Жарияланымдар

Отбасылы әйелдерге ажырасқан келіншектен он кеңес

Ажырасқан әйелдер ана дүние мен мына дүниені көріп келгендер сияқты. Екі өмірдің артықшылығы мен кемшілігін жақсы біледі. Оларға 30 мыңға алған юбкасын легализациялаудың қажеті жоқ. Бірақ олар сол 30 мыңды субсидияға алмайды, өзі тапқан ақшаға алады. Олар үшін кешкі асты бір йогурт пен бананмен алмастыру проблема емес. Бірақ супермаркеттен алған бір арба дүниені жеткізу проблема. Күні бойы жұмыс, үй тірлігімен айналысып, сілесі қатқан әйелдің түнге қарай «бас ауыру синдромы» оған проблема емес. Бірақ сол проблеманың жоқ болуы кейде проблема…
Осындай «аузы күйіп, үріп ішетін» әйелден эксәріптестеріне айтар ақылы бар.
Блог - Basic: Отбасылы әйелдерге ажырасқан келіншектен он кеңес
1. Сенім арта біл.
Күйеуіңе құдайдай сен. Сене алмасаң, өзіңді алдай біл. Слепаков жырлағандай «Барлық еркектер. Абсолютті. Ұдайы. Әйелдерінің көзіне шөп салады». Бірақ, тек сенің күйеуің ондай емес. Осыған сен. Соткасындағы қоңырауларға, хабарламаларына үңілме. Әлеуметтік желісіне екібастан. Иә, кешкі тоғыз-онға қарай тек сенің күйеуіңді жұмысқа шақырады. Қайтесің енді, одан басқа білікті маман жоқ. Бәрі бала-шағаның қамы. Әйтпесе жыны бар ма түн ішінде жұмысқа барып. Сене алмасаң өз обалың өзіңе. Құдайға сенбейтіндердің баратын жерін өзіңіз білесіз.
Блог - Basic: Отбасылы әйелдерге ажырасқан келіншектен он кеңес
2. Күтін.
Еркектер неге тыстағы әйелдерге көз салады? Бұрынғы өліп-өшкен сезім қайда кеткен? Неге күйеуің саған емес, әлем-жәлем боп боянған көрші әйелге сұқтана қарайды. Өйткені ол қашан көрсе де әдемі, күтінген күйде жүреді. Оны күйеуің тізесі шыққан трикомен, созылып, бояуы оңып кеткен футболкамен, май-май шашымен көрген жоқ. Әрине, жан дүниең сенікі оған қарағанда үш жарым есе бай шығар. Бірақ жан сұлулығына еркек атаулы қалпағын ғана шешеді.
3. Қызықты бол.
Ал, күйеуің кешке достарымен футболға бармады, Түнге қарай шақырған әріптестеріне де бармады. О мадонна, интернет те жоқ. Теледидарға да, соткасына да телмірмеді. Сөйтіп күйеуіңмен коммуникация мүмкіндігі туындады. Не айтасың? Ата-аналар жиналысынан хабарландыру, көрші-қолаң, туған-туыстың соңғы өсектері, жұмыстағы қатын-қалаштың сатып алған дүние-мүлкі, әлеуметтік желідегі күйеуің онсыз да көріп отырған әңгімелері,… ыы… одан басқа не айтасың? Қызықты әңгіме айту үшін, өзің бір нәрсеге қызық. Иога, бисер тоқу, тағысын тағылар. Тым болмаса, кино туралы әңгіме құрыңыз. Дорамдар емес, әлбетте.
4. Өзгертуге тырыспа.
Бүкірді тек табыт түзетеді. Шурупты нығыздау үшін бұраған сайын түбі кеңи түседі. Еркекті қажаған сайын еті өле береді. Ары қарай өзің де жалғастыра аласың. Негізді моральді түсінген боларсың — Ызыңдаудың мағынасы да қажеті де жоқ. Білесің бе, үнемей қойғанның салмағы ұрыс-керістен әлдеқайда басымырақ.
5. Өзгенің емес, өз артықшылығыңды көре біл.
Бір құрбым бар еді. Әлі да бар, құдай өмірін көп көрмесін. Күйеуі нақұрыстың нақ өзі. Әйелін талай рет сабап, өлімші ете жаздаған. Тіпті бірнеше жыл бұрын сабап, көгерткен іздері әлі бар. Ол да ажырасып, бостандық дәмін тата жаздаған. Бірақ екі баласының артынан үшіншісі келіп, ана-енесі жылап жүріп, күйеуіне қайта оралды. Күйеуі сабауын қоған жоқ. Бірде қонаққа барғанда сұрады ажырасқан қалай екен деп. Көзіндегі мұңды көріп зарлай жөнелдім. «Алқаш болса да, жынды болса да күйеуің бар. Жалғыз жатып, жалғыз оянған қандай жаман екенін білсең ғой» деген сыңайлы. Әлгі құрбым кәдімгідей бақытты сезіне бастады. Шүкір, басымыз аман, бауырымыз бүтін деп қояды. Айтайын дегенім, тырнаға шалшық болып көрінген су, бақаға теңіздей көрінер. Бастысы өз бақытыңды көре білу.
Блог - Basic: Отбасылы әйелдерге ажырасқан келіншектен он кеңес
6. Құрметте.
Саған осырақ шалың болса да, басқаларға мырза болуы мүмкін. Елдің алдында «осының қолынан не келуші еді, осыны адам қылған мен» деген әңгімелерді ешқашан айтпағаның жөн. Тіпті солай болған күннің өзінде. Жалпы, мұндай әңгіме айтқан әйел елге жексұрын, ал оның күйеуі бейшараға айналады. Негізі үйленгенге дейінгі «сіз-біз» қатынасын мейілінше ұзаққа созуға тырыс.
Блог - Basic: Отбасылы әйелдерге ажырасқан келіншектен он кеңес
7. Мықты және әлсіз болатын жерді шатастырма.
Шаруаға мықты бол. Бірақ балтамен ағаш жарып, электр құралдарын жөндеу мүлдем басқа стихия. Тіпті электр шамы жанып кетсе де, ол сенің араласатын шаруаң емес. Сенің шабуыл алаңың — ас үй. Қаруың — дәмді тағам, тап-тұйнақтай үй, сүйкімді балалар, сырбаз күйеу. Ерлердің ісіне араласқан сайын, нәзіктіктен айырыла бересің. Ал еркектер күшті әйелдердің жанында жылдам босаңсып, кержалқауға айналады. Негізі қазір есі дұрыс нағыз еркектер аз дейді. Оған кінәлі өзіміз.
8. Романтик бол.
Қияли бол. Ерке бол. Назды бол. Еркектерге сұлу әйелден гөрі назды әйел ұнамдырақ мыс. Бұрынғы керемет сәттер есіңде ме? Соларды жаңғырт. Күйеуіңнің де есіне сал. Тек әдемілеп. Бұл тұрмыс жеңген сананы аз болса да тірілтеді. Айтпақшы, егер перделер ескіріп, ақша тек әдемі дастарқанға жетсе, ойланбай бірден әдемі ішкиім ал. Айттым ғой романтик қияли бол деп.
Блог - Basic: Отбасылы әйелдерге ажырасқан келіншектен он кеңес
9. Консерватор болма.
Түсінемін. Күні бойы жұмыстағылар жүйкеңізге тиді. Жүгіріп жүріп балаларды сабағынан алып, үйірмесіне апарасыз. Үйге келіп тамақ жасайсыз. Сабағын бір мезетте оқытып, киімдерін реттейсің. Оларды тамаққа шақырып, отырғызудың өзіне қанша күш кетеді. Сериал көретін әйелдер деп қай ақымақ айтты екен. Тезірек ыдыстарды жуып, асүйді жинап, жата қалсам соның өзі бақыт. Таңертең ерте тұрып ит тірлікке қайта кірісу керек. Ал жұбайлар қызығы ше? Отызға қарай ерің қызықтырмай, ләззат міндетке айнала бастаса, бұған ең алдымен кінәлі өзің. Қызығы басылса, ыстығы қайта бастаса, амалдар ізде, жаңалық енгіз. «Жаман қыз» болудың еш айыбы жоқ. Айыбы болса, «жазасын» алудан да қашпа ;). Тек консерватор бола көрме.
10. Бөтен әйелдің ақылына құлақ түрме. Тіпті менің де. Әр әйелдің өз басы, миы, жүрегі болуы тиіс. Отбасы ең басты құндылық. Сақтауға тырыс. Бар күшіңмен.
Әрі қарай

