Жарияланымдар

Қазақтарды футболға баулитын бастама

«Бір атаның балалары футбол ойнайды» республикалық турнирі биыл алғаш рет жер жәннаты Жетісуда өтті.

Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев биыл 8 қыркүйек «отбасы күні» деп жариялап, аталған мерекеге қол қойған болатын. Ал аталмыш отбасылық доданың негізгі мақсаты әрбір отбасында спортты насихаттап, шағын футболдағы команда арқылы бірлік, құрмет және патриотизмге тәрбиелеу болып табылады.

Сондай-ақ Елбасының бұқаралық спортты дамытып, онымен айналысатын халықтың санын 30 пайызға жеткізу қажет деп тиісті агенттікке тапсырма бергенін де білесіздер. Ендеше, Елбасының осы бастамаларына «Бір атаның балалары футбол ойнайды» деген отбасылық доп додасы толығымен жауап бере алады.

Бұл дода біраз жыл бойы дәстүрлі түрде өткізіліп келді. Оған республиканың әр аймағынан 60-қа жуық команда қатысқан кездер де болды. Кәсіпқой және әуесқой деңгейдегі футболшылар бір алаңда өнер көрсететін – еліміздегі бірегей турнир.

Бұл ретте осы дода идеясының авторы әрі ұйымдастырушысы, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Несіп Жүнісбайұлының еңбегі ұшан-теңіз.
Блог - Bek-enu: Қазақтарды футболға баулитын бастама
Жиырма жылға жуық тарихы бар дәстүрлі турнирді өткізу бақыты биыл Талдықорғанға бұйырды. Дәстүрлі дода Жетісу өңірі орталығындағы сәулетті «Жастар» спорт кешенінде өтті.

Отбасылық доданың ашылу сал­танатына ҚР Президенті жанындағы Әйелдер ісі және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның Алматы облысындағы өкілі Айжан Оралбекова келді.

Кезінде Несіп ағаның құрған «Намыс» командасының алғашқы түлектерінің бірі, бірнеше жыл «Жетісу» командасының капитаны болған, Нигерияда өткен жастар арасындағы әлем чемпионатында ел намысын қорғаған Айдар Күмісбеков те ат басын бұрыпты.
Блог - Bek-enu: Қазақтарды футболға баулитын бастама

Еркін күрестен Атланта Олимпиадасының қола жүлдегері, Азия чемпионы Мәулен Мамыров, футболдан Қазақстан құрамасының тұңғыш капитаны Асқар Қожабергенов игі тілектерін білдірді.

Талдықорған алыс болса да, сонау Атыраудан, Қызылжардан, Көкшетаудан, тіпті Бішкектен де отбасылық командалар келіп, доп додасының көрігін қыздырды. Биылғы турнирге 12 команда қатысып, жеребе тарту арқылы төрт топқа бөлінді.

«А» тобы: Сұлтановтар (Көкшетау), Қожабергеновтер (Алматы облысы), Тілешевтер (Тараз);

«В» тобы: Сәрсенбаевтар (Бішкек), Күншығаровтар (Атырау облысы, Мақат ауданы), Розыбакиевтер (Алматы қаласы);

«С» тобы: Жүнісбай ата ұрпақтары (Алматы облысы), Байғазы балалары (Қызылжар қаласы), Жауғашовтар (Жамбыл облысы);

«Д» тобы: Көкеевтер (Алматы қаласы), Бірімқұловтар (Жамбыл облысы, Шу қаласы), Керімқұловтар (Алматы облысы);

Осы турнирдің бірнеше дүркін жеңімпаздары Көкеевтер отбасы бұл жолы өте қарымды құраммен келіпті. «Уэмблиде» 89 мың жанкүйердің алдында Англия қақпасына гол соққан, «Қайрат» және Қазақстан ұлттық құрамасының жартылай қорғаушысы – Жамбыл Көкеев пен «Сұңқардың» қорғаушысы Жігер Көкеев те өз әулеттерінің намысын қорғады.
Блог - Bek-enu: Қазақтарды футболға баулитын бастама

Барлық футболшылар демалыста жүргенде, Жамбыл мен Жігердің осы додаға қатысуының өзі көрермендерді бір серпілтіп тастағаны анық. Сондай-ақ, «Розыбакиевтер» мен «Қожабергеновтер» сапында да кәсіби футболшылар болды.

Былтыр «Қайратта» жасындай жарқыраған, бүгінде «Оқжетпестің» шабуылшысы болып жүрген Рақымжан Розыбакиев те көпшілік қошаметіне бөленді.

