені жүріп тұр. Қызметіне сұрар құны да аз емес, жалға берілетін пәтер құнының 10-20 пайызы. Пәтеріңізді жалға алушылар жылдап тұрса жақсы, ай сайын бірі кетіп, бірі келіп жатса, риэлторларға «жем боласыз». Үйіңізге тұрғын іздеу де оңай жұмыс емес, қанша уақыт пен жүйкені қажет етеді. Енді… күніне соғылған пәленбай қоңырауға жауап беріп отыру керек қой. Таңдау өзіңізде: алып-сатардың ақысы не өз энергияңыз, уақытыңыз, жүйкеңіз.

Шұғыл түрде қаржы алу мүмкін емес
Салым объектіңізден шұғыл қажет болған қаржыны суырып алу мүмкін емес. Төтеннен ақша қажет бола қалса, пәтеріңізге сенім арта алмайсыз. Өйткені, сіз қойған бағаға келісетін сатып алушыны сарыла күту керексіз. Ол бірнеше айға, тіпті жылға созылуы мүмкін. Жылжымайтын мүлікті жедел сату үшін құнының нарықтағы бағадан бірнеше пайызға төмендейтініне келісуге тура келеді.

Комиссиялық төлемдер
Жылжымайтын мүлікті сату/сатып алу барысында кездесетін ең атаулы мәселе. Үйді сатсаңыз да, сатып алсаңыз да кәсіби бағалаушылардың, заңгерлердің, риэлторлардың комиссиялық төлем ақысынан қашып құтыла алмайсыз. Оларға беретін қаржыңыздың орны үйірейіп қалуы да мүмкін. Риэлторлар 1 пайыздан кем ақша алмайды.


Мен бәрібір ойымды өзгертпеймін: ақшамды жылжымайтын мүлікке салам :)
Әрі қарай

ТОП-10. Той-бизнестегі әншілер райдері

Жұлдыздарымызды тойға шақыру үшін «ақшасын төлесек болғаны» деп ойласаңыз, қателесесіз. Олардың сыйақысымен қоса, «каприздерін» де көтеру керексіз. Дәл қазір той-бизнестің көшін бастап тұрған әншілеріміздің райдері қандай? Олар басқа қаланың тойханасында ән салу үшін нендей талаптар қояды?
Дженнифер Лопес секілді «тек қана ақ түсті жиһаздар мен ақ раушанға толы қонақ үй бөлмесін», Бритни Спирс сияқты "қонақ үй қызметкерлерінің бәрі ақ түсті киіммен қарсы алғанын, өзі ертіп жүретін бас аспазының ғана тамағын" сұратпаса да, Қазақстан әншілерінің өзіндік талаптары бар екен.
Сонымен… күн сайын әр қаланың тойын қыздыратын, дәл қазір қызу сұраныста тұрған райдерлі әншілеріміздің ондығы.

10. Ғалымжан Молданазар

Блог - aikarakoz: ТОП-10. Той-бизнестегі әншілер райдеріБиыл ғана өнердегі жұлдызы ерекше жарқыраған Ғалымжан тойға шақырса, ешқандай талаптар қоймайды екен. Мұны той-бизнестегі тәжірбиесіздігі дегеннен гөрі, тым қарапайымдылығы деген дұрысырақ болар. Ғалымжан үшін ұшақтағы орнының қай класқа жататыны маңызды емес, діттеген жерге жетсе болғаны. Қонақ үйдің де жұлдызын санап әуре болмайды, тамақтың да ұсынылғанын жейді. Үнемі тек жанды дауыспен айтатындықтан микрофонның сапалы болғанын қадағалап отырады. Тойға шақырушыға айтар бір ғана талабы бар: тапсырыс беруші жақын танысып, жақсы араласу үшін Молданазарды әңгімеге шақырып, мазасын алмау керек. Жалпы ешкім тиіспегенін қалайды.


9. Серік Ибрагимов

Блог - aikarakoz: ТОП-10. Той-бизнестегі әншілер райдеріСерік те дәл Ғалымжан сияқты ұшақтың эконом класымен де, ұсынып жатса, бизнес класымен де ұша береді. Күтіп алушылардың Жигули сияқты көлікпен келмесіне сеніп, «мынадай машинамен қарсы алыңдар,» деп те айтпайды. Қонақ үйдің таза болуын ескерткенімен, жұлдыздарының санына бас ауыртпайды. Алайда, Серік жанынан администраторын тастамайтындықтан жол шығындардың бәрі екіге көбею керек. Серіктің қояр ерекше райдері: ән арасында қолындағы аспабымен, яғни, саксофонымен әуен тартатындықтан микрофонның тіреуіші болуы шарт.