Мобильді дәуір "мәдениеті"

Автобус. Кешқұрым. Сығылысқан халық. Көпшілігінің жүйкесі тозығы жеткен автобустың ходовкасындай. Болмашы ақауға «мінез» көрсетуге дайын тұр.
— Әй, жігітім, сен тіпті маған жатып алдың ғой.
— Сөмкеңді әрі тартшы… Былай тұр… Әрі кет…
Осы кезде «Мария Магдалена. О-о-о-оу. Чип-чип-чип» деген өлең автобустағыларды елең еткізді. Мұндайда әдеттегіден де жүйкеге ауыр тиеді екен. Ендігі сәтте осы рингтон иесінің дауысы да естілді.
— Привет, Жанка. Жақсы, өзің қалайсың? Бағана жұмыстағы халявный нөмерден звондап едім, трубкаңды алмай қойдың.
Мына сары шикі қыз қысылар емес. Өз үйінде отырғандай. «Автобуста кетіп барам» деп әңгімесін ары қарай жалғады. Біреудің әңгімесіне құлақ салу жақсы әдет емес. Бірақ дәл құлағыңның түбінде тұрып алып, саңқылдап тұрса, қайтіп тыңдамасқа. Осылайша автобустағылардың барлығы әлдебір су тасымалдаумен айналысатын компанияның түгел бір бөлімше қызметкерлері туралы «ақпаратты» еріксіз тыңдады. Әңгіме ары қарай телефон иесінің жігітіне ойысты. Әлгі жігіттің шешесі де, апайы да оңбаған екен-мыс.
Егер қоғамдық көлікке мінген болсаңыз, мұндай «приват» сырдың талайын тыңдаған шығарсыз. Автобуста мобильді мәдениеттің тағы бір өкілдері бар. Олар құлаққабын киіп алып, мыңқиып тұра береді. Ал сіз олардың діңкеңді құртатын «дыкс, дыксын» тыңдап тұрасыз. Осындай тарс-тұрс музыканы тыңдап тұрып, қалай бедірейіп тұра беретініне таңым бар.
Керек тілші: Мобильді дәуір мәдениеті
Құлағына құлаққап кигендерді кондуктор апай «зомбилер» дейді
Үйден шығып Астана қ. вокзалына жеткенше телефонға телмірген жұртты көріп, мобильді дәуір мәдениеті қалыптаса бастаған ба деген ой келді.
Керек тілші: Мобильді дәуір мәдениеті
әркімнің өз телефоны, өз әңгімесі бар
Керек тілші: Мобильді дәуір мәдениеті
connecting people?..

