Жарияланымдар

Шығармашылықты жеке бастың "еркелігінен" айыра аламыз ба?

Негізі бұл мақаламды қазақ тілді сайттардың бірінде жариялап едім, редакция саясатына сай келмейді деп алып тастапты. Еркін блог саясатынан айналдым, еш шектеу, жалтақтығы жоқ.



HBO арнасынан көрсетілген «Leaving Neverland» документалды фильмінің көрсетілімінен соң Майкл Джексонның Ұлттық футбол музейінің алдында бес жыл бұрын орнатылған статуясы демонтаждалды. Көптеген радиостанциялар «поп музыка королінің» әндерін ротациядан алып тастады. «Симпсондар» сериалының 1991 жылғы шығарылымынан Джексонның дауысы өшіріліп тастады. Осы пәрменмен Майкл Джексонның әндері барлық беделді музыка каталогтарынан алынып, кейін ортаңқол сайттарда, ескі DVD CD дискілерде ғана қалуы мүмкін деген болжамдар да бар. Бәріне себепкер болған режиссер Ден Ридтің «Leaving Neverland» фильмі. Картинада хореограф Уэйд Робсон мен программист Джеймс Сейфчак бала күндерінде әйгілі музыканттан сексуалды сипаттағы зорлық көргенін тәптіштеп айтады.
Бұл туралы BBC «Майкл Джексон ұлы артис әрі педофил ме? Бізге осы оймен өмір сүруге тура келеді» деген тақырыпта мақала жариялады. Ал Guardian тілшісі «төрт сағаттық документалды фильмнің үшінші минутында-ақ Майкл Джексон мұрасы ендігәрі бұрынғыдай болып қалмайды» деп жазады. Майкл Джексон абыройы төгілген жұлдыздардың біріншісі де, соңғысы да емес. Британиялық поп-рок орындаушысы Гари Глиттер 1972-74 жылдары музыкалық чарттардың олимпінен түспеген. Қылмыстық хорникаларға да оның есімі біраз уақыт арқау болды. Тергеу әншінің бірнеше рет кәмелеттік жасқа толмаған қыз балаларды зорлағанын анықтады. Бұл жағдай оның әншілік карьерасын аяқтауына себепші болды. Педофилияға қатысты айып танымал актер Кевин Спейсиге де тағылды. Қазір АҚШ соты 18 жасар жасөспірімге сексуалды сипаттағы әлімжеттік ету фактісі бойынша істі қарауда. Егер Спейсидің кінәсі анықталса, ол 5 жыл мерзімге дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Кевин Спейси осыған дейін де мұндай дауға ілігіп жүрді. 2017 жылы актер Энтони Рэпп 30 жыл бұрын Спейсидің зорлық жасамақ болғанын айтқан еді. Ол кезде Спейси мұндай жағдайдың есінде жоқ екенін жазып, сонда да Рэпптен кешірім сұраған. Кейін ол өзінің гомосексуалды жыныстық бейімділігін жария етті. Көп ұзамай өзге де бірнеше адам Спейсиден зорлық көргенін айтты. Ал «Карта үйшігі» фильмінің басты рөлін ойнаған актермен Netflix компаниясы барлық байланысын үзді. Сонымен қатар екі рет «Оскар» премиясының лауреаты атанған Кевин Спейсиге «Эмми» премиясын тартудан бас тартты. Ал "Әлемнің барлық ақшасы" фильмінен Спейси ойнаған эпизодтар алынып тасталып, фильм басқа актермен қайта түсірілді.



Бұрынғы қылмыстары үшін қоғамның теріс пікіріне ие болғандардың қатарында әйгілі модельер Коко Шанель де бар. 2011 жылы Хел Воганның «Жаумен төсекте: Коко Шанельдің құпия соғысы» кітабы жарыққа шықты. Мұнда нацистермен қызметтестігі мен оншақты құпия операциялар туралы айтылады. Олардың арасында Черчилльді ағылшын-герман келіссөздеріне көндіруге қатысты «Модельхаут» (немісшеден аудармасы — Сәнді шляпа) операциясы бар. Ал 2016 жылы неміс архивтерінен табылған құжаттар Шанельдің нацистер агенті болғанын дәлелдеді. Мадмуазель Коко гитлершілер арқылы өзінің бәсекелестері еврей ағайындылар Вертхаймерлер бизнесінің қомақты бөлігін тартып алған екен. Нацистермен байланыста болған жалғыз Шанель ғана емес, Hugo Boss сәнді киімдер үйінің негізін қалаған Метцинген Хьюго Фердинанд Босс та гитлершілердің қоңыр көйлегін тігу арқылы өз бизнесін өрге домалатты. Бұл мәмілеге қол жеткізу үшін Хьюго Босс НСДАП қатарына енуге мәжбүр болды. Кейінірек модельер өз бизнесін сақтап қалу үшін ғана мұндай қадамға барғанын айтып ақталды. Алайда Роман Кестердің «Hugo Boss, 1924–1945» кітабында соғыс жылдары Hugo Boss фабрикасында 140 поляк және 40 француз тұтқыны адам төзгісіз ауыр жағдайларда жұмыс жасағаны баяндалады. Айтпақшы, бұл кітапты тарихшы «Hugo Boss» компаниясының тапсырысы бойынша жазған болатын. Компания өкілдері кітапты еш цензурасыз, автордың қолжазбасы негізінде басып шықты. Сонымен қоса компания Хьюго Фердинанд Босс басқарған фабрикада тағдыры тәлкекке ұшыраған жүздеген адамдардан, олардың ұрпақтарынан кешірім сұрады.
Нацистік көзқарастары үшін сынға ұшырағандардың арасында IKEA жиһаз дүкендері желісінің негізін қалаған Ингвар Кампрад та бар. Алғаш рет бұл туралы журналистер 1990 жылдардың басында жазған еді. Сол кезде антигуманистік көзқарастары үшін айыпталған бизнесмен фюрердің «жасөспірімдік жүгенсіздігіне» сүйсінгенін және нацистерден гөрі, фашистерге жылы қарайтынын айтты.
Esquire Kazakhstan бас редакторы Гүлнар Бажкенова өзінің телеграм каналында Майкл Джексонға қатысты скандал туралы былай деп жазады:
«Мен Джексон музыкасын жеке дара тыңдауды әзірше елестете аламын, алайда көпшілік орындарда әнші әуендерін пайдалануды ұмыту керек шығар. Қай Есі сау фигурист әлем чемпионатында Майкл әндеріне билейді? Қай дизайнер 2019-2020 жылдар сән апталығында өз коллекциясын оның миксімен көрсетеді? Қай режиссер оның саундтрегін пайдаланады? Автордың жеке өмірін оның шығармашылығынан бөліп қарау керек пе? Бұл сұрақ соны емес әрі риторикалық деуге болады. Жауабы жоқ, егер сіз бөліп қарай алсаңыз қанекей».
Қазақстандық жұлдыздар арасында аяғын шалыс басқандар бар ма? Біздің қоғам оған қалай қарады? Кешіре алды ма, шығармашылықты жеке өмірден бөліп қарай алды ма?
2009 жылы «Время» газетінде «Тука» атымен танымал артист Нұржан Төлендиновтың қыз зорлады деген күдікпен ұсталғаны хабарланған. Бұл іс жайлы Алматы қаласы ІІД баспасөз қызметінің басшысы Салтанат Әзірбек газет редакциясына растап ресми мәлімдеме берді. Алайда тергеу амалдарының нәтижесі туралы толыққанды ақпарат болмай, оқиғаның немен аяқталғаны белгісіз.


