Жарияланымдар

Күзді ұнатпаймын


Басқаларды қайдам, өз басым күз мезгілін онша ұнатпаймын. Бала кезден.

Дәл қазір Астанада түні бойы жауған жаңбырдан жер деген лайланып, күн бұлттанып, ызғарлы жел ұрып тұрғаны.

Күз келсе болды, онсыз да жүдегіш жаным екі есе жүдеп салады. Күз келсе болды, онсыз да депрессияға жиі түскіш басым, екі есе жабығып кетемін. Күз келсе болды, онсыз да мұңлы ойларымның мұхитына екі есе белшемнен бата түсем. Сол кезде жарқ-жұрқ етіп жүретін, ешқандай ауа райына, ешқандай мезгілге пысқырып қарамайтын адамдарға қызығып қарап қаламын. Қалай осылар сияқты ештеңені көңілге алмай жүруге болады деп? Сосын күз мезгілін ұнатам дейтіндерге де таң қалам. Жаны соншалықты қартайып кеткен бе деп. Жас адам көктем мен жазды жақсы көрмеуші ме ед?..

Күздің де өз әдемілігі, өз қолтаңбасы, өз сұлулығы бар. Бірақ, менің ішкі дүниемдегі жайнаң қаққан жаз айы мен көктемге қарама қайшы келетін құбылыс.

Ойладым, неге күзді ұнатпаймын деп. Күз кәрілікті бейнелейтін сияқты. Күз өміріңнің көктемі мен жазы мәңгі тұрақтамайды, ертең сенде мен сияқты қартайып, осылайша бар байлығың жапырағыңнан да айрылып, ақ қырау мен үскірік шалатын қарттыққа да (қыс мезгіліне) жетесің дегенді тұспалдап тұрғандай. Иә, білем, қарсы уәж айтқыңыз кеп тұр, “адамдар күзде де күледі, күзде де тойлайды” деп. Бірақ, сол Адамың көктем мен жазда да “жылайды”.

Адамның қуанышы мен қайғысы мезгілді таңдамайды. Жылағысы келген адам күзің не, жазың не, өкіріп отыруы мүмкін. Айтқым келгені, күз мезгілі – онсыз да өмірдің шындығына қасқайып тура қарайтын жандарды өткінші жалғанның бейнесімен екі есе қауыштырып, одан сайын қамықтыра түсетіндігінде.
Әрі қарай

Мына мақала қандай мақала?

Кейде «Мой мирдан» кетіп қалайын десем, кете алмай жүремін. Қанша дегенмен ежелден келе жатқан таныстар, бірдеңе-шірдеңе сұрағанға керек. Фейсбук, Твиттер т.б. дегенді көп таныстарым әлі біле бермейді. Олар үшін «Мой мир» жарты әлемнің тұтқасы. Одан басқа желіні «толқындары» ұстамайды. Ұстаса да біле бермейді. Жаңа агентте отырсам мына төмендегі мақала авторы «Майдан.кз» сайтына кіріп мақаламды оқышы дегендей өтініш жасады. Оқып көріп ойымды айтып едім, ұрысып қала жаздадық. Енді осыны «Керектіктерге» тастап көрейін, не дер екен деген ой келді. Сонымен мақала авторы Қажекең былай дейді:
Қажымұқан ҒАБДОЛЛА: “ӨЗІҢНЕН ТУМАЙ — ҰЛ БОЛМАС...”
Көз алдыма жауыннан кейін жердің бетін жыбырлап, қаптап кететін жауын құрты елестейді…
Қазір қара қытайлықтардың Қазақ Еліне шабуылдап, енуі – менің көз алдыма жауын құртын әкеледі. Неге бұлай?
Біздің ата-бабаларымыз қазақ-қазақ болғалы қара қытаймен қылыштасып келе жатқан жоқ па?
Енді қыздарымыз бен қатындарымыздың қара қытайдың баласын емізіп отырғаны мынау! Масқара ғой. Билік пен Үкімет, Халық пен Жігіттер қайда қарап отыр?..

Жалғыз Алматының өзінде бір ғана жылдың ішінде 2000-ға тарта қытайлықтар қазақ қыздарымен ресми некеге тұрса, бүкіл еліміз бойынша бір жылда біздің қарындастарымыз 9000 шетелдіктерге жар болып үлгеріпті…

Біздің заңдарымыздың солқылдақтығы сондай – қытайың да, жөйтің де, орысың да, американың да, негрің де Қазақ елінің азаматымен некелессе, лезде біздің еліміздің азаматы болып шыға келеді.