Керек тілші: Мобильді дәуір мәдениеті
жасы да, жасамысы да бұл трендтен қалыспайды

Керек тілші: Мобильді дәуір мәдениеті
Қыз бен жігіттің қатар отырып, әрқайсы өз телефонына шұқиғаны қызық екен. Мүмкін олар бір-бірімен сөйлесіп отырған болар. Мына ортадағы жігітте ғана телефон жоқ деп ойларсыз?

Керек тілші: Мобильді дәуір мәдениеті
қателесесіз, бұл жігіт мана телефонмен сөйлесіп алған)

Жаныңыздағы адамдардың телефоны мезі ететін кездер жиі болады. Жиналыста, сабақта, театрда, кинода, тіпті моншада телефон соғып отырған адамды да көргенім бар. Әсіресе театрға барғанда алдыңдағы әртіске емес, қолыңдағы телефонына қарап, өзінің селфиін жасап әуреге түскен адамдардың бейшараларығына күйінесің.
ҚР Инвестиция және даму министрлігінің байланыс, ақпараттандыру және ақпарат комитеті 01.12.204 жылдан бастап нөмірі тіркелмеген абонентерге қызмет көрсетуді тоқтату туралы талап қойды. Енді мәдениет министрлігі абонеттерге ұялы телефонмен қоса «қоғамдық орындарда телефонмен сөйлесу ережесін» де ұсынатын болса, мәдениетіміз жоғарылап қала ма, кім білсін. Мұндай бұйрыққа қол қойған министрдің өзі де сынға ұшырамас па еді…
Керек тілші: Мобильді дәуір мәдениеті
амалым қаншааа, амалыыым… (сурет tengrinews.kz/article/211/ сайтынан алынды)

Р.С-ы (білмейтіндер болса, біле жүрсін): Мобильді этикет ережелері:
  • Кез-келген адам мобильді телефонын еркін пайдалануға құқылы, алайда ол сөйлесу арқылы басқа адамдардың құқығын шектемеуі тиіс;
  • спектакльде, киносеанстарда, концерттерде, музейде, көрме залдарында, салтанатты жиындарда телефон дыбыссыз режимге қойылуы қажет;
  • іскерлік кездесулерде, жиналыстарда, лекция кезінде ;) телефон өшірілуі немесе дыбыссыз режимге қойылуы тиіс;
  • Егер қоғамдық орындарда хабарлама жазсаңыз, пернелердің дыбысын өшіріңіз;
  • Қоғамдық орындарда (кафе, мейрамхана, дүкен, қоғамдық көлікте) мобильді телефон сигналын орташа деңгейге қойыңыз;
  • Рингтон таңдағанда оның дауысы сізден басқа адамдарға да естілетінін ескеріңіз;
  • Қоғамдық орындарда телефонмен сөйлескенде мүмкіндігінше ақырын сөйлесуге тырысыңыз. Естілмейді деп алаңдасаңыз, телефон баптауларын шұқылап көріңіз;
  • Егер көпшілік орындарда бір қоңырауды өзіңізге белгілі себептермен қабылдамайтын болсаңыз, дауысын басып қойыңыз; біреулеріңіз үшін бұл ереже күлкілі болар, бірақ менің таныстарымның арасында телефонының шырқыраған дауысын міз бақпастан елемейтіндер бар))
  • Селфи жасағанда кадрға басқа адамдар түсетін болса, оларға да бір ескерткеніңіз, рұқсатын алңаныңыз жөн;
  • Бір адамға қоңырау шалғанда, ол телефон тұтқасын көтермесе, қайта қайта теріп, мазасын алмаңыз. Абонент телефонын алғанда, қалыс қалған қоңыраулардан сіздің нөміріңізді көріп (қажет болса), өзі хабарласады.
  • Жұмыс мәселесі бойынша жұмыстан тыс уақытта, мерекелерде, демалыстарда хабарласпаған жөн. Ал жеке мәселелер бойынша таңғы 9 – кешкі 22 сағат аралығында еркін қоңырау соғуыңызға болады.
  • Радиобайланыс жаныңыздағы адамдардың өміріне қауіп төндіретін жағдайдарда (ұшақта, медициналық, операциялық кешендерде), телефоныңызды өшіріп қойыңыз.
Әрі қарай