Танымал әнші Қайрат Түнтеков 2012 жылы ірі жол көлік апатын жасады. Әнші соққан көлік иесі ауыр жарақаттармен емханаға жеткізілген еді. Сот Қайрат Түнтековты көлік айдау құқынан 2 жыл 9 айға айыру, 40 тәулікке әкімшілік қамауға алу туралы шешім шығарған болатын. 2015 жылы бұқаралық ақпарат құралдары осы оқиғаны тағы да еске салды. Себеп — әнші үш жыл бойы жол көлік апатына қатысты қарызын төлемеген. Көлігі соғылып, өзі жарақат алған қыздың амалы қалмай сотқа жүгінуіне тура келген. Отандық баспасөз беттерінде Қайрат Түнтековке іздеу салынғаны туралы жазылғанда өнердегі әріптестері қарыздың сомасын жиналып төлемек болған еді.
Сотты болған емес, сотқа арызданған Бақыт Сәрсекбаевты да көпшілік қабылдай алмай жүрді. Ол бұрынғы бапкерімен үй үшін араздасса, бұрынғы әйелін машина дөңгелегі үшін сотқа бермек болған. Қоғам арасында чемпионның бұл әрекеті түсінбестік тудырды.
Сот демекші, қылмысы құрықталған тағы бір өнер қайраткеріміз — Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының бұрынғы директоры, актер Ерлан Біләл парақорлық бойынша істі болған. Былтыр қаңтар айында Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің ресми өкілі Нұрлан Жахин жергілікті БАҚ-қа Ерлан Біләлдің Алматыда «театр базасын жаңа жыл кезінде балаларға арналған қойылым өткізуге жалға бергені үшін заңды тұлғадан бір жарым миллион теңге пара алу үстінде» ұсталғанын мәлімдеді. Парақорлық фактісі расталып, сот 52,5 миллион теңге айыппұл төлеу туралы шешім шығарды. Facebook желісінде актердің жұбайы Майгүл Біләлова күйеуімен бірге түскен суретін жариялап, "Әлеуметтік желіде алып-қашпа сөздер мен Ерланды қаралап жатқан түрлі пікірлер көп. Дегенмен, Ерланның жағдайын сұрап, қолдау білдіріп жатқандарға рахметімді айтқым келеді. Ер адамның басына не келіп, не кетпейді? Бұл да бір Алланың сынағы болар… " деп жазған болатын. Қазіргі уақытта Ерлан Біләл дәл сол театрда қызмет етуде, айыппұлын әлі төлеп жүр.
Қазақстандық шоу-бизнес өкілдерінің шалыс басқан қадамдары аз емес, бірі шовинистік көзқарастарын ашық жария етсе, бірі қонақүй қызметшісін балағаттап, енді бірі сахна төрінен ақсақалды ренжіткен. Абырой болғанда жұлдыздардың ашуы жылдам басылып, кешіріп сұрауға дайын тұрады. Ал әлеуметтік желіде түтіп жеуге дайын отырған ызалы жұрттың реніші «шайы орамал» кепкенше. Бәлкім қазақстандық қоғам өнер мен жеке бастың кемшіндерін бөліп қарай алатын шығар… Әлде бұл да бір сынақ па?

ЗОРЛЫҚСЫЗ НАРАЗЫЛЫҚ БІЛДІРУДІҢ 198 ӘДІСІ

Джин Шарптың «Зорлықсыз наразылық білдірудің 198 әдісі» кітабы («198 METHODS OF NON VIOLENT ACTION» from The Politics of Nonviolent Action by Gene Sharp) бойынша

Демократия мен әділет үшін күресетін адамдардың көбісі зорлықсыз әрекеттер спектрінің қандай кең екенін біле бермейді. Салиқалы стратегия, зорлықсыз күреске ұмтылу, әдістерді мұқият зерттеу сізді мұратыңызға жеткізуі мүмкін. Джин Шарп 1973 жылы жарыққа шыққан «Зорлықсыз әрекет саясаты еңбегінде (3-томдық) тарихи мысалдарды келтіре отырып, зорлықсыз қарсы тұру, күресудің 198 әдісін жинақтады. Назарларыңызға осы еңбекте айтылған әдістердің жиынтығын ұсынамыз. Олардың барлығын түгел қолдануға келеді деуге болмайды. Дегенмен егер іште наразылығыңыз болса оны білдірудің ұтымды әдстері де бар.

Заңсыз әрекеттерсіз, қоқан-лоққысыз, зорлық-зомбылықсыз күрес жүргізетін адамдардың „бейбіт қарулары“:

