"Бестің шәйін" сағындым

Блог - Kipshakkyzy: Бестің шәйін сағындымБүгін алғашқы дәріс күні еді. Жайшылықта оңай деп жүрген түрік тілін мұнда келгенде тым терең білу керек екенін енді ұғынып жатырмын. Оқып жатқан салам түркология болғандықтан, кейін түрлі дәрістер өтеміз. Соның ішінде османлы түрік тілі деген дәріс болады алдағы жылдары. Қазіргі түрік тілін жетік игермесең, османлы түрік тілін меңгеру қиын соғады дейді. Сондықтан түрікшемді жақсарту үшін бір жыл түрік тілінен дайындық оқуға өтініш беріп қойғам. Алла қаласа бір жыл дайындық курсынан соң универді бастаймын.
Кеше тілдік деңгейіңді анықтап, топтарға бөлу үшін емтихан болған. Әлемнің қаншама елінен тілдік деңгейі әртүрлі студенттер жиналды. Соның ішінде Африкадан келген қара нәсілділердің ішінде бір грамм түрікше сөз білмейтіндер өте көп. Бұгін олардан шаршап шыққан мұғалімдер біздің топқа келгенде бір рахаттанып қалатынын айтты. ))
Сабақтан қайтып бара жатып қарным ашып кетті. Жолай кешкі асқа дейін жүрек жалғап алайын деп едім, студенттер асханадан шығып келе жатқанын көрдім. Кешкі астың уақыты сағат үштен кешкі онға дейін екен. Мұнда асханада қалаған тамағыңды таңдап ала аласың. Тек, алған тамағың өздерінің белгілеп қойған бағасынан асып кетпеуі керек. Қазақстанда жүргенде де тегін асханадан тамақ іштік қой. Бірақ тағамтану институтының белгілеп берген ережеден аспайды. Яғни, қуырылған тағамға қарағанда суға қайнаған быламықты көп беруші еді. Мұнда тамақтары ұнады. Сонымен қоса айран, жеміс шырыны, кола, спрайт сияқты сусындар мен қоса тәттінің түр-түрі жемістер, қауын-қарбыздар бар. Бармақ ізін басып ала бересің. Бірақ мұнда келгелі тәттіні әлі жемедім. Шәйсіз қызық емес сияқты. )) Шәйді тек таңғы аста ғана аласың. Оны өзінде ащы қызыл. Ашық болсын деп сұрамасаң. Біздегідей бөлмеде тәттімен шәйді соғып отыру деген жоқ. Жалпы бөлмеде шәй қойып ішуге тыйым салынған. Тамақтанғың келсе, алайда сырттағы асханаға баруға ерінсең жатақхана ішіндегі кантин таңнан түнге дейін жұмыс жасайды. Түрік кофесі де ащы. Оған кейін тоқталамын. Сондықтан нескафе ішемін барлық жерде. Өзіміздің шәйді сағындым. Қыздармен әңгімені жіберіп қойып, сүтті қою шәйді ішетін. Ұшақтан бастап, келгелі бері тек кола ішіп жүргем, кейін айрандарына көшіп алдым. Ұнайды. Біздегі шалап қой кәдімгі. Түріктер тамақпен бірге шәйді ішпейді. Айран не су ішеді. Сондықтан ба мұнда келгелі краннан су ішу деген ұғымды ұмыта бастадым. Су болсын, сусын болсын стаканға құймай 0,5 немесе 0,3 түріндегі құтымен береді. Ішкің келмесе кейін бөлмеңе апарып ішуге қолайлы.
Бөлмеге келген соң, түрікше сөздерге құлағым үйренсін деп, радио қосып наушникті құлағыма салып жатып ұйықтап кетіппін. Қатты шуылдаған дауыстан оянып кеттім. Сағат кешкі 20:15 екен. Не болып жатыр деп терезені ашып қарасам, жүзден аса студенттер қарсылық көрсетіп митинг жасап айқайлап жатыр екен. Солайша әр жатақхана алдына жиналып, қарсылық көрсетіп жатыр. Сөздеріне үңілсем, бүгін кешкі аста бір сусын алсаң, басқа сусын түрінен бермегенін сөз етіп, бір ауыздан хормен айқайлап, ұрандатып жатыр екен. Таң қалдым, мұншама адам қалай жиналып, ұйымдасып шыққан деп. Осыған қарап, бұл елде сөз бостандығы еркін екенін байқадым. Өзім елде универде оқып жүргенде білем ғой, тоталитарлық жүйе еді. Біздің халықтың санасында да үрей бар. «Қой, нем бар. Тыныш жүрейін, ертең оқудан шығып қалармын» деген оймен өзімізді басып, бұғып жүреміз. Бас көтергендерді халық жауы етіп шығарады. Бөлмедегі қыздардан сұрасам, мұндай нәрсе үйреншікті нәрсе екен мұнда. Универдің алаңынан да байқадым. Сабаққа кетіп бара жатып көрем, мұнда студенттер түрлі саяси, әлеуметтік жағдайларға қарсылықтарын білдіріп, плакаттар іліп, әр түрлі шаралар ұйымдастырып тұрады. Кейде ойлап қоям, бұлардың сабағы басқа айналысатын ісі жоқ па екен деп. ))
Әрі қарай

Той әнектері

Тойға бармайтын қазақ жоқ. Тойшыл емеспін деген қазақтың өзі кемінде 3 тойға баратын шығар бір жылда. Туған-туыстың, дос-жаранның тойына қонақ болуымды есептесем орта есеппен жылана 4 мәрте тойда қонақ болады екенмін.
Келіншегіміз баламен демалып отырған осы бір тұста жуанның жіңішкеруін, жіңішкенің үзілуін күтпей ауыздан кеп тұрған соң биыл беттің арын белбеуге түйіп асабалықты бұрқыратыңқырап жібердім. Енді жұмыстың кестесі қызар тұста сәл тоқтай тұрармыз. ол басқа әңгіме.
Біздің айтарымыз… Тойларда қонақ болып келіп, ән айта алмаса да керемет қалжың айтып кететін ағаларымыз болады. Тойдың әнектері дегеніміз, жан-жағынан сүзгіден өткен әнектер.
Әрі қарай

Шәй әлде кофе?