Мен Қытай үкіметінің «Жер бетін жаулау жөніндегі» мыңжылдық құпия құжатын айтпасам да, әлгі қазақ қыздарына үйленгендердің 70-80 пайызынан астамы дұшпан елдердің жансыздары мен тыңшылары екендігіне дау жоқ. Сонда біздің қауіпсіздік құрылымдарымыз ай қарап отыр ма, әлде, шошқа тағалап отыр ма?

Өз-өзімізбен: «Қазақ тілі керек пе, жоқ па?» — деп, жаға жыртысып жатқанымызда, жауларымыздың харам қолдары кеңірдегімізге таяп қалды…

Бүгін жаңа заң қабылдап, қытайлықтар мен басқа да келімсектерді өз елдеріне қуатын болсақ, олардан бала тапқан апа-қарындастарымыз өзімізіге қарсы шапшиды. Өйткені, өзгеден тапқан баласын қимайды…

Бұл шиеленісті жағдай – болашақта біздің еліміздің қауіпсіздігіне балта шабатын болады. Неге десеңіз, атам қазақта «Жесір дауы мен жер дауы» ежелден өзекті мәселе болып келеді.

Меніңше, шұғыл түрде жаңа заң қабылданып: «Егер Қазақ Елінің азаматшасы басқа елдің азаматымен некеге құрса, біздің елдің азаматтығынан бірден айырылуы тиіс және ол некелескен жат елдің азаматы Қазақ Елінің азаматтығын ешқашан ала алмайтын» міндетті бап енгізілуі керек.

Былтыр ғана Сауд Аравиясы жат жұрттармен некелесуге мүлдем тиым салса, Камбоджа өздерінің күйеу жігіттерінің жасы 50-ден төмен әрі айына 2550 АҚШ долларынан кем емес табыс табатындарға ғана таңдап, рұқсат беретін болды…

Біздің дұшпандарымыздың қайсыбір ақпарат құралдары: «Шетелдіктермен жасалынған некелер мықтырақ болады» деп көлгірсиді. Мұнысы – шылғи өтірік. Бұл – «сасқан үйрек артымен сүңгидінің» өзі.

Данышпан бабаларымыз: «Өзіңнен тумай — ұл болмас, сатып алмай – құл болмас» демей ме!!!

Біздің бір оқырманымыз осынау өте өзекті мәселені шешуді Премьер-министр Кәрім Мәсімовтен өтініп, хат жазыпты…

Тапқан екен, кімге өтініш айтуды?!..

Армандапсың ақ тоқты — қыстың күні көк шөпті!..
Қажымұқан ҒАБДОЛЛА
Әрі қарай

Миссис Қазақстан - 2011

14 қыркүйек күні Астана қаласының «Қазақстан» орталық концерт залында «Қазақстан ханымы — 2011» байқауы өткен болатын. Сол байқауға әскери келіншектердің атынан «Шығыс» өңірлік қолбасшылығының әскери оркестрі мен фольклорлық ансамблінің әншісі әрі домбырашысы Ольга Сағындықова қатысады деген соң, біз де барғанбыз. Енді, әскери газет болған соң армияда жүрген ханымға қолдау көрсетейік деген тілек қой біздікі. Ол алдында Семейде өткен байқаудан суырылып шығып, Астанаға жолдама алған екен.
Тәуелсіздіктің 20 жылдығы деп қазір түрлі-түрлі шаралар өтіп жатыр. Бұл байқау да сол 20 жылдықтың құрметіне орай 20 келіншекті қатыстырыпты. Қатысқандардың жас аралығы 25 пен 50 жас. Байқауда әскерилердің атынан қатысқан Ольга екінші вице-миссис атанды. Бірінші вице-миссис болып алматылық Ақнұр Жұмабаева танылды. Ал "Қазақстан ханымы-2011" тәжін алматылық Виктория Момынбаева жеңіп алды.
Жалпы, байқауға келіншектер жақсы дайындалған. Бәрі үлгілі отбасының тұтқасы, кем дегенде 5-6 шағасы бар келіншектер. Бірінші орын алған Ақнұрдың 6 баласы бар дегенге сенгің келмейді. Ал, ханым атағын жеңіп алған Виктория бес баласымен өте күшті сахналық қойылым көрсетті. Идеясын қайдан алғанын білмеймін, бірақ күшті. Жалпы, қатысқан келіншектердің қай-қайсысы болсын бәрі алғыр, бәрі керемет. Оларға орын беру де әділетті болды деп ойлаймын. Өнер адамдарынан ақтөбелік Светлана Айтбаева деген әнші қатысты. «Бәрін айта та, бірін айт» деген, Ольга қазақшаға судай, әрі домбыраны да керемет тартады. Мен өйтіп тарта алмаймын  
Әрі қарай

Мүшел жас қауіпті ме?