РЕСМИ МӘЛІМДЕМЕЛЕР
1. Көпшілік алдында сөз сөйлеу
2. Қарсылық немесе қолдау хаттары.
3. Ұйымдар мен мекемелер атынан декларациялар
4. Танымал адамдар қол қойған хаттар
5. Келіспеу және жазғыруды білдіретін декларациялар
6. Топтық немесе бұқаралық петициялар
Бұқарамен коммуникация
7. Лозунгтер, карикатуралар мен символдар
8. Плакаттар, көрнекі құралдар
9. Үндеухаттар, памфлеттер мен кітаптар
10. Газеттер, журналдар, сайттар
11. Аудиожазбалар, радио, ТВ
12. Әуедегі (ұшақпен) және жердегі (таспен қаланған, өсімдіктер өсірілген) жазбалар
Топтық акциялар
13. Депутациялар
14. Сатиралық марапаттар
15. Топтық лобби
16. Пикеттеу
17. Жалған-сайлаулар
Символикалық және қоғамдық акциялар
18. Жалауларды ілу, символикалық түсті заттарды пайдалану
19. Символдарды тағу, киіп жүру
20. Дұға-тілектер
21. Символикалық нысандарды табыстау
22. Қарсылық білдіру ретінде шешіну
23. Өз меншігін жою
24. Символикалық түрде от жағу (факел, фонарь, шамдар)
25. Портреттерді шығару
26. Протестті білдур ретінде сурет салу
27. Көшенің жаңа атаулары мен белгілерін орнату
28.Символикалық дыбыстар шығару
29. Жерді символикалық түрде иемдену
30. Дөрекі ишаралар
Жекелеген адамдарға қысым жасау
31. Ресми тұлғалардың ізінен қалмау
32. Ресми тұлғаларды әжуалау
33. Әскерилермен ағайындасу
34. Қырағылық (»кезекшіліктер")
Театр және музыка
35.Юморлық пародиялар
36. Пьесалар мен музыкалық қойылымдар қою
37. Ән шырқау
Процессиялар
38. Марштар
39. Парадтар
40. Діни процессиялар
41. Қажылық
42. Автоколонналар
Қайтыс болғандарды еске алу
43. Саяси траур
44. Символикалық жерлеу рәсімдері
45. Демонстративті жерлеу рәсімдері
46. Бейіттерге зиярат ету
Қоғамдық жиналыстар
47. Протест не қолдау жиналыстары
48. Протест білдіру митингілері
49. Протесттің құпия митингілері
50. Семинарлар
Кету және бас тарту
51. Демонстративті түрде кету
52. Үнсіздік
53. Сый-құрметтен бас тарту
54. Теріс айналу (арқасымен қарау)
Әлеуметтік серіктестіктен бас тарту әдістері/ жекелеген адамдардың остракизмі
55. Әлеуметтік бойкот
56. Таңдамалы әлеуметтік бойкот
57. Жұбайлық міндетін атқарудан бас тарту («Лисистрат бойынша»)
58. Араласу, сөйлесуден бас тарту
59. Діни қызметті доғару
Қоғамдық маңызды оқиғалар, әдет-ғұрыптар, жұмыстардан бас тарту
60. Әлеуметтік және спорттық қызметті доғару
61. Қоғамдық оқиғаларға бойкот жасау
62. Студентік ереуілдер
63. Қоғамдық бағынбаулар
64. Қоғамдық ұйымдардағы мүшеліктен шығу
Әлеуметтік жүйеден бас тарту
65. Үйден шығудан бас тарту
66. Қызметтестіктен толығымен бас тарту
67. Жұмысшылардың қашуы
68. Уақытша баспаналарды паналау
69. Тұрғылықты орыннан ұжымдық түрде үдере көшу
70. Қарсылық ретінде эмиграция («хиджрат»)
Экономикалық бойкоттар/ Тұтынушылар акциясы
71. Тұтынушылар бойкоты
72. Бойкот жарияланған тауарлардан бас тарту
73. Аскетизм саясаты
74. Жалгерлік (арендалық) ақыны төлеуден бас тарту
75. Жалға беруден бас тарту
76. Жалпыұлттық тұтынушылық бойкот
77. Халықаралық тұтынушылық бойкот
Жұмысшылар мен өндірушілердің акциялары
78. Жұмысшылар бойкоты
79. Өндірушілер бойкоты
Делдалдар акциялары
80. Жеткізушілер мен делдалдарға бойкот жариялау
Меншік иелері мен басқарушыларының акциялары
81. Саудагерлерге бойкот жариялау
82. Меншікті жалға беруден немесе сатудан бас тарту
83. Локаут (өндіріс иесінің өндірісті тоқтатуы)
84. Өнеркәсіптік көмек беруден бас тарту
85. Саудагерлердің жалпы ереуілі
Қаржылық ресурстарды ұстаушылардың акциялары
86. Банк салымдарын шешіп алу
87. Гонорарларды, төлемдерді, үстеме қаражатты төлеуден бас тарту
88. Қарыздар мен проценттерді төлеуден бас тарту
89. Қорлар мен кредиттер шарттарын қатаңдату
90. Салық төлеуден бас тарту
91. Жалақы алудан бас тарту
Үкімет әрекеттері
92. Ішкі эмбарго
93. Саудагерлердің "қара тізімі"
94. Жеткзушілердің халықаралық эмбаргосы
95. Сатып алушылардың халықаралық эмбаргосы
96. Халықаралық сауда эмбаргосы
Экономикалық қызметтестіктен бас тарту: ереуілге шығу/Символикалық ереуілге шығу
97. Қарсылық ереуілдері
98. Тайып тұру («лездік ереуілдер»)
Ауылшаруашылық ереуілдер
99. Шаруалардың ереуілдері
100. Ауылшаруашылығы жұмысшыларының ереуілдері
Ерекше топтардың ереуілдері
101. Мәжбүрлі еңбектен бас тарту
102. Түрмедегілердің ереуілі
103. Қолөнер шеберлерінің ереуілі
104. Кәсіби ереуілдер
Қарапайым өнеркәсіптік ереуілдер
105. Истеблишмент ереуілдері
106. Өнеркәсіптік ереуілдер
107. Ынтымақтастық ереуілдері
Шектеулі ереуілдер
108. Ішінара ереуілдер
109. «Бамперлік» (таңдамалы, кезекті) ереуіл
110. Жұмыс қарқынын төмендету
111. "Қатаң нұсқаулық бойынша" жұмыс жасау
112. «Ауыру себебі бойынша» жұмысқа шықпау
113. Қызметтен кету арқылы ереуіл
114. Шектеулі ереуіл
115. Іріктемелі ереуіл
Көп салалы ереуіл
116. Жан-жаққа таралатын ереуіл
117. Бұқаралық ереуіл
Ереуілдер мен кәсіпорындардың экономикалық жабылуы
118. Жұмыс пен сауданы тоқтату («хартал»)
119. Бүкіл экономикалық қызметті тоқтату
Саяси қызметтестіктен бас тарту/ билікті қолдаудан бас тарту
120. Билік лояльдығын қабылдамау
121. қоғамдық қолдау білдіруден бас тарту
122. Қарсылыққа үндейтін әдебиет, сөздер
Азаматтардың үкіметпен қызметтесуінен бас тартуы
123. Заң шығару органдарына бойкот жариялау
124. Сайлауға бойкот жариялау
125. Мемлекеттік лауазымдарды атқарудан, мемлекеттік қызметте жұмыс істеуден бас тарту
126. Мемлекеттік мекеме, агенттіктер мен өзге органдарға бойкот жариялау
127. Мемлекеттік білім беру мекемелерінен кету
128. Мемлекет қолдау білдіріп отырған мекемелерге бойкот жариялау
129. Тәртіпке келтіруге көмек беруден бас тарту
130. Меншік құқын білдіретін белгілер және көше белгілерін алып тастау
131. Ресми тұлғаларды тағайындауларды мойындаудан бас тарту
132. Жұмыс істейтін институттарды таратудан бас тарту
Азаматтық мойынсұну альтернативасы
133. Сылбыр және еріксіз бағыну
134. Тікелей қадағалау болмаған кездерде бағынбау
135. Халықтық бағынбау
136. Маскаланған бағынбау
137. Жиналысты не митингті тарату бұйрығына бағынбау
138. Отырып ереуіл жасау
139. Армия және депортациядан бас тарту
140. Жасырну, қашу және жалған құжаттар жасау
141. "Әділетсіз" заңдарға азаматтық бағынбау
Үкіметтік қызметкерлердің акциясы
142. Үкімет өкілдеріне көмек беруден таңдамалы түрде бас тарту
143. Командалар мен ақпаратты таратуды блоктау
144. Мекемелер жұмысына кедергі жасау және кешеуілдету
145. Әкімшілік қызметтестіктен жалпы бас тарту
146. Сотпен қызметтестік етуден бас тарту
147. Жұмысты әдейі тиімсіз жасау және атқарушы органдармен қызметтесуден таңдамалы түрде бас тарту
148. Бүлік
Үкіметтің ішкі акциялары
149. Өтірік-шынды әрекеттер, ұстап әкету
150. Ұсақ мемлекеттік органдармен қызметтестіктен бас тарту
Үкіметтің халықаралық акциялары
151. Дипломатиялық және өзге өкілдіктердегі өзгерістер
152. Дипломатиялық шараларды кешіктіру және өткізбеу
153. Дипломатиялық танудан бас тарту
154. Дипломатиялық қатынастарды нашарлату
155. Халықаралық ұйымдардан шығу
156. Халықаралық ұйымдарға мүшеліктен бас тарту
157. Халықаралық ұйымдардан шығарып тастау
Зорлықсыз әрекет әдістері/психологиялық әрекет ету
158. Өзін табиғи апатқа тастау (өртеу, суға кету және т.б.)
159. Аштық жариялау
а) моралдық қысымға аштық жариялау
б) аштық жариялап ереуілге шығу
в) «Сатьяграха» сияқты аштық жариялау
160. «Кері» сот
161. Оппонентті зорлықсыз психикалық қажыту
Физикалық әрекет
162. Тапжылмай отыру
163. Тұру
164. Көліктен шықпау
165. Нәсілдік сегрегация кезінде сегрегацияланған жағажайларды пайдалану
166. Бір орында әрлі-берлі жүру
167. Сегрегацияланған шіркеулерде дұға оқу
168. Меншікті табыстау талабымен зорлықсыз марштар
169. Оппонент қадағалайтын аймақтарға зорлықсыз ұшып келу
170. Тыйым салынған аймақтарға зорлықсыз кіру (сызықтан өту)
171. Зорлыққа немесе оппоненттің өзге әрекеттеріне өз денең арқылы зорлықсыз қарсы тұру (психологиялық әсер)
172. Өз денеңмен зорлықсыз блоктау/қалқандау (физикалық әрекет)
173. Зорлықсыз оккупация
Әлеуметтік әрекет ету
174. Жаңа әлеуметтік тәртіптер орнату
175. Ғимарат ішін босату
176. Жолдарды бөгеу
177. Ұзақ сөз сөйлеу
178. Көшеде өз бетіңізбен қойылым жасау
179. Альтернативты әлеуметтік институттар
180. Альтернативті коммуникация жүйелері
Экономикалық әрекет
181. Кері ереуіл
182. Жұмыс аяқталған соң жұмыстан шықпау
183. Жерді зорлықсыз иемденіп алу
184. Блокада орындаудан бас тарту
185. Жалған ақшаны саяси мотивпен жасау
186. Стратегиялық маңызды тауарларды әдейі жаппай сатып алу
187. Құнды заттарды алып алу
188. Демпинг
189. Фирмаларға, мекемелерге іріктеп патронаж жасау
190. Альтернативті нарықтар құру
191. Альтернативті көлік жүйелерін қалыптастыру
192. Альтернативті экономикалық институтттар
Саяси әрекет ету
193. Әкімшілік жүйені асыра жұмыс жасатқызу
194. Құпия агенттерді әшкерелеу
195. Түрмеге қамалуға тырысу
196. «Бейтарап заңдарға» азаматтық мойынсұнбау
197. Қызметтестіксіз жұмыс істеу
198. Қос суверенитет және параллель үкімет құру

20 жыл бұрын тұрған үйге оралғың келе ме?