Ал Қазақстан ұлттық құрамасының тұңғыш капитаны, еліміздің бірнеше командасында өнер көрсеткен, бапкерлік қызметте де толағай табысқа жетіп жүрген Асқар Қожабергеновтің отбасылық командасы биыл бұл додаға тұңғыш рет қатысты. Асекең карьерасын аяқтаса да, жастармен бір деңгейде өнер көрсетіп, тіпті алыстан қақырата гол соққанда, көрермендер тік тұрып, қол соқты.
Блог - Bek-enu: Қазақтарды футболға баулитын бастама

Дәстүрлі доданың бірінші күні тек топтық кезеңдегі ойындар өтті. Әуелі «А» тобындағы Көкшеден келген, осы доданың дебютанты «Сұлтановтар» мен қазаққа Мұрат Тілешевтей арынды шабуылшы сыйлаған «Тілешевтердің» отбасы кездесті. Бұл ойында «Сұлтановтар» айқын басымдықпен жеңіске жетіп, қарсы қақпаға жауапсыз 12 доп еңгізді.

«Тілешевтер» екінші ойында да «Қожабергеновтерден» ойсырай ұтылды. Өзінің отбасылық командасының қос ойында 31 гол жібергенін телефон арқылы әкесінен естіген Мұрат келесі жылы өзі қатысып, биылғы жіберген еселерін қайтаратынын мәлімдепті. Бұл топтан ширек финалға «Сұлтановтар» мен «Қожабергеновтердің» отбасылық командалары шықты.
Блог - Bek-enu: Қазақтарды футболға баулитын бастама

Екінші топтағы былтырғы турнирдің вице-чемпиондары «Күншығаровтардың» отбасы Талдықорғанға дайындықсыз келген тәрізді. Атырау мен Алатаудың арақашықтығына қарамастан ұзақ жол жүріп келген еңбектері жанбады. Топтық кезеңдегі екі ойында өз қақпаларына 10 доп жіберіп алып, өздері бір ғана гол соқты. Бір қызығы, бұл топтағы үш ойын 5:0 есебімен аяқталды. Ширек финалға «Сәрсенбаевтар» мен «Розыбакиевтер» жолдама алды.

Үшінші топта осы додаға екінші рет қатысып отырған «Байғазы атаның балалары» мен «Жауғашовтар» келесі кезеңге іркілмей өтті.
Блог - Bek-enu: Қазақтарды футболға баулитын бастама

Ал соңғы топта жұлдызды команда «Көкеевтердің» топ жарарларына ешкімнің күмәні болмаған тәрізді. Жасыл алаңда жарқырап жүрген Жамбыл мен Жігер кіші футболды да жатырқамады. Қос жұлдыздың командасында Мейіржан, Елнұр, Жаннұр секілді інілерімен Мұхтар ағалары ойқастады. Мұхит Көкеев балаларына нұсқау беріп, команданың бас бапкері қызметін атқарумен болды. Екі футболшының анасы Сәуле Көкеева бастаған жанкүйерлері де ерекше болды.
Блог - Bek-enu: Қазақтарды футболға баулитын бастама

Бес жасында осы турнирдің дәмін татқан Жамбылдың 10 жастағы інілері Елнұр мен Жаннұр да ағаларынан қалыспай ойнады. Ал бұл топтағы екінші орын «Бірімқұловтардың» отбасына бұйырды.
Блог - Bek-enu: Қазақтарды футболға баулитын бастама
Әрі қарай

Ильиннің жаңа қарсыласы

Ауыр атлетика соңғы Олимпиадада қазақ үшін алтынды «күреп» алған спорт түрі болды. Бұған дейін бір ғана спорттың түрінен бір Олимпиадада төрт алтын алып көрмеп едік. Кеңес Одағының тұсында да бір спорттың түрінен үш алтыннан артық алмағанбыз…

Юрий Зайцев, Виктор Мазин, Анатолий Храпатый сынды тарланбоздарымыз Олимпиада алтынымен апталған спорт түрінен Лондон Олимпиадасында төрт алтын медаль олжалап, бөркімізді аспанға атқанбыз.

Ешкімге ұқсамайтын, тума талант Илья Ильин Бейжің және Лондон Олимиадаларында теңдесіз танылғынын білесіздер. Лондон төрінде сондай-ақ сырттан әкелген үш қызымыз да сенім үдесінен шығып, еліміздің мерейін өсірген.

Екі дүркін Олимпиада чемпионы атанған Илья Лондондағы ерен жетістігінен кейін 94 келі салмақтан 105 келіге ауысатынын мәлімдеді. Бірақ чемпион жігітіміз өзіне демалыс жариялап, әлі зілтемір көтеріп, сайысқа түсе қойған жоқ.