Интернеттен тауып жүр "жаңа қазақ" табысын

IT кәсіпкерліктің артықшылықтары:
Нәтиженің лездігі. Мысалы, кәсіпкер үшін ең маңыздысы тұтынушылар, және ол тұтынушыларды көбейту үшін кәсіпкерлер белгілі бір маркетингтік шаралар қолданады. Ал ғаламтор арқылы бұл мәселе оңай шешіледі. Себебі интернет арқылы ақпараттың таралуы өте тез. Интернетте жасаған маркетингтік шара нәтижесі көп күттірмейді, кейде бір күн, тіпті 1 сағаттың ішінде өз жемісін әкеліп жатады.
Қаржылық шығындардың салыстырмалы түрде аздығы.Жалдамалы еңбекті аз қолданып жүзеге асырылатын кәсіп болғандықтан, шығынды азайтуға мүмкіндік бар. Әрине, егер сіз өз салаңыздың қыр-сырын жақсы білетін, кәсіби маман болсаңыз.
Қашықтықтан басқарылу мүмкіндігі. Интернет желісі қол жетімді кез-келген жерден басқаруға болатындықтан, ІТ-кәсіпкерлік тұтынушы үшін де басқарушы үшін де өте қолайлы. Бір мезетте бірнеше шаруаны қатар тындыруға мүмкіндік бар. Мысалы, қажетті құжаттарды рәсімдеу үшін талай кабинеттің есігін күзетіп, таблодан нөміріңді сарыла күтпей, интернетке қосылып, өз істеріңмен айналысып, уақытты тиімді қолдануға болады.

Менің виртуалды репортажымның кейіпкері өз кәсібінің артықшылығын осылай суреттеді. Енді кейіпкерлер туралы аздаған ақпарат:
Ғабит Бекахметов – 29 жаста. Биологиядан халықаралық олимпиадалар жеңімпазы (Аршаттың түнгі чаты есіме түсіп кетті) Дьюк Университетінде (АҚШ) экономика, шығыстану және саясаттану мамандықтары бойынша білім алған. Нью Йорк, Алматы, Астана қалаларында энергетика және пайдалы қазбалар салаларында жұмыс жасаған. Ғабит курстастары арманаған Уолл-стритте мансап қуып, мықты лауазымда отыруға мүмкіндігі бар еді. Алайда, бүгінде ІТ-кәсіпкерлікке бет бұрып, энергетика және білім саласында инвестициялық жобалармен айналысады. Айтпақшы, ол критикалық ойлау негіздері бойынша дәріс береді, осы аттас кітап авторы.
Абай Жарлығап — Нью Йорк Университетінде компьютер инженерлігі мамандығын игеріп, Астанада стартап және білім беру саласындағы жобалармен айналысады. Физика мен математика сабақтары бойынша оқу құралдары мен емтиханға дайындық әдістемелерінің авторы.

Ал енді репортаж жүргізілетін жер туралы айтсақ: www.kz.educator.com/ сайты
Керек тілші: Интернеттен тауып жүр жаңа қазақ табысын
Өз жобасының басталуы туралы Ғабит былай дейді:
Жаһандану заманында, интернетті қолданып білім алу ең ыңғайлы тәсілдердің бірі. Алайда, еліміздің бұл саладағы білім қазынасы әлі толыса қойған жоқ, яғни ғаламтор желісінде оқушыларға қажетті қазақша материалдар өте аз. Сондықтан, бұл жағынан сұраныс бар да, қажеттілік өтейтін ұсыныс аз. Осыны ойлай келе, Қазақстанда кеңінен қолданысқа ие болып, жақсы нәтиже беретін веб сайт ұйымдастыру қажеттілігі туды деп қорыттым. Сөйтіп американдық достарымызбен ақылдаса келе ҰБТ, SAT сияқты емтихандарға дайындалуға көмектесетін сайттың негізін қаладық. Жеке инвестицияландыру арқылы, Калифорнияның Educator.com сайтымен бірге Educator.kz интернет порталын құрдық.
Қазірде бұл порталдың он мыңнан астам жазылушылары бар. Онлайн сабақтары қымбат емес. Бір жыл бойы сабақтарды шектеусіз көрем десеңіз – 12 мың, 3 ай – 5 мың, 1 ай – 2 мың. Сайттағы төлем жасау туралы нұсаулығы еріксіз жымитты:
Керек тілші: Интернеттен тауып жүр жаңа қазақ табысын
Сайттың контентін толтыруға баса назар аударылады. Қазір порталда математика, физика, биология, химия, тарих, география, тілдер (ағылшын, қазақ, орыс) пәндері бойынша дәрістер курсы толық жүктелген. Дәрістердің мазмұндық және техникалық сапасын қатаң қадағаланады.
Керек тілші: Интернеттен тауып жүр жаңа қазақ табысын
(1 сағаттың шикі видео-контентті өңдеуге шамамен 3 сағат жұмсалады)
Физика сабағынан Астана қаласының дарынды балаларға арналған «Зерде» мектебінің мұғалімі, білім саласының үздігі, 39 жыл ұстаздық еткен Қамбар Хатапұлы дәріс береді. Дәріс тақырыптарының өзі адамның мысын басады екен :)
Керек тілші: Интернеттен тауып жүр жаңа қазақ табысын
Порталдың жазылушыларының демографиясымен таныстық. Астана қаласының жастары ең белсенді әрі оқымысты болып шықты)
Керек тілші: Интернеттен тауып жүр жаңа қазақ табысын
Бұл кәсіптің өзін өзі өтеуі туралы сөз қозғағанымда, Ғабит былай деді:
Қазақ тіліндегі ресурстар арқылы жоғары табысқа жету үшін оған лайықты сайт болу қажет. Ол үшін желі басқарушылары барынша ақпарат базасын толықтырып, дамытып отыруы тиіс. Ең қажетті информацияларды біріктіру арқылы қолданушылардың жоғары трафигіне қол жеткізу қажет. Тек осы критерийлер қарастырылған жағдайда ғана қазақ тіліндегі ресурстардың монетизациясы жоғары болады.
Дегенмен өз жобамызға келер болсақ, кәсібіміз жаман табыс әкелмейді (сомасы туралы нақты ақпарат тек инвесторлар мен салық агенттігіне ғана айтылады), алайда біздің негізгі мақсатымыз еліміздің ғылыми ақпараттандырылу ахуалын көтеру. Ал табыс табу мен ғаламтор арқылы пайда келтіру негізгі мәселе емес, оны жай ғана толассыз еңбектің жемісі ретінде қарастыруға болады.