Өмір бойы бір үйде тұрған адамдарға қызығамын. Сен жыл ортасында күнделік бастаған оқушы, балалық шағының фотоальбомын жоғалтып алған адам немесе мұздеген фотосы, мыңдаған лайктары бар аккаунты блокталған лайкоман да емессің. Сенің балалық шағыңда ойнаған аулаң, бойың өлшеніп, жазбалары қалған үйің бар. Күшті. Ал біз 4-5 рет көштік. Астанадағы сығандық өмірді қоспағанның өзінде. Әр үйде естеліктерім шашырап қалып қойды. Жезқазғандағы Советская 7 көшесіндегі үй… Есік алдындағы бала-бақшам. Қояндары бар баба Нина. Есіктің алдындағы көк беседка. Дәл осы жер у-шу болып жататын қысы-жазы. Үйдің жанындағы пединституттың жатақханасы. Жатақханада пианино тұратын еді. Даңғыр-дұңғыр еткізіп жатқанда не вахтер, не студент қыздар ештеңе демейтін. Кешке жігіттерге 306-дан Гүлзираны шақырып берген үшін 3 тиын, 411-ден Мариямды шақырып берген үшін 5 тиын алып газвода сататын автоматқа зытасың. Ақтоғайдағы жер үй ше? Үйден шықсаң оң жағыңда тау, сол жағыңда ауылдың бас трассасы. Көрші Шәріптің қызы қайда жүр екен? ПТУдың ар жағында тұратын Әсияға барып келейін бе әлде. Қора жақтан жүгіріп келе жатқан Лион. Қазір беті-қолымды жалап, аяғыма оралып жол бермейді. Мына далиған огородқа қанша фляг су тасығанымды айтсайшы. А, жоқ. Соншалықты далиған емес екен. Құттай ғана бақша екен ғой. Көп болса 1,5 сотық шығар. Алматыдағы Алатауды көрген соң маған биік болып көріген Шатырша тау емес, жота екенін түсіндім. Мирадағы 5 қабатты үй ше? бесінші қабаттағы балконға шығып алып астына қарайтынмын. Биіктен қорқамын. Бірақ жүрегімді дүрсілдетіп әдейі қараймын. Сырт қарағанда қарапайым көрініс. Мен үшін американские горкиден кем түспейтін. Біздің пәтердің номері 45 еді. Жеңіл жылымен ассоциациялаушы едім. Ішімнен 41-пәтерде емес, 45-пәтерде тұратынымыз қандай күшті деп ойлайтынмын. Кейде түсімде де көремін сол үйлерді. Тіпті қоңыр диван, залдағы сервант көзге түсіп қалады. Мүмкіндік болса оралар ма едім ескі үйге? Жоқ шығар. Менің қиялымдағы жылы, әдемі үйім кеңестік кездің ең қораш пәтерінің көрінісіне тап болып, күл-талқаны шығатын шығар. Қызығым басқаларға… Бала кезінен қалған әдемі үйде тұратындарды айтам.

Болашақта Астанада жойылатын 20 мамандық

Блог - Basic: Болашақта Астанада жойылатын 20 мамандық

Мектеп бітіріп, редакцияны жағалап жүрген кезім. Қалалық «Сарыарқа» газетінің редакциясы ақ сарайдай көрінетін. Журналистер тым қауырт, өте маңызды, аса тәкаппар. Маңдарына көп жолата бермейді. Тек машинистка Гүлнар апай оларға ұқсаймайды — жайдары, биязы. Бірақ қолы көп босай қоймайтын. Қашан көрсең тықылдатып мақала теріп отырғаны. Арасында зырт еткізіп Ятрань машинкасының сырғытпасын сырып қояды. Үстел үстінде үнемі шимай-шимай қағаздар үйіліп тұратын. Гүлнар апайды бала-шаға ғана емес, адуынды журналистер де сыйлаушы еді. Әншейінде қабағы түксиген, сөзі қатаң журналистер Гүлнар апайдың алдында сызылады да қалады. Редакцияға жол түссе, Гүлнар апайға сәлем беруге кіріп шығатын едім. Алайда қазір Гүлнар апайым да, оның Ятрань машинкасы да жоқ. Себебі қазір хатшы-машинист мамандығы жоқ. Журналистер мақалаларын электронды пошта арқылы редакторға жөнелте салады.
***
Ал телефон будкалары ше? Студент кезімізде Қазақтелекомға барып, телефонист апайға үйдің телефонын жазып, будкада күтіп отырасың телефон тұтқасына сағынышпен қарап.
— Жезказган на линии, — дейді телефонист апай бір кезде.
— Алло, Мама!
— Бектай сенбісің?..
***
Өзіміз куә болған 15-20 жылдың өзінде біраз өзгерістер болды. Алдағы 20 жылда жоғалатын 20 мамандық туралы ой тарқатып көрейік. Сонымен Астана қаласында жақын келешекте қандай мамандықтарға сұраныс болмайды?

Блог - Basic: Болашақта Астанада жойылатын 20 мамандық1. Кондуктор.
Бұл мамандық алдағы 2-3 жылда-ақ жоғалуы мүмкін. Қазір Астанада ASTRA PLAT жүйесі толық қызмет етуде. Жолаушылар төлемақыны карта арқылы электронды түрде жасай алады. Карта арқылы төлем экономикалық жағынан да тиімді, әрі ұсақ ақша қайтару мәселесі мүлдем туындамайды, бюджет айқындылығын да қамтамасыз етеді. Жол сұрау немесе бағыт көрсету керек болса, Astrabus қосымшасы бар. Демек, кондукторлар функциясын электронды жүйе толығымен алмастыра алады.

Блог - Basic: Болашақта Астанада жойылатын 20 мамандық2. Нотариус.
Бұл туралы Астана қаласының әкімі Әсет Исекешев биыл халықпен есептік кездесуінде айтқан болатын. «Мысалы, блокчейн технологияларын жылжымайтын мүлік тізіліміне енгізу, сатып алу-сату шарттарын рәсімдеуде нотариус қызметтерінің толығымен қажеттілігін жояды, себебі, цифрландыру есебінен бұл реттегі амалдар қайта қарастырылады». Бұл шара заңсыз құжаттарды куәландыру, заңдастыру, жемқорлық мәселелерін де шешуі тиіс.

Блог - Basic: Болашақта Астанада жойылатын 20 мамандық3. Риелтор, маклер.
Астана қаласының әкімі Ә.Исекешев блокчейн технологияларын жылжымайтын мүлік реестріне енгізу нәтижесінде заңнама талаптарына сай келмейтін тұрғын үйді саудаға қою мүмкін болмайтынын айтқан. Барлық деректер электронды форматта сақталады және оны редакциялау мүмкін болмайды. Яғни заңсыз әрекеттерді жасау, тұтынушыны алдау мүмкін емес. Бұл «ақ» не «қара» риелторлар қажеттілігін жояды. Қазіргі уақытта жылжымайтын мүлікті сату, жалға беру, алу сияқты деректерді делдалдарсыз ашық ресурстардан алуға болады.

Блог - Basic: Болашақта Астанада жойылатын 20 мамандық4. Күзетші.
YouTube-те жасырын камерамен түсірілген видеолар кеңінен танымал және көрілімді. Лифт ішіне, банкоматқа, жол жиегіндегі бағанға, кеңсе офисінде орнатылған камералар фобия тудыруы да мүмкін. Бастысы ештеңені жасыру мүмкін емес. Бейнебақылау, сигнализация күзетшілерден әлдеқайда жылдам әрі сергек. Көптеген кеңселерде күзетші штаты әлдеқашан қысқарған. Смарт қаланың күзетшісін елестете аласыз ба? ;)

Блог - Basic: Болашақта Астанада жойылатын 20 мамандық5. Билетер.
Кино, театр, сауық-сайран орталықтарына кіргенде билетіңізді тексеретін адамның функциясын қарапайым чиптер мен турникеттер атқара алады. Адамнан гөрі тиісті техниканы орнату әлдеқайда арзанырақ әрі ақша жымқыру фактісін болдырмайды. Қазірдің өзінде Астананың бірқатар көңіл-көтеру орындарында бұл процесс автоматтандырылған.

Блог - Basic: Болашақта Астанада жойылатын 20 мамандық6. Call орталықтарының диспетчерлері.
«– Қызмет көрсету тілін таңдау үшін бірді басыңыз. Негізгі қызметтер туралы ақпарат алғыңыз келсе екіні басыңыз». Таныс қой иә? Бұл жүйе мобильді операторлар, банк жүйесі, ірі компанияларда қолданылып келеді. Болашақта жасанды интеллект пен цифровизация нәтижесінде диспетчерлер толығымен жойылады.