Жақында Польшаның Вроцлав қаласында әлем чемпионаты өтті. Осы біріншілікте 105 келі салмақта 1991 жылы туған өзбектің Руслан Нурудинов деген толағайы топ жарды. Ол – ала тақиялы ағайындардың арасынан шығып тұрған тұңғыш әлем чемпионы. Бұрын-соңды Өзбекстанда ауыр атлетикадан чемпион шықпаған екен.
Блог - Bek-enu: Ильиннің жаңа қарсыласы
Руслан – Өзбекстанның Әндіжан облысы, Ханабад қаласының тумасы. Польшада ол үш бірдей алтынға қол жеткізді. Жұлқа көтеруде 190 келіні, серпе көтеруде 235 келіні оңай еңсерді. Осылайша қос сайыс қорытындысы бойынша 425 келімен чемпион атанды.

Ал күміс жүлде алған ресейлік Давид Беджанян одан 20 келі кем көтерді. Негізі, Беджанян осал зілтемірші емес еді. Ол бұдан бұрынғы әлем біріншілігінде 105 келіге дейін салмақта серпе көтеру жаттығуында әлем рекордын жаңартқан болатын (238 келі). Ал өзбек батыры осы рекордшының өзін «шаңына» ілестірмей кетті.

Осы жеңісінен кейін Нурудинов:

– Серпеде көтеруде басты қарсыласым Бенджанян болатынын алдын ала білдім. Ол дәл осы серпе көтеруде әлем рекордын жаңартқан. Ал жұлқа көтеруде чемпионат қожайыны, поляк Бартломея Бонкамен сайысқа түсуге тура келді. Бонка Олимпиада ойындарындағы жұлқа көтеру сайысында меннен озып кеткен болатын. Бұл жолы есе қайтардым. Енді келесі әлем біріншілігінде міндетті түрде рекорд жаңартуға тырысамын. Келесі чемпионатта бәсекелестік бұдан да жоғары һәм шиеленісті болады. Өйткені онда Олимпиада лицензиялары сарапқа салынады. Сондықтан тізгіндерін тартып жүрген таланттардың барлығы сынға түседі, – депті.

Ал келесі әлем чемпионаты 2014 жылы Астанада өтетінін білесіздер. Ильяның жаңа салмақтағы басты қарсыласы өзінен үш жас кіші осы өзбек спортшысы болатын тәрізді.

Естеріңізде болса, Ильин Лондон Олимпиадасында 418 (185+233) келіні көтеріп, өз салмағында рекорд та жаңартқан. Бірақ біздің Илья жұлқа көтеруде аса қарымды емес.

Ал Нурудинов Қазандағы универсиада мен Польшадағы әлем чемпионатында 190 келі қиналмай көтерді. Сондай-ақ серпе көтеруде өзбек баһадүрі Польшада 235 келіні көтеріп, Ильиннің Лондондағы көрсеткішінен асып түсті.

Бірақ біздің Илья 105 келі салмақта әлі өнер көрсеткен жоқ. Сондықтан қорытынды шығаруға әлі ерте. Ол 94 келі салмақ дәрежесінің өзінде 105 келідегі көп зілтемірші көтере алмайтын салмақтарды еңсерген.

Ендеше, 105 келінің қызығы мен шыжығы әлі алда. Қызықтың көкесі Астанадағы әлем чемпионаты мен Рио-де Жанейродағы Олимпиада ойындарында болайын деп тұр. Біз өз спортшымызға сенеміз. Орыс пен украинның Ивановтарынан озғанбыз, енді өзбектің Нурудиновінен асу керек…
Әрі қарай

Коробкинді "охраниктер" үздік деп таныды

Биылғы футбол маусымы аяқталған соң Қазақстан чемпионатының күміс жүлдегері «Астана» клубы әр түрлі номинациялар бойынша жеңімпаздарын анықтады.

2013 жылғы маусымда ерекше көзге түскен ойыншылар сегіз түрлі номинация бойынша жеңімпаз атанып, естелік сыйлыққа ие болды.

Номинация жеңімпаздары:

1. Клубтың ресми сайтына дауыс беру бойынша ең үздік ойыншы Таңат Нөсербаев атанды;

2. Бапкерлер алқасының шешімі бойынша ең үздік ойыншы – Ненад Эрич;

3. Футболшылар арасындағы сауалнама бойынша ең үздік ойыншы – Фокси Кетевоама;

4. Журналистердің дауыс беруі бойынша – Қайрат Нұрдәулетов;

5. Стадион қызметкерлерінің дауыс беруі бойынша – Валерий Коробкин;

6. Ең үздік голдың авторы – Дамир Қояшевич («Қайрат» – «Астана»);

7. Жоғары нәтижеге қол жеткізген футболшы – Елдос Ахметов;

8. В Контакте әлеуметтік желісінде жанкүйерлердің берген дауысы бойынша ең үздік легионер – Патрик Твумаси.
Әрі қарай

АЗ-дың күші аз емес

Нидерланды – қызғалдақ өсіруден ғана емес, футбол жұлдыздарын түлетуден де шежіресі бай ел. Кройф, ван Бастен, Гуллит, Райкард, Бергкамп, Клюйверт секілді кешегі аңыз футболшыларын айтпағанда, Роббен, Снейдер, ван Перси бастаған әлем футболының бүгінгі саңлақтары жетіп-артылады. Теңбіл доппен аты шыққан осы елдің футбол клубтарының бірі – АЗ (Алкмаар Занстрек).