Ресми деректерге сүйенсек, бүгінде интернетті пайдаланушылар саны 12 миллионға жетіпті. Ал пайдалану мақсатына келер болсақ, сипаты келесідей:
Керек тілші: Интернеттен тауып жүр жаңа қазақ табысын
Бұл деректі бекер келтіріп отырғам жоқ. Себебі маған интернет керек-жарағы да, қоқысы да араласқан үлкен бір үйіндіні елестетеді. Біреу бар уақытын әлеуметтік желілерге сарп етіп, өзінің сасық амбициясын қанағаттандыруға тырысады, енді бірі «мәңгілікке» айналған 9 сағаттық жұмыс уақытын жылдам өткізу құралы ретінде пайдаланады. Ал біреулер, осы алапат ақпарат тасқынында сіз бен бізге сапалы контент ұсынуды мұрат тұтады. Кәсібің тіршілік етуге қажетті қаражат көзі ғана емес, өмірлік ұстанымың болған қандай жақсы…
Әрі қарай

Өкіндіріп өтпесін өмір жалған

Әкежанның арманы
Әкежан 12 жаста. Арманшыл бала. Өскенде сәулетші боламын дейді. Біз палатаға келгенде жатырқамады. Кішкентай балаларды жинап алып, асыр-салып ойнап жүр. Бірін пират етті, енді біріне «полиция боласың» деп қару-жарағын тапсырды. Бір-бірін қуып мәз. Ойында қорқыныш та, үрей де жоқ. Енді 5 күннен соң оң қолы дәл білегіне дейін кесілетінін білмейді…
Керек тілші: Өкіндіріп өтпесін өмір жалған
Анасы Бибігүл Семей қаласының Георгиевка ауылынан. Жасы 38-де. Ана мен бала ұлттық ғылыми орталығындағы балалардың онкологиялық ауруларын емдейтін бөлімшеде жатқанына 6 айдан асыпты. Әкежанның бұл аурумен ауыратынын мүлдем білмеген. Жазда Әкежан құлап қалып, қолын ауыртып алған. Еті ауырып қалған деп назар аудармапты. Бірде балалардың бірімен жұдырықтасқанда алақаны ісіп кетті. Дәрігерлерге қаратқанда, олар физиоемдеуге жолдаған екен. Сәулемен әсер еткен соң алақаны тіптен үлкейе түсті. Тек содан соң дәрігерлер бұл остеогенді саркома екенін анықтаған. Химиятерапияның 4 процедурасы да оң әсерін бермепті. Енді тез арада қолын кеспесе, денеге тарап кетуі мүмкін.
Қазір Әкежанды ота алдында психологиялық дайындау үшін Бибігүл психотерапевт шақыртты. Оның әр сеансы 7 мың. Әрине, бөлімшеде бір психолог бар. Бірақ ол бөлімшедегі отыз баланың қайсысына үлгерсін.
Керек тілші: Өкіндіріп өтпесін өмір жалған
— Мұнда тек балаларға ғана емес, олардың аналарына да психолог керек, — дейді Бибігүл көмейіне келген өксігін басып. Анасы ұлына қолыңды кессе қайтер едің дегенде, оған баласы үзілді-кесілді қарсы болып, қолымды ешкімге кескізбеймін деген еді.
Әкежан психотерапевтке бар сырын ақтарады. Армандарын айтады. Суреттерін көрсетеді.
Керек тілші: Өкіндіріп өтпесін өмір жалған
Бұл Әкежанның салған арман үйі
Керек тілші: Өкіндіріп өтпесін өмір жалған
Бір сөзінде егер саусақтары қозғалатын протез салса, қолымды кестіруге көнер едім депті. Бірақ ондай протезге қаражат қайдан болсын. Баласының бұл дертке шалдыққанын естігенде Бибігүл жұмысты тастап, Астанаға тартқан. Әкесімен ажырасып кеткен. Ол осында анда-санда келіп тұрады. Бірақ одан әріге қауқары жоқ. Бұл бөлімшеде жатқан балалардың көбісіне квота бөлінген. Бірақ квота тек баланың жатқан орнын, емін және тамағын өтейді. Ал баламен жатқан ата-анасы орнына да, тамағына да қаражатты өзі төлейді. Палатадағы бос төсекті нұсқап, «мұнда ауқатты отбасының 4 жасар баласы жатады. Астана тұрғындары. Баласына күтуші жалдап жатқызады. Күтушісіне дәмділеп ас-сауқат беріп жібереді екен. Ол болса, кейде бізбен бөліседі. Оны да құдайдың бізге жолдаған қамқоры деп түсінемін» дейді. Химиятерапиядан кейін балалардың тәбеті мүлдем нашарлайды екен. Алты ай бойы аурухананың нәрсіз тамағынан әбден шыққан балалар тамақты татып алмайды. Аңсары үйдің тамағына ауады да тұрады. Көршісінің иісі аңқыған, үйден жасалған тамағына қарағыштай беретіні де содан болар.