Блог - Basic: Болашақта Астанада жойылатын 20 мамандық7. Корректор.
Қазірдің өзінде Microsoft Office бағдарламаларында мәтіннің орфографиясы мен пунктуациясын тексеретін функциясы бар. Бұл жүйе әлеуметтік желілерде, мессенджерлердің көпшілігінде де орнатылған. Қаласаңыз онлайн сервистер мәтіннің грамматикасын, стилистикасын, орфографиясын тексеріп бере алады. Мәтіннің семантикалық анализі технологиясы қарқынды дамуда. Қазақ тілін де функционалдан көретін күн алыс емес. Сондықтан корректор мамандығын бағдарламалық жасақтамалар алмастырады деп нық сеніммен айтуға болады.

Блог - Basic: Болашақта Астанада жойылатын 20 мамандық8. Экскурсовод, гид.
Астана қаласындағы бірқатар сауда орталықтарында, мәдениет кешендерінде, музейлерде онлайн гид жүйесі орнатылған. Былтыр «VISIT ASTANA» компаниясы былтырғы жылдан бастап электронды гид қызметін енгізді. 2 қабатты автобус астаналықтарды, қала қонақтарын, туристерді тарихи жерлерге, ең танымал орындарға апарады. Ал Арнайы орнатылған электронды гид 6 тілде қала тарихын, көрікті жерлері туралы қызықты ақпаратты экскурсоводтан кем түспей баяндап береді. Электронды гидтің адам гидтен артықшылығы білім базасы үнемі жаңартылып отырады, ақпаратты бұрмаламай, жаңылыспай жеткізеді. Аудармашыны қажет етпейді. Ал адамдар ақпаратты осындай аудио, визуал көздерден алуға бейімделіп келеді. Қазірдің өзінде бірқатар мобильді қосымшалар, онлайн ресурстар Астананың көрікті жерлерінде өзіңіз тұрғандай әсер беретін VR экскурсиялар ұсына алады. Демек, цифровизация тағы бір мамандықты жоя алады.

Блог - Basic: Болашақта Астанада жойылатын 20 мамандық9. Логист, диспетчер.
Соңғы уақытта онлайн сауда көлемі күрт артты. Тауар айналымы артып, көлік инфрақұрылымы күрделене түсуде, жүк тасымалы ұлғайып, жекізу жылдамдығы да арта түсті. Тұтынушылар өз жүктерін онлайн бақылағанды жөн көреді. Күннен күнге бұл ағын күшейіп келеді. Мұндай міндеттерді шешу адам қолынан келмеуі мүмкін. Сондықтан логистика саласындағы компаниялар жаппай автоматтандыруға көшуде. Жүктердің тасымалы түрлі датчиктермен қадағаланып, спутниктік жүйемен мониторинг жасалып отырады, интеллектуалды бағдарламалар оңтайлы бағдарларды сызып береді. Егер бірнеше маманның жасайтын жұмысын бір бағдарлама орындайтын болса, ол мамандықтың не қажеті бар? Сондықтан диспетчерлер мен логисттерді болашақта бағдарламалық жасақтамалар жұтуы заңды құбылыс.

Блог - Basic: Болашақта Астанада жойылатын 20 мамандық10. Аудармашы.
Семантикалық аударма жасайтын бағдарламалар дамуы таң қалдырады. Қазір қарапайым мәтінді қазақшаға аудару қиын іс емес. Бағдарламалар тек мәтін ғана емес, сурет және аудио форматын да аударуға қауқарлы. Технология қарыштап дамып жатқандықтан болашақта көркем әдеби аудармамен немесе күрделі салалық аудармамен айналысатын біліктілігі жоғары мамандар ғана қалып, қарапайым аудармашылар басқа кәсіп іздеуіне тура келеді.

Блог - Basic: Болашақта Астанада жойылатын 20 мамандық11. Вахтер.
Вахтердің негізгі міндеті тұрғын үйге және қызметтік ғимараттарға бөгде адамдардың кірмеуін қадағалау. Қазірдің өзінде Астана қаласындағы тұрғын үйлердің 90%-да домофон орнатылған. Тұрғын үй кешендерінде, кеңсе ғимараттарында бейнебақылау орнатылған. Әрбір адамның кіріс-шығысы чиптер арқылы тіркеліп отырады. Сондықтан Астана қаласында вахтер мамандығы жақын арада жоғалуы мүмкін.

Блог - Basic: Болашақта Астанада жойылатын 20 мамандық12. Жол-патруль қызметкері.
Астана қаласында қазір 6365 бейнебақылау камералары орнатылған. Жалпы жоспар бойынша қалада 13 мың бейнебақылау камерасы іске қосылмақ. Астана қ. ІІД мәлімдеуінше «Сергек» бақылау жүйесінің көмегімен 1 656 әкімшілік құқықбұзушылық анықталып, 11 қылмыс ашылған. Бүгінде «Сергек» жүйесі Астанадағы жол-көлік қозғалысын қатаң қадағалап, құқық бұзушылық фактілерін оперативті түрде арнайы реестрде тіркеп тұрады.

Блог - Basic: Болашақта Астанада жойылатын 20 мамандық13. Есептеуіш көрсеткішін бақылаушы.
Су, электр энергиясын, газды тұтыну көрсеткіштерін тіркейтін есептеу құралдарын тексеретін маманды алмастыратын жүйе болашақта іске қосылады. Әр пәтерді аралап жүретін маман жұмысын автоматтандырылған жүйе ортақ базаға тіркеп тұрады. Бұл жүйе жақын арадағы 3-5 жыл көлемінде іске қосылуы тиіс.

Блог - Basic: Болашақта Астанада жойылатын 20 мамандық14. Бухгалтер.
Бұрындары бухгалтер мамандығына бірнеше жыл оқитын болса, соңғы жылдары бұл мамандықты бірнеше ай ішінде игеріп алу мүмкіндігі туынады. Қазіргі жаңа бухгалтерлік есептер жасау, төлемдерді төлеу, кіріс-шығысты тіркеу жүйесі бір ғана бағдарламалық жасақтама көмегімен жүзеге асады. Оның үстіне арнайы софтбухгалтерлік есеп пен аудит бойынша операцияларды жылдам орындап, функционалы қарапайымдана түсуде. Болашақта барлық процесс автоматтандырылып, бухгалтер мамандығы мүлдем қажет болмауы мүмкін.

Блог - Basic: Болашақта Астанада жойылатын 20 мамандық15. Несие жөніндегі менеджерлер.
Бүгінгі таңда сайт арқылы немесе мобильді қосымша арқылы несие алу өтінімін онлайн жіберуге болады. Клиент туралы барлық деректер, оның несие тарихы арнайы базаға енгізіледі. Сондықтан да болашақта несиені беру туралы шешімді арнайы компьютерлік бағдарламалар қабылдайтын болады.

Блог - Basic: Болашақта Астанада жойылатын 20 мамандық16. Стенографист.
Дыбысты тану және оны мәтінге айналдыру жүйесі қазірдің өзінде көптеген салаларға енгізілген. Іздеу жүйелері, роботтар, диктофон жазбалары, тағы көптеген салаларда мұндай функцияны байқаған боларсыз. Болашақта бұл жүйе одан әрі жетіліп, іс жүргізу процесінде стенографист мамандарды толығымен алмастыра алады.

Блог - Basic: Болашақта Астанада жойылатын 20 мамандық17. Мемлекеттік қызмет операторлары.
Қарапайым тілмен айтқанда халыққа қызмет көрсету орталықтарындағы мамандар. Қазірдің өзінде Мемлекеттік қызметтер порталы мен «Электронды үкімет» сервистерінің, азаматтық краудсорсингтің дамуы арқасында көптеген анықтама, құжаттарды кеңсеңізден шықпай-ақ онлайн түрде алуға болады.

Блог - Basic: Болашақта Астанада жойылатын 20 мамандық18. Провизор.
Көптеген дәріханалар интернет-ресурстар арқылы жұмыс жасауға көшуде. Көптеген тұтынушылар дәрі-дәрімекті дәрігер нұсқауы бойынша немесе интернет деректеріне сүйеніп таңдай алады. Ал логистикалық қызметтер тәуліктің кез келген уақытында сатып алынған дәрі-дәрімекті жеткізіп бере алады. Қазір провизорлар өзіне өзі қызмет көрсете алмайтын адамдармен немесе төтенше жағдайларда адамдарды дәрілік препараттармен қамтамасыз ету үшін қалды. Алайда 2020 жылдарға қарай провизор мамандығына деген қажеттілік барынша төмендейді.