АЗ командасы біздің «Шахтерден» то­ғыз жыл кейін, яғни 1967 жылы құрылған. Үй­дегі матчтарын өткізетін алаңының сы­йым­дылығы да аса үлкен емес. Стадионға бар болғаны 17023 адам ғана кіре алады. Жетістіктері жай­лы айтсақ, Голландияның екі дүркін чемпионы. Сон­дай-ақ төрт рет ел кубогында жеңіске жетіп, бір рет УЕФА кубогының финалына де­йін жеткен.
Алкмаар қаласы клубының ең ал­ғашқы жұл­дызды кезеңі өткен ғасырдың 70-80-жыл­да­рымен тұспа-тұс келді. Ал­ғаш­қы жүлдесін, яғ­ни ел кубогын 1978 жы­лы ұтты. Арада үш жыл өткенде, «алтын дубль» жасады. Ни­дер­ланды чемпионаты мен кубогын қатар ұтты. Сол жылы АЗ дәл ба­бында болған еді. Тіпті УЕФА кубогының финалына дейін жетті. Өкі­ніш­ке орай, ақ­тық сында ағылшынның «Ипсвич Таун» ко­ман­дасынан ойсырай ұтылды.

Ал екінші чемпиондығына 2009 жылы қол жеткізді. Ол кезде команданың тізгіні атақ­ты бапкер Луи ван Галдың қолында бо­ла­тын. Бұл ма­ман төрт жылдың ішінде «Алк­маарды» жо­ға­ры деңгейге көтерді. Ке­йіннен ван Гал кет­кен соң, команда тө­мен сырғи бастады.

2010 жылы Еуропа лигасының електік до­дасының плей-офф кезеңінде осы АЗ біздің «Ақтөбемен» кездесті. Сырт алаңда Муханов шә­кірттері 0:2 есебімен жеңіліп қалса, өз же­рі­мізде нағыз еуропалық ойын үлгісін көрсетті. Дегенмен қос ойын қоры­тын­дысы бойынша Ни­дерланды коман­дасы топтық кезеңге өткен болатын.

Енді кезек «Шахтерге» келіп отыр. Біз үшін бұл матч өте маңызды. Өйткені «Шах­тер» топ­тық кезеңде әлі жеңіске жеткен жоқ. Сондықтан Ку­мыковтың командасына сын сағаты туып тұр. Өткен турда Астанада «Маккабиді» 2:0 есе­бімен ұтып тұрып, екін­ші таймда екі гол жі­бер­ген едік. Сол турда АЗ бен ПАОК та тең түсті. Екі турдан кейін АЗ бен ПАОК төрт ұпай көш бастап келе жатыр. «Маккаби» мен «Шахтерде» – бір ұпайдан ғана.

Тағы бір айта кетерлігі, жақында Ни­дер­ланды клубының бас бапкері ауысты. Жа­ңа бап­кердің есімі – Дик Адвокат. Фут­бол әле­мін­де аса танымал, беделі жоғары ма­ман. Соңғы жылдары «Зенит», ПСВ клуб­тарын, сондай-ақ Ре­сей құрамасын жат­тықтырған болатын.

Дәл қазір Адвокаттың «Шахтерге» қар­сы қандай тактика дайындап отырғаны бей­мәлім. Белгілісі – Астанаға 22 ойын­шы­сын ертіп келіп отыр.
қақ­пашылар – Эстебан Альварадо, Ив де Винтер, Хоби Верхюлст;

қорғаушылар – Маттиас Юханссон, Дирк Марселлис, Ник Виргевер, Этьенн Райнен, Джеффри Гаувелеув, Ян Вейтенс, Ридгесиано Хапс;

жартылай қорғаушылар – Неманья Гудель, Вилли Овертом, Маартен Мартенс, Виктор Эльм, Маркус Хенриксен, Сельсо Ортис;

шабуылшылар – Йохан Гудмундссон, Арон Йоханссон, Рой Бееренс, Фернандо Льюис, Денни Авдич, Стивен Бергхейс.
Әрі қарай