Алты ай бойы баласының жанын бағып, тілеуін тілеп отырған Бибігүл кез-келген көмекке риза.
Назымның өмірге назы бар
Осыдан бір жыл бұрын әлеуметтік желіде Гүлнұр Мәмежанованың онкологиялық ауруға шалдыққан балаларға көмек көрсету қажеттігі туралы постын оқығам. Шама-шарқымызша кітап жинап берген болдық. Гүлнұр болса, бос уақытын волтонтерлікке арнайды. Бірде балалардың бірінен арманы туралы сұрағанда, «Қайрат Нұртасты көруді армандайтынын» айтқан екен. Телеарнада істегендіктен Гүлнұр бұл арманын да орындады. Бұл ретте Қайрат Нұртасқа адами алғысымды білдіргім келеді. Ал, осы жолы Гүлнұр Назымға қыстық киім қажет екенін айтты. Сыйлығымызды алып Назымға келдік. Табиғатынан ұяң қыз, біз келгенде де ашылып сөйлемеді. Мұңды жүзін бұра берді. Анасы осы бөлімшедегі барлық кітаптарды түгел оқып шығып, енді тоқуды ермек етіп жүргенін айтты. Назым 16-ға толса да, ауру тек құр сүлдерін қалдырыпты. Мен білмесем, 12-13 жаста деп ойлар едім. Әкежан сияқты, Назымға да бұл ауру сүйектен келген, диагонзы: остеогенді саркома. Әкежан сияқты Назым да Семейден. Бұл орталықта жатқанына жеті айдан асты. Жазда ауруы асқынып, жүруден қалған еді. Химиятерапия оң әсерін берген сияқты. Қазір анасының көмегімен бір-екі қадам жасайды. Әйтсе де, Назым мойымайды. Өмір үшін күресін бір сәт те тоқтатпайды. Бос уақытында тоқумен айналысады. Ауылдағы сіңілісіне әдемі жейде тоқып қойыпты. Керек тілші: Өкіндіріп өтпесін өмір жалған
Тіпті бөлмесіндегі 1 жастан асқан Абайға да шұлық пен бас киім тоқып берген.
Керек тілші: Өкіндіріп өтпесін өмір жалған

Ал Абай бір жастан енді асты. Біз келгенде пысылдап ұйықтап жатыр екен. Анасы Әйгерім сәбиінің ұйқысын күзетіп отыр. Оның көзінен мейірімді, жанкештілікті, үрей мен аянышты байқадым. Әйгерімнің, айтуынша алты айға дейін сәбиінің қатерлі ауруға шалдыққанынан бейхабар болған. Тек алты айында Абайдың бүйірінде түйін сезіле бастады. Біртіндеп өсе берді, өсе берді. Осылайша онкологиялы балаларды емдеу бөлімінен бір-ақ шықты. Ота жасалып, бір бүйрегі алып тасталды. Қазір химиялық терапияны қабылдауда. Әйгерім іштегі шер-мұңын өлең жазып шығарады. Бірақ түбі осы аурудың жеңетініне сенімі мол. Ішкі шерін де, үмітін де кейде ақ қағазға ақтарады:
Кішкентаймын, ауырып құлай бердім,
Мазалап анашымды жылай бердім
Әлсізденіп бойыма күш жия алмай,
Тұрамын ба? деп анамнан сұрай бердім

Құлыным деп аймалап анам сүйіп
Мен үшін суға түсіп, отқа күйіп
Пенде жоқ ауырмайтын балапаным,
Күресейік аурумен күшті жиып.
***
Жаным, қалқам, өмірдегі жанашырым,
Асылым, көзімдегі қарашығым.
Басыма бақыт болып қонғаныңды
Сезіндім махабатты бар асылым.
Сезіндім, сезе білдім махабатты,
Тіледім жүректерге шапағатты.
Қиналып, қапа болып, азап шегу
Өшірмесін жүректегі парасатты.