Блог - Basic: Болашақта Астанада жойылатын 20 мамандық19. Лифтер.
Қазіргі лифт жүйелері (жаңа тұрғын үй кешендеріндегі) интеллектуалды жүйемен жабдықталған. Бұл жүйелер өздігінен диагоностика жасап, ақаулды анықтап отырады. Лифтерге қызмет көрсету және жөндеу жұмыстары автоматтандырылса, лифтер мамандармен де хош айтысамыз.

Блог - Basic: Болашақта Астанада жойылатын 20 мамандық20. Паркинг қызметкері.
Соңғы автокөлік өнімдері интеллектуалды паркинг жүйесін іске қосқан. 2020 жылға қарай жаңа автомобильдердің 80% автомобильді басқаруда жасанды интеллект жүйесін қолданатын болады. Осылайша, осы кәсіп иелерінің қызметін өздігінен автоматтандырды. Ал біздің түсінігіміздегі паркинг қызметкері, яғни автотұрақ қызметі үшін ақы алатын адамдар қызметін ASTRA Parking сервисі де атқарады. Парковкаларды басқару да автоматтандырылады. Бұл функцияны бақылау камералары, автоматтандырылған шлагбаумдар мен парковка автоматтары орындайтын болады.

Ғылыми техникалық даму, цифрландыру бұл мамандықтарды жойғанымен жаңа мамандықтардың пайда болуына да септеседі. Болашақта сирек мамандықтарға айналатын немесе мүлдем жойылатын мамандықтар жиырмалығы осы. Ал қазір қажетті мамандықтар тізімін мына постан көре аласызар.

Мені жақсы көретін адамдарға жазбаша ескерткіштің іргетасы

Блог - Basic: Мені жақсы көретін адамдарға жазбаша ескерткіштің іргетасыЖұмыста отырмын. Жұмыс өнбейді. Жүйке əбден жұқарған. Телефонның шырылдаған дауысы мұндай сүйкімсіз болар ма еді. Бəріне бірдеңе қажет. Лезде қажет. Сөйтіп отырғанда папа қоңырау шалды соткама. Атүсті сөйлесе алмайсың, көңіл күйің нашар болып та сөйлесуге болмайды. Қоңырауын шегеріп, кейін хабарласайын десем, қайта-қайта звондап болмайды. Тіпті не үшін хабарласқанын сұрағам да жоқ «папа! Сосын хабарласамын өзім! Звондай бермеші енді!» деп бар ашу ызамды осы бір-екі сөзге төге салдым. Жалғыз эмоциясыз «мақұл» деген сөзінен қалай ренжіткенімді, көңілін қалдырып, жүрегін ауыртқанымды түсіндім. Трубканы қойған бетте өкіндім. Бірақ қайта хабарласқам жоқ. Ренжітіп алғанымды білем. Звондауға да бет жоқ. Папа да біраз хабарласпады. Кеше ғана қоңырау шалды. Түк болмағандай, əңгімелерін айтып жатыр)) Мен қуанып та тұрмын. Ұялып та. Осындай ақымақ адамды қалай жақсы көруге болады деген жауапты Евгений Гришковецтің "+1" спектаклінен таптым.
"… Жақында мен өзім жақсы көретін адамдар туралы бір ақиқатты ұқтым.  Ұқтым да, бекерге ұққанымды түсіндім. Қалжың əрине, түсінгенімді айтам. Бұл сондай қарапайым дүние. Тіпті мұны бұрыннан қалай түсінбей жүргенімді түсінбеймін. Өте қарапайым. Ап-анық. Бірақ бұл қарапайым жайды түсініп, өмірімді қиындаттым. Мұны əрине енді ұмытпаспын, мұнымен өмір сүрем, ғафу етіңіздер, қазір өзімнің түсінгенімді сіздерге де айтам.
Менің ұққаным мынау — мені шынымен жақсы көретіндер, өтірік, жасандылықпен емес, шынымен, мені бар болмысыммен сүйетіндер, мен керемет адам болңандықтан емес, өздері ғажайып жан болғандықтан жақсы көреді. Олардың өздерінің бір себептері бар. Мен оны түсінбесім анық. Дəл солай. Олар мен осындай болғандығым үшін емес, өздері сондай болғаны үшін жақсы көреді. Кейде ақымақ болатындығым соншалық, айнаға қарауға өз өзімнен ұялып, бетім шыдамайды… Ренжиді əрине олар, сөйлескісі де келмейді кейде, ұрсып та алады, шалған қоңырауыма жауап қатпай қояды. Бірақ жақсы көреді… Кешіреді де жақсы көре береді. Себебі жақсы көруінің себебі менде емес, өздерінде. Ал мені жақсы көрмейтіндер, ұнатпайтындар немесе жек көретіндер міне олардың сезімдеріне себеп беретін өзім. Ал жақсы көру себебі адамдардың өзінде. Адам біреуді жақсы көргенде ол бұл пендені оны басқа ешкім көре алмайтындай көреді, ғашық адамды ешкім түсіне алмас.
… осыны неге түсіндім десеңізші? Бəрі одан сайын қиындап кетті. Жақсы көру сондай қиын. Шынымен, бар жан-тəніңмен жақсы көру қиынның қиыны.
Ал жақсы көрмеу оңай. Оп-оңай. «Жақсы көрмеймін! Жек көремін!» — болды. Сондықтан да біз жеккөрінішті соншалық көп өндіреміз. Себебі оп-оңай. Дүзге барып келуден де оңай".  
Әрі қарай

Астанада практикалық журналистика курстары ашылды

Астанада КАЗГЮУ Университетінде MediaNet Халықаралық Журналистика Орталығының Медиа-Мектебі ашылды. Бұл жас мөлшері, мамандығы, дайындалу деңгейі алуан адамдарға арналған тәуелсіз журналистика курстарын қамтитын жоба.

MediaNet Халықаралық журналистика Орталығы 2004 жылдан бастап қызмет етіп келеді, бас кеңсесі Алматы қаласында орналасқан. 13 жыл ішінде Медиа-Мектептен 1000 жуық адам тәлім алды. Медиа-Мектептің көптеген түлектері редактор, радио тележүргізушісі, продюсер ретінде журналистика саласында жұмыс істеуде.

Білім және ғылым: Астанада практикалық журналистика курстары ашылды

Медиа-мектеп — бұл 3 ай бойы журналист мамандығының қыр-сырын үйреніп, беделді БАҚ-тарда тәжірибеден өту арқылы кәсіби тұрғыда шыңдалу. Медиа-Мектеп ұстаздары — БАҚ-тың түрлі салаларында қызмет ететін кәсіби деңгейі жоғары мамандар. Өз саласының қас шеберлері кез келген деңгейлі шәкірттерді қазақ және орыс тілдерінде оқытады.

Астанадағы Медиа-Мектеп Конрад Аденауэр атындағы Қордың Қазақстандағы Өкілдігінің қолдауымен ашылды. Жоба әріптесі — КАЗГЮУ Университеті.

Медиа-Мектеп түлектері майталман журналистер мен білікті редакторлардан негізгі білім алып, кәсіби машықтарды үйренеді. Курс бағдарламасында: фактчекинг, медиа құқық, инфографика, мультимедиалық журналистика және басқа да көкейтесті тақырыптар бар.

— Медиа-Мектеп бүгінгі таңда өте өзекті жоба, ол біздің заңгер студенттерімізге практикалық журналистиканың машықтарын үйренуге мүмкіндік береді. Ақпаратты сауатты пайдалану, фактчекинг — бұл юриспруденция ғана емес, журналистикада да кәсіби іскерлік негізі. Сондықтан да осы жобаның Астанадағы алғашқы серіктесті болу біз үшін қуаныш, – деді КАЗГЮУ Университетінің Жоғары құқық мектебінің Директоры Сергей Пен.