Боксшыларымыздың жеребесі тартылды

Қазақстан тарихында тұңғыш рет жазғы Олимпиада ойындарына енетін спорт түрінен әлем біріншілігі өтеді. Алатау төрінде ертең жалауы желбірейтін осынау доданың бүгін жеребе тарту рәсімі өтті. Алматыдағы чемпионатқа алдын-ала күтілгендей 576 емес, 457 боксшы ғана келді. Бакудегі рекорд жаңармайтын болды. БАҚ біраз уақыт қатысатын боксшылардың саны жөнінде біраз жазған болатын.
Әрі қарай

АРМАНЫМА ӘЛІ ДЕ БЕРІКПІН

Мұнда ақтөбеліктердің көп екенін білемін. Менің де батыстан достарым көп. Сондай достарымның бірі Азат Садықов спортшы жігіт. Ағалары спортшы. Ақтқбедегі №21 мектепте оқыған. Мектеп бітірген соң, спортты тоқтатып, білім алуды көздеген. Осы жігітпен көктемде сұхбат алған едім. Содан үзінді оқып көріңіздер
Ол 1992 жылдың 29 ақпанында Ақтөбе облысы, Шалқар қаласында дүниеге келген. Жастайынан спорттың таэквондо, кикбоксинг түрлерімен айналысқан. Таэквандодан Ресейдің Архангельск және АҚШ-тың Вашингтон қаларарында өткен әлем чемпионаттарының жеңімпазы, жасөспірімдер және жастар арасында Сеул, Алматы, Ақтөбе, Сочи, Бішкек қалаларында өткен халықаралық жарыстардың чемпионы. Ол – 2004 жылы Грекияның Корфу қаласына өткен кикбоксингтен әлем чемпионатының, сондай-ақ 2005 жылы Италия астанасы Римде түндігін түрген Еуропа чемпионатының бас жүлдегері. Қазақстанның төрт дүркін жеңімпазы. Таэквондадан бірінші дан иегері.Таныс болыңыздар – Азат Садықов. Болашағынан зор үміт күттіретін дарын иесімен кездесіп, аз-кем сұхбаттасқан болатынбыз. Жас спортшы бүгінде Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің экономика факультетінің 4 курсында оқиды екен.
– Азат, әңгімемізді спортқа қалай келгеніңнен бастасақ...
– Екі ағам да жастайынан спортпен айналысып, үлкен жестістіктерге жетті. Екеуі де бірнеше дүркін әлем чемпиондары. Ағаларымның жарыстарына жанкүйер ретінде барып жүріп, спортқа деген қызығушылығым оянды. Осылайша, мен де тоғыз жасымда таэквондо үйірмесінің табалырығын аттадым.
Блог - Bek-enu: АРМАНЫМА ӘЛІ ДЕ БЕРІКПІН

– Ең алғаш жеткен жетістігің есіңде шығар?...
– 2001 жылы Ақтөбе қаласында таэквондодан қалааралық жарыс өтті. Осы жарыста төрт қарсыласымды жеңіп, 1-орынға қол жеткіздім. Бұл менің бірінші әрі үлкен жетістігім болатын. Бұдан бөлек тағы бір жарыс есімде ерекше сақталып қалыпты. 2005 жылы Италия елінің Сардинио аралында Еуропа чемпионаты өтті. Сол біріншіліктің финалында жолым итальяндық споршымен тоғысты. Техникалық шеберлігімнің де, күшімнің де әлгі спортшыдан басым екендігіне қарамастан, төреші менің ұпайларымды есептемеді. Негізгі уақыт тең есеппен аяқталғандықтан, қосымша тағы 1 минут берілді. Барымды салмасам, бас жүлде жергілікті спортшының қанжығасында қалатындығын түсініп, соңғы сәтте өзімнің «айналып тебу» тәсілімді қолдандым. Осы арқылы таза жеңіске жеттім.
– Спортшының бабын келістіретін де, бағын ашатын да бапкері екендігін ескерсек, сенің бапкер таңдауда жолың болды ма?
– Спортқа алғаш қадам басқанда, мені тағдыр Грачев Владимир Борисович деген бапкермен жолықтырды. Менің спортшы ретінде қалыптасуымда бұл бапкердің еңбегі орасан. Таэквондо дегеннің не екендігін егжей-тегжейіне дейін үйретті. Сол еңбек зая кеткен жоқ. Владимир Борисовичтің арқасында бес жылда бірнеше халықаралық турнирлердің, Еуропа, әлем чемпионаттарының жеңімпазы атандым. Кейіннен АҚШ-тың таэквандо құрамасынан шақырту алып, сонда бапкер болып кеткен соң, мен кикбоксингпен айналысқаным жөн болар деп шештім. Себебі кикбоксингте білікті бапкерлер көп еді әрі аталмыш екі спорттың ережелері өте ұқсас.
Блог - Bek-enu: АРМАНЫМА ӘЛІ ДЕ БЕРІКПІН