«Чай или кофе?». Осы сұрақты бала кезіңізде талай рет кинолардан естігеніңіз анық. Өсе келе қызмет бабымен офистік жұмыстар атқарғанда, басқа да кездесулерде, әйтеуір бір жерлерде осы сөзбен ұшырасқан да боларсыздар. Ал, мен бұл сұрақпен тым ерте ұшырасыппын қарап отырсам. Сексенінші жылдардың орта шенінде туған ауыл баласының бес-алты жас шамасындағы кезінде кофе туралы түсінігі болмаған да екен ол кезде. Біздің үйдегі (ата-әжемнің баласымын ғой) қыздардың екіншісі тұрмыс құрды да күйеуінің қызмет бабыменБалқашқаласына көшіп кетті. Шешей марқұм (әжем) буынып-түйініп қаладағы «аш-жалаңаш» (Марқұм өле-өлгенше қаладағы біздерге азық-түлік тасушы еді) қызына азық-түлікке толған үлкен-үлкен сөмкелерімен пойызға мінеді. Мен шешейдің қасында еріп жүрмін.
Әрі қарай

Шақпақ қант пен ащы кәмпит

Бүгін әбедтте түріктің мейрамханасына бардым. Ақ су көк су қылып шәй әкеліп берді. Тістеме іздеп едім, пахлавадан басқа ешнәрсе жоқ екен. Менікі рафинатқа тұрмайды.Балалық шақ тағы да мен мұндалап шақырды. Есіме әжемнің қант қайшысы түсті. Баяғыда әжем марқұмның қалтасында үнемі күйдірілген қант немесе ащы кәмпит, болмаса шақпақ қант жүретін. Қазалының түрлі түсті ұзын кәмпитін таласа-тармаса жейтінбіз. Әжем 1 кәмпитті 4ке бөліп, бізге таратады, сосын біреуін алып шәйіне салып жібереді(ұзындығы 15-20 см болып қалады). Соған қарап біз кәмпитті трубочка қылып шәйді ішетінбіз, араларындағы кішкентай тесіктерін өтіп, ауызға шәйдің дәмі ащы да емес, тәтті де емес, әдемі тіл үйірердей жететін.Кәмпит жоқ болса, біртүрлі қисық добардай шақпақ қантты қант қайшысымен шағып, алдымызға «мә!» деп лақтыра салады. 90 жылдардың басында не нәрсе болса да қат кезінде, сол шақпақ қант пен тапа нан азығымыз болатын. Талонмен алынған бор кәмпитті қонақтар келген кезде ғана мүләйімсіп отырып, қағып кететінбіз. Сол шақпақ қант пен қазалының ащы кәмпиттерін әлеуметтік-экономикалық жағдайымыз жақсарды деп мақтанып жүрсек те таба алмайсың… Әжемдікіндей қант қайшы да жоқ қазір…
Әрі қарай

Қастан шыққан төбелес...

Бекен бір күн істеп екі күн демалатын күзет жұмысында. Келіншегі екі баламен үйде отырады. Екі бөлмелі үйдегі екі күні теледидардың пультін айналдырумен өтеді көбіне. Шәй үстінде «Хит-Тв»-дан клиптер көріп отырған.
-Алмас Кішкенбаев қасын қырып тастаған екен ғой,-деді әйелі.
-Баяғыдан солай емес пе?
-Түуу, мен білемін ғой.Алдында бір концертте шыққанда қасы қырылмаған еді.
-«Суперстардан» жеңіп шыққалы қырулы осының қасы…
-Басында қасы бұндай еместін, кейін қырды
-Алдында қырған…
-Биыл, жақында ғана қырған дейм…
-Бұрыннан қырылған дейм, тбаймайттың қатыны!-Бекен шәй ішіп отырған кесесін қатынына қарай жіберіп қалды…
Әрі қарай

... не пісіресің?

Уа, жамағат! Аязды қыс мезгілінде жылы үйде отырып, дастархан басында ыстық шәймен ішетін тәттілерді жасауды ұсынамын. Оңай, тез, дәмді!  Менімен бірге ілесе отырыңыздар, бастайық!
Әрі қарай

Mille-feuilles!

Иә, Раббым! Жәрдем бер қысылғанға,
Мейірім төк жүрегін ұсынғанға…
Алланың рақымына бөленетін,
Бүгін жұма – бір мейрам мұсылманға!
Сәлем бердік жамағат! Жұма мүбәрак, тілеген дұға – тілектеріңіз қабыл болсын! @AKY әпке, мен АҚҚУ деп оқи берем, сондай әдемі айтылады да, солай айта берсем бола ме екен… тез сауығып кетсін деп дұға етейік. Мен үшін жұма – аптадағы жеті күннің ішіндегі ең сәтті де, бақытты күндердің бірі, Аллаға шүкір! Былайынша айтқанда, мен үшін ТОЙ ғой, бұл күн!
Әрі қарай