8. Айгүл Иманбаева

Блог - aikarakoz: ТОП-10. Той-бизнестегі әншілер райдері
Ұшақ билетінің класы (бизнес/эконом) міндетті емес, бірақ, Air Astanaмен ұшқанды қалайды. Қонақ үйдің люкс номері, тазасы, қолайлысы болу керек. Көбіне әр қаладан өзі ұнататын қонақ үйді таңдауға тырысады. Айгүл өте-өте тоңғақ адам болғандықтан жататын жердің жылы болуын қадағалайды. Әрине, қымбат көлікпен қарсы алу керек.



7. Ақылбек Жеменей


Блог - aikarakoz: ТОП-10. Той-бизнестегі әншілер райдері
Ақылбек тек қана бизнес класпен ұшады. Қымбат көлікпен қарсы алып, бес жұлдызды қонақ үйге жайғастыру керек. Жанында үнемі көмекшісі жүретіндіктен оның да шығындарын көтеру міндет. Музыкалық аппараттардың сапалы болғаны да өте маңызды. Осының бәрін орындап, 5 мың АҚШ долларын төлесеңіз, Ақылбек Жеменей тойыңызда антрактіге дейін болады.



6. Айқын

Блог - aikarakoz: ТОП-10. Той-бизнестегі әншілер райдері
Ұшақтың бизнес класымен ұшпаса болмайды. Қонақ үйдің жұлдызы маңызды болмаса да, таза отельдің люкс номерінде жату өте маңызды. Қымбат болмаса да, құнарлы, дәмді тамақтан 3 мезгіл нәр алу керек. Қай қалада болса да, үнемі көмекшісімен жүреді. Ерекше райдері: жанды дауыспен ән айтатындықтан дауыс колонкалары 3 кВт-тан төмен болмауы керек.



5. Бүркіт пен Аиша

Блог - aikarakoz: ТОП-10. Той-бизнестегі әншілер райдері

Міндетті түрде ұшақтың бизнес класындағы орын, міндетті түрде 5 жұлдызды қонақ үй. Ұшақтан түскенде қымбат көлік күтіп тұруы керек. Тойхана емес, тойдағы адамдардың саны өте маңызды: адам аз болған сайын Бүркіт пен Аиша алатын сыйақы құны қымбаттай береді. Оны «адам азайған сайын олармен жұмыс істеу, көңілін көтеру қиындай береді,» деп түсіндіреді Бүркіт.



4. Қыдырәлі мен Қарақат


Блог - aikarakoz: ТОП-10. Той-бизнестегі әншілер райдеріБұл жұп тек бизнес класпен ұшып, тек бес жұлдызды отельге қонып, тек қымбат көлікпен алып жүргенге үйреніп қалған. Тойға тапсырыс алмас бұрын тойхананың аппаратурасын тәптіштеп сұрап алады. Өздерімен бірге микрофондарын алып жүреді. Ерекше райдері: тойхананың тым биік болмауы. «Тойхана өте биік болған сайын акустика нашарлап, дауыс шашырап кетеді, ән дұрыс шықпайды,» — дейді Қыдырәлі.


3. КешYOU тобы

Блог - aikarakoz: ТОП-10. Той-бизнестегі әншілер райдері

КешYOUдың сылқымдарының тек бизнес класпен ұшатыны бесенеден белгілі. Әрине, алты жұлдызды қонақ үйлер пайда болса, бірден соны таңдар еді. Айдана жақсы көретін жеміс-жидектер, Кәмшат жақсы көретін балық та сұраған уақытта лезде дайын болуы керек. Бұл герлз-бендті қай қалаға барса да қара джиппен алып жүру — ең басты да, ерекше райдері.