– Қазір де жарыстарға барып тұрасың ба?
–Тек жоғары оқу орнына түскен соң, жарыстарға баруды біраз уақытқа тоқтата тұрып, басты назарды сабағыма аударуым керек деп шештім.
– Болашағынан үміт күтетін жас спортшыларымыздың бірісің, спортты тастап кетпейтін шығарсың?
– Спортты тастау мүмкін емес. Таэквандомен әлі де айналысып жүрмін. Бұйыртса, дипломдық жұмысымды қорғап алған соң, жаттығуларды үдете түсемін. Себебі мені алда елішілік қана емес, халықаралық деңгейдегі талай жарыстар күтіп тұрғандығын жақсы білемін.
– Демек, сені Олимпиада ойындарынан көруіміз де мүмкін ғой?
– Төртжылдықтың басты бәсекесін қатысып, жүлдегер атану кез келген спортшының арманы. Ал ол үшін қанша еңбек төгілетіндігі айтпаса да түсінікті. Бала кезімнен Мұхаммед Әли, Рой Джонс секілді әлем спортының саңлақтарына тәнті болып өстім. Өзім де болашақта солардай әлем спортының жұлдызы болсам дейтінмін. Сол арманыма әлі де берікпін. Сондықтан Олимпиадаға бару үшін барымды салатыным сөзсіз.
Әңгімеңе рахмет! Биік белестерді бағындыруыңа біз де тілектеспіз!
P.S. Тәуелсіздік алғалы таэквондадан Олимпиада ойындарында бір қолаға ғана қол жеткізіппіз. Естеріңізде болса, 2008 жылы Бейжің Олимпиадасында жалғыз жүлдені Арман Шылманов әперген. Бәлкім, Азат сияқты талай биіктерге көтерілген жас спортшыларымыздың қолтығынан демесек, көп ұзамай Арманның қоласы алтынға айналуы да ғажап емес.
Әрі қарай

Чемпиондар лигасының қызықтары

Бүгін түнде Чемпиондар лигасының топтық кезеңінің екінші тур ойындары басталады. Турдың алдына Чемпиондар лигасының тарихындағы болған ең қызықты статистикалық мәліметтерді ұсынып отырмын.
Чемпиондар лигасының 2013/14 жылғы маусымының алғашқы турында «Аякс» пен «Галатасарайдың» қақпасына хет-трих жасаған әлемнің ең үздік ойыншылары Лионель Месси мен Криштиану Роналду бір сатыға жоғарылады. Нақтырақ айтсақ, осы уақытқа дейін екінші орында келе жатқан Руд ван Нистелройдан Месси екі допқа ұзап шықты. Ал португал жұлдызы Роналду әйгілі Тьерри Анриді артқа тастап, бесінші орынға тұрақтады.
Төменде Чемпиондар лигасының ең үздік 10 сұрмергені көрсетілген:
1. Раул Гонсалес –71
2. Лионель Месси– 62
3. Руд ван Нистелрой – 60
4. Андрей Шевченко – 59
5. Криштиану Роналду – 54
6. Тьерри Анри – 51
7. Филиппо Индзаги – 50
8. Альфредо Ди Стефано – 49
9. Эйсебио– 47
10. Алессандро Дель Пьеро – 44
УЕФА чемпиондар лигасының тарихында ең жылдам голды 2007 жылы «Бавария» шабуылшысы Рой Макай «Реалдың» қақпасына соққан еді. Содан бері бұл көрсеткіш әлі жаңарған жоқ.
Төменде Чемпиондар лигасының тарихында соғылған ең жылдам голдар берілген:
10,12 сек. – Рой Макай («Бавария») 07/03/2007, «Бавария – «Реал» (Мадрид) – 2:1 (1/8 финал).
10,84 сек. – Жонас («Валенсия»). 01/11/2011, «Валенсия» – «Байер» – 3:1 (топтық кезең).
20,06 сек. – Жильерто Силва («Арсенал») 09/25/ 2002, ПСВ – «Арсенал» – 0:4 (топтық кезең).
20,11 сек. – Алессандро Дель Пьеро («Ювентус») 01/10/1997, «Манчестер Юнайтед» – «Ювентус» – 3:2 (топтық кезең).
21,20 сек. – Кларенс Зеедорф («Милан») 09/28/2005, «Шальке-04» – «Милан» – 2:2 (топтық кезең).
24,00 сек. – Пато («Милан») 19/09/ 2011, «Барселона» – «Милан» – 2: 2 (топтық кезең).
25,02 сек. – Давид Алаба («Бавария») 04/02/2013, «Бавария» – «Ювентус» – 2:0 (1/4 финал).
25,20 сек. – Марек Кинцел («Рапид») 02/11/2005, «Брюгге» – «Рапид» – 3:2 (топтық кезең).
25,54 сек. – Деян Станкович («Интер») 05/04/2011, «Интер» – «Шальке-04» – 2:5 (1/4 финал).
28,21 сек. – Мариано Бомбарда («Виллем II») 10/20/1999, «Виллем II» – «Спарта» (Прага) – 3:4 (топтық кезең).
28,46 сек. – Александрод Алексудис («Панатинаикос») 22/11/1995 «Панатинаикос» – «Ольборг» – 2:0 (топтық кезең).