/
сурет aruna.kz/catalog/books/september_b_les_be/m_shel_zhas/ — осы жерден алынды.
Агентте құрбыммен сөйлесіп отырғанмын. Әңгімеден әңгіме шығып ол маған бір танысының 3 тамыз күні қайтыс болғанын және сол танысының туған күні де 3 тамыз екенін, дәл мүшел жастан шыққан күні екенін айтты. Бұрын мүшел жас қауіпті деп айтса онша сенбейтінмін. Бірақ, өз әкем де 48-ден 49-ға қараған мүшел жасында қайтыс болды. Оның үстіне, әкем жылқы жылы дүниеге келген, как раз қайтыс болған жылы жылқы еді. Негізі, сондай бір ырымшыл емеспін, бірақ мүшел жас шынымен қауіпті болғаны ма сонда?
Әрі қарай

Оянған ойлар-2. Мақымның мақамымен...

Ішіп кеткім келеді. Менікі Нұрекеңдей емес, анда-санда “за күйік” ішкісі келу. Сөйтсең бәрі дұрысталып орнына келе қалатындай. Жаман ойлап қалдыңыз ба, әрине “ақаңнан” емес, жай сырадан сыраптап қана. Өйткені, өзі өмір сүріп отырған қоғамға ешкімнің де көңілі 100 пайыз толған емес. Толған болса маған әкеліп көрсетіңізші. Мен содан интервью алайын  Зар заманның “зарлауықтары” қай кезде де табылады. Ұлтына өлердей жаны ашитын, тіл, дін, рух деушілердің!!! Аттан, ойбай аттан! Құрдымға кетіп бара жатқан да қазақ, өз елінде жүріп чмо болған да қазақ. Общем, абайламасақ, жаһандану деген айдаһардың аузында тұрмыз. Жыны келсе, бізді “әуп” деп жұтып қоюы мүмкін. Бірақ, че-то бізді әлі жұтқан жоқ! ( Бұдан тез жұтылуды армандап жүр екен деп ойланып үлгермеңіз). Жан-жағымызға қарап қалсақ, байбалам салып жүрген өзіміз екен.

Құсып кеткім келеді. Жоғары жақтағылардың құрып қойған системасына әсіресе. Сосын, “мен бастықпын, көңілімді табыңдар, мақтаңдар, ақша беріңдер, жағынып, қас-қабағыма қарап өмір сүріңдер, аяқтарыңнан ұшынан басып жүріңдер, бүгін көңілді екенімді көрсетпеуім керек, әйтпесе жылы жүзімді байқап қойса, подчиненныйларым түрлі просьбаларымен келіп, миды шірітуі мүмкін” деген сияқты. Орнынан босап қалмас үшін, өзінен жоғарылардың ұртын “бір майлап” қоюды ұмытпау, тағысын тағы осы сияқты түсініктерге, және креслодан айрылып қалмас үшін үреймен ұйықтап, үреймен оянатындардың бейшаралығына құсып кеткім келеді.

Ұшып кеткім келеді. Ұшып емес, безіп кеткім келеді. Безіп емес, білә, өліп қала салғым келеді. Қысқасы осы.
Әрі қарай

Монашка мен "Хиджаб"


Мына суретке қарап тұрсаңыз, мұсылман қыз бен монашканың киімінде анау айтқан бір айырмашылық жоқ сияқты. Екеуі де жабық, ашық-шашық тұрған ештеңесі жоқ.