Керек тілші: Өкіндіріп өтпесін өмір жалған
Бұл бөлімше пациенттерінің көбі Семей өңірінен екен. Ең кішісі бір жасқа да толмаған.
1949-1989 жыл аралығында Семей полигонында 473 ядролық жарылыс, 175 химиялық жарылыс жасалған. Соңғы ядролық сынаққа 25 жыл өтсе де, дүниеге кемтар сәбилер келуде, сау болып туылған балалар айықпас дертке ұшырауда.
Дәлізде химия терапиясынан шашы түскен, аурудан құр сүлдері қалған балаларды көргенде осы полигонға, оны жасаған адамдарға қарғыс жаудырудан басқа амал таппадым.
Керек тілші: Өкіндіріп өтпесін өмір жалған
Кезекші дәрігерлер қайта қайта мазасызданып, ескерту жасай бастаған соң, достарымызбен қоштаса бастадық. Менің ойымнан Әкежан кетпейді. Анасынан Әкежанды қалай қуантсам болады, өзі нені қалайды дегеп сұрадым.
Маматай, маған ролик әперші. Осы жерде тып-тыныш тебемін. Басқа ешнәрсе сұрамаймын, — деп қиылған екен өзі. Ал, Бибігүл болса:
Ролик кемінде 6 мың теңге тұрады. Оған ақша қайда. Әкежанның бүйрегі бұрыннан ауыратын еді. Қазір химиялық емдеуден кейін мүлдем нашарлады. Аяғы да содан бола терлей береді. Егер мүмкіндік болса, табаны шимен тоқылған үйде киетін сүйретпе болса, жақсы болар еді, — деді.
Кетіп бара жатып, өзіме кешікпей қайтып келемін деп уәде берумен болдым. Балалардың жәудіреген жанарлары, аналарының мұңға толған жүздері көз алдымнан кетпейді.
Керек тілші: Өкіндіріп өтпесін өмір жалған
Сіздің ойыңызша қоғам деген не? Қоғам – бұл биік мінбердерден айтылатын жалынды ұрандар, сарабдал саясат, жыл сайын ел алдында берілетін есеп, аудиториясы белгісіз ауқымды бағдарлама ма? Меніңше, қоғам «адамның күні адаммен» принципі бойынша бір біріне мейіріммен қарайтын, бір-біріне жанашырлық жасауға қабілетті адамдардан құралған топ. Егер келіссеңіз, жаныңызда сіздің көмегіңізге зәру жандар бар. Соларға назар аударыңыз.
Әрі қарай

Қашқын тағдыры немесе тіріні өлікке айналдырған қу соғыс

«Қашқын… үйде туып қызығыңды түз көрген тіршіліктің несі сән. Жүрген де әйтеуір итшілеп. Қалбаң етіп көтерілген қара құстан да, жалп етіп жасырынған жапалақтан да сескеніп күн кешкен ғұмырдың мәні не? Қоян екеш қоянға да ит қосып қуғанда құтқарып кетер жымы бар, ал мұның қашқын атанғанда барар тұрағы қайда? Сорлы сауысқан да қар үстіне бірер секіріп із тастаушы еді, мұнда ол да жоқ. Бір елес, көрінбес көлеңке».
К. Жүністегі «Көксеңгірдің тасында» повесінен