Чемпиондар лигасының тарихында алты ойынның барлығында жеңіске жеткен бес команда бар. Олар: «Милан» (1992). ПСЖ (1994),«Спартак» (1995), «Барселона» (2002), «Реал» (2011), 2002 жылы АЕК алты ойынның барлығын тең аяқтаған.
Еуропаның үш ірі турнирі Чемпиондар лигасы, УЕФА кубогы (қазіргі Еуропа лигасы), Кубок иегерлерінің кубогы турнирінде жеңіске жеткен үш клуб бар. Олар: «Ювентус», «Аякс», «Бавария».
Чемпиондар Кубогының тарихындағы ең ірі жеңіс: «Динамо» (Бухарест) – «Красейдерс» – 11:0 (1973).
Чемпиондар лигасының плей-офф кезеңінде ең ірі жеңіс: «Манчестер Юнайтед» – 7:1 (1/4финал, 2007 жылы); «Бавария» – «Спортинг» – 7:1 (1/ 8, 2009 жылы).
Қос матч қорытындысы бойынша доп айырмашылығы ең көп ойын: «Бенфика» – «Дюделанж» – 18:0 (1965 жылы).
Чемпиондар лигасының топтық кезеңіндегі ең ірі жеңіс: «Ливерпуль» – «Бешикташ» – 8:0 (2007 жылы).
«Манчестер Юнайтед» – 25 ойын қатарынан ұтылмаған (2007 жылғы «Миланмен» болған ½ финалдан 2009 жылғы «Барселона» болған финалға дейін). «Арсенал» 2005/ 06 жылғы маусымда 10 матч қатарынан қақпасында бірде-бір доп жібермеген (995 минут бойы 2005 жылдың қыркүйегінен 300 жылдың мамырына дейін). «Ныюкасл» 2002/03 жылғы маусымда топтық кезеңнің алғашқы үш матчында ұтылса да, плей-оффқа шыққан болатын.
Әрі қарай

Хайфаның «Маккабиі»

Футбол, тек қана футбол!: Хайфаның «Маккабиі»Қазанның 3-і күні Астанада қарағандылық «Шахтер» мен «Маккаби» (Хайфа) клубтары кездеседі. Бұл Еуропа лигасының топтық кезеңінің екінші тур ойындары. «Шахтердің» Еуропа лигасының топтық кезеңі аясында Қазақстанда өткізетін алғашқы матчы.

Хайфаның «Маккабиі» Қазақстанға осымен екінші рет келмекші. Оның алдында 2009 жылы Чемпиондар лигасының үшінші іріктеу кезеңінде «Ақтөбемен» кездескен еді. Ақтөбеде өткен ойын 0:0 болып аяқталса, Израильде 4:3 есебімен хайфалық жігіттер басым түскен болатын. Матчтың алғашы 15 минутында үш доп соққан Муханов шәкірттерін ойынды тамашалап отырған көрерменнің ешқайсысы жеңіледі деп ойламаған шығар. Бірақ, сол ойында Сидельников қақпасынан төрт доп алып шығуға мәжбүр болды. Демек, бұл команданың кездесудің соңына дейін табандылық танытып оңайшылықпен берілмейтіні көрініп тұр.

Бірінші турда «Шахтер» ежелгі Эллада еліне барып, ПАОК-тан соңғы минутта өкінішке қарай ұтылып қалды. Тағы да сол соңғы минуттар синдромынан құтыла алмай келеміз…

Ал «Маккаби» өз алаңында АЗ (Голландия) клубына 0:1 есебімен жол берді.

Хайфаның «Маккаби» клубы 1913 жылы құрылған. Израилдың 12 дүркін чемпионы. Бес рет ел кубогында жеңіске жетккен. Сондай-ақ, төрт рет Израиль лигасының кубогын олжалаған.

