Боянбашы

Өлеңге әркімнің-ақ бар таласы...: Боянбашы
Сүйсінем де ойланам саған қарап,
Құм секілді сырғиды уысымда ой:
Боянбашы.
Жоқ себеп алаңдамақ,
Сен онсыз да бәрінен сұлусың ғой.

Ең қымбат опа-далап.
Сен кетірдің
сәніңді замананың кескіні деп.
Бояудың
тұнық көз бен келбетіңнің
сафтығының қасында еш құны жоқ!

Ойланшы.
Асықпашы, аялдашы!
Ажарыңды әлемге ашып өтші.
Мейлі!
Тіпті мен үшін боянбашы.
Мені өзіңе басқалай ғашық етші.

Боянбашы.
Көтергенде көп қылықты,
деймісің енді әріңнен үркем осы?
Шашыңды бүркегенің жеткілікті,
Құдай берген жүзіңді бүркемеші.

Сөйткен қыздан асатын жоқ қыз менше.
Және деме «Қалауды шектейді де»:
Айнаға қарап уақыт өткізгенше,
Көзіме ұзақ қарасаң жетпейді ме?

Білмеймін,
Сонша көркем үйлесе ме,
Маңызды деп өзгерту реңіңді.
Жалған ол.
Ноқат бояу тимесе де
Жақсы көріп келем ғой жүрегіңді.

p.s.
… Тәтті ұйқы.
Қасымдасың бүгін менің.
Мен жатайын зер салып.
Оянбашы.
Ал оянсаң – жетеді күлімдеуің,
Тек… боянбашы.
Әрі қарай