1941-45 жылдары соғыс кезінде Қазақ Республикасынан 1 196 164 адам майданға аттанды. Соңғы деректер бойынша Қазақстан бұл жылдары 602 928 ұлдарынан айырылды (оның ішінде 125 500 таза этиникалық қазақтар). Әскери бөлімдермен қоса, ҚазКСРО-дан еңбек армиялары да жасақталды. Оған 700 мыңдай адам жолданды. Сонымен, соғысқа кемінде әрбір 4 қазақ жұмылдырылды. Қазақстандағы мобилизация пайызы Кеңес одағындағы ең жоғары көрсеткішке ие болды және нацистік Германиядағы мобилизациядан екі есе көп болды. Ал соғысқа аттанған қарапайым ауыл қазағы бұл соғысқа дайын ба еді?
БЛОГИАДААРАЛЫҚ САЙЫС: Қашқын тағдыры немесе тіріні өлікке айналдырған қу соғысСоғыс өнерін меңгеріп, қару қолдана білуі былай тұрсын, тілді түсінбегендіктен қарапайым командалардың өзін ажырата алмады. «Лежать» десе, қалшиып тұрып немесе өре түрегеліп, баудай қырылғандары да болды. Оқтан аман қалғаны тұтқынға түсіп, «тірі өлікке» айналды. Сол кездері «қашқын», «халық жауы» атанғандар да аз болған жоқ. Тағдыр тәлкегіне түскен сондай жанның бірі – Дауылбай ақсақал туралы әңгіме ел арасында айтылушы еді.
Ол кісі сол сұрапыл жылдары соғысқа аттанды. Өмірінде қару ұстамаған ауыл қазағы үшін соғыста ерлік көрсету былай тұрсын, не үшін, кім үшін күресетіні де беймәлім еді. Қандастарының қапияда оққа ұшып, сүйегі далада қалғанын көргеннен кейін түйген ойы ма, әлде жаны үшін қорқыныш па, кім білсін, "өлсем өз елімде өлемін" деп майданнан қашқан екен. Ол кездері «қашқынның» өзіне де, жақындарына да тыныштық жоқ. Тіпті соғыс аяқталғаннан кейін де қашқын атағы бала-шағасына маза бермеген. Ауылдың селсоветінен бастап, бригадиріне дейін көрген сайын «қашқынның» баласын қамшының астына алып, сабап кететін, — дейді әкем.
Дауылбай Қарағанды облысы, Ағадыр ауданында туып өскен. Соғыс басталғанда ол жиырмаға енді толған жігіт еді. Бұл кісінің тағдырын жазушы Кәмел Жүністегі «Көксеңгірдің тасында» повесіне арқау еткен. «Иә, бұл Көксеңгірге сонау керман-орыс соғысы кезінде орыс патшасы сасқанынан қазақтан солдат алатын болғанда да, көтеріліс жасай алмай қалған осы маңның біраз жігіті қашып бой тасалаған. Өлсек өз жерімізде өлеміз дескен. Ол қашқындар мен мұның арасы өзгеше боп тұр. Олар топ-топ көп еді, әрі елмен байланысын үзбеген, күндіз тауда, түнде үйде дегендей хал кешкен еді. Бұл жалғыз».
Ел аузындағы деректер бойынша соғысқа дейін үйленген екен. Алғашқыда жақындарымен жасырын араласып тұрған. Бірақ, үкімет адамдары артына түсіп, аңдумен болған. Содан мүлдем елмен қоштасып, түз тағысына айналған. Соғыс жылдарында елден жырақ кеткенімен, сырттағы малшыларға жәрдемдесіп тұрды. Өз күнін өзі көріп, ешкімнің ала-жібін аттамады. Өзі ірі денелі, қайратты адам болған деседі. Тіпті сол кезде мұны қуған милицияның өзі аздап Дауылбайдан сескенетін еді. Әкемнің айтуынша артынан қуған милицияға: «Қарағым-ау, мені қуып босқа мерт боласың ғой, одан да кері қайт» дейді екен. Соғыс аяқталса да, Дауылбай үшін бұл жеңіс өміріне өзгеріс әкелмеді. Қайта елден одан әрі жырақтап кетті. Дегенмен, халық та оны жазғырмады. Ауылға келгенде ешбірі «міне, қашқын» деп үкіметке ұстап бермеген. Дауылбай ақсақал да ел ішіндегі жағдайдан хабардар болғанға ұқсайды. Жазушы Кәмел Жүністегі бұл кісімен кездейсоқ жолыққаны туралы былай әңгімелейді: «Ауыл ішінде келе жатсам, салт атты, өңі сұсты бір кісіні байқадым. Ол да маған жақындағанда жүрісін бәсеңдетіп, қол берісіп амандасты.
– Жүністің елге оралға ұлы сенбісің? – деп сұрады. Ол кезде мен сібірден айдаудан келген кезім еді (Кәмел аға 1962 жылы қазақ жастары арасында құрылған, Елін сүйген ерлер партиясын ұйымдастырушылардың бірі ретінде саяси айып тағылып, Сібірдегі лагерьде болып, 66 жылы босаған). Ауыл ағаларының бірі деп ойлаған маған қасымдағылар ол кісі өтіп кеткен соң, оның атақты Дауылбай екенін айтты».
Дауылбайдың әйелі соғыстан соң басқа біреуге тұрмысқа шыққан деседі. Ал шешесі бертін келе қайтыс болған екен. Оны жерлеуге Дауылбай өзі келеді. Сақал-мұртын өсіріп, түрін өзгертсе керек, «қашқын» атанғанымен анасын өз қолымен арулап шығарып салады. Дауылбайдың ажалы да оғаш. 1980 жылдары қайтқан екен. Бұлақ басында үйелеген жылқысын тұрғызам дегенде, атының тұяғы маңдайына тиіп, ажалы содан болған деген деректер бар. Сөз соңында айтарым, тарихты қайта зерттеп, жаңаша көзқараспен қарауға талпынып, әр оқиғаға жаңаша баға беріп жүрміз. Ал, кеңестік көзқараспен «халық жауы» атанғандар осы күйеден арыла алар ма екен…
Әрі қарай