Дүниежүзінде демократияның, құқықтық мемлекеттің және әлеуметтік нарықтық экономиканың дамуына өз үлесін қосуды мұрат ететін Конрад Аденауэр атындағы Қордың Қазақстандағы Өкілдігінің қолдауының арқасында Астанадағы Медиа-Мектепте білім алу тегін.
Әрі қарай

Париж - махаббат қаласы емес

Бұл жазбадан Парижге саяхат туралы кеңестер іздемеңіз. Тек жұмыс бабымен екі-үш күнге барған адамның әсерлері деп түсінгейсіз.
1. Триумф аркасы. Шынын айтсам, түпнұсқаны көріп, Астанадағы аркамыз үшін ұялып кеттім. Жалпы Париждің ескерткіш, монументтері ғана емес, ғимараттарындағы әрлеу элементтерінің өзі эстетика тұрғысынан музейдегі экспонаттан кем емес.
Блог - Basic: Париж - махаббат қаласы емес

2. Париж көшелері. Парижде 8 мыңнан астам көше бар. Жалпы ауданы 105,4 км² қала үшін көп иә? Әрине, әр үй сайын көше болса. Біз қаланы жаяу көп араладық. Қолымыздағы картаға емес, алыстан сорайып тұрған Эйфель Мұнарасына қарап жол тауып отырдық. Кейбір үйлерді төрт жағынан төрт көше бойлап жатады.
Блог - Basic: Париж - махаббат қаласы емес

3. Париж жолдары. Көше жолдары өте тар. Кей жолдардың ені 1-2 метр. Бірақ пробканы байқамадым. Айтпақшы, байқағаным Парижде көбіне тротуарлары асфальт, ал көлік жүретін жолдар тастан қаланған. Бірнеше ғасыр бұрын қаланған күйі жатыр-ау.
Көбіне көліктер шағын, 2 адамдық машиналар көп. Автобустар бар, бірақ сирек көресіз. Жартысының өзі tourist bus сияқты. Метро өте ыңғайлы, арзан (1,9 €). Сондықтан да халық көбіне жер асты көлігін пайдаланады. Сосын тағы бір назар аудартқан жағдай, бір де бір рет машинаның сигналын естімеппін. Тек ашық терезеден ара-тұра полиция (не жедел жәрдем бе екен) көлігінің сигналын еститінмін.
Блог - Basic: Париж - махаббат қаласы емес

4. Париж кафелері. Таң атпай кафелер сыртқа үстел, орындықтарын шығарып жатады. Париж халқы жол бойындағы жұртқа қарап отырғанды жақсы көреді екен. Таңертеңгі тоғызда осындай кафелерде сыртта круасанын жеп, кофесін сораптап, газет оқып отырған жұртты көп көремін. Соған қарағанда үйде тамақтанғаннан гөрі сыртта ауқаттанған арзанырақ па деп ойладым. Біз тоқтаған қонақүйде таңғы ас негізгі төлемге кірмейді, 14 € тұрады екен. Ал даладағы кафеде таңғы комплекс 10 €. Айтпақшы, кафелерде түскі, кешкі асты да la carte (менюмен) емес, комплекспен алсаңыз арзанға түседі. Шамамен €16-20.
Блог - Basic: Париж - махаббат қаласы емес

5. Еркіндік және қауіпсіздік. Түнгі Парижде жалғыз қыдырсаңыз да өзіңізді қауіпсіз сезінесіз. Бейтаныс қала, ағылған жұрт. Бірақ еш қорқыныш жоқ. Мұндағы жұрт өте толерантты. Париж халқының едәуір бөлігін шетелдік туристер, эмигранттар құрайтын әсерде болдым. Француздардан гөрі араб, тунистіктер мен еврейлерді жиі кездестірдім. Көшеде көмек сұрасаң да ешқайсы қабағын шытпайды, барынша көмектесіп, жол сілтеп жіберуге әзір тұрады. Көшеде жиналып алып ереуілдеп тұрған жұртты қуып жатқан ешкім жоқ.
Блог - Basic: Париж - махаббат қаласы емес
Бұл сурет автордың түнгі серуені барысында сағат 02 шамасында түсірілген еді

6. Адамдары. Ең әдемі қыздар қазақ дейсіз бе)) Ең әдемі әйелдер француз бикештері. Тіпті егде тартқан әйелдердің жүзінде сұлулық бар. Бірақ сән астанасы Париждегі адамдар керемет киінеді деп айтпас едім. Сәнқой итальяндықтарға еш ұлт жетпес-ау. Француздар да киімнің жарасымдылығына емес, ыңғайлылығына кбірек мән беретін сияқты.
Блог - Basic: Париж - махаббат қаласы емес
Бұл жерде әдемі француз келіншегі тұр деп елестетіңіз ;)

7. Париж махаббат қаласы емес, шоппинг қаласы дер едім. Қанша қаражатпен барсаңыз да, аз болып көрінеді. Жұмсалған соманың бір бөлігін қайтарып беретін такс фри арқасында дюти фриден де сауда жасауға мүмкіндік туатынын еске салайын. Дүкендер аралағанда төлқұжатыңыз немесе көшірмесін өзіңізбен алып жүргеніңіз жөн. Және егер дүкенде 175€ асатын сомаға сауда жасасаңыз, чегіңізді жоғалтпаңыз. Әуежайда арнайы терминалдарда сканерлеп, төлеген ақшаңыздың 12 пайызын қайтарып аласыз.
Блог - Basic: Париж - махаббат қаласы емес
қаражатыңыздың негізгі бөлігі қайда кететіні түсінікті ғой))

8. Музейлер. Музейлер саны бойынша Париж алдына қала салмас. Бірақ музейлердің көбісі сағат жетіде жабылып қалады. Луврға келіп, кірмей кеткен себебім де осы))) Айтпақшы, музей аралаймын десеңіз, музей карталарын сатып алаңыз. Музей картасын сатып алсаңыз, 60 жуық музейге тегін кіре аласыз. Мұндай карталар құны 2 күндік — 48 €, 4 күн — 62 €, 6 күн — 74 €. Қымбат десеңіз, музейлердің бір реттік бағасын қарап көріңіз: Триумфальды арка— 9,5€, Помпиду орталығы — 13€, Лувр — 12€, Нотр-дам — 8,5€, Пантеон — 8,5€, Роден музейі -7€, Версаль — 18€
Луврға кірмегеніме әлі өкінемін. Бірақ, бітпеген шаруам болса, демек қайта ораламын деген сөз ғой?
Блог - Basic: Париж - махаббат қаласы емес
негізі бұл суретте ертең Луврға келетініме сенімді болғам))

P.S. Жалпы, азды-кемді шетел көрген адам ретінде айтарым, біздің Астана еш астаналардан кем емес. Әдемі ғимараттар, таза қала, ойын-сауық. Жетіспейтіні тек мәдениет сияқты…
Әрі қарай

Ыстықкөл сапары: салқынқанды турист есебі

Ыстықкөлге бір барған адам келесі жолы міндетті түрде қайтып келеді. Неге дейсіз ғой? Түсіндіріп көрейін.
Табиғаты. Көк аспанмен әлде алыстан мұнартқан көк таулармен әлде бауырын толқынға жалатқан бұйра көкшіл бұлттармен астасып жатқан айдын. Аты көл болғанымен жергілікті халық Ыстықкөлді теңіз санайды. Ал келген халық сеніп қалады. Шексіз дария көрінеді жағадан. Жаға демекші, жағадайы майда құм, Шолпан ата жаққа барсаңыз тіпті ұсақ, мап-майда. Суы тұзды. Айтпақшы, алғаш рет осы Ыстықкөлде жүзуді үйрендім. Тұзды су батам десең де батырмайтын сияқты…

