Жарияланымдар

OrkenKenzhebek
10!
Мерейдің жазбасына Аршаттың бөлесі, жүзтаныс деп қарасаңыз да, төреші ретінде суық қарасаңыз да, алары он баллдан асықтай көрініп тұрады. Себебі, мынау памфлетке татитын әңгімеде «ауыл — өмірден өз орнын таппаған қыздар — Саин көшесі» линиясы қандауырмен аяусыз тілініп, қан-жыны бетке шашырардай ашық көрсетілген. Оқып біткен соң әлгі алаңғасар үш қыздың осы жазбадан кейінгі тағдырына деген аяныш қалады.
Кеден одағы, Кончита Вурст, Георгий лентасы секілді саяси-әлеуметтік мемдерді де, қыздардың атына байланысты қара әзілді де мөлшерімен араластыра отырып ой саларлық әңгіме жазғаның үшін тек қана алғыс. «Далаға мүрде, қалаға адам тасып жүрген сары пазик » секілді адамды еріксіз мырс еткізетін теңеулерің үшін тағы бір рахмет. Бүгіндікке қараған 6 жазбаның арда жүйрігі, шап!
OrkenKenzhebek
8,5!
Сатыбалды дегеннен-ақ, оқымай жатып он баллды қоюға қолымыз ыңғайланып тұрғаны бар. Оның суланған жүннен тікенекті сым суырғандай жан-жүрегіңді шымырлатып кететін жазбаларына осымен қанша жыл… тамсанып келеміз. Бірақ, мына жазбасын 3 қайтара оқып шықтым. Оқитын несі бар, қарап шықтым деген дұрыс болар.
Бұл — Блогиададағы фоторепортаж жанрына пародия. Солай түсіндім. Үйдің ішінде болса да, еңбек бар. Алқаштық бояны болса да, креативтың жарықшағы бар. Бірақ, блогиадааралық сайысқа Сатыбалды жазды дейтіндей ерекше дүниені көре алмадым. Қанша жерден құрметім тасып тұрса да
OrkenKenzhebek
7,0!
1. Блогиадаралық сайыс болған соң нағыз Блогиаданың тақырыптарынан кем емес эксклюзив, экстраординар дүниелерді көруге іштей бекіп келгенім рас. Ал мынау атақты «Асқар Базарбай инцидиенті» болып кетіп, Ерлан Оспан баллын ашық жаза бастаған, Асқардың өзі Астанаға келіп, Аршаттармен мауқың басып, қауқылдасып кеткеннен кейінгі «мезгілінен сәл кеш сермелген таяқтай» болып тұр.
2. Шынымды айтсам, қандай критерийге сай бағаларымда да білмей басым қатып отыр. Себебі, 1-ші себептегідей, менің түсінігімде бұл пост Блогиадааралық сайыстың талабына келіңкіремейді.
Тақырыптан соң нүкте қойылғаны ұнамайды) ол жағын Назгүл айтар, дегенмен…
OrkenKenzhebek
7,5!
1. Тәәк, не деп сынасам екен) Алдымен поуестен алынған үзінді расында орнымен тұр. Қашқынның идентификациясы. Одан кейін жалғасқан мәтініңіз сіздің тақырыптағы идеяңызды толық ашпаса да, мына үзікті соншама қалың бетті кітаптан қалай сәтті таңдап алғаныңызға таңым бар. Баяндап жазу шеберлігіңіз жаман емес. Посттың құрылымы ұнады — классикалық нұсқада басына кітаптан үзікті, сосын жалпы жағдайды баяндау арқылы жалқыға өтуіңіз (Дауылбай), оның алдындағы "қарапайым ауыл қазағы бұл соғысқа дайын ба еді?" деген сұрақ-айналым (переход), кейіпкердің қиын тағдыр жолын барынша қысқа түйіндеп барып, өзіңізше ой қорытуыңыз да жаман емес. Ұнады.