Хиджаб – араб тілінде жамылғы деген мағынаны білдіреді. Яғни, шариғаттың талабына сәйкес киім. Ұзын, денеге жабысып қалмаған кең, адамның назарын нәпсі ойларға жетелемейтін киімнің түрі. Хиджабты Сауд Арабия, Ауғанстанда, Шешенстанда киіп жүруі міндетті. Ал, Түркия, Тунис, Тәжікстан елдерінде хиджабты мемлекеттік мекемелерге, университет пен мектептерге киіп келуге тыйым салынған. 2008 жылы Түркия хиджабты университетте киюге рұқсат алғысы келген екен, алайда конституциялық сот заңды өз күшінде қалдырыпты.

Ал, монахиня – шектеулі қоғамдағы аскеттік өмір стилін ұстанатын діни қоғамның мүшесі немесе жалғыздықта ғұмыр кешуді таңдаған әйел. Дени Дидроның 18 ғасырда жазған “Монахиня” прозасында монастырьдегі монашка қыздың сыртқа қашып шыққысы келгенін, қыстыққан жаны еркіндікті аңсап, ақырында қашып шығып, жарық әлемді көргеніне бақытты екені туралы жазған повесі кімді де болсын бей-жай қалдырмайды.

Автордан: Хиджабты өз басым кимес едім. Мен еркіндіксүйгіш, кең даланы мекен еткен көшпенділердің ұрпағымын. Бүркену, ұзын көйлекті киіп алып, сүйретіліп жүру табиғатыма жат. Бірақ, тым ашық-шашық киініп, тырысқан-бүріскен бірдеңелерді, тылтиған юбкаларды киіп, кіндігін көрсетіп жүретіндерді түсінбеймін. Әркім өзінің сана-сезімі мен ақыл-деңгейі жеткен жерге дейін киінеді. Талғамы жоғары, ұятты биік қоятын кез келген қыз-келіншек өз абыройын төгетін киім атаулыға жолай қоймас деген сенімдемін.

Сурет: www.diary.ru/~islamnews/?tag=405414 осы жерден алынды.
Әрі қарай

Шекемтас пен агент


Бала кезімізде ауылда жүргенде ойынның нешеме атасын ойнайтынбыз. То есть жасырынбақ, есік алдына тегіс жерге мак сызып ойнау, қырға шығып тастан үй салу, арықтағы судан кішкене итбалықтарды аулау, қырға шығып "Қызыл ту" ойнау, үйге келсек шекемтас, доп, скакалкамен неше түрлі ойындарды ойнаймыз. Одан басқа, «Ақтерек, көктерек», «Жүзік жасыру, он шақты балалар қол ұстасып тұрамыз да, лабиринт болып шатасамыз. Көзін жұмып тұрған бір ойыншы келіп, біздің шатасып кеткенімізді жазып, қайтадан орнына әкелу керек. Сосын, қуаласпақ ойнаймыз. Онда „қаздар ұшып барады, оның саны қанша? “12» десе, кім 12-ші болып шығып, сол алақанына сарт еткізіп тигізсе, қалған балалардың бәрін қуалап жүріп ұстауы тиіс. Ал алақанын тигізбей дер кезінде тартып алса, ұра алмай қалған ойыншының өзі қуалайды. Адамның атын, қаланың атын жасырып ойнайтын кездер де есіме түсіп отыр. Оған себеп, zhanar-seitmat-тың «Жиде әлегі» әсер етіп, ауылымды еске түсіріп жіберді. Мен өз басым әсіресе шекемтасты, скакалканы, жасырынбақты, макты жақсы ойнайтынмын. Ал допқа онша икемім болмайтын. Ауылға барсам қазіргі кішкентай балалар біз сияқты ауылды басына көтеріп, шулап ойнамайды. Күндіз балық аулап, доп ойнасақ кешкісін жасырынбақ ойнап, одан қалса жиналып алып қорқынышты әңгімелер айтып отыратын кездеріміз-ай… Қазір че-то інілерім кішкентай сіңлілерім ваще ойнамайды да. Олар постоян түн ішіне дейін агентте отырады. ал маған сол агент дым қызық. Шекемтас ойынына арналған домалақ бес бірдей тасты суреттегі осындай тастардың ішінен теріп тауып алатынмын.
Әрі қарай

Парадқа дайындық қалай?