Блог - Basic: Ыстықкөл сапары: салқынқанды турист есебі

Бағасы. Егер Бурабай, Алакөл сияқты жергілікті демалыс аймақтарының бағасымен салыстыратын болсаңыз, Ыстықкөл 20-30% арзан. Бұл жатын орын, ас-суы, ойын-сауық бағдарламаларына да қатысты. Айтпақшы, Алматыдан Ыстықкөлге автобустармен теп-тегіс жолмен 7-8 сағатта 2 мың теңгеге жетесіз. Хм, Астанадан Бурабайға дейін автобуспен жету құны қанша еді?
Блог - Basic: Ыстықкөл сапары: салқынқанды турист есебі
Жайлы. Қырғыз бауырлар туристерді тек табиғаттың берген сыйымен тарту мүмкін емес екенін баяғыда түсінген. Кез келген қонақ үй, пансионат, хостелге барсаңыз жайқалған бақты, құлпырған гүлзарларды, балалар алаңдарын көресіз. Айтпақшы раушан гүлінің ғажайып алуан түрін Ыстықкөлден көрдім. Балаларға әткеншек, спортшыларға жаттығу залы, аулада гүлзар, субұрқақ. Қысқаша айтсақ, барлығы адам үшін. Білесіз бе, мен Астанада тұрмыстық қалдықтарды бөліп салатын қораптарды ең прогрессивті, бетке ұстар тұрғын үй кешендері мен шетелдіктер келетін маңызды объектілерден ғана көрдім. Ал Ыстықкөлдегі пансионаттарда, жағажайда бұл қалыпты жағдай. Жағажайдан пансионатқа қарай беттедіңіз бе, аяғыңызға жабысқан құмды шығаберістегі арнайы душтан шайып ала қойыңыз. Ұсақ-түйекті несіне айтып отыр деп сөкпеңіз. Жақында отандық пансионатта болғанымызда (бағасы дәл сондай), жағажайда дәретхана болмағандықтан достарымыз пароммен қайта пансионатқа барған.
Блог - Basic: Ыстықкөл сапары: салқынқанды турист есебі
Сервис. Қырғызстан, Ыстықкөл дегенде «осыларда қайбір сервис бар еді» деп ойлайтын шығарсыз. Олай деп айтсаңыз қателесесіз. Жыл сайын сервис жақсарып келеді. Кей пансионаттарда 3 жұлдызды отельдерден кем қызмет көрсетпейді. Мысалы, Бозтерідегі біз тоқтаған Талисман пансионатында бөлмеде 3 орамал, жуынуға арналған керек-жарақтар, халат, сүйретпесі болды. Бөлмені күнделікті айтқызбай жинастырып, көрпе-төсегіңізді жаңартып, ішсеңіз де, ішпесеңіз де, минералды суыңызды қойып кетеді. Wi-fi, 3 мезгіл тамағында мін жоқ. Тек бір жетіспегені шаш кептіретін фені:p Пансионат аумағында спорт зал, моншасы, караоке, балалар алаңы, балалар бассейні, теннис корты, конференц-залы бар.
Блог - Basic: Ыстықкөл сапары: салқынқанды турист есебі
Ойын-сауық. Шолпан ата отбасымен демалуға арналған, ал Бозтеріге көбінесе жастар көп барады. Кинотеатр, диско-клубтар, су маңындағы аттракцион, сауда-орталығы, жәрмеңке барлығы қарастырылған. Жағада уақытты қызықты өткізем десеңіз, параплан, суда жүретін скутер, банан, катер, теплоход, дайвинг бар.
Турлар. Ыстықкөлде тек шомылуға ғана болады деп ойламаңыз. 1 күндік турлар өте көп. Ыстықкөлді бір айналып, тау-тасын кезіп шығуға болады. Гидтердің кәсіби шеберлігіне риза боласыз. Кез-келген тас, үңгірді, шалшық-судың түрлі нұсқалардағы аңыздарын майын тамызып айтып береді. Қырғыздар Ыстықкөл брендтерін әдемілеп жасап алған. Мысалы, Ыстықкөл десе ашлянфу есіңізге түседі ғой? Айтарлықтай асып бара жатқан ештеңесі жоқ. Бірақ Ыстықкөлде болған адам ішіп көру уәжіп. Ыстықкөл балдары туралы да аңызды естіген боларсыз. Біздің Өскемен балдарынан артық емес қой, бірақ пост жазып отырған пақырларыңыз да үйге екі құтысын алып келді)))
Блог - Basic: Ыстықкөл сапары: салқынқанды турист есебі
Мұның бәрін неге тізіп отырмын. Кез келген туристік аймақтарда болуы міндетті дүниелер ғой, солай емес пе? Иә, Ыстықкөл еш ойланбастан демалуға болатын тамаша жер екенін айтқым келген. Тым болмаса, шетелде демалдым деп айту үшін барып келіңіз ;)
Әрі қарай

АЛАКӨЛГЕ КЕЛУГЕ 5 СЕБЕП

(Андаман теңізінен Сары теңізге дейін ірілі ұсақты су көрген адамның түйгені деп білерсіз)
Блог - Basic: АЛАКӨЛГЕ КЕЛУГЕ 5 СЕБЕП
1. Əрине, отандық туризмді дамытуға үлес. Ыстықкөлден артық болмаса, кем емес. Неге əншейінше ұлт, ел деп сайрап демалуға келгенде шетелге тартуым керек?
2. Алакөл суының емдік қасиеті. Судың минерализациясы 1,2 — 11,6 г/л. Су құрамы хлоридті-натрийлі жəне хлоридті-сульфатты-натрийлі. Алакөл суында фтор мен бром құрамы жоғары. Баяғыда Шыңғысхан əскерлері осы су жағасында аялдап жарақаттарынан жазылып күш жинайды екен.
3. Табиғат сұлулығы. Сəт сайын түсі өзгеріп түрлі реңге айналып тұрған айдынға қарап көңіліңіз көтеріледі. Аспанда шаңқылдап жүрген шағалалар. Толқынның жағаға ұрған дауысы бүкіл проблеманы ұмыттырады.
4. Жол қысқарды. Астанадан Үшаралға əуе қатынасы ашылды. Екі сағатта Үшаралға жетсеңіз (билеті 16 мың), Алакөл жағасындағы Ақши, Көктұмаға 1 сағаттық жол. Жол əрине нашар. Бірақ көл бəрін ұмыттырады.
5. Арзан. Көл жағасында үйдің күндік құны 5 мыңнан басталады. Комфорт қаласаңыз пансионаттар бар. Олардың құны 10 мыңнан 50 мыңға дейінгі аралықта. Ең эконом номерлердің өзінде душ, дəретхана, кондиционер, кабельді TV, интернет бар. Толыққанды түскі ас шамамен 1200-1800 аралығында.
Блог - Basic: АЛАКӨЛГЕ КЕЛУГЕ 5 СЕБЕП
P.S. Жалпы, кез келген демалыс өзіңізге байланысты. Жақсы көңіл күймен келсеңіз, аспан ашық, су жылы, адамдар мейірбан. Кержақ адам жұмақтан да кілтипан табады.
Әрі қарай

Таксометр қосылмаса, сапарыңыз тегін

Арам пиғыл танытқан такси жүргізушілері ЭКСПО қонақтарын тегін тасымалдайды деп хабарлайды Астана қаласы әкімдігінің ресми сайты.
Елорда басшылары «Экспо» көрмесі кезінде шетелдік қонақтарды қарсы алу барысында такси жүргізушілері бағаны өздері асыра көтерген жағдайда тиісті шаралар қолданылатынын айтты.

Барлық бірыңғай такси қызметтерінде әуежай мен вокзалдан елорда нысандарына дейінгі аралықта сапардың шамамен бағаланған құны көрсетілетін қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде жазылған парақшалар болатынын Астана қаласы әкімінің орынбасары Малика Бектұрова медиа орталыққа хабарлаған болатын.
Астана жаңалықтары: Таксометр қосылмаса, сапарыңыз тегін

-Жолаушыларға назарына: егер сіз бірыңғай такси қызметтерімен таксометрді қоспай жол жүрсеңіз, сіздің сапар тегін болатынын айтқым келеді» — дейді М. Бектұрова.

Сондай-ақ ол таяуда орын алған венгр азаматын Астананың оң жағалауына дейін 40 мың теңгеге жеткізген такси жүргізушісінің оқиғасына қатысты пікір білдірді.

-Біріншіден, ол таксометрі бола тұра, оны қоспаған. Екіншіден, турист барғысы келген бағыттың сапар бағасы такси қызметінің нұсқаулығында көрсетілген. Сәйкесінше, таксист сапар құнын әдейі көтерген. Көлік жүргізушісі өз кінәсін толық мойындап және өтеуін төлеп, өкінгендіктен біз оны жауапкершілікке тартқан жоқпыз. Алайда, бұл жағдай оған және оның әріптестеріне сабақ болады деген ойдамын», — деп Бектұрова өз сөзін жалғастырды.

Шетелдіктен қомақты қаражат алған жүргізуші бірыңғай такси қызметіне жақында жұмысқа орналасқаны белгілі болды.

-Бұрын ол жеке такси жүргізушісі болған, кейін заңдастырылғысы келген. Алайда, ауру қалса да, әдеттері әлі қалмаған екен, — деп әзілдеді Бектұрова.

ЭКСПО – 2017 халықаралық мамандандырылған көрмесі Астанада өз жұмысын 10 маусымнан бастайды.
Әрі қарай