2. Қайрат Нұртас


Блог - aikarakoz: ТОП-10. Той-бизнестегі әншілер райдеріҚайрат: "- Шетелге шықсам, райдерімді аямастан үйіп-төгемін. Өз елімде көп еркелемеймін," — дейді. Қайратты тойыңызда көргіңіз келсе, 7 мың АҚШ долларынан бөлек, бизнес кластың билет құны, 5 жұлдызды қонақ үйдің люкс бөлмесін, өте қымбат көліктің алып жүруін қадағалау керексіз. Міндетті түрде бірнеше таза орамал болу керек. Қайрат қай қалаға барса да, таныс-паныстың үйіне бас сұқпай, тек қана қонақ үйде жатқанды жақсы көреді. Сондықтан бөлмесінің жайлы болуы — ең басты талап.


1. Асхат Тарғын

Блог - aikarakoz: ТОП-10. Той-бизнестегі әншілер райдері

Талапшыл жұлдыздар ондығын «Мария Магдалена» хитін орындаушы Асхат Тарғын бастап тұр. Асхатты тойыңызда көрем десеңіз, ұшақтың бизнес класынан орын әперіп, S-класты көлікпен қарсы алып, әппақ төсегі бар, бес жұлдызды қонақ үйге орналастыру керексіз. Бөлмесінде шоколад, жеміс-жидек және газсыз су міндетті түрде болу керек.




Ақпарат әншілердің өзінен, продюсерінен және администраторынан алынды.
Әрі қарай

Ескірген киімді лақтыруға асықпаңыз!

Тойға не мерекелік кешке жарқ-жұрқ еткен, көздің жауын алатын әдемі көйлекпен барғымыз келеді, ә, қыздар? Той тұрмақ, күнделікті жұмысқа киетін киімнің өзінде көз тартатын әдемі әшекей не жалтырайтын тастар болғанын қалаймыз.
Мұны біз емес, қазіргі сән талап етуде. Соңғы екі жылда киімді бағалы тастармен көмкеру трендке айналып, сұрапыл сұранысқа ие боп жатыр. Былай айтқанда,«Сваровски» тастары басқа да, аяққа да «шығып бітті»))). Жо-жоқ, мұны жаман деуден аулақпын. Керісінше, әдемі. Өте әдемі.

Блог - aikarakoz: Ескірген киімді лақтыруға асықпаңыз!

Бұл «сұлулықтың» пайдасы көп: киіміңдегі жымың қаққан тастар әдемі көңіл-күй сыйлайды; көп ару осындай бұйымдар жасап, қолөнермен айналысып, табыс табуда; сыйлық таңдау көп бас қатыруды қажет етпейтін болды; жыртылып қалған киімдерді «білдіртпей» жамауға тағы бір мүмкіндік; ескіріп, өң бере бастаған киімдерге екінші өмір сыйлаудың өте сәнді әрі тиімді жолына айналды. Осылай тиімді тұстары жалғасып кете береді.

«Киімге екінші өмір сыйлайды» демекші, былтыр Бейбіт Сарыбайдың (танымайтын қазнетші жоқ шығар деген сенімдемін) Фейсбуктегі парақшасына жариялаған жазбасы есіме түсіп кетті. Ол: — «Инстаграм, Фейсбук, ВК, барлық әлеуметтік желідегі суреттерімді өшіріп жатырмын. Биыл тағы былтырғы киімдерімді киетін болдым» — деген мағынадағы постымен әбден күлдірген еді. Рас қой, әлеуметтік желілер киіміміздің тез тозуына септігін тигізіп жатыр, қашанғы бір киіммен суретке түсе бересің?))

Қыздар түсінер, бір киімді айлап-жылдап ұзақ кие алмайсың — дымы жоқтай көрінесің, бір жағы, әлі тозығы жетпеген киімді лақтырып тастауға да қимайсың. Мұндайда тығырықтан шығатын бір жол ұсынғым келеді — көзге жауыр болған, көнерген киімді тастармен әрлеу. Арзан әрі сәнді. Дәл ондай киім сізден басқа ешкімде болмасы анық ;).

Киімге әшекей тастарын тігудің ең қарапайым жолын ұсынбақпын. Осыған қолыңыз жаттықса, әрі қарай түрлі сызба, фигура, суреттер салып тігуді де тез меңгеріп кетесіз.

Мына трикотаж кофта менің гардеробымда жақында пайда болса да, бір өзгеріс енгізгім келді.

Блог - aikarakoz: Ескірген киімді лақтыруға асықпаңыз!

Ол үшін талғамыңызға сай тастар, кофтамен түстес ине-жіп және қайшыны алдым. Тастардың дәл мен таңдағандай болуы — шарт емес, құр бисерді де, «сваровски» тастарын да, маржан тастарды да, суреттегідей, тау хрусталін да тігуге болады.

Блог - aikarakoz: Ескірген киімді лақтыруға асықпаңыз!

Алдымен тастарды қалай орналастыратынымды жоспарлап алдым. Мойын тұстан төмен қарай шашыраса, әдемі көрінеді екен. Мынабір қалтаның кедергі келтіріп тұрғаны… ай, ештеңе етпес.

Блог - aikarakoz: Ескірген киімді лақтыруға асықпаңыз!

Тастарды тығыз орналастырып, қандай да бір жүйеге бағынбастан тіге бастадым. Астына қарай «шашыратуым» үшін бірте-бірте арасы сиреу керек. Түстердің үйлесуіне назар аударуған жөн.

Блог - aikarakoz: Ескірген киімді лақтыруға асықпаңыз!

Инеге бір сабақталынған жіп соңына дейін тігіледі. Әр моншақты әр жерге жеке-жеке тігу өте қауіпті — түйінделген жіп тез ажырауы мүмкін. Сондықтан суреттегідей жақын орналасқан моншақтарды бір-біріне жалғай бердім.

Блог - aikarakoz: Ескірген киімді лақтыруға асықпаңыз!

Максимум бір сағат уақытымды алған «жаңа жемпірімді» қайда болса да, ұялмай киіп бара беруге болады :). Бастысы — сәннен қалып жатқам жоқ. Төмендегі сапасыз фотом үшін кешірім сұраймын, негізі тастар керемет жарқырайды ;)

Блог - aikarakoz: Ескірген киімді лақтыруға асықпаңыз!


Осылай. Бәрі оп-оңай. Ынта болса, болғаны… Дәл қазір «жаңаруы тиіс» киімдеріңізді жинап келіп, іске кірісе беріңіз ;)
Әрі қарай

Бичпакеттер дегустациясы немесе "Не? Немен? Қайдан? Қанша?"

Фастфудтың да фастфуды бар :) Асқазаның «сигнал» бере қалса, арзан әрі тез деп, бичпакетке тұра жүгіретініміз бар. Бұл жеделдің жеделі саналатын тағамның дәмін татып көрмеген адам жоқ шығар бұл өмірде :)

Осы жедел тағамның дүкен сөрелерде тізілген неше түрі тұрғанмен, екі-үшеуінің ғана «тұрақты» тұтынушысы болыппын. Блогиада үшін бәрінің дәмін көрмекке бел будым. Зерттеу десем бе екен, дегустация десем бе екен…

Блог - aikarakoz: Бичпакеттер дегустациясы немесе Не? Немен? Қайдан? Қанша?


Биг бон

Блог - aikarakoz: Бичпакеттер дегустациясы немесе Не? Немен? Қайдан? Қанша?
180 теңге
Керден кеседей ыдысқа салынған Биг бонға қарны шұрқырап тұрған адамның өзі тоятындай. Үлкен дегенім ғой. Ішінде кеспесінен бөлек соус, кептірілген көкөністер және дәмдеуіш бар. Өзіміз ішіп жүрген көжелердің құрамын кептірсек, осындай көлемде болар ма екен, білмедім. Әйтеуір мына титімдей қоспалар бір порция үшін аз секілді, меніңше. Бірақ, дәл осы маркалы өнім — қоспасы молынан салынатын өнім.
Кеспе 5 минуттың ішінде пісті. Бір түрлі иісі бар, бензиннің иісін сезетін сияқтымын ба… Қамыры қатты, езіліп кететіндерге қарағанда осы жақсы.
Құрамына қарасақ, соусы мен дәмдеуіші толған химикат. Сыртына айқайлатып жазып қойған сиыр етінің өзі ароматизатор ғана боп шықты. Сала құлаш боп созылып жатқан осынша құрамның арасынан түсініксіз «аторлардан» (регулятор, ароматизатор) басқа ештеңе таппадым.
Биг бонның 100 грамы 406 калорияны құраса, мына ыдыстағы жедел тағам, шамамен, 350 калория. Мүсініне алаңдайтын сылқымдар үшін қорқыныштылау тағам.