Бүгін Тәуелсіздік сарайы алдында 30 тамыз күні өтетін әскери парадтың алғашқы дайындығы туралы қысқаша репортаж жасауға барғанмын. Дайындық жақсы өтіп жатыр. Парадқа 2000-нан аса әскери қызметші мен 200-ден астам әскери техника жұмылдырылғалы жатыр. 25 шілдеден басталған дайындықтың жақсы екені алаңдағы саптық шеруде айқын көрінді. Астана маңындағы Қырқыншы станция жақта далалық лагерьде 172 палатка тігілген. Оның ішінде 9 шаруашылық пункт тамақтандыруға арналса, әскерлерді жуындыру үшін 6 далалық монша үздіксіз жұмыс істеп тұр. Оған қоса бір мезетте 82 адам жуына алатын душ та іске қосылған. Әскери мамандар керек-жарағын алу үшін далалық дүкен жұмыс істеп тұр. Медициналық пункт бар. Әскери қызметшілерді аспен қамтамасыз ету жауапкершілігін «Нұр ислам» фирмасы өз мойнына алыпты. Сенбі, жексенбі күндері әскерилерді Астананы аралатып, Алжир музейіне апарған. Биыл парадқа жаңадан төрт қорап қосылған. Былтыр әйелдер «коробкасы» біреу болса, биыл екі «коробка» қыздар сапта жүріп өтпек. Сосын теңіз шекарашылары, тау атқыштар бригадасы келген.
Парад-2011 лагерь жиынының бастығының орынбасары подполковник Ринат Ахметов парадты жыл сайын өткен дұрыс дейді. «Себебі, Астаналықтар мен қонақтардың бәрі түгел келіп көреді деп ойламаймын, былтыр келіп көре алмағандары биыл келіп көреді. Қарулы Күштерді, әскери техникамызды өз көзімен көргені дұрыс. Ол Отансүйгіштік пен патриотизмге тәрбиелейді», — дейді.
Суреттерді өзім түсірдім.
Әрі қарай

Ыстықкөл!

Биыл ойда жоқта Ыстықкөлге барып қайттым. Отпуск кезінде ғой, әрине.

Қоянның жадыраған жазы немен есте қалды десек, Алматыға қанша барып жүрсем де, күлкіңіз келетін шығар, “Көктөбесіне” бір де бір рет бармаған екем. Соның сәті түсіп, “Көктөбеге” бардым. Сосын ойда жоқта Ыстықкөлге үш күнге барып қайттым. Әрине, пысық подружкаларымның арқасында. Кейде подругаларыңның шустрый болғаны да пайдалы екен  Бірақ, үйдегілерге айтпай кетіп, аздап сөгіс естідім.
Сосын, туған жерім дегендей Шымкентке тартып тұрдым. Барсам “ми қайнатар” ыстық. Қайбір күндері күннің ыстығын бәзбір білгіштер +48-ге дейін барды десіп шулап жүрді. +48-бе, +50-ме, бәрібір Астананың салқынына үйреніп қалған басым демігіп қала жаздадым. Күн деген шыжып тұр, көліктің терезесін ашып қалсаң самал соғудың орнына ыстық жел ұратынын қайтерсің. Шымкенттік болғанымызбен таудың саясында өсіп, қаланың ыстығынан аман қалып жүретінбіз. Ал жұмыс істеп жүрген жылдары ұзақты күн кабинеттен шықпай, қас қарайғанда бір-ақ шығатынбыз. Ол туралы айтар болсам ұзынсонар әңгіме болып кетеді. Сонымен, отпускі өтті де кетті. Астанаға келсем күн түнеріп тұр екен. Бірақ, соңғы күндері Астананың қабағы ашылып тұр. Тфә, тфә.

Айтпақшы, Ыстықкөл туралы бұрын онша мән бермейтінмін. Барсам көлдің суы керемет, тап-таза, мөлдір, үңіліп қарасаң түбі көрінеді. Суы тұзды, шипалы екен. Жағасында құмға қыздырынып жатқандардың көбісі Алматы, Оңтүстік жақтан барған қазақтар мен орыстар. Сөздің ашығы керек, әсіресе орыстар көп барады екен. Бізбен бірге бір автобус болып орыс ағайындар барып еді, қайтар кезде де “Қордай” бекетінен бері қарай Ыстықкөлге ағылып жатқан орыстарды көрдім. Орыстар негізі демала біледі. Ал, біздің қазақтың жазы шапқылап той жасап, баласын оқуға түсірумен, құда күтумен, қыстың қамына дайындалумен-ақ өтіп кетеді. Сөзіңе дәлел іздеп әуре болмайсың. Үйге келсем, әпкем мен жездем Кентауға бір тойға кетіпті. Сонда олардың қай кезде демалатынын құдай білсін. Келген соң да қарап жатпады, қызы мен күйеу баласын, құдағиын қонаққа шақырды. Бір жақындары қайтыс болып, соның жетісіне кетті, сосын одан “үһ, аһ” деп шаршап келіп еді, ертесіне тағы бір таныстарының қайтыс болғанын естіп, соған кетті шапқылап. Шымкенттегі әр қазақтың шаңырағындағы тіршілік осы. Бұл бірінші көрініс.