2. Тек жазу шеберлігіңізді бұдан әрі шыңдай түсуіңіз керек. Егер, әрине мықты блогер боламын деген нық мақсатыңыз болса. Мысалы «Сөз соңында айтарым» деген университеттегі СРС қорғау кезінде лайық болмаса, былайғы блогерлік жазбада тым басы артық конструкция) Жазбаңыздың басындағы соғыс кезіндегі жалпылай жағдайды сипаттауыңыз Уикипедиядан алынғандай алдамшы әсер бергені де жасырын емес. Айталық, пәленбай ұлдарынан айрылды дегенде, оның ішінде әпке-апаларымыз да болды емес пе? (өзімше феминист)) ҚазКСРО емес, 1936 жылдан Қазақ КСР-і… 700 мыңдай адам жолданды емес, аттанды шығар, әйтпесе жолдану дегенді тек хат жолдау деп қабылдап қалған санамыз сырт-сырт ете қалды. Мобилизация пайызы? Мұны да тікелей аудармай, барынша қазақылап жұмсақтап тастау керек еді.
3. Сосын фотоға ерекше мән беріңіз. Мынау енді анық қашқынға лайық фото емес — шамасы, нацистер қырғынынан кейін түсірілген.
OrkenKenzhebek
7,0!
1. Ләззат әпшеміз негізі ондыққа дәл тиер ерекше экзотикалық тақырыпты таңдаған-ақ екен. Дұрысы, фотомұрағатта тұрған файлдарына қарай әңгіме өрбітіп, арасын сөзбен сылап жібергені болмаса, фоторепортаж (жанрын осылай деп түсіндім) арнайы түсірілмеген, әсіресе жоғарыдан төменге сырғығандағы 5-6 фотолардағы лас кадр әсерімді асбест сепкендей басып жіберді. Датасы — былтыр.
2. Тақырып пен материалдың еш қатысы жоқ. Неге Батыр жігіт? Бұлай болса, онда неге бұл материалда батырдың (мен Руслан деп өзім түсініп алдым) жеңісі не болмаса, жеңілісі айтылмайды? А-а, батыр қазақ күреспеген шығар мұнда, онда неліктен батыр жігіт? Пафосқа бұл материалда қандай негіз бар? Егер бұл фотолы постты моңғол күресіне арналған деп білсек, онда неге бұл спорттың ережесі, қазақ күресінен ерекшелігі айтылмаған? Мысалы, маған бұлардың неге сонша қара санын жалтыратып, құйрығының сызығы көрінетіндей, әйелдің бикиниінен айырмасы аздау түрси киетіні қызық. Осылай ыңғайлы ма? Астарында мат та жоқ…
Ал жарайды, автор басында айтып кеткендей, бұл қазақтардың асы делік, онда неліктен фотоның 80-ы — күрес? Масштаб, локация қайда? Тігілген киіз үйлер дегендей, ойбай, бұл арнайы түсірілмеген фотореп екенін ұмытып кетіппін ғой… сондықтан, ең соңғы 2 фотоға тіпті не комментарий жазарымды білмей отырмын.
OrkenKenzhebek
8,5 балл!
1. Тақырыбы өте сәтті таңдалған. «Білгенге маржанның» аллюзиясында мына кеңесті білген соң, сарайда не қой айдауға жарамайтын, не құрылысқа қаңқа болып жарытпайтын ағаштардан орындық жасап алу, әрине арзанға шығады. Тегінге, тіптен… Сондықтан, бұл постыңызға сегізден асыра баллдатып жіберсем, «Жақсы тақырып — жарты мақала» деген журналистік қағидаға адалдығымды тағы бір паш еткенім деп біліңіз)
2. Ауа жайылмаған. Арнайыландырылған, нақты, салалық посттардың арасында теңдессіз лидері. Қатаң есеп пен чертеж ғана. Басқа не керек? Ештеңе. Бастысы, он балл алсам деп сөзге сөз қосып, суға сабын салып дегендей жағымпаздану жоқ) Нақты, әкең!
3. Әттең деймін де, мына есеп пен сызбаңыз Асқар Базарбайдың «Дивани хикметі» стилінде нақты өмірде іске асырылғанда… Иә, бұл басқа жанр. Иә, сіз әйел затысыз. Бәрін түсінемін. Бірақ, ит таппағыр Асқар Базарбай осы салада сырықпен өте-өте биікке секірді. Сондықтан, еріксіз салыстырып тұрғаным ғой, әйтпесе бәрі тамаша!

Өркен Кенжебек