Биг ланч


Блог - aikarakoz: Бичпакеттер дегустациясы немесе Не? Немен? Қайдан? Қанша?
170 теңге
Мынабір құтыны қолыма алғанда шайқап көрдім, салмағын байқап көрдім. Сүйек деген әдетте ауырлау болушы еді… Құрамына үңілсем, сүйек тұрмақ, қой еті де жоқ, жәй ғана "қой еті" деп аталатын иістендіргіш бар. Қорабы әдемі оюмен көмкерілген бұл өнім Ресейде шығады да, Алматы қаласында импортталады екен.
Жоғарыдағы Бигбоннан үлкендеу қораптың ішінен дәл сондағыдай кепкен көкөністер, соус, дәмдеуіштер шықты. Кеспе көлемі де бірдей, қампиып тұрған қорабы ғана. Соусының түсі шошытты мені. Былай… сыққанда да қойыртпақтанып, ыңғайсыз сезім қалдырады екен.
Кеспесі 4 минутта пісе қалды. Бұрын-соңды дәмін татып көрген емес ем, Бигбоннан тәуірлеу екен. Өткір иіс жоқ. Кеспесі жұмсақтау, «не приятно» демесең, былай анда-санда ішке қылғыта салғанға болатын сияқты. Бірақ, 90 грамм Биг ланчтағы 400 калорияны құрту қиынға соғып жүрмесе болды да. Құрамын Бигбонның қорабынан көшіріп қоя салған ба деп қалдым, «пәшти» бірдей.


Доширак


Блог - aikarakoz: Бичпакеттер дегустациясы немесе Не? Немен? Қайдан? Қанша?
150 теңге
Студент күнімде сүйікті кеспем еді. Қазір мүлде ұнатпай кеттім. Жо-жоқ, менсінбей кеткен түгім де жоқ. Кеспе емес, резіңке жеп отырғандай болам. Дәмдеуіші мен кептірілген көкөністері бар бұ Доширактың бір плюсы — шанышқысында. Пойызда кетіп бара жатып, жолдан ала салғанға өте тиімді. Құрамы тым майда әріптермен жазылған. Қытайдың тағы бір қулығы шығар дейін десем, бұл өнім Ресейдікі боп шықты. Қоспасындағы кептірілген еттерін ерінбей шұқылап көрдім: кеуіп кеткен қойдың құмалағына ұқсайтын сияқты ма, қалай?) Жоқ, бұл — қуыршақтың еті болар, а? Пластмассадан жасалған сияқты :) Бәрінен бұрын дәмдеуішіндегі қызыл бұрыштың көптігі ғой елдің асқазанын «жаулап жүрген», иә? Елдің демей-ақ қояйын, маған сонысымен жағады Доширак. Бірақ, қазір жемеймін))).
Жарар, өнім туралы айтайын. Кеспесі 5 жарым минуттай уақыт өткенде жеуге болатын түр берді. Әнебір ағараңдап жүрген кептірілген бірдеңені біресе картопқа, біресе қозықұйрыққа ұқсатам. Оны тісіме ұйкеп көрсем, резіңке үйкегендей ғычық-ғычық деген дауыс шығады. Байқұс асқазаным-ай, кезінде қалай қорлағанмын сені((.


"Қытай кеспесі"

Блог - aikarakoz: Бичпакеттер дегустациясы немесе Не? Немен? Қайдан? Қанша?
240 теңге
Оһ, менің шатырым кететін кеспе :) Иә, өте-өте ащы. Сондықтан ғана шығар, бичпакет жегім келе қалса, дүкен сөресінен алғаш іздеймін осы қызыл құтыны. Хехе, сіз де мен секілді Қытай кеспесі деп ойлап отырсыз ба? Бұл — кәрістердің рамены. Кепкен көкөністерін қораптың ішіне кеспемен бірге төге салыпты. Кішкене қалтадағы дәмдеуіші аз. Аз болса да, аузыңды өртеп жібереді. Өртемей қайтсін, 80 пайызы қызыл бұрыштан тұрады. Әрі энергетикалық құндылығы да аздау (басқаларына қарағанда), дәл осы құты 300 калорияның ар жақ, бер жағындағы өнімді сыйдырып тұр. Дәмін көрген 7 кеспенің ең ащысы. Кеспесі 6 минутта піседі.


Роллтон

Блог - aikarakoz: Бичпакеттер дегустациясы немесе Не? Немен? Қайдан? Қанша?
50 теңге
Құдай бере салған сары Роллтон-ай! Ыстық сумен бұқтырып алып, үстінен кетчуп-майонезді құйып жіберіп, терлеп-тепшіп жеп алатын Роллтон-ай. Бірақ, студенттік өмірім қалай аяқталды, солай бірден ұнамай кетті бұл кеспе. Кеспесі тым езіліп кетеді, дәмдеуіші өте аз, ыңғайлы ыдысы жоқ. Әлде «арзанның сорпасы татымасқа» иланып жүр ма екенмін, білмеймін. «Бұл кеспенің қорабында аз ғана дәмдеуіші мен көзге тамызарлықтай сұйық майы бар,» деп таныстырып жатқаным артықтау боп кетер. Алайда, оң жақ төменде пайда болған «Халал» бергісін нұсқап өткім келіп тұр. Бұрын мән бермедім бе екен, әлде кейін пайда болды ма, жақсы жаңалығы бар екен. Бірақ, дәмі сол күйі екен. Онсыз да үгітіліп тұрған кеспесі баяғы әдетіне басып, 3 минутта пісе салды да, одан көбірек күткеніме шыдамай, езіліп кетті. Қалай болса да, бұл марка Ресейге көп табыс әкелген сияқты. Қазақстанда әлі күнге сұраныста.


Карлығаш

Блог - aikarakoz: Бичпакеттер дегустациясы немесе Не? Немен? Қайдан? Қанша?
50 теңге
Қанша көріп жүрсем де, сыртында "қазақ" тілінде жазу барын байқамаппын. Өйткені, қорабының өзі сүйкімсіз еді. "Қазақша жазусымағы бар Қытайдың бичпакеті не деген сұрықсыз" еді деген оймен қорабын төңкеріп қарасам, Қырғызстанның өнімі боп шықты. Анаңғара, жұрттың қаңсығы сатылуда бізде. Қаңсық емей немене, 4 минутта дайын болған тағамның иісі тышқан өлтіретін дәріге ұқсайды. Ауылда сарайдың бұрыш-бұрышына сеуіп қоятын удың иісі келді мұрныма. Өңменімнен өтіп кеткендей болды. Түсі де күдікті. Әрине, дәмін татқан жоқпын.


Лаззат

Блог - aikarakoz: Бичпакеттер дегустациясы немесе Не? Немен? Қайдан? Қанша?
50 теңге
«Халал» деген жазуымен көзіме жарқ ете қалған Лаззатты Карлыгашқа қарааап тұрып, "Қазақстанда жасалған шығар" деп ойладым. Ресейдің мүфтилері Кеңесінің келісімімен шыққан бұл өнімнің халал екеніне қалай көз жеткізерімді білмеймін. Қорабында жазылған құрамында басқа да лапшалардан артықшылық жоқ. Бәрінде кездесетін натрий глутаматы мұндада бар, дәм күшейткіш, хош иәстендіргіштер де жазулы тұр. Калориясы 460-тан асады. Мүмкін кеспенің өзі мен дәмдеуішінде өзгешелік бар шығар? Айырмашылық бар екен, иісі Карлыгаштікіне қарағанда жұмсақтау. Бірақ, иіс бар. 3 минутта піскен Лаззаттың кеспесі де біраз тұрса, езіліп кетеді.


"Бәрінің дәмін татқанда не шықты? Қайсысы жақсы, қайсысы жаман екен енді?" деген сұрақты дауыстап айтып та үлгерген шығарсыз?! Ешқайсысын мақтамаймын. Жалпы бұл фаст фудтан аулақ болғаныңызды сұрар едім. Өйткені, құрамын толықтай оқып шықтым, өңкей иістендіргіш, дәм күшейткіштер, бояулар, тағысын тағы. Кеспе жасалған қамырдың да, қоспалардың да ағзаға артық калория бергеннен басқа еш пайдасы жоқ. Қуаты өте аз болғандықтан қарын тез ашады. Сосын дәл осы фастфудты жиі тұтынудың соңы салмақ жинауға алып келеді.
Лапшаны қарныңыз ашып тұрғанда жемеңіз, сол сәттегі тамаққа деген құмарлық нашар иістерді сездіртпей қояр…
Анда-санда ішіп тұруға да батылым бармайды енді. Мүлде ішпеймін.
Әрі қарай