УЕФА Чемпиондар лигасының 2002/03 жылғы маусымында «Маккаби» алғаш рет аталмыш турнирдің топтық кезеңіне жолдама алды. Осылайша Израиль футбол тарихында Чемпиондар лигасының топтық кезеңіне шыққан алғашқы команда ретінде тарихта қалды. Сол жылы хайфалықтар бүкіл әлемді таңқалдыратын сенсация жасады. Чемпиондар лигасының топтық кезеңінің дебютаны «Маккаби» аузын айға білеген, Сэр Алекс Фергюсен жаттықтыратын «Манчестер Юнайтедті» 3:0 есебімен ойсырата ұттты.

Соңғы 10 жыл көлемінде Израиль чемпионатында 7 рет жеңіске жетіп, 2 рет Чемпиондар лигасының топтық кезеңіне жолдама алған. Сондай-ақ, 4 рет Еуропа лигасының топтық кезеңінде өнер көрсеткен. 2007 жылы ширек финалға дейін жетті.

Чемпиондар лигасының 2009/10 жылғы маусымында топтық кезеңде бірде-бір кездесу жеңіске жетпеген әрі бір голда соқпаған алғашқы команда ретінде тіркелді. «Маккабидің» тобына сол жылы «Бордо», «Ювентус», «Бавария» сияқты ең мықты командалар түскен болатын.

«Маккабиде» кезінде Йосси Бенаюн, Олег Кузнецов, Якуби Айегбени сияқты танымал футболшылар өнер көрсеткен.

«Шахтер» Еурпа лигасында өнер көрсетіп жүрген командалардың ішінде ең шығысында орналасқан. Хайфа мен Астананың арасы 3600 шақырым.

Қарағандылық клуб биылғы жылы еуродода аясында Қазақстанда өткізген үш кездесудің ешқайсында өз қақпасына бірде-бір гол жіберген жоқ. Бұл жолы да солай болса, қоржынға алғашқы үш ұпайды салуға тамаша мүмкіндік туып тұр.

Израил біріншілігінің соңғы турында «Маккаби» «Бней-Сахнин» клубымен 0:0 есебімен тең тарқасты.
Әрі қарай

Бізде неге жұлдыз жоқ?...

Өткенде Қазақстанды ұлттық құрамасын Златан ұтты. Негізі Швеция жеңген еді. Бірақ, кездесудегі жалғыз голды осы Ибрагимовч 29-секундта өзінің техникалық шеберлігінің арқасында соққан соң айтып жатқанымыз ғой. Әйтпесе, осы жұлдыз болмағанда, тең түсіп қалуымызда мүмкін еді. Сондай-ақ, бұл гол соғылғанда жанкүйерлер авторға ерекше құрмет кездесті.
Кездесу біткен соң, футболшылар шығатын дәлізге беттедік.Телеарна, газет-журнал, интернет сайттарының журналистерің барлығы осы аймақта. Сонымен қоса, фанат қыздарды да көресіз. Әлбетте, кімді көру үщін келгенін түсініп отырсыздар.
Алдымен Қазақстан футболшылары өтті. Кейбірін журналистер сөзге тартқанымен, біздің футболшылармен фотоға түсіп жатқанды адамды көре қоймадым. Одан соң, Лустиг, Чельстрем, Тойвонен сияқты щвециялық футболшыларды байқадық. Ал ең қызық Златан шыққанда басталды. Златанның «Аякс, «Ювентус» сапында ойнаған кездегі фотоларында тауып, үлкен плакатқа шығарып әкелген фанаттар жұлдызбен бір фотоға түсу үшін бәріне даяр.Жолы болып арманы орындалғандардың қуанышын айтып жеткізу мүмкін емес. Ал түсе алмағандардың жағдайы белгілі ғой…
Осы жерде түйген ойым, бізде жұлдыз жоқ екен. Бізге ең болмағанда осы бағытта жұмыс істеуіміз қажет. Әйтпесе, Швецияның футболын әлем осы бір Златан Ибрагимович үшін қана көреді… «Өзгелер бір төбе, Златан бір төбе» болып тұр дәл қазір. Әр жыл сайын жастардан үміт күтумен келеміз. Кезінде Таңат, Жамбыл, Ұландар Еуропада доп тебе ме деп сенген едік. Сосын біраз уақыт Бразилияда Рауан Сариев шулатты. Оны қазір қайда жүргенін білесіздер. Тіпті «Қайраттың» қосалқы құрамында гол соғып жүргені шамалы. Қыста Бауыржан Исламхан «Кубанға» ауысқанда, «біздің Иньеста» дегендер болды. Ал дәл қазір тек Сергей Хижниченко ғана алды. Басқалары үнсіз. Сережамыз Еуропа лигасында сәтті өнер көрсетсе, мүмкін скауттардың көзіне түсіп қалар.
Әрі қарай