Екінші көрініс, базарға бардым. Астанадағыдай емес, мұнда жеміс-жидек, азық-түлік, киім-кешек бәрі арзан. Аста төк молшылық! Әбден Астананың қымбат бағасына, суықтығына үйреніп қалғандықтан ба, кейде оңтүстіктің халқының пейіліне, еңбекқорлығына риза болып кетесің. Шығыстың базарын аралап жүргендей әсерде қалдым. Жер үйде тұратындардың бақшасында жүзімдер майысып пісіп тұр. Шехеразаданың елі дерсің. Бұл менің біртіндеп астаналық бола бастағаным ба, жоқ өз туған қалама бұрын байқамаған көріністерге енді мән беріп жатқандығым ба, әйтеуір өзім де білмеймін, Шымкентті шырайлы қала деп жайдан жай атйпайтынын түсіндім. Дүйсенбі жұмысқа келген соң, екі күндей “ұйқысырап” әрең жүрдім. Бастығым да сыралғы адам ғой, “Қалай, жұмысқа қолың жүрейін деді ме?” деп сұрап қояды. Біліп тұр ғой, өзімнің каналыма түсе алмай жатқанымды.

Жалпы, айтайын дегенім, осы біз қазақтар демала білеміз бе? Демалсақ та қалай өткеріп жүрміз?
Әрі қарай

Сидни Шелдон


АҚШ жазушысы Сидни Шелдон 11 ақпан 1917 жылы Чикагода дүниеге келген. 30 қаңтар 2007 жылы 89 жасында қайтыс болған. Шын аты-жөні – Сидней Шехтель. Прозаик, сценарист. 1937-2007 жылдар аралығында үздіксіз шығармашылықпен айналысқан. Криминалдық драмалар, детективтер, махаббат туралы романдар жазған. 1947 жылы «Оскар» жүлдесін алған.
Екінші дүниежүзілік соғыста авиацияда қызмет етіпті. 1941 жылы азаматтық өмірге оралып, мюзиклдар жаза бастапты. MGM пен Paramount Pictures студиясына сценарийлер жазған. 1970 жылғы романы Эдгар По атындағы премияны ұтып алады. Романдары 56 тілге аударылып, 300 миллионнан астам таралыммен жүздеген елдерге тараған. Оның сценарийлері бойынша 25 шақты фильм түсірілген. Жазушыны «бестселлер» деп атайды екен.
Былтыр осы жазушының «Таңертең, күндіз, түн» атты 1996 жылы жазған романы қолыма кездейсоқ түскен. Шыны керек, Агата Кристидің бір ғана кітабынан басқа детектив оқымаған басым, Шелдонның аталмыш романынан бас ала алмай қалдым. Қысқасы, романды бір темппен үзбей оқып шықтым.
Бүгін «Керекке» кіріп қалсам Нұржанбай америкалық Теодор Драйзерді ұсынған екен. Осы моментті пайдаланып, мен де Сидни Шелдонның қай шығармасын оқысаңыз да өкінбейсіз дегім келеді. «Утро, день, ночь...» романында Гарри Стэнфорд атты мультимиллионердің өз балаларынан аяған байлығы өзіне де, өзгеге де бұйырмай, ақыры ит өліммен өлгені, өлгенде де кімнің қолынан ажал құшатыны туралы жазылған. Тағы не болатыны туралы айтсам қызық болмай қалар. Одан да өзіңіз оқып алсаңыз, күшті болар еді.
Айтпақшы, Сидни супер жазушы ма, классик па оны білмейді екем. Так что, қоқысқа кете ме, кетпей ме, оны да білмеймін. Бірақ, жазғандары шытырман, тілі орамды, оқырманды өзінен кетірмейтін қасиеті бар.

himanshublogging.blogspot.com/2009/04/sidney-sheldon-tribute.html — сурет мына бір үндіс баланың блогынан алынды.
